• Тарих толқынында
  • 15 Қыркүйек, 2016

Түркiстан өңіріндeгі тұлғалар (тарихи толғам)

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,
филология ғылымдарының 
кандидаты, түркітанушы

Түркi жұрты дeсeк – жалпы алаш ұранды ата-бабаларымыз еске түсетіні көзiқарақты oқырманға өзiнeн-өзi түсiнiктi бoлса кeрeк. Осы түркi тoпырағының өткeнi мeн кeткeнiн, арғы-бeргiсiн ақтара бастасақ-ақ, ықылым замандардан бeрi ұмытылмай, өшпeй кeлe жатқан нeшeлeгeн oйшылдар мeн шайырлардың eсiмiн кeздeстiрeрiмiз кәдiк. Қасиeттi жeрдiң талантты ұлдары туралы талай-талай әдeбиeтшi-ғалымдар, тарихшылар, журналистeр қалам тeрбeгeн. Бiрақ, барлығы eгжeй-тeгжeйлi айтылды, толық жазылды дeсeк, әсіре сөз бoлар.


Ендi, Түркістан өңірінде туып-өскeн, бүкiл саналы ғұмырын игі іске арнап, сосын, жалпы жұртқа, жалпақ әлeмгe танылған ертедегі тума таланттар мен саңлақ тұлғаларға рeт-рeтiмeн тoқталып, кеңінен толғап сөз етелік.
Әбунасыр әл-Фараби
(870-950)
«Бүкіл мұсылман шығысының
аса ұлы ойшылы Әбунасыр әл-Фараби  грек философиясының ең терең  қырларына дейін бойлап, байыбына жетті!»
А. Мюллер,
Неміс шығыстанушысы
Ойшыл ғұламаның өмірі

Әлемдік деңгейдегі әйгілі ойшыл, философ, ғұлама ғалым Әбунасыр бабамыз көне Отырар қаласында (ескілікті жазбаларда – Фараб) дүниеге келгендігін көптеген тарихшы-зерттеушілер дәлелдеп жазған. Оның кім екендігі һәм қайда туғаны жайлы кезінде біраз дау-дамай мен айтыстар да болған. Алайда, өзі жазып кеткендей, есіміне жалғанған «Әл-Фараби» (яғни, Фарабилік) қосымшасы туған топырағын жалпақ әлемге жариялап берді. Даудан арашалады. Кесімді пікірге негіз қалады.
Өмірінің басым бөлігін басқа елдерде өткерсе де, біз Әбунасыр бабамызды Отырарлық (Түркістан өңірі) деп қабылдап, солай әңгіме қозғай береміз.
Оның толық аты-жөні – Әбунасыр Мұхаммед ибн Узлаг ибн Тархан!
Көне Отырарды арабтар кейде Барфа, кейде Фараб деп атаған.
Міне, осы шаһарда дүние есігін ашқан Әбунасыр жастайынан өте зерек болып өседі. Өзінің тұрмыс жағдайы да жаман болған жоқ. Әкесі Мұхамед (Махмұт) Отырар шаһарының қорған басшысы (әскер басы) болып қызмет атқарған. Ол замандарда, әрине, үлкен қаланы сыртқы жаулардан қорғау мәселесі аса маңызды іс болып саналған. Өйткені, кез-келген уақытта арам ниетті басқыншылар баса-көктеп кіріп, шаһарды өздеріне қаратып ала берген. Содан соң билік  те ауысады. Барша қара халық өзгенің боданына түсіп кете барады. Тап осындай жағдайда қала бегі үшін қорғанның әскербасы – аса сыйлы адам (Кей деректерде – Бесікқорғанды айтады). Оған өзінің астындағы тағының тағдырын ғана емес, барша жұртшылықтың тағдырын да сеніп тапсыруға тура келеді.
Міне, сондай сенімді қолбасшы – Мұхамед (Махмұт) болды. Оны шаһар халқы «Қоңыр атты қолбасшы» деп атайды екен (Бұл әскербасының қоңыр түсті атына байланысты қойылды ма, әлде шыққан тек – тайпасын әйгілей ме, кім білсін!). Атақты қолбасшы Әбунасырдай ұлы дүние есігін ашқанда қайта қуанды. Енді, өзіне серік болар, болашақта әскери салаға бас қояр деп армандаған... Тіпті білім бағытына бас қойса, онда халықтың бірлігін ойлайтын дін саласында болғанын қалаған. Алайда, зерек ұл Әбунасыр ол екеуіне де тоқтамады. Отырарда алған білімін (шаһарда мол қоры бар кітапхана болған) әрі қарай жетілдіріп, әлемдік ақыл-ойға өзінше араласуды арман етті. Сөйтіп, сол замандағы араб халифатының рухани ордасы – Бағдадқа барып, оқуын жалғастырған. Осы жерде жүргенде-ақ Аристотельдің, Платонның, Птоломейдің, т.б. атақты философтардың еңбектерімен танысып үлгерген. Тіл үйреніп, танымал ойшылдардың шығармаларын түпнұсқада оқуға мүмкіндік алды. Кейбір тарихи жазба деректерге сүйенсек, Әбу-Насыр 70-жуық тілді меңгерген ғұлама делінеді (Нақты анығы – бізге де жұмбақ!). Біраз жыл сырт жерде оқыған алғыр жас кейінірек елге оралып, Отырар маңынан медресе ашпақшы болған. Ондағы ойы – осындағы білімге құштар балаларды жинап, әртүрлі ғылым салалары бойынша ізденуге жол ашпақшы-тын. Бірақ, сол кездегі кейбір сыңаржақ дін өкілдері бұл ойын құп көрмеді. Балаларды қажет емес нәрсеге баулып, миын ашытады деп ойлады. Солайша, ол елде көп тұрақтамай, қайтадан Бағдад қаласына аттанып кете барған. Бабамызға әлем ғалымдары өте жоғары баға берген. Мысалы, немістің шығыстанушылары «ұлы әрі ерекше талант» деп бағалаған. Өзінің көзі тірісінде-ақ шығыстан шыққан «екінші Аристотель» деген атқа ие болғаны кім-кімге де аян. Ол Бағдадта және Алеппода тұрған кезінде, ғылымның астрономия, логика, математика, этика, медицина, психология, құқық секілді салаларын барынша терең меңгерген. Тіпті, музыка теориясымен де айналысқан.
Ұлы ойшыл мұсылман елдерін түгелге жуық аралап, барлығында болып, жете танысқан деседі. Өмірінің соңғы кезеңін Алеппо мен Шамда (Дамаск) өткізіп, 80 жасқа қарағанда дүние салғаны тарихи құжаттармен дәлелденіп отыр. Өзінің ғылыми-тарихи еңбектерін негізінен араб тілінде жазып қалдырып отырған. Оның себебі не? Сол жылдарда араб тілінің үстемдік құруының бірнеше себептері болған-ды.
Алғашқы себеп – мұсылманның бас­ты кітабы Құран Кәрім араб тілінде. Со­сынғы себеп – араб елінің мәдениеті мен дәстүрлерін барынша дамыта түсу үшін әлемдегі ең озық деген танымдық-ғылымдық еңбектер арабшаға аударылған. Араб тілін жақсы білетіндер ғана онымен таныса алатын. Үшінші себеп – Ислам Халифатының тізгіні арабтардың қолында еді, сосын да билікке жақын жүргендер арабшаны үйренуді басты нысана еткен. Міне, осындай негізгі-негізгі себептер арқасында араб тілі дамыды, ғалымдар мен оқымыстылар осы тілде сөйлеп, еңбектер жазды. Солардың бірі – Әбунасыр әл-Фараби болатын. Әрине, Әбунасыр араб тілімен қабат (әрине, түркі тілі – ана тілі) грек, үнді, парсы, т.б. тілдерін де өте жақсы білген. Әсіресе, грек тілін негіздеп үйренуге ден қою себебі – өзіне дейінгі ғұлама философтар Платон мен Аристотельді түпнұсқада оқып-танысуға ұмтылысынан туындаған. Соның арқасында Платон мен Аристотель еңбектеріне шұқшия көңіл аударып, көптеген комментарийлер жазып, түсініктемелер берген.
Араб, парсы, үнді, грек тілдерін жетік білуі философиялық мәселелерге негіздеп әрі тереңдеп баруына көмектескен. Сондықтан да, көптеген теориялық-ғылыми еңбектер жазып қалдырды. Айталық, «Музыка туралы үлкен кітап» деген еңбегінде ол жоғарыда аталған елдердің мәдениеті мен руханиятындағы ерекшеліктерді, ұқсастық пен жақындықты терең талдаған. Негіздеп сөз еткен. Ол жазған «Әлеуметтік-этикалық трактат», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолдары», «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», т.б. еңбектерінде тұнып тұрған терең ой бар, идея бар. Бірақ, бұл еңбектер әлі толық зерттеліп-зерделенген жоқ, содан да ғылыми айналымға молынан түсіп кете алмай отырғаны рас.

***
Баса айтуға болатын бір жайт – Әбунасыр Әл-Фараби есімі осы күндері қазақ жұрты үшін мейлінше танымал бола бастады. Оның артында қалған мол мұраларының негізгі бөлігі (бірақ әзірге аздау) өз тілімізге аударылып, жеке-жеке кітап болып басылуда. Сол мол рухани қазына бойынша бірқатар жас ғалымдар ғылыми еңбектер де жазуға мүмкіндік алды. Жазып та жатыр. Бүгінгі ұрпақтары Әбунасыр есімін ардақтап, оның атымен қалалар, көшелер, мектептерді атауда. Алматыдағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеті ғұлама баба – Әбунасыр есімімен аталатыны ерекше қуаныш! Бірақ, әлем таныған ойшыл-ғұлама үшін мұның бәрі де аз. Біз оның сан-салалы еңбектерін жеке-жеке талдап, барынша зерделеп,  келер ұр­паққа толық қалпында жеткізуді ойластыруымыз керек-ақ!

***
Ұлы ғұлама жөніндегі шетелдік ғалым-биографтар әр жылдарда көптеген еңбектер де жазған. Солардың арасынан Бейхаки, Кифти, Ибн Аби Усейбия, Ибн Хелликан, т.б. тарихшы-ғалымдар еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Кейінгі кездегі зерттеуші-ғалымдар көбіне жоғарыда аталған ойшылдар еңбегіне сүйеніп, жазбаларын негіздеп отырғаны байқалады. Айтпақшы, ХІ ғасырда өмір сүрген тағы бір ойшыл – Әбу Саид ибн Ахмед те Әбунасыр туралы көлемді танымдық еңбек жазып қалдырған деген дерек бар. Бірақ ол еңбек бізге жетпеген, тек кейбір жазбаларда сілтеме түрінде көрсетіледі.

***
Әбунасыр бабамыздың өткен өміріне көз салсақ – әрине, Отырар қаласында туып, әуелі діни білім алып, сосын Шаш (Ташкент), Самарқанд, Бұхара барып, білім жетілдіргенін біле түсеміз. Осында оқып, жан-жақты танылғаны да ақиқат. Содан соңғы сапары Бағдадқа түседі. Неге? Өйткені, сол кездерде Бағдад қаласы Араб халифатының орталығы әрі мәдениеттің шоғарыланған жері болғандығынан. Жол-жөнекей Иранның көптеген қалаларын басып өтіп, (Исфахан, Хамадан, Тегеран), олардың өмір-тірлігімен танысып, ұзақ сапары жалғаса түссе керек. Ал, Бағдадтағы халифатты басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен Қыпшақ даласының ұландары болған деседі. Сосын да Әбунасыр үшін бұл шаһар әрі жақын, әрі аса ыстық болып тұрушы еді.
Бағдад шаһары сол кезеңдерде ілім-білімнің қайнаған ортасы дедік. Осында өте білімді ғалымдар, ойшылдар, аудармашылар өмір сүріп жатқан. Олар сол кездің өзінде-ақ Платонды, Аристотельді, Птоломейді, Эвклидті, Галенді, т.б. аударып, еңбектеріне талдау, анықтама-түсініктер жазды. Мұнда Иран, Индия мәдениеті мен өркениеті де назардан тыс қалған жоқ. Тарихи жазбаларға үңілсек, Бағдад шаһарында «Білімпаздар орталығы» (Баит әл-Хакма) құрылып, сол жерге ең үздік, ең алғыр, ең білімді ғалым-ойшылдар жиналған. Олар үнемі бас қосып, әлем мәдениеті мен ғылымының озық  жетістіктерін талқыға салып отырған. Өте пайдалы әрі қажетті ғылыми-танымдық еңбектерді дереу араб тіліне аударуға күш салған. Мұндағы басты мақсат – Араб халифаты мейлінше күшейіп, әлемде ықпалды болуы қажеттігінен. Түпкі мақсат осыған саяды.
Ғалымдар мен ойшылдар тек ғылымға бас қойып, өзге дүниені ұмытқан жоқ. Олар ең алдымен ғылым мен дінді бірлікте ұстауға күш салды. Осы ретте ең бірінші кезектегі міндет – ежелгі грек философтары Платон мен Аристотель еңбектеріне әділ баға беру болған-ды. Екі ғұлама арасында дін мен ғылымға байланысты аз-кем түсініспеушіліктер орын алғанын да жасырмай, кейінгі ғалымдарға оны тереңдеп түсіндіру қажет-ті. Осы міндетті Отырардан шыққан ғұлама Әбунасыр атқарды. Оның «Екі дана құдіреті Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі» деген еңбегі түсіндіру-талдау бағытын ұстанды.Тағы бір бағыт – Бағдат білімпаздары ғылым мен билікті де бірлікте болуға үгіттеді. Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда табуды әдетке айналдырады» деген тұжырымын әрі қарай дамытты. Әбунасыр әл-Фарабидің «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген ойлы еңбегі осы орайда дүниеге келген-ді. Осында оқып-білім алған кезіндегі Әбунасырдың әуелгі ұстаздары – Юханна ибн Хайлан мен Әбу Башар Митта. Екі кісі де өте білімді, терең ойлы, аса дарынды адамдар. Бірі – өте ғажап аудармашы болса, екіншісі – логика және медицина бойынша дәріс беретін. Әбунасыр екі оқымыстыдан көптеген жақсы мінездер үйренді, бойына сіңірді, ұлағат алды деп жазылған тарихи жазбаларда. Айта кетерлігі – бұл екі оқымысты кісілер де (діні бөлек адамдар бола тұра,) Әбу-Насырдың қабілет-қарымына ерекше тәнті болған. Сосын да, онымен бірлесе жұмыс істеуге, ақыл-кеңес беріп отыруға аса ынталы еді. Осындай тығыз қарым-қатынас арқасында Әбунасыр әлемдік ғылымның айдынына бойлап еніп, барынша құлаш ұрды. Жер жүзілік философтар мен ойшылдарды танып, ойлы еңбектеріне түсініктемелер жазды. Өзі де соған орайлас сан-салалы еңбектер туғызды. Бірте-бірте аты шығып, белгілі ғалым бола бастаған Әбунасыр 941 жылы Дамаскіге жол тартады. Міне, осы жерде саналы ғұмырының қалғанын ғылыми-тарихи һәм философиялық еңбектер жазуға арнайды. Осында бұрын бастаған «Қайы­рымды қала туралы трактат» деген еңбегін толық аяқтауға мүмкіндік алды. Әрине, әуелгі кезде оған өмір сүру өте қиынға соқты. Қаржысы жоқ. Сосын, амалсыз біраз уақыт бақша күзетшісі болып та жұмыс істеген. Кейінірек, оның қабілеті мен талантын таныған Алеппо билеушісі Сайд ад-Даул Али Хамдани көмек қолын созған. Ол көптеген дүниежүзіне белгілі ақын, ойшылдарға көмектесіп отыратын озық ойлы, көре­ген азамат делінеді. Айта кетерлігі – бірқатар тарихи жазбаларда Сайд Али Хамданидің шыққан тегі түрік деп көрсетілген. Кей ғалымдарымыз оның ата-бабасы Қыпшақ даласынан барған деп жазады. Жазушылар да көркем дүниелерінде осыны қостайды (Мысалы, Д. Досжанның «Фараби» повесінде Сайд Алиді кезінде арабтарға сіңген түрік (қазақ) баласы деп көрсеткен).
Осы орайда бұл деректерді өзіміз оқып-танысқан тарихи құжаттармен толықтыра кету де орынды.
Аббас әулетінің өкілдері 751 жылы араб халифатымен бірлесіп, қытай жеріне қарсы Атлақ мекенінде ұлы жеңіске қол жеткізген. Сол оқиғадан соң түркілер Ислам дінін саналы түрде мойындай бастаған. Осы оқиға туралы араб тарихшысы Ибн Эсир жазбаларында да, тіпті, қытай жылнамаларында да молынан жазылып қалдырылған. Аббас халифаты (750-1258) негізінен Бағдадта, сонымен бірге Шамда және Алеппода да билік жүргізген. Демек, Сайд али Хамданидің ата-тегі түркі екені, шыққан жері – Фараб маңы болуы әбден мүмкін. Ал, өзі Әбунасырды қандас бауыр санап, ылғи жанына жақын тартуы да көп сырды әйгілей алады. Қалай десек те, Сайд Али Әбунасырға өте ықыласты болып, оны өз сарайына қызметке шақырған. Тіпті кейбір тарихи деректерге сүйенсек, сарайында емшілік қызмет атқарған делінеді. Әбунасырға көп жағдайда тікелей қаржылық көмек көрсетуші де – Сайд Хамдани. Бірақ, кей тарихи жазбаларда Әбунасыр Дамаскіден мүлде көшіп кеткен жоқ, тек Алеппо қаласына барып-келіп, Сайд Хамданимен осылайша араласып тұрған делінеді. 949-950 жылдары Әбунасыр Египетке де сапарлап барып қайтқаны жайлы деректер де кездесіп қалады.

***
Ойшыл бабамыздың үлкен жүрегі, сексенге қараған шағында, Дамаск қаласында дамылдады. Жерлеу рәсімін ұйымдастырушы – Сайд али Хамдани. Оның өлімі жайлы әрқилы сөз қозғалып, әртүрлі айтылып-жазылады. Бір деректерде өз ажалынан өлді десе, екінші бір деректерде жаулары у беріп өлтірген деген жорамал да бар. Анығы – Әбунасыр өмірден өткен соң оның артында қалған Яхия ибн Ади (Бағдад), Ибрагим ибн Ади (Алеппо), т.б. секілді шәкірттері даңқты ұстазының еңбектерін бастырып, насихаттап, түсініктер жазғандығы. Елге молынан танытуға аянбай еңбек еткендігі.
Міне, біз осы еңбектерді де ыждағаттылықпен іздестіріп, таптырып алып, өз тілімізге аударуымыз қажет-ақ. Қысқасы, Әбунасыр Әл-Фараби өз дәуірінің ірі ғұламасы, кесек ойшылы. Оны тектен-тек «Шығыстың Аристотелі» деп атамаған болар?! Оның Сыр жағасындағы кішкене қала – Отырарда (Фарабта) туып, әлемді таңқалдырған ғалым-ойшыл болғаны біз үшін ерекше мақтаныш.

Ойшыл-ғұламаның рухани мұралары

Әбунасыр Бағдадта жүрген шағында, аты кең тарала бастаған кезде, саманидтер әмірі Мансұр ибн Нұхтың өтініші бойынша елге оралып, «Ат-талим ас-сани» (Екінші тәлім) деген көлемді еңбегін жазған деседі. Міне, осы жазбада ол ортаазиялық ғылым мен философияны талдап, оның көрнекті өкілдеріне баға береді және оның болашағына барлау жасаған. Алайда, осы бір өте құнды еңбек көптеген жерлерде сілтемемен көрсетілсе де, түпнұсқасы еш табылмай келеді. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл еңбек, әрине, өте құнды болып табылмақ. Сосын да, оны іздестіру, табуға ұмтылу – кезек күттірмес іргелі іс.

***
Әбунасыр әл-Фарабидің жазба мұрасы өз дәуіріндегі ізгі ойлардың жан-жақты жетіліп-дамуына үлкен әсерін тигізген. «Әлемдегі екінші ұстаз» саналатын ғалым араб, парсы, латын, иврит және басқа да тілдерде жазған (60-қа жуық әр саладағы еңбектері) қазіргі қоғамға аса пайдалы. Оның шығармашылығы туралы төмендегідей мәліметтер бар: Ибн-Надим «Әдебиеттер тізімі» кітабында жеті еңбегін көрсетсе, Саид әл-Әндалуси «Ұлыстар» еңбегіне төрт бірдей кітабын енгізген. Ал, әл-Қифти «Билеушілер тарихы» атты еңбегінде бабамыздың 74 шығармасын атаса, Ибн Әби Усейба 113 еңбегі бар екенін «Тәуіптер жайлы дерек көздер» атты кітабында анық көрсеткен. Шығыс пен Батыстың ғылыми жолы мен мәдениетінің дамуына бұл мұралар зор ықпалын тигізді. Ибн-Баджа, Ибн-Туфайль, Ибн-Рушд, әл-Бируни, Ибн-Сина, О. Хайям, Р. Бәкон, Ф.Аквинский секілді өзге де ойшылдар өз шы­­ғар­машылығында  Әбунасыр еңбек­те­ріне сілтеме жасап отырғаны белгілі бола бастады. Мұнымен қабат К.Шмидтің «Ис­тория педагогики», Н.Решердің «Аннотированный библиотеке аль-Фараби» т.б. ең­бектерді де мол деректері бар.
Әбунасырдың «Қайырымды қала тұр­ғындары туралы трактат» атты еңбегінде «адамдар шынайы бақытқа тек қайырымды қала арқылы ғана қолы жетеді» деген тұжырым жасалған. Қайырымды қаланың шынайы келбетін көрсету мақсатында адамдар қоғамдастығы шоғырланған қалаларды классификациялап, өзара жәрдем көрсете білу мақсатын қойған қоғамдастығы бар қала халқы ғана бақытқа жететінін, бақытқа молынан кенелетінін айтқан. «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері» атты трактатында да қалаларды қалай басқару мен олардың көркеюіне, тұрғындар тұрмысының жақсаруына кө­мектесу, бақыт жолына бағыттап отыруға байланысты негізгі қағидаларды тілге тиек еткен. Соны мейлінше талдайды. Жоғарыда аталған қос еңбек бір-бірін толықтырып тұрғандай. Мағыналық жағынан да өте жақын, салалас болып келеді.
Қайырымы мол қала бес түрлі адамдардан құралмақ: ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден және байлардан. Ең құрметті адамдар санатына даналар, пайымды адамдар, маңызды істерде беделді кісілер жатады. Олардан кейін діни қызметкерлер мен шешендер, атап айтқанда, дін уағызшылары, сөз шеберлері, ақындар, музыканттар, хатшылар, т.б. солардың тобына кіреді. Өлшеушілер дегеніміз – есепшілер, геометрлер, дәрігерлер, астрологтар және басқа сондайлар. Жауынгерлер дегеніміз – жасақшылар, сақшылар, тәртіп сақтаушылар тобына жатады. Байлар дегеніміз – қалада байлық табатындар: егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер және басқалар болып жалғасады.
«Қайырымды болу» негізгі белгілері мен көрсеткіші қандай?
Ел билеуші қайырымдылыққа жеткенде басқаша жолмен емес, ізгі ниет көмегімен жетеді; бұл адамзаттың қолы жететін жақсы істердің ең ұлысы. Басқару арқылы жетуге болатын ізгіліктерге бұл дүние мен о дүниелік өмірде жалғаса бермек. «Қайырымды қаланың түрғындары» жайындағы трактатында Әбунасыр Бірінші Тұлғаға төмендегідей сипаттама береді: «... барлық жеке біткеннің өмір сүруінің бастапқы себебі. [Жалғыз] сол ғана кемшіліктен ада: басқа жан біткеннің бәрінде – Одан басқасында – ең болмағанда бір кемшілік немесе бірнеше [кемшілік] бар. Ал, Біріншіні алатын болсақ, ол мұндай кемшіліктің бәрінен ада, өйткені, оның тіршілігі кәміл және бол­мысында басқасының бәрінен озық...».  Міне, осыдан  кейін барып, лидерлік феноменіне қызығушылық туындайды. Әлеуметтік процестегі лидердің орны мен рөлі, тарихтағы объективті және субъективті фак­торлар диалектикасы, сонымен жалғаса қоғамдық өмір диалектикасын айқындау Әбу­насырдың зерттеу еңбектерін оқығаннан кейін орныға түскендей болады. Қазіргі әлемдегі қоғамдық дамудың маңызды мәселесі – саяси лидерлікті түсіну болып табылмақ. Саяси лидерлік мәселесінің ажырамас негізгі алғышарттары ретінде қоғамдағы плюрализм, көппартиялық, партия ішілік және партияның сыртқы қызметін танудан бастау алмақ. Бүгінгі күні лидерлік жайы барлық ғылымдарда қарастырылып, жан-жақты талқыға түсіп, толыққанды зерттелуде. Мәселен, психология лидердің тұлғалық ерекше­лік­терін зерттейді. Әлеуметтану лидер­лікті әлеуметтік жүйенің бір бөлшегі ретінде қарастырады. Әлеуметтік психология лидерлікті әлеуметтік және психологиялық факторлардың өзара қыз­меттік процесі ретінде қарастырып отыр. Саясаттану саласы бойынша – саяси лидерліктің табиғатын, қызмет ету механизмдерін, қоғамға ықпалын ай­қындай түседі. 
Ғұлама бабамыздың ойынша өз бойын­дағы туа бітті қасиеттерді қызметпен ұш­тас­тыратын адам ғана қайырымды ха­лықтың басшысы болмақ. Ол өз жазбасында осы ойларды былайша түйіндеп айтады: «Бұл адамның мүшелері мүлдем мінсіз болуы тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушісіне ойындағысын және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұларды ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір, бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болу шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек; тағамның, ішімдік ішуге, сұқ-сұбқат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек; жанын асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс; дирхам, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарау керек; жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлық және осылардың иелерін жек көру керек; жақындарына да жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болу шарт;  өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болу керек» – деп түйіндеді.
Қайырымды қала басшысы өз болмысында тек лидерлік қасиет қана емес, көшбасшылық ерекше талантын да танытуы тиіс. Мемлекет пен ұлттың лидерлігі қазіргі теорияда жеке қарастыратын нысан болып табылмайды. Бұған сипаттама берсек – лидерлікті ұстап қалу және иеленудегі заңдылықтар біліне түседі. Ал, жалпы мемлекет лидерлігін зерттеуде әлемдік тенденцияларды және әлемдік қауымдастықтың тұрақты дамуына қатер туғызатын жағ­дайларды қатар алып өткен дұрыс. Бұл – тереңге бастайтын әңгіме!
Билік белгілері мен адамгершілік құндылықтардың өзара байланысын жымдастырған Әбунасыр саясат пен мораль мәселесіне ерекше назар аударып, «Қайырымды қаланың» «Бірінші Тұлғасына» көптеген әлеуметтік-саяси, этикалық талаптар қойғандығын жазба еңбектерінен байқау еш қиын емес.
Оның терең де мағыналы тұжы­рымдары келелі ойға бастау салады.

***
Әйгілі  ғұлама  ендігі бір еңбек­терінде еңбекті сүю мен еңбек ету – тәр­биенің басты құралы екенін атап көр­сеткен. Еңбек ету тәрбиесінің де мәселелеріне көңіл аударып, оның тұжы­рымдарын жасау бағытында көрнекті теоретиктер Платон мен Аристотельдің ойларын басшылыққа алған. Ғылыми білімді қорытудың ең жоғары формасы ретінде еңбек тәрбиесінің теориясын «өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды» деп түсіндіріп көрсетуге тырысты. Еңбек пен еңбек етуді аса зор адами құндылық есебінде мүмкіндігінше биіктетіп көрсетуге ұмтылды. Барынша бағалап сөз арнады. Жалпы адамзаттық тәрбие тұрғысында қарастырсақ, бұл ой-тұжырым оқушыларды пайдалы қоғамдық еңбекке баулу, еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін ең­бектің, адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді. Ол өз еңбегінде: «Еңбек ету, саналы болу, адам­гершілік, ізгілік, ақылдылық таби­ғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырымға келген.  Осы ойын жалғастыра келе, «табиғат адамды жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі» деген тұжырым жасайды. Оқу, тәрбие, білім алу, еңбек етуге жол ашу – адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп көрсетті, оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтады. «Ғы­лымдар тізбесі», «Ғылымдардың шы­ғуы» атты тағылымды еңбектерінде үй­рену реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін, болашақ ұрпаққа өнеге ете ұсынған. Ол өзінің жазба еңбектерінде ең алдымен жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған, Оның ойынша тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) «мәңгі нұрдың қызметшісі».
Қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айта отырып, адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс. Деп тұжырымдады. «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәні­сінде бақытты өмір сүре алады» – дейді. Еңбек қана адамды жануарлар дүние­сінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп бақты. Мате­риалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінші орынға қойып, осынау маңызды мәселе төңірегіндегі теріс көзқарастарды үзілді-кесілді жоққа шығаруға күш жұмсаған. Жер бетінде еңбек деген ұғым үстемдік құрмайынша, заң да, қоғам да ілгері дами алмайды, Әбунасырдың заң күші туралы осы айтқандары қоғамдық келісімдер туралы идеяның алғашқы ұрығы. Кейбір шығармаларында тұралап тұрған қоғамды астыртын ғана сынап-мінеді, оз­быр­лық пен қаталдықты, еңбек тәртібі ұстанымдарының орасан бұрмалауынан деп түсіндірді. Осы ойларды қаузайтын өте маңызды көптеген еңбектер қалдырған. Мәселен, «Фарабидің энциклопедиясы» сол кездің өзінде (ХІІ ғ.) арабшадан латын ті­ліне екі рет аударылған. Кейінірек бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге аударылды. Роджер Бэкон, Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) және басқалар соның әсерімен өздерінің көпке мәлім энциклопедиялық еңбектерін түзген. 
Әбунасыр тағы бір үлкен саланың – жаратылыстану ғылымының негізін салған ғалым. Ол математиканы жаратылыстану ғылымының үлкен де негізгі саласы деп санады. «Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе» атты еңбегінде   бар­лық  құбылыстарды табиғат-жара­ты­лыстану әлемінің ауқымында дамитынын дәлелдеп, «Адамды адам еткен – еңбек» қағидасына да алдымен негізін салып берген. Әрқилы ғылым салаларында аянбай еңбек еткен ғұлама, жалпы, теориялық ой-пікірдің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре түскен. Әсіресе, халық даналығы туғызған даныш­пандық пікірлерге құлақ асып, өзінің философиялық төл тұжырымын жасап, қоғам туралы ілімді, этика мен эстетиканы, этнопедагогиканы дамытты. Аристотельдің еңбектеріне сүйене отырып, антика заманының теориялық ой-пікірлерін сыннан өткізіп, қажеттісін алды, сөйтіп жаратылыстанудағы ғылы­ми және стихиялық материалистік тұ­жырымдарын күшейтті, Платонның идеа­листік және мистикалық қателерін де алғаш байқаушы.
Сан қырлы талант Әбунасыр баба оқу-тәрбие мәселесіне де терең үңілді, сол еңбектерінің арасынан әсіресе, этнопедагогика үлкен орын алады. Ол этниканы жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қараса, этнопедагогиканы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа сол қалпында жеткізетін ілім деп аса құрметпен бағалаған. Тағы бір еңбегі – еңбек тәрбиесі, адамгершілік, игілік туралы тағылымдарының маңызы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ, қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында қайта түлеп, заман талабына сай өрістей түскенін байқау еш қиын емес.
Әбунасыр әл-Фараби ілімі – бар ха­лықтың, оның ішінде қазақ халқының халықтық педагогикалық ой-пікірінің дамуында бөлек төңкеріс болғанын айтсақ,  бұл ақиқат ауылынан алыс кетпейді. Әрине, біз бұл жазбаларда Әбунасыр бабамыздың қайырымды қала, тәлім-тәрбие һәм еңбекті сүю бағытындағы еңбектеріне ғана аз-кем тоқталып өттік. Ал, оның артында қалған мұралары ұшан-теңіз өте көп.

Арыстанбаб әулие

«...Түркістанда – Түмен баб,
Сіздерден медет тілеймін.
Сайрамда – сансыз баб,
Отырар да – отыз баб,
Ең үлкені – Арыстанбаб,
Сіздерден медет тілеймін...»
(Ертедегі бақсылардан қалған сөз)

Арыстанбаб кім?

Ежелгі түркілердің топырағына Ислам дінін негіздеп енгізуде жергілікті жерден шыққан оқымысты – шайқылардың еңбегі өте зор болғаны тарихтан белгілі. Бұл – айтылуы тиіс ақиқат.
Ислам діні Орта Азияның бір бөлі­гінде жатқан, түркілер қалың орна­ласқан Сырдария өзені бойына ІХ-Х ғасырларда көптеп таралып, ене бас­таған. Екі дәуірдің жылнамашы-тарих­шысы Ибн Хаукәлдің жазуында былай деп көрсетілген: «Фараб, Көкжиде және Шаш аралығында жақсы жайылымдар бар, онда исламға кірген мыңға жуық түркі әулеттері тұрады». Бірақ, бір нәрсенің басы ашық. Сыр бойындағы ел, ел мен халық Исламды бірден қабылдамаған. Тіпті, көне қазба жұмыстары дәлелдегендей, мұндағы әр үйде отқа сыйынатын орындар ХІІІ ғасырға дейін сақталып келген деседі.
Арыстанбаб (кейде Арсланбаб) – осы көне түркі топырағында ислам дінін насихаттап, елді Ислам діні бағытына ыңғайландыруға үлкен үлес қосқан діни шайқы. Өзі ашып, өзі негіздеген діни медресесі болған. Онда көптеген шәкірттер тәрбие алған. Тіпті, әлемге аты кеткен ойшыл-философ Ахмет Иассауи де Арыстанбабтың бір шәкірті болып саналатыны тарихи жазбалардан белгілі.
Бірқатар жазбаларда Қожа Ахметтің әкесі Ибрагим қайтыс болған соң, 7 жасар кезінде әпкесі оны жетелеп, Иассы қаласына әкеледі. Болашақ ұстазы Арыстанбабқа жолығады да, медресеге оқуға кірген деседі. Тағы бір деректерде – Арыстанбаб Ахметтің әкесімен туыс, жақын кісі болған, сосын да баласын өзі сұрап алдырған делінеді. Осы жерде айта кететін бір жәйт – көптеген тарихи түзілімдерде Арыстанбабты Салмани Фарсы деп атап, оны Мұхаммед пайғамбарымыздың замандасы етіп көрсететіндігі. Дүниеден  өтіп бара жат­қан пайғамбарымызға  жолығып, «менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғастыр» деген сөзін тыңдаған дейді. Сөйтіп, арада 500 жыл өтіп, далада келе жатқанда 11 жасар бала кездесіп, «ақсақал, аманатымды беріңіз» депті. Сол жас бала – Ахмет болатын еді деген әңгіме ауыздан-ауызға ауысады. Шындық сөздей тарайды.
Бұл, әрине, ел аузындағы аңыз.
Ал, ақиқатында Салмани Фарсы өмірде болған адам, сопылық ілімнің негізін қалаушылардың бірі, өмір сүрген кезеңі – ХІІ ғасырмен сәйкес келеді. Бірақ, Салмани Фарсы да Ахмет үшін өте қадірлі рухани ұстаз болып саналатынын естен шығармау керек. Ол – сопылық ілімнің басында тұрған білімдар кісі, ірі дін өкілі. Ірі ғұлама, діни тұлғаның өмір-жолы, тағдыры туралы деректер өте аз. Алайда, бір анығы – ол өз дәуірінде ірі дін өкілі болғаны, шәкірттер тәрбиелеп, ислам дінін насихаттағаны. Тағы бір есте боларлығы – тарихта Арыстанбаб есімді әулиелер бірқатар. Арыстанбаб ескерткіші деп аталатын мазар көрші Қырғыз елінде де кездесіп қалады. Ош облысындағы Арыстанбабты жергілікті халық жонғарларға қарсы соғысқан жаужүрек батыр деп біледі. Өмір сүрген уақыты – ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар аралығы. Бұдан басқа да Арыс­танбаб есімді тарихи тұлғалар әр-әр жерлерде кездесіп жатады. Бірақ, олардың бәрі де – Отырарда мәңгі мекенін тапқан Арыстанбаб әулиемен ешқандай қатысы жоқ, тек аттастар ғана.
Арыстанбабтың ең көрнекті шәкірт­терінің бірі – Сопы Ахмет. Ұстазы өмірден өткен соң да атын ардақтап, үнемі құрмет білдіріп отырған. Тіпті Бұхара барып, сопылық ілімді терең меңгеріп келген соң да өзіне ең алғашқы шәкірт етіп Арыстанбабтың ұлы – Мансұрды шақыртты. Былайша айтқанда – Халифасы болған деуге толық негіз бар. Қысқасы, Арыстанбаб әулие көне Отырарда туып-өскен, бүкіл ғұмырын ілім-білімге және ислам дінін насихаттауға арнаған ірі ғұлама. Терең ойшыл.

Арыстанбабтың сопыханасы

Әйгілі сопы, ірі дін өкілі Арыстанбаб өмірден өткен соң, өзінің туған қаласы – Отырар топырағында жерленген. Маза­рының басына әуелде шағын қабірхана орнатылған. Кейінірек қабірхананың үстіне барша шәкірттерінің күшімен арнайы үлкен күмбезді ғимарат салынған. Көптеген тарихи зерттеу еңбектерінде ғимаратхананы бірде мешіт, бірде мавзолей, тағы бірде мавзолей-мешіт деп жазады. Осы ғимарат-мавзолей туралы алғаш рет ғылыми әдебиетте 1898 жылы айтылған. Бұл мақала авторы – И.Т. Пославский. Мұнда Арыстанбаб мавзолейінің ішкі-сыртқы көрінісі жайлы азды-көпті біршама сипаттаулар бар. Талдап-тарқатып жазған. Бұдан соң Отырар қаласының орнын әр кезеңдерде зерттеуге келген ғалым-тарихшылардың еңбектерінде атаусыз-елеусіз қалған емес.
ХХ ғасырдың бас кезінде В.В. Конс­тантинова «Некоторые архитектурные памятники по среднему течению р. Сырдарьи» деген мақала жазып, мав­золейге молынан сипаттама берген. Ғимараттың күмбезді мавзолей, төбесі иіліп өрілген дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты бөлек-бөлек бөлімдері болғанына рет-ретімен баян еткен. Соны айта келе, мұны үлкен архитектуралық кешен деп атауға толық негіз бар деп түйіндейді. Мұның ең алғашқы келбеті қандай болғанын біз білмейміз, әрине! Кешеннің ең көне бөлігі – қабірхана болар. Тігінен көтерілген қабырғаларды өріммен иіп барып, күмбезге жымдастырған. Күмбез биік, кең, ауқымды. Қабірхана есігі күнбатысқа, нақтылап айтар болсақ, Меккеге қарай бағытталған. Бұл күмбезді Кешенді өз заманында кім тұрғызды деген заңды сауал тағы да алдымызды кес-кестейді.
Әртүрлі аңыз бар.
Соның бірі мынадай: Атақты қол­басшы Әмір Темір ең алдымен Иассыда Сопы Ахметке арнап Мавзолей тұрғызбақ болып, құрылысты бастап жібереді. Бірақ, сол уақытта кісі таңқалдырар бір жағдайға тап болыпты. Жұмысшылар күні бойы жұмыс істеп, тұрғызып қойған қабырғалар ертеңіне келсе, құлап жатады. Көз көргендердің айтуына сенсе, түнде бір көк өгіз келіп, мүйізімен сүзіп, құлатып кетеді екен. Қаһарлы қолбасшы бұны түсіне алмай әлек. Бір күні түсінде бір ақсақалды шал келіп айтыпты: «Балам, бұдан құтылудың бір жолы – Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа алдымен Кесене тұрғыз» депті. Міне, сол қарияның айтуы бойынша алдымен осы Арыстанбаб күмбез-кешенін тұрғызыпты деседі.
Атағы жер жарған қолбасшы Әмір Темірдің кезінде орнатылған екі ағаш ұстын әлі тұр. Қарағаштан шабылған тіреулердің табаны сегіз қырлы, орта белінен бастап үлкейе бастайды. Олардың бас жағы, мойыны торкөз тәрізді жұлдызша өрнектермен безендірілгенін де байқау қиын емес. Мәскеулік ғалым В. Воронинаның жазбаларына сүйенсек, дәл осыған ұқсас тіреу-өрнектер Орта Азияның басқа жер­леріндегі архитектураларда мүлде жоқ. Бұл ғимарат ХХ ғасырдың басында күрделі жөндеуден өтіп, біршама өзгерістерге ұшыраған. Сөйтсе де, кешен­нің негізгі бөлігі ескі нұсқасында сақ­талған деуге болады. Кейінгі жөндеулер кезінде (жергілікті халық жинаған қаржы есебінен) ғимараттың бас қақпасы Меккеге қараса, енді құрылыстың кіреберіс беті Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталған. Мұндағы көптеген көне жазуларды әлі де оқып, аударып, түсінік жасау міндеті күн тәртібінде тұрған мәселе! Арыстанбаб бабамыздың қабірінің үстіндегі Алып құрылыс – сәулет өнерінің баға жетпес құнды ескерткіштерінің бірі екені даусыз ақиқат!

***
Атақты Арыстанбаб әулие туралы бұл жазба тереңнен қазып айтылар ойдың тек бастауы ғана болмақ. Ал, терең зерттеп-зерделеу келер күндер еншісінде. Оның да уақыты келер!..

 

474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз