• Тарих толқынында
  • 01 Тамыз, 2016

Күнге ұқсайтын қаламгер

Сакен СыбанбайСәкен СЫБАНБАЙ, 
жазушы

Тірі адамның тізгініне бағынбайтын, әлдебір жақсылықты күткенде кесір бұзаудай кергіп, ал, жайшылықта албастыдай заулайтын заман шіркінге дауа бар ма? Біз арман арқалап Алматыға келгелі де ширек ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Қыздың қолынан ұстамақ түгілі, от-жанарымен көзі түйіссе-ақ тұла бойы дірілдейтін бозбалалар – бұ күнде қозы қарын байлаған, самайына «сабын жұққан» салиқалы отағасылар, найза-кірпігімен талай жүректі түйреген арулар – әрқайсысы бір-бір шаңырақтың құты, бір-бір отаудың берекесі болып үлгерген ардақты аналар.


Мектеп қабырғасынан шыққан бойда Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне топ ете түскен біздей бозөкпелер үшін мұндағы оқу жүйесінің, жатақхана тұрмысының, жалпы, қала тіршілігінің бейтаныс әдіс-тәсілдері, беймәлім қалтарыс-құпиялары аз емес-ті. Ондайда өзімізден бірер жейде бұрын тоздырған (аса күтіп кимегендіктен емес, әрине), бізге қарағанда біршама өмір көрген ағалардың ақылын тыңдауға тырыстық, көмегіне жүгінуге ұмтылдық. Кейінгі және қазіргі кезеңді білмеймін, ол уақытта (ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғы, 90-жылдарының басы) журфактың еншісіндегі бесінші жатақхана – береке ұйыған бейбіт мекен, ән-жыр әуелеген әдеби орда еді. Есіктен кіре сап, «төр менікі» деуге әуес төбелесқұмарларға тізгін бермей, думанды ортаның дуын қыздыратын ағаларға ере жүріп, сол берекелі-мерекелі шаңырақтың талай қызық-шыжығына біз де куә болдық. 
Басының суы кеппеген «бала-шағаға» қамқорлық танытып жүретін сондай жайсаң жігіттің бірі – Ерекең, Ермахан Шайхыұлы болатын.  «Перваштар» оны ерекше жақсы көрді. Кеудемсоқ мінезі жоқ, үлкенсіп, артық ақыл айтып миыңды ашытпайтын, өзіңмен тең сөйлесіп, қатар қалжыңдасып жүретін ағаны жақын тұтпай бізді жын ұрып па? Анда-санда дүкенге жұмсағанының өзін жек көрмей, тіпті... жасыратыны жоқ, қалап та тұратынбыз. Өйткені, біріншіден, соны пайдаланып, жауын-жауынның арасында өзіміздің де несібемізді ұмытпайтынбыз, екіншіден, Ерекеңнің әзіл араластырып, тапсырмасын сондай сыпайы тапсыратыны сонша, былайша-ақ тұра жүгіргің келетін.
«Әзіл» демекші, оның қатар-құр­дастарымен әзілдесуі де оңай-оспақ нәр­се емес. Кісіні имандай иландыратын талай қалжыңынан мәселе туындай жаздап, ақырында бәрі де ойнап айтылған сөз, ойдан құрастырылған оқиға екені ашылған соң, әлгінде ғана маңдайы жиырылған достардың қабағы жазылып, қарқылдай күлісіп, жадырап сала бергеніне куә болғанбыз. 
Жаңылмасам, 1991 жылы болса керек, Ерекеңнің курстасы, «қандыкөйлек» досы, пойызда жолсерік боп, қосымша нәпақа тауып жүретін Мұхтар Атабек бір сапарынан кешігіп, сол кеткеннен мол кетті. «Мұхтар келгенше уақытша тұра тұрайын, сосын басқа жай қарастырармын» деп, оның 105-бөлмедегі орнын жоқтатпай, Туғанбай Сұлтанқұлов пен Серік Әбдуәлиевтің жанына жайғасқан мен бірте-бірте сіңісіп, сол орынға сол күйі тұрақтап қалдым. Бір күні бөлмеде бір топ қыз-жігіттер шай ішіп отыр едік, сырттан Ермахан келді. Сол кезде дастархан басындағы әңгіме арасында қыздардың бірі: 
– Әй, осы Мұхтар қайда жүр, біраз болды, көрінбей кетті ғой? – деп сұрап қалды. 
– Естімеп пе едіңдер, Мұхтар... қайтыс болды ғой, – деді Туғанбай бәз-баяғы қитығып сөйлейтін әдетіне басып.
– Қойшы, қалжыңның да жөні бар, адам сөйтіп те әзілдей ме екен? Біз шынымен сұрап отырмыз, – деді қыздар. 
Осы сәтте, апыр-ай, таза импровизация ғой, дастарханға енді ғана отырған Ермахан:
– Мен сендер әлі білмейтін шығар, соны қалай естіртсем екен деп... қиналып... қипыжықтап келіп едім... ақыры естіген екенсіңдер ғой, айта берейін. Рас, досымыздан... айрылып қалдық, – деп кемсеңдеп қоя берді!
Отырған жұрт уласып-шуласып кетті. Біреулері сенбейді, «қойыңдаршы, шындарыңды айтыңдаршы» дейді, біреулері «апыр-ай, не болыпты, неден болыпты?» деп сұрайды, енді, біреулерінің кәдімгідей көңілдері босай бастаған. Туғанбай Мұхтардың портретіне өзінің жіңішке қара галстугін көлденең орап, тумбочканың үстіне шығарып қойып еді, оқиғаның шынайы сипаты, тіпті, күшейіп сала берді. Оның үстіне Ермахан:
– Не, бізді досы туралы осылай қалжыңдайды, ойнайды дейсіңдер ме? Қайдағы? Адамның жүрегі езіліп отырса... – деп жанындағы Серіктің иығына басын қойып, бір егілсін. Оқыстан туындай кеткен өтірікке өзінің де күлкісі келіп отырғанын, шыдай алмай шын мәнінде күліп жатқанын мен білдім, бірақ, үстелдің арғы бетіндегі жұрт оның тек селкілдеген жотасын көрді де, шынымен сенді. Курс түгел, жатақхана жаппай құлақтанды. Жұрт тараған соң, күле-күле ішегіміз түйіле жаздап, жатып қалғанбыз.
Ертесіне дүние дүрлігіп кетті. Қаныбек Әбдуов, Бақытжан Советұлы бастаған курстас жігіттер деканатқа барып, «қаралы хабарды» естіртіпті. Ақша жинап, Мұхтардың ауылына барып қайтуға әзірлене бастапты. Тіпті, бірі сол жылдары «Жас Алашта» жұмыс істейтін Сейітхан Зеберханұлына хабар жеткізіп, есі шыққан Секең газетке қазанама бергізуге сәл қалыпты. Енді, Мұхтардың есен-сау екеніне, әлгі әңгіменің ойда жоқта ауыздан шығып кеткен әзіл сөз екеніне елді сендіру қиын болды. Әйтеуір шу әрең басылды...
Өмірде де әзіл-қалжыңға жақын жүретін, үнемі төңірегіндегілерге жарқын көңіл-күй сыйлауға әуес Ерекең шығармашылық жолда да осы сатира саласын таңдады. Онысы студенттік шақтан-ақ байқалатын. Жазған-сызғандары газет-журналдардың әзіл-сықақ айдарларында үнемі жарияланып жүрді. БАҚ-тың қай саласында, қандай қызмет істесе де, ол өзінің сүйікті тақырыбын ұмытпай, жалғастыра берді. Ақырында сол мол еңбек, қыруар жұмыстың нәтижесі көрініп, «Ауыз тие отырыңыз», «Бір түрлі кітап», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Мынауың жынды екен», «Жатыпатар», «Шылдыр шүмек» секілді кітаптары жарыққа шықты. Атақты сатирик-жазушыларымыз Са­дықбек Адамбеков атындағы, Бал­ғабек Қыдырбекұлы атындағы сый­лықтардың иегері атанды. Бұл – сын-сықақ саласындағы Е.Шайхыұлы сіңірген еңбектің жарқын көрінісі, нақты жемісі.  
Кейін, Ерекеңмен «Жас Алаш» газетінде қатар қызмет істедік. Талай журналистік сапарларда бірге жүрдік, тек өзіміз дейтін жігіттер ғана білетін «құпия рейдтер» де болмай қалған жоқ. Газеттің кәдімгі қорғасын әріппен құйылатын «ежелгі дәуірін» көріп, фототеріммен басылатын «ортағасырлық заманын» өткеріп, компьютермен ғана «сөйлесетін» жаңа кезеңіне жеткен майталман журналист Ермахан Шайхыұлы баспасөздегі қызметтің барлық сатысынан өтіп, шыңдалып шықты. Осы жолда жиған-терген білімі мен тәжірибесін жас буынға үйретіп, бірнеше жыл журналистика факультетінде ұстаздық етті. Шәкірттерінің талайы қазір отандық баспасөзде өзіндік орындарын еншілеп, еңбек етіп жүр.
Қашан көрсең қалжыңы қалтасына сыймай, қасындағыларды көңілдендіріп, өзі де күліп, жарқылдап жүретін Ерекеңді «ердің жасы – елуге» келді дегенге аса сенгім келмейді. Күлімдеген Күн сияқты, жаны жайсаң, жүрегі таза адам көзіңе қашанда жас секілді көрініп тұратын шығар, бәлкім. Оған қарап, өзіміз де біртүрлі серпілгіміз, мойнымыздағы тіршілік қамытын бір сәт серпіп, жасаңғырап, жарқын көңіл-күйде жүргіміз келеді-ақ. Тіпті, баяғы студент шақтағыдай, бір жерге жұмсаса, тұра шабуға қазір де дайын сияқтымыз...

390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз