• Еркін ой мінбері
  • 07 Қараша, 2016

Мейірім ұйыған Мекке (Сапарнама)

Сәкен СЫБАНБАЙ,
журналист

Биылғы  қыркүйек  айында мұсылманның бес пары­зының бірі – қажылықты өтеу мақсатында баяғы «сұрай-сұрай аталарымыз да тауып барған» мәшһүр шаһар – Меккеге сапар шегудің сәті түсті. Дін ислам тамыр тартқан өлкенің өзгеше тынысын сезініп, пайғамбарлар мен әулиелердің табаны тиген киелі топырақты басып, күллі әлем мұсылмандарының құбыласы саналатын қа­сиетті Қағбаға тәуап жасауды Алла-Тағала нәсіп етті.

Жалын атқан Жидда түні
Қажылық парызды өтеу кезінде киілетін ихрамға біз Алматы әуежайында-ақ оранып алдық. Ихрам – үстіңді желбегей жабатын («рида» деп аталады) және белден төмен орайтын («изар») ешқандай тігісі жоқ екі ақ матадан тұрады екен (оны тек ер адамдар ғана киеді, ал, әйелдер үшін күнделікті жай киім жеткілікті, тек етек-жеңі ұзын, беті мен қолынан басқа жерлерін жауып тұрса болғаны). Ихрамды оранғанда бүкіл киім атаулы түгел шешіледі, адам анадан жаңа туғандай жалаңаш қалады, ал, аяққа биіктігі тобықтан аспайтын жеңіл сүйретпе іледі. Мұны «қажылыққа ниет еткен жанның өлі мен тірінің арасындағы дүдәмал халге түскені» деп те айтады. Расында да, солай секілді: «өлімін» дейін десең – кеудеңде жаның бар, «тірімін» дейін десең – тірі адамға тән дүниелік нығметтеріңнің (атақ-дәрежеңнің, ақша-байлығыңның, абырой-айбыныңның, т.б.) белгілерін аңғартатын ештеңе жоқ. Байы қайсы, кедейі қайсы – айырып болмайды, бәрің бірдейсің... Бұл – пенденің татар дәмі таусылғанда ана дүниеге ала кетер бар «іліп алары» да сол екі метр мата екенін еске түсіріп тұратын нәрсе. Ихрам халінде дүние салған мұсылманды сол күйінде жерлейді деседі. Бұрын қажылыққа ниет еткен адам үй-ішімен, ағайын-туысымен қоштасып, қарыздары болса қайтарып, ренжіскен жандармен татуласып, пендешілікпен өкпелетіп алған дос-жараны болса, алдарынан өтіп, кешірімін алып, бір-ақ аттанатын болған. Қазір де солай.
Мед пайг мешитИхрамды әуежайда-ақ киіп алған себебіміз – қажылықты немесе умраны (кіші қажылық) өтемек мақсатпен жол­ға шыққан адамның Меккеге жай дү­нияуи киіммен кіруіне болмайды екен. Мұсылмандардың қасиетті қаласына қай тараптан жақындасаңыз да «миқат» деген болады. Ол – «әрі қарай дүнияуи киіммен өтуге болмайды, ихрам халіне кіру керек» деген шекаралық белгі. Қазақстаннан баратын қажылар үшін миқат екеу: алдымен Жидда қаласына ұшып, сосын Меккеге сапар шегетін бағыттың миқаты – «Жухфа» (Меккеге 183 шақырым қалғанда), ал ұшақпен әуелі Мединеге жетіп алатын бағыттыкі – «Зүл-Хуләйфа» (450 шақырым). Бірінші бағытпен, яғни, Алматы-Жидда бағытымен ұшқан біз миқатқа ұшақ ішінде кірдік. Сапарға басшылық жасаған жауапты кісілер ұшақ командасының дауыс күшейткішімен: «Сәлден кейін біз миқатқа кіреміз, соған дейін ихрамдарыңызды киіп үлгеріңіздер», – деп хабарлады. Ұшаққа жай киіммен мінгендердің кейбірі дереу әжетханаға кезекке тұрып, кейбірі, тіпті, отырған орнында-ақ шешініп, ихрамын кие бастады. 400 адамдық үлкен лайнердің ішінде мұның қаншалықты қолайсыз әрекет екенін жетекшілерімізден алдын ала біліп алған біз бұл шаруаны әуежайда-ақ тындырып алғанымызға қуандық.
Жергілікті уақытпен кешкі 10 шамасында қонғанымызбен (біздің елде бұл кезде түнгі бір еді, айырмашылық үш сағат екен), Жидда бізді тандыр аузындай жалын бүріккен қапырық ыстықпен қарсы алды. Тамыздың аяғы, қыркүйектің басы Сауд Арабиясындағы ең аптапты шақ екенін естігенімізбен, дәл осындай қапырық болар деп ойламаппыз. Лезде терге малшынып шыға келдік. Қызыл теңізге жақын болған соң шығар, Жиддада соққан желдің өзі ыстық. Араб түбегі – Жер бетіндегі ең құрғақ өңірлердің бірі екенін, күннің қатты ысыған шағында ауа температурасы 50 градусқа дейін жететінін ғаламтордан оқығанбыз. Алайда, оқыған бір бөлек те, сезінген тіптен басқа екен. 

Қағба – тіршіліктің қан 
айналымы
Ел астанасы Эр-Риядтан кейінгі екінші ірі шаһар, Сауд мемлекетінің «экономикалық астанасы», Қызыл теңіз жағалауындағы маңызды порт саналатын Жиддада біз ұзақ бөгелген жоқпыз. 90 шақырымнан астам қашықтықты бір жарым сағатта жүріп өткен автобус көп ұзамай бізді Меккенің «Гранд Резиденс» қонақүйіне әкеп түсірді. Орналасып, жайғасып алған соң бірден умра қажылығын өтеуге қала орталығындағы әйгілі «әл-Харам» мешітіне бардық. 
Бұл – әлемдегі ең үлкен мешіт. Мұнда бір мезетте 1 миллион 200 мың адам намаз оқи алады екен! Мешіттің ортасындағы қасиетті қара тас – Қағбаны айналып, тәуап жасаушылар легі жыл он екі ай және тәулік бойы бір толастамайды. Яғни, Қағба салынғалы қанша заман өтсе, сонша уақыттан бері оны айналушылар бір сәтке де тынған жоқ, тіршіліктің қан айналымы секілді дәйім үздіксіз қозғалыс үстінде деген сөз. Егер, үлкен қажылықтың белгілі бір мерзімі болса (құрбан айттың кезі, зүлхиджа айының 8-і мен 13-інің аралығы), умра қажылығында ондай нақты мезгіл жоқ, оған ниет еткендер Меккеге жылдың кез келген айында, кез келген күнінде келе береді. Сондықтан да, Қағба маңындағы қарбалас ешқашан тоқтамайды. Ал, қажылық кезінде оған тәуап етушілердің саны 4 миллионға дейін жетеді деседі.
Умраның міндетті амалдары төртеу – ихрам халіне кіру, Қағбаны жеті рет айналып, тәуап жасау, сосын Сафа және Мәруа төбелерінің арасын жеті рет жү­ріп өту және осының бәрін атқарып болғаннан кейін шаш алдыру. Әрине, мұ­ның бәрі іштей де, дауыстай да дұға оқып, мінәжат жасай жүріп атқарылады. Тәуап жасағанда ер кісілер ихрамдарының бір ұшын қолтығының астынан өткізіп, оң иығын жалаңаштап алады. Мұның себебін сұрағанда: «Біздің бұл құлшылық амалдарымызды жауларымыз да көріп тұруы мүмкін, соларға сес болсын, ерлер оң иықтарын ашып, бұлшық еттерін бұлтыңдатып жүрсін, мүшріктер мұсылмандардың күшін көріп, үрейленсін деп пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. сүннет еткен», – десті жанымыздағы діни сауаты мол жігіттер. Осы амалдарды өтеп болғаннан кейін, ерлер шаш алдырады (немесе жай қысқартса да болады), әйелдер шашының ұшын ғана қырқады. Бұл – кіші қажылық бітті деген сөз. Енді, ихрамды шешіп, жай киім киюге болады.
Қазақстанда қажылық сапарын ұйымдас­тырумен айналысатын он шақты фирма бар екен. Бізді алып барған «Кәусар-Саяхат» фирмасының (басшысы Азамат Қадыров) қызметі көңілімізден шықты-ақ. Құрамымызда «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлімұлы, республикалық «Айқын» газетінің жетекші журналистері Ермахан Шайхыұлы мен Есей Жеңісұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова, К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі директорының орынбасары Мақсат Мыхыбаев, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Жадыра Тойбай, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов және т.б. елге белгілі азаматтар болды. Осы орайда ұлы сапарды ұйымдастырған, Мекке төрінде елімізден барған қажыларға арнайы ас берген, Арафатта «Бір мезетте бір ниет» акциясын өткізген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, сондай-ақ, қажылық барысын тікелей эфирден көрсеткен, қажет сәттерде бізге көмек қолын созған «Асыл арна» телеарнасы өкілдеріне айтар алғысымыз зор. 

Мұсылман еместер кіре 
алмайтын қала
Жыл он екі ай ауа райы өзгермей, қыс мез­гілі, тіпті, болмайтындықтан ба екен, әй­теуір, Меккеде уақыт біздегіге қарағанда әл­деқайда баяу жылжитындай әсер қалдырды. Күннің қысқарып-ұзаруына байланысты бізде намаз уақыттары да ілгері-кейінді ауысып отырса, ол жақта аса құбыла қоймайды. Мұнда мешіт өте көп, тіпті, әр көше, әр бұрылыс сайын біреуі кездеседі. Азан шақырылғаннан жаппай абыр-сабыр басталады. Сатушылар дүкендерін жауып, асхана-дәмхана қызметкерлері ауқаттанып отырғандарды асықтырып, жаяу жүргіншілер жан-жағын бағдарлап, бәрі жақын маңдағы мешітке бет түзейді. Бұл жақтың халқы намазды негізінен үйінде емес, мешітте оқуға бейілді тәрізді. Орналасқан мейманханамыздың дәл алдында да мешіт бар екен, біз үнемі соған барып жүрдік.
Умрадан соң үлкен қажылыққа дейін біраз бос уақытымыз болды да, біз сәл реті келсе-ақ «әл-Харамға» тартып отырдық. Өйткені, біріншіден, ол бізге аса алыс болған жоқ, екіншіден, онда оқылған әрбір намаздың сауабы басқа жай мешітте оқылған намаздың сауабынан жүз мың (!) есе артық екен. Мұны білген соң Меккеде жүрген тірі жан атаулы қолы қалт етсе-ақ «әл-Харамға» тұра шаппай қайтеді? «Меккедегі мұсылман» демей, «тірі жан» деген себебіміз – Мекке мен Мединеге онсыз да тек мұсылмандар ғана кіре алады, басқа діндегі адамдар үшін бұл қалалардың қақпасы жабық.
Мешітті әдетте «Алланың үйі» дейміз ғой, бірақ, ол – «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген әрбір мұсылманның да үйі секілді. «Әл-Харамның» қай қабаты, қай түкпірі болсын, топтанып мінәжат етіп тұрған, намаз оқып жатқан, тәспі тартып, дұға жасап отырған қалың адам; ол аз болса, кейбірі жұқа төсеніш төсеп, кейбірі жалаң еденге жығыла сап, жайнамазын жамылып, аяқ киімі салынған қапшығын жастанып жата кеткен, алаңсыз ұйқыға кіріскен нөпір жұрт... Бәрі де өз шаңырағында, қазақы түсінікпен айтқанда, «нағашысының үйінде» жатқандай еркін. Және бұл мұнда әбден көз үйреніскен қалыпты жағдай сияқты.
Бірде «әл-Харамға» түнде бардық. Түнгі сағат екі жарым шамасында қонақүй алдынан жүретін автобусқа отырып, 3-тен өте үлкен мешіттің ішіне кірдік. Тәуапты мешіттің бірінші қабатында жасап, яғни, Қағбаны тура жанынан жеті рет айналып болған соң («әл-Харамға» бас сұққан адамның нешінші рет болса да тәуап жасауы – уәжіп), эскалатор арқылы ең үстіңгі – ашық аспан астындағы төртінші қабатқа шықтық. Мұнда да ығы-жығы адам. Қағбаның айналасында кісі тым тығыз болған соң, көпшілік оны екінші, үшінші, төртінші қабаттардан да айнала береді. Қағба мен оның алаңы жақсы көрінетін оңтайлы жерге орналасып алдық та, таһажут намазын оқып (мұнда оған да азан шақырылады екен), сосын, таң намазына шейін дұға жасадық, тілеу тіледік. Күндізгі көрінісі де керемет қой, бірақ, «әл-Харамның» түнгі салтанаты тіпті ғажап екен! Қонақүйге әбден жарық болғанда қайттық.

«Қасиетті Зәмзәм суы – мүбәрәк»
«Әл-Харамның» барлық қабатында да Зәмзәм суы бар. Түймешігін бассаң-ақ, кранынан су атқылап тұр. Ол су қа­зіргі Қағбаның тура жанынан пайда бол­ған екен. Аңыз бойынша, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Ажар анамыз бен ұлы Исмаилды: «Маған Алла сендерді осы жерге қалдыруымды бұйырды», – деп, тастап кетеді. Қолдарында бір шөлмек су және 3-5 түйір құрма ғана қалады. Оның үстіне Исмаил әлі нәресте. Ажар анамыз бір нәрсе табудан үміттеніп, алдымен Сафа төбешігіне шығады – бірде-бір ағаш, қураған шөп те көрінбейді. Кейін Мәруа төбешігіне шығады – онда да ештеңе жоқ. Осылай әрі-бері жеті рет жүгіреді (қажылықтағы Сафа-Мәруа арасында жүру осы оқиғадан тамыр тартатын дәстүр). Бір кезде қараса, жерде жатқан сәбиінің аяқтарының астынан мөлдір су шығып жатыр! Дереу жүгіріп барып, суды бір жерге жинақтап, шөлмегін толтыруға тырысады. Алдынан айдай жарқыраған Жәбірейiл (ғ.с.) көрініп, мұның әрекетін бақылап тұрады. Ажар анамыз суды жинақтауды ойлап, «Зәм» («жинал», «тоқта» деген мағына береді) дейді, тіпті, «Зәм! Зәм!» деп айқайлап жібереді. Жәбірейіл (ғ.с.) сонда: «Қоя бер, ақсын! Бұл су енді үнемі ағады, еш таусылмайды» деген екен. Содан, бұл су Зәмзәм аталып кетеді.
Хадистерде былай делінеді: «Қасиетті Зәмзәм суы мүбәрәк, ол ішкенді тойғызады», «Жер бетіндегі құдықтардың ең қайырлысы – Зәмзәм құдығы», «Қасиетті Зәмзәмді қандай дертке ем болсын деп ішсеңіз, соған шипасы тиеді». Зәмзәмді ішетін кезде құбылаға қарау қажет. Біссіміллә айтып түрегеп тұрып және шөл қанғанша ішкен жөн. Дұға ету керек және соңында шүкір еткен абзал. Зәмзәм суын ішіп айтылған дұға қабыл болады дейді.
Қазір әу баста су шыққан тұс Қағбаның дәл жанында қалды. Ол жерде жұрт тәуап жасайды. Ал, суды мешіттің іші мен кіреберісіне, әр қабатына жерасты құбырлары арқылы тартып тастаған. Жұрт сол жерлерден алып іше береді. Жәбірейіл (ғ.с.) айтқандай, бұл судың еш таусылмайтыны хақ. Қанша көлемде алса, қайтадан сонша су орнына келіп, толып тұрады деседі. Сырттан келген жұрт оны ішіп қана қоймайды, өз елдеріне әкетуге тырысады. Біз де шама-шарқымызша ала келдік. Бір қызығы, Сауд Арабиясы – ешқандай өзені жоқ, көлі жоқ, жерінің 88 пайызы шөл және шөлейт даладан тұратын мемлекет. Бірақ, әлемнің өзен-көлге бай көптеген елдері жыл сайын осы жақтан су әкетеді, Зәмзәм суын.

Бірінен бірі өткен Мина, Арафат, Мұздалифа
Қажылық сапарда жүрсек те, жур­на­листік әуестігіміз жеңіп, әрі бос уақы­тымызды тиімді пайдалануға тырысып, тарихи орындарды тамашаладық, Айша анамыздың атындағы мешітке арнайы сәлем беріп, намаз оқып шықтық. Сосын, атақты Хира үңгіріне бардық. Хира – Ислам тарихында ерекше мәртебеге ие болған үңгір. Мұнда адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келді. Жәбірейіл (ғ.с.) періште әлем Раббысының елшісіне алғашқы Құран аяттарын түсірді. Пайғамбарлықтан бұрын-ақ Алла елшісі (с.ғ.с.) Хира үңгірінде құлшылық жасаған деседі. Бұл жайында мұсылмандар анасы Айша (р.а.) «Ол кісі Хира үңгірінде қы­луетте қалып, құлшылық ететін» деген.
Хира үңгірі Меккенің жоғарғы жа­ғында, «әл-Харамның» солтүстік-шы­ғысында орналасқан. Мекке мен Хира үңгірінің арасы 4,8 шақырым ғана. Үң­гір теңіз деңгейінен 634 метр биіктікте орналасқан. Мекке халқы бұл үңгір орналасқан тауды Нұр тауы деп атайды (арабшасы «Жәбал-Нұр»). Үңгірдің кірер ауызы солтүстікке қараған. Ішіне тоғыз адам емін-еркін отыра алады. Ішінің биіктігі орта бойлы кісі тік тұра алатындай шамада екен.
...Құрбан айтқа екі күн қалғанда үлкен қажылық үшін өтелетін амалдар басталды. Қайтадан ихрамымызды киіп, алдымен Мина жазығына аттандық. Мина – Мекке маңында орналасқан әлемдегі ең үлкен шатырлы қалашық. Дүниенің түкпір-түкпірінен қажылыққа келгендердің басы осы жазықта қосылады, бірақ, әр елдің қажыларын бөлек орналастырады. Минадағы шатырлар да, олардың көшелері де арнайы нөмірленіп қойылған, тіпті, қажыларды алып жүретін автобус нөмірі де сол көшенің нөмірімен сәйкес. Әйтпесе, мың-миллион адамның ішінде адасу оп-оңай. 
Минадағы шатырларда, қаладағы қонақ­үйлердегі секілді, кондиционер жұмыс істейді. Жерге кілем жайылған, оның үстіне өзіміз 20 риалға (1 риал – шамамен 100 теңгедей болады) сатып алған жұқа көрпешемізді (матрац) төсеп жаттық, жам­басымызға тас бата қоймады. Ал, ертесіне барған Арафатта, әрине, кондиционер болған жоқ, шатыр да кәдімгі ескі шүберек, астымыздағы кілем де сол шамалас. Күн тас төбеге көтерілгенде әлгі жұқа әрі жырым-жырым «шатыр» қамсау болып қарық қылмады. Алайда, оны ойлауға мұрша болған жоқ. Өйткені, Арафатта тұрып дұға қылу – қажылықтың ең маңызды парызының бірі, онсыз қажылық қабыл болмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі «Қажылық дегеніміз – Арафат» деп арнайы атап айтқан. Бұл күні жасалған дұға қабыл болып, тілектер орындалады деседі. Есі-дерті дұғада болған адам айналасына қарауға қайдан шамасы келсін. Әйтпесе, мұндағы жағдайдың Минадан бір бәс төмен екені анық-ты.
Шынында да, бұл – қажылыққа барған адам үшін әзірленген зор сынақ. Алдымен жанға жайлы қоңыр салқын қонақүйге түсесіз. Оған, енді, үйренісе бергенде, оңды орныңыздан тұрғызып, даладағы шатырға (Мина) алып келеді. Тұрмыстық ахуал бір сатыға төмендейді, бірақ – шүкір, жаман емес, әйтеуір кондиционер бар. Сосын, Арафатқа барасыз – дәл Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өмір сүрген уақыттағыдай көне шатыр, адам көп, жер тар, иыққа-иық жанасқан жағдай. Мұнда кондиционер жоқ, алапат ыстықта алты сағат бойы тікеңізден-тік тұрып, Алладан тілеу тілейсіз, дұға жасайсыз. Бұл да түк емес, кешке артынып-тартынып Мұздалифа жазығына жетіп жығыласыз. Мұнда жыртық шатыр да, көнетоз кілем де, жалпы, ештеңе жоқ, айдала! Ашық аспан астында, қиыршық тас аралас құмды далаға әлгі жаман матрацыңызды төсей салып, құлай кетесіз. Әлі ихрам халіндесіз, үш күннен бері жуынбағансыз, жатар жеріңіздің түрі мынау. Еріксіз «Бұдан Арафаттағы жыртық шатырым артық екен ғой» деуге мәжбүрсіз. Арафатта ғой «Отқа қойылған табадай күн шыжғырған мына шатырсымақпен салыстырғанда, кешегі кондиционерлі Мина – жұмақ екен-ау» деген ойға табан тірегеніңіз хақ. Ал, Минада «Қайран менің бар жағдайы жасалған қонақүйім-ай!» деп күрсінгеніңіз тағы есте. Пенде баласын бір халден екінші халге ауыстырып, сәт сайын ахуалын төмендете беру арқылы тәубеге келтірудің бұдан асқан үлгісін ойлап табу қиын-ақ.
Қажылар қажи қойған жоқ
Қажылықтың  басты  амалдарын жасап болғанда  Құрбан айт та келеді.  Құр­бан­дыққа  фирма қызметкерлері алдын ала жинап әкеткен 150 долларыңызға бір қой сатып алынып, сойылады. Әрине, Құрбан айтта миллиондаған мал құрбандыққа шалынады. Ол еттің бәрін не істейді? Білуімізше, Африкадағы, Азиядағы ке­дей елдерге, соғыс-жанжал болып жат­қан, табиғат апаттарына ұшыраған мемлекеттерге жібереді. «Қажылардың өздері де ауыз тисін» десе керек, кейін біз орналасқан «Гранд Резиденс» қонақүйіне ет-метімен қазан-қазан сорпа келді.
«Қойыңыз сойылды, құрбандығыңыз қабыл болды» деген хабар келгеннен кейін қажылар тағы да шаш алдырады. Мә­шің­кемен қысқартуға да болады екен, бірақ ұстарамен тықырлап алғызу аб­залырақ деседі. Бұдан кейін ихрам шешіліп, күнделікті жай киім киіледі. Ендігі міндет – Жамарат ақабасына жаяу барып, шайтанға тас ату. Бару-келудің жалпы ұзақтығы 7-8 шақырымға жетеді. Қазір Мина мен Жамарат арасындағы жолға бірнеше туннель салынып тасталған. Туннель ішінде кондиционер жұмыс істейді. Ара-тұра эскалаторлар ұшырасады. Яғни, қажылардың қажымауы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. 
Үш күн қатарынан шайтанға тас атып «шаршаған» ағайын, сосын, Меккеге оралып, Қағбаны жеті рет айналып, парыз тәуабын жасайды. Бітті – енді, өзіңізді «қажымын» деп есептей бересіз. Дегенмен, Меккеден Ме­динеге аттанарда қоштасу тәуабын жасау міндетті.

Төрт түйеге жүк болған 
алып Құран
Медине – Меккеден солтүстікке қа­рай 450 шақырым жерде орналасқан қала екен. Автобусымыз сегіз сағатқа жуық уақыт жүрді. Сәтін салып, ондағы «Мә­нәзил әл-Әсуаф» атты мейманханамыз да мешітке жақын болып шықты. Және қандай мешіт десеңізші! Әйгілі «Мәсжид ән-Нәби» – Пайғамбар мешіті! Бұл мұсылман әлемі үшін «әл-Харамнан» кейінгі екінші қасиетті мешіт саналады (үшіншісі – Құддыстағы «әл-Ақса»). Мұнда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар және оның сенімді серіктері Әбу Бәкр мен Омар (р.а.) халифтер жерленген. Бір мезетте 800 мың адам кіріп намаз оқи алады.
Мешіттің жанында Құран музейі бар екен. Құран Кәрімнің әр ғасырда, әр жылдары көшірілген нұсқалары тұр. Осыдан жүз жыл бұрын сәндеп әдіптелгені де, сонау ХІІІ ғасырда өрнектеп салынғаны да кездеседі. Ең үлкені – салмағы 154 келі, ұзындығы 1 метр 43 сантиметр, ені 80 сантиметр болатын алып Құран. Оны 1885 жылы Үндістанда Ғұлам Мұхиддин деген кісі әдемілеп көшірген екен. Көрінісі ғажап, тура сурет өнерінің інжу-маржаны дерсіз. Мединеге төрт түйеге қатар артып алып келіпті. Жалпы, музей заманауи технология жетістіктерімен жақсы жабдықталған екен.
Шаһар іргесіндегі Уфуқ тауына зиярат еттік. Жазықты айнала қоршаған алып күл үйіндісі секілді қожалақ-қожалақ жалаңаш таулар тізбегі екен. Ортасындағы жазықта шаһидтердің зираты бар. Кіреберісіне араб, ағылшын, француз, түрік, хинди және индонезия тілдерінде қасиетті жердің тарихынан хабар беретін түсіндірме тақталар ілініпті. Қайтар жолда атақты құрма тоғайына соғып, біраз құрма сатып алдық. Сосын «Құба» мешітіне бардық. Медине қаласында алғаш салынған мешіт екен, оның дәл осы жерге тұрғызылатынын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі белгілеп кетіпті. 

Екі «Ханның» «туыстығы»
Меккеде намаздың денін біз, жоғарыда айтқанымыздай, мейманханамыздың алдындағы шағын мешітте оқыдық. Осы маңда түріктер салған қонақүйлер көп болғандықтан ба, әлде шаһардың осы пұшпағында біздің ағайындар баршылық па, әйтеуір ол мешітті бәрі «Түрік мешіті» деп атайды. Имамы – Зия Хан есімді жігіт. Дауысы керемет! Мақамы да өзгеше. Әсіресе, «Фатиха» сүресінің соңғы жағын зәу биікке шырқай соза аяқтағанда әнге ұқсатып, әуелетіп жібереді. Өзара алмасып оқитын болса керек, кейде намазды басқа имам бастап, Зия Ханның үні естілмей қалса, елеңдеп іздейтінді шығардық.
Оған қызығушылық танытуымыздың тағы бір себебі – Зия Хан алғашқы күндерден-ақ Аманхан ағамызға алабөтен ықыласпен амандасып жүрді. «Кәусар-Саяхат» фирмасы алып барған 90 адам бірдей туымыз түстес көк жеңсіз желеткі киіп аламыз. «Әл-Харамға» немесе Жамаратқа барғанда толқыған теңіздей нөпір адам­ның ішінен бір-бірімізді сонадайдан бай­қап, бағытымызды бағдарлап алуға оның көп жәрдемі тиді. Сол әдетпен есік алдындағы мешітке де бірдей киіммен кіреміз. Бірақ, Зия Ханның қаз-қатар тұрған көк желеткілі жігіттердің ішінен басқамызға емес, дәл Аманхан ағамызға әдейілеп бұрылатыны қызық. Ағамыздың мойнына ілген құжат-қағазындағы латын қарпімен жазылған аты-жөнін нұсқайды да, «Аман Хан» дейді. Сосын, өзін көрсетіп, «Зия Хан» дейді. Сөйтіп, екеуін қосарлай меңзеп, түрікше «Аркадаш» деп дауыстайды. Онысы – «доспыз», «туыспыз» дегені. Сосын, Аманхан ағамыздың руы қожа екені есімізге түсіп, «арғы ата-бабаңызбен туысатын ініңіз болып жүрмесін» деп әңгімені әзілге бұрамыз. 
Бірде таң намазынан соң көппен бірге есік алдына шыққан Зия Ханмен екі ауыз тілдесудің реті келе кетті. Түбі пәкістандық екенін естігенмін, урдуша ептеп су сұрап ішерлігім бар еді. Айдаладағы біреу шатып-бұтып болса да сенің тіліңде былдырлап жатса, кім-кім де жалт бұрылады ғой, Зия Ханым да елең ете қалды. Сөйтсек, расында да Пәкістаннан көшіп келген екен, Сауд Арабиясында діни білім алып, қызмет бабымен Меккеде қалып қойыпты. Қалада үйі бар көрінеді. Аманхан Әлімұлына деген айрықша ықыласын түсіндіруге тырысып еді, сөзінен бар ұққаным – оның фамилиясы Хан екен, Әбекеңді де солай, яғни, аты Аман, тегі Хан деп ойлап, жалпы тектес, туыстас адам санайды екен (күле сөйлегеніне қарағанда, әзілге жақын адам көрінді). Екеуінің де арғы тегі Сайд екен. Ол кісінің тек «туыс» қана емес, Қазақ еліне есімі мәшһүр ақын һәм «Ақиқат» журналының бас редакторы екенін айтқанымда, тіпті, риза болып: «Шақыр, суретке түсейік», – деді. Бәріміз естелікке суретке түстік, телефон нөмірін алмастық.
***
Мекке мен Мединеде біз риза болған көріністер аз емес. Соның бірі – тәртіп сақшыларының адамдарға деген ілти­пат­ты қарым-қатынасы. Тас ату үшін Жамаратқа бара жатқанда жолда тұрған полицейлер қажыларға... су шашыратып, салқындатумен болды. «Мәсжид ән-Нәби­дің» пайғамбарымыз жерленген «әс-Сәлам» дарбазасынан кірерде иін тіресіп, бірін-бірі кимелеген жұртты полиция қызметкерлері сабырға шақырып, жымия қызмет көрсетіп жатты! Оң қолын саусақтарының ұшын біріктіре жоғары көтерген ишарат – «сабыр қыл, бауырым, сабыр!» деген белгі екен.
Тәуап жасау кезінде бір мүгедек жігіт­тің Қағбаны жамбасымен сырғып, отырып айналып жүргенін көріп, таң қалдық. Міне, Алланың разылығын алуға деген құлшыныс, мұсылмандық парызды қалайда өтеуге деген, жақсы мағынасындағы, өлермендік! Жалпы, Меккеде мүмкіндігі шектеулі жандардың қажылықты атқаруын жеңілдету үшін барлық жағдай жасалғанын байқап, қуаныстық.
«Қажылыққа барғанша сен қандай адам едің? Енді ол аса маңызды емес. Сен қасиетті Меккеден қандай адам болып оралдың? Ең маңыздысы – осы» деп еді бір ақсақал. Расында да, мейірім ұйыған мекеннен, адам рухын ізгілендірер ислам діні тамыр тартқан топырақтан жақсы әсермен оралмау, жаның кірден арылып, жүрегің тазармай келу мүмкін емес секілді. Бастысы – сол жанды, сол жүректі бұдан былай кірлетпей, таза ұстауға тырысу...

751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз