• Заманхат
  • 01 Тамыз, 2016

Батырлар жырындағы Қараман қандай кейіпкер?

Батырлар  жыры  халқымыздың ең бай рухани мұраларының бірі. Жырдағы кейіпкер бейнесін кезінде Ә.Бөкейхан, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, М. Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ш. Ыбыраев, Р. Бердібаев, М. Мағауин, Т. Сыдықов, О. Нұрмағамбетова, Ә. Қоңыратбай, Т. Қо­ңыратбай т.б., ғалымдарымыз індете зерт­теді. Бұл ғалымдардың көбі жырдағы негізгі кейіпкерлердің бейнесіне  (Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр) қатты көңіл бөлгенімен, екінші нысандағы Қа­раман, Алшыораз, Тайшық хан бейнелері толықтай зерттеліп болды деу әлі ертерек. Мәселен, Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр жырының үшеуінде де Қараман бейнесі кездеседі. Мұндай фольклорлық кейіпкерлер ертегілерде біркелкі бірін-бірі қайталап ұшыраса береді. Батырлар жырында да солай. Алайда, Қараман бейнесі бірде жау, бірде батырдың досы болып суреттелген. 


Сонымен, жырдағы Қараман кім? Ол жалмауыз, мыстан кемпір, жезтырнақ сияқты ертегілердің біразында кезде­сетін ортақ кейіпкер ме, жоқ әлде әрбір батырлар жырында бөлек-бөлек жеке мінезді образ ба? деген сауал туады. Оның үстіне, жырды оқып отырғанда, Қараман жырға ертегіден де жетуі мүмкін деген ой да келеді. Алайда, ол ертегіден жырға сюжеттік тұтастану арқылы жетсе оның іс-әрекеті, атқаратын міндеті өзгермеуі керек еді. Оның үстіне ертегіде Қараман деген есім жоқ. Сондықтан, бұлай тұжырым жасау да асығыстыққа ұрындырады.
«Қобыланды батыр» жырында Қара­ман ашық жау емес, Қобыландының күшін пайдаланып, өз мақсатына жетіп алуды көздеген іші тар адам. Қобы­ландыға дос сияқты көрінгенімен жеме-жемге келгенде қара басының қамын ойлайтын қу. 
– Айбалтам тастан өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмейсің бе, құрдасжан,
Қазанның Қарақалаға
Сенсіз күшім жетпейді [1, 45], – дейді. Сөйтіп, Қобыландының арқасында Қараман Қазан және Көбікті елін өзіне қаратады. Жауды жеңіп, қыруар олжаға кенелгеннен соң Қобыландының атының аяғы ақсап, жолда қалғанда оған еш көмектеспей жөніне жүре береді. Қият руынан шыққан Қараман «Қобыланды батыр» жырында батырмен ашық айқасқа түспейді көбіне іштен шалып отырады. «Алпамыс» жырында Қараман әрі жау, әрі дос болып суреттеледі. Ә. Диваев, нұсқасында Қараман дос ре­тінде суреттелсе, С. Аққожаев, А. Нысаналин нұсқаларында ол Алпамыстың қас жауы. Алайда, барлық нұсқаларында бәрібір Қараман Алпамыспен жекпе-жекке шығады. «Қамбар батыр» жырында Қамбар батыр мен Қараман Назым қызға таласып жекпе-жекке шығады. Мұнда ол Қамбардың қас жауы.
Көріп отырғанымыздай, Қараман бей­несі аталған үш жырда да кездеседі. Егер, ол ертегідегідей ортақ тұлға болмаса (қара дәу, мыстан кемпір) неліктен үш жырда әр түрлі бейнеде жинақталған деген сұрақ туады? Қараманның жырдағы атқаратын негізгі міндеті байлыққа, сұлу қызға таласу. Бұл сюжет жырда еш өзгермейді. Ол таңдаған қыз жай қыз емес жырдың басты қаһарманы болып саналған батырдың сүйген жары болып келеді. Қараман Алпамыста Гүлбаршын сұлуға ғашық болса, Қамбарда Назымды алмақшы болады. Тек Қобыланды жырында ол батырмен бірігіп жауға шапқандықтан оның негізгі міндеті, жаудан түскен олжаға ие болу. Алайда, мұнда да ол Қарлығаны өзіне жар етеді.
Зерттеуші Мәлік Ғабдуллин мен Қа­жым Жұмалиев Қараманды ұнамды бей­нелердің қатарына жатқызады және Ал­памыстың досы етіп көрсетеді. Алайда, ға­лым­дардың бұл пікіріне толық келісуге болмайды. Ғалымдарымыздың бұлай тұ­жырым жасауына 1922 жылы шыққан Ә. Диваев нұсқасы себеп болса керек. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің мына бір сөзіне жүгінгеніміз жөн. Халық арасында дейді ғалым – «әлдебір батырдың қоштасуы және соны жоқтауға байланысты та­ралған өлең-жырды алғашқыда бір ақын жинап, басын құрауы, сөйтіп, тұңғыш эпостық дастанның тууына негіз қалауы ықтимал. Бір ақынның аузынан екінші ақынға көшкенде дастан толысып, оқиғасы қалыңдап, молыға түсіп отырған. Эпостық дастанның туып қалыптасуына ақындармен бірге халық та қатысқан, кей нұсқаны қабыл алып, кейбір нұсқаны жақтырмаған. Дастанның бар ақын жырлайтын тұрақты, түбегейлі нұсқасы жасалғанша осылай болған»[2, 35].         
Ә. Диваев нұсқасы осындай көп жырдың біреуі ғана. Сондықтан, Қараман бейнесін сөз еткенде оны Алпамыстың досы деп көрсетуге болмайды. Бұл нұсқада өзбек тілінің элементтері көп. Сүйсініп оқу мүмкін емес. Ал, С.Аққожаев нұсқасында жырдың көркемдігі барынша сақталған. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Ә.Диваев нұсқасын оқып отырған адам қара сөзге жиі тоқталып, кібіртіктеп қала береді. Мұнда, Қараман Алпамыстан жанына сауға сұрайды. Қараманды аяған Алпамыс оны босатып жіберетіні белгілі. Ал, С.Аққожаев нұсқасында Қараманды Алпамыс жекпе-жекте өлтіреді. Сонымен қатар, А.Нысанбаев нұсқасын айтпай кетуге болмайды. Онда Қараманмен Алпамыс жекпе-жекке шығып кейін Алпамыс оны қоя береді. Қараманның есімі М.Ғабдуллин мен Қ.Жұмалиевтің зерттеуінде Қаражан деп аталып жүр. Ал, зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаев: «Қараман – олжа құмар, қиянатшыл жау батыры. Ол Гүлбаршынды зорлап алмақ болады» [3, 285] деген пікір айтады. Көріп отырғанымыздай, жинаушылар пікірі де, ғалымдар пікірі де екіге бөлінеді. Бірі Қараманды Алпамысқа дос ретінде көрсеткісі келсе, бірі жауы ретінде суреттейді. Анығында, Қараман сұлуды алмақ болып жыр қаһарманымен жекпе-жекке шығады. Егер, шамасы жетсе оны өлтіруге дейін барады. 
Екі батыр алысты,
Жібермеді намысты.
Қанжарменен қармасты,
Семсерменен серместі.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Ат тізесін бүгісті,
Бүге-бүге тұрысты.
Қараман мен Алпамыс
Төрт күн, төрт түн ұрысты  [4, 82] – деп жырланады. Ғалымдарымыз М. Ғабдуллин мен Қ. Жұмалиев Қараманды Алпамысқа дос етіп көрсетуінің тағы бір себебі, Қараманның Алпамысқа тіл алмай қойған баласы мен астындағы атын беруінен деген тұжырым жасайды. Алайда, жоғарыда М.Әуезов жазғандай халық жыршылары жырды әртүрлі жырлаған. Сондықтан Қараман бейнесін біріздендіргенде, оны негізгі қаһарманның басты жау­ла­рының қатарына жатқызғанымыз жөн. Екіншіден, үш жырдағы Қараман бейнесі ол ертегілердегідей біркелкі ортақ кейіпкер, яғни, әр жырда бөлек адам емес бір адам. Ал, оның іс-әрекеті (сұлуға таласуы немесе батырмен жекпе-жекке шығуы) сюжеттік тұтастану. Осы бір ел басына күн түскен, ауыр кезеңде деп жазады академик С. Қасқабасов – «жұртты жұмылдырған күштің бірі – жыр болғаны күмәнсіз. Аты әйгілі жыраулар мен жыршылар өздері араласып, куә болған шайқастар туралы өлең-жырлар шығарумен қатар бұрыннан белгілі жырларды жаңғыртып, жаңаша жырлады, сюжеті мен мазмұнына жаңа идея мен соны ойларды енгізіп, ескі мен жаңаны араластыра, байланыстыра айтты, сөйтіп жаңа үлкен дүниелер туғызды. Яғни, ескі фольклор заман талабына сай қайта қаралды, өңделді, жөнделді» [5, 183].
Қараман да жоңғар шапқыншылығы кезіндегідей қарсы жаулардың қатарынан. Ол қай жырда болмасын түр-тұлғасы жағынан еш өзгермейді. Кейіпкердің бір­келкілігі жайында В.Пропп «Морфология сказки»[6] деген еңбегінде нақты тұжырым жасаған. Әрине, бұл еңбекте ертегілердегі кейіпкерлер ғана зерттелгенімен, батыр­лар жырындағы Қараман сияқты кейіпкерді де барлық жырға ортақ тұлға деп қарас­тыруымыз керек. Сонымен, Қараман есімі қай жырда кездеспесін ол Кейқуат, Ұлтан сияқты фольклорлық ортақ образ. Ол да ел басына күн туғанда жырдағы басты қаһарманның жауы және батырдың күшін айқындау үшін Қараман сияқты алып күш иесі керек. Оның күші жырда былай суреттеледі:
Жетіп келді Қараман,
Алпамыстың қасына.
Қолындағы күрзімен,    
Кетті салып басына.
Осы ұрған күрзіге,
Құлар еді шапқанда,
Қойқаптың тауы, тасы да [7. 94-95].
Сонымен қатар, Қараман есімінің шығуы жайында бірқатар зерттелуге тиіс мәселелер бар. Қараман есімі қара немесе қараниетті мағынада ма ол жайлы әзірше толымды пікір айту қиын. Екіншіден, бұл лингвист, тіл­шілердің түбегейлі қадам жасай алатын тақырыбы. Үшіншіден, Қараман бейнесі батырлар жырына қайдан келді деген сұрақты да қазіргі фольклортану ғылымы қарастыру кезек күттірмейтін мәселе болып табылады.
Марат Әзімхан, 
Мемлекеттік тілді дамыту 
институтының кіші ғылыми қызметкері

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 36: Батырлар жыры. О – 2006. – 480 бет.
2. Әуезов Мұхтар. Уақыт және әдебиет. (Құраст. ред. алғы сөзін жазған Ы.Т.Дүйсенбаев). Алматы, Қазмемкөркемәдеббас, 1962.
3. Қоңыратбаев Ә. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «МерСал», 2004. – Т.1: 554 бет.
4. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 33: Батырлар жыры. – 364 бет.
5. Қасқабасов С. Таңдамалы. – Астана: Фолиант, 2014. Т.2 Мифология. Фольклор. Әдебиет. Зерттеулер. – 344 б.
6. В.Я.Пропп «Морфология сказки». Москва, 1969.
7. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 34: Батырлар жыры. – 384 бет.

9735 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз