• Еркін ой мінбері
  • 28 Қыркүйек, 2016

АЙТУЛЫ КҮНДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАР ЕКЕНБІЗ...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы

Биыл жыл соңына қарай екі үлкен дата атап өтіледі. Бірінен екіншісі туындаған аса маңызды оқиғалардың алғашқысы – мызғымастай көрінген социалистік лагерь елдерінің басты ұйтқысы боп тұрған алып та қуатты кеңес империясының іргесін шайқалтқан қазақ жастарының көтерілісі. Оған алдағы желтоқсанда отыз жыл толады. Келесісі –  тоталитарлық жүйенің көбесі сөгілуі нәтижесінде көгеннен босап, азаттықпен қауышқан елдер қатарында, біздің еліміздің де мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі.  Биыл жиырма бес жылдығы тойланатын осынау тарихи оқиға қаралы да қастерлі жастар толқуы басталған күннен тура бес жыл өткенде болды. Екеуі де қазақ тарихының мән-маңызы ерекше, елеулі белестері. Қалай қарсы алар екенбіз? 
Отыз жыл бұрынғы қос жазба...


Жалынды жастарды ұлттық намыс алаңға алып шыққан сонау қаһарлы күндергі оқиғаның бейбіт шеру түрінде қалай басталып, қалай көтеріліс сипатына енгені бүгінде баршаға белгілі. Дегенмен, қағаздарымның арасында сақталып қалған екі жазба негізінде сол күндерді тағы есіме түсіріп отырмын.
 Бірі – жастар демонстрациясына қатысқан Асхат Белтаев деген азаматтың бертінде, көтерілістің жиырма жылдығы қарсаңында, «Ұлт тағдыры» қозғалысы басқармасына әкеп тапсырған хаты. Хатында ол 1986 жылғы 17 желтоқсанда түстен кейін жолдастарымен бірге Алматыдағы Жаңа (Брежнев атындағы) алаңға келгендерінде өздері куә болған оқиғаларды баян еткен. Әскерилер, милиционерлер мен халық жасақшылары жастарды «алаңға жібермей қуалап, ұрып-соғып, құла­ғандарды сүйреп әкетіп жатыр екен». Солар бейбіт қыз-жігітті «тұяқ серіппейтін қойдай көріп басынып бара жатқаннан кейін» бұлар да қарсы әрекетке көшеді. Жасақшылардың  «кейбіреулерінің қолындағы қару­ла­рын тартып алып, қарсыласуға тура келді» дейді, ол. Содан, өкімет сақ­шыларымен шайқасудың бірер үрейлі сәтін бастан өткеріп, Асхат, ақыры, қас қарайғанда қасындағы екі жолдасымен жатақханаға қайтпақ болады. «Сол кезде Сәтбаев көшесіне жарықтарын сөн­діріп тастаған автобустар келіп тоқтап, ішінен шыққандар тротуарға сапқа тұрып жатты». Бұлар көшенің қарама-қарсы жағынан қарап тұрды. «Окружаем!» деген бұйрықты естіп», олардың жасақшылар екенін түсінді. Жасақшылар «Сәтбаев көшесіндегі қыз-жігіттерді арт жағынан қоршап алды. Алаң жақтан күшті прожекторлар айқастыра жарық түсіріп, жарқылдап жатты. Дауыс зорайтқыш қосылды да: «Жастар, сендерді мұнда нашақорлар мен маскүнемдер бастап келді...» деген сөздер естілді. Алаң жақ у-шу, азан-қазан дауыстарға толды. Сөйлеушінің сөзін қыздардың шыңғырған дауыстары басып кетті. ...Біз жатақханамызға қарай  кеттік». Олар жолда аяғы за­қым­далған құрбыларын  екі жағы­нан сүйемелдеп әрең жүріп бара жат­қан қыздарды көріп,  автобус пен ауру­ханаға жеткізіп салады. Ал, өздері қайт­қаннан кейін «алаңда не болғанын ер­теңіне естідік» дейді, ол. Қоршаудан қашып құтылған жігіт­тердің  айтуынша,  «алаңға  жастардың бәрін өткізіп жіберіп, қоршап алған соң, солдаттар оларды күрекпен, темірмен, дубинкалармен ұра бастаған. Кейбір жігіттер солдаттардың суық қаруларын тартып алып, өздеріне сілтепті. Сонда, әскерилер қарсылық көрсеткендерді аяусыз ұрып-соғып, тепкілеген, машиналарға тиеп, қаланың сыртына апарып тастаған» көрінеді. Сондай қатыгездіктер салдарынан көп жас мүгедек болып қалған. Оқиға басылғаннан кейін жұмыстан, оқудан, жатақханалардан шығарып қана қоймай, «үндеріңді шығармаңдар, көздеріңді жоғалтыңдар, қаладан кетіңдер, өйтпесеңдер соттаймыз» деп қорқытып, астанадан кетуге мәж­бүрледі емес пе. Жатақханалар қа­ңырап бос қалды». Осыларды айта келе, желтоқсаншы жігіт хатын былай аяқтапты: «Сіздер түсініңіздер, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бәріне бірдей үй, ақша емес керегі. Бізге керегі – шынайы шындық. Әлі күнге дейін өзіміздің тіліміз, өзіміздің шындығымыз, өзіміздің құқығымыз ұлттық сипатта емес. Мені қазір ойландыратын нәрсе – біздің істей алмағандарымыз балаларымызға салмақ болмай ма, әйтпесе, тіпті, немерелеріміз мәңгүрт болып кете ме деп қауіптенемін».
Асхатты оқиғадан жиырма жыл өткеннен кейін де толғандырған жәйтті менің қолымдағы екінші айғақ – сол дүбірлі желтоқсан күндері жоғарғы жақтарға жолданған хаттардың бірі  толықтырып тұр еді. Дұрысында, хаттың түпнұсқасы емес, жолма-жол тәржімесі. Оның менің қолыма тию сыры мынадай. Оқиға кезінде Жоғарғы Кеңес Төрал­қасының аппаратына түскен  хаттардың  біреуін тез орысшалап беру ма­ған тапсырылды. Төралқа Төрағасы тосып отыр, шұғыл жасап, тікелей өзіне апарып беруім керек делінді. Машинкалаған жолма-жол тәржімемнің бірінші данасын түпнұсқамен бірге Төрағаға алып кірдім. Ол аударманы көз жүгіртіп шолып шықты. Көңілсіз үнмен «іздеп табады ғой» дей салды. Биік лауазымды кісінің, сыр бермегенмен, қобалжулы екенін аңдадым (Тағы бірнеше күннен кейін мен оның алдына өзімнің аппарат партия жиналысында сөйлеген «бейсаяси» сөзім үшін «ұлтшыл» атанып, басыма бұлт үйірілген жағдайыма байланысты бардым, сонда ол кісі менің сөзімнің мәтінін талдай отырып, ахуалдың ауыр­лығын, жоғары лауазымдағы жау­апты қызметкерлердің Мәскеудің бақылауында екенін айтып қалды). Хаттың тәржімесі арнайы органға жібе­рілетін шығар деп іштей ойладым. Солай болды ма, жоқ па – білмеймін,  бәлкім, келешекте сол хат зерттеушілерге кезігер, сәті түссе, тағдырын анықтар, хат иесіне, егер, кеңестік құпия полиция оны тапқан болса, қандай шара қолданылғанын шамалар. Әлде аноним авторды іздеп тапқаннан бұрын демократиялық өзгерістер орнап үлгерді ме екен? Бәлкім, хат иесін іздестіру жұмысы аяғына жеткізілмеген де шығар...   
Соңына «Сәлеммен, Сарқ...» деп жа­зылған, іс жүзінде авторы анық көрсе­тілмеген, республика парламенті басшысына 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі күндері жолданған хаттың менің қолымда сақталып қалған жолма-жол тәржімесі мынау: «Уважаемый товарищ Мукашев Саламат. Я беспокою вас по нескольким причинам. Во-первых,,в нашем Казахстане два города – два областных центра носят имена презренных царей. Царство не принесло ничего кроме гнета и эксплуатации. А мы увековечиваем имена этих ненавистных эксплуататоров.А разве это не означает то, что мы поддерживаем колонизаторскую политику царского правительства. Не означает ли это самоунижение.Мы на своей землесовершаем такое предательство. А ведь эти города имеют же древние казахские названия. Петропавловск – это наш Кызылжар, Павлодар – наш Кереку. Должны же носить эти названия. Или мы боимся называть так. Боимся говорить на своем языке, боимся придерживаться национальных обычаев. Поскольку произведены на свет божьи, приниженно ходим с желанием лишь бы жить. Не используем подходящие для себя положения революции и национальной политики великого Ленина. Боимся даже пользоваться статьями Конституции. Поэтому уходит в небытие само название казах. Ведь как можно назвать того, не знающего казахского языка, казахом. Это ведь не казах, а мазах, дразниловка, объект смеха. Объект обидной дразни, иронии для других национальностей. Язык – это мысль народа, самое драгоценное, самое дорогое его богатство. А наши дети стыдятся говорить по-казахски, и даже не знают. Это определило неверное правление нашего руководства. Вместе того, чтобы поднимать собственный народ, его же принижают. Теряется перед другими национальностями и само по себе оказывается под ногами. В страхе перед «великим» народом, потеряли и языка. Конечно и они знают унижать кого. Мы так и готовы упасть перед ними, и впредь будем, наверное, падать. Потому что ни в одном высшем учебном заведении не проводится учеба на казахском языке (несколько институтов в Алма-Ате не в счет – если смотреть в рамках республики), можно сказать, что отсутствуют казахские детские сады. А ведь если не учить человека своему языку с детских лет, невозможно потом научить. Самое правильное, в каждой республике должен быть государственным языком – язык основной, коренной национальности. Все собрания, съезды, конференции надо проводить на своем языке. Государственное делопроизводство должно вестись на казахском языке. Только тогда все пятнадцать республик, составляющие Советский Союз, смогут постичь завоевания национальной политики великого Ленина. Потому что Ленин говорил так: «Мы воспитываем массы в духе отрицания государственных привилегий какой бы то ни было нации». А в нынешней обстановке по всей стране русский язык стал обязательным государственным языком (разве одно это не привилегия?). Есть равенство на словах, на деле нет никакого равенства. Наша свобода потеряна с тех пор, как присоединились к России. Наша свобода осталась под сапогами русских казаков. Потому что многие нынешние русские ведь являются потомками тех казаков. Их отцы, стоило одному казаху войти в их деревню, загоняли их собаками и убивали. Зная подобные вещи, о какой дружбе можно говорить?  О какой свободе? Главной целью русского царства было уничтожение казахов как национальности. Поэтому оно открывало русские школы, хотело, чтобы казахские дети забыли своего языка и стали русскими. А мы называем это прогрессивным проявлением. Тех казахов, которые хотели сохранить  своего языка, называли «невеждами». А они были настоящими патриотами. Если говорить в общем, История СССР (которая обучается в школе) разве не является полностью историей России? Это ведь история русского царства. А где история собственной нашей страны? Отчего мы обязаны знать жизнедеятельность русских царей, и не знать жизнедеятельность казахских ханов? Почему все наши крупные библиотеки названы именами русских писателей? Почему имена наших великих акынов и певцов не присвоены никуда? Когда думаешь обо всем этом, становится больно. Важной задачей нашего времени является увеличение численности казахов. Для этого необходимо создать условия для приезда казахов из-за рубежа (особенно из Китая и Монголии). Или надо позвать братьев из России, Узбекистана, Туркмении. В этом отношении много работ образцовых проводятся в Армянской ССР. Армяне, никого не страшась, способствуют приезду своих братьев из зарубежных стран. Настоящие патриотические люди. Они умеют сохранять свою национальность. Поэтому и уважают армян. Когда я пишу это письмо, слышу, постоянно в разных местах случаются стычки между русскими и казахами. Это обострение с каждым днем возрастает. В такое время, когда возросло национальное самосознание нашего народа, необходимо предпринять правильные меры. Например, если в Рудном казахов 3 процента, следовательно, 97 процентов русских. Как это можно назвать Казахстаном. Когда в республике будет 80-90 процентов казахов, это будет Казахстаном. Под лозунгом освоения целины, покорения космоса наша земля обжита столькими русскими. Как бы мы ни скрывали национального вопроса, этот вопрос ныне очень обострилось, наболело. Возможно этого не знает руководство республики. Но мы – простые казахи – этого глубоко поняли. Необходимо принимать энергичные меры, не направляя это письмо туда-сюда, и в конце концов не теряя. Если даже исчезнет это письмо, не исчезнет проблема.  Недовольство нарастает. Не почувствует это лишь человек слепой и глухой. Не надо ждать обострения обстановки и движения народа, надо думать о народной нужде. Сприветом Сарк...»
Сексен алтыншы жылдың желтоқсанындағы қаһарлы күндер жөнінде толқи отырып жазған хатында белгісіз автор, аңғарғаныңыздай, көп көңіліндегі, бірақ, соған дейін ешкім ашық айтпаған мәселелерді көтерген еді. Халқымызға езгі мен қанаудан басқа түк те әкелмеген «қарғыс атқан патшалар» есімімен Қазақстанда екі облыс орталығының аталатынын еске салып, олардың ежелгі қазақы атауларын қайтармауымыз – патша үкіметінің отарлау саясатын қолдайтынымыздың белгісі емес пе деген сауал тастаған. Мұндай жағдайдың сақталуы өзімізді өзіміз кемсітіп, қорлауымыз болып табылмас па екен деп қынжыла келе, өз халқымызға біз осындай сатқындық жасап отырмыз деп түйген. Себебін іздеген. Сөйтіп ол хатында  жер-суымызды қазақша атауға қорқамыз, өз тілімізде сөйлеуге қорқамыз, ұлттық әдет-ғұрыптарымызды сақтауға қорқамыз деп күйінген. Күйіне келе, «революция қағидаларының, ұлы Лениннің ұлт саясатының» ұлттық мүддемізге сәйкес келетін ережелерін пайдаланбаймыз, тіпті, Конституцияның ұлт мүддесін қорғайтын баптарын қолдануға қорқамыз дейді. Сондай жасқаншақтығымыздың салдарынан қазақтың өзі де жоғалып барады деген қорытындыға келеді. Сосын, ұлт тілі тағдырына тоқталады. Тілдің халықтың ақыл-ойы, ең құнды, ең қымбат байлығы екенін айта келе,қазір балаларымыз қазақша сөйлеуге ұялатынды шығарды, тіпті, білмейді де, ал, қазақ тілін білмейтінді қалай қазақ деуге болады деп күдер үзе сөйлейді. «Ұлы халық» алдындағы үрей салдарынан тілімізді жоғалту алдында тұрғанымызды, іс жүзінде ұлттар теңдігіне қол жеткізбегенімізді өмірдегі мысалдар арқылы талдайды. Мұндай жағдайға ұшырауымыздың себебін біздің басшылығымыздың өз халқын көтерудің орнына, төменшіктетіп, елді бұрыс басқаруында жатыр деп санайды. Сырт елдердегі ағайындарға есік ашу керек дейді, бұл орайда армяндарды үлгі етеді. Жергілікті негізгі халықтың тілі мемлекеттік мәртебе алуға тиістігін, барша жиын біткен сол мемлекеттік тілде өткізілуі керектігін, сонда ғана лениндік ұлт саясаты көздеген биікке Совет Одағын құрайтын он бес республиканың да жете алатынын айтады. Өзі жолдап отырған осы хатты онда-мұнда жіберіп әуреге түскеннен, сөйтіп, ақырында жоғалтып тынғаннан гөрі, шиеленісіп бара жатқан ұлттық мәселені, халықтың мұң-мұқтаждықтарын шешу жолдарын ойластырған жөн болмағын айтады. Хат жоғалғанмен, өзекті ұлт мәселесі жоғалмайды деп қорытады...
Міне,  осылай.  Биліктің  отаршылдық ұсқынын  айқын  көрсетіп,  отар елде дөрекі күшпен,әскерилердің қа­ты­суымен жүргізген жазалау, бағындыру, жуасыту  шараларын еске салған және отаршыл өкіметтің ұлт мәселесін жылы жауып қойып, республикамыздағы жағдайды шиеленіске тірегенін айтқан екі жазба. Екі жазбаны  да өмірге әкелген бір сезім, баршамызға ортақ болуға тиіс қазақ ұлтының мүддесі, ортақ тілек, әр азаматтың кеудесін кернеген ұлттық намыс... 
Отыз жылға тақалғанда...
Желтоқсан көтерілісінің дұрыстығы мойындалып, қайғылы іздеріне құрметпен қарай бастаған шақта Тәуел­сіздік декларациясы қабылданды. Одан бір жыл өте, мемлекеттік тәуел­сіздігіміз жарияланды. Егемен ел бол­ғанымызға, міне,  биыл жиырма бесінші жыл. Ширек ғасырға тақалған осынша уақыт бойы еліміз қилы оқиғаға толы даму жолынан өтті. Экономикалық реформалар жүргізілді, қоғамдық меншік атаулыны жеке меншік ығыстырды. Базар экономикасын жасау жолындағы жақсылы-жаманды өзгерістер ел өмірін күрт өзгертті, жаңартты, жақсартты. Әлемдік деңгейде танылдық. Демократияның салтанат құруына өлшеусіз зор үлес қосқан желтоқсаншылардың жанкештіліктері құрметіне ескерткіш тұрғызғанбыз. Бүгінде олардың бірнеше қоғамдық бірлестігі бар, жұртшылықпен кездесулер өткізеді, түрлі мәселеге өз көзқарастарын білдіріп, үн қосып жатады. Және сол Сексен алтыдағы көтеріліске саяси баға берілуі қажеттігін де әрәдік еске салып қояды. Сондайда, көкейге бұл тарихи толқу шынымен де шыққан биіктеріміздің көлеңкесінде қала берер ме екен деген ой оралады.Осы ой жоғарыдағы хаттар мазмұнына тағы бір үңілтті. Бұлардың отыз жылдан кейін де толқытуының сырын ұққым келді.Қызығы, бұлар менің өзімнің де сол шақтағы ойларыммен бір арнада тоғысып жатыр еді, шамасы, мәселе сол бір үндестікте жатқан шығар деп ұйғардым.
Оқиғадан кейін араға бір апта салып өткен  Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысында мен оқиға күндері елге қорған болуға тиіс милицияның, жан-жақтан әкелінген әскердің жазалаушылар мен жуасытушылар деңгейіндегі әрекеттерін сынға алған едім. Ал, жастар қозғалысын туғызған себептердің қатарында қазақ тілінің мүшкіл жағдайын ауызға алғанмын.Оның орыс тілді мектептерде тек қазақ балалары үшін ғана, оның өзінде сауат ашуға да жарамайтын деңгейде, формальді түрде өткізілетініне қынжылғанмын, жас ұрпаққа интернационалдық тәрбие берудегі маңызды шараны республика оқу органдарының осылайша бұзып, дұрыс жүргізбей отырғанын айтқанмын. Жалпы, барша қызметкерлер мен адамдар санасында бір-біріне қарама-қарсы сезімдердің – ұлттық сипатты көрсететін  ұлттылық пен ұлттық шектелу белгісі тәрізді ұлтшылдықтың, отансүйгіштікті білдіретін патриотизм мен шектен шыққан ұлттық астамшылық көрі­нісі ретіндегі шовинизмнің, ұлттар арасындағы достық ретінде түсінілетін интернациона­лизм мен ұлттық тамыр атаулыны мойындамайтын кос­мополитизмнің арасына теңдік белгісі қойылып кеткеніне өкініш білдірген болатынмын. Өкіметтің ұлт мәселесін жылы жауып қойғанын жоғарыда жолма-жол тәржімесі келтірілген хат иесі де атаған. Сол кезгі ұстанымға сай ол да, мен де тал қармағандай боп, революция мен ұлы көсемге  жүгінген екенбіз.  
Баршамызға мәлім, 1985 жылғы көктемнен өмірімізге Жеделдету, Жариялылық, Қайта құру сынды ұрандар ене бастаған, алайда сөз бен істің алшақтығы 1986 жылы Алматыда басталып, еліміздің көп өңірін шарпыған Желтоқсан көтерілісін туғызды. Қасіретті оқиғаны «Кіші Отыз жетінші жыл» науқанына ұластырды. Науқан билеуші партия 1987 жылдың қаңтарында  қайта құруды жаңа мемлекеттік идеология ретінде жариялағанда да бірден басыла қоймады. Дегенмен, біршама уақыт өткен соң, біздің республикамызда да демократия лебі есіп, жаңа саясат ашық алаңға шықты. Желтоқсан мәселесі бүкілодақтық халық депутаттары съезінде көтерілді. Сотталған желтоқсаншылардың алды орала бастады. Тіл жөнінде заң қабылданды. Көңіл жадырап, ел ішінде серпіліс туды. Қазақ мектептері желісі көбейді. Одан тәуелсіздік келді. Елдік мұраттар ашық айтылып, жабық боп келген тарих беттері зерттеуге түсті. Жазықсыз жазаланған ардақты есімдерді ақтап, ұлықтауға кірістік. Не керек, ұлттық рухты асқақтатып, азаттықтың ғажайып мүмкіндіктеріне сүйсінетін тамаша кезең өріс алды.
Сосын, көңіл құлазытатын бастамалар көтерілді. Бұлар қазақша сауаттары ашылмаған, тиісінше, ұлттық мүддеден мақұрым, есесіне орыстың тілі мен мәде­ниетін еркін меңгергендіктерін мақ­тан ететін, өздерін әлем азаматтары қата­рында санайтын, ашығын айтқанда, патшалық және кеңестік империялар қилы амал қолданып жүргізген пәрменді орыс­тандыру саясатының құрбандары болып табылатын топтар тарапынан көтерілді. Олар социализм арбасынан лып етіп капитализм арғымағына ауысып мінген де, базар сұранысына сәйкес келетін, қоғамымыздың келешегі іспеттенген жаңа тұрпатты кәсіпкерлер дәрежесіне жетіп алған. Міне, солар әуелі паспорттағы ұлт туралы графаны алып тастауға шақырды. Олардың ойынша, біздің елімізде тұратын әркім үшін ұлтын мемлекет атауына сәйкестендіріп,  қа­зақстандық деп көрсету керек көрі­неді. Жұрт дүр сілкініп, мұндай шалдыр-батпаққа тосқауыл қойған. Алайда, әлгі әлем азаматтарының мойымай жүргізген лоббистік әрекеттерінің әсері ме екен, Халық ассамблеясы осы «қа­зақстандық ұлт» аталу идеясын ел бірлігін қамтамасыз етеді деп санап, арнайы доктрина жобасын жария етті. Дәйексіз, залалды құжат ретінде, бұл да жұртшылықтың елеулі қарсылығын туғызды. Сол шақтағы жағдайға орай, көппен бірге маған да әрәдік өз пікірімді білдіруге тура келген. Өзектілігін бүгін де жоғалтпаған сондағы жазбаларымның бірі мынау еді...
«ЕЛ БІРЛІГІНІҢ  ШАРТТАРЫН ДӘЛ АЖЫРАТАЙЫҚ». Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» жобасына мыңдаған адам қарсылығын білдіріп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Ашық хат жолдаған еді,  ал, ақын және ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған көптеген азаматтың билік пен жұртшылық назарын осынау өзекті мәселеге тағы бір мәрте  аударып, бұдан бұрынғы Тіл акциясы мен Ашық хатта көтерілген мәселелерді шешу  сиырқұйымшақтатылған  жағдайда  өздерінің атақты азаттық көтерілісі басталған 17 желтоқсан күні аштық жариялайтындарын мәлімдеді. 
Мұның ешқандай да жайбарақат қа­рауға болмайтын ахуал екені кәміл. Бі­рақ, оған біз білетін биліктің аса жан ауырта қоймайтыны, тіптен, мүлдем жай­ба­рақат  қарайтыны анық. Оны айтасыз-ау, керек десеңіз, тіпті, «ит үреді, керуен көшедінің» керін келтіруі әбден ықтимал. Әлдекімдер аштық жариялады екен деп,  алған бағытынан соған бола  қайта бермейтінін билік басындағылар көптен көрсетіп келеді. «Аштықпен қорқытып, айтқанын орындатуға тырысу – біздің халқымыздың әдетінде жоқ қылық» деген желеумен, азаматтардың сондай соңғы тұяқ серпуге барып, өлімге бас тігуіне өкімет пысқырып та қарамайды. Ондай көзқарасына талай мәрте куә болғанбыз. Шетін шешімін жария етіп, арнайы мәлімдеме жасаушылардың мемлекеттік маңызы жоғары мәселені күні кеше, тіл акциясында  көтергеніне де елеңдемеген. Соны еске алғанда,  билік тап осы жолы да сескене қояр, ұялар, қандай да бір оң шара алар деп ойламаймын... 
Мен өз басым аштық акциясының орын алмауын қалаймын. Яғни, өкіметтің, дегенмен, аштық акциясының алдын алуын дұрыс санаймын. Сондықтан да, биліктің бар тармағындағы, әсіресе, парламенттегі азаматтарға, көпшілік көңілінен шықпай отырған жобаны қабыл алған Ассамблея мүшелеріне, бүгінде оны қолдап, жер-жерде үгіт-насихат жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен белсенділерге қаратып өз ойымды айтуды және мемлекеттік билікке де, барша ел тұрғындарына да тиімді ұсыныс білдіруді мақұл көріп отырмын. 
Биліктегі, билік тармақтарына тақау буындардағы, ықпалды қо­ғамдық ұйымдардағы мырзалар мен ханымдар, егер, олар шын мәнінде адал мемлекетшіл болса, тарихи әділеттілік мәселелерін парықтауға шынымен ықыласты болса, Қазақ Елі алдындағы азаматтық парызын айқындап алудан бастартпайтын болса, шынымен де туған халқы мен елінің қазіргі және болашақ тағдырына алаңдап, жаны ашитын болса, мына жәйтке тереңірек ой жүгіртуін қалар едім...
Он тоғызыншы ғасырдың екін­ші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жеріне жұмыс істеуге келген империя чинов­никтерінің мынандай жәйттер тұжы­рымдалған катехизисі болды: 
1) отарлардағы чиновниктер өздерін орыс элементтері енді-енді ғана енгі­зіліп келе жатқан Азияда тұрамыз демей, азиялық көне ғұрыптар мен әдеп-әдеттер  әлі де уақытша сақталулы орыс аймағында өмір сүріп келеміз деп санауға тиіс; 
2) барлық жерде орыс аты мен орыс мүддесі жетекші орында тұ­руға тиіс, қазақтарды орыс атымен аталатынның бәріне құрметпен қарайтын рухта ұстау керек; 
3) қазақтар оларды жақын бола­шақта, тіпті, мұсылман дініне сенетін болып қалса да,  кәдімгі орыс шаруалары жасалатын материал ретінде ғана қызықтыруға тиіс; 
4) қазақтарға берілер жол біреу ғана – не жалпыимпериялық азаматтық  үлгіде орыстармен сіңісіп кету, не жойылып-жоғалу; 
5) егер, бұған бағынбауды ойға алатындары бола қалса, олар не жер-суы жоқ қайыршы боп, өліп таусылады, не Россия олармен ат-құйрығын үзіседі; 
6) мұның бәрін отар  чиновнигі әрдайым миында ұстау керек, артық-ауыс әңгіме қозғамай, дабыралатпай, іштей ғана біліп, табанды түрде жүзеге асыруға тиіс.
Отарларында осындай көзқараспен әрекет еткен патшалық әкімшілігі қазақтардың белгілі бір бөлігін орыс­тандыра алды, бүгінде олар ұлы орыс халқының ажырамас бөлігіне айналды. Монархия тарих сахнасынан кеткеннен кейін, кеңес өкіметі оның отаршыл саясатын әшкерелеп, ә дегенде қазақтың ұлттық құндылықтарын жаң­ғырту мәселелерін қолға алды. Алайда, көп ұзамай-ақ, қазақ елін жа­ңа­ша отарлау және қазақтарды жаңа тұрпатта орыстандыру мақсатын көздеді. Тәтті де алдамшы ұрандарын алға тартып, неоимпериялық сара жол­ға түсті. Олар көп нәтижеге қол жет­кізді, нәтижелерінің бірегейі – орыс­тандыру саясатының құрбандарын жаңа тұрпатты, озық ойлы, интернационалист жандар ретінде дәріптеп, аса маңызды саяси элита деңгейіне көтерді, күллі ел тағдыры негізінен  солардың қолдарына шоғырландырылды...
Кеңес өкіметінің қозғағыш күші – революцияның алқызыл туын жамылған большевизм болатын, ол күллі кеңестік реформаны өмірге енгізуші және алға апарушы локомотив еді. Большевизм орыстандырудың «кеңес ұлты» деген тұрпатын ойлап тапты, онысы әлем қоғамдық пікірінің сынына ұшырағанда, райынан тез қайта қойып, басқаша сайрады. Бір шаңырақ ас­тына біріктірілген халықтар қауым­дастығын нобайлайтындықтан, тарихи шындыққа келіңкірейтін, сондықтан да көпшілік қарсылығын туғыза қой­майтын «кеңес халқы» деп аталатын терминді өмірге енгізді. Хрущевтің әйгілі ұранында айтылатын «коммунизмге баршаға ортақ бір ғана орыс тілімен бару» қағидасын басшылыққа алған большевизм жалпақ елде тұратын халықтардың баршасына орыс тілін «екінші ана тілі» ретінде мойындатты. «Адам факторына» ерекше мән берді, «совет адамы» тұлғасын дәріптеді, «жаңа адам тәрбиелеу» мәселесін күл­лі идеологиялық жұмыстарының өзегі етті. «Түрі ұлттық, мазмұны про­летарлық (социалистік, турасын айт­қанда – ұлыорыстық)» мәдениет дәріптеліп, орыс тілінде тіл ашу, оқу, жұмыс істеу, жалпы, күн көру үшін орыс тілін білу қажеттігі жүзеге асырылды. Орысша жасалған әдебиет пен өнер, ғылым туындылары мен олардың авторлары кеңінен танылып, империялық түпкі мақсатқа қызмет етуге тиісті жемісін беріп жатты. Кезінде туған елінен революция толқыны аластаған ақгвардияшы-эмигранттар өздері армандаған «біртұтас және бөлшектелмейтін Россияны» боль­­шевиктердің құрғанын Сталиннің көзі тірісінде-ақ мойындап, шампан ішіскен еді. Бертінгі лениншіл-боль­шевиктер күллі халықтарды «Ұлы Русь бірік­тіргенін» Кеңестер Одағының гимніне шегелеп жазып, жаңа тұрпатты «біртұтас және бөлінбейтін Ресей» туын асқақтатты. Егер, кезінде сондай жағдайға жету үшін күрескен ақгвардияшылардың көсемдері сол шақта тіріліп келе қалса, сөйтіп ғайыптан, Кеңестік Қазақстан аталатын, күллі ресми өмірі орыс тіліне құрылған елді көре қалса – қуанғаннан жылап жіберер ме еді, қайтер еді... 
Қазақ мемлекеттілігімізді жаңғырттық деп қуанған 20-жылдары кеңес өкіметі оны жаңаша ауыздықтады: перманентті аштық саясатымен көшпенді жұртты ұлттық апатқа ұрындырды (қазақ 17-18 жж. жалпы мөлшерінің бір ширегін, 21-23 жж. тағы бір ширегін, ал 31-33 жж. аштан қырылғаны бар, шетке кетуге шамасы жеткені бар, жарты санын жоғалтты), орталықтан, Сібір­ден қазақ жеріне көшіп келіп, қоныстанушыларға, қазақ сүйегі үстіне  жаңа өмір құрушыларға есікті айқара ашып қойды, индустрияландыру, тың игеру кезеңдерінде республикаға өзге жұрт өкілдерін топырлата төкті, алып даланы концентрациялық лагерьге айналдырып, казармалық социализм көрігін қыздырды, азаматтарды жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыратты (кеңес өкіметі тұсында 340 мыңнан астам жазаланғандар, соның ішінде «үлкен террор»  жылдары 120 мыңдай сотталғандар мен 25 мыңдай атылғандар тәуелсіздік жылдары ақталды), қазақтың қасіретті тарихын өзге түгіл, өзіне де білгізбеді. Солары үшін жалпы кеңестік билік те, Қазақ Республикасының қуыршақ үкіметі де ешқандай жауапқа тартылған жоқ, олардың қылмысқа парапар қызметіне тәуелсіз мемлекет тарапынан саяси баға берілмеді. Бұл жәйт біздің бүгінгі антихалықтық насихат жүргізушілеріміздің сеніміне сенім қосып, бойларына қуат беретін тәрізді...
Жер-суы мен халқы Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеуден соң бір шаңырақ астына топтастырылған уақытта республика тұрғындарының үштен екі бөлігінен астамын қазақ құрайтын. Сол кезде биліктегі қазақ азаматтары «1920 жылы жариялануын жарияланғанмен, шынайы келбетіне ие бола алмаған ұлттық республика үшін ұдайы күресумен жүргендерін, енді, екі өлке жер-суы жұртымен бірігіп, халықтың алпыс сегіз пайызы қазақ болуы бұл күрестің аяқталуын көрсетіп тұрғанын, осы сәттің оны – ұлттық республиканы – жасау жолындағы жасампаз жұмыстың бас­талуын білдіретінін» айтқан еді. Алайда, ондайды – шын мәніндегі ұлт­тық республиканың орнауын  қала­майтын жаңа тұрпатты отаршылдар оларды тез биліктен тайдырды... 
Орыстандыру мен отарлау саясаты жеңісті шыңына шыққан елуінші жылдары қазақ республика тұрғындарының үштен біріне де жетпей қалды. Тәубә, одан бері қазақ демографиялық дүмпу үдерісін бастан кешіп, 1924 жылғы жағдайға сексен бес жылдан кейін қайта жетті – 2009 жылы қазақтың үлес салмағы барлық халықтың үштен екісінен асты. Тағы да шын мәніндегі ұлттық республика жасауға қолайлы тарихи сәт туды. Шын  мәніндегі ұлттық республика жасауға 1925 жылы мүмкіндік берілмеу себебі, шынайы билік жаңа отаршылдардың қолында тұрған. Ал, енді ше? Әлем мойындаған мемлекеттік тәуелсіздігіміз қолда тұрған 2009 жылы неліктен ондай мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз? Оның себебін жамап-жасқап, жасырудың енді еш қисыны қалмады – мәселе тәуелсіздік алған елдің билік тұтқаларын отаршыл Ресей іргетасын қалаған, Кеңес Одағы үстемелей жүргізген орыстандыру саясатының құрбандары ұстап отырғанында жатқан тәрізді. Олар елімізді іс жүзінде ескі отар ауқымы мен ахуалында ұстауға тырысуда. Арамыздағы орыс диас­порасын  отаршыл Ресейдің бесінші колоннасындай көреді. Содан жасқанатын емеурін білдіреді, олармен санасу керек дейді. Қалай болғанда да, ұлттық мемлекет жайындағы сөзден шошынуының себебін еліміздің «көпұлттылығымен» түсіндіргісі келеді. 
Шынтуайтында, талай жылғы орыс­тандыру саясатының құрбандары бүгінгі көршіміздің отаршыл емес, демократияшыл  Ресей екенін парықтағаны ләзім. «Ел бірлігін» қамтамасыз ету үшін солардың ығымен  жаңа ұлт қалыптастыруға тыры­судың мүлдем қате жол екенін ұққан жөн болмақ.  
Шынында да, «мемлекеттік тілді дамыту керек, оған уақыт қажет». Іс жүзінде мемлекеттік   тіл – дамыған тіл, ол тек қол­даныс аясын кеңейтуді тілейді. Мұны істегісі келмейтін орыстанған саяси элита түрлі қисынсыз желеуді алға тартып, елді түрлі сылтаумен алдаусыратуын жалғастыруда. Оның мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлік тудыруды қаперіне де алмайтын мұндай бос әрекеті қаржыны іс жүзінде құр ысырап ете беруге апаруда, бұдан әрі де тап солай бола береріне күмән жоқ. Егер, тым болмаса қаржы-қаражат саласын, салық төлеу қызметін мемлекеттік тілде жүргізсе, одан барша бюджеттен қаржыландырылатын мекемені, сосын, халыққа қызмет көрсету салаларын мемлекеттік тілде жұмыс істетсе, мемлекеттік аппарат пен оның буындарының конституциялық талапты бірінші болып орындауын қамтамасыз  етсе – жұртшылықтың мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше серпіліспен оянар еді. Әрі, сол мекемелермен қатынас жасауға қажет елу-алпыс сөз бен сөз тіркесін ешқандай қаржы шығындамай-ақ, лезде үйреніп алар еді. Ал, қаржыны мемлекеттік тілден ресми қолданылуы ықтимал тілге тәржіме жасаушылар қатарын дайындауға жұмсаған әлдеқайда тиімді болмақ.
Жақында «Желтоқсан ақиқаты» ұйы­мы көтерілістің алда келе жатқан 30 жыл­дығына орай атқармақ міндеттерін ақылдасқан дөңгелек үстел өткізді. Оты­рыста желтоқсаншылар осы уақытқа дейін атқарған істері мен жол беріп алған кем­шіліктерін айта келе, болашақ жоспарларын ортаға салды. Тағдырластарының өзге де ұйымдарымен ортақ қауымдастыққа бірлесіп, күш біріктірудің әзірге қол жеткізе алмаған жоспар күйі қалып тұрғанын айтты. Алайда, бұл мақсат күн тәртібінен түспек емес, өйткені, барлық 86-шы жылғы көтерілісшілер күш біріктіргенде ғана бүгінгі таңдағы тіл, тарих, жер мәселелеріне өзіндік пәрменді үн қосуға болар еді. Желтоқсан көтерілісінің тарихи бағасын өз еліміз түгіл, күллі кешегі кеңестер шекпенінен шыққан мемлекеттерге, тіпті, әлемдік деңгейде танытуға күш салу мәселесі жоспарларында бар. Олардың мұндай ірі мақсатқа жетуді армандаулары бекер емес. Олар о баста алаңға бүкіл ел намысын жыртып шыққан. Әлі есімде, сонау қаһарлы күндердің алғашқы кешінде өрімдей жастар алаң ортасында шеңбер құрып тұрып, хормен: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп, қара аспан астында  айқайға басып тұрған болатын. Ұрандарының алғашқы тіркесі орталық эмиссарын кетіру арқылы отаршылдар құрсауынан босану арманын білдірсе, құқтары кемсітілген ұлтының дербес ел болу арманы екінші тіркестен көрінер еді. Дөңгелек үстелде сөйлегендер сөзінен «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының ана тіліне берілген мемлекеттік мәртебеге залалын тигізетін реформаға қарсы болу, ұлттық тарихты жас ұрпаққа қидаламай оқыту, жерді сату мен жалға беруден бастарту жағында екені белгілі болды. 
Айтулы мерекелерге санаулы ай қалды. Сонау көңіл толқытатын мерейлі күндер қарсаңында  аталған реформаларға байланысты жасалар шешімдердің халық көңілі­нен шығуын тілейік. Егер, олар елді риза етпейтін болса, Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, ондай заңның керексіз  болғаны. Анығын білуге аз ғана уақыт қалды...

 

410 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз