• Ұлттану
  • 16 Шілде, 2012

Қазақстанның сыртқы саясат басымдықтары

Сайын Борбасов, саяси ғылымдарының докторы, профессор 1991 жылы 2 желтоқсандағы прези­денттік сайлау қорытындыларына байла­нысты өткізген баспасөз конференциясында Президент Н. Назарбаев Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғастыратын кө­­пір болуы керек. Әлемнің барлық мем­лекет­терімен экономикалық және саяси байланыстарды қамтамасыз ете­тін көпвекторлық сыртқы саясатты таң­дайды – деп көрсетті. Президент өзінің «Қазақстанның Егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты 1992 жылғы еңбегінде «Қазақстан жаңа халықаралық ортаға тап болды. Оның сыртқы саясатының бағыты ұлттық-мемлекеттік мүдделерге сәйкес өзіндік логикамен дами бастады. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясаты жалпыадамзаттық қуатқа ие. Ол халықтардың әлемдік қауымдастықтан өз орнын таба білгенін жақтайды», – деп ескертті. Осыған орай, Қазақстан Рес­пуб­ликасы өзінің сыртқы саясатында көп­векторлық принципін ұстауда. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында әлемдік тартылыс күштерінің орналасуын есептеуге ұмтылды. Қазіргі жаһандық қатынастардағы көпполярлық саланы басшылыққа алды. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Қытайдың, Жапонияның, Ресейдің, Үндістанның, Еуроодақтың күшейе түсуін басшылыққа алды. Қазақстан геосаяси аренада шынайы ойыншыға айналуды мақсат тұтты және осы дәрежеге ол біртіндеп көтеріліп келе­ді. Ел түрлі алпауыт державалар арасында әртүрлі қарым-қатынастар жүргізіп, өз мақсат-міндеттерін шешуде біршама табыстарға қол жеткізуде. 1992 жылы Қазақстан Солтүстік атлант­икалық әріптестік Кеңесіне мүше болды. Бұл ұйым 1997 жылдан бастап Еуроатлантикалық әріптестік ұйымына айналды. НАТО ұйымы бұрынғы Кеңес Одағы құрамынан шыққан тәуелсіз мем­лекеттермен және Шығыс Еуропа мемлекеттерімен бірлесіп «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасын жүзеге асырды. Ондағы мақсат, осы ел­дер­мен бірлесіп, аймақтық әскери қақтығыстардың алдын алу, терроризмге қарсы ортақ іс-қимылдарды үйлестіру болды. Қазақстанның қарулы күштері АҚШ пен НАТО-ның алдыңғы қатарлы әскерилерінен соғыс техникасы мен тактикасын меңгеруді үйренді. Бірлескен жаттығулар өткізу жыл сайынғы дәс­түрге айналды. НАТО-мен әріптестік Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтуға өз ықпалын тигізді. Қазақстан шетелдермен екі жақты қатынастар орнатуда белсенді шаралар жүргізді. Соның нәтижесінде 1993 жылы Қазақстан Республикасын егеменді ел ретінде 111 мемлекет танып, олардың 92-мен дипломатиялық қатынастар орнатылды. 2010 жылы Қазақстанмен 120-дан астам мемлекеттер дипломатиялық қатынастар жасады. Екі жақты және көпжақты сыртқы қатынастар 2009 жы­лы Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының сыртқы саясат концепциясы» негізінде жүзеге асырылуда. Бұл Концепцияда қазіргі халықаралық қатынастардың негізгі даму бағыттары анықталып, дипломатиялық қызметтің міндеттері көрсетілді. Қазақ­станның сыртқы саясатының негізгі мақсаты елдің ұлттық мүддесін қорғау екендігі ескертілді. Қазақстанның әлемдік қауымдас­тықтағы беделі, оның ядролық қарусыз ел ретіндегі статусына байланысты өсе түсті. Әлемде қуаты жағынан 4 орын алатын ядролық қаруларды Қазақстан АҚШ пен Ресейдің көмегімен 1995 жылдың 26 мамырында толық демонтаждап біт­ті. Қазақстан стратегиялық шабуыл қару­ларын қыстарту, ядролық қаруларды таратпау, ядролық сынақтарға тыйым салу туралы жалпыға бірдей келісім-шарттарға қол қойды. Қазақстан нақты шаралары арқылы әлем мемлекеттерін ядролық қауіп­ті жоюға шақырды. Қазақстанның әлем мемлекеттері ара­сында бірінші болып қуатты Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы арқылы өз ұстанымының айқын екенін көрсетті. Ол – ядролық қарусыз әлем құру. Қазақ­станның осындай саясатының үлгісін Ұлыбританияның Стэнфорд университетінің «Ядролық қатер­ді қыс­қарту жөніндегі бастама қоры» аса жоғары бағалады. 2011 жылы Лондонда болған Гувер институтының «Тежеу: өткені және келешегі» атты халық­аралық конференцияда ядролық қаруы мен қондырғылары бар 13 дамыған мемлекеттің ірі мамандары әлемнің барлық қайраткерлеріне Қазақстанның нақты бейбітшілікті қорғау тәжірибесіне үңілуі керектігін атап көрсетті. Қазақстан күшке емес, қажеттілікке негізделген жаһандық ұсыныстар жасауда. Семей полигонының 1989 жылы 29 тамызда жабылуы күнін БҰҰ Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жариялады. Қазақстан атом қуатын тек қана бейбіт мақсаттарға, қуат көзі ретінде пайдалану туралы ұсыныстар айтты. Соның бірі Ядролық отынның халықаралық банкін жасау. Ондағы мақсат төмен байытылған уранның кепілді қорын жасау арқылы атом электрстанцияларын салатын мемлекеттерге атом реакторлары қондырғыларын құруға көмектесу. Қазақстанның сыртқы саясат доктри­насына оның Ресей және Қытаймен шека­ралас болуы ерекше ескерілді. Ре­сей Федерациясы мен Қазақстанның құрлықтағы шекарасының ұзындығы 7,2 мың шақырымдай болса, Қытай Халық Республикасымен 1,7 мың шақырымдай ортақ шекара бар. Сондықтан, Қазақстан әлемдік басым державалар болып саналатын Ресей, Қытай мемлекеттерімен бейбіт, тең және ынтымақтастық қатынастарды орнатуға ерекше мүдделі. Ресей Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 17 желтоқсанында таныды. Ал, Қазақстан Ресейдің және одақтас республикалар тәуелсіздігін 1991 жылы 20 желтоқсанда танитындығын жариялады. 1992 жылы 20 қазанда Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа» қол қойылды. Екі ел бірін-бірі сыйлайтындығын, егемендігін және мемлекеттік шекаралардың мызғы­мастығын танитындығын жария етті. Осы келісім шарт негізінде екі елдің дос­тық қатынастары басталды. Қазақстан Ресейдің ең сенімді одақтасына айналды. Қазақстанда антиресейлік пікірлер айтылмады. Осындай лайықты қатынастар 1998 жылы 6 шілдеде Қазақстан мен Ресейдің арасындағы «Мәңгі достық пен ынтымақтастық туралы Декларацияға» қол қойылуына әкелді. 2000 жылдың басында екі ел өзара шекарасын толық демаркация жасау жұмыстарын аяқтады. 1991-2000 жылдар аралығында Қазақстаннан 1,2 миллиондай орыстар Ресейге, шетелдерге қоныс аударды. Қазір орыстардың ел халқындағы үлес салмағы 1991 жылғы 41 пайыздан 24 пайызға түсті, сөйтіп, орыстар, 6,1 миллианнан 3,9 миллионға кеміді. Екі жақ бұл құбылысты Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі табиғи эммиграциялық құбылыс деп бағалады. Азаматтардың өз Отандарын таңдауына ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Ел халқы өз азаматтығын өркениетті демократиялық принциптер негізінде шеше алды. Ресей Федерациясы 90-шы жылдардың басында Еуропалық экономикалық және сауда жүйесін тез арада интеграциялануды мақсат етті. Қазақстан да АҚШ пен Батыс Еуропаның ірі компанияларын өзі­нің шикізат рыногына еркін кіргізді. Алайда, 90-шы жылдардың соңында Еуропамен интеграцияланудың аса тез бола қоймайтындығына екі елдің де көзі жетті. Ресей мен Қазақстанның сырт­­қы саясаты бағытында өзара жақын­дасу үдерісі күшейе бастады. Ресей барлық ТМД мемлекеттерімен қарым-қатынастарды жақсартуды өзінің әлемдік саяси экономикалық құрылымдарға енуінің маңызды факторы ретінде бағалады. 1995-2001 жылдар аралығында Ресей мен Қазақстан Батыс мемлекеттеріне қарағанда өзара қарым-қатынастарды жақсартудың, Еуразиялық кеңістікте жаңа тұрпатты экономикалық, сауда және ақпараттық интеграциялану кеңістігін жасаудың қажеттілігін сезінді. Осы жылдарда екі ел арасында әскери-техни­калық саладан бастап, сауда-экономикалық, гуманитарлық салаларға дейін қамтыған түрлі келісім шарттарға қол қойылды. Ресей мен Қазақстан басшылары әр жылда 10-15 реттен түрлі дәрежедегі кездесулер мен келісімдер өткізіп отырды. Сонымен қатар, Ресейдің Орталық Азияға қатысты сая­сатын белгілеуде екі мүдделі топ әсер етті. Бірінші, Ресейдің бұрынғы ықпалын өзгертпей сақтауы, Орталық Азия мемлекеттерін Ресей құзы­рына ұсынту болса, екінші топ, мұндағы мемлекеттер өздерінің мәселелерін өз мүдделеріне сәйкес шешкенін дұрыс деп есептеді. Бұл позициялардың нақты көрінісі Ауғанстандағы оқиғаларға қатысты байқалды. АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізуіне байланысты Қырғызстан мен Өзбекстанда өз әскери базаларын, қоймаларын салу мәселесі көтерілді. Қырғызстан Манас әуежайының қасынан АҚШ әскери базасын тұрғызуға рұқсат берсе, Қазақстан өзінің әуе кеңістігі арқылы АҚШ-тың жүк тасымалдау авиация­сының ұшуына келісім берді. Жаңа геосаяси ахуалға қатысты, Ресей осы келісімдерге көнуге мәжбүр болды. Оның қуатымен әлі де әлем мемлекеттері есептеседі. Ресей Федерациясының Қазақстанмен ортақ шекарасымен қоса, 5 әскери-сынақ полигондары бар. Олар: 929-шы Мем­лекеттік жазғы сынақ орталығы (929 ГЛИЦ) Батыс Қазақстанда; «Эмба» полигоны Ақтөбе облысында; «Сары­шағын» сынақ полигоны Жамбыл, Қарағанды облыстарында; 4-ші мемлекет­тік сынақ полигоны (4ГЦП) Батыс Қазақстанда және ең ірісі «Байқоңыр» космодромы Қызылорда облысында орналасқан. Бұл космодром Ресейдің космостық бағдарламаларын жүзеге асыратын негізгі кешен ретінде белгілі. Ресейге Қазақстан «Байқоңырды» 20 жылға жалға беру туралы келісімге 1994 жылы 28 наурызда қол қойған. Болашақта бұл келісім ұзартылуы мүмкін. Ресей жағы Қазақстанға «Байқоңыр» кешені арқылы өзінің космостық бағдар­ламаларын жасауға және іске асыруға көмек көрсетуде. Қазақтың тұңғыш ғарыш­­керлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев Ресей топтарымен бірге «Байқоңырдан» ғарышқа сапар шеккені белгілі. Қазақстанның әскери сапар ғана емес сыртқы саудадағы негізгі әріптесі Ресей. Екі ел арасындағы сыртқы сауда айналысы 2010 жылы 15 млрд. АҚШ долларынан асқан. 2010 жылы 1 қаңтардан бастап Ресей, Қазақстан, Беларустің кеден одағының жұмыс істей бастауы өзара сауданы белсенді өсіретінін көрсетті. 170 млн. халқы бар үш елдің экономикалық қуаты 1,7 трлн. АҚШ долларына жетіп отыр /1/. Қазақстанның кедендік одақ құру арқылы Ресеймен интеграцияны күшейту саясаты нәтижелі болды. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, 2011 жылы екі­жақты сауда айналымының көлемі 23,8 млрд. АҚШ долларына жетіп, 2010 жылмен салыстырғанда, 42,3 пайызға артты. Қазақстанның Ресейге экспорты 47,8 пайызға өсіп, 7,5 млрд. долларға жетті. Қазақстанның бүкіл сыртқы саудасының 20 пайызы тек қана Ресейге тиесілі болды /2/. Қазақстанның сыртқы саясатында ерек­ше геосаяси маңызы бар тағы бір мемлекет – Қытай Халық Республикасы. Бұл елдер арасындағы ортақ шекараның ұзындығы 1700 шақырым, әрі тарихи көршілер. Екі ел де демократиялық модер­низация мен нарық экономикасын жасап, дамуға құлшына кірісті. Сондықтан, екі ел үшін де бейбітшілік, өзара татулық пен экономикалық-сауда әріптестігін дамы­ту пайдалы. Қытай өзінің батыс өңірі Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың дұрыс ықпал етуін қалайды. Шығыс Түр­кіс­тан өңірін қамтитын Ұйғырстан мемлекетін құруды жоспарлайтын ұйғыр сепаратистерінің мақсатына Қазақстан да түбегейлі қарсы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қытай бірден-бір қуатты социалистік мемлекет болып қалды. Қытайдың мақсаты әлемдік саясаттың негізгі ба­ғыт­тары түгел дерлік қамтыған АҚШ ба­сымдылығын азайту. Сондықтан ҚХР Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты қарым-қатынастарды нығайта отырып, бұл аймақтағы АҚШ ықпалының аз болуына мүдделі. ҚХР осы мақсатта Қазақстан тәуелсіздігін тез арада таныған мемлекеттер қатарында, Қытай әлемдік озық үлгілерді өзіне тез қабылдау арқылы елдегі демографиялық өсімнен туындайтын азық-түлік, тұтыныс пен тұрғын үй мәселелерін шешуге ұмтылуда. Экономикалық өсуінің зор қарқыны Қытайдан ұдайы шикізат, мұнай-газ өнімдерін, құрылыс материалдарын іздеуді талап етеді. Осы ретте ресурстарға аса бай көрші мемлекеттер Ресей мен Қазақстан Қытайдың ерекше назарында. ҚХР Ресей Федерациясымен тығыз ынтымақтастыққа баруы онымен бірігіп, АҚШ-тың әлемдік гегомондығына тосқауыл қою ниетіне де байланысты. Ал, Қазақстанмен Қытай «шыңжаң мәселесіне» қатысты ынтымақтасуды көздейді. Сонымен қатар, Қытай Қазақстанды Батыс Еуропаға тікелей ашылатын транзит ретінде де қажетсінді. Ал, Қазақстанға ұлы көршімен татулық және оның 1,5 млрд-тық нарық қуаты қажет болды. Қытайды, сөз жоқ, Қазақстанның энергетикалық қорлары қызықтырады. Ол Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеруге мүдделі. Осы мүдделіктің арқа­сында заманауи алып құрылыстар Атасу-Алашакөй мұнай құбыры, Батыс Еуропа – Батыс Қытай (ұзындығы 8,4 мың шақырым) автомагистралі өмірге келді. Бұл автомагистралдың 2,3 мың шақырымға жуығы Қазақстанның 5 облысын басып өтеді. 2010 жылы Қытайдың мұнай ком­панияларының Қазақстанның Батыс өңіріндегі мұнайды өндірудегі үлес сал­мағы 23 пайызды құрады. Қытай ком­панияларының Қазақстан мұнайының 1/3 жуығын иеленуі екі ел арасындағы экономикалық-сауда байланыстарын одан сайын нығайта түсті. Қытайдың мұнайға зәрулігі өскен сайын, оның Қаз­ақстанға деген қызығушылығы арта түсуде. Екі ел арасындағы байланыстардың белсенділігін 20 жыл ішінде Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қытайға 11 рет, ал Қытай басшылары Цзян- Цимин мен Ху Цзин Таоның Қазақстанға 7 рет ресми сапарларымен келгендігі дәлел­дейді. Қытай Орталық Азия ау­мағын­дағы өз ықпалын арттыруды күш көрсету немесе әскери қуатпен қор­қы­ту саясаты арқылы емес, өркениетті ел­дерге тән инвестициялар құю, сауда көлемін арттыру, ақпарат пен технология алмасу, экономикалық ынтымақтасудың жаңа жолдарын игеру саясаты арқылы іске асырамыз деп жариялауда. Қытай Қазақстанның шекаралық біртұтастығы мен мемлекеттілігіне қол сұқпайтындығын мәлімдеді. Қазіргі Қытай «ХХІ ғасырдың геосаяси өзгерістеріне тән бағыт-бағ­дар ұсынатын мемлекетпіз, бізге агрес­сия, экспанция құбылыстары жат» деген ұранмен әрекет етуде. Қытай өзі ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан көр­ші кішкентай мемлекеттерді жұту саясатынан бас тартқандай сыңай таны­туда. Қытай «айдаһары» жалынымен ешкімді шарпымайтын бейбіт айдаһарға айналғандай. Оның айғағы Қытай басшы­лығының Қазақстанға көршілес аймақта орналасқан Лобнор ядролық сынақ поли­гонын жабуы. Қытай басшылығы бірнеше мәрте Қазақстанға ұзақ мерзімдік кредит берді. 2009 жылы Қазақстан Қытайдан 10 млрд. доллар көлеміндегі қарыз алғаны белгілі. Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан шыққаннан кейін, Қытаймен тығыз эко­но­микалық, сауда, инвестициялық қа­рым-қатынастар жасай бастады. 2010 жылы Қытайға экспортталған Қазақстан тауарларының құны 17,5 млрд. долларды құраған. Ал, Қытайдан импорттайтын тауарлар 27,6 млрд. доллар болған. Экс­порт-импорт қатынастарындағы кері сальдо 10 млрд. доллардан артық. Қытай мұнай, уран өнімдеріне ерекше ден қоюда. Қазақстан оған стратегиялық шикізат сатуға мәжбүр. Ал, Қытай негізінен өндіріс тауарлары мен тұтыныс заттарын өткізуде. Қазақстанның тұтыныс рыногын Қытай өнімдері басып алған. Германия мен АҚШ-тан кейінгі инвестиция көлемі жағынан үшінші орында Қытай тұр. Қазақстанның Қытаймен жақсы экономикалық байланысы оның транзиттік қуатын күшейте түсуде. Түркіменстан, Өзбекстан газы Қытайға қазақ құбырлары арқылы жеткізілуде. Қытай тауарлары Ресейге, Украина мен Беларусияға Қазақстанның транзиттік дәлізі арқылы өтуде. Транзиттік тасымал пайдасы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының іске қосылуымен тіптен арта түспек. Қытай Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде бағалауда. Екі елдің қауіп­сіздігі мәселелері ШЫҰ, АСӨЫК (Азиядағы сенім және өзара ынты­мақ­тастық кеңесі), БҰҰ шеңберінде үнемі талқыланып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымын 2020 жылы 40 млрд. долларға жеткізу жоспарлануда. Тәуелсіз мемлекет ретінде 20 жыл өмір сүрген Қаз­ақстан экономика мен саясатта Қы­тай экспанциясын немесе қысымын сезініп отырған жоқ. ШЫҰ қызметінің арқа­сында екі елдің аймақтық қауіпсіздігін нығайту мәселелеріндегі ынтымақтасуы күшейе түсуде. Қытайдың Сыртқы істер министрі Си Цзиньпин «екі ел арасындағы қатынастар үлгі боларлық деңгейде, Қазақстан Қытайдың сыртқы саясатының ма­ңызды басымдылықтарының бірі», – деп атап көрсетті. Ал, Қытайдың әлемдік экономикалық державаға айналуға ұмтылуы, валютасы юанның әлемдік валютаға айналуы үде­рісі Қазақстанның Қытаймен қарым-қаты­насының нығая беруіне негіз бол­мақ. Қазақстан әлемдегі ең қуатты держава Америка Құрама Штаттарымен де тату­лық, ынтымақтастық және әріптестік қатынастарында болуды мақсат тұтады. АҚШ-пен достық байланыста болу елдің геосаяси және геоэкономикалық мығым­дылығының кепілі деп есептелінеді. Се­бе­бі, АҚШ әлемдік экономиканың 30 пайызға жуығын иемденіп отыр. Оның валютасы ХХ ғасырдың 40-шы жылдарын басып әлемдік қаржылық айырбастағы негізгі валютаға айналды. Сонымен қатар, АҚШ әлемдік қуат ресурстарының 40 пайызын пайдаланып келе жатқан алып ел. 15 триллион долларға жуық жиынтық ішкі өнім өндіретін АҚШ – қуаты ең озық, тиімді технологияларды пайдалануға негізделген. Бұл алпауыт елдің алып экономикасы ұдайы шикізат пен қуат көздеріне зәру. АҚШ-тың неоимпериалистік сыртқы саясаты «американ халқының ұлттық мүд­делерін қорғау» ұранымен жүргізіліп келеді. ХХ ғасырдың соңында бұл саясат­тың құрбандығына Ирак, Ауғанстан, Югославия, Судан, Ливия сияқты мемле­кеттер айналды. Әлемдік терроризм қаупі, «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғау» ұранымен АҚШ билігі әлемнің кез келген нүктесінде өзінің мүдделік мәселелерін шешуге ұмтылуда. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Қаз­ақстан мен Орта Азия мемлекеттері АҚШ-пен стратегиялық мүдделері бар аймақ­қа айналды. АҚШ-тың бұл аймақтағы мүдделері келесі мәселелерге қатысты: – геосаяси бәсекелестік-аймақты Ресей Федерациясы ықпалынан неғұрлым та­зар­ту. Бұл елдерді Қытай ықпалына түсірмеу, қауіпсіздіктің еуроатлантикалық құрылымдарына тәуелді ету; – қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ынты­мақтастық орнатып, «әлемдік тер­роризмге қарсы соғысты» өршіту; – коммерциялық және энергетикалық мүдделерді қорғау. Әсіресе, мұнай-газ секторында АҚШ позициясын күшейту, қуат көздерін тасымалдау жолдарын неғұрлым әртараптандыру. Осылар арқылы АҚШ трансұлттық корпорацияларының мүдделерін қорғау; – Қазақстан мен Орта Азия елде­рін­де экономикалық және саяси рефор­малардың жүруіне ықпал ету. Осы арқы­лы бұл елдерде Батыстық саяси және экономикалық жүйені тану. Аймақтық мемлекеттердің егемендігін нығайтуды батыстық модельдермен қабаттастыра жүргізу арқылы бұл елдерді қауіпсіздік пен бейбітшілікті ғана жақтайтын мемлекет­терге айналдыру. – ядролық қарулар мен техноло­гия­лардың таралуына тосқауыл қою. Ядролық қауіпсіздікті нығайту, Қазақ­станның суммарлық қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық қарулар арсеналынан бас тартуын қуаттау; – Батыс демократиясы мен өмір салтын, нарықтық қатынастар мен либерализм идеологиясының Қазақстанда неғұрлым тереңдей енуіне жағдай жасау; – Қазақстанды американдық саясат басымдылықтарын мойындайтын, АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне нұқсан келтір­мейтін әріптес және одақтас мемле­кетке айналдыру; – Американың сыртқы саясаттық басым­дылықтары оның Қазақстанда геосаяси, геоэкономикалық және геостра­тегиялық мүдделері бар екендігін анық көрсетеді. Әсіресе, 2001 жылғы қыр­күйек­те Нью-Иорк қаласында болған ала­пат террористік актілерден кейін АҚШ басшылығы Ауғанстанда жақын орналасқан Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше ден қойды. Сонымен бірге АҚШ Қазақстанның мұнай-газ нарығында шешуші ойыншы болуды қалай отырып, өз инвестицияларын Қаз­ақстан экономикасының осы саласына бағыттады. АҚШ әлемнің әрбір аймақтарына тән ерекше саясат жүргізуге ұмтылды. Осы мақсатта оның барлық органдары мен дипломатиялық миссиялары ол елдің ұлттық ерекшеліктері мен халқының және билігінің психологиясын, дәстүрлерін, тарихын және ділін өте жетік зерттеп сараптайды. Бұл жұмыс, сол елдің қайшы­лықтарын, әлсіз жақтарын, демо­кратиялық, әлеуметтік, діни, этникалық шешіл­меген мәселелерін білуге көмектеседі. Анали­тикалық сараптамалар, талдаулар АҚШ билігіне сол елге қатысты тиімді саясат бағыттауға көмектеседі. АҚШ өзінің мем­ле­кет­тік және ұлттық мүдделерін іске асыруға қол жеткізеді. АҚШ үкіметі Қазақстанға қаржылық көмекпен бірге, өз инвестицияларын құйды. Тек 1999 жылы ЮСАИД бағы­тымен әрбір қазақстандыққа 2,15 доллар көлемінде көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда - 5,3 доллар, Тәжікстанда - 1,73, Түркіменстанда-1,72, Өзбекстанда – 0,81 доллар болды. 2002 жылы 100- ден астам американдық компаниялар Қазақстанда өз өкілдіктерін ашып, 350-дей біріккен кәсіпорындар құрылды /3/. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақ­стан мен АҚШ Президенттері 8 рет кездесті. Алғашқы кездесу 1992 жылы болды. Осы кездесулер барысында бірне­ше екіжақты келісімдерге қол қойды. Демократиялық әріптестік туралы Хар­­тия, Экономикалық әріптестік іс-қи­мылы жөніндегі бағдарлама, «Жаңа қазақстандық-американдық қатынастар туралы» екі ел Президентінің біріккен мәлімдемесі, т.б. құжаттар. АҚШ Қазақстандағы ядролық қару арсеналының тез арада Ресейге жеті­луіне және оның басқа бөтен елдерге таратылып кетпеуіне ерекше мүдделі болуда. Қазақстанның ядролық қарудан азат болуы әлемдік қауіпсіздік жүйесінің нығая түсуіне өз ықпалын тигізеді. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында АҚШ өзінің Қазақстанмен қатынастарын тек прагматикалық тұрғыдан жүргізді. Ол үшін АҚШ-тың Орталық Азиядағы рөлінің басым болуы ғана бірінші кезекке шықты. 1994 жылы Қазақстан Ядролық қаруларды таратпау туралы келісім-шартқа қол қойып, 1995 жылы өз жеріндегі ядролық қару­ларды (1200-дей ядролық соғыс за­ряд­тары) шығарғаннан кейін, АҚШ-тың Қазақстанға деген ынтасы біршама әлсіреді. Екі ел қатынастары біршама баяулап, АҚШ басшылығы негізінен Қазақстандағы демократиялық үдерістің дамуына баға берумен болды. Ал, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ға­сырдың басында әлемдегі геосаяси күш­­тердің ара салмағы өзгеруіне бай­ла­нысты, 10 жылдай мерзімдегі АҚШ-тың бір жақты басымдылығы аяқталғаннан кейін, оның Қазақстанға жаңаша қатынасы басталды. АҚШ үшін Қазақстанның бай шикізат ресурстарын пайдалану керек болды. АҚШ Қазақ­станның Орта Азия аймағындағы Батыс пен Шығысты, Сол­түстік пен Оң­түстікті жалғастырушы геосаяси орны­ның маңыздылығын түсінді. Әсіресе, Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеру­ге АҚШ мүдделілік танытты. АҚШ өзінің негізгі бақталастары Ресей мен Қытайдың Орта Азия аймағындағы рөлінің артуын шектеуді мақсат тұтты. АҚШ Қазақстанмен экономика және қауіпсіздік салаларында нақты байланыстар орната бастады. АҚШ экономикасы үшін жаңа қуат көздерін іздеу зәрулік. Се­бебі 2001-2020 жылдар аралығында бұл елдің мұнай өнімдерін тұтынуы 33 пайызға көбеймек. Сондықтан, АҚШ-қа мұнайды алудың түрлі альтернативті, балама жолдарын іздестіру маңызды. Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай мен газды импорттау емес, басқа мемлекеттердің сутекті қорларын пайда­лану қажеттігі туындауда. 2011 жылы Қазақстан әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойын­ша 9-шы орынды иемденеді /4/. АҚШ Қазақстанның мұнай-газ сек­торымен қатар, түсті металдар мен уран өнімдеріне де қызығушылық танытады. Сондықтан, АҚШ компаниялары алдағы 10 жылда Қазақстанға жыл сайынғы тіке­лей инвестициялар көлемін 20 млрд. долларға жеткізбек. АҚШ әсіресе Каспий аймағындағы аса бай газ қорларын игеруді мақсат етеді. Каспий аймағына кіру арқылы АҚШ Қазақстанмен қатар, Әзірбайжан, Түркіменстан сияқты мемлекеттерге өз ықпалын күшейтпек. Осымен қатар, Иран мен Ресейдің Каспийдің мұнай-газ қор­ларына деген үстемдігін шектемек. Қазақстанның көмірсутекті қорларын игеру АҚШ-қа экономикалық жағынан ғана емес, саяси жағынан да ұтымды. Ол өзінің бәсекелестері Ресей мен Қытайдың дәл қасында отырып энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік алуда. АҚШ Иран мен Ресейге соқпайтын мұнай-газ құбырларының болуына мүдделі. Қытайдың Орта Азияға экономикалық экспанциясын азайтуды да көздейді. Осы себептерге байланысты, Қазақстан АҚШ-тың сыртқы саясат доктринасында маңызды басымдылықтардың біріне айналды. АҚШ Қазақстанмен ядролық қару­ларды таратпау мәселесіне қатысты да ынтымақтасуға мүдделі. Елдің Ауған­станға жақын орналасуы да, оның нарко­трафикке және халықаралық тер­роризмге қарсы күрестегі рөлін артты­рады. АҚШ Қазақстанда бар бейбіт ядролық техно­логиялар мен құрал-жабдықтардың әлемдік қауіпті күштерге қолды болып кетпеуіне мүдделі. Әсіресе, террористік топтар осындай «екінші бөлшектерді» пайдалануға мүдделі. АҚШ Ауғанстандағы Талибан қозғалысын күйретуге мүдделі. Себебі, әлемдік қауіпке айналған тәлибтер «Әл-Кайда» террористік ұйымының әлеуметтік-саяси тірегіне айналды. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскері мен Батыстың каолиция күштері бұл елдегі жағдайды рет­теуге қауқарсыз болып шықты. Сондықтан, АҚШ билігі Ауғанстан мәселесін бейбіт реттеуді қолдайтын Қазақстан сияқты мемлекеттердің мәміле­герлік, бейбітшілік миссиясына зәру. Бұл ретте Қазақстан біршама нақты ұсы­ныстармен шықты. Ауғанстанға эконо­микалық, азық-түлік көмегімен қатар, кадр­лер даярлауда көмек көрсетілуде. Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынастарының жандана түсуіне екі ел басшыларының және Сыртқы істер минис­трлерінің екіжақты кездесулері ықпал етуде. 2012 жылы ақпан айында ҚР СІМ Ержан Казыханов Вашингтонда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесті. Қазақстан-американ ынтымағының 20 жылда ядролық қаруды азайтуға, Ауғанстанды қалпына келтіруде, аймақтық жобаларды іске асыруда жеткен жетістіктері көрсетілді. Екі мемлекет саяси, сауда-эконо­ми­­ка­лық, мәдени-гуманитарлық, энер­гетика, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-техникалық кооперация арқылы өнді­рісті әртараптандыру мәселелерінде ынтымақтасуды тереңдете беруді жос­парлады. АҚШ университеттеріне Қазақ­стандық студенттердің оқуына кең көлемде жағдай туғызылатын болды. Пайдаланылған әдебиеттер: ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2011жылы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру жолындағы әдістемелік құрал. Алматы, 2011. – 208б. Абдрахманов С. Тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған // Егемен Қазақстан. 2012. 18 наурыз. 3 бет. Токаев К. Партнерство в эпоху перемен // Казахстанская правда. 2002. 27 апреля. С.2. Кожумов К. Три стопа казахской нефти // АиФ Казахстан. №49. с. 6.

5342 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз