• Келелі кеңес
  • 01 Тамыз, 2016

Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы

Маржан СӘБЕТ,
журналист

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс отаршылдық езгіге қарсы бағытталды. Сол себептен де, бүкіл Қазақстан аумағын қамтып, ұлттық мемлекетті сақтау үшін талпынған ең ірі көтеріліс ретінде төл тарихымызда сақталды. Ұлт-азаттық көтерілісінің барысын зерттеуде бірнеше буын ауысып, тарихнамалық және деректанушылық дәстүрлері қалыптасты. Алайда, ғылым дамуының міндеттері 1916 жылғы көтерілістің әлі де мұрағат қорларында айналымға енбеген деректерін көпшілік назарына ұсыну жолында зерттеуді жалғастыру қажеттілігін қойып отыр. Міне, осыған орай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен  келелі кеңес өткен болатын. Келелі кеңес  жұмысына еліміздің іргелі ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері қатысты. Назарларыңызға сол конференцияда айтылған негізгі деген ойларды ықшамдап, ұсынып отырмыз.

Хангелді ӘбжановХанкелді ӘБ­ЖА­НОВ, Ш. Ш. Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этнология инс­ти­ту­тының директоры, ҚР ҰҒА корреспон­дент мүшесі, т.ғ.д., про­фессор: – Алаш қай­­раткерлері 1916 жылғы көтерілісті қолдамады. ХХ ғасырдың соңында академик Қозыбаев бұл көтерілісті «революция» деп бағалады. Міне, бізде пікір алуандығы қандай? Революция дегеннен бастап, жаңаша көзқарастар пайда болды. Қалай  болғанда да бұл көзқарас біздің тарихымыздың сүбелі, жарқын беті болып қалуы керек. Өйткені, біздің халық 1916 жылы өзінің азаттық сүйгіш көзқарасын біл­дірді. 1916 жылы Ресей империясының іргесін шайқап, өзінің оянғанын көрсетті. Алаш қайраткерлері «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған болатын. Сол ұран, сол идеяның жүзеге асқанын, 1916 жылғы көтеріліс толық дәлелдеді. Бұл көтеріліс 1986 жылы да көрініс тауып, желтоқсандағы көтеріліс Кеңес Одағының іргесін шайқалтты. Екі көтеріліс екі империяны ыдыратып тынды. Сөйтіп, біз адамзат тарихындағы үлкен өзгерістердің басы-қасында тұр­дық десек, еш қателеспейміз. Мұндай көте­ріліске, мұндай серпіліске қарапайым ха­лық, мұрағатшылар үлкен түсіністікпен қарағанмен, жоғары биліктегі адамдар әлі де түсінбеген сияқты. Егер, ол жақтан мақұлдау болғанда, бұл көтеріліске байланысты ресми шешім шығып, қаражат бөлініп, бұдан да іргелі, көлемді шаруалар қолға алынар еді. Өкінішке орай, олай болмай тұр. Алайда, біз парызымызды, міндетімізді атқара береміз. Ұлт-азаттық көтеріліс біздің зиялы қауым өкілдерінің наза­рынан бір сәт тыс қалмады. М. Әуе­зов «Қилы заманды», Т. Рысқұлов пен С.Ас­пендияров монографияларын жазды. Ал, қазақтың тұңғыш «Амангелді» көркем филь­мі осы оқиғаға арналды. Демек, мұның маңызын, орнын, миссиясын аға буын өте жақсы түсінді. Соған біз лайық болдық па, болмадық па оны уақыт көрсетеді. 
Мамай АхетМамай АХЕТ, Ал­маты қаласы Тіл­­дер­ді дамыту басқар­масының басшысы: – Кедер болды, кедергі неден болды дейтіні бар. Сол сияқты 1916 жылғы көтеріліс неден басталды? Бұл мәселе бүгінгі таңда аса өзек­ті болып отыр. 100 жылдың ішінде біз қандай күндерді басымыздан өткердік дегенге ой жібере отырып, енді, алдағы 100 жылдың ішінде бізде қандай жағдай болуы мүмкін деген мәселеге шолу жасауымызға болады. «Маусым жарлығы» шыққан кезде біздің саяси элитамыздың жойылмай тұрған кезі болатын. Кейіннен білесіздер, саяси қуғын-сүргін кезінде элитамыз сол күйімен жойылды. Содан кейін барып, екінші буын болып келген шығармашылық элитаға (Әуезовтар, Сәтпаевтар) қазақ деген халықтың тағдыры байланысты болды. Ал, ХХ ғасырдың басындағы «маусым жарлығы» ұлттың ішкі наразылығының күшейіп тұрған кезінде шығуы, көтеріліске себеп болған сияқты көрінеді. Тұтастай бір көшпелі өркениеттен басқа бір екінші өркениетке қарай ауысайын деп тұрған кезде халықтың ішкі наразылығы, көңілінің толмауы, сол кездегі саяси жүйенің аяғы осы оқиғаға әкеліп соқтырды деп ойлаймын. Сондықтан, мемлекеттік деңгейде бұл шараға көңіл бөлінді. Қала әкімдігінің Іш­кі саясат басқармасы арнайы осы шараны өткізуге мұрындық болып отыр. Менің ойым­ша, жиынның деңгейі адамдардың аз болуына емес, оның ішінде кім сөйлейді, не әңгіме айтады және қатысатын ғалымдардың біліктілігіне байланыс­ты. Дәл осындай ша­раның өздеріңіздің қатысуларыңызбен өтуі,  жиынның деңгейін еселей түсері анық.
СветланаСветлана СМА­ҒҰ­ЛОВА, Ш. Ш. Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этнология институты директорының орын­басары, т.ғ.д.: – Биыл 1916 жылғы ұлт-азат­­­тық көтеріліске –100 жыл толып отыр. Осыған байланысты көптеген іс-шаралар өткізілді. Әлі де өткізіледі деген ойдамыз. Көбіне ұлт-азаттық көтеріліске байланысты, қай жерлерде болды деген мәселеге көп тоқталамыз да, Батыс өңірінде, яғни, Украина, Белоруссия, Латвия, Эстония жерлерінде қара жұмысқа қатысқан қа­зақ жұмысшыларының жағдайын айта бермейміз. Сіздер білесіздер, 25 маусымдағы жарлық бойынша Қазақстан мен Орта Азия­дан алынатын 400 мың адам болса, соның 240 мыңы қазақтар. Сол жарлықтан кейін барлық жерлерде тізім жасала бастады. Бұл тізімнің кейбіреулері үлкен қарсылыққа тап болса, кейбір болыстықтарда осы тізімді жасауға қолдау көрсетушілер де болған. Ал, қара жұмысқа алынғандардың өздері кетер кездерінде талаптарын айтқан. Бұл талаптың бірі, қара жұмысқа баратындар 1916 жылы 27 шілдеде Түркістан өлкесіндегі Черняев уезінде үлкен жиылыс өткізіп, осы жиылыста 25 талап қойған екен. Ол талапта: «Біріншіден, бізді барған кезде қыстық киіммен қамтамасыз етсін. Екіншіден, сол жерді білетін жолсерік тағайындалып берсін. Үшіншіден, барған жұмыскерлерді жан-жаққа шашыратпай, бір топ қылып орналастырып, тиісті жағдайдың бәрін жасасын. Төртіншіден, біз барған жерімізде мұсылман халқы болғандықтан, өзіміздің дінімізді, ділімізді ұстаймыз, соған байланысты бір діннің ісін білетін имамдар тағайындалып, сол жерге жіберілсін. Ең бастысы, бесіншіден орыс тілінде жақсы білетін, бізді түсінетін адамды жұмысқа бірге жіберіп, біздің қасымызда жүріп бағыт-бағдар беріп, біздің жағдайымызды патша үкіметіне жеткізіп тұрса», – деп өздерінің талаптарын қояды. Бұл талаптың ішінде, тағы да айта кететіні, жұмысшылар барып, ол жерге орналасқаннан кейін, отбасымызбен хабарласуымыз керек дейді. Осы жағдайда оларға барлық мүмкіншіліктер жасалып, пошта ақылы емес, тегін болса деген талаптарын айтады. Әрине, бұл талаптардың бірі орындалды да, екіншісі көп жағдайларда орындала қойған жоқ. Біздің ұлт зиялыларымыз да екіге бөлінді. Бірі қантөгіске қарсы шығып, бостан-босқа қырылып қал­мауды ойлады. Бұл Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардың көзқарасы. Екіншісі, кейіннен мемлекеттік құры­лымда жұмыс істеген Сейітқали Мең­дешев, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтар (ол кезде жас болатын) керісінше көтеріліске шығып, патшаға қарсы тұру керек деген пікір ұстанды. Қазақ зиялылары жұмысшыларға қандай жағдай жасады? Мысалы, Ә. Бөкей­ханов бастаған топ, 1916 жылы 7 тамызда Орынборда үлкен жиналыс өткізген. Осы жиналыста Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу облыстарының жұмысшыларынан өкіл­дер сайлап алып, сол жерде патша үкі­метіне өздерінің басты-басты талаптарын қояды. Бұндағы ең үлкен басты талап – барған қазақтарды отыз-отызға бөліп, артель құрып, сол арқылы тізімге алып, не бір мекемеге тіркеп, ақы берсе деген болатын.  Яғни, істеген қара жұ­мыстарына ақы төленсе дегенді меңзеді. Одан барғаннан кейін қазақтарға діни мейрамдар мен өздерінің өткізетін іс-шараларына тыйым салынбаса деген талап қояды. Келесі бір талабы жұ­мысшыларға лайықтап киім беру, әсіресе қыста суық түсуіне байланысты киіммен қамтамасыз етуін міндеттеді. Міне, осындай өздерінің басты талаптарын жоғары жаққа жібереді. Біздің қазақтар ол жаққа барғаннан кейін көбі ағаш шеберлері болған, ұсталар болған. Олар көпірлер, жолдар және барактар салумен айналыс­ты. Ең басты, негізгі істеген жұмыстары – окоп қазу болды. Алғашқы күннің өзінде 7 қыркүйекте мың адам Минскінің түбінде жол қатынасын салуға жіберілген. Сол сияқты көп мәліметтер бар. Бірақ, тылға жі­бе­рілгендердің мәліметі толық емес. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1916 жылдың қазан-қараша айларында Батыс өңірде Сол­түстік майданға – 18 мың қазақ, Батыс майданға да – 18 мың қазақ, ал, Оңтүстік-Батыс майданға – 9 мың қазақты жіберген екен. Олардың әрқайсысын топ-топқа, яғни, партияға бөліп (ол жерде топты партия деп атаған), орналастырған екен. Мұнда, әрине, қиыншылықтар болды. Себебі, бұрын жол жүріп көрмеген жұмысшылар жолдың жүру азабына тап болды, онда жұқпалы аурулар тарады. Көбінің кетіп бара жатқан жолда қаза табуына байланысты, жолдың жиегіне жерленулеріне тура келді. Тізім жасалғанда көптеген әділетсіздіктерге жол берілді. Мысалы, жарлық бойынша 19 бен 43 жас арасы деп көрсетілгенмен, 16 мен 50 жас арасындағы ер адамдар қара жұмысқа алынып жатты. Тіпті, аурушаң, керең, мылқау, бір жақ көзі көрмейтін, жұмысқа жарамсыз адамдардың майданға алынуы қиыншылық тудырды. Осы туралы Әлихан Бөкейханов баяндама жасаған болатын. Жұмысшылар ол жақта үш түрлі жерде орналасты. Біріншісі, белуардан қазған топырақтың үстін тепелеп жапқан үйде 100-200-ге жуық адам тұрды. Екіншісі, бұл арнайы салынған барактар, үшіншісі, палаткалар. Осы палаткаларда тұрғандардың арасында киімдерінің кептірілмеуінен суық тиіп ауыруы, өкпе қабынуы, жұқпалы ау­руларға шалдығуы жиі кездесті. Бас­тапқы кезде ақы төленгенімен, кейіннен соғыстың үдеп кетуіне байланысты ақылары да берілмей, үйлерінен әкелген тамақтары да бітіп, киімдерінің тозуына байланысты жағдайларының ауырлап кету фактілері де кездесті. Әлихан Бөкейханов, Мырзағазы Есболов бастаған көптеген зиялылар 1916 жылы, егер қателеспесем, 23 желтоқсанынан 1917 жылдың 12 қаңтары аралығында бүкіл Батыс өңірі, Минскінің түбіндегі 9 корпустағы қазақтардың топтарын аралаған екен. Жағдайларының қандай болғанын көзімен көріп, Мәскеуге барып, сол жерде үлкен баяндама жасаған. Қазақ жұмысшыларының жағдайларын жеңілдетуді, демалысқа жібертуді, ақысын төлеуді,  майдангерлердің барлығына бір­дей қылып жағдайларын жасап беруін өтінген. Кейіннен осы ұсыныс «Қазақ» газетінде 1917 жылдың 20 қаңтарында «Жұ­мыс­шылар жайында» деген тақырыпта жарияланған.  Соның нәтижесінде, қазір­гі біздің қолымыздағы бар дүние осы «Қазақ» газеті арқылы белгілі болып отыр. Жұмысшылардың жағдайы туралы деректер Белоруссия мемлекеттік архивінде, Украинаның Киевтегі архивінде, Латвияда, Эстонияда қорлары өте көп екен. Осындай дүниелерді терең зерттеп, тарихымызға енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді. 
Ханкелді ӘБЖАНОВ: – Қарсылар және жақтастар деп отырсыздар, меніңше, біздің зиялы қауым бұдан көп болды. Қарсылар да болды, жақтастар да болды, бейтараптар да болды. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқысаңыздар, 1916 жылы Сәкен бейтарап позицияда болғанын білесіздер. Сонымен қатар, Жебірбайлар да болды. М. Әуезовтың «Қилы заманында» Жебірбаев деген кейіпкер бар. Бұлар ішті, жеді, халықты тонады. Олар да өз алдына бір қауым. Сосын, зардап шеккендер болды. Кем дегенде бес топ тұр. Ал, енді, қарсылар, жақтастар деп қысқа қайырсақ, біз мәселені тым қарабайыр етіп жіберетін тәріздіміз. Демек, көтеріліске қатысушылардың жіктелуін, көтеріліске байланысты қоғамдық-саяси позицияны әлі анықтай беруіміз керек. 
Болатбек НәсеновБолатбек НӘСЕ­НОВ, т.ғ.д., профессор: – Менің тарих саласымен шұғылданып жүргеніме 20 жыл болды. 10 жыл өмірімді ар­хивтерге арнадым. Со­­ның ішінде, 4 жылым осы Алматының архивінде өтті. Мен сіздерге айтайын, талай архивтермен салыстырғанда, біздің Алматының архиві ең бай архивтердің бірі. Осы архивке мың ғалымды мың күнге отырғызып қойсаңыз, тауыса алмайды. Мен 1916 жылға қатысты көп материалдарды осы архивтен тауып алдым. 1990 жылы, 2002 жылы, былтыр, алдыңғы жылы тағы отырып, бірнеше материал таптым. Сонда, менің көзім жеткені, 1916 жылы қазақ даласында 940-қа тарта болыс болыпты. Менде тізімі бар, мына кітаптың ішінде тұр. Сол 940-қа тарта болыстың ішінен 800-ге жуық болыстың адамдары бармаймыз деген. Шамасы сол 150-ге тарта болыс барамыз деген. Бұлар орыстар, белорустар, башқұрттар, татарлар тұрған жерде қазақтар аз болғанда, сол қазақтарды үгіттеп, көндірсе керек. Жалпы, сол заманда негізгі 4 түрлі ұсыныс болыпты. Ақсақалдар ұйымы болған. Ақ­сақалдар ұйымы 4-5 болыс бірігіп, өзара келісіп, қанша мыңдаған адамды жинап, дауыспенен «бармаймыз» деп шешкен. Ешкімнен, ештеңеден қорықпаған. Оларды Уезд бас­тықтары қорқытқан, қарсы шыққан болыстарды, билерді өлтірген. Сондағы бірінші ұсыныс, көпшіліктің «бармаймыз» деген ұсынысы. Екіншісі, ол Семей, Ақмола, Қос­танай жақтан шыққан. Онда былай деген «біразы барсын, бірақ, 80%-ы мал берейік, ақша берейік біз осылай көмектесейік» деген. Үшіншісі, Алаштың «барыңдар» деген ұсынысы. Төртінші ұсыныс, мен оны Алматының архивінен таптым, Абайдың ұлы Тұрағұл бастаған он шақты адам Им­ператорға хат жазыпты. Сонда: «Сен қалай тырыссаң да, қазақтар бармайды. Көтеріліс бірінің артынан бірі бұрқылдап шыға береді. Оның бір-ақ жолы бар, ол қазақтарды казак отрядтарына қосыңдар, ішкі тәртіпке кіргізіңдер. Қазір сендердің казактарың жауыздан артық. Ана жерде шауып тастап, мына жерде қырғынға ұшыратып жатыр. Оның орнына біздің қазақтарды казактармен бірге жүргізіңдер», – деп жазыпты. Міне, осындай төрт ұсыныс болған екен. Мен архивтен тағы мынадай істерді таптым. Фонд №1, офис №1, іс №1468 «Дело о беспорядка среди казахов Кустанайского Уезда», бұл Амангелдіден басқасы. Екіншісі де осы Қостанай жөнінде фонд №370, тізім №1, іс №357 мұнда Қарабалық, Меңдіқара, Бестөбе, Домбыр, Кіндікбай, Сымақ,  Аққорған т. б. болыстардағы көте­рілістер. Осы жерде Қарабалықта болысты өлтірген, оның тілшісін, аудармашысын, одан кейін жанындағы көмекшілерінің бәрін сабаған, 120-дай адам тұтқынға алын­ған. Қапал уезінде орыс казактары қатты бассыздық жасаған. Тіпті, көтерілісте қаты­сы бар ма, жоқ па онда жұмысы жоқ аясыз жаза­лап отырған. Тау арасында жүрген қой­шыларды, малшыларды ешқандай жа­зы­ғы жоқ  болса да сол жерде шауып өл­тіріп кеткен. Көте­рілістердің ең ірілері Ақ­мола, сосын, мына, Қар­қаралыда болды. Қарқаралыда 638 адам бірігіп, бірнеше болыстың адамдары қол қойып, патшаға петиция жібереді. Ол петиция ең алдымен губернатордың алдына түскен. Губернатор патшаға жіберіп: «Бұл ақсақалдардың сұраған сұрауын қа­на­ғаттандырмауыңызды сұраймын» деп жазыпты. Мен айтайын дегенім, Маңғыстау өңірінде Ақтаудың өз қасында көтеріліс болған. Ол кезде сырт Каспий округі деп атайды екен. Оған Ташкент, Бижанов, Бұқара, Сырдария, Әулиеата кіреді. Осылардың барлығын келтіріпті, мұнда да қатты көтеріліс, қырғын болады. Бүкіл қазақ даласы көтерілген. Бір болыста 500 отбасы болды десек, 500 отбасыда ең аз дегенде 3000 адам бар. Сол 3000 адамнан кем дегенде 300-500 адам көтерілісті бастады. Соны есептеңіз, 9640-тай болыс болса, 500-ден аса адам көтеріске шыққан. Бұл үлкен отряд, бұл  үлкен армия, мұнымен ойнауға болмайды. Біз 1937-1941жылдары болған қырғынға, ашаршылыққа көңіл бөлеміз, ал, енді, мына, ұлт-азаттық көтері­лісіне оншалықты мән бермейміз. Бұл сой­қан­ды қазақ баласының басына келген жоңғарлардан кейінгі үлкен қырғын деп бағалаймын. Қанша адам өлгенін білмейміз. Менің мөлшерлеуімше, әрбір болыстан ең аз дегенде 40-50 адам өлген. Сонда тағы есептеңіз, 900 болыстан 50-60 мыңдай, 100 мыңдай қазақ қырылған. Сіздер өте үлкен бастама көтеріп отырсыздар. Бұл әр жерде, әрбір институтта, әрбір ауылда өтуі керек. Сол ауылдың аталары қатысқан. Менде, міне, кімнің әкелері, аталары сол көтеріліске қатысқаны жазылған тізім бар. Әр болыстан, ең аз дегенде, он шақты адамды тауып отырмын. Міне, осындай мәселелерге қозғау салғанымыз дұрыс па деп ойлаймын. Өз басым бұл көтерілісті нағыз көтеріліс деп есептеймін. Бұған өте ерекше мән беруіміз керек. 
Бейбіт ҚойшыбайБейбіт ҚОЙ­ШЫ­БАЙ, т.ғ.к., жазушы: – Қазақтың ұлт-азаттық қоз­­ғалысы туралы жақ­сы әңгімелер айтылып жатыр. Шынында да, бұл өзі 25 маусымдағы пат­шаның пәрменінен басталды ғой. Империяның біздің халыққа тигізген залалы көп. Қазақты отарлауы, жерін тартып алуы, жалпы езгісі осының бәрі жиналып келіп, жарлық соңғы қамшысы болды. Одан кейін халық әр жерде көтерілді. Бірақ, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісі іс жүзінде жеңіске жеткен жоқ. Бәріміз білеміз, оны мойындаймыз. Өйткені, патша үкіметі кәдімгі үлкен қатыгездікпен басып тастады. Бәрібір қазақтың ұлт-азаттық көтері­лісі, Азиядағы Түркістан өңіріндегі барлық көтерілістермен бірге келіп, патша үкіме­тін есеңгірете соққы берген көтеріліс болды. Оның арты, одан кейін неге ұласқанын білеміз. Сондықтан да, бұл зерт­телуге тиіс. Біздегі материалдық базаның жетіс­пейтіндігі, оның жинақ­талмағаны оның бәрі рас. Соның бірі, осы көтерілістің Думада қаралуы ғой деп ойлаймын. Мынадай бір қызық нәрсе бар. IV мемлекеттік Дума өзінің 4-ші сессиясын 1916 жылдың 20 маусымында аяқтады. Дума ол кезде жұмыс істеген жоқ, тоқтады. Жазғы каникулға кетті. Ал, жарлық 25 мамырда, 5 күннен кейін шық­ты. Патша атынан шықты, содан кейін үкімет жер-жерге телеграммасын жібер­ді. Әрине, қар­сылық тудырды, көте­ріліс болды. Сол­түстік өңірлердегі қазақ жер­лерінің барлы­ғында көтерілістер өршіп жатты. Осы көтері­­лістердің ошақтары туралы, қанды оқиғалар туралы деректер сол кездегі астана Петроградқа жетіп жатты. Дума жұмыс істемейді, бірақ, коми­теттері бар. Ол кезде мұсылман коми­теті, бюро жұмыс істейтін. Бір жолы осы біздің Ферғананың әскери комис­сары­ның баяндамасында бар. Көтері­лістерді басуға барлық  жаққа жазалаушы жасақтар аттандырылды. Олардың қанды сойқандары жайындағы хабарлар түрлі жолмен империя астанасына да жетіп жатты. Ферғана әскери губернаторы Иванов 1916 жылғы желтоқ­санда облыстағы тәртіпсіздіктер жөнінде жоғарыға жолдаған баяндамасында өлкеде жаңа әдістемемен оқытатын мектептер жүйесін құруға атсалысып жүрген зиялыларды «нео-туземдіктер» деп атап, сондай  «нео-туземдіктердің бірі, ташкенттік сарт Убайдулла Асадулла Ходжаев» жайында жазған. Губернатордың түрлі тергеу тәсілдерімен анықтаған деректеріне қара­ғанда, ол «Петроградқа барып, думалық топтарға жол тапты да, мұсылман фракциясы алдында Түркістандағы оқи­ғаларды бір­жақты бұрмалап баяндап берді. Ходжаев өлкеге депутаттармен – мұсылман фракция­сындағы Тевкелевпен және трудовик Керенскиймен оралды». Іс жүзінде «ташкенттік сарт Убай­­дулла Асадулла Ходжаев» ол кезде ад­во­кат әрі жәдидтік сипаттағы ұлт қоз­ғалысын қолдайтын өзбек газетінің редакторы, эсерлермен тығыз байланыс жасап, мұсылман халықтары арасында рево­люция­лық жұмыс жүргізіп жүр­­­­­­­ген  қайраткер болатын. Ол Петроградта мұ­­сыл­ман коми­тетіндегі өзінің пікірлесі әрі үзеңгілесі Мұстафа Шоқаевпен  бірге IV Мем­­ле­кеттік дума мүшелерін аралайды. Ду­ма деле­гациясының басшылығына дума­лық оппо­зиция лидерлерінің бірі, «еңбек­шілдер» («трудовиктер») тобының сер­кесі Александр Федорович Керенский мен Думаның төрт шақырылымында да депутат болып сайланған қарт қайраткер,  мұсыл­мандар фрак­циясының төрағасы Құтлы-Мұхаммед Батыргерейұлы Тевкелев енді. Делегация құ­рамында Дума мұсфрак­ция­сының мү­шесі, болашақ Әзір­­­байжан демо­кратия­лық республика­ның сыртқы істер министрі және ӘДР парламенті бас­шы­ларының бі­рі, мұсыл­ман қозғалысы қай­раткері Мә­мед-Юсиф Ғаджибабаоғлы Жа­фаров та бар-тын, бі­рақ, сол шақта Кавказда бой көрсеткен оқиғаларға байланысты, ол Түркістан өлке­сіне бара алмай қалды. Делегацияға тілмәштық әрі көмек­шілік жасау мақса­тымен фрак­ция бюро­сындағы жас қайраткерлер Шәкір Мұха­медияров пен Мұстафа Шоқаев ілесті. Деле­гация өлкені  тамыздың ортасынан қыр­күйек­тің басына дейін аралап, Жизақ, Әндижан, Самарқан, Қоқанда болды. Көтеріліс өрті  алғаш 4 шілдеде Ходжентте тұтанып, одан Ташкентте, Марғилан, Наманган,  Әндижанда, әсі­ресе, 11 шілдеде Жизақта лаулаған. Жазалаушы әскери экспедиция көтеріліс­шілерді 21 шілдеде бар­лық ошақтарда тас-талқан етіп, бүлікке кінәлі деп тапқан жұртты қырғынға ұшы­ратқан. Алайда, патша жарлығына қарсылық оты Түркістан және Дала генерал-губер­наторлықтары аймақта­рының түкпір-түк­пірін түгел шарпыған болатын. Делегация өлкеде көптеген адамдармен кездесті. Әндижанда  шілденің басында ғана «Түр­кістан үні» газеті ашылған-тын. Оның құрылтайшысы және редакторы Әндижан соғыс-өнеркәсіп комитетінің мүшесі Анастасий Чайкин еді, газетте оның туған інісі, социал-революциялық партия мүшесі ретінде қуғын көріп, Якутияға жер ауда­рылған, одан Астраханға, ақыры ағасы тұратын Әндижанға келген эсер Вадим Чайкин істейтін. Солармен тығыз қарым-қатынастағы әндижандық мұғалім, ағар­тушы, болашақ Түркістан (Қоқан) авто­­номиясы Ұлттық Кеңесінің хатшысы, Ке­ңестік Түркістанның жер мекемесі қызметкері, шығыстанушы-ғалым, зерттеу­ші  Қоңырқожа Қожықов әскери экспе­дицияның халықты қалай қырғынға ұшы­ратқанын дәйектейтін көптеген дерек жинаған. Сол материалдарды байырғы партияласы Чайкинге Мұста­фамен бірге қонаққа келген Керенскийге тапсырады. Делегация Петроградқа оралған соң, қыр­күйектің 10-шы жұлдызында, Керенский сапарларының нәтижесін депутат­тар­дың жеке жиналысына хабар­лаған болатын. Сол шамада қоғам қайраткерлері Бақытжан Қаратаев пен Жиһанша Сейдалин дала көшпенділерінің 25 маусым пәрменіне қар­сы ереуілдеуінің себеп-салдарларын баян еткен «Қазақтар туралы естелік жазбасын» Думаға және үкіметке тапсырған. Думаның бесінші сессиясы жұмысын 1916 жылғы 1 қарашада бастады. Айдың аяғына қарай мәселе Думаның соғыс комиссиясында тал­қыланды. Желтоқсанның басында Дума­ның қарауына депутаттық топтар тараптарынан үкіметке жолдануға тиіс үш сұрау салу мәтіні түсірілді. Ақыры, қойылған мәселе 13-ші және 15-ші желтоқсанда Думаның жабық өткізілген отырыстарында қаралды. Ал­ғашқы баяндаманы Керенский жасады. Сөзін: «Біз бүгін талқылауға тиіс оқиғалар бұдан едәуір көп уақыт бұрын өтті, бірақ, олардың салдарлары әлі сезіліп тұр, олардың салдарлары тек Түркістан мен Дала облыстарының ғана емес, бүкіл Россияның өмірінде әлі көп уақытқа дейін сезіліп тұратын болады», – деп бастады. Сосын «алыс Азиядағы өзге тектілерге қатысты біздің мемлеке­тіміздің саясаты» қилы көз­қарастағы депутаттардың алауыздығын ұмыттыра­тынына сенім білдірді де, оқиға­дағы оғаштықтарды көрсететін жағ­дай­ларды құжаттарға негіздеп, сөзін сабақтай берді. Баяндама­шының көзі мына­ған анық жетті: экономикалық күй­зеліс, тыныш өмірдің бұзылуы орыстар жағынан да, ту­земдік халықтан да құрбандардың көбе­юімен астасып жатты. «Бірнеше мың орыс тұрғындары және көптеген ондаған мың туземдік қаза тапты. Осы масқара тра­гедиялық оқиғалардың себептерін ашу, оны болдырған айыпкерді табу, Түркіс­тандағы оқиғаларды туғызған тамырларды анықтап, олардың болашақта қайта­лануының алдын алу, – міне, менің алдыма қойып отырған мақсатым», – деді ол. – Ондаған мың жазықсыз өлтірілген адам қаны мойнында тұрған қылмыскер­лердің жазасын беруден басқа, біз Түркістанды және басқа да шет аймақтары­мызды басқарудың жаңа түрлерін енгізуді шұғыл түрде талап етіп, орындау кезегіне қоюға тиіспіз». Екінші баяндаманы Мәмед-Юсиф Жафаров жасады. Ол, жо­ғарыда айтқанымыздай, Түркіс­танға бара алмады, бірақ, шамасы, Тевке­левтің өтініші болар, Дума мәжілісінде фракция атынан сөйлеуді міндетіне алды. Түркістандағы жағдайға ол бұрын да алаңдаулы еді, Түркістан генерал-губер­наторы міндетін уақытша атқарып жүрген генерал Мартсон  орталықта штабта істеуге шақыртып алын­ғанда, оның орнында уақытша бас­қарушы болып генерал Ерофеев қалған. Міне сол билеуші 1916 жылғы 21 маусымда, әйгілі 25 маусым пәрменінен бар болғаны төрт күн бұрын, бұратаналар патша офи­церлері мен әкімдерін көргенде тізе бүгіп, иіліп, тағзым етуге міндетті деген,  жер­гілікті халықты кемсітіп, тұқырта түсе­тін бұйрық жариялайды. Жафаров «адам абыройын қорлайтын» осы бұйрық арқылы «орыс өкіметінің беделін көтергісі келген» билеушінің іс жүзінде «сол беделді батпаққа батырғанын» ащы сынға алған болатын. Ол Думаның 5-ші сессиясы ашыл­ғаннан кейін, 27 қарашада, орыс өкіметінің Түркістан мен Қазақ өлкелерінде көтеріліс ошақтарын басу кезінде жасаған қырғындары жайында өткір сөз сөйледі, мәселенің юристік жағын үкіметке жолданбақ сұрау салу мәтінінде тиянақтауға атсалысты. Сосын, осы жабық отырысқа әзірленді. Оған қажет материалдарды жинастыруға және жасамақ баяндамасын жүйелеуге фрак­ция бюросының мүшесі Мұстафа Шоқаев жәрдемдесті (Ол Керенскийдің көме­гімен тиісті рұқсат алып, үзеңгілесі Зә­ки Валидов екеуі майдан құрылыс­тарына алынған жұмысшылар жағдайы­мен танысып қайтқан болатын).
Сонымен, Керенскийден кейін Дума мінберіне көтерілген Жафаров мұсылман фракциясы атынан сөйлеп, осы оқиғаларға деген көзқарасын және оларды туғызған себептер мен жағдайларды атамақ ниетін аян етті. Араға бір күн салып, 15 желтоқсан күнгі жабық мәжілісте жарыссөз болды. ІV Мемдуманың Ригадан сайланған мүшесі князь Серафим Мансырев өлкені Ресейге қосып алғаннан отыз жыл өткен соң, сонда барып үш жыл жұмыс істегенін айтты. Сонда көзіне түскен екі жәйтті әңгімеледі. Бірі – Түркістанда ежелден бар ирригациялық құрылыстардың қолданыстан шығып, су арналарының қаңсып қалғаны, екіншісі – орыс төресі келе жатқанда, алдында дірілдеп тұрулары үшін, базардағы саудагерлерді де, сатып алушыларды да шыбыртқымен сабау әдеті екен. Щедриннің «Ташкенттік мырзалар» атты шығармасын еске салып, шет аймақтарға «орыс мәде­ниетін зорлықпен орнықтырып жат­қан» сондай мырзалардың пара­қор­лықты дамытқанын әшкере­леді. Жер­гілікті әкімшіліктегі мырза­лардың озбырлықтары түбегейлі өзгертілмейінше, осындай және бұдан да ауыр оқиғалардың бола беруі ықтимал екенін ескертті.  Полтава губерниясынан сайланған депутат граф Дмитрий Капнист 2-шi   Керенский суреттеген жайлардың жетіспей тұрған жағын, атап айтқанда, «туземдіктердің орыс тұрғындарына жаса­ған сұмдықтарын» айтып толықтырды. Сосын, өзінің «Түркістандағы орыс отарлауын қызу қуаттаушы» екенін аян ете келе, оның жүргізілу практикасына қарсы екенін, өйткені, Түркістанда сенатор Паленнің ревизиясына қатысып, бір жыл бол­ғанында, осы қайғылы оқиғаның болмай қоймайтынына көзі  жеткенін тілге тиек етті. Өзге тектілерден жер бөліп алу іс жүзінде туземдіктерді тонау жолымен жү­зеге асырылды, содан туған масқараның қайталанбауына кепілдік ету үшін, Түркістан өлкесін басқаруды қайта қалыптастыру қажет деді ол. Дондық әскер облысының депутаты, дәрігер әрі заңгер  Моисей Аджемов 19 бен 43 жасқа дейінгілерді бір мезгілде соғыс жұмысына шақыру  мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлайтын адамның тірлігіне жатпайтынын айтты. Сөзін қорыта келе,  Мемдума билікке: «Мұндай өкіметтің орыс атына лайық емес, ол тек қана жеркенуге лайық» екенін мәлімдеуге тиіс деді. Одан кейін Керенский қайта сөз алып, граф Капнист 2-шінің сөзіндегі ескертпеге байланысты өз ойын нақтылады. Графтың әділетсіз жер қатынастары негізінде тәртіпсіздіктер болуы тиіс екенін орынды атағанын мойындады. Содан кейін жарыссөз тоқталды. Сұрау салулар дауысқа қойылды. Үшеуі де қабылданды. Келесі күні патша Думаны каникулға жіберу жайында жарлық шығарды. Желтоқсан айы бойы жергілікті әкімшіліктер сұрау салулар бойынша есептер беріп, баяндамалар әзірлеп жатты. Алайда, жұмысын 1917 жылғы ақпанның 14-де ғана жаңғыртқан Мемдуманың бұл мәселеге қайта оралуға мүмкіншілігі болған жоқ. Күркіреп революция  тақалып келе жатты. Патша 25 ақпанда Думаны біржолата тарқатып жіберді де, бірнеше күннен кейін өзі де тақтан түсті... Империяның шет аймақтарында бұрқылдаған ұлт-азаттық көтерілістер жайындағы мәселені орыс парламентінің талқылағанына да, міне, биыл – бір ғасыр. Осы мәселені жан-жақты және терең зерттеуге алу біздің әзірге толық жүзеге асыра қоймаған міндетіміз. Егер, қолдарыңыздағы шағын шолу жоғарыда аталған бағыт бойынша жүргізілмек болашақ үлкен зерттеулерге тамшы болып қосылса – еңбегіміздің еш кетпегені деп білеміз. Бүгінгінің көзімен қарау үшін сол материалдарды дерек ретінде тиянақтап жинауымыз керек. 
Ханкелді ӘБЖАНОВ: – Ке­ренскийдің 13 желтоқсандағы баяндамасында көреген сөз бар: «Бұл оқиға әлі жылдар бойы әңгіме болады», – дейді. Бұл әңгімені біз тоқтатпайтын боламыз. Міне, 100 жыл өтсе де әңгіме қылып жатырмыз. Ал, енді, Керенскийдің баяндамасының екі осал жері бар. Біріншіден, 1916 жылғы көтерілісті үлкен қайшылықтың, отарлаудың нәтижесі демейді, заңсыздық дейді. Екіншіден, сол патшаның жарлығын орындаудағы кемшіліктер, қателіктер, асыра сілтеушіліктер дейді. Әрине, бұл сырт айтылған пікір болатын. Дегенмен, Керенскийдің ол баяндамасы бізге дерек ретінде, сол заманның қоғамдық-саяси ой өрістің деңгейі ретінде көп ақпарат береді. Ал, енді, Бәке, сіз сөзіңізді «бізде көтерілістің бәрі жеңіліске ұшырады» деп бастадыңыз. Осы мәселеге методологиялық және теориялық мән бергеніміз жөн. Өйткені, біздің бабаларымыз Кенесары болсын, Сырым болсын көтеріліске шыққанда, «жеңілемін» деп шыққан жоқ. Жеңілетінін алдын ала білген адам көтеріліске шықпайды. Олар осы әділдік жолында екенін білді, сол әділдік жолында күресті. Ал, нәтижесінде жеңілуі біздің бабаларымыздың кінәсі емес. Осының аражігін ашуымыз керек. 
Марзия ЖылысбаеваМарзия  ЖЫЛЫС­БАЕВА, Қазақстан Ор­­­талық мемлекеттік ар­хиві бас дирек­тор­дың орынбасары: – 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліс Кеңес үкі­­метінің тұсында да басты тақырып болды. Көптеген біздің ға­лым­­дарымыздың барлығы осы тақырыпта ғылыми жұмыстар жазып, қорғады. Кө­теріліске қатысты құжаттар да өте көп. Бірақ, қандай жағдаймен екені белгісіз, әлде ұлтаралық мәселелерге қатысты болу керек, көп құжаттар ашылмай, шектеу қойыл­ғандығы көрінеді. Кезінде Кеңес үкіметінің тұсында жұмыс істеп жүрген ағайларымыз бен әпкелеріміз осы тақырыпты неліктен ары қарай тереңдетіп зерттемеді? Осы сұрақ әлі күнге дейін мені алаңдатады. Өздеріңіз де айтып жатырсыздар кітаптар шығару керек деп. Әрине, бұл үлкен міндет. Оны бірден отыра қалып, тек қана мерекелік шараларда ғана айту негізсіз болып саналады. Әрине, біз 70 жылдың ішінде бұл мәселені қолдан жіберіп алғанымыз анық. Біздің осы архив құжаттарының ішінде 1,5 миллионнан артық құжат бар десек, өтірік айтпасам, сол құжаттардың 70%-да 1916 жылғы көтеріліске қатысты мәліметтер бар. Заңдық негіздегі құжаттар, прокурор, сот жүйелері Кеңес үкіметіне дейін де болды ғой. Кеңес үкіметінде де болды. Сол кездегі тергеу мәселелеріне мән беріп қарайтын болсаңыздар, жеке тұлғалар арасында осындай мәселе жөнінде сұрақтар алынған. Оны өздеріңіз де зерттеп жүрсіздер. Сол жерде кездеседі. Онда «угаловное дело» дейді, ол жерде азаматтық жағдай бойынша соттық мәселелер қаралған. Бұл жердегі қиыншылық, отарлық мәселенің бірінші орында тұруы. Себебі, біріншіден, бүкіл құжаттардың 80%-ға жуығы орыс тілінде. Екіншіден, билікте отырғандардың бәрі басқа ұлттың өкілдері және шенеуніктер болды. Ол мәселе қазір де бізде баршылық, оны мойындауымыз керек. Сосын, сіздер айтып жатқан тізім мәселесіне тоқталсақ.  Кейбір облыстағы кейбір болыстықтарда, үлкен даулы мәселелер туындаған жерлерде біздің ата-бабаларымыздың аттары кездеседі. Оны атап өтетін болсақ, Батыс өңірдің қазақтарының тізімдері өте көп. Одан осы Жетісудан да кездеседі. Жетісу азаматтарының барлығының аттары жазылған. Бұл жерде тағы бір мәселе, менің атам қатысты, сенің атаң қатысты деген болмау керек. Себебі, бүкіл елдегі қазақтар дүр сілкінді. Сонымен қатар, патша үкіметінің сол кездегі саясаттан жіберген үлкен қателіктерін көруге болады. Ол біріншіден, патша заманында ақпарат саласы бойынша жарлық шыққаннан кейін қателіктер жіберді. Әрине, ол жерде қазақ азаматтарының кінәсі болған жоқ. Мұнда билеуші таптың өкілдері кінәлі болды. Сол кезде де осындай жағдай қолға алынды да, бірден орыс шаруаларына мылтық таратып берді. Мылтық таратқаннан кейін мұны естіген, қазақ азаматтары елеңдей бастады. Өздеріңіз де қазір мылтық таратты десе не істейсіздер? Мылтық таратқаннан кейін қазақтар да жай отыра ма? Қазақтар жиналып, биліктегі басшыларына барды. Үкімет пен екі ортада жұмыс істеп жүрген зиялы қауымның азаматтары болды. Құжаттарды қарап отырсақ, орыс шенеуніктерінің көбісі өздерінің қателіктерін мойындаған. Себебі, өздері тергеу жұмыстарына қатысқан кезде былай дейді: «Қазақтарға қатты қысым көрсетілгені рас. Біздің әскери губернаторлықтың билік жүйесінде әскери адамдар, оның ішінде казачество дейміз, сол топтардың арасында әскери адамдар озбырлыққа жол берді. Бірінші өздері барып, ауыл қазақтарын біртіндеп тізімге алды. Оның ішінде болыстардың да кейбір қателіктері болды, «мынау барады, мынау бармай жатыр» деген шағым түсіргеннен кейін олар да бірден барып ұстады, түрмеге қамады. Осындай құжаттар бізде өте көп кездеседі. Ақпарат саласындағы қателіктердің тағы бірін айтатын болсақ, бұл ұлтаралық мәселеде болды. Ол кезде де басқа ұлттар өмір сүрді. Әртүрлі саяси жағдайларға байланысты көп ұлттар қазақ жеріне келіп, енген болатын. Басында қазақтарды қолдап отырды да, артынан олар да сатқындық жасады. Оларға да шенеуніктер тарапынан дұрыс ақпарат берілмей келді. Оларға: «Егер, қазақтар көтеріліп, билікті алатын болса, сендерді қырады» деген сияқты ақпараттардың болғандығын осы құжаттардан кездестіруге болады. Қазақтан алған жұмысшылардың бәрін қайда алып кетті? Әрине, біздің өңір әртүрлі. Ол кезде өнеркәсіп дамыған, мұнай газ ол кезде де жұмыс істеп жатты. Батыс өңірінің қазақтарын көбінесе Түркменстан арқылы Арменияға алып кетті. Әрі қарай басқа да мемлекеттерге, Ресей Федерациясына қараған мемлекеттерге де апарылып жатыр. Жұмысқа алған кезде, тағы да биліктің үлкен қателігі, ешқандай ұйым­дастыру мәселесі болмады. Сол жарлық шықты деді де, халықты бірден анда алып барды, бірден мұнда алып барды. Ол кезде де қазақтардың көздері ашық болды. Билеуші тап қазақтардың өкілдерінің арасында қателіктер жіберілді, олар да асыра сілтеп, өз балаларының орнына 15 жасар балаларды тізімдеп қойды. Осылайша өзара қазақтар қырқысты. Сонымен қатар, орыс шаруалары мынадай ақпарат таратады. Әсіресе, мына Албан елінде Нарынқол, Шарын жақтағы көтерілісті бірінші қазақтар бастады. Оны Албан руының ішіндегі Ұзақ батырлар басқарды. Оның барлығын құжаттар дәлелдеп тұр. Ол кезде қырғыздар да Жетісудың құрамында болды. Сол себепті, қазақтан Албандар көтерілгеннен кейін, қырғыздар да үлкен көтерілісте қазақтармен байланыс орнатты. Қара жұмысқа зиялы қауым да кетті. Әрине, мұнда қазақ зиялыларының, қазақ тұлғаларының үлкен еңбектері бар. Алаштың қатысы болмаса да, ол кісілер халық жағында болды. Оны жазған хаттарынан көруге болады. 
Кітап мәселесін болашақта біз де қолға алып жатырмыз. Шығарамыз деген ойдамыз. Оның бәрі бола жатар. Және үкімет тарапынан қаржы мәселесі болса дейміз. Бәріміз бірігіп, кітап шығарып, дәріптеуіміз қажет деп ойлаймыз. 
Саулебек РустемовСаулебек РҮСТЕ­МОВ, Ш. Ш. Уәли­ха­нов атындағы Та­рих және этнология институтының же­тек­­­ші ғылыми қыз­мет­­кері, т.ғ.к.: – Ұлт-азат­тық көтерілістің 10 жылдығына орай «Еңбекшіқазақ»  газе­тінде жиі мақала жарияланып тұрған. 1926 жылы қазақ зиялыларының барлығы осы тақырыпта мақала жазып шықты. 1936 жылы да сондай. 1936 жылы Амангелді Имановқа ескерткіш орнату туралы қаулы шыққан. Ресейдің ғалымдарын айтып жатырмыз, қазір сол Ресей тарихшыларының кітаптарының ішінде өзіме ұнайтын мынадай сөзі бар: «1916 жылғы көтеріліс – патша үкіметінің құлауының негізгі себепкері болды», – деген. Ол тек қана Орта Азияны қамтыған жоқ. Ондай көтеріліс Кавказда, қалмақ ағайындарда, Сібірдегі бурят ағайындардың арасында болды. Соның ішінде, Ноғай ағайындар көп таяқ жеді. Менің айтып тұрғаным, осы көтерілістің трагедиялық жағдайы. Сіздер білесіздер, Жетісудағы көтеріліс Жизақтан кейінгі аяусыз жаншылғандардың бірі. Ресми деректердің айтуынша, Жетісу облысында 94 қазақ ауылы жоқ болып кетіпті. Оның ішінде 5377 үй өртенген, 1905 адам өлді деп қоя салған. Бұлар өтірік ақпараттар. Сосын, «жазалаушы» деген отряд бар. Соғыс жүріп жатқан уақытта патша үкіметі өзінің полктарын алып келіп, халықты жазалауға шамасы жетпейді. Пойызбен келеді деген күнде, ол заманның пойызы бір ай жүретін шығар. Түркістаннан Алматыға қарай пойыз қатынасы тағы жоқ. Сондықтан, «жазалаушы отряд» негізінен жергілікті халықтан құралды. Жергілікті халық деп тұрғаным, орыстардың деревнясы. «Әрбір орыстың деревнясын қаруландыру керек» деген шешім қабылданды. Қолына қару ұстамаған орыс қалған жоқ, бәрі қаруланды. «Әрбір деревня бір-бір батальон!» деген ұран тасталды. Міне, осылайша орыс отырықшыларынан «жазалаушы отряд» құрылды. Жазалаушы отрядтың барлығы тек қана орыстардан тұрыпты, не болмаса қазақтардан құралыпты деуге тағы да болмайды. Ол орыстың отрядтары қазақ ауылы қай жерде екенін де білмейді. Оларға жол бастап, көрсетіп жүрген қазақтар да болды. Оны біздің Рашид Мұрадов жақсы біледі. 1916 жылы 30 тамызда Курапаткин келген кезде біздің «Қазақ» газеті бөріктерін аспанға атқандарын білесіздер. «Қазақ» газетінің өзінде де бұл туралы: «Генерал губернаторлыққа Түркістанды білетін адам тағайындалды. Бұл бізге жақсы қарайтын шығар» деп жазған. Ол «жақсы қараудың» көкесін көрсетті. Жазалаушы отрядты одан сайын күшейтіп жіберді. Осы жақын жерде Самсы деген ауыл бар. Ол қазақтың 4 ауылын қоршап алды да қырып жіберді. Кішкентай балаға дейін қалмады. Қазір оны Ботбайлар тұратын ауыл дейді. Кейде ол «Ботбайлар көтерілісі» деген атқа ие. 1916 жылдың салдарынан халықтың саны біршама азайды. Мысалы, Жаркент уезінде қазақтардың саны – 73%, Лепсі өзенінде – 47%, Верный уезінде – 45%-ға азайған. Қазіргі Алматы облысында «Қызылбөрік болысы» болды. Болыстықта – 1129 үй болған екен. Көтерілістен кейін қалғаны – 263 үй. Жазалаушы отрядтың осылайша барлық қазақ ауылдарын талқандаған. Содан кейін, мына, Алматының іргесінде ұйғырлардың ауылдары болған. Осы ұйғырлардың ауылы аман-есен сақталып келген. Бір жазалаушы отряд барып кіре алмайды. Шетінен қаруланып алған. Тек қана 1919 жылы Фурманов келіп, сол ауылды талқандап тастайды. 
1917 жылы тамызға қарай, қытайдың шекарсынан өтіп кету қазақтар мен қыр­ғыздар арасында жиілей түседі. Шекарадан өтіп кеткен қырғыз-қазақтардың жалпы саны шамамен 300 мың деген деректер бар. Оның қаншасы қырғыз, қаншасы қазақ екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Қытайдың шекарасынан өтіп кету оңай емес, онда шекарашылар бар. Өту үшін қазақтың бір ауылы 9 жорға, 9 арғымақ, 10 мың сом, 12 жалпақ алтын берген. Осыны бергеннен кейін шекара ашық. Жазалаушы отряд қазақтардың өтіп кеткенін естіп, шекараға күзет қояды. Ауылдан асып өте алмайды. Нарынқол жақты сіздер білесіздер, сол жерде таудың екі жағында пулемет тұрады. Содан тірі қалған қазақ өтеді, тірі қалмағаны сол жерде өледі. Жаркент жақтан өту мүмкін емес, себебі, ол жақ жазық. Жазалаушы отряд көріп қояды. Тек қана сол Нарынқол, сосын, Мұзарттың жері қалды. Қыркүйекте білесіздер, ол аймақта қар жауа бастайды. Тауды қар басып, қыс ерте түседі. Қар басып қалғаннан кейін, көшіп бара жатқан қазақ-қырғыз ауылдары сол тауда қалып қояды. Қайтайын десе, артында жазалаушы отряд бар. Өлгендерінің 2006 жылға дейін сүйектері сол жерде жатты. Кейін Роза Отынбаева барып, сол сүйектерді жинақтап, Бішкекте белгі тас қойған. 1918 жылы М. Дулатов «Абай» журналында: «Жаяулатып, күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жан ашитын адам таба алмай, қарабасты. Аштан өліп бара жатқан соң, қалмақ пен қытай қазақтардың әйелдерін қатындап кетті. Баланың құны бір шелек бидайға шықты. Аш-жалаңаш, ауызға не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлі дертке ұрынып, тағы қы­рылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бас­тан өткен қызық көзден бұлбұл ұшты. Мыңды айдап, жүзді сапырып, шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Әлдилеп өсірген балалары телміріп, көрінгенін көзіне қарап, мойнына мөр басылды. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасыз қалды. Бәрі бірдей мұңды болып, көздері жасқа толды», – деп жазады. Жазалаушы отрядтың ішінде прапорщик Бычков деген қытай шекарасынан өтіп кетіп, қытайдың әскерлеріне де қарамай, сол жерге көшіп барған қазақтардың ауылдарына жетеді. Сол Бычковтың күнделігі сіздердің архивтеріңізде бар. Ол күнделігінде: «Жазда қазақтар балаларын сатып жатыр деген хабар жетті. Сол кезде балаларын сатып алуға Шығыс Түркістанға Гонконгтан, Шанхайдан саудагерлер келіп жатты», – дейді. Курапаткиннің «қашып кеткен қазақтардың жері қазынаның жері болсын» деген бұйрығы бар. Шекара асқандар көп ұзамай қайтып келе бастайды. Қайтып келіп тұрайын десе, жері жоқ. Орыстар тағы да қарумен күтіп алған. 1917 жыл құрғақшылықпен басталады. Ашаршылық... Сол ашаршылық 1919 жылға дейін созылады. 1,5 миллион адам аштықтан өлген. Сол кезде: «Қазақтардың аштан қырылғаны жақсы болды. Олар экономикалық тұрғыдан әлсіз халық. Өздерінің қырылуы арқылы, революцияны сақтап қалды» деген пікірлер болған. Қайтып келген қазақтардың ресми дерегі бойынша, 83 мың адам қырылған. Патша үкіметі құлағанда, қазақтардың бәрі көшіп келмеген. Балалары сатылып кеткендер қалып қойған. Олар кейін Сәбет үкіметіне: «Сіздер, біздің балаларымызды кері сатып алып берсеңіздер, біз көшіп келеміз», – деген талап қойған. Оған үкіметте ақша болмады. Тек 1921 жылы Тұрар Рысқұлов, сатылған балаларды кері қайтаруға ақша бөледі. 1916 жылы көшіп кеткен қазақтардың соңы, 1927 жылы қайтып келді деген ресми дерек бар. Одан кейін де шекара асып кеткен қазақтар болды. Мұны айтып жатқан себебім, осындай трагедиядан кейін, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінуіміз керек. 
Шәмек ТілеубаевШәмек ТІЛЕУ­БА­ЕВ,  т.ғ.к.,  Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дың до­центі: – Бұл мәселенің біз қарастыратын қыр-сыры өте көп. Бі­раз жылдан бері осы та­қырыппен ай­­на­лы­сып жүр­геннің өзін­де, қараған сайын бір мә­селе шығады да жатады. Осыдан 5-6 жыл бұрын үш томнан тұратын құжаттар жинағын шығардық. Әлі де том-том кітап шығатын құжаттар Ташкенттің, Мәскеудің мұрағаттарында жатыр. 100 жылдыққа орай көтерілістің шығу себептеріне байланысты мынадай мәселе айтылу керек. Бұл көтерілістің өршуіне, шетелдік агенттіктердің ықпалы бар деп жатады. Қытайы, түрігі, немісі бар, бірнеше бағытты көрсетеді. Бұл – негізгі фактор емес деп ойлаймын. Өйткені, материалдар бойынша, Мәскеудің, Ташкенттің, Бішкектің мұрағаттарында «агент» деген түсінік негізгі фактор болып саналмайды. Көтерілістің негізгі факторы, негізгі себебі – жер мәселесі. Одан кейін, әлеуметтік-экономикалық езгі. 25 маусым күнгі жарлық соңғы тамшы ретінде, халықтың бұрқ етіп шығуына әсер еткен болатын. Өйткені, жерін алды, малын алды. Енді, жанын аламыз дегенде, халық көтеріліске шыққан болатын. Көтерілістің тағы бір себебі, орыс отаршылдық әкім­шілігі. Өйткені, ол да бұратана халыққа менсінбей қарап, екінші сорт ретінде бағалады. Одан кейін, жергілікті халықпен келімсек орыс шаруаларының арасындағы қарым-қатынас. Ол да үлкен шиеленіскен мәселе болатын. Кезінде үйі жоқ, күйі жоқ жер сызған шаруалар осында келіп бірден байып шыға келді. Мұның бәрі көтерілістің негізін қалады. Ал, көтеріліс «маусым жарлығынан» кейін шықты. Жетісуда таза орыс уезін құру туралы жоба жасалған. Ол жоба қайдан шықты дегенде 1917 жылғы Курапаткиннің Патшаға жасаған құпия баяндамасы бар. Ол құпия баяндамасы архив қорында сақталған. Оны «Орта Азия Қазақстан» деген жинаққа толық жарияладық. Көтеріліс болған жерлерді аяусыз жаншып, сол жерлердің бәрін тартып алған болатын. Соны негізге ала отырып кейін Курапаткин: «Көтеріліске нүкте қойып, осы жерлерді алу керек», – дейді. Жалпы көлемі – 2 168 500 десятина жер, жартастар мен құздарды қосқанда – 2 500 000 десятина жерді алу жоспарланған болатын. Бірақ, бұл жоба 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін іске аспай қалған. Талқыланғаннан кейін үлкен өзгерістер болып, жоба тоқтап қалған. Содан кейін, бұл жоба 20-жылдардың ортасында қайта жаңғырған. Біздің та­рихшы әріптестеріміз жақсы біледі, 1921-22 жылдары «жер-су реформасы» шыққан. Ол кезде «Алдымен жергілікті ха­лықты  жермен қамтамасыз етсін, одан кейін  басқаларды қамтамасыз етсін» деген мәселе қойылған болатын. Сонда, осы жерде үлкен автономия құру мәселесі қарастырылған. Бұл қазақ зиялыларының үлкен қарсылығын тудырған. Содан кейін барып күн тәртібінен түскен болатын. 
Еркін ЕРМҰ­ХА­­­­­­НОВ, т.ғ.к., Абай атын­­­­дағы ҚазҰПУ-дың до­центі: – Осындай қыр­­­ғыннан аман қал­­ған­дардың ұрпақ­та­ры бүгін жайылып, бір­қауым ел болды. Сұрау­сыз кеткен күндерімізді тү­гендеуге, еске алуға мүмкіншілік туып отыр. Сол бір қырғыннан аман қалудың өзі оңайға түскен жоқ. Далалық облыстардың басқа облыстардан көп айырмашылығы жоқ болғанымен, ерекшеліктері бар. Өйт­кені, Далалық облыстарда Ақмола, Семей облыстарының 56%-ға жуығы көшіп келген орыс шаруалары болғандықтан, осы аймақтарда көтерілістер қатты болды. Әсіресе, Ақмола уездерінде, Атбасар уездерінде ерекше шайқасты. Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» айтпақшы, бұл аймақтарда көтерілмеген болыстық болған жоқ. Негізі, отарлаушы халықты отарланған халық аса жақсы көре қоймайды. Үнемі жаулықпен қарайды. Сол көтерілістің кезінде де орыстарды жақсы көре қойған жоқ. Бұл С. Сейфуллиннің естеліктерінде де бар. Кейбір орыс селолары «кім келе жатыр?» деп, сырттан келгенге үрке қарап отырды. Қазақ пен орыс арасында кереметтей жақсы жағдай бола қойған жоқ. Әсіресе, көтерілістің кезінде. Әлі кімнен жалтақ­тайтынымызды білмеймін. Бар де­рек­тердің өзін қорытып, белгілі бір баға бере алмай жатырмыз. Әсіресе, мені қайран қал­дыратыны осы далалық аймақтағы көте­рілісті басқан генерал Ягодкин мен полковник Ивановтың әскерлері. Сонау шілденің аяғынан бас­тап, желтоқсанға дейін екі отряд екі жақтан жүріп отырды. Күніге 30-35 шақырымнан, төрт айға жуық. Қай жерде бүлік бар десе, сол жерге жетіп барады. Төрт ай бойына бүкіл даланы шарлап бітірді. Көзге көрінген адамды аяған жоқ. Көзге түскен ауылды түгел өртеп жіберіп отырды. Бір айта кететін нәрсе, осы кезеңдерде Далалық облыстардың өзінде де үркіншілік болды. Осы мәселе  үкіметті мазалады. Патша үкіметі мен Моңғолия үкіметінің, Қытай үкіметінің арасында үлкен келіссөздер болды. Бұл туралы деректер архив құжат­тарында бар. Ол қыркүйектің басында көтеріле бастады. Келіссөзде: «Мына халық шекаралардан өтіп жатыр. Не істейміз?» – деген мәселелер көтерілді. Әсіресе, Қытай жағы бұл мәселеге алаңдады. Өйткені, патша үкіметінің Зайсан аймағындағы, Шы­ғыстағы 500 шақырымға созылған шекараны ұстап тұратындай қауқары болған жоқ. 500 шақырымға созылған шекараны бар жоғы 150-дей ғана патша үкіметінің әскері қорғады. Өлкелік генерал-губернатор Сухомлинов Моңғолия үкіметіне: «Сіздер, қандай шараны қажет деп табасыздар, сол ша­раны қолданыңыздар», – деп айтады.  Қы­тай елімен екі ортадағы осы мәселе. Өйт­кені, Ресей бодандары өтіп жатыр. Құлжа консулдығы арқылы орыс үкіметі айтады: «сіздер қандай шараны қажет деп табасыздар, қолдана беріңіздер», – деп. Сөйтіп олардың қару қолдануына қарсы бола қойған жоқ. Өздеріңіз айтып жатқандай, облыс бойынша тыл жұмысына алынғандардың нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр. Олардың көбі Ресейдің архивтерінде жатыр. Осы мәселемен айналысып, Мәскеуге барғанда мұрағаттарға кіре алмадық. Ол жақтағы мұрағаттарда көптеген мәліметтер бар. Ақмола облысы бойынша, 1917 жыл­дың 10 қаңтарына дейінгі мәліметте, алуға жоспарлаған 48 мың адам болса, алынғаны 7 900-дай екен. Тыл жұмысына алынғандардың өзі уақытында жеткізіле қойған жоқ. Мысалы, Семей облысынан алынған қазақтар майданға жөнелтілмей, екі айдай жатып қалған. Мынау Керенскийге Семей облысынан: «Біз екі ай болды жатырмыз. Міне, мынау, қаңтардың басы. Не дұрыс тамақ жоқ, арамызда жұқпалы ауру шығып жатыр. Не алынсын? Не кері қайтайық», – деп хат жазады. Содан, Керенский үкіметке мәселені шешуін сұрап, хат жолдайды. Барлық тылға алынғандарды бір барактың ішіне тығады. Сол барактың ішінде екі айлап жатып қалған кездері болды. 
Шетелдерден алып келген деректердің кішкентай көшірмелерін тапсыратын бір орталық болса, үлкен-үлкен жинақтар шық­қан болар еді ғой деп, 90-жылдары арман­дап қоятынбыз. Үкіметіміз тым-тырыс болса өз алдына, ал, енді ғалымдарымыздың осындай мәселеге сергек қарауы, ата-бабала­рымыз­дың алдындағы парызы. 
Ханкелді ӘБЖАНОВ: – Көтеріліс туралы деректі оқып отырсаң, сол уақыттағы мемлекеттік қызметтің ұқып­тылығына қайран қаласың. Бір орыстың офи­цері атқа мініп, тапсырма бойынша кетеді. Артынан басқа топ шығады. Қара­са, бағанағы кеткен офицердің атының қарны жарылып жатыр. Бұлар офицерді құ­рыды, өлтіріп кетті деп ойлайды. Кейін анықталғандай жолда ат өлген екен. Офицер жаяулатып отырып, келесі бір мекемедегі дәрігерге барып, аттың өлгенін баяндайды. Сосын, дәрігер жаңағы орынға барып, аттың ішін жарып, анализ жасап, неден өлгенін анықтап, анықтама жазып берген. Міне, осындай аласапыран уақытта мемлекеттік ақпарат сағат сияқты жұмыс істеп тұр. 
Жазалаушылардың қазақ дегенде сонша ақи көзденгенінің ар жағында үлкен се­беп бар. Себеп, Ресей империясын 130 жылға шегелеп, матастырдық. Қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік жерлерін 25 жылдың ішінде аралап өте шықты. Ал, біздің далаға Оралдан кіріп, Верныйға жеткенше 130 жыл өтті. Осыны бұлар кешіре алмады. Біз орыстың әскерін анау Үнді мұхитына жібер­ген жоқпыз. Жириновский: «Орыс солдаты өзінің етігін Үнді мұхитына барып жуу керек», – деп әлі күнге дейін айтады. Армандарының орындалуына мұрсат бермеген біздің бабаларымыз. Соны кешірген жоқ, әлі де кешірмейді. Бізде деректерде көрсетілгеннен де көп немесе аз көтерілістер болған шығар. Соған орай, неге бізде «Кө­терілістер му­зейін» ұйымдастырмасқа. Сонда, тарихпен тәрбилеу деген тезисіміз іске асар еді. Көрмеде қылышымыз бар, найзамыз бар, барлығы жинақталар еді. Ұрпағымызға бабаларымыз осылай шайқасқан деп мақта­нышпен айта алар еді деп ойлаймын. Сонымен, жиынға қатысушылар төмендегі резолюция баптарын қабылдау туралы ортақ шешімге келді:
- 2016 жылғы ұлт-азаттық көтерілі­сінің отандық тарих ғылымындағы өзіндік орнын айқындау.
- 1916 жылғы көтерілістің Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ролі мен алатын орнын егемендік тұрғыдан одан әрі мазмұндау.
- 1916 жылғы көтерілістің айналымға тар­тылмаған деректік негізін құрайтын құ­жат­тар мен материалдарды іздеу мен анық­тауды жалғастыру.
- Көтеріліске қатысты ауыз әдебиет деректері мен мұрағат деректері негізінде монографиялық зерттеулер сериясын жү­зеге асыру мен жарыққа шығаруға кі­рісу.
- «Қазақ көтерілістер» музейін ашу.
Болатбек НӘСЕНОВ, т.ғ.д., профессор: – Мен осы жерде үлкен ұсынысымды айтайын. Бұл ұсынысты осыдан үш жыл бұрын да айтқанмын. Ол былай. Менің «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би» деген кітабым бар. Сол кітапты Назарбаевқа жолдадым. Үш күннен кейін маған Асылбек өзі хабарласып: «Кітабыңыз өте жақсы екен, оны президентке беруге болады. Енді, ұсыныс болса», – деді. Мен 13 ұсыныс жазып бердім. Соның ішінде, бір ұсынысымда: «Біздің тарихымыз Мәскеуде, Омбыда, Қытайда, Иранда, Моңғолияда жатыр. Құрметті, Н. Әбішұлы, тарихымыздың құритын түрі бар. Барсақ бізге бермейді. Берсе, қиындықпен аламыз. Осыны сатып алайықшы. Мемлекеттен көп болса бір 50-100 млн. ақша кетеді. Бірақ, тарихымыз сақталады», – деп жаздым. Н. Назарбаев осыған байланысты бірталай мемлекеттерге адамдар жіберді. Бірақ, не әкеліп, не қойғанын біз әлі күнге дейін білмейміз. Сол жерде Моңғолияға барып келген кісінің мақаласын «Егемен Қазақстаннан» оқыдым. Өте жақсы материал алып келген.  Бірақ, қайда? Одан кейін, Мәскеудің «Сыртқы істер саясаты   жөніндегі архивінде» Әбілқайыр мен Абылай ханның 399 ісі жатыр. Бермейді... Омбыда Абылай ханның 30 000 беттік материалы жатыр. Мен  оның 1 500 бетін сатып алып, 2 500 бетін көшірдім. Қалғанын ала алмадым. Біздің ғалымдарымыз барып, ондай дүниелерді ала алмайды. Неге? Содан кейін, институт оларды 3 айға, 5 айға, 1 жылға жібермейді. Ақша бөлмейді. Сондықтан, тарихымыз өледі. Мысалы, мен Омбыдан кетуіме екі күн қалғанда, Катаниннің фондында Кенесарының өлімі жөнінде папка жатқанын білдім. Оны алып, Катанинге тығып қойыпты. Өзі 126 бет. Мен көп болса бір 20 бетін ғана алдым. Уақытым бітіп қалып, қалғанын ала алмадым. Осы сынды құжаттарды бізге Орталық архивке беру керек. Мүмкін, соларды жинақтауға көп қаражат жұмсайтын шығармыз, бірақ, ол біз үшін үлкен байлық. Мен тағы бір құпия айтайын, 5 жыл бойы Ташкентке архивке кірейін деп жазып едім, маған хат келді. Ол жерде «Елшіліктің атына жазыңыз» деген нұсқау болды. Мен министрлікке жазған болатынмын. Олар елшілікке сілтеді. Сөйтіп, сол жақтан документ алдым, 4 жылдан кейін «министрлікке жазыңыз» деп айтты. Жазсам, «өзіңіз барыңыз» деп жауап қайтарды. Сонда, не өзіміздің адамдар алғысы келмейді, не Ташкент бергісі келмейді. Осыған көмек жасаңыздаршы, менің бар тілегім осы. Содан кейін бір сұрақ. Император «қазақтан сарбаз алдырмаймын» деп указ беріпті дейді. Сол бар ма? Білесіздер ме? Мен еш жерден таба алмадым. Бірақ, жерде Омбы кітапханасынан «Омбы тарихы» деген кітаптан таптым. Сосын, Петербургтің мемлекеттік мұрағатына барып едім, бермей қойды. Ондай құжат жоқ деді. Омбының кітабын да «дәлел» деп айтуға да болады. Бірақ, нақты құжат керек.  
Ханкелді ӘБЖАНОВ: – Сұрақта­рыңызға анықтама бере ке­тейін. Сіздің айтқаныңыз бар, басқа аза­маттардың айтқаны бар, 2013-2015 жылдар аралы­ғында шетелге біздің отыз шақты ада­мымыз барды. Ал, сол құжаттарды аударып алуға, жариялауға байланысты арнайы Республикалық зертхана құрылды. Ол зертхананы Меруерт Әбусейітова басқарып отыр. Шеттен әкелінген құжаттардың бар­лығын Меруерттің лабараториясына өткізді. Қытайдан 283 томдық деректер жинағын алып келді. Біріншіден, оны аударатын, жариялайтын шаруа Әбусейітованың құ­зырында. Екіншіден, оған ақша жоқ. Ре­сейде архивтерге байланысты Заң қа­был­данып, Путин қол қойған. Архив қазір тікелей Путинге бағынатын болды. Заңда айтылған: «Ресейдің тарихына қауіп төнді­ретін құжаттар қолға берілмесін» деп. Осы бірауыз сөздің өзі жетіп жатыр.  Өзіңіз айтқандай, Өзбекстан  жеке мұрағатындағы құжаттарды бермейді. Әсіресе, шеттен келгендерге. Бір апта болды, біздің қызымыз Ташкенттен келді. Сіз сияқты ол да қажет құжаттарды іздеймін деп еді, елшіліктің ғана рұқсатымен деп, оған берген жоқ. Бұл біздің осалдығымыз емес, бұл біздің қолымыздан келмейтін, еркімізден тыс кедергілер. 

 

7590 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз