• Ұлттану
  • 28 Қыркүйек, 2016

Бала жанының бағбаны (Жазушы Толымбек Әбдірайым туралы)

Асқар Алтай,
жазушы

Отиярдың оты

Ол өзінің бала жанын баптайтын бағбан болатынын бала кезінде білген жоқ. Бірақ...
Бірақ бәрі де сол Отиярдың оты көкейіне шоқ тастаған шағын ауылдан басталып еді. Қарт Тарбағатай тауларының Отияр атты оты мол жерінде жарық дүние есігін ашып, ару Аягөздің тұнық суын ішіп, жұпар ауасын жұтқан Толымбек Әбдірайым балалық шағы бұлтсыз болыпты. Сол бір кеңес кезеңінің баласына тән алаңсыз күндерді бастан кешіп, уайымсыз уақыттың ұрпағы болғаны анық. Бәлкім, кейін қолына қалам ұстамасқа қақысы жоқ күндер оның ой-санасын тербеген сәтте балалар өмірі баурап ала жөнелетіні де содан шығар...


Сыңар аяқпен соғыстан мүгедек боп оралып, Сарқыт анасымен шаңырақ көтеріп, сегіз баласына сыңаржақ өмірде сыңар тағдыр ауырлығын түсірмей, бәрін де азамат қып жеткізген қайсар әке Сылдырбайдың тәрбиесі бала Толымбекке бір төбе... Қайсар да қайратты әке тұрпаты әлі күнге көз алдында өшпес бейне болып қалып қойғаны да бір ғанибет! Өмір бойы бұған асыл рухымен қуат құйып келе жатқаны да шындық.
Ол – сыңар аяқпен жүріп соғыстан кейін де қырық жылдан астам күн кешкен, Отиярдың отын сөндірмей өткен жандардың бірі...
Тарлан Тарбағатайдың ертегідей сұлу Отияр жерінде балалық бал күндерін кешкен Толымбек көңілі жай, сезімге бай боп өскені ақиқат. Ауылды басып өтетін асау Аягөздің арнасы кең, иірімі терең жағасында асыр салып, ұзақты күн мөлдір суына шомылып, қызыл қанат алабұғасы мен қара қанат қара балығын аулайтын. Одан қалса жапсарлас жатқан Ақтас пен Ақтүбектің бүлдіргені мен тошаласын теріп, қарақатын сауып кететін. Ақтас тауының жақпар-жақпар жартас беттерінен айқұш-ұйқыш бедерленген түрлі таңбалар – петроглифтерге таң-тамаша қалып, алты қанат ақ ордадай алып үңгіріне еніп, шаңырақтай төбесіндегі тесіктен құйылған күн сәулесіне елітіп, тұмса табиғаттың аясында тау баласы болып қыдырып жүретін. Ал, Ақтастың жалды желкесіне көтерілгенде Ыбырайым атасынан тараған үлкен әулеті жатқан қорымды сай көзіне оттай басылатын... Ол жерде бастау бар. Суы мұздай. Ішсең бірақ жұмсақ. Суықтығы да сезілмейді. Кейде сонда барып шөлін де басатын. Әулеттерінің шөлін басып, сусынын қандырып жатқан осынау бастау Толымбекке әлі күнге ыстық.
 Арқада жүрсе де арқардай аңсайды сол күндерді!..
Отиярдың суы ғой. Отиярдың бұлағы ғой мұны ғұмыр бойы сусындатып келе жатқан... Осы  Отияр бұлақтан Толымбек нәр алған. Осы бастаудан бала Толымбектің аңсары алдағы жұмақтай көрінетін жұмбақ өмірге ауған. Бүгінде оның ойына Отиярдағы әкесінің шар шаңырағы орала береді. Бір ұяда шүпірлеген сегіз балапандай бір үйдегі он адам көз алдына келеді. Қандай ыстық еді сол күндер... Қимас күндер. Кең дүниені қиялмен кезген симас күндер. Қысы қатты – ақтүтек боран мен ақшұнақ аязды Отиярдың суық мұрын кешінде сыңар аяқ әкенің қасында отырып, білте шамның жарығымен кітап оқитын. Сыңар аяқпен кеңшардың күйбең жұмысының басын қайырып келіп, анасының дәмді асын ішкесін көңілі жайланатын, мүгедекпін деп өмірінде ешкімге шағынбаған әке: «Толымбек, – дейтін жай ғана, – жақын отыр. Менің Сапарғали ағамның өлеңін оқышы!» «Ағам» дейтін де жөні бар. Ақымбеттей аталас рудан шыққан халық ақыны, жармалық Сапарғали Әлімбетовтың кітабын бұл судыратып оқи жөнелетін. Екінші сыныптан бастап оқып келе жатқан кітаптың мұқабасы тозып, парақтары жұқарып, жыртылуға жақын. Жиі-жиі оқығаннан көп жерін бала Толымбек жаттап та алған еді.
Қазір менің айтпағым – бір ескілік,
Ел аузына тараған көп естіліп.
Басында өз әкемнен ұққан сөзім,
Бес-алтыда жүргенде мен ес біліп.
Менің әкем сарабдал, ұғымды адам,
Малы тапшы, қолы ашық, шығымды                     адам.
Не ұрлық, не өтірік айтпай-тұғын,
Қарындасқа қадірлі, жұғымды адам... – деп басталатын «Мейір батыр» атты поэманың бастапқы екі шумағы санасында әлі күнге дейін сайрап тұр.
Сәби күнінен ән салуға үйір, музыкаға құштар боп өскен баласын жақсы білетін әкесі өлеңді де бұған жиі оқытушы еді. Сығырайған ондық шамның жарығы болымсыз сәуле шашады. Ал, алыс Отиярға «Ильич шамы» алпысыншы жылдардың бел ортасы болса да жетпеген. Бұл бар ынта-жігерімен жырды заулата оқитын. Құлақтарын қояндай түріп, ұйып тыңдап қалатын әке-шешесі мен әпке, аға-інілері. Алакөлеңке үй іші құлаққа ұрған танадай тына қалатын. Олардың  көз алдарына Мейір батырдың асқан батыр бейнесі мен ел үшін істеген ерлігі келетін... Поэма сөздері шиыршық атып, шиырып әкетіп, бәрінің де көңіл-күйін әлдилеп алатын. Мейір батыр – тыңдарманғаТолымбек сияқты елестейді... Жыршы Толымбек те оқиға желісіне елтіп алатын. Елтіткен – ақын сөзі, ақын дауысы, батыр үні. Бала Толымбектің сөз өнеріне деген құштарлығын, сөз сиқырына деген ғашықтығын оятып жіберген де сол әкесі оқытқан өлеңнің күш-қуаты десек, қателесе қоймаспыз. Толымбек санасындағы сөз құдіретіне деген саңылауды балалық шағындағы сол бір Сапарғали Әлімбетовтың поэмасы оятып кеткені ақиқат.
...Кейінірек Отияр ауылы біржолата жабылып, ел Қарағаш кеңшарына көшті. Иен жұртта жалғыз ғана кейуана кемпір қалды. Сол ғана Отияр ошағының отын өшірмей отырды. Ол бірақ басқа әңгіме... Төкең «Оралу» атты повесінде Отиярдағы сол бір жападан жалғыз қалып, ел көшіп кеткен сары жұртта  ғұмыр кешкен кейуанаға қайтып оралады. Балалық шақта көңіл деген көк дөнен ғой. Әнші болсам деп те армандады. Жап-жақсы дауысы бар. Мектеп сахнасына жиі шығып ән де шырқайтын. Бірақ, сөзге, әдебиетке, жазуға деген құштарлық жеңіп кете берді. Неге?.. Өзі де түсінбейтін. Сол жылдары  қазақ  балаларының бәрі әрбір санын асыға тосатын, әрбір санынан рухани азық алып, керегін іздейтін «Балдырған» журналына ел аузынан алған, небәрі екі жолдан тұратын жұмбағы жарияланды. «Бір қазанның ішінде, екі түрлі сүт тұрар». Жауабы – жұмыртқа. «Балдырған» осылайша бұған бедел әкелді. Көп ұзамай мектептегі қабырға газетінің редакторы алтыншы сыныпта оқитын сотқар Мұратхан туралы өлең шығарып бер деп қолқалады. Алғашында ынтасы болмай, қыр соңынан қалмаған соң, тақылдаған тақпақ құрастырды:
Тегінбаев Мұратхан,
Қыздарды шалып құлатқан.
Ұлдарды ұрып жылатқан...
Неге біздің Мұраттың,
Аты кетпейді құлақтан?!
Осы бір шалдуар бала туралы шалт етпе сөз құрасы оны мектепте «ақын бала» атандырды. «Әншілікті» қойып, жатса-тұрса жазушы болуды армандады.  Балалық арман ауыл баласы Толымбекті алысқа жетеледі... Бала кезінен балалық сезімге бай, балалық өмірдің ұңғыл-шұңғыл тереңін сезінген оны өмірдің өзі бұлжымас балалар жазушысы етті. Ол бірақ, туған топырағы Отиярды әлі күнге түсінде көреді. Әлі күнге сұлу өңір суреті түсіне кіреді. Ертегідей Отияр көз алдына елестеп, жанарына ыстық жас үйірілтеді. Отиярдың оты көкірегінде қоздап, жан-жүрегін қызуымен шарпып, көңілінде алаулай жанады. Отияр оты өл-өлгенше өшпесі ақиқат.
 Отияр оты – көкірегіне қуат, Отияр бұлағы – санасына суат.

Бала жанын баптаған

Отияр оты оны жансебіл жазушылық жолға салды...
Бастауы бал, майсасы май Отиярдай оты мол жер жәнаты Толымбек жазушыны үнемі шабыттандырып келеді. Күні бүгінге дейін Отияр десе, жүрек оты маздап, көңіл шоғы қоздап жөнелері шындық. Отиярдан от алған Толымбек балалық шақтағы балауса сезімін суытқан жоқ. Біздің көбіміз балалар тақырыбына тасырқаған тағасыз аттай бара алмаймыз. Өйткені, тәніміз балғын, жанымыз жалын, сезіміміз мөлдір, жүрегіміз кіршіксіз, сана­мыз се­зімтал балалық балдырған күнде­рі­мізді жоғалтып, қарасуық күннің қара тасындай бүкіл болмысымызды суытып, қоғам мен адам, тағдыр мен өмір ызғарына ұрынған жанымызды балалық күніміздегідей кіршіксіз күйге түсіре алмай, тазарта алмай қалған жандармыз... Балалық сәулелі әсерлерімізді алыстатып алғанбыз. Балғын шақтағы балдырсыз күндерімізді қашыртып, боқыраудың бозқырау күндерін басымызға қондырған пенделерміз. Ал, Толымбек пендешілік өмір талқысын тәрк етіп, өзінің балалық таза болмысын сақтап қалған жан. Сондықтан да, баланың ойымен, сәбидің сезімімен, аңқау да адал балалық тілмен шығарма жазады. Оның әр шығармасынан абзал бала кейіпкер аңқылдап алдыңнан шығып отырады. Содан болар, әдебиетіміздің ақсақалы Әбіш Кекілбай: «...Тарихтың әр батырдың әр шайқасының жай-жапсарын бажайлай баяндағаны сияқты әр кейіпкердің әр туындысының да егжей-тегжейіне емірене үңіле білгені лазым екен» деген Толымбек шығармасы туралы толғанысында терең мән бар. Бала жан-дүниесі жайында жазуды көптеген қаламгер армандайды, бірақ, ойдағыдай шықпайтынына күмәнданып, осы бір өлмес-өшпес тақырыпқа тыңнан түрен сала алмасын сезіп, тайсақтай беретіні кәміл. Ал, бала ақыл-ойымен, бала сезімімен селкеусіз дөп түсетін жазушы сирек. Осындай жазушының бірі – біздің Төкең – Толымбек Әбдірайым.
Ол қолына қалам алғалы өзі таңдап алған, шындығында, жазушылықпен «ауырған» жан-дүниесі қалап алған тақырыптан табан аудармай еңбек етіп келеді. Оның шағын-шағын әңгімелері мен көлемді повестерін балалар атты қалың оқырман – иә, нағыз қалың оқырман балалар ғой, – міне, сол бір таза тұмадай құмар сезімді мол қауым қуана-қуана оқып келеді. Оған өз басым куә. Қай мектепке бара қалсаң да, қарсы алдыңнан өріп шыққан бүлдіршіндер Төкеңді көргенде, жамырай қарсы алып, жалпылдай әңгімелесіп, шығармалары туралы, шығармашылығы жайында ұзақ-сонар сөз қозғауға ойысып жатады. Бәлкім, бала жанын бағалаған, бала жанының бағбаны болған жазушы бақыты деген де осы шығар.
Қалам ұстаған қауымның көбісіне мұндай бақ бұйырмай келе жатқаны да ақиқат қой... Ал, бүгінгідей адам өзгерген, адаммен бірге қоғам өзгерген кезеңде балалар тағдыры мен бала сана-сезімі туралы қалам тербеу нағыз жазушы болмаса, кез келген қаламгердің қолынан сәтті дүние туа бермесі белгілі. Бала жанының құпиясын ақтара білу қай кезде де оңай болған емес. Ал, алмағайып қоғам көлеңкесінде көрінбей қалған балалар жан-дүниесінің жігін айыру талантты жазушының ғана маңдайына бұйырары белгілі.
Міне, осындай сәтті жазылған шығарманың бірі, бәлкім бірегейі – «Тұн­жыр» атты повесть. Толымбек Әбдірайымның қазіргі қоғамда күн кешкен «кішкентай» адамның тағдыр-талайы туралы қозғаған шығармасын оқығанда, әйгілі Әуезовтың «Жетім» әңгімесі ойға оралады. Сол бір сұрқай заманда адамдардың әділетсіздігінен, үлкендердің мейірімсіздігінен мерт болатын бала тағдыры мен Толымбек повесіндегі Рауан атты баланың бұралаң өмір жолы, өмір үшін күресетін жетімдік талайы желілес. Әлбетте, Төкең кейіпкері – қазіргі қоғамдағы қазақ халқының өзгерген, кері кеткен десек те артық емес, қатыгездікке бейім кейіп-кеспірін ашатын бейне... Бұл бейне оқырманды ойға қалдырары, қоғам ойсыздығын бетке басары анық. Тұнық емес, тұнжыр өмір суреті сұстылығымен тіксінтеді. Бұл туынды жазушының соңғы жылдары жазған сәт­ті шығармаларының бірі. «Тұнжыр» – қазіргі қатігез қоғамның, қайырымсыз адамның айнасы іспеттес. Анадан жетім қалып, шайпау өгей шешенің шет қақпай тәрбиесіне көндіге алмай, өгей шешенің айтқанынан шыға алмайтын ынжықтау әкесінің мінезінен жалыққан Рауан ақыры үйінен қашып, қала кезіп, Астана көшесін қыдырып кетеді. Дала мен биік үйдің жертөлесіне түнеп, қайыр сұрап, ұрлыққа да барып, кезбе атанған аяулы жастың аяусыз өмірі ащы шындығымен ашылады...
Бармақтай әңгімелерімен-ақ бала жанын баптаған Толымбек – балалар туралы жазатын нағыз шынайы суреткер. Оның әңгіме, повестері балаларға ұнайтыны да сол шындығында, өйткені, бала оқырманды алдай алмайсың. Шығарма шыншыл болмаса, бала оқырман оқымайды, тастай салады. Ол өтірікке оңайшылықпен сенбейді. Баланы сендіру үшін, өзің сенуің керек. Шығарма шырайы – бала көңіл, бала қиял армандаған шындықта.
Көрнекті ғалым Серік Негимов: «Толымбек әсілі аз жазса да, саз жазады. Еш уақытта асықпайды... балаларға арналған әңгімелері оймақтай. Оюлы, сырлы, мағыналы һәм мазмұнды. Балалардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтынсариннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты. Ал, Алтынсариннің бір әңгімесі бір романның жүгін көтеріп тұрса, Толымбек те осы ұлы дәстүрді ары қарай жалғастырған» деп ой түйеді. Жүздің үстінде балаларға арнап әңгіме жазған жазушы – балалардың сүйікті суреткері. Оның осы әңгімелерінің бәрі дерлік «Ұлан», «Балдырған», «Дружные ребята» басылымдарында жарық көріп, жас оқырман ықыласына ие болған. Оған дәлел – Арқадан Қаратауға дейінгі мектептер Төкеңді кездесу кешіне өздері шақырып, өздері мереке ұйымдастырып жататыны. Ал қазір қандай ірі жазушылар осындай құрметке ие болып жүр. Некен-саяқ.
Толымбектің «Ұлжанның жеңісі» дейтін шағын әңгімесі бар. Бастауыш сыныпта оқып жүрген Ұлжанға көршісі болып келетін, бірақ қазақ сыныбында оқитын құрбысы Тұрсынгүл: «Мен бүгін сенімен қайтпаймын» дейді үйге қайтпайтынын білдіріп. Сөйтсе, қазақ сыныбындағы құрбысы тәуелсіздік мерекесіне арнап қойылатын концертке дайындалады екен. Ұлжан да қатысқысы келеді. Сонда, Ләзиза деген қыз: «Болмайды, – деп кесіп айтады. – Біз тек қазақ тіліндегі әндерді орындаймыз. Ал, сенің қазақшаң нашар! Өзің қазақ бола тұрып, орыс сыныбында оқисың!» деп бетіне басады.
Жыларман боп, намыстанып үйіне жеткен Ұлжан әке-шешесіне келіп: «Мен бәрібір қазақ сыныбына ауысамын» деп, орыс сыныбына берген ата-анасын ұялтып, ақыры комиссия құрғызып, қазақша сыныпқа ауысып, мерекелік кеште тәуелсіздік туралы Өтепберген Ақыпбековтың «Тәуелсіздік – бақ туы» атты өлеңін  тақылдатып жатқа соғады.
Төкең осындай бала сезім-ықыласына дөп тиетін, үлкендер қателігін сәбидің кіршіксіз сезімі арқылы, сәби психологиясы арқылы ашатын ғибратты әңгімелер жазады. «Екі достың ерлігі» атты әңгімесінде көшеде маскүнем сияқты боп жатқан адамға үлкендер жанашырлық танытпай, жиіркеніп, жәйі келсе, «Мас­күнемге аптап не, аяз не бәрібір ғой» деп тілдеп өтіп жатады. Сонда, екі бала қасына барып, оның маскүнем емес, ауырып жатқан адам екенін аңдап, жедел жәрдем шақырып, ауру адамды емханаға салып жібереді.
Мұндай тәрбиелік мәні мол, ғибратқа толы  әңгімелерге Толымбек қоржыны толы...

* * *
Жазушы Әкім Тарази: «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді. Мен бұдан бірнеше жыл бұрын Толымбектің бірер әңгімесін «Балдырған» журналынан оқып, риза болған едім.
Қай кезде де шолақ өзен тез тасиды. Он бес  шақырымнан  соң-ақ құмға сіңіп кетеді. Мен Толымбектің шығар­машылығын арналы өзенге теңер едім. Оның айтары алда деп ойлаймын» деген сөзі алғаусыз ақиқат. Қанша шығармалар жазса да, олары іргелі баспасөздерде жарияланып жатса да, тұңғыш кітабын қырықтан асқанша шығармаған Толымбек Әбдірайым шығармашылығы қуатты... Ол әлдекімдер секілді сиясы кеппеген дүниесін шикілі-пісілі күйі жинақ етуге құмартпаған. Жас оқырманын да, жасамыс оқырманын да алдамаған. Аламан бәйгеге шабатынын аңдағандай, асықпай-аптықпай сілтеп келеді. Бала жанының білгірі болған жазушы интеллектуал оқырман – үлкендерге арналған шығармалар да жазып келеді. Бұл салада да автор өз қолтаңбасын танытып келе жатқаны айқын. Оқырман қауым Төкеңнің таным көкжиегіне бұл шығармаларында жаңаша көзбен, соны санамен үңілеріне сенім мол. Оның «Хат», «Апат», «Ұшқалақ» әңгімелері де тақырып сонылығымен, кейіпкер тағдырларының күрделілігімен көзге шалынады.
«Хат» әңгімесінде суреткер үлкендер арасындағы қайшылықтың құрбанына шалынған бала тағдыры домбыраның тиегіндей, бүкіл әңгіменің арқауын шиыра-ширатып тұр. Отбасының шырқының бұзылуы жас баланың тағдыр-талайының тәлкекке түсуіне әкеліп соғатынына автор айрықша ден қояды. Автор қандай шығарма жазса да, оның сюжетінде балалар мінез-құлқы араласып жүреді. «Апат» әңгімесінде де Мәміш атты әпенділеу қарттың Сталин заманында «халық жауы» атанып айдауда болған аянышты тағдырын айтқызатын да балалар. Өмірдің соққысынан есінен адасып қалған, осы бір адамның өлімі де ақыры қызыл қоғам жендетінің тепкісінен келеді. Өз адамдарына апат боп төнген коммунистік қоғам келбетін ашып береді. Ал, «Ұшқалақ» әңгімесі бүгінгі жезөкшелік жайлаған қоғамдағы жас әйелдің қасіретті тағдыры мен тұрмыс билеген арсыз тірлігін қатар алып суреттеледі. Опасыз өмірінің бар мәні «жеңгетайлық» жасаудан аспаған аяр әйелдің екі бірдей арыстай азаматтың тағдыр-таланын тас-талқан еткен әрекеті оқырманды терең ойға жетелейді.
Жазушының  бұдан  басқа да «Жал­ғыздық», «Шерлі жүрек», «Құс қанаты», «Жалғыз тырна», «Бір тал гүл», «Қара ешкі», «Мұжығын», «Екеу», «Аюдың ашуы», «Ауылдан келген хат» қатарлы әңгімелері көңілге қилы-қилы әсер ұялатады. Бәрі де қилы-қилы тағдырлар тоғысқан ойлы дүниелер.

Оралу

Ал, санасына сәулелі серпін берген, қаламына қажымас қуат құйған шағын ғана Отиярға ол ой-сезімі бірлеп, жан-жүрегі гүлдеп талай мәрте оралды ғой. Соның сонылы биігі болып «Оралу» мен «Дала әуені» атты диптих-повестер дүниеге келді.
Қазақтың оты мен суы мол Отиярдай жерін қимай, сол киелі өңірге сүйген жары мен жалғыз ұлын жерлеген кейуана – Бәтен апа хикаяның соңында Отиярды күзетіп жалғыз қала береді... Иә, ол осы бір қасиетті жерді, қасиетті ауылды – ел-жұрт тастап кеткен, ата-баба бейіті жатқан киелі топырақты күзетіп отыр. Ыңылдап ән салады. Кейуанаға қосылып Отиярдың тау мен даласы ән салады. Жапан дүниені жазушы суреттеген «Дала әуені» әлдилейді. Көктемде жауар құс қанатындай жаны мөлдір, ары ақша қардай сәулелі кейіпкерлерімен Толымбек Әбдірайым оқырманын алпыс отты асудың төрінде де рухани сусындата береріне сенім мол.

757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз