• Заманхат
  • 15 Қыркүйек, 2016

Әлихан Бөкейхан һәм Абайтану әлемі

Рақымжан Тұрысбек, 
филология ғылымдарының 
докторы, профессор.

Абайтану – әдебиеттану ғылымының арналы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді.  Қысқа еске алсақ, Ә. Бөкейханның «Абай / Ибрагим / Құнанбаев» атты мүнаһиб (азанама-не­кролог) мақаласы(1), А.Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» (2 ), М. Дулатовтың «Абай» ( 3),  М.Әуезов  пен  Ж.Аймауытұлының «Абайдың өнері һәм қызметі» (4) атты мақа­лалары, сондай-ақ  І.Жансүгіровтың «Абай кітабы» («Тілші», 1923, 8 мамыр), С.Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер!» («Еңбекші қазақ», 1923, 1 наурыз), Ы.Мұстамбаевтың «Абай» («Жаңа әдебиет», 1928, №7-8),  Қ.Жұбановтың «Абай-қазақ әдебиетінің классигі» («Әдебиет майданы», 1934,  №  11-12) т.б.  ХХ ғасырдың бас кезеңінде-ақ Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы хақында кең көлемде сөз етті.


Абай мұрасы – ХХ ғасырдың өнбойында сөз етіліп (әр алуан бағаланып, қилы көзқарастар да орын алды ), арнайы зерттеулер жүйесін құрады.  Бұл ретте, сөз жоқ ұлт  зиялылары, ақын-қаламгерлер, ұстаз-ғалымдар белсенділік көрсетті (мысалы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Б. Кенжебаев, Ы. Мұстамбаев, Ғ. Тоғжанов,  І. Қабылов, Қ. Жұбанов, М.Ақынжанов, Ә. Жиреншин, Қ. Бейсембиев, М. Ритман, М. Сильченко, З. Ахметов, Ы. Дүйсенбаев, Т. Әлімқұлов,Қ.Мұхамедханов, М. Мырзахметов, З. Қабдолов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, М.Базарбаев,Р.Бердібаев,С.Қасқабасов, Ж.Ысмағұлов,Р.Нұрғали,Г.Бельгер, Д.Досжан,Қ.Салғара,Б.Байғалиев,Т.Жұртбай,Т.Шапай,А.Шәріп т.б.). «Абай» энциклопедиясы жарық көрді (5). Еліміздің жер-жерінде һәм алыс-жақын шетелдерде – Абай орталықтары, зерттеу инс­титуттары бар. Еңселі ескерткіштерді де жиі кездестіруге болады. Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы Абайтану тарихы мен тағы­лымы дегенде,  бастапқы тұста – Алаштың арда­ғы, әмбебап тұлға, ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан тұрады (6). Алдымен айтарымыз, Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын орыс оқырмандарына тұңғыш таныс­тырған Әлихан  Бөкейхан еді (1).
«Абай (Ибраһим) Кунанбаев» -  мүнаһиб (некролог) мақала, алдымен Семейдегі - «Семипалатинский листок»  газетінде 1905 жылы 25, 26, 27 қараша күнгі  250-252  сандарында жарияланады. Бұдан соң   «Семипалатинские областные ведомости» газетінде (1906 жыл) қайта басылады.  1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела  Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О.»  атты кітабынан орын алды. Қазақ тілінде де жарияланды - «Жұлдыз» (аударған - Т.Жұртбай) -1991, №  9; «Абай» (1993, №  2). Бұдан басқа -  « Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы» кітабына енді (Абай (Ибраһим) Кунанбаев (Мүнәһиб-Некролог). - Алматы: Қазақ  энциклопедиясы,1995. - 307-310 беттер); Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Қазақстан,1994. - 384 бет. Ә.Бөкейханның өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылық мұрасына қатысты еңбектерде тиісінше сөз етіледі (7).
Абайтану мен оның тарихына ден қойған тұста, ақын мұрасының бастапқы кезеңі -  баспасөзде көрініс бергенін еске алған жөн (мысалы, Абай. Сынағандағы аттың сыны (Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ),  Бүркітші (Қансонарда бүркітші шығады аңға) Кнәз бен Зеғипа. Қазан,1897. - 12-15 бет; «Дала уалаяты газеті»,1889; Тобықты Ыбрай марқұмның өлеңдерінен // Зейнел-Ғабиден ибн һамре әл-Жауһари әл-Омскауи.- Уфа: Насихат-казакия, 1909 т.т.) (8).  Ал , Абай өмірбаянын алғаш жазған – Кәкітай Ысқақұлы мен ақынның өз баласы Тұрағұл еді   Қараңыз: Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері). Бастырған Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғыл­дары.  СПБ, Восточная электропечатная  И.Бороганского,1909).
Біздіңше, Абайтану мәселесін қарастыр­ған кезде, ақын мұрасына оралған тұста мұның ұлттық һәм әлеуметтік мәнімен бірге, мәдени-рухани құндылықтардың қа­дір-қасиетін айқындауда, БАҚ жүйесі мен жекелеген адамдардың жанашырлығы мен жауапкершілігі де назардан тыс қалмағаны абзал.Осы реттен алғанда, Кәкітай мен Тұрағұлдың есімі мен еңбегі ерен, ақын мұрасын жеткізудегі жанкешті әрекеттері қолдау мен құрметтеуге әбден лайықты дер едік.Атап айтқанда, К.Ысқақұлының Абай мұрасын қолжазба түрінде елге таратуы мен насихаттауын атап айту аб­зал. Абай мұрасының алғашқы кезеңінде – Алаш ардақтысы Ә.Бөкейхан есімі мен еңбегінің мәні зор. Ойға алсақ: «...Абайдың көзі тірісінде, нақтылап айтсақ  1903 жылы ұлы ақынымызды орыс оқырмандарына тұңғыш таныстырған да осы – Әлихан Бөкейханов еді. Дерекке сүйенсек, атақты ғалымдар П.П.Семенов-Тянь-Шанский және академик В.И.Ламанскийдің басқа­руымен:  «Россия.Полное географическое описание нашего отечества» атты көп­томдық кітаптың  «Киргизский край»  деп аталатын қазақ тарихына арналған  18-ші томының  «Население»  атты бөлімін жа­зыс­қан жалғыз қазақ та  Әлихан еді. Осы бөлімде халқымыздың тарихы, мінез-құлқы мен әдебиеті жайлы айта келіп, ұлы Абайға ерекше ден қоятыны белгілі. Мұнымен қоса бұл еңбектің Санкт-Петербургте басылып шыққанын да ескеруіміз қажет.
Абай дүниеден өткен соң да  арнайы  «Азанама»  жазып, алдымен Семейде, онан кейін  «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического Общества» деп ата­латын кітапқа ақынның өмірбаянын суре­тімен қоса жариялайды» (9.3-4). Ал, Ә. Бөкейхан  «Кәкітай»  атты мақаласында оның жастық кезеңін, қабілеті мен қайратын, әсіресе Абай әлеміне адалдығын айрықша атайды: «Кәкітайдың әкесі Ысқақ – ақын Абайдың інісі. Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баураған. Абай қасында жүріп мектеп көрді. Кәкітай орысша оқи да, жаза да білген. Абай білетін Европа жазушыларымен  Кәкітай таныс еді. Ыждаһаттылық арқасында сөзге ұста болды. Топта орысша сөйлеуге қысылмайтын. Сөз білетін еді.
Әуелі Кәкітайды  1900 жылы күзді күні көрдім. Қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы  Біләлді гимназияға берем деп Семейге келген-ді. Онда заман тыныш, тұң­ғиық. Біз сынаса алмадық.
1904 жылы  Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым. 1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді. 1905 жылы жазғытұрғы сая­сат ісі қалай болғанын біздің  «Қазақты»  оқушылар біледі . Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам бірге болдық. Анық таныстық» (10). Әдебиеттанушы – ғалым Қ.Мұхамедханов:  «Абайдың өмірбаяны революцияға дейін Семейдің өзінде орыс тілінде екі рет (1905, 1907 ж.ж.) басылғаны, Кәкітай жазған өмірбаяны қазақ тілінде  1909 жылы басылғаны мәлім...
Абай – ұлы ақын, қазақтың жазба әдебиеті­нің көшбасшы көсемі екенін орыстың алдыңғы қатарлы мәдениет қайраткерлері ақынның көзі тірісінде-ақ танып білген. 1903 жылы «Россия Полное географическое описание нашего отечество.Том ХҮ111. Киргизский край» деп аталатын кітапта жазған (202-бет)», – деп нақтылай түседі (11.330). Асылы, Абайтану әлеміне енген тұста-әдебиет тарихшысы, Абайтанушы, ұстаз-ғалым Қ.Мұхамедхановтың есімі мен еңбегін атап өту абзал. Әсіресе, «Абай төңірегіндегі ақындар», «Абай шығармаларының текс­тологиясы жайындағы» зерттеулерін (Көп­­томдық шығармалар жинағы. 1-том.-Алматы: Алаш, 2005.-352 бет), «Абайға бай­­ланысты кейбір деректер», «Бәріміздің Абайымыз», «Абайдың бір өлеңі» атты мақалаларын (сонда, 2-том.-299-338 беттер) қайта қараған тұста: Абай мұрасы мен мирасына құштарлығы мен сүйіспеншілігін сезінумен бірге, іргелі ізденістерін, ерен еңбе­гін, жанашырлық пен жауапкершілік жүгі­нің ауырлығын да айқын аңғарар едік. Ғылым мәні  мен ғалым қайраты, ізденіс мұрат­тары мен нәтиже жемісі де танылар еді.
Ә.Бөкейханның Абай әлеміне еркін ден қойып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты  қағидалы көзқарас білдіргені, ұлт руханиятындағы орын-үлесін айқындағаны арнайы әдебиеттер мен зерттеу жүйелерінен кең орын алады. Атап айтқанда,  «Қазақ әдебиетінің тарихында»: «Қазақтың данышпан ақыны  Абай туралы баспа жүзін көрген алғашқы ең толымды, терең, ғылыми еңбек  Әлихан Бөкейханның   «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» («Семипалатинские областные ведомости», 1906, 250-252) деген  орыс тілінде жазған мақаласы.
Шындығына келгенде, Абай мен Әлихан­ның жас айырмасы біржарым мүшелдей ғана, екеуі де бір атыраптың – Семей губерниясы,  Қарқаралы уезінің адамдары, сондықтан бұлар­дың көзі тірісінде ұшырасуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал,  бірақ ондай сөзді Әлихан жазбайды. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, ағаларының балалары  Шәкәрім, Кәкітайлармен қалай таныс­ты, қалай достасты, қалай хат жазысты – бұлар туралы анық деректер келтіреді...
Балаларына білім беруді мақсат еткен  Абайдың ұлы  Әбдірахманды Петербургте  оқытуын, ол азаматтың қыршын кетуін,  Мағауияның өлімін,тіршіліктің  көп күре­сі­нің қажытып, ақыры данышпан ақынның опат болуын айта келіп, Әлихан Бөкейхан  Абай шығармалары  Европаның ең атақты ақындарына абырой-даңқ әперер еді деген байлам жасайды» (12. 173-174 ).
«Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» атты қос томдық кітапта  Абай мұ­­ра­сының маңызды тұстары айқын­далады: «Ә.Бөкейхан-тұңғыш  абайтанушы екені сөзсіз. Әдебиетші  Абай шығар­машылығын жаңа ұлттық әдебиеттің басы деп түсіндірген. Сондықтан, бұл асыл мұраны жинап, халыққа таратуды міндет деп санаған. Абайдың есімі мен шығармашылығын орыс қауымына алғаш рет паш еткен  Ә.Бөкейханның  Абайдың лирикасын  еуропалық  классикалық үлгі­лермен тең қоюы да сондықтан. Абай­дың қайтыс болуына бір жыл  толуына байланысты  жазылған   «Абай /Ибраһим/ Құнанбайұлы»  мүнәһиб-мақаласы күні бүгінге дейін  абайтанудың тұңғыш зерттеуі болып келеді. Әдебиетші  Ә.Бөкейханның атсалысуымен  Абайдың тұңғыш жинағы 1909 жылы сол кездегі  Ресей астанасы  Санкт-Петерборда жарық көрген»  (13. 169). Ал, Ә. Бөкейханның  Абайтанушы ретіндегі еңбегі, ақын мұрасының мирасқор-жанашыры болғаны – «Алаш»  қозғалысы»  атты  анықтамалықта айқын көрсетіледі:  «...Әлихан  тұңғыш  абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, лебі деп түсінді, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп бағалады. Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға  атсалысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың  1909 жылы  Санкт-Петербургте басылып шығуына қолұшын берген (14.  22).
Орайлы тұста еске алсақ, Ә.Бөкейхан  «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» (Мүнәһиб-не­кролог) («Семипалатинский листок», 1905, 25, 26, 27 қараша, № 250-252) атты мақаласында қазақ руханиятының көгіндегі жарық жұлдыз, ақындық өнердің үздік үлгісі, ұлттық мақтанышымыз – Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын алғаш рет қалың көпшілікке таныстырып, ақынның жаңашылдық қырларын, тақырыптық ерекшеліктерін, көркемдік-поэтикалық қуатын, өзіндік өзгешеліктерін кезең-уақыттың өзекті мәселелерімен байланыста байыпты сөз етеді. Мақалаға алғы сөз жазып, аударған – Т.Жұртбай  (« Жұлдыз»,1991, №   9.-  110-114 беттер ).
Ә. Бөкейхан мақаланың бастапқы бөлігінде: Абай Құнанбаевтың – Семей өңі­рінде, Шыңғыстауда өмірге келгенін, әже­сінің еркелетіп – Абай атағанын еске алады.Отбасылық өмір, қоғамдық орта көрсетіледі.
Мақала авторы ақын өмірге келген ортаны, әсіресе бабасы мен атасы, өз әке-шеше­сі туралы кеңінен көрсетеді.Қоғамдық орта, отбасылық өмір, арғы-бергі кезең хақында төмендегіше жазады: «Абай әке жағынан алғанда тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында  ХVII  ғасырдың елуінші  жылдары Түр­кістаннан аса құнарлы, жайылымы мол  Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде  танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да  жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұ­қымдарының сұлтандарына ғана тән лауа­зым – Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Меккеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұның өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түседі.
Абайдың шешесі Ұлжан да Бошан руының затты тұқымы Бертістен тарайды. Ол да Ырғызбай сияқты Қаракесек руын Қарқаралы уезіндегі Қу, Едірей, Мыржық тауына бастап келген. Абайдың шешесі Ұлжанның төркіні қушыкеш Қантай мен Тонтайдың  есімі қазақ даласына кеңінен мәлім». Біздіңше, Абай өскен орта, ататек мұраты, халықтық салт-дәстүрлер, отбасылық өмір иірімдері т.т. нанымды жеткізіледі.
Ақынның қайтыс болған мезетіне  де мән береді: «Абай алпыс  жасқа қарағанда қайтыс болды. Ол 1845 жылы (жылан жылы) туып, 1904 жылы (қоян жылы) қайтыс болды».
Автор Абайдың 10-12 жаста хат танығанын, Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түскенін,  орыс мектебінен дәріс алғанын,онда да зерек,зейінді болғанына назар аударады.Әкесінің жанында жүріп, ел ісіне араласқанын, қазақтың әдет-дағды, дәстүр-салтын меңгер­генін, би-шешендер жүйесімен ділмар атан­ғанын, Ислам дініне ден қойғанын, халық әдебиеті үлгілеріне қаныққандығын, білім - білігін әр алуан бағыттарда арттырғанын айрықша атайды. «Құнанбай семъясындағы діни пікірлер мен ғұрыптар, әкенің үстемділігінің күші-Абайдың ислам әдет-ғұрыптарының бүркеншік қасиеттерін сезінуге жол ашты. Абай отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байлары мен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін  беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаумен болды. Абай өз отанының сап алтыны еді, дауға да, партия таласына да әділ төрелік айтты». Бұдан кейінгі жерде, атап айтқанда мақаланың біраз бөлігі – елдегі ақындық пен ақынсымақтар төңірегінде өріс алады. Оның өзі көбінде бақсылық бағытында,  байлық пен билік маңында, «байдан мал қанап  алатын» өлеңшісымақтардың болғанын айтады. Мақтау өлеңнің өріс алғанын, мақтаусымақтық сыр-сипаттары айқындалады.Автор ақындық өнер мұратына мән береді.Талант табиғаты мен қуатын, жанрлық жүйесін, көркемдік қырларын ашады.Ақын әлеміне  мән береді.
Абайдың орыс достары-Михаэлис пен Гросс,олар арқылы Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенов, Белинский, Достоевский, Добролюбов , Салтыков - Шедрин, Писарев т.б.шығармаларымен танысады .Олардың арасында  Михаэлисті өзіне жақын тұтады. Лермонтовты тұшына оқып,оның  «Ой», «Қанжар», «Дұға» өлеңдерін, Крыловтың мысалдарын аударады. Абай Толстой мен Салтыковтың талантына бас иді. Орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына арнап,қазақ балаларының парақор болуға ұмтылатынын сықақ етіп, Толстой мен Шедрин болуға меңзейді. Автор Абай мұратының орыс достары мен олардың шығармашылық әсер- ықпалы арқылы дамып,арналы ағыс құрағанын да еске алады. Халықтар достығының маңызын,оның Абай әлемінен көрініс табуын құптарлық көріністер қатарына жатқызады.Атап өтер жайт: Ә.Бөкейхан Абай әлеміне ену негізінде орыс әдебиетінің,ондағы бірқатар белгілі қалам қайраткерлері шығармашылығына назар аударады. Абай ден қойған, мәдени-рухани нәр алған бастау-қайнарларға, аударма мұрасына, көркемдік мұраттар мен  құндылықтарға маңыз береді. Сабақтастық сырларын ашады. Мақалада Абай балалары, оларды оқу-білімге тарту, тәлім-тәрбие беру мәселесіне көңіл бөлінеді. Алдымен ақынның өзі дер кезінде оқу-білімді ала алмағанына назар аударылады:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім,-десе, баланы оқыту мен тәрбиелеудің маңызын былай ашады:
Адамның бар қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім,
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын,шен алсын деп бермедім.
Автор Абайдың Әбдірахман, Мағауия балаларының, олардың өмірге, оқу-білімге құштарлығын, үмітті ұлдар екендігін былай білдіреді: «Әбдірахман  қалалық училищені бітіргеннен кейін Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып, Тюменьдегі реалды училищеге береді. Абай оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі. Әбдірахман Тюменьнің реалды училищесін тамамдаған соң  Петер­бургтегі технологиялық институтқа аттанады. Онда бір танысының (Лосевский мырзаның) кеңесімен Михайлов артиллерия училищесіне түседі. Өкінішке орай, өз еліне қамқорлығы тиеді деп үміт еткен Әбдірахман Артиллерия академиясына баруға дайындалып жүрген кезінде, 1895 жылы өкпе ауруынан қайтыс болады...
1904 жылы мамырдың 14 жұлдызында Абайдың сүйікті ұлы Мағауия қайтыс болды. Кезінде денсаулығының нашарлауына байланысты сүйікті баласын қалалық училищеден қайтарып алған болатын. Бұл қаза Абайды қатты қайғыртып,ешкіммен сөйлеспеді, көптен өзін жырақ ұстады. Қырық күннен кейін өзі де дүние салды. 1893 жылы жазған олеңдері алдынан шыққандай көрінді:
Жүрегімді құм қылды,
Өткен адам, өлген жан.
Ақыл іздеп зерлепті,
Бәрін сынап сандалған,
Енді ішіме ой салған,
 Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған,
Басқа тиді байқадық,
 Бәріне басты шайқадық,
Тағы бар ма айтарың,
 Нанғыш болсаң енді нан».
Автор Абайдың орыс  әдебиетімен танысуын қымбат қазына,үлкен олжа санайды.  «...қазақтың ұсақ-түйегінен аулақ, оқу мен өлеңге берілген қазақ ақыны болды. ...Абайдың сатиралық өлеңдері қырғыз даласының түкпір-түкпірінен кездеседі. Абай өзінің туыстарына да сын көзбен қарап, өз талантының тәсілін түсіндірді» деп жазады. Бірер шумақ өлеңін тілге тиек етеді:
Жан көрінбес көзіме,
Арғын, найман жиылса.
Таңырқаған сөзіме,
Қайран сөзім қор болды,
 Тобықтының езіне.
Немесе:
Өзімде басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді жек көрмедім.
Бұдан байқалатыны, Ә.Бөкейхан ақын мұрасындағы сатиралық бағыттағы қырларын бөлекше қарап, ондағы тақырыптық арнаға, қоғамдық құбылыстарға, адам әлемінің сырларына ден қояды. Ақын мұратына ,қиял қанатына, ой-сөз жүйесіне назар аударады. Нәтижесінде, қоғамдағы ахуалға, адамдар қарым-қатынасына, адал еңбектің сырлы сипаттарына назар аударады. Адам мен оның еңбегі ардақталады.
Ә. Бөкейхан Абай әлеміне еркін еніп, ақындық өнеріне, өлеңдегі бейне-бедер­лерге, құбылыс-көріністерге, жан-жүрекке, сыр-сезімге маңыз береді. Ол туралы: «Өлеңдерінен көрініп тұрғандай,  Абай асқақ поэтикалық қуаттың иесі, қазақ хал­қының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мез­гіліне  арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тама­ша жырлары оны Европаның атақты ақын­дарының  қатарына қосар еді», - деп түйін жасайды. Ақын мұраты, өлең-өнердегі өрнегі айқындалады. Өмірдегі орны, өнердегі өлкесі кең көлемде көрсетіледі. Автор бірнеше тақырып, бірер өлеңін тілге тиек етсе де ақын мұратын, өнердегі орнын шынайы шығармашылықтың, шеберлік сырларының түйінді тұстарын, өзіндік өзгешеліктерін тап басып көрсетеді. Бұдан, сөз жоқ, Ә.Бөкейханның Абай әлеміне, ондағы қоғам, адам, өмір, еңбек  т.с.с. өзекті тақырыптарды терең танып-түстеп, осының негізінде ақындық өнердің табиғаты мен тағылымына дендеп енуі, ақиқат жайттарды жаңаша көзбен, соны сипаттар тұрғысынан бағалауы – қазіргі кезеңде де мәнді. Абайтану ісіне қосылған сүбелі үлес. Маңыздысы, әрине, Ә.Бөкейхан Абай мұраты мен шығарма­шылық мұрасына дендеп еніп, өмірі мен кезеңін, қоғамдық орта мен әлеуметтік мәселелерді, отбасылық жағдаяттарды, ата-баба, әке-шешенің белгі ерекшеліктерін ұлттық менталитетпен, дүниетаным арналарымен  сабақтастықта сөз етеді. Әсіресе, Абайдың әке-шеше жағына қатысты ататек мәселесін, қазақ қоғамындағы ел билеу жүйесіндегі өзіндік өзгешеліктерді, батыр, би-шешендер тағылымын  өзара байланыста береді. Мұның бәрінен, сөз жоқ , Ә.Бөкейхан ақын әлемін жан-жақты қамтып, өмірі мен шығармашылығына қатысты дәйектерді жүйелі жеткізеді, қалың көпшілікке біртұтас сипатта баяндайды. Абай әлемі, ақындық өнер хақында толғаныстарға барып, «ақынсымақтарға» да ден қояды. Абай мұрасына, әсіресе,сықақ өлеңіне, аударма өнеріне мән береді .Орыс әдебиетінің, әсіресе, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенов т.б.әсер-ықпалын айрықша атайды. Оқу-білімнің маңызын, тәлім-тәрбие ісінің кәделі, сауапты тұстарын терең ашады. Қысқасы, қазақ руханиятында Абай әлемінің  арналы ағыс құрағаны, өзіндік орын-үлесі бары баса көрсетіледі.   
Жинақтап айтқанда,  Ә.Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» атты мақаласы ақын өмірі мен өскен ортасын алғаш рет жүйелеп (Кәкітай Ысқақұлы жинап, жет­кізіп берген), Абайтану әлеміне кең өріс ашты. 
Абай әлемінің алыс-жақынға танылуына, ұлт руханиятындағы орын-үлесін айқындауға, алғашқы кітабының жарық көруіне негіз қалады. Ақындық өнердің рухани нәрін, көркемдік-эстетикалық қуатын, патриоттық-тәрбиелік  мәнін айқындап, оны Абайдың өмірдегі өнегесі, өнердегі өрнегі арқылы жіті танып, байыпты саралайды. 
Ақиқатында: «Абайтанудың негізін қалаған – Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ әдебиеттану саласының үлкен арнасы – Абайтанудың негізін салды» (Жұртбай Т. Абай (Ибрагим) Құнанбаев. Алғы сөз.  - «Жұлдыз», 1991, №9. -110 бет). Демек, Ә.Бөкейхан Абай әлемін ашу арқылы қазақ руханиятының көркем көкжиегін айқындап, ақындық өнердің алуан арналы, сан салалы өлкесіне еркін еніп, өлең өріміне, жан-жүректегі тебіреністі-толғамды тұстарға, көңіл толқыны мен сыр сезім тұтастығына байыпты барлау, терең талдау жасайды.
Ә.  Бөкейханның Абай әлемі, өмірі мен өнері хақындағы  еңбегі қатардағы мақа­лалар топтамасына жатпайды, керісін­ше Абай мұратын өскен ортасы мен тәлім-тәрбие алған әуелгі қайнарлармен байланыстырып, кейінгі кезекте елдік мүдде, руханият құндылықтарды негізгі назарда ұстап, алыс-жақын елдердің танымал тұлға­ларымен сабақтастықта сөз етеді. Нәти­жесінде, Абай­дың ұлт мақтанышы, жаңа әдебиеттің басы, ақындық өнердің өрісті өлкесі, мәдени-рухани арналардың құнарлы қазынасына айналғаны жан-жақты танылады.
Алаш ардағы Ә. Бөкейхан – Абай­тану­дың бастауында тұрған алып тұлға, азаттық аңсаған, ұлт мұратын асқақ­татқан асыл бейне ретінде руханият әлемінде, халық жадында мәңгілік сақталады. 
Түйіндер тұста айтарымыз, «Алаш» қозға­лы­сының көрнекті тұлғасы, қоғам және мемлекет қайраткері,ұлт руханиятындағы жарқын бейне Ә.Н.Бөкейханның өмірі мен қызметі, шығармашылық мұрасы аса мол әрі ғибратты да мағыналы,ал қазіргі кезеңде танымдық-тағылымдық мәні де айрықша болып табылады.Осы реттен алғанда, ХХ ғ.б.қазақ әдебиетінің бірегей өкілі, ақын-қаламгер С.Торайғыровтың  «Әлиханның Се­мейге келуі» атты мақаласында жастар атынан сөз алып, онда  төмендегіше толғам-толғаныстарға беріледі:
«Көш бастаған еріміз!
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей.
Сізді көріп шеріміз,
Еліңіздің бұл шағын,
Алаш туын һәм бағын,
Көзбен көріп төленді,
Көптен бергі теріңіз,
Алаш туын қолға алған,
Қараңғыда жол салған,
Арыстаным келіңіз!», – деуінен ұлт қай­раткері һәм қаламгер Ә.Бөкейханның адами әлемі, тұғырлы тұлғасы терең танылады (15.152 ).
Аталмыш жиында өз кезегінде Ж.Ай­мауыт­ұлы да сөз алады: «Қараң­ғыдан қан жылап қаңғырған күнде басыңды  Алаш жолында құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз!
Сізді көргендегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес. Өміріңді жібер­ген жолың, біз, інілеріңе жағып қойған шам­шырақ.
Жасасын сүйреген алашың! Жаса сабазым!» ( 15.152-153 ).
Сайып келгенде, алаштанушы-ғалым М.Қойгелді айтқандай: «...Әлихан Нұр­мұха­медұлы жаңа тарихи жағдайда (ХХ ғ.басы) қазақ ұлттық мемлекеттігін жаң­ғырту ісін теориялық және практикалық тұрғыдан қолға алып, заман сұранысына лайық өлшеусіз көп жұмыс атқарған тұлға.Оның белсенді де мақсатты қызметінің нәтижесінде қазақ елінің жер мәселесі Ресей Думасының мінберінен үздіксіз қойылып, демократиялық күштердің назарына ілікті, империялық орталық қазақ азаттық қозғалысының талап-тілектерімен есептесуге мәжбүр болды.
Әлихан Нұрмұхамедұлының қажырлы еңбегінің арқасында қазақ азаттық қозға­лысы заман сұранысына лайық дең­гейге көтерілді. Ұлт тарихындағы бағдар­ламалық мақсатты көздеген  тұңғыш саяси партия – «Алаш» өмірге келді, ұлттық мем­лекеттік идеясын іске асыруды  көздеген Алашорда үкіметі құрылды. Кейінгі тарих көрсетіп бергендей, Ә.Бөкейханов басшылық жасаған бұл екі құрылым қазақ ұлт-азаттық қозғалысының дұрыс жолда тұрғандығының және билік өрісінің нақты айғағы болатын. Бүгінгі ұлттық тарихнама  бір ауыздан бұл тарихи құбылыстарды осы ұстаным тұрғысынан бағалайды» (16. 7).
Ұстаз-ғалым Т.Жұртбай Алаш ардағы Ә.Бөкейханның өмірі мен қоғамдық қыз­метін, тағдыр-талайын,ұрпақтар ұлағаты мен сабақтастығын мұрағаттық материалдармен байыпты саралап, байыта түседі (17.127-192). Бұл бағытта - БАҚ жүйесінде әдеби-ғылыми Һәм тарихи сипатта  танып-талдау, зерттеу материалдары мол болды (18). Алаш ардағы- Ә.Бөкей­ханның бүтін болмысы мен қазақ мемлекеттігін қалыптастыру жолындағы жауап­кершілігі һәм жанкешті әрекет-қимыл­дары, кезеңнің шындық сырлары осыған келіп саяды. Бұдан басқа, әсіресе: «...Абайдың, Шә­кәрімнің шығармаларына, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Спандиярдың романдарына сын жазып, қазіргі әдебиеттанудың, оның ішінде абайтанудың классикалық үлгісін көрсетіп, негізін қаласа, «Қарақыпшақ Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Мырза Едіге» эпостарын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жинақ етіп бастырып, зерттеп, қазақ фольклористикасының пайда болуы мен дамуына зор серпін берді» (19).
Ақиқатында: «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың  басы Қазақстан тарихындағы бола­шаққа алтын көпір салған аса маңыз­ды кезең болған еді. Бұл тікелей Ресей империясының отарлық саясатына қарсы батыл үн көтерген, оның езгісінен арылту үшін ең бірінші ұлттың санасын ояту, оны білім-ғылымға, адамзат қолы жеткен мәдениетке үгіттеген, соның негізінде тұтас халықты бір тудың астына біріктіруге ұмтылған Алаш ұлт-азаттық қозғалысымен байланысты болды. Өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты мен мұраты жағынан бұл қозғалыс қазақ тарихындағы ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны, өзінің күрес жолында тұңғыш ұлттық-демократиялық саяси партия мен қазақтың жаңа сипаттағы Алашорда үкіметін құру деңгейіне дейін көтеріле алғаны болатын. Өз мұратына түгелдей жете алмаса да, асқақ идеясы 70 жылдан кейін жүзеге асқан осы айрықша қоғамдық құбылыстың басында аса көрнекті саяси реформатор, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан тұрды» (20).
Орайлы тұста еске алсақ, Ә.Бөкейханның адами мұраты мен азаматтық һәм қайраткерлік ұстанымы хақында алаштанушы-тарихшы М.Қойгелді өзіндік ойлары мен толғаныстарын былай білдіреді: «...Әлихан Нұрмұхамедұлы бастаған ұлттық зиялылар буыны қазақ қоғамына ағартушылық идеясын жаю­шы, сол арқылы оны жаңа сапа және сатыға көтерген буын болды.Сондай-ақ,олар әкелген ағартушылықты еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмауға ұрындырар еді.Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен  ғылымды игеруге үндеді. Ұлт азаттығы үшін күрес басшылары бұл негізгі мақсатқа жетудің жолы қазақты ұлт ретінде біржола қалыптастырып, оның ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту арқылы жүретінін жақсы түсінді. Басқаша айтқанда, қазақ ағартушылығының идеясы ақын, жазушы, философ ғалымдарының шығармашылық ізденісі арқылы жалпы ұлттық жобаға айналды...
Бүгінгі таңда советтік тарихнаманың Алаш қозғалысы, Ә.Бөкейхановтың қыз­метіне байланысты жасаған тұжы­рымдары өз күшін жойды, ескірді деп айту жетімсіз. Өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, біз кезінде советтік тарихнама жасаған тұжырымдар идеологиялық коньюнктурадан туындаған ғылымға жат құбылыс болғандығын мойындай отырып, оның ықпалынан алдымен өзіміз арылып, ал жас буынды алаштық таза да биік, заман сұранысына лайық рухта тәрбиелеуге міндеттіміз» (21).
Осы реттен келгенде, Алаш мұратын өмір-тағдырымен біртұтас қараған, аз ғұ­мы­­рында өшпес өнеге мен тағылымды туын­ды­лар қалдырған – Әлихан Бөкейхан ха­лық азаттығын тәуелсіздік идеясымен берік байланыстырып, оны елшіл-қоғамшыл қасиет­терімен, қайраткерлік-қаламгерлік қырларымен байытып, осы жолда елдік мүддеге адалдық танытты. Ортақ мақсатқа қызмет етті.Ұлт руханиятын қоғамдық һәм тарихи, әдеби-мәдени бағыттардағы еңбек-мұраларымен асқақтата түсті. Елдік мұрат-мүддеге қызмет ететін ерен еңбектері кешеден бүгінге жалғасып,замана шындықтарымен, уақыт талаптарымен үндесіп келеді.
Ә.Бөкейхан мұрасының тағылымды тұс­тары, сырлы сипаттары осы.
Абайтану әлемінің бір сыры, мың қыры  осында.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бөкейхан Ә. Абай (Ибрагим) Құнанбаев (Мү­нәхиб-Некролог) // «Семипалатинский листок», 1905, 25-27 қараша.
2. Байтұрсынұлы А.  Қазақтың бас ақыны // «Қазақ», 1913, № 40,43
3. Дулатұлы М. Абай //«Қазақ», 1914, 23 шілде, № 67.
4. Екеу. Абайдың өнері Һәм қызметі // «Абай», 1918, № 2.
5. Абай. Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, Атамұра: 1995. -166-167 беттер; Шәкәрім. Энциклопедия. – Семей, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы, 2008. -247-250 беттер; Қазақ әдебиеті (энциклопедиялық анықтамалық).- Алматы: Аруна , 2005.- 136 бет; «Алаш» қозғалысы. –Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008.- 18-22 беттер;
6. Ә. Бөкейхан. –  Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы. – Алматы: 1989, 4 том. – 658 бет; Бөкейханов Ә. – Қазақ әдебиеті (энциклопедиялық анықтамалық). – Алматы: Аруна, 2005.- 136 бет.
7. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. 1 бөлім. – Қызылорда,  Қазбас, 1932.- 458 бет; Мұхамедханов Қ. Көптомдық шығармалар жинағы.-Алматы :Алаш,2005,2 том .- 324-333 бет; Мырзахметов М. Абайтану тарих.-А,1994; Қазақ әдебиетінің тарихы.Он томдық,6 том,1-кітап.-Алматы:ҚазАқпарат, 2006.-165-183 беттер; Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық.1том.-Алматы:ҚазАқпарат, 2008.-167-180 беттер; Қазіргі Абайтанудың өзекті мәселелері (Ұжымдық монография).-Алматы:Ғылым.2002.- 274 бет; Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы.-Алматы: Қазақ университеті, 2002.-45-46 беттер; Қаб­долов З.Әуезов.-Алматы:Санат,1997.- 352 бет; Кәкішев Т.Мағжан-Сәкен.- Алматы:Қазақ уни­верситеті,1999.- 449 бет; Қирабаев С.Әдебие­тіміздің ақтаңдақ беттері.-Алматы: Білім.1995.-30-42 беттер; Нұрғали Р.Толғауы тоқсан қызыл тіл. -Алматы:Үш қиян. 2009.- 3-8 беттер; Досжан Д.Абайдың рухы.-Астана:Фолиант, 2008.-432 бет; Жұртбай Т. Ұраным-Алаш...- Алматы:Ел-шежіре, 2008.-127-192 беттер; Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы.-Алматы:Мектеп.2009.-101-127 беттер;Ұлы Абайға адалдық. -Семей:Ғалам-Шар, 2005. -7-9 беттер т.т.
8. Мырзахметов М.Абайтану (Библио­графиялық көрсеткіш ).- Алматы: Ғылым,1988.- 8 бет.
9. Ұлы Абайға адалдық.-Семей: Ғалам-Шар,2005.- 3-4 беттер.
10. Бөкейхан Ә.Кәкітай // «Қазақ»,1915,№ 105.
11. Мұхамедханов Қ.Көптомдық шығармалар жинағы.2-том.- Алматы: Алаш,2005.- 330 бет.
12.Қазақ әдебиетінің тарихы.- Алматы: Қаз Ақпарат,2006.- 173-174 бет
13.Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы.- Алматы: Қаз Ақпарат, 2008.- 169 бет
14. «Алаш» қозғалысы.- Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008.- 22 бет.
15.Торайғыров С.Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том.- Алматы:Ғылым,1993.- 152 бет.
15. Сонда, 152-153 беттер.
16.Қойгелдиев М. Бөкейханов-Гандимен теңдес тұлға.- «Нұр-Астана»,2011, 8 қыркүйек.
17.Жұртбай Т. «Ұраным-Алаш!..».- Алматы: «Ел-шежіре»,2008.- 127- 192 беттер.
18.Жүсіп С. Әлихан Бөкейхан – әдебиеттанушы//ҚР ҰҒА Хабарлары.- 1992,№ 5; Қойгелдиев М. Әлихан Бөкейханов.  Ақиқат,1992,№ 6;Қойшыбаев Б. Әлихан Бөкейханов // Қазақ әдебиеті,1989, 9 маусым; Мұхамедханов Қ. Абайды тұңғыш рет баспасөзде танытқан - Әлихан Бөкейханов //Түркістан,1995, 9 тамыз; Нұрғалиев Р.Ә.Бөкейхановтың шығармашылық мұрасы  //Ақиқат,1994,№ 11, т.т.
19.Аққұлы С.Әлихан Бөкейханов // «Егемен Қазақстан»,2015, 24 қараша
20.Бәкір Ә.Ұлт ұлы// «Егемен Қазақстан»,2016,5 наурыз
21.Қойгелді М.Ұлы ұстаз// «Жас Алаш»,2016,8 наурыз

 

2310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз