• Ұлттану
  • 09 Тамыз, 2016

Арабқа тұрмысқа шыққан қазақстандық қыздар көріп жатқан сұмдықтарын ашты

Арабтарға тұрмысқа шыққан қазақстандық үш қыз бастан өткерген оқиғаларын NewTimes.kz басылымының тілшілеріне айтып берді.

Олардың бірі - Талдықорғанның 29 жастағы тұрғыны Дарина. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мың теңгеден жоғары жалақы үшін барыпты. Сол жақта ол орта жастағы байқуатты арабпен танысады. Сөйтіп, ер адам бір ай өткенде оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс айтқан. Осылайша тіршіліктің қамын ұмытып, қоластында қызметшісі бар зәулім үйде күйеуінен әшекей бұйымдар мен ыстық махаббаттың рақатын көру туралы мүмкіндік пайда болады. Ал ең бастысы - оған бала босанып беру, ұл бала. 

"Менің күйеуім байқуатты адам, сағаттап жалақы алады. Үшінші әйелге бар мүмкіндігі жетеді, алайда қазір ол бізге тіпті интернеттің төлемін де бермейді. Некелескенімізге бірнеше жыл болды, үш баламыз бар, ең жаманы, ешқайсысы әкесіне ұқсамаған, барлығы ашық реңді. Қыздарымды тіпті адам екен демейді, жақтырмайды. Балаларым болса мектепке де бармайды, оқуына әкесі бола тұра ақша бергісі де жоқ. Ақшасы жоқ емес, тұрмысымызды әпсәтте көтеріп тастайтын жағдайы бар, мектеп пен Интернеттің ақысын төлеуге, көшеде еркін серуендеуіме жағдай жасай алады. Бірақ қаламайды", - дейді Дарина. 

Ал Шымкенттің 27 жастағы тумасы, алайда қазір Дубайда тұратын Маржан оқиғасын былай баяндайды: "Әмірліктерде шетелдіктер тек екінші әйел бола алады, жұрты шариғат заңы бойынша араб қыздарының бірінші әйел болуын құп көреді. Күйеуім бай адам, бірінші әйелі бар. Дубайдағы өмірімді бұлай елестетпеппін. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бала босанып бергеннен кейін өзгеріп шыға келеді. Күйеуімнің рұқсатынсыз ешқайда да шыға алмаймын. Өз еркім жоқ, ол қалаған киімді киемін. Ол талап еткен асты ғана ішемін. Үй жануары секілдімін. Арабтардың әйелдерінде ешқандай да құқық жоқ. Жұмыс істеуге тыйым салды. Бар шаруам - үйде отыру, ешқайда шықпай, күту ғана. Жұмысында бір мәселелер шығып қалса да, басқа қиындықтары туса да, мен кінәлі болып шыға келемін. Соңғы кездерден бері қол көтере бастаса камераға түсіріп алуға әдеттендім. Полиция шақырғаннан кейін ғана сабасына түседі. Бірақ балаларымды жақсы көреді. Көңілге медет болатыны осы ғана, осы үшін ғана өмір сүремін". 

Оның айтуынша, Әмірліктерге Қазақстаннан барған қыздар өте көп екен. Әйелдер өзара байланысып, бір-біріне қолдау білдіріп жүреді екен. Тәжірибе алмасып, кеңестер айтады. 

Басылымға сұхбат берген үшінші қыз - Қостанайдың 31 жастағы тумасы - ажырасып кетсе де, Дубайда қалып қойыпты. "Ұрып-соғып, үркіткеннен кейін осыған бел будым. Осылай тағы жалғасқанда қызым екеуміз аман қалмас едік. Бақытымызға орай, зорлық-зомбылық көргенімді дәлелдей алдым, сөйтіп қана ажырастық. Балам ұл болғандықтан, оған оңайырақ, себебі бұл елде 70 пайыз ерлер, қалған 30 пайызы ғана әйелдер. Балаларыма мемлекет баспанасын төлейді, тамаққа чек береді, мектебін де төлейді, медициналық қызметін де төлеп береді. Мен Қазақстан азаматшасы болғандығымнан, ем алуға қызмет тегін емес, тек жеңілдік алып тұрамын, себебі арабтың балаларын тәрбиелеп отырмын", - дейді аты-жөнін атағысы келмеген қыз.  

Басылымның мәліметінше, бұл оқиғалардан асып түсетін жағдайлар бар. Әйелдер мүгедек болып қалатын немесе өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін жағдайлардың болғанын айтады, себебі, араб елдерінде ер адамдарға сот жоқ екен.

"Алайда қыздар күйеуге шығу туралы райларынан қайта ма деген сұраққа біркелкі жауап қатпайды. Соған қарағанда, балалары үшін және байқуатты өмір үшін қазақстандықтар осындай қатыгездіктерге төзуге де дайын. Әмірліктердің билігі араб балаларының аналарын аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз қалдырмайды, дейді қыздар. Мұндай өмір үшін олар бостандықтарын да қиюға дайын", - деп жазады мақала авторы.

Tengrinews.kz

Толығырақ:https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/arabka-turmyiska-shyikkan-kazakstandyik-kyizdar-korp-jatkan-271787/


Материалды көшіріп басқанда Kaz.tengrinews.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.

347 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз