• Заманхат
  • 01 Тамыз, 2016

«Термин сөздерді қолдану туралы»

Кез келген тіл, сол сияқты қазақ тілі – «адам қатынасының аса маңызды құралы» бола келіп, адамзаттың бір-бірімен түсінісу, пікір алысу, сөйлесуіне жол ашып қана қоймайды. Сонымен қатар, ішкі, сыртқы қоғамдық жағдайларға әсер етеді, халыққа қажетті әлеуметтік, экономикалық істерді аңғаруға мүмкіндік жасайды, бірлесіп еңбек етуге дәнекер болады, қоғамдық-саяси күштердің өз мақсаттары үшін күресуіне қызмет ететін саяси құралы болады. Сөйтіп, жалпы көпшілік қауым мен саяси топтар арасындағы көпір болып табылады. Осы көпірдің алғашқы баспалдағы, жылдар бойы халықпен бірге өмір сүріп, тіл дамытуда ерекше өз үлесін қосып келе жатқан термин сөздер, яғни, оларды аудару барысында қолданатын сөздік жұмыс.


Тіл дамыту жұмысының негізгі түрлерінің бірі – сөздік жұмыс. Сөздік жұмысы – тіл дамыту жұмысының бастапқы негізі болып табылады. Егер, оқушының сөздік қоры кедей болса, ол айтайын деген ойын нақты жеткізе алмайды. Сондықтан да, сөздік жұмысының оқушыларға сөздерді, сөйлемдерді дұрыс жазуына, сөйлеу дағдыларын дұрыс қалыптастыруына тигізетін көмегі көп. Сөздік жұмысы әр сабақ үстінде, жыл бойында, бүкіл оқу кезеңінде белгілі жоспармен, жүйемен жүргізілуі қажет. Оқушы сабақ сайын жаңа сөз үйреніп отырады. Әр сабақта үйретілетін жаңа сөзді оқушының күнделікті өмірде, қарым-қатынаста қол­данатын белсенді сөздігіне айналдыру оқушының сөздік қорын дамытудағы негізгі мақсатына айналады. Сөздікпен жұмыс істеу, яғни, қазақ терминологиясы орыс халқымен біріккен уақытта өз орнын қалыптастыра бастады. Көптеген ғалымдар осы уақытта өз еңбектерін шығарып, өз үлестерін қосты. 
Әскери терминдер 1926-1927 жылдары Қазақстанда жарық көрген басылымдарда айтарлықтай сөз болды. Мысалы, қазақ терминологиясына көп үлес қосқан А.Байтұрсынұлының әскерге қатысты термин сөздері басылған еңбектері. Ол кезде өзге тілдерден термин қабылдап, қазақ тілінде бар атауларды барынша пайдаға жаратып, қазақ тілінің сөзжасам тәсілдері арқылы жаңа атауларды мақсат еткен. Әскери атаулар сөздігін жасағанда әскери құрылымдардың атаулары мен пәрмендерді қазақша аудармасын құруды көздеген. Мысалы: дивизия – түмен, полк – қол, отряд – жасақ, взвод – бунақ, заряжай – оқта, кругом – айнал, разойдись – тарал, стройся – тізіл.     Осы сөздікке енген терминдердің елеулі бөлігі бүгінгі қалыптасқан терминқорымыз бен жалпы лексикалық қорымыздан орын алған: әдіс -  метод, бақылаушы – наблюдатель, көздеу – наводка, қатар – шеренга, серіппе – пружина, шабандоз – наездник, шағым – жалоба, орауыш – бинт. Осы атаулардың көбі сол қалпында қолданыста жүр, ал, кейбір терминдер қайта бекітіліп термин қорымыздан орын алды. 
Терминология дамуының кейінгі кезең­дерде басқаша атаулармен алмастырылып, әскери термин ретінде қалыптасып кеткен кейбір атаулардың осы сөздікке енгізілген о баста жасалған нұсқасының артықшылығы, атау сөзге тән сипатының басымдығы. Мысалы, «подводная лодка» деген атауды сүңгуір қайық деп орыс тіліндегі нұсқасына байланбай-ақ, әскерлік атауларындағыдай сүңгір түрінде ал­ғанда сәтті жасалған бір термин ретін­де қалыптасып кеткен болар еді. Соңғы жарық көрген терминологиялық сөздіктерде орыс тіліндегі атака, напа­дение, наступление атауларының бар­лығы да шабуыл деп қазақ тіліндегі бір ғана сөзбен беріліп жүр. Әскери терминдерді олардың өзіндік мағыналық ерекшеліктерінің ескерілгенін атака – шапқын, набег – шабу, бас салу – нас­тупление – ұмтыла ұрыс түрінде ауда­рылғанын байқауға болады.
Қазақ терминологиясы бір ғасырға жуық даму жолынан өткен бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанның өзінде бұл сөздік әскери терминология тарихында өзіндік орны бар, ғылыми құндылығын жоймаған еңбек. Бірақ, кейбір аудар­малардың тілі ұғымсыз, дұрыс ауда­рылмаған. Мұндай кемшіліктер әлі күнге дейін сақталуда. Кейбір кіріккен сөздер, яғни, терминдерді өз тілімізге аударамыз деп мағынасын жоғалтып алып жатамыз. Менің ойымша, теминдерді аудармай сол қалпында қалдырғанымыз жөн сияқты. Кейбір сөздерді дұрыс аудармағандықтан қолданыстан түсіп қалған. Жоғарыда аталған еңбекте қызыл әскерді үшке бөлген: құрғақ жердегі әскер – оны қазір біз құрлық әскерлері деп жүрміз. Сол сияқты теңіз үстіндегі әскер – теңіз күштері, әуе әскері – әуе қорғанысы күштері.
«Ура» сөзін аудару әлі күнге дұрыс жолға қойылмаған. Біз оны алақай деп аударып, айтып жүрміз. Ұрыс кезінде алақай деп жауға шабуыл жасау ерсі. Бұл сөздің аудармасы көбінесе балалар, жасөспірімдер қуанғанда айтып, көңіл-күйді білдіретін сөз ретінде айтып жүр. Меніңше оны өзгертіп қазақшаға аударудың қажеттілігі шамалы. Сонымен бірге, корпус, полк, девизия, рота, пулемет, винтовка, бомба, командир сөздері сол кезден бастап аударылмай, сол күйінде қалған. Тек сол уақытта жазғанда, айтқанда үндестік заңын сақтаған. Мысалы, корпус – корпыс, полк – полык, дивизия – дебезіие, рота – рота, пулемет – пөлемет, винтовка – бентөпкі, бомба – бомба, командир – камандір. Осы терминдердің мағынасын түсіндіретін түсіндірме сөдіктері заман талабына сай шыққан. Кіріккен жаңа терминдерді сол қалпында қалдырып, түсіндіру арқылы халыққа жеткізіп отырса, сол дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, микроскоп сөзінің дәл аудармасы жоқ, оны түсіндіру арқылы береміз. Тұрмыс жаңарып, заман өзгерген сайын, техника дамыған мына заманауи терминдер де біздің тілімізде арта түсуде. Оларды қалай болса солай аудара салмай, талқыға салып дұрыс баламасын беру керек. Сөйтіп, мағынасын бұзбай, жат сөздерді өз тілімізге бағындырып, бірте-бірте енгізу қажет.    

Сәуле Оразбай,
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаменті ғылыми қызметті ұйымдастыру басқармасының 
офицері майор

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сарыбаев Ш. Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен. Алматы,1940 ж.
2. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2008 ж.

800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз