• Тарих толқынында
  • 07 Қараша, 2016

Ұлығ - Ұлыс тарихының пікір-талас тудырар мәселелері

Аманжол Күзембайұлы,
профессор

  Қазақ халқы мен оның ата-бабалары өзінің ұзақ сонар тарихында әртүрлі мемлекеттер мен мемлекеттік бірлестіктердің құрамында болғаны белгілі. Соның бірі, ХІІІ ғасырдың басы мен ХV ғасырдың бірінші жартысы аралығын қамтитын, тарихи әдебиетке «Алтын Орда» деген атпен кірген, бүгінгі Қазақстан жерінің біраз бөлігін қамтитын ұлы мемлекет.
Еуропацентристік тарихнамада «жабайы өрке­ниет», «татар-мұңғыл» басқыншылығы деп беріліп, бүгіндері өмір сүріп жатқан ешбір халық сол мем­лекеттің мұрагеріміз деп айта алмайтын заман артта қалды. Бүгінде, ғылымның отарсыздандыру үрдісі өрбіген кезеңде, өз тарихымызды шынайы да шын­шыл баяндайтын дәрежеге жеттік. 


Бұл тақырыпты 1992 жылы жарық көрген «История дореволюционного Казахстана» – деп аталатын жоғары оқу орындарының студенттері үшін Оқу министрлігінің жанындағы оқу-әдістемелік кабинеті рұқсатымен жарық көрген оқулығымызда алғаш рет қозғаған едік. Біз  онда Алтын Орда мемлекетін «Первое в истории централизованное кыпчакское (древнеказахское) государство»[1]деп атап едік.Бұл оқулық кейін он рет басылды.Соның бір басылымында «В начале XIII в. в Евразии происходят события, сыгравшие важную роль в последующей мировой истории. Отряды Чингисхана и его потомков разорвали замкнутость средневекового мира, сблизили Запад с Востоком. Это способствовало появлению целого ряда новых кочевнических государств, в том числе Улуг-Улуса  («Великого Улуса») – первого централизованного кыпчакского (древнеказахского) государства, оставившее след в истории и культуре казахов» – деп көрсетілді [2].  
Кейін қазақ тарих ғылымы саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралаған бір кітапта біздің Алтын Орда тарихы жөніндегі концепциямызды қатаң сынға алады [3]. Сонан кейін, бірер мақала жазып, ешкімнен қолдау таппағаннан кейін, бұл мәселені жылы жауып қойғанбыз[4]. Елбасымыздың Ұлытаудағы кездесуінде Алтын Орданың қазақ тарихығына тікелей қатынасы бар екендігі баса айтылды. 2014 жылдың желтоқсан айында Н.Ә.Назарбаев  Қазақ хандығының Алтын Орданың ізба­сары екендігін қайталап айтты. Өкініштісі, бұған коммунист Т.А.Козырев Белорус президенті Г.А.Лукашенко, қырғыз президенті А. Атамбаев  пен қоғам қайраткері П.Своик қана өз көз­қарас­тарын білдірді.  Сүйініштісі, соңғы жылдары жас ғалымдардың арасында осы тақырыпқа қызығушылық білді­рушілер қатары көбейіп келеді [5]. Үлкен тақырыпты жіліктеп сараламас бұрын бізге дейінгі ғалымдардың ой-пікірлері­мен көзқарасына тоқтала кетуді жөн көрдік. Алтын Орда мемлекетінің тарихына сол заманның тарихшыларынан бас­тап, кешегі кеңес дәуірінің ғалымдарына дейін айтарлықтай еңбектер жазылды. Қазан төңкерісіне дейінгі Г.С.Саблуков, В.Г.Тизенгаузен, М.И.Трофимов, И.Н.Бе­резин [6]  еңбектерінде орыс дворян та­рих­­намасының дәстүрін сақтай отырып шыңғыс ұрпақтары ұйымдастырған мем­лекеттердің ішкі және сыртқы саясатына, шаруашылығы мен мәдениетіне тоқ­тала отырып, европа өркениетіне тигізетін кері әсерін асыра сілтеушілікпен баяндайды. 
Кеңес дәуірінің тарихшылары В. В. Бар­тольд, М. Г. Сафаргалиев, В. Л. Егоров, Г. В. Вернадский, Г.  Е.Грумм – Гржимайло [7] еңбектері де әдіснамалық жағынан да, тарихи фактілерге баға беру жағынан да орыс және Батыс Европа ғалымдарынан алыс кете алмады. Тек қана, Кеңес үкіметінің қиянатын көп көрген Л. Н. Гумилев [8] сынды данышпан тарихшы өзінің көптеген еңбектерінде түркі тілдес тайпалардың европа этностарының тағдырындағы игі әсерлерін жаңылмай жазумен болды. 
 Ұлт тарихшыларының ішінде алғаш рет Алтын Орда мемлекетінің тарихына тоқталған ғалымдардың бірі татар та­рих­шысы әрі жазушысы Г. Газиз. Толық аты-жөні Газиз Салихұлы Губайдуллин (1887-1938) Бай саудагердің отбасында дүниеге келген. 1905-07 жылдардағы шә­­­кірттер қозғалысына қатынасқан. Медресе және Қазан университетінің тарих-филология факультетін бірінші дәрежелі дипломмен бітірген.  Татар халқының ал­ғаш­қы профессоры. 1921 жылы аштық­қа ұшы­рағандарға көмек комиссиясын ұйым­дас­тырғандығы үшін абақтыға қама­лады. 1925 жылы Баку қаласына қоныс аударады. Әзербайжан университетінде әртүрлі оқытушылық қызметте болады. ВКП(б)-ға  мүшелік оны репрессиядан құтқармайды. 1937 жылы «буржуазиялық бағыттағы тарихшы және пантюркист» деген айып­пен ұсталып, 1938 жылы 20 мамырда ату жазасына кесілді. Тек, 1956 жылы ақталды [9].  
1924 жылы жарық көрген татар хал­қының тархына арналған еңбегінде Алтын Орда тарихына кеңінен тоқталып, бірсыпыра соны пікірлер айтады. Әсіресе, оның Москва князьдігінің нығаюы бары­сындағы Алтын Орда мемлекетінің ерек­ше рөлі жөніндегі пікірі ақылға қонымды  «Следует отметить, что Вос­точная Европа до прихода татаро-монголов было отсталым регионом, а народ-диким. Лишь хазары, булгарыи кипчаки сумели создать высокую культуру с помощью византийцев, итальянцев, арабов, а также благодаря торговым людьям из других стран. Что еще важно: до прихода монголов в Восточной Европе не было централизованного сильного государства» [10] – деп ашығын айтады, ол.
Өткен ғасырдың  90-жылдарынан кейін, еліміз тәуелсіздік алған жылдарда қазақ тарихындағы Шыңғысхан және оның ұрпақтары жөнінде мер­зім­ді баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарық көрді. Өкінішке қа­рай, жүрек қалауымен жазылған (эмоция негізінде) шығармалар дерек көздерінің жеткіліксіздігіне, ғылыми әдіс­намалық (методология) тұғырдың әлсіздігіне байланысты өз дегеніне жете алмады. Жалаң фактіге сүйенген авторлар ортақ келісімге келе алмай, бір-бірінің намысына тиерліктей дәрежеге жетіп, ғылымды байытарлықтай пікір айта алмады [11]. Алтын Орда тарихын зерделей жіктейтін болсақ мына төмендегідей проблемалар шешуін кү­те­ді:  мемлекеттің  құрылу себептері, оның    шекарасы,  этникалық  (тайпалық), әлеу­­меттік құрылымы шаруашылығы және әлемдік өркениетке қосқан үле­сі. Осы мәселелерді парадигмалық тұр­ғыдан қарастырып көрелік. 
Алғашқы үлкен мәселе татар-мұңғыл шапқыншылығының қазақ жеріндегі сипаты хақында. Қазіргі Моңғолия және Солтүстік Қытай жерінде ХІІІ ғасырдың басында пайда болған Шыңғысхан империясы аз уақытта әлемде теңдесі жоқ қуатты да күшті мемлекетке айналды. Көрші мемлекеттер мен көшпелі тай­палардың басын қосқан Шыңғыс хан 1218 жылы Жетісу жеріне басып кірді. Жебе Ноян басқарған мұңғыл әскері көп ұзамай бүкіл Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерін өз қоластына қаратты [12]. 1219-1241 жылдар аралығындағы әскери жорықтар нәтижесінде осы күнгі қазақ даласы Шыңғысхан империясының құрамына кірді [13]. Осындай ұлан бай­тақ территорияны аз ғана жылдарда моң­ғол әскерінің басып алуын көптеген еуро­­палық тарихшылар Шыңғысханның за­лымдығымен, оның әскерінің зұ­лым­дығымен түсіндіреді. «Слегкой руки рус­ских историков ХІХ века закрепилось утверждение что, дисциплина в монгольской армии поддерживалась невероятными по жестоостимерам [14] – деп жазады орыс­тың қазіргі замандағы зерттеушісі Алек­сандр Доманин.
Шын мәнінде тарихи деректерді мұ­қият зерттей отыра біз басқаша ойға кел­дік. Мәдениетінің даму дәрежесі артта қалған тайпалардан құрылған мұңғыл-татар әс­кері алдыңғы қатарлы Европа әскерін қалай жеңді? Осы орайда бурят халқының өкілі, Қазан төңкерісіне дейін жоғары білім алған белгілі тарихшы Эренжен Хара-Дабанның «монгольские завоевания не были нашествием диких одр и монголы не были «дикарями», ни «варварами», иначе они не могли бы одержать победу над народами старых культур двух континентов и создать небывалую в мировой истории империю[15]  деген сөздері еске түседі. 
Европоцентристік көзқарастағы тарихшылар көшпенділер қоғамының ішкі әлемін түсіне алмады. Орталық Азияны мекендеген әртілде сөйлеген, әртүрлі дәрежедегі мәдениеті бар тайпалар мен ұлыстар Европа ғылымы үшін жұмбақ болды. Сондықтан да олар көшпенділер тарихы, олардың өзара қарым-қатынасы, көрші елдерменен өзіндік байланысы, ішкі әлеу­меттік, этникалық  құрылымы жөнінде дұрыс, объективті пікір айта алмады. 
Екінші бір даулы мәселе «татар-мұң­ғыл шапқыншылығының» зардаптары жөнінде. ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында қазақ даласындағы саяси ахуал өте күрделі еді. Бытыраңқы қыпшақ мемлекеттері экономикалық жа­ғы­нан да, саяси жағынан да дағдарысқа ұшырады. Батыс өңірді мекендеген қып­шақ тайпалары славяндарменен араласып, христиан дінін қабылдап, өзінің дәстүрлі мәдениетінен айырылып қалды. Ал, шығыс өңірді мекендеген қыпшақтар Хорезм хандығының үстемдігінде болды.
Сондықтан да, қазақ даласында саяси вакуум пайда болды. Шыңғыс ұрпақ­тарының қазақ даласына келуі кездейсоқ уақиға емес еді. Бұл саяси заңдылық. Мұңғыл жерінде күресіп, жеңіліске ұшы­раған наймандар ХІІ ғасырдың басында қазіргі Жетісу жеріне қоныс аударды.  1218-жылы мұңғыл әскері Қойлық пен Алмалық қалаларына бекінген найманның Күшілік ханына шабуыл жасады. Найман ханы қарсылық көрсете алмай қаладан қашып шығуға мәжбүр болды. Сөйтіп аз уақыттың ішінде бүкіл қазақ даласы Мұң­ғыл империясының құрамына кірді [16].  
Үшінші мәселе. Біздің ойымызша қазақ ұлыстарының көпшілігі жаңа им­пе­рияның құрамына өз еркімен қо­сыл­­ды. Бұрынғы қыпшақ тайпалары Шың­ғыс хан идеологиясын қабылдады. Қазақ жерінде басқарушы әулет (династия) өзгерді. Шыңғыс хан билігінің позитивті жақтарына келетін болсақ, ұлаңғайыр даладағы  көшпелі түріктілдес тайпалар мен ұлыстардың өзара байланысы нығайып, этника аралық әсер етушілік күшейді. Тайпалар арасындағы қақтығыстар тоқтатылды. Шығыс тарихын зерттеуші ғұлама ғалым В.В. Бартольд былай деп жазады: «Доказано, что несмотря на произведенные монголами опустошения, первое время существования монгольской империи было временем экономического и культурного расцвета для всех областей, которые могли воспользоваться последствиями широко развившейся при монголах караванной торговли и более тесного, чем когда-либо прежде и после, культурного общения между западной и восточной Азией» [17].  
Төртінші мәселе. 1219-1241 жылдар­дың аралығындағы әскери компания нәтижесінде қазіргі Қазақстанның және Орта Азияның негізгі бөлігі Шыңғыс хан империясының құрамына енді. Шыңғыс хан ұрпақтары жаулап алған мемлекеттер бір империяның қоластында бірікті. Дегенмен де, сол заманның хабар-ошар жүйесі, мемлекеттік құрылысы осындай үлкен империяны бір орталыққа бағын­дырып, бір басшының билігін жүзеге асыруы мүмкін емес еді. Сол себепті Шың­­ғыс хан жауланған территорияны өзінің төрт ұлына және тума-туыстарына бөліп берді. Қазіргі қазақ даласы негізінен Шың­ғыс ханның екі үлкен балалары Жо­шы мен Шағатайдың иелігіне өтті. Жошы ұрпақтарына қазіргі қазақ жерінің сол­түстік, орталық, батыс бөліктері қарады. Орта Азияда Жошы ұлысының құрамына Амударияның төменгі ағысындағы жерлер кірді. Ұлыстың орталығы Ертіс өзенінің алқабына орналасты. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Мәуренахр және Жетісу өлкесі бұйырды. Оның орталығы Іле өзенінің алқабында еді. Үшінші ұлы Үкітайға Шыңғыс хан Батыс Моңғолия және Тарбағатайды берді. Оның орталығы осы күнгі Чугучактың маңында болатын. Сонымен қатар ол өзінің 129 мыңнан асатын әскерін [18]  де бөліп берді. Кіші ұлы Төлеге 101 мың әскер, қалған үш ұлына 4 мыңнан, 16 мың әскер тума-туыстарына бөлініп берілді [19].  Жошы иелігі тарихи әдебиетте әртүрлі аталады. Көне түркі тіліндегі деректерде бұл мемлекет «Ұлығ-Ұлыс» деп аталса, кейінгі, әсіресе, орыс тіліндегі әдебиетте «Золотая Орда», «Белая Орда», «Синяя Орда» деген сөз тіркестері жиі кездеседі [20]. Осы күнгі қазақ тарихна­масында да Жошы әулеті құрған мемле­кеттің шынайы аты кездеспейді. «...с конца 60-х годов XIII века улус Джучи отделяется от общеимперского центра и становится самостоятельным государством. Для обозначения этого нового монгольского го­сударства в сочинениях мусульманских авторов и текстах официальных документов на протяжении всего средневековья употреблялись различные названия. Вот неполный их перечень: улус Джучи, Дешт-и Кипчак, Кипчак, Дом Бату, страна Берке, Северное царство, Улуг улус, Токмак, Токмакский улус, Узбеково государство, Узбекский улус. В исследовательской же литературе оно известно под именем Золотой Орды» – деп жазады белгілі тарихшы И.Сұл­танов [21]. Өз аталарының тарихын жақсы білетін Шоқан Уалиханов бұл мем­лекеттің Ұлығ-Ұлыс аталатындығын айтады. Мұңғыл империясының құрамдас бөлігі болғанменен, кейін, әсіресе, Бату хан болған дәуірде ол өзін тәуелсіз ел ретінде  көрші мемлекеттермен қарым-қаты­наста болған. Ұлығ-Ұлыс дәуірі қазақ тарихындағы елі гүлденген, мәдениеті дамыған, экономикасы дәуірлеген, халық­аралық аренада беделі үстем мемлекет болған. 
Бесінші мәселе. Осы күнгі ғылымда Алтын Орда мемлекетінің ұрпақтары кім деген сауалға жауап жоқ. Территориясы жағынан қазіргі Ресей мен Қазақстанның жерін алып жатқан Алтын Орда қай елдің болмасын тарихында атүсті қара­лады. Ресей тарихында «мұңғыл-татар басқыншылығы» деп аталып, оның тарихына онша көп мән берілмесе қа­зақ тарихында Алтын Орда тарихы бөтен халықтың несібесі сияқты. Біздің пікі­рімізше, Ұлығ-Ұлыс алғашқы Евра­зиялық мемлекет. Оның негізгі ізба­сары қазіргі Қазақстан республикасы. Бұл мемлекеттің құрамында орыс княздықтарының негізгі бөлігі болған. Сондықтан да, ол орыс тарихының да құрамдас бөлігі. Өкінішке орай, екі елдің тарихшылары да Ұлығ-Ұлыс мемлекетін «өлген өркениеттің», «келмеске кеткен» елдің тарихы ретінде қарайды. Ұлығ-Ұлыс қазақ тарихының мақтанышы. Оның әлемдік өркениетке қосқан үлесі бір төбе. 
Алтыншы мәселе.   Ұлығ-Ұлыс мем­ле­­кетінің құрамына көптеген түркі тілінде сөйлейтін, осы күнде қазақ халқының құрамына кірген керей, найман, уақ, қыпшақ, арғын, қоңырат, алшын, тама, табын, адай, қаңлы, маңғыт, қият, т.б. тай­палар кірген. Мемлекет көп ұлтты болғандығы белгілі. Оның құрамында сла­вян, грек, италян, угро-фин, хазари, кама булгырлары, алаңдар, қалалық қып­шақтар, т.б. этностар кірді. Ұлығ-Ұлыс дәуірінде қыпшақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өз дамуының шырқау шегіне жеткен.   Шыңғыс хан әскеріменен қазақ даласына келген мұңғылдардың саны өте аз болды да, олар түркі тайпаларының арасына сіңісіп кетті. «Монгольский элемент не мог быть в Золотой Орде значителен, и преобладание турецкого языка, вероятно, установилась довольно скоро, особенно с тех пор, как прекратилась связь Золотой Орды с Монголией» [22] деп жазды В.В. Бартольд. 
Жетінші мәселе. Ұлығ-Ұлыс мемле­кеті­нің экономикалық дамуы арнаулы зерттеуді қажет етеді. Нарықтық  экономика құрып жатқан біздің елде оның прак­тикалық та мәні бар. Екі континенттің ара­сында  жатқан Ұлығ-Ұлыс мемлекетінің экономикасы на­рықтық негізде құрылып, өз заманының қуатты елдерінің бірі болған. Жібек жолының түйіскен жерінде орналасқан  Сарай Бату және Сарай Берке қалалары дүниежүзілік сауда орта­лықтарына айналды. Мемлекеттің «динара» аталатын ақшасы халықаралық валю­таға айналды. Жер-жерлерде керуен сарайлар, пошта бекеттері пайда болды. Тек қана, Алтын Орда дәуірінде жүзден артық қалалар салынды. Қара теңіздің жағасында сауда факториялары салынды. 
Сегізінші мәселе. Ұлығ-Ұлыс мемле­ке­тінің халықаралық аренадағы беделі, сол уақытта әлемде болып жатқан саяси процестерге әсері жөнінде ғылымда дұрыс пікір айтылмай келеді. Европалық тарихнамада оны «тонаушы, қанаушы мемлекет» деген парадигма қалыптасты. Бірде-бір зерттеулерде оның пайдалы, жағымды әсерлері, оң баға беру  кездеспейді. Қытай тарихшысы Хан Жу-Минь «Чингис хан смял границы на пути связи между Востоком и Западом, сравнял с землей крепости и бастионы, которые препятствовали экономическим и культурным отношениям и после этого взаимные связи Востока и Запада начали процветать» [23]  деп жазды. Тек қана, қазақ жерінде ғана емес көрші мемлекеттердің ішінде де қақтығыстар мен соғыстар тоқтатылды. Европадағы крест тағушылар Алтын Орда хандарымен есеп­тесетін болды. Алтын Орда хандары орыс княздарын қолдап, олардың неміс және Балтық бойындағы ордендерменен күресіне көмек жасады. Мысалы, Александр Невскийге Батудың баласы Сартақ әскери көмек жасап, Чудь көлінде неміс рыцарьларын тас-талқан етіп жеңді. Алтын Орда құрамына енген орыс жерлері гүлденді, славян тайпалары бірыңғай этнос болып қалыптасты. Қалалар салынды. Көптеген орыс ақсүйектері қыпшақ қыздарына үйленіп, Шыңғыс ұрпақтары орыс әулеттеріменен қан араластырып, құда болып, туыстықтарын күшейтті. Орыс княздарының еркек кіндікті балалары Ор­дада аманат есебінде ұсталып, тәрбие алып, азамат болған шағында елдеріне қайтарылатын еді. 
Әлемдік саясаттану мұратында Жер шарының негізгі бөлігін қамтитын Ұлы мемлекет құру идеясы жатыр. Пан-Европа, Пан-Азия, Евразия бірлес­тігін ұйым­дастыру бүгінгі таңдағы саясат­керлердің орындалмайтын арманына ай­налды. Осы арман Шыңғыс ханды да әлемдік билікке жетектегендігі хақ. Жоға­рыда айтылған доктор Э. Хара-Дабанның «Идеалом Чин­гис-хана было создание единого царства Человечества, так как только тогда – как он справедливо думал – прекратяся взаимные войны и создадутся условия для мирного процветания человечества как в области духовной, так и материальной культуры. Жизнь одного человека оказалась слишком короткой для осуществления этой грандиозной задачи, но Чингис хан и его наследники едва не достигли этой задачи, когда имели 4/5 мира в своем государстве – монголсфере» [24]  дегені осыған дәлел. 
Қорыта келгенде, Ұлығ-Ұлыс мем­ле­кетінің тарихы қазақ тарихының құ­рамдас бөлімі. ХІІІ ғасырдың басы мен ХІV ғасырдың ІІ жартысы аралығында қазақ жерінде үлкен тарихи өзгерістер болды. Түркі тайпалары бір-біріменен әсер­­­лесіп, көрші этностарымен туыстық қарым-қатынастарда болып, бірыңғайда біркелкі этнос болып қалыптасты. Сөйтіп, келешектегі қазақ халқының іргетасын қалады. Ұлығ-Ұлыс мемлекеті орта ғасыр­лық қазақ мемлекеті. Дәл осы уақытта қазіргі қазақ халқының мемлекеттік дәстүрі, тілі, рухани мәдениеті қалыптасты. Яғни, ХІІІ ғасырдың басында қазақ халқы этнос болып қалыптасты деген пікірді (дискуссия үшін)  айта аламыз. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кузембайулы А.История дореволюционного Казахстана. Республиканский кабинет оп выпуску учебно-методической литературы. Алматы,1992. 139 бет
2. Кузембайулы А., Абиль Е.А.История Казахстана: Учебник для ВУЗов. /7-е изд. перераб. и доп./ -  СПб.:Соларт,2004,84 бет..
3. Масанов Н.Э.,Абылхожин Ж.Б., Ерофеева И.Б.Научное знание и мифотворчест­во в современной историографии Казахстана.Алматы, 2007. 88 бет.
4. Қазақ тарихының Алтын Орда дәуірі. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институт ЖАРШЫСЫ.Ғылыми-әдістемелік журнал.2005,№2,98-102 беттер.
5.  Ақпарат интернеттен алынды
6. Саблуков Г.С. Очерк внутреннего состояния кыпчакского царства. Казань, 1895; Тизенгаузин В.Г. Собрание материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Спб., 1884; Трофимов М.И. Хронологические таблицы мусульманских династии. Ташкент, 1895; Березин И.Н. Очерк внутреннего устройства улуса Джучиева //Труды восточного отделения императорского археологического общества. Спб., 1864.
7. Бартольд В.В. Сочинения. Т. 1-2, М., 1963.; Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотой Орда и ее падение. М. –Л., 1950.; Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. Саранск, 1990.; Егоров В.Л. Золотой Орда: мифы и реальность. М., 1990.; Вернадский Г.В. Монголы и Русь. Пер. с анг. Е.П. Бернштейна, Б.Л. Губмана, О.В. Строгановой. Тверь: ПЕАН, М., АГРАФ, 1999; Г.Е. Грумм-ГржимайлоДжучиды. Золотая Орда. Арабески истории. Кн. 1. Русский взгляд. Составитель, редактор серии А.И. Куркачи. М., 1994. 100-146 беттер.
8. Гумилев Л.Н. Поиски вымышленного царства: Легенда о Государстве пресвитера Иоанна. М., Наука, 1970. 242-бет.
9. Газиз Г.История татар.Казань, 1924, 1998 жылы қайта басылған
10. Сонда, 58-59 беттер.
11. Бұл жерде мен баспасөз бетіндегі қазақтың белгілі ақыны М. Шаханов пен жазушы-ғалым М. Мағауинның пікір-таласын айтып отырмын.
12. Филлипс Э.Д. Монголы.Основатели империи Великих ханов./Пер. С анг.О.И.Перфильева.-М.,ЗАО Центрполиграф, 2004. 59-64 беттер.
13. История Казахстана.Сдревнейших времен до наших дней.Вчетерех томах. Том І–Алматы « Атамұра» 1996,-444 бет.
14. Доманин А.Монгольская империя чингизидов..Чингизхан и его преемники..-М.: ЗАО Центрполиграф, 2007,220 бет.
15. Эренжен Хара-Дабан. Чингис-хан как полководец и его наследие. Культурно – исторический очерк Монгольской империи ХІІ-ХІV веков. Алма-Ата. Изд. «КРАМДС - Ахмед Яссауи.» 1992
16. История Казахстана.Сдревнейших времен до наших дней.Вчетерех томах. Том І –Алматы «Атамұра» 1996, -  441 бет.
17. Бартольд В.В.жоғарыдағы шығармасы.
19. Храпачевский Р.П. Военная держава Чингисхана.-М.:АСТ:ЛЮКС,2005.-181 б.
20. Қазақстан тарихы.Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. ІІтом –Алматы: «Атамұра»,1998,-77 бет.
21. Кузембайулы А.История дореволюционного Казахстана. Алматы,1992.
22. Султанов Т.Как улус Джучи стал Золотой Ордой, Татар дөньиясы. 2004, №12.
23. Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии. – Алматы: Жалын, 1993. 131-бет.
24. 15. Хан Жу-Минь .Бұл цитата ЭренженХара-Дабан. Чингисхан как полководец и его наследие. Культурно-исторический очерк Монгольской империи ХІІ-ХІV веков. Алма-Ата. Изд. «КРАМДС - Ахмед Яссауи». 1992 кітабынан алынды. 243-бет.

592 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз