• Келелі кеңес
  • 01 Тамыз, 2016

БЕЙБАРЫС, БАЙБАРЫС, БИБАРЫС НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ДҰРЫСЫ ҚАЙСЫ ЖӘНЕ МАҒЫНАСЫ ҚАНДАЙ? (1245 жылы жарық көрген қыпшақ-араб сөздігінің қолжазбасы негізінде)

Қалдыбай ҚЫДЫРБАЕВ, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, PhD докторы

Мысыр мен Шам елдерінің айма­ғында айбарлы Мәмлүктер мемле­кетін құрып, бүкіл араб елдерін монғол шапқыншылығы мен крест жорық­тарынан сақтап қалған және мұсылман елдерінде білім-ғылымның, мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан әйгілі бабамыздың есімі ғылыми-әдеби айналымда «Бейбарыс», «Бибарыс», «Байбарыс» болып әртүрлі нұсқада жазылып, әртүрлі мағыналармен түсіндіріліп жүргені белгілі. Осы сұрақтың шешімін табу мақсатында 1245 жылы Мысыр мәмлүктері тарапынан жарық көрген қыпшақ-араб сөздігінің түпнұсқа қол­жаз­басы негізінде зерттеу жасаған болатынбыз.

Сұлтан есімі, осы қыпшақ-араб сөздігінде кездесіп, мағынасы алғаш рет араб тілінде түсіндірілген. Қолжазбаның түпнұсқасында қыпшақ сөздері ерекшеленіп қызыл сиямен, ал, араб тіліндегі түсін­дірмелері қара сиямен жазылған. Сөздіктің адам есімдеріне қатысты 22-бөлімі «بَيْبَرْس» есімімен басталған [1, 30]. Қолжазбада есімнің харакаттары, яғни, әріптердің асты-үстіне қойылатын дауысты дыбыстардың белгілері де анық қойылған. Есімнің қызыл сиямен жазылуы оның қыпшақ есімі (сөзі) екенін білдіреді, яғни, қыпшақ тіліндегі жазылуы «بَيْبَرْس». Түркі тілдеріндегі үндестік заңын ескере отырып, қойылған харакаттары бойынша оқысақ, қыпшақ тіліндегі дыбысталуы [байбарс], яғни, «Байбарыс» болып шығады.
Қазақ тілінде үндестік заңы бойынша дауыссыздардың жуан не жіңішке айтылуы дауыстылардың жуан не жіңішкелігіне тікелей байланысты екені белгілі. Ал, араб әдеби тілінде, керісінше дауыстылардың жуан не жіңішкелігі дауыссыздардың жуан (مفخم [муфәххам]) не жіңішкелігіне (مرقق [мураққақ]) байланысты. Араб әдеби тіліндегі ب [б] дыбысы مرقق [мураққақ] дыбыс болғандықтан үнемі жіңішке айтылып, оның үстіндегі фатха харакаты да [ә] болып жіңішке дыбысталады [2, 106]. Ал, ر [р] дыбысында өзіне тән ерекшелік бар, яғни бұл дыбыс (رَبٌّ [раббун] және رُوحٌ [руххун] сөздеріндегідей) фатхалы не даммалы болса немесе сукунді болып, алдыңғы дауыссызы (بَرْدٌ [бәрдун] және قُرْطٌ [қурт̣ун] сөздеріндегідей) фатхалы не даммалы болса тіл арты таңдайға қарай көтеріліп жуан (مفخم [муфәххам]) айтылады. Ал егер (رِسَالَةٌ [риссәләтун] сөзіндегідей) кәсралы болса немесе cукунді болып алдыңғы дауыссызы (فِرْعَوْنُ [фир‘әўну] сөзіндегідей) кәсралы болса жіңішке (مرقق [мураққақ]) айтылады [3, 118]. Олай болса, қыпшақ тіліндегі «بَيْبَرْس» есімін араб әдеби тіліне калькалау әдісі бойынша көшіріп, осы жазылуы, осы харакатталуы бойынша оқысақ [бәйбәрс] болып дыбысталады. Құрамындағы дауыссыз ر [р] дыбысы ғана алдыңғы ب [б] дыбысындағы фатханың әсерінен жуан дыбысталады. Демек, «بَيْبَرْس» есімінің қыпшақ тіліндегі дыбысталуы [байбарс], араб әдеби тіліндегі дыбысталуы [бәйбәрс]. Ал, араб тіліндегі ғылыми, әдеби еңбектерде жазылып жүрген сұлтан есімінің «بِيبَرْس» [бибәрс] нұсқасы – харакаты дұрыс қойылмауы сал­дарынан айналымға енген қате нұсқа. Қазақ тіліндегі еңбектерде қолданылып жүрген «Бибарыс» нұсқасы араб тіліндегі осы қате нұсқадан ауысқан түрі. «Байбарыс» нұсқасының дұрыс екеніне Сұлтанның көзі тірісінде 1265 жылы өзі салдырған Каир қаласындағы мешіттің қақпасында және күмбезінің ішіндегі екі тақтайшада фатха харакатымен «Байбарс» деп жазылғаны дәлел екенін белгілі шығыстанушы Қ.Сәки де айтқан болатын [4, 224].
Қолжазбада «بَيْبَرْس» [байбарс] (Байбарыс) есімін араб тіліне «أمير فَهد» [,әмиру фәһд] деп аударған [1, 30]. Қыпшақ-араб сөздігіне 1894 жылы алғаш зерттеу жасаған неміс ғалымы М.Т.Хоутсма да есімді қолжазбадағыдай «بَيْبَرْس» деп жазып, бірінші компонентінің транскрипциясын [bäi] деп берген. Мағынасын بك [bek] сөзімен синоним ретінде қарастырып, неміс тілінде «Emir» күйінде қалдырған, яғни, араб тіліндегі «أمير» [,әмир] сөзін аудармасыз берген [5, 65]. Сөздікке зерттеу жасаған отандық ғалым Ә.Құрышжанов қолжазбаны тақырып бойынша қарастырған бөлімінде: «Байбарс досл. Богатый барс» [6, 59], – деп  көрсеткен. Ал, еңбегінің әліпбилік бөлімінде Байбарыс та, Бейбарыс та қарастырылмаған. Бұл бөлімде есімнің «بي» компонентін бөлек қарастырып, оны «бей» деп транскрипциялаған. Мағынасын «правитель, амир, бей» деп түсіндіреді де: «каз. би. См. Бейбарс, Есенбей» [6, 94], – деп қазақ тіліндегі мағынасын «би» деп көрсеткен. Екінші компоненті «برس» сөзін де жеке қарастырып, транскрипциясын [барс] деп берген де, қазақ тіліндегі жазылуын «барыс» [6, 93 б.] деп көрсеткен. Енді, қолжазбадағы есімнің араб тіліндегі «أمير فَهد» [,әмиру фәһд] мағынасына талдау жасайық. Араб тіліндегі «أمير» [,әмир] сөзінің мағынасы – әмір, басшы [7, 44], ал «فَهد» [фәһд] сөзінің мағынасы – барыс [8, 773]. Әмір, басшы мағынасындағы «أمير» [,әмир] сөзі араб тілінде бірінші басшыларға айтылған. Мысалы,
- «أميرُ المؤمنينَ» [,әмиру-л-му,минин] – мұсылман халифтарының, ислам елдері патшаларының титулы [9, 188], яғни, «мұсылман еліндегі бірінші басшы» дегенді білдіреді; 
- «أميرُ البحر» [,әмиру-л-бәхр] – адмирал [7, 44], яғни, теңіз флоты саласындағы бірінші басшы; 
- «أميرُ ألاي»  [,әмиру ,әләй] – полковник [7, 44 б.], яғни, полктің бірінші басшысы, т.б.
Араб тілінде «أمير» [,әмир] сөзінің «әмір, басшы» деген мағынасына қоса «бірінші, ең үлкен, ең мықты, бас, нағыз» деген мағынасы да бар. Мысалы, араб тіліндегі «أميرُ الشعراء» [,әмиру-ш-шу‘әрā,] тіркесі ерекше дарындылығын бүкіл араб әлемі мойындаған мысырлық ақын Ахмад Шауқиға берілген титул [10, 1101]. Ұлы ақынға берілген «أميرُ الشعراء» [,әмиру-ш-шу‘әрā,] титулының мағынасы «ақындардың ақыны, нағыз ақын, ең мықты ақын, бірінші ақын, бас ақын» дегенді білдіреді. Біріккен Араб Әмірліктерінде (Әбу Даби) 2007 жылдан бері бүкіл араб әлемі бойынша жылдың жүйрік ақынын анықтау мақсатында жыл сайын дәстүрлі «أميرُ الشعراء» [,әмиру-ш-шу‘әрā,]» атты байқау өтіп тұрады. Осы жарыста ақындар арасында жүйрік шығып, бірінші орын алған ақынға «أميرُ الشعراء» [,әмиру-ш-шу‘әрā,]», яғни жылдың «бас ақыны» атағы беріліп, арнайы жүлделермен марапатталады [11]. Демек, «بَيْبَرْس» [Байбарс] (Байбарыс) есімінің мағынасы «أمير فَهد» [,әмиру фәһд], яғни «барыстың барысы, нағыз барыс, алып барыс, ең мықты барыс, бірінші барыс» дегенді білдіреді. 
Қазақ тілінде «бай, бәй» сөзімен баста­латын біріккен сөздердің мағынасына мән берсек «бай, бәй» сөздері «ең бірінші, алғашқы, ең үлкен, ең биік, алып» деген мағыналарды беретінін байқаймыз. Мы­салы, Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «бәй­біше» сөзінің бірінші мағынасына «байырғы қазақ қоғамында көп әйел алған ер адамның жұбайылық мәртебесі жоғары бірінші әйелі» [12, 157], деп, екінші мағынасына «жасы үлкен егде тартқан, жұрт сыйлайтын қадірлі, беделді әйел» [12, 157] деп түсініктер берілген. «Бәйге» сөзінің бірінші мағынасына «Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан ат жарыстыратын дәстүрлі ұлттық спорт ойындарының бір түрі, ат шабысы» [12, 158], екінші мағынасына «еңбекте, өнерде, спортта жеңіскерлерді іріктейтін жарыс, сайыс» [12, 158], және бір мағынасына «жарыста озып шыққандарға берілетін жүлде, сыйлық» [12, 159] деп түсініктеме берілген. Мұнда «бәйге» сөзінің түпкі мағынасы бірінші келу және бірінші келгенге берілетін сый екені байқалады. Өйткені бәйгеге түскендер озып, бірінші болуды, бірінші келуді мақсат тұтады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «бәйтерек» сөзін «терек туысына тән ең биік ағаш» [13, 118] деп түсіндірген. Қазақ аңызында самұрық құстың бәйтерекке жұмыртқа салатыны белгілі. Сөздікте самұрық құсты «Ертегі, аңыздарда кездесетін ғажайып алып құс» [14, 632] деп түсіндірген. Алып құс алып терекке, яғни бәйтерекке ғана ұя салатыны қисынды. «Бәйтөбет» сөзін «сырттан, төбет ит» [14, 161] деп түсіндірген. Тегі жақсы, қырағы, алғыр итті немесе қасқырды сырттан [15, 556] десе, үлкен арлан итті және үлкен қора күзететін итті төбет [16, 324] дейді. Демек, қазақта жай итті емес төбеттің төбетін бәйтөбет дейді. «Бәйшешек» сөзін «қар кетісімен шығатын, қызғалдақ құртқашаштар тұқымдасына жататын тамыр түйнекті көктем гүлі» [14, 161] деп түсіндірген. Демек, бәйшешек қар кетісімен шығатын алғашқы гүл. «Бәйшөңгел» сөзіне «Он екі түлеген кексе бүркіт» [14, 162] деген түсінік берген, яғни бәйшөңгел жасы келген, үлкен бүркіт. Бұлардың қатарына «бәй» сөзімен басталатын бәйжігіт, бәйсеңгір, бәйсерке, бәйбесік, т.б. біріккен сөздерді қоса беруге болады. Келтірілген біріккен сөздердің соңғы компонентіндегі дауысты дыбыстар жіңішке дауыстылар болғандықтан, қазақ тілінің үндестік заңы бойынша, бірінші компоненті де жіңішке «бәй» нұсқасымен айтылған. Жоғарыдағы сөздердің кейбірінде бірінші компонент «бай» болып жуан айтылатын жағдайлары да бар. Мысалы, «байтерек» [17, 606], «байтөбет» [17, 606], т.б.  Алайда олар көп емес. Ал, «байсамырсын» сөзін «үлкен самырсын ағаш» [17, 157] деп түсіндірген. Бұл сөзге «бай» сөзімен басталатын байғасқа, байқадам, байғазы, байғара, байқоңыр, т.б. сөздерді тізбектеп қоса беруге болады. Бұл мысалдардағы біріккен сөздердің соңғы компоненттері жуан дауыстылар болғандықтан, үндестік заңы бойынша, бірінші компоненті де жуан «бай» нұсқасымен айтылған. Осы сөздердегі «бай» сөзінің орнына жіңішке «бәй» сөзі қолданылғаны кездеспейді. Демек «барыс» сөзінің құрамындағы дауыс­ты дыбыстар жуан болғандықтан, үндестік заңы бойынша, жуан әуезді «бай» сөзі қосылып, [байбарыс] болып айтылып, «Байбарыс» болып жазылады.
Қазақ тіліндегі «бай» сөзінің «дәс­түр­лі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік жік өкілі» [17, 574], «дәулеті тасыған, әл-ауқатты, табысты» [17, 574] деген мағыналары да бар. Алайда, мұндай мағыналы сөздердің жіңішке «бәй» варианты жоқ және кісі есімдерінің соңынан жалғанады, яғни, бірінші компоненті жуан дауыстылардан тұрса да, жіңішке дауыстылардан тұрса да үндестік заңына бағынбай «бай» күйінде жалғанады. Мысалы, Құнанбай, Кеңгірбай (Кеңгірбәй емес), т.б. Олай болса, сөз басында келетін «бай, бәй» сөздері «ең бірінші, алғашқы, ең үлкен, алып» деген мағыналарда, сөз соңынан жалғанатын «бай» сөзі «дәулетті, әл-ауқатты» деген мәнде болған. Енді, ғылыми айналымда, халық арасында кеңінен таралып кеткен «Бейбарыс» нұсқасының пайда болу себебіне тоқталайық. Араб сөйлеу тілінде көрші тұрған дыбыстардың жуан не жіңішкелігі біріне-бірі ықпал ету жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, жіңішке дауыссыз س [с] дыбысы жуан дауыссыз дыбыстардан бұрын келсе жуан ص [c̣] дыбысына айналады (кейінді ықпал). Мысалы, سُقْتُ [суқту] сөзіндегі жіңішке س [с] дыбысы жуан дауыссыз ق [қ] дыбысының әсерінен صُقْتُ [c̣уқту] болып жуан, سَاخِطٌ [сәхит̣ун] сөзіндегі жіңішке س [с] дыбысы жуан дауыссыз خ [х] дыбысының әсерінен صَاخِطٌ [c̣āхит̣ун] болып жуан дыбысталады [18, 211]. Жоғарыда айтылған ر [р] дыбысына тән ереже бойынша «بَيْبَرْس» сөзіндегі сукунді ر [р] дыбысы фатхалы дыбыстан кейін тұрғандықтан жуан дыбысталатыны белгілі. Осы жуан ر [р] дыбысының әсерінен (кейінді ықпал) ب [б] дыбысы да (үстіндегі фатха харакатымен қоса) жуан дыбысталып, «بَرْس» сөзі сөйлеу тілінде [бәрс] емес [барс] болып айтылады. Ал, «بَيْ» сөзіндегі ب [б] дыбысы, өзінен кейінгі ي [й] дыбысы жіңішке дауыссыз дыбыс болғандықтан, (үстіндегі фатха харакатымен қоса) [бәй] болып жіңішке дыбысталады. Демек, «بَيْبَرْس» сөзі араб сөйлеу тілінде [бәйбарс] болып дыбысталады. Ал, сұлтан билік жүргізген Мысыр мен Шам елдері диалектісінде жіңішке фатха [ә] харакаты [е] деп дыбысталады. Оған көптеп мысал келтіруге болады. Мысалы, Ливанның астанасы بَيْرُوتُ қаласы араб әдеби тілінде [бәйрут], жергілікті халық тілінде [бейрут] болып дыбысталады. Өзге тілдерге де халық тіліндегі дыбысталуы бойынша «Бейрут» атымен таралған. Үй мағынасындағы بَيْتٌ сөзі араб әдеби тілінде [бәйт], Мысыр, Шам диалектілерінде [бейт] болып дыбысталады. «بَيْبَرْس» есімі де осы қағида негізінде Мысыр, Шам диалектілерінде [бейбарс] болып дыбысталады. Демек, Сұлтан есімінің «Бейбарыс» нұсқасы Сұлтанның өзі билік жүргізген Мысыр, Шам елдеріндегі жергілікті араб халқының диалектісі негізінде пайда болған және өзге тілдерге осы дыбысталуы бойынша тараған деп толық айта аламыз. Ал, «Бейбарыс» нұсқасындағы «бей» компонентін парсы тілінен енген теріске шығару мәніндегі қосымша ретінде қарастыратындарға еш негіз жоқ. Олай десек, «Бейбарыс» есімі «барыс емес» деген мағына береді. Жауын сескендірген барыс тұлғалы батыр бабамыздың есіміне барыс тұлғалылығын теріске шығаратын мән беру дұрыс болмас.
Мақаланы аяқтай келе тұжырымдар болсақ, Сұлтанның азан шақырып қойған аты – Байбарыс. Мағынасы – «барыстың барысы, нағыз барыс, алып барыс, ең мықты барыс». Ғылыми айналымда кең тараған «Бейбарыс» нұсқасы Сұлтанның өзі билік жүргізген Мысыр, Шам елдеріндегі жергілікті араб халқының диалектісі негізінде пайда болған. Ал, «Бибарыс» нұсқасы араб тіліндегі ғылыми, әдеби еңбектерде харакаты дұрыс қойылмауы салдарынан айналымға енген қате нұсқасынан ауысқан түрі. Олай болса, «Бибарыс» нұсқасын мүлдем қолданыстан шығаруымыз тиіс. Әйгілі бабамызды өзге халықтың (яғни Мысыр, Шам елдеріндегі жергілікті араб халқының) дыбыстауымен «Бейбарыс» демей, дүние есігін ашқан кезде әке-шешесі «жауын сескендіретін нағыз барыс болсын, алып барыс болсын, барыстың барысы болсын» деп ырымдап қойған қыпшақ (қазіргі қазақ) тіліндегі өз атымен «Байбарыс» деп атағанымыз жөн. «Байбарысты» Бейбарыс не Бибарыс деу «Бәйтеректі» Бейтерек не Битерек дегенмен бірдей. Болашақта латынға көшіп, кирилл әліпбиінде жазылған еңбектерді латын әрпіне қайта көшіру жұмыстары кезінде, Сұлтан есімін «Байбарыс» деп жазып, бастапқы қалпына келтіруіміз керек. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қыпшақ-араб сөздігінің қолжазбасы. Мысыр мәмлүктері елі. – 1245 ж.
2  أبو عمرو عثمان بن سعيد الداني. التحديد في الإتقان والتجويد. تحقيق غانم قدوري الحمد. -  عمان: دار عمار، 1999. – 201 ص.
3  عبد الصبور شاهن. علم الأصوات. – القاهرة: مكتبة الشباب، 1986. – 323ص
4 Сәки Қ. Бейбарыс па, Байбарыс па, Бибарыс па? // Сұлтан Бейбарыс. Жинақ. / Құраст. Ғ.Әнес, С.Бекбосынов. Толықтырылған, екінші басылымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 344 б.
5 Ein turkisch-arabisches Glossar. Nach der Leidener Handschrift. Herausgegeben und erlautert von M.Hautsma. Leiden, Brill, 1894.
6 Курышжанов А.К. Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХІІІ в. «Тюркского-арабского словаря». – Алма-ата: «Наука», 1970. – 235 стр.
7 Баранов Х.К. Арабско-руский словарь: - 6-е изд. -  М.: Рус.яз., 1984. – 944 стр.
8 المنجد الأبجدي. دار المشرق. بيروت – لبنان. – 1998 م. – 1174 ص.
9 معجم اللغة العربية المعاصرة / أحمد مختار عمر بمساعدة فريق العمل. العربعة المجلدات. المجلد 1.  ط1. – القاهرة: عالم الكتب، 2008 م. – 833 ص
10 الموسوعة العربية الميسرة. بإشراف محمد شفيق غربال. المجلد الثاني. دار الجيل. – 1995. – 2000 ص
11.https://ar.wikipedia.org/wiki/أمير الشعراء
12 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 3-том / құраст. Б.Сүйерқұлов, С.Жа­па­қов, Т.Жанұзақов және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. 3-том. – Б-Б. – 744 б.
13 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.
14 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 12-том / құраст. А.Үдербаев, О. Нақысбеков, Ж.Қоңыратбаева және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013. – О-С. – 752 б.
15 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 13-том / құраст. М.Малбақов, Қ.Есенова, Б.Хинаят және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013. – С-Т. – 752 б.
16 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 14-том / құраст. А.Фазылжанова, Н.Оңғарбаев, Қ.Ғабитханұлы және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013. – Т-Ұ. – 800 б.
17 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 2-том / құраст. Ғ.Қалиев, С.Бизақов, О.Нақысбеков және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. 2-том. – А-Б. – 744 б.
18 غانم قدوري الحمد. المدخل إلى علم أصوات العربية. – عمان: دار عمار، 2004م. – 327ص. 

 

749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз