• Заманхат
  • 01 Тамыз, 2016

Алтайдың Қоңыр құлжасы

220px-385886_290351826_451_Junystegi_KamelКәмел Жүністегі,                      
Жазушы,  Құрмет  орденінің  иегері, 
ҚР  мәдениет   қайраткері                                              

Мазам кетіп телефон соққам. Мазаны кетірген туған ағамдай болып кеткен Қалихан ағаның денсаулығы. Дәмеш жеңгем көтерді.Атымды айтып әуре болмаймын, даусымнан таниды. «Мен сені көргенде өрімдей жас едің» дейтіні  де бар.
- Қалихан...Әу, Қалихан. Кәмел ғой... Қазір апарып берем. Ауруы қатты болып бара жатыр,- деп жеңгем тағы сыбырлайды.
- Ассалаумағалейкүм !


- Иә, қалың қалай? Бала-шаға ...Ел аман ба? Біз шоқысына шыққан Аюлы сонау...сонау жазықтарға мәңгіріп қарап тұр ма? О жалған.
- Бәрі өзіңіз көргендей.
- Қасқа сиыр бар ма? Шолақ байталды тағы біреу жымқырып  кетпеді ме?
Мұның бәрін түгендеп шығу Қалекеңнің әдеті. Мына Еңбекшілдегі ұры сол байталды тағы жоқ етті деп айта алмаймын. Бірер күн болса да көңілі көтеріңкі болсын.
- Қалеке-ау, бәрі де жақсы. Өзіңіздің денсаулығыңыз.
- Е, несін айтасың? Мынау аяқ жүргізбей қалды ғой. Дәрігер дегендерден пайда көрмей-ақ қойдым. Піскілеп-піскілеп, жазудың орнына жаныңды шошытады да қояды.
- Қалеке, әлгі мен айтқан ...
- Сенде жарым тәуіп болуға айна­лыпсың. Қазақтың мыныдай-мынадай емі бар дегеніңнің біразын мына Дәмеш жеңгең арқылы жасап көрдім. Қазақтың сүбелі емдерін білетін ешкім жоқ. Бізге қалғаны кәкір-шүкір ғана ғой. Кәкір-шүкір...
Қалекеңнің  ауыр  дем алып, тоқта­ғанын естіп тұрмын. Қалекең менен ба­қан­дай төрт жас үлкен. Ауруының түрі мынау. Сонау балдәурен жас кезінде тұл жетім қалып, Алтайда мұз жастанып, қар жамылып тірлік етіп, өлтірсе де өлмей өскен. Енді, мынау, екі аяқ тірліктен қалып барады.Тағдырдың сол қияметі сексенге жуықтағанда, қылар қайрат азайған ша­ғында буып тұр. Заман қалай қысса да, өзі айтқан, өз қаламыңнан шыққан шын­дықтан бас тартпай, ноқталауға көн­беген едің. Көзге көрінбес ауру деген жауға көнгенің бе?!
- Естіп тұрсың ба?
- Иә, Қалеке
- Үнің шықпай қалды ғой
- Мына бір телефон, - деп қара темірге жаба салдым. Тамағыма тірелген бір өксік бар. Әй, қойшы осы не? - деймін іштей.Қақырынамын.
- Ауру қонақ, қайдағыны айта бермеңіз.Сіз не? Мына қазақ әдебиетін тұл жетім қалдырайын деп пе едіңіз? Қайдағыны айтып, - деп ренжіген боламын.  
- Қимастықтан айтасың ғой. Әй, сен де.., - Қалекең күліп алды. - Қасқа биенің келіп қымызын іш дегің кеп тұр ғой. 
- Е, міне, жөн сөз осы.
- Уһ! Рахмет саған. Жаның таза аза­­матсың. Айтпақшы сен осы менің «дұш­паның көп, сақтанып жүр» де­генімді есіңнен шығарма.
Иә, Қалекеңнің «түнде жүрме, даланы кезсең жаныңа жолдас ертіп бар», - деп талай құқайды айтып-айтып, «түбі сені бұлар өлтіріп кетеді» дегеніне биыл міне  отыз екі жыл болыпты. Телефонмен тағы да ескертіп жатыр. Дауысы бәсеңдеу шықты.
- Екі аяқ қалды. Суып бара жатыр. Олай-пылай болып кетсем дұғаңнан тастама.
Сонан кейін, оншақты күн өткен. Кешінде Қайырды досым телефон шалды. Қалекең бұл дүниеден өтіп кетіпті. Теледидар дегенде суық хабарды жеткізіп бақты.
Тағдырдың бізді қосуыда қызық. Итжеккен жаққа «қажылыққа» барып қайтқаннан кейін талай жыл қолға қалам ұстамадым. Сонда да әлгі КГБ деген кісі үйіме жиі келіп, хал-жағдайымды сұрап, «жетпей жатқан ештемесі жоқ па» екен деп, бөлме-бөлмені ақтарып, қора-қопсыны тінткілеп кетеді. Маған жанашырлық сұмдық. Қалаға барсам қалың орыс «ұрып» кетпесін дей ме, «кіш» ететін жерден басқа жерде жанымда әлгі КГБ дегеніңнің бір жанашыры жүреді. Қойныңда қатының, үйде мойныңа асылып еркелейтін балаларың болмаса, көңілің ит сүйреткен тулақтай жырым-жырым. Дос дегенің талайы тыңшы, не әзәзіл. Келе жатқанынан танимын. Секемшіл көңіл соған әбден жаттыққан. Бірақ, «әй, сен сондайсың» деп айтуға тағы болмайды. Нан тауып жеп жүрген жерім орыс мектебі. Жартысынан көбі мәтүшкелердің өзі, қалғанының көбі көкжалды көргендей шошына қарайтын «оқу өткен» «көзі» қаралар. Орысшаға судаймын, қа­зақшам көнеріп барады. Жаным шырқырып, далбастап әңгіме жазуды бас­тағам. Облгазеттің талай редакторына апарып, алдына тастаймын.
- Е, әңгімені ешкім жаза  бермейді. Кәне, оқып көрейік, - деп бастайды редактор. Ортасына жете, - тіп-тәуір екен. Жып-жылы қазақы леп бар, - Редактордың реңіне бір қуаныш кіргендей. Шыр-шыр етеді телефон.
- Ә, иә, иә.., - редактор орнынан көте­ріліп барып, қайта отырады. - Иә, түсінікті. Редактордың жып-жылы жүзіне әп-сәтте суық рең кірген. Менің қағазымның ар жағын тез-тез аударып тастады. - Әй, жігітім,мынауыңның бір қайнауы ішінде қапты. Сен мына еңбек адамдары, озаттар, орыс халқының өнегесі туралы неге жаз­байсың. Мынаның бір қайнары. - Редактор төрт-бес бет қағазымды кір  көтергендей салмақтап-салмақтап, алдыма тастай салған.
«Бір қайнары» барды алып кете берем. «Қайнары» бардың келесі жолы да көретіні осы.Ішінде «қайнап» жатқан қопарғыш бардай шошиды. Шошытып түсіретін әлгі «жауыз» телефон, сонан соң менің бас амандығымды күзететін  әлгі соңымнан еріп жүретін менің күн жауында соңымнан қалмайтын «көлеңкем». «Қой» деймін- іштей. Өстіп жүре берем бе? Ана Жазушылар Одағына барайын. Қазақтың бір мұсылман баласы табылар».
1977 жылдың жазы еді. Жаныма Ғалияны ертіп Алматыға аттанғам. Мені сол жаққа жібермеу үшін жолда жасаған бөгеттерін айту,  тұттай ғып, тонап алып, екеуміздің жалғыз жиырма бес теңгемен Алматы вокзалына түскеніміз тура бір хикаят. Лагерьде КГБ-нің генералының есігін «өлтірсең міне басым» деп айқара ашып кіріп барған басым Жазушылар Одағының табалдырығын жүрегім дүрсілдеп соғып зорға аттадым. Ұлы Мұхаңның, Биағаңның, Сәкен, Ілиястың рухы күтіп тұрғандай қобалжыдым. Апарған қолжазбам әркезде, оның ішінде лагерьде де жазылған өлеңдер. Лагерьде Латыштың Кнут Скуинекс деген ақын жігітімен бірге болған едім. Ол өзі саяси лагерьде отырса да, оның осында отырып жазған өлеңдері Латыштың журнал-газеттеріне шығып жататын. Ал, біздің елге келген соң көрген күніміз осы. Одақ үйінің екінші қабатына көтерілдік. 
- Иә,жігітім, төрлет. – Осыны айт­қан кісіні Қадір шығар деп жобаладым.
- Мына бір орындыққа, - деп дембелше, көзі оттай жанған жігіт тағы бір орындық ұсынды.
- Мына бір өлеңдер жинағы.
- Ә, өлең болса маған бер, - деп қолын созған Қадір. - Тастап кет. Ертең соғарсың, мен сөзін аяқтады.
Олжас екінші хатшы екен. Кнут Скуи­некстің есімін алға тартып, оның да есігін аштым. Қолжазбаның бір данасы оның да үстелінің үстінде қалды. Ертеңіне тап сол уақытта тағы да Одақтың табалдырығын аттағам. Кешегідей емес төрдегі екеу де жылы лебізбен қарсы алған.
- Мына бір өлеңің қалай өзі,-депҚадір «Қымыз» атты өлеңнің бір шумағын оқыды да бетіме қарады. Менде үн жоқ. - Бөлекше дүние. Бір астар жатыр мұнда.Ә, қалай... - деп Қадір қайта-қайта бетіме қараған.
- Астарында бүлікшінің үні ие, аңсау бар ма, - деп түйді екінші жігіт. - Жазылу себебі қалай өзі.
- Қадеке, орыстың ормандарын еріксіз аралап келген жағдайым бар еді,-дедім еріксіз.
- Ә, жігітім, мұңайма. Сол ормандарды бабаларың басқаша аралаған, - деп Қадір қатулана тіл қатты.
   Қадірдің сұңғылалығына таң қалып үлгермедім, қасындағы жігіт
- Ә, бәсе, тап сол тауқыметті басынан кешкен азамат-ау деп отыр едім,-деген.
- Қалихан, осыны сен кеше айтып едің, тап үстінен түсіпсің.
Қалихан... Япыр-ау, мынау Қалихан Ысқақов болғаны ма. Оның « Қоңыр күз еді» хикаятын әлде түрмеде, әлде елде оқығанмын. Жазуы мен оқыған қазақ жазушыларынан таза бөлек. Шындықтың бетін сыпырып ашып жазып келеді де,  бүркемелеген жерінен сол шындық өзі келіп санаңа құйылып жатады.
- Кәмел, менен кіші шығарсың. Сібіріңді сағынып жүрмесең, енді өлеңді тоқтат. Өлеңге ойыңды да бойыңда сыймайды екен. Прозаға көш. Прозада подтекс деген бар. Өлеңге симаған ойыңды сонда астарлап жеткізесің. Солай ма Қадеке, - деп Қалихан бір-ақ кесіп, қайырды.
- Ақынға өлең жазба деп қалай айтам. Тағы өлең жаз, тағы Сібірге кет, сонда шірі деген болып шығады-деп күрсінді Қадір.
Жастық шақта, оның үстіне ерекше ұнаған әңгіме-хикаяттар есте жақсы сақталушы еді. «Қоңыр күздегі» жетім қыз Алтынның, мұрнынан аққан суды саусағының сыртымен оңды-солды сүр­те­тін Жарықжұлдыздың, күбі қарын, орындығына сыймаған маймұрын  дирек­тордың бейнесі көз алдыма келген.
Бұтындағы естекке бояған көн шалбарлы бала тап өзі болар.Көншалбарлы балаға Алтын қамқоршыдай. Алтынның әні. Ол салған «Бір бала» әні қоңыржай самалдай есіп, ауылдың үстін тербетіп тұрғандай дегені, ақыры сол Алтынның белгісіз тағдыры бәрі көкіректе. «Қоңыр күз едіні» сол жерде авторына қайталап беріп жатқанмын.
- Бәрекелді, - дейді Қадір.
- Әй, жігітім, тоқтай тұр, - дейді Қа­лихан.
- Қалеке, енді жасыратын не бар, сіздің Алматай ұстазыңыз «Шұғаның белгісін» қиын заманда жасырып оқытты емес пе. Анау итжеккен жақта жүргенде... Иә, тағдырдың сол бір шағында Достоевскийдің «Бесы» деген шығармасын оқыған едім. Оқыдым деу­дің өзі қисынға толық келмейді. Бір лагерьдегі екі жарым мың адамның бәрі саяси қылмыскер. Көбінің өзімен бірге арқалап жүрген кітаптары бар. Сыртында көсемдердің атақты кітаптарының атауы, не Маяковский, Фадеевтың кітаптары.Тап ортасындағы  бірер тарауларының орнына тек саясиларға керекті кітаптың бірер тарауы  жүреді. Бір ғана «Бесы» талай тарауға бөлініп, талай адамның әр кітабының ортасына салынған.Тінтуден кенде емеспіз. Тұтай жалаңаш шешіндіріп, бақайының басыңа, тоңқайтып басқаңа да қарайды. Сонда да... Иә, сонда менің кітап құмарлығым көзге түссе керек. «Мынаны оқып көр» деп М.Горькийдің кітабының ортасына салынған «Бесы» ды нұсқаған.
- Ә, жарар, мен ауылда сен Сібірде ондай емтиханнан өткен екенбіз. Сен прозаға бір жолата көш ұқтың ба? Әңгіме жазып көріп пе ең?
- Аздап бар еді.
Келер жылдың жазы да жетті. Нан тауып жүрген жерім орыс мектебі. Ертеңгі сегіз бен кешкі сегіз арасында орысша тіл қатамыз.Үзілісте бірер бала қазақшаласа әлгі директор мен өзіміздің «көзі» қаралардың менен көретіні тағы бар. Сөйтіп жүріп, бұрынғым бар, қыстай жазғаным бар, бәрін қосып, Алматыға жеттім. «Жинақ» деп әкелгенім Қалекеңнің қолында. Соның талқысынан өтсем, онда бірдеңеге жарағаным.
- Дачаға барамыз.
- Онда..., деп күмілжідім.
- Сонда оңаша отырып, жазғаныңды қа­рап шықпасам, бұл жерде іс бітпейді.
Дачаға Дәмеш жеңгеміз қоса жүрген. Бізге шәй-пүй қайнатып әлек. Ара-арасында « Қалихан әнебір жемісті алып берші» деп мазалайды. Бір жолы сол жемісін алып беруге биік ағашқа мен шығып едім, түсерде көйлегім бұттаққа ілініп, салбырадым да қалдым. Жеңгем өмір бойы соны айтып, күліп жүрді.
Қалекеңнің қолында қызыл қалам. Бетіме де қарамайды. Кей жерін сойдақтата сызып отыр. Қайта оқып, қайта үңіледі. Басын шайқай береді. Басын шайқаған сайын дегбірім кетеді.
- Сен орысша ойлап, қазақша жазады екенсің, - деді бір кезде. Тура перевод жасап отырғандайсың.
- Бірақ, сол аудармаға төселмегенің де көрініп тұр.
- Өзі іс шықпаса арам тер боп...
- Сен Сібірге қыдырып барып келіп ең? - Үні үкім оқығандай қатал шықты.
- Жоға – деппін сасқанымнан.
- Ол жаққа барғандардың сөзінде ұлтым деген үн жатады. Сенде сол үн асып-төгіліп жатыр.
- Тек менің ескертпелерімді жадыңда мықтап ұста.
- Қалихан-ау, мынауың не? Кәмел­дің жазғандарын қызыл сиямен шатпақтап тастапсың, - деп Дәмеш жең­гей өзінше ара түсіп жатыр.
- Әй, сен қоя тұршы. Әрі...Әрі жүр. Шайыңды қамда.
 - Осы жұрт сенің қаламыңнан шошиды дегенім ғой.
- Бұ жігітті ештеңемен шошыта алмайсың. Үркіп кеткендер әдебиеттен аулақ жүретін адамдар. Ондайларға әдебиетті қор қылуға болмайды. Менің ұстанғаным осы.
- Солай деші, - деп Дәмеш жеңгем әлі берісер емес.
- Тап солай. Бұл жігітте рух бар. Күні бұрын мақтап дандайсытпайын, бірақ, қаламынан әлі-ақ елге қажет туындылар туатынына сеніп отырмын.
- Бірер әңгімені «Қазақ әдебиеті» мен Радиоға бердік. Радиодағылар «біз эфирміз ғой, мына жігіттің өмір жолы қиындау екен» деп бас тартты. «Қазақ әдебиеті» үнсіз қалған. Күні бүгін үнсіз. «Жұлдызға», «Апақтың құласын аңызға бергісіз, тамаша әңгіме» деп өзі апарып тапсырды.1979 жылдың көк-темі еді. Жер лайсаң. Қалекең телефон соқты. «Әй, бауырым, әлгі сенің құла тұлпарың иен даланы аңызға бөлеп, дүркірете шауып барады» деді.Ертеңіне ауылдың бір топ жігіті «Апақтың құласына мінгесіп келеміз» деп журналды ұстап үйге де келген. 
Сең бұзылды. «Апақтың құласы» теріскейдің ызғарынан талайдың көңі­ліне мұздай боп қатқан тоңды жарған мұзжарғыштай болды. «Советтік Қара­ған­ды», «Жезқазған туы» жалтақтай-жалтақтай кей шығармаларымды жариялай бастады. «Күйші» деген әңгімемнің соңынан Жезқазғаннан Апбаз Қаражігітов ілесе келіп, «көрінбей қайда жүрген адамсың» дегенді айтты. Сол жолы Қалихан пікір жазып, Жазушылар Одағы «басылсын» деп тұжырым жасаған «Дос көңілі» атты жинағым қозғаусыз жатты. Сыншы Төлеген Тоқбергенов кітапқа қосымша тағы пікір жазды. «Дос көңілі» ілгері жылжыр емес. Баспаның проза бөліміне ие Дулат Исабеков қарап шы­ғып, басуға деп қол қойған сәтінде басқа жұмысына ауысуына байланыс­ты, кітап тағы жылжымай қалды. Мың шақырымнан сабылып мен барамын, Қалекең қоса жүреді.
- Әй, кітабыңда қандай кінарат бар? Кітабында саяси қылмыс жоқ шығар. Не себеп? - деп сан ренжісті. Бірақ, бәрі үнсіз. Бір үнсіз күш дуалап тастағандай, қағазға үңіліп мелшиген жандар. Жігерің құм болады. «Жасыма- дейді Қалихан.
- Сеңді бір бұздық қой, тағы бұзылады. Тағдырың неткен ауыр еді. Түкке керегі жоқ, талай боркемік жазбалар шығып жатыр ғой».
1982 жылы «Дос көңілі» жарық көрді. Бергенім 13 баспа табақ еді. Жарияланғаны 3 баспа табақ. Бас­падағы қатардағы қызметкерлер «бәрі­міз қолдан-қолғы оқып шығып едік. Жерден пішіп алғандай тамаша әңгі­мелер еді. Бәрін неге жібермеген.Тырнақ астынан кір, қылмыс іздейміз». - деп ренжісті. Менің тағдырымнан хабарсыз олар қылмыстың кітапта емес, оның иесінің басында болғанын қайдан білсін.
- А, жарайды, - деп басын шайқаған Қалекең, - сволыштар, - деп түйіндеді. Жүзі әуелі сұп-сұр реңге бөленіп, іле күреңітіп кетті де, шықшыты сықырлады. Қай реніші болса да басымнан өткізе білуге үйренген мен.
- Қалеке, жүріңіз, ең болмаса дәм татып шығайық, - деп қолтығынан сүйредім.
- Соның қажеті қанша? - деп тартынды.
- Дәтке қуат деген бар емес пе.
- Атау керіңді ішкізгендей жасайды бұлар. Сонша жұлмалайтындай... Жүр ғой ана орыстың да, латыш, грузиннің де Сібірдің дәмін татқан талайы. Жазғандары басылып та жатыр, шыға да береді. Сен ең болмаса баспаға барып кітабыңа ілінбей қалған әңгімелеріңді жинап алшы.
Баспаға бардым. Кітабыма соңғы редактор болған жігітті таппадым. Әркімге кіріп, қалған жазбаларымды сұрастырғам. Таппадым. Бәрі көрген, енді ешкім біл­мейді. Әйтеуір бір дерек, осындағы қыз­мет­керлердің қолында жеке-жеке әңгі­мелердің жүргендігі.
- Таппайтыныңды білгем, - деп асық­пай темекісін сорды Қалекең. - Талайды су түбіне жіберіп үйренген бұлар. Жасыт­қан, жуасытқан, ақыры айдағанына көнетін еткен.
Қалекеңнің қатарластарының адам­ның шымбайына бататын өткір қалжы­ңын көтере білетінін де, сабадан асып бара жатқан сөзді бір ауыз леппен тоқтата алатынына да куәміз. Тегі кім де болса оны бағдарлай сөйлейтін. Асқар Сүлейменов екеуі жан аямас дос еді. Мен бүкіл шәкірттерін ГПУ атып тастаған Қыздарбек күйші мен оның ізбасарларын жасырын зерттеп, отызға жуық күйлерді (оның ішінде Абылайханның «Дүние ғапыл», «Қайран елім» күйлері бар) магнитофонға жазып, Алматыға тағы жеткем.
- Мыналарды енді не істейміз? - деді Қалихан Асқарға.
- Сен де қоймайды екенсің, басыңа пәле тілеп, осы үшін де сен тағы Сібір­ге жібере салады олар, - деп Асқар көңіліндегісін төге салса да, радионың музыкалық редакциясына телефон соқты. Сірә, ол жақ жылы рай білдірмесе керек, Асекең «шенеуніктерің ұстап отыр ғой, галстуктеріне буынып қал­маңдар. Тап сендерге қазақтың керегі жоқ» - деп телефонды тастай салған. Екеуі мені консерваторияға жіберген. «Солар жазып алар» десті. Сондағы Тымат Мейірғалиев Әбдидің «Зар-тәубесін» естіп боздап жылап «Япыр-ай, адамның шер қайғысын екі шекпен осынша жүрекке құйған не керемет» - деді. Сондағы бастық пен бастық сымақ екі қатын біріне-бірі сілтеп, ақыры мені қуып шықты.
Сөйтіп жүргенде бізге Ақселеу қо­сылған. Осы күйлерді радиодан бергізу үшін үш жыл айтысып-тартыстық.Радио­дағылар Абылайханның есімін естігенде үріккен киіктей шоршып, асаудай тулайтын. Ақыры Ілия Жақанов бізге қосылып, 40 минутқа жететіндей программамен Қыздарбек күйлері туралы үлкен радиохабар жүргізген едік. Бізбен бірге саяси лагерьдің тауқыметін тартқан Махмет Құлағанбетұлы ретін тауып, шетел асып, «Азаттық» радосында жұмыс істей бастады. Махмет біз туралы «ЕСЕП» партиясы туралы үзбей хабар жүргізе бастаған. Бұл хабардың соңы біз үшін аса қиынға соқты. 
1982 жылдың мамыр айының 24 күні  біздің шаңырақта тағы бір оқыс оқиға болды. Бір жаққа жүрмек болып жаттым да, жолдан қалып қойдым. Сол күні үйдегі балаларымды дәрімен талдырып тастап, жан алғыш үш әріптің адамдары үйге тінту жасады. Дәрменсіздіктен буынып өлуге шақ қалдым. Бұрын үрке қарайтын жұрт енді, тіпті, безініп кеткендей. Талайлар тілдесуден қалды. Ішке жиналған ашу мен ызаны айтар жан таппағандай едім. Салып отырып Алматыға жеткем. Болған уақиғаны естігенде Қалекең басын ұстап, төмен қарап күрсініп, әлден уақытта
- Сен енді төзе біл. Саған жұбаныш айтпаймын, қайта қатер басына төне түсерін ескертемін. Бұлар сені өлтіруге бет алған екен. Сақ бол. Түн баласы есік алдына  шықпа. Сонан соң айтарым, бұл әңгімені енді ешкімге айтпа, айтсаң ажалыңды жақындатасың.
- Ана Солженицинді Ресей шет елге апарып тастады. Ең болмаса сеніде сондай бір жаққа қуып тастамайды-ау. - Қалекең шарасыздықтан  алақанын жайған. 
- Қалеке мен оған көнбес едім. Ар­қаның саумалдай ауасын жұтпай мен бір күн өмір сүре алмаймын.
- Біздің ұтылып жүргенімізде осы ғой. Кешегі Алаш көсемдері Ақаңдар, Әлекеңдер, Міржақыптар елді қимаймыз деп ажал құшты. Солар шет елде жүрсе қазақтың орысқа айбары болар еді-ау. Алашты қырды, қазақ панасыз қалды. 
Дәмеш жеңгемнің қолынан шәй бергізді де 
- Жүр кәне! - деп пойызға мінгізіп, - бұл арадан да тез табаныңды жалтырат,-деп шығарып салды. Бұл уақиғалар Қали­ханның «Келмес күндер елесі» деген естелік кітабында біршама орын алған.
Ол кезде халық жауының қамытын киген кімге болса да тағдырдың тарттырар азабы аз емес еді. Дүние шырқ айналып, ұршықша үйіріліп, ашық күнде құйын көтеріліп, шаң-тозаңның ортасында қала бересің. Көпшілік оны сезбейді, сезетіндер бірен-саран ғана. Оның өзінде өзі сол құйынның бір шетіне тап келсе ғана. Соған байқаусызда тап болған Мәшен еді. Кеншоқы совхозында тұратын Мәшеннің қосымша аты Мәшен шолақ. Қызыл шырайлы ақ сары жігіт. Жезқазғаннан қайтқан. Қыс айы. Пойыз ол қаладан кешкі жетіден аса шығады. Купенің екінші қабатынан орын алғанда жатып қал­ған. Бір ұйықтап оянып, астынғы орындағы екеудің сөзіне құлақ түріпті. Бір шөлмек коньякты тауысып, екеуі екіншісін бастапты.                 
- Майор шенін алдым, - дейді бірі. - Біздің КГБ-да тәртіп қатал ғой. Сұрып­таудың сан сатысынан өтіп, партияға адал қызмет еткенімді өмір жолымда дәлелдеп келемін.
- Ә, дұрыс екен. Құтты болсын шеніңіз.
- Жау ниеттілер қазір көбейіп кетті ғой. Отыз жетідегідей бір ойранды салып берсе, тиылар еді.
- Ондайлардың барын біз де көріп жүрміз.
- Е, айтқандай, әлгі Кәмел Жүнісов дегенді өздеріңе тапсырғанмыз.Жазған-сызғанын қатты бақылау керек. Оның жазғанын халыққа жеткізудің еш қажеті жоқ. «Жұлдызда» өзің жүрсің.Баспаңдар жазғанын. Тіпті, жоғалтып жіберіңдер.
- Осы айтқаныңыз мүлтіксіз орындалып жатыр. Өзі де бірақ көнбейді.
- Көнбей не қылады?
- Сүйретіп бағармыз.
- Әй, осы мына үстіңгі полкада жатқан кім өзі? Сөзімізді естіп,- деп КГБист шоши тіл қатқан. 
- Сап-сары біреу. Сірә, орыс қой деймін. Келе қисайған сонан ұйқыда,-деген. «Жұлдызда» істейтін әлгі пенде. 
Мәшен мыналардың сөзінен жаны, шошып қорылын үдете түсіп, таңғы бесте сыбдырын білдірмей киініп, Жа­рық станциясына тоқтаған пойыздан тұра қашқандай болған екен. Сібірдегі «соцлагерьдің» тамақ бермей, қит етсең жазалап жататын «қайта түзету» тәрбиесін бірге көрген жолдасым Зейнолла Мәшенге туыс еді.Бұл әңгіме оншақты күннен кейін біздің де құлағымызға жетті.
Бейғам жұрттың күндіз тынышын, түнде ұйқысын қашырған бейуақтағы сұрғылт бейнедей сұр шенелділердің ызғары болар. «Жұлдызда» үш жыл тапжылмай жатқан «Қоңыр құлжа» атты хикаятым жоғалып тынды. Қол жазбам жоқ. Сонан соң есіме белгісіз, аты бұрын естілмеген, күні бүгінге дейін қайтіп естімеген біреудің фамилиясымен «Соңғы табын» деген атаумен өзінше күзетіліп-түзетіліп, бояуын өзгерткенсіп «Жұлдызда» жарық көрді. «Ал, халық жауы-халық досы маған не қыласың? Қылып ал!» деп найзасын шошаңдатып біреулер тұр. «Қоңыр құлжаны» елде, жолдастар арасында әлденеше мәрте оқығанмын. Әуелі дауыл көтерген солар. Барын салып, дәлелдеп, әлденеше бет қағаз толтырып, мені Алматыға аттандырған. 
Тағыда Қалиханды таптым. Сібір­дің ызғарынан сақтап, прозаға сүйреп әкелген еді, енді, міне, «мынадай өмір прозасын көр» дегендей жағдай еді. «Бұл не сұмдық» дестік. Бізге Софы қосылды ол поэзия бөлімінде еді. Прозадағы Оралхан демалыс алып, Алтай асып кетіпті. Әнебір аяғының сылтымасы бар жігіт, бір көрінді де таптырмады. Ел азаматтары қол қойған арызға қол қойысты. «Жұл­дыздың»  басшысы Бекежан Тілегенов «қатынасым жоқ» деп басын арашалады. Даудың үстінен Ілияс Есенберлин ағамыз тап келген. Білгісі келген рай танытты. Қалихан бастап, мен қоштап, хикаяттың жағдайын айтып жатырмыз. Бұл шақ, Ілекеңнің басына да  дау өршіп, әбден мазасын алаған тұс. Ол кісіге де көреалмастың қызыл қамшысы үйіріліп баққан. 
-Ммм, - деді Ілекең. –Солай деңдер.Солай... солай тілімді алсаңдар осы дауды қойыңдар. Мына Кәмелдің тайга аралап қайтқаны да бір басына жетерлік екен. Бұл жігіттің басына қосымша дау бұлтын үйіріп не қажет. Олар ұйымдасқан көпшілік. Аш бөрі­дей талайды мұны. Арашалап та ала алмайсың. Ендігі дұрысы, хикаяттың бір кітабына енгізіп, шығару ғана. 
Үлкеннің сөзіне тоқтаған жұртпыз. Ілекеңнің айтқанының бәрі дұрыс. Қалекең «енді не істейміз» дегендей көзінің астымен бетіме қарады. Көн­геннің нышанын білдіріп, басымды изедім. Жеңбесімді білемін, жеңгізбесіне көз  баяғыда жеткен. Анау Мәскеуде шира­тылатын қылбұрау Алматыдан өтіп, бір түкпірдегі Шет ауданына жету әп-сәттің жұмысы. Мәскеуде күн күркіресе, Алматыға жай түседі десетін. Ал, мұндайда аудан-ауылды топан-су басатыны белгілі. 
«Жұлдыз» журналына «Көксеу» атты жаңа хикаятымды тастап елге қайт­тым. Тағы да жылдан аса уақыт өтті. «Жұлдыз» үнсіз. Жүрек күпті. Одақтың бірін­ші хатшысы Олжас Сүлейменов еді. «Қоңыр құлжаның» тарихын айтып, «Көксеудің» де жамбасы шіруге айналғанын жеткіздім. 
- Сонымен бір повесің қолды болды ма? Вот сволочи, - деп Олжас ашудан булығып, біраз қатты сөз айтып барып тоқтаған. Ғафу Қайырбековті шақырды. Ғафаң «Жұлдызда» редактордың орынбасары. « Көксеу» хикаятын оқып шығып, пікірін Олжасқа жазбаша жеткізуге тиісті болған. Ғафаң бірінші оқып шы­ғуды Қалихан Ысқақұлына жүктеген. Қалекеңнің тілді үйіріп, ойды қозғаған рецензиясына таңқалған (Қалекеңнің асты-үстін сызбаған шығармасы осы шығар) Ғафаң өзі қайта оқып, «хикаят міндетті түрде жариялануы керек» деген тұжырым ұсынған. Енді «Жұлдыз» бас редакторы Бекежан ренжіді.
- Олжасқа неменеге бардыңдар. Онсызда жариялайтын едік қой.
- Бәке, бір хикаят тірідей жоғалды. Екіншісін де біреу еншілегенше отыра алмадық.
- Осы Қалихан да тыныш жүрмейді, - деп Бекежан Қалекеңнің сыртынан зіл тастады.
Қаламыңа жармасқан, аяқтан шалған, мүлт кеткеніңді аңдыған заманда бір туындымның жарық көруі зор қуаныш. «Көксеу» жарияланған «Жұлдызды»  қол­тыққа қыстырып, тағы Алматыға жеткем. Жазушылар Одағының ғимаратының екінші қабатында Қалихан, Қадір отыратын кабинет бар.
- Ассалау..,-деп ұзағынан сәлем беріп кіріп барсам, ішінде Сыр-ағаң атақты Сырбай Мәуленов, Ақселеу, Қалихан үшеуі отыр. Сыр-ағаңмен таныстығым бар. Нармамбет ақынның:
Сары Арқа сарқыраған суың қайда,
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда,
Найзағай шатыр-шұтыр нөсерлетіп,
Көтерген кемпір-қосақ туың қайда,- деп бастайтын өлеңін осы Одақ ішінде маған айтқызып, «шіркін, кәзіргі ақындар осылай неге жазбайды» деп тамсанған да, мұнайған да еді.
- Әй, жігітім, - деді Сыр-ағаң. - Сен Қыздарбектің күйлерін радиодан ақыры бергізгеніңді естіп жатырмын. «Көксеуің» де жарық көрген екен. Құт-берекесін берсін. Сені олар жариялауға тиіс емес еді. Сенің өлермен еңбегің жеңді. Олар жеңіліп барып, саған жол берді.
Деседе, «Көксеудің» жеке кітап болып шығуы жеті жылға созылды. Оған жеті рет редактор, жеті рет жасырын рецензент тағайындалып, барлығының бағасы оң болса да, «жоғарғының» рұқсаты жоқ. Ақыры кітапті «Өнер» баспасына ауыстырды. Баспаға бастық болып келген Сұлтан Оразалиновқа жеке кіріп, өзімнің кім екенімді айтқанда да Сұлтекең «сол алпысыншы жылдардағы студенттердің жасырын қозғалысының мен де бір мүшесі едім, басында болған сен екенсің ғой» деп кітапты жеделтете шығарған. 
«Көксеудің» осынша бейнет көруі-ол бүкіл ізбасарлары оққа байланған Қыздарбек күйші мен шәкірттері туралы хикаят. Қашқын туралы жазылған «Көксеңгірдің тасында» атты хикаятты да «Жұлдызға» жолдадық. Қалекең оқып шықты, ұнатты.
- Япыр-ай, сен де жалықпайсың, бетің де қайтпайды. Сіресіп, ұстасып жүрсің көрінбес құбыжықпен. Қалай болар екен,-деп түйген.
 «Қашқын-пысқынның керегі қанша, Совет адамының ерен еңбегі туралы неге жазбасқа» - деп қорытындылаған А. Мекебаевтың жауап-хатын алып, «Жұлдызға» редакторлыққа келе қалған Мұхтар Мағауинге бара қалдық. Хикаят толық болмаса да журнал бетін көрді. КСРО құлаған шақтан бері «Құба белдер» трилогиясы, Шортанбай жырау туралы жазылған «Соңғы Абыз» романым, «Көксеңгірдің тасында», «Мөрші», «Қоңыр құлжа» кітаптарым жарық көргенде Қалекең менен бұрын қуанып, телефон соғушы еді. 
2002 жылы Үт айының соңында Қалекең тағы телефонмен хабарласты. Бабасы Қаратай батырдың жерленген жері туралы мәселе көтерді. Қаратай батырдың мәңгілік орны Тайатқан-Шұнақта екенін кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы айтып кеткен. Біздің де аздап хабарымыз бар. 1991 жылы Ақселеудің жөн сілтеуімен Қаратай батыр мазарын іздеп Оралхан Бөкеев те келіп, Ағадырлық қаламгерлерге риза болмай кеткені бар. Оралхан ол жолы бізбен хабарласпаған еді. Енді міне, Қалихан Ысқақұлының соңынан Әлібек Асқаров телефон шалды. Қалекеңнің сөзі қысқа. «Жер-көкті тінткілеп жүретін сен Қаратайды білесің. Апарда бізге көрсет». 
Иә, онысы рас. Қайда барсам да көрінген төбенің, сарқыраған бұлақ­тың, баяу жылжыған өзеннің, жалғыз жарым тұрған күмбездің атауын сұрай беретінім бар. Сібір сапарынан қайтқаннан кейін жаныма атақты күйші Дәулетбек Сәдуақасұлын ер­тіп, Ағыбай  мазарын көруге жол­ға шықтық. Ұзынжал деген жерде отырған жыршы Қасеннің үйіне соғып, ол кісіні де ертіп алғанбыз. Қалмақ қырған тауының жанындағы аласа төбешіктің үстіндегі жалғыз мазарды көзім шалып, Қасен жыршыдан сұрастырдым. Жыршы осы маңның тумасы, өте шешен, шежіреші, жол бойы кезіккен өзен-жыра, жеке шоқылар туралы төгіліп әңгіме айтудан бір жалыққан емес. 
- Ә, бұл бұл жақтың адамы емес. Анау Алтай, Зайсан жағынан. Осы Қалмақ қырғандағы соғыста қаза болған. Есімі Қаратай болуы керек,-деп түйген Қасен жыршы. 
Мұнан кейін тап осы әңгімені Қыздарбек күйші туралы материал жинап жүргенімде Мойынтыда тұратын, тоқсан жасқа келген белгілі ақын Қазидан естігенмін. Иә, бірақ, «мен білем деп шыға келу қиын». Көрінгенге жармасып, дау іздеп, жүргендерден еріксіз сақтанасың. Бұл күнде Қази да, Қасен жыршы да жоқ. Оның үстіне ата бабасын енді ғана іздей бастаған кейбіреулер мысықтың көзін жаңа ашқан соқыр баласындай кез келген мазарға жармасып жатқан уақиға етек алған. Қыс бойы Қаратайдың Қараталы атты өзен бойындағы мазарлар туралы деректер жинатып, жаз шыға сол маңға арнайы  шығып, деректерге үңілдік. Сол маңда туып өскен, бір ауданның ГАЙ мекемесін басқарған, зейнетке шығып имамдық еткен Мағжан молланы, сол өзеннің бойында күні бүгін малын өрістетіп отырған Дулат Қожамберлинді ертіп, бар мазарларды аралап, тағы көз жеткіздік. Поссовет төрағасы, мектеп директоры, журналистік қызмет атқарған Мұрат Көккөзұлы 1960 жылы ел қарияларымен бірге барып анықтаған өзен бойындағы көне мазарлардың картасын әкеп берді. Картада Қаратай батыр мазары анық көрсетілген.  
Міне, осындай тиянақты шаралардан соң ғана Қалихан, Әлібектермен хабарласқанмын.Астанадан Әлібек Асқаров, Қайырды Назырбаев, Алматыдан Дидахмет Әшімханов, Алтайдан Шаймардан Оразаев бастаған жиырмадан астам адам Шеттегі біздің үйге жеткен еді. Осыншама жұртты Мойынты, Босаға ауылдарының әкімдері, ел жақсылары да қарсы ала білді. Сөйтіп, 2002 жылдың жаз айында Қаратай батырдың әбден ескірген көне күмбезінің басына көктас та қойылды. Әрине, күңкілдеуден әлі де кенде емеспіз. Нақты айтары болмаса да «ол емес еді» дейтіндер бықсытып қалып отырады.
Қалекеңнің жетпіс жасқа толған мерейтойына Қарағанды аумағынан сонау  Алтайға мен бардым. Еліне сыйлы, халқына қадірлі азамат екенін Қотан Қарағайлық азаматтар көрсете алды. Алматы, Астанадан ағылған жазушының, сан газеттің журналистерін ел тік тұрып қарсы алып, өнер мен спорттың сан алуан түрін  көрсетіп,  Қалихан Ысқақұлының осы елдің  азаматы екенін танытып, онымен  Алтай елі мақтана алатынына баршамыздың көзімізді жеткізген. Иә, мінбеден ризашылыққа толы шексіз лебіздер білдірілген. Ал, мен оны классик жазушы, заманының сөз өнерін шыңына жеткізіп шыңдай білген ұлы       қаламгері екенін айтқан едім.
Иә, Қалихан Ысқақұлы кейбіреулер секілді жылына төлдетіп, ащылы-тұщылы, иі әлі толық қанбаған бір кітапшасын ұсынып жататындардың қатарында емес.Талайдың сондай шикілеу, жалған мақ­танға құралған, саясатты төңіректеген дүмбілез шығармалары өзімен бірге өлді, өле де береді. Қалекеңнін сонау «Қоңыр күз еді» хикаятынан басталған, тамсандырған шығармалары «Ақсу-жер жанаты»  болып, «Келмес күндер елесімен» аяқталып жатса да ел іздегенін табатын, қазақтын сөз өнерімен сусындағысы келетін әр азаматтың ізденіп жүріп оқитын мәңгі өлмес туындылар. «Ақсу-жер жаннаты» Қазақ әдебиетіне ерекше үлес қосқан, айқын із қалдырған айтулы шығарма. Тағ­дырдың айдауымен Алтайға жиналған буданы бар, шикі қазағы, пісі қазағы бар әр адамның өз бейнесі өзіндік  кейпімен ғана орын тепкен. Алтайдың сұлу көркін сақтасам деген Сиғатты, ұзын ақша үшін әйтеуір план орындаудан басқаны мақсат етпеген Әбдіжаппарды, қазақы қалыпты аңсаған Шерубай, Бекетті, бір қақпайы бар Бескемпірді, Қотиын мен Мешелді, «Осының баласын табудан қолым босамады, өзін ЛТП-ға өткізіп, отпуск алмасам» дейтін жиен келінді, Усойқы атанған егер Асхат-Аскеңді, қатын арақ ішеді, бала сүндетсіз, сиырдың бұтына отыратын ұрғашы жоқ, бүгінгінің сиыры өгіз болды деп уайым шегетін Жанжігіт шалды осы заманның жүгін арқалар бейнелер ретінде санасын билеген оқырман разы.
Кітап «Наурыз туысымен белгі беретін Алтай жылымығы... қысқы жолдың күнқағар езуін науалап тастағанмен, қар әлі семіздің сүбесіндей» - деп басталады. Осындағы жолдың «күнқағар езуі», «семіздің сүбесіндей» қар, қайталауы жоқ суреттер еріксіз тамсандырады. «Жар басындағы қаздай тізілген ағаш үйлердің шақырайған шамдары ғана жылтырайды. Шақырайған көп шамдар  оққа байлап тастаған  көп жылқының шатынаған көзіндей... шыңғырысып шаба жөнелетіндей Бекет­тің тұла бойы түршікті» дейтін тірі сурет отызыншы жылдардың адамға ғана емес қазақтың малына жасалған сұмдығын бір-ақ лекпен жеткізді. «Ошақтағы әйел жұрты түгелдей қабырғаға шығып алыпты, екі баланың ортасындағы ерінін бояған орыс келіншек пен кимешегі қарқарадай қызыл кемпір үш еркекке төбеден телміріп отыр». Үш еркекке телмірген әйелдердің бұл дүниеден өтіп кеткенін осылайша беру тек Қалихан Ысқақұлына тән шеберлік десек артық айтқан болмас. Мынау кісілігі арзан тірліктен аспайтын Қотиынның суреті: «Төбесіндегі ежіктеп қырыққан есіріктеу қалың шаштың әр қылшығы тебеңдей... қатпар-қатпар маңдайдың шалғайындағы жымырық құлақ, кеңсіріксіз танау, еліге толмайтын иек пен жиексіз езуді тұншықтырып тастапты». Дорба-дорба ақшаны не үшін жинап жүргенін білмейтін парықсыз Мешел «Бір тұтам  үрген тұлыптай бәкене жігіт... Мойнына асылайын деп еді, қолы жетпеді, құшақтайын деп еді қарыны тіреп жібермеді... қатқан нанның қоқымын арпадай асап, қара шайды қалжадай сілтеп, бора-бора тер жапқан бетін саусағымен сыпырып тастап отыр».  
Алтайдың бар тіршілігінің жанашыры Усойқы атанған егер Асхат-Асекеңнің бейнесі мен уайымы кеше бар, бүгін сөнуге айналған шымыр тілді қазақтың кейпі. «Бет-ауыздың қай қатпарында мысқыл, қай жапсарында күлкі жатқанын албастының өзі болмаса адам баласының  аңғара қоюы  қиын». Мұрнынан басқасын сақал басқан Асекең бұланды атып қолға түскен Ситан-сволышын айдатып жіберсе «сегіз баланың обалы»... сол балалары үшін жиған малдың иесіз кетуі қолын байлап «Ситекеңнің жоқшысы сендер ме, жоқ  әлде мен бе», деп шырт ұйқыдан шошып оянады. Ақыры Ситанға айып-пұлын төлетіп, «жоғал» деген сөзді Усойқы сары кездікті тапал жозаға қадап отырып» айтады.
Етегінен қыран қонған шыңына дейін орман жапқан Алтайдың табиғатын сақтаймын деп талаймен арпалысқан сері Сиғаттың ұстанымы оның бар болмысы. «Азаматтың әр ауылда... бір босағасы болуы керек. Қара басының қамына мал жиған, төрінде береке тұрмайтын, түзде жұртқа симайтын тексізге жаның ашымасын»- дейді ол. Романдағы аса жағымды деп танитын Сиғаттың да бойында күйбең тіршіліктің пендешілігін қоса өрбітіп суреттеу Қалиханның ерекшелігі.
Романдағы қазақы қалпымен ерекшеленген Шерубай ақсақал «Басында пұшпақ бөрік, үстінде шолақ шидем шекпен, аяғында саптама... Мұрыны жоталы, одырайған бет сүйегінде, көстиген шықшыты мен сорайған астыңғы  иегінде артық ет жоқ... ірі тұлғасы... қажыр қайратының да қалпында екенін аңғартқан» деп суреттелетін ол  Алтайдың қара орманының бір шыбығына бекер балта тимесе екен деп шыр-пыр . Тіпті осы үшін орманшы инженердің басын жарып, он бес сөткеге қамалып шықса да бетінен қайтпаған. Қалихан сияқты шебердің қолынан шыққан осындай пенделерден ғана оқырман жұрт айналасын таниды, ұлтының болашағына көз жүгіртеді.
Қалихан Ысқақұлы менің көп жыл ізденуімнің нәтижесіндей болған «Едіге» атты туындымды оқып, аса ризалығын білдіріп, кітаптың беташар алғы сөзіне  «Творчествалық кемел шағында Кәмел күрделі бір шығарма жазатын шығар-ау деп күтетін едім.Тура менің үмітімнің үстінен шықты. Едіге туралы мынау туындысы әзірге ешкім  шиырлап үлгермеген тың дүние екен» - деп бастаған үлкен тұжырымды пікірін жазған еді.
Адам бұл жалғанның қонағы. Қалекең «Келмес күндердің...» кемесіне мініп  өзінің Топқайыңына жеткен. Ол маған Алтайдың мұзарт шыңдарының біріне шығып, қара орманына, жүрегі езіле отырып жазған әсем Алтайына, онан әрі Арқа, Еділ-Жайық, қазақ даласына тебірене қарап отырғандай көрінеді.
Қалихан Ысқақұлы ешкімге ұқса­майтын өзіндік стилі бар қазақ прозасын алға сүйреген шеберлігі мен шешендігі ерен классик жазушы. Оның шығармаларында  тіл, табиғат, тіршіліктің күйбең тірлігі үйлесімін тауып, жарыса үн қосып жатады.
Қалихан стилі, Қалихан қолтаңбасы, шеберлігі, ғажайып суреткерлігі, сөз ұстарту - зергерлігі өзінше бөлек дүние. Қазақ әдебиетіне өрнек салған осы құбылысты зерттеу,зерделеу, келер ұр­пақтың көңіліне қондыра білу қажет. Ол үшін Қалихан шығармаларын Қазақ тілі, әдебиет, журналистика саласында оқып жүргендерге арнаулы түрде оқыту қажет дер едім.

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз