• Заманхат
  • 07 Желтоқсан, 2016

ДІНИ ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ПЕН АУЫТҚУШЫЛЫҚТЫҢ АРА ЖІГІ

Берік Аташ, 
ҚазҰУ оқытушысы, 
философия ғылымдарының докторы

Бүгінгі діни руханияттық арнадағы жалпыадамзатты алаңдатып отырған қайғылы-қайшылықты түйткілдердің бірі – діни экстремизм мен терроризм ек­піні біздің қоғамға да келіп жетті және мемлекеттің ішкі қауіпсіздік жағ­дайында жедел алдын алу шараларын ұйымдастыру мен интенсивті күресуді қажет ететін дисфункциялы саяси-әлеу­меттік құбылысқа да айналып үлгерді. 


Осы орайда, діни мәтіндерді тал­қылаулар мен оларға берілген түсін­дірмелер сол мәтіндердің түпнұс­қала­рынан бірнеше есе көп және теологиялық әдебиеттер тізбегі бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатырғандығын, олардың кейбірі бір-біріне қарсы әр түрлі ағымдар мен секталарға айналып кеткендігін, бірақ, олардың барлығы бір-бірінен түпкілікті айырмашылықтарына қарамастан, орто­доксальді бағытты ұстана­тындығын мәлім­дейтіндігін,  олар қазір бар­лық елдерде діни қақтығыстарға алып келіп отырғандығын атап көрсететін дін­танушы философ М. Мюллердің пікірін негізге алсақ[1,56б.], бұл ахуалды теориялық тұр­ғыдан зерделеуде ұсынылатын: «экстремизм дегеніміз не, оның түрлері қандай, діни канондарда бұндай идеологиялар орнықтырылған ба, әлде жоқ па» деген сияқты сауалдардан гөрі практикалық түрде қойылатын: «Діни жат ағым өкілін қалай айыруға болады? Діни фанатизм деген не? (Фанат деген кім?) Діни терроризм мен экстремизмнің пайда болуының обьективті себептері қандай? Діни терроризм мен экстремизмнің пайда болуының субьективті себептері қандай? Діни экстремизм мен терро­ризмнің алдын алу үшін мемлекет тарапынан не істелу керек? Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін, өзіміздің, Сіз бен Біздің тарапымыздан, не істеу керек? Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін жасақталатын психологиялық тә­сілдер, педагогикалық әдістер, фило­со­фиялық тұғырнамалар, дінтаулық ұс­танымдар қандай болуы тиіс?» деген сияқты жедел арада шешімін табуы тиіс ахуалдар  маңыздырақ болып отыр. 
Діни терроризм мен экстремизм туралы айтылғанда, көп жағдайда ислам дінін қуаттаушылар мен оның арнайы өкілдері тарапынан кей жағдайларда «неліктен исламдық жат ағымдар туралы арнайы айтылады, басқа діннің дәстүрлі емес салалары ше?» деген сияқты түсініктер жиі айтылуда. Біріншіден, ислам дініндегі жат ағымдардың басқаларға қарағанда, агрессияшыл, террористік сипаты басымдау, екіншіден, біздің қоғамда халықтың жетпіс пайыздайы ислам дінін ұстанады, сондықтан, жергілікті бұқаралық санадағы «кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс» деген адасу зайырлы ислам мен бұрмаланған исламның ара жігін ажыратуды өздігінен-ақ сұранып тұр.  Ал, исламдық емес діни жат ағымдардың келбеті бұқаралық сана үшін де «жасырын» емес, салыстырмалы түрде  бейнесі ашық. Үшіншіден, жастардың исламдық діни жат ағымға елігу беталысы уақытша деп саналатын субкультурадан контркультураға айналып бара жатырған сыңайлы және аморальдік тәсілдерді қолдана отырып, олардың саны да геометриялық прогрессиямен өсуде. Мәселен, Ә.Нысанбаев бұндай ахуалдың тіптен антикультураға қарай бет бұратындығын атап көрсетеді[2,86б.].       
Діни экстремизм мен терроризммен күрестің бүгінгі таңдағы ең басты ахуалы: салдармен емес, себеппен күресу, тұлғадағы мінез-құлықтық түрде пайда болуының алғышарттары мен қолайлы жағдайларын ашып көрсету мен оларды бақылау – жат ағымға еріп кетуден  сақтандыру; жат ағым өкілін дәстүрлі, зиялы ағымнан ажырату; оны ұрпақтарға түсіндіру т.б. Себебі, кез-келген дін өкілі немесе жат ағым субьектісі өзін дәстүрлі, зайырлы, қалыпты, дұрыс бағыттамын деп сезінеді, ешкім де өзінің фанат немесе экстремист екендігін мойындамайды және кей жағдайда сондай бағытқа беттеп бара жатырғанын адамның өзі де, өзгелер де сезбей қалады. Демек, үдеріс ретінде, беталыстың өзі ашық, жариялы, рационалды болып құрылмайды. Осыған байланысты, бүгінгі таңда философ және саясаттанушы ғалымдарымыз дінді діни терроризмнен ажырату мәселе­сін маңызды санайды [3,42б.]. Зайырлы ислам мен ауыт­қыған жат ағымның ара жігін  кез-келген арнайы дінтану маманы немесе дін өкілі, осы саладағы зиялы қауымдастықтар білімі мен біліктілігі арқылы оңай ажырата алады. Бірақ, бұл тұстағы маңызды түйткіл: сан түрлі және дифференциацияланған сан салалы діни «лабиринттерден» өз орнын таба алмай, дұрыс пен бұрысты ажырата алмай адасқан бұқаралық сана үшін ғана екендігінде, парасатты шешімдерге деген халықтың ішкі сұраныстарында, ажырату белгілерінің қарапайым болып құрылып, діни терең арнайы білімді қажет етпей-ақ, баршаға «түсінікті» болып ұсы­нылуында болып отыр. Себебі, қара­пайым халық исламдағы жүздеген ағымдарды, олардың әрқайсысының ерекшеліктерін, діни мәтіндерге беріл­ген түсініктемелерді, иждиһат шешім­дерін, терминологиялық аппаратты, тыйым салынған бағыттардың тізімін  т.б. кәсібиленген діни білім арнасын, шындығында,  білуі міндетті емес. Осындай өзекжарды мәселелерге орай, дихотомиялау, верификациялау, кри­териилерді анық көрсетуді негізге ала отырып,  мынадай  ахуалдар тізбегі мен оны шешудің жолдарын ұсынамыз:
1. «Экстремистік-террористік пиғыл қайдан пайда болады» деген сауалға орай, оның қалыптасуының алғышарттары мен өрлеу эволюциясының сатыларын былайша тиянақтап көрсетуді жөн көрдік: а) белгілі бір дінді қабылдап немесе қабылдағысы келіп, көзқарастары әлі дұрыс тиянақталмағандар (бірақ, бұлар зайырлыларды немесе жат ағымдағыларды толықтырушы потенциалдар ғана); ә) өз сенімінің заңсыз идеологтарына айналғандар; б) жат ағым мен өзгелердің ықпалымен фанаттыққа ұрынғандар, «осы менікі дұрыс па өзі» деген сияқты өзіне сыни көзқараспен қараудан айрылғандар; в) экстремистік және террористік пиғылдары пайда бола бастағандар және оны «дұрыс» деп есептейтіндер; г) жасырын әрекет етушілер немесе психологиялық тұр­ғыдан дайындалып жүргендер; ғ) психо­логиялық дайындықтарын жасырын түрде тәжірибеден өткізіп, физикалық дайын­дықтарға көшкендер; д) қару-жарақпен жаб­дықталғандар немесе оны жабдық­тауды көздеп жүргендер; е) экстремизм мен терроризмді іске асырушылар. 
Демек, діни экстремист пен террорист оқыстан, бірден-ақ пайда бола қойған жоқ немесе өзге мемлекеттерден арнайы алдырылған да жоқ, Осындай сатылар арқылы бірте-бірте белең алады, ендеше, осы сатылардың әрқайсысын жіті бақылау қажеттігінің маңыздылығы туындайды. Ендеше, себептерді ғана ғана емес, шарттар мен тіке жағдайларды ескеріп отыру керек.  
2. Қауіпті діни фанатты дәстүрлі ағым  өкілінен қалай ажыратуға болады: а) дінді заңсыз, сәті түспесе де насихаттаушылар (идеологтар) мен кез-келген сәтте өзінен-өзі үнемі бел­сенді ақтап алушыларға (аполегет) айналғандар; ә) үгіт кезінде «тозақ оты», «қарғысқа ұшырау» сияқты үрей тудыратын түсініктерді қолдануға құштар болады; б) үгіт-насихат жасайтын кезеңді үнемі бағып жүреді, оңтайлы сәтін күтуде болады (діни ақпаратқа сұраныс болса, бұл жағдай басқаша); в) кез-келген нәрсені, құбылысты, пікірді, ойды, мақсатты т.б. дінге апарып қиыстырып (қиыспайтын болса да) отырады; г) өзінің сеніміне қарсы келетін немесе үндеспейтін пікірлерге төзіп тұра алмайды, сол сәтте сезімге беріліп ашу туғызуға да бейім болып келеді, пікірталас этикасын және рационалдылықты сақта­майды; ғ) таным-түсінігінде: Отан, ұлт, ата-ана, бауыр, т.б. жалпыадамзаттық ең маңызды құндылықтарды өзінің сенімінен төмен қояды; д) өзгелерді өз сеніміне кіргізу міндетін «өзіне-өзі жүктеп» алады және келіспегендерді «жек көреді», кейде тіпті «жау» санайды; е) діни мәселелер топтамасын ақылмен, парасаттылықпен түсіну оған жат, тек сезім мен сенімді ғана басшылыққа алады, өзіне-өзі сын көзбен қарай алмайды; ж) жеке Меніне қатысты алғанда, жалпыадамзаттық, ұлттық моральді ес­ке­русіз қалдырып, діни (сыртқы) формаға құш­тарлық  анық байқалып тұрады; з) ұлттық дәстүрлі құндылықтардың да шариғатқа сай келмейтін қырларының барлығына жуығына «ширк», «харам» деген сияқты табуларды өз бетімен де белгілеп қояды т.б. Шындығында, дінтанушыларымыз атап өткендей, діни фанаттық көп жағдайда экстремизмге бастайтын «төте жол» іспетті болып табылады [4, 213б.]. Бірақ, фанат бастапқыда әлі экстремист-террорист емес және олар тура сәйкес құбылыстар болып табылмайды.  
Бұл тұста «қауіпсіз» діни фанаттың да болатындығын атап өтуге болады. Ол террористік немесе экстремистік пиғылда болмайды, өздігінен оқшау­ланып, аскеттік бағдарға қарай бет бұрады: өмірге – пассивті, сенімге – активті, ал, қоғамға – агрессиялы емес. Бірақ, бұл қауіпсіздіктің өзі салыстырмалы, ол да психологиялық ықпал ету мен өмір стилін түбегейлі өзгертуді уағыздау бағдарында белгілі бір деңгейде психологиялық тұрғыдан қауіпті болып шығуы ықтимал, бірақ міндетті түрде емес. Демек, қоғамға қауіпсіздігі сақталып қалуы да мүмкін.  Ендігі бір ескеретін жайт: «фанаттық көзқарасты жалпы қолдайтындар – өзінің фанаттық көзқарасын немесе жалпы фанатизмді  теориялық-әдіснамалық түр­де ғана ұсына­тындар – өзінің фанат­тық идеясын және жалпы фанаттық идеяны практикалық түрде байыптайтындар – өзінің фанаттық идея­сын насихаттап, идеологияландыратындар» тіз­бегінің алго­ритмін мұқият ескеру керектігі  турасындағы мәселе туындайды. Мысалы, А. Яссауидің философиясын, психологиясын, педагогикасын, тарихын т.б. ғылыми парасатты теориялық тұрғыдан зерт­теу­шінің  таным-түсінігі мен мінез-құлқы өз алдына бөлек мәселе, оның фанаттыққа еш қатысы жоқ десе де болады, ал, аталған мәселені эмоционалды тұрғыдан зерттей отырып, үгіт-насихат жүргізуші, бүгінгі өмірге қолдану қажеттігін ұсынушы, адамзат пен ұлтты оның идеясын мойындауға және іске асыруға шақырушының ішкі мінез-құлқы туралы мәселе мүлде бөлек. Яғни,  бұны діни сенімге қатынастың конструктивті және деструктивті түрлеріне сәйкес  деп шартты түрде ажыратуға болады.  Демек, бас­ты мәселе ғалымдар арасындағы: діни социология немесе діни философия бағ­дары ма, әлде дін социологиясы немесе дін философиясы бағыты ма деген сауалға келіп тіреледі.    
3. Келесі маңызды дихотомия: «Жасырын экстремистік және террористік ПИҒЫЛДЫ зайырлы үлгіден қалай ажы­ратуға болады (ең қауіптісі де осылар)»: а) өзінің сеніміне кірмегендерге іштей немесе ашық түрде өшпенділік болады; ә) мемлекеттік саясатқа, жалпы зайырлы қо­ғам­дық пікірге іргелі түрде қарсы және оны өзгерту жолында құрбан болуы мүмкін екендігі жөнінде өзіне-өзі күдік келтірмейді; б) «Қолдан келер шара жоқ, әттең» деп жалпы қоғамның діни келбетіне үнемі риза болмай іштей өшігіп жүреді; в) үгіт-насихатын жүргізуде аморальдік тәсілдерді ашық немесе білдіртпей жасырын қолданудан тайын­байды (қорқыту, сендіру, күштеу, мәж­бүрлеу т.б.) 
Оның ішінде исламдағы жат ағым өкілінің пиғылы: а) ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, жалпы айтқанда, шариғатқа сай келмейтін, ұлттық құн­дылықтарды түбегейлі мойындамайды, тіпті, қарсы шығып, «жойып» жіберуге де дайын тұрады; ә) ата-ана, бауыр, ұлт сияқты түсініктер мен құн­дылықтарды ескере бермейді және ол пиғыл бірте-бірте күшейе түседі; б) мем­лекеттік саясатқа, әсіресе, діни зайыр­лылыққа үнемі қарсы келіп отырады; в) ұлттық идеяның мүддесіне де қайшы болып келеді, оның санасында «ұлт», «халық» деген түсініктер жойыла бас­тайды, «діни космополитистік» сана орнайды т.б. Мысалы, Г.Ж. Джуманова да жат исламдық ұйымдар тәуел­сіздікті, мемлекет аралық шекараларды, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті, азаматтық пен ұлтжандылықты мойын­­дамайтындығын, дәстүрлі емес дін өкілдері өзін белгілі бір ұлтқа-ха­лыққа  жатқызбайтындығын, сол атал­­ған діни қауымдастықтың мүшесі ғана екендігін ғана сезінетіндігін атап өтсе [5,209б.], Е. Бурова жат пиғылды сенім­дегілердің отбасында қалыптасқан мә­дени дәс­түрлерден бас тартуға, туған-туыс­та­рымен өзара қарым-қатынастарда жал­­пы қабылданған құндылықтар мен басымдылықтарды үзуге шақы­ратын үндеулер тарататындығын  тұ­жы­­­рымдаса [6,32б.], З.А. Абдуллина дәстүрлі емес культтердің бірнеше бел­гілерін ажырата келе, сегізінше ерек­шелікті де олардың ресми идеалдар мен құндылықтарға қарсы тұрушылық белгісі деп көрсетеді[7,149б.]. 
4. Осындай мәселелер аясында тол­ғану­шы отандық философ А.Косиченко діни экстремизмді кәдуілгі қарақшылықтан, қылмыскерліктен ажырата білу керектігін арнайы мәселе ретінде ұсынады[3,44б.].  Ендеше, экстремист көп жағдайда саяси оппозиционерге ұқсайды, бірақ, олардың айырмашылықтары қандай деген мәселе бойынша, мынадай дихотомияларды ажыратып көрсете аламыз: 
4. «Зайырлы ислам діні өкілі мен жат пиғылды исламдық өкілдің ара­лы­­ғындағылардың (екеуінің ортасында ауытқитындар) жалпылама ерек­шеліктерін қалай ажыратуға болады» деген сауал бойынша оның белгілерін былайша ұсындық: а) исламдық сенім (идеология) мен қазақы болмысты (биология) теңестіретіндей деңгейде пайымдайды немесе мұсылмандықты бірінші, қазақ ұлты өкілі екендігін екінші жоспарға шығарады; ә) көзқарастарын бідірген сәтте исламдық жат пиғылды бағыттарды сынауға немесе жоққа шығаруға құштар болмайды немесе бұл мәселеге келгенде оны ашық қалдырып отырады, кейде қашқақтайды; б) басқа да діни сенімдердің түрлерінің толық­қандығын мойындаумен, нақ сол дінге сенбеу еркіндігімен, сенімнің дәрежесі жө­нін­дегі таңдау мүмкіндіктерімен келісуі қиындау болып келеді, яғни, тек исламның санаға ықпалды қалпын ғана таңдайды; в) өз иелігіндегі қолжетімді туысқандарына-жолдастарына мүмкіндігінше ислам ді­нін қабылдаттырады немесе соған ұм­­­тылып отыруда аса белсенділік танытады; г) ислам дінінің обьективті шарт­тары мен қағидаларын өзінің жеке өмір­лік ұстанымына орайластырып, яғни, субьективтендіріп түсінеді, әсіресе, шарттары мен қағидаттарын мүлтіксіз сақтағанмен, ішкі дүние тазалығы оған сәйкес келмей жатады; д) исламның тек құлшылық жағын ғана көреді, оның ғылыми-танымдық, гигиеналық, эстетикалық тағы басқа да қырларын ескергісі келмейді; е) әр түрлі діндердің кез-келген қоғамда өмір сүруі тиіс өзара тең құқықтығын мойындауға іштей құштар болмайды;  д) зайырлы, парасатты, ғылыми ұстанымдарға кезіккенде: «ол дұрыс қой, БІРАҚ...» деп оған қарсы пікірлерді білдіртпей қолданатын софистиканы да жиі пайдаланады: соңғы БІРАҚ бастапқы «дұрыс қой» дегеннің мазмұнын түбегейлі жоққа шығарып та жібереді т.б. 
Жоғарыдағы ұсынылған  рекон­струк­циялық өлшемдер екі жақты қол­данысқа  мүмкіндік береді:  діни сенім өкілін өзгелер тарапынан сырттай бақылау және оның өзін-өзі іштей интроспекциялық бақылауы мен тек­серуі: «Менің көзқарасым фанаттыққа қарай бұрылып немесе радикалданып бара жатырған жоқ па?» деген сауалды үнемі назарда ұстау арқылы. Яғни, бұл – жат діни пиғылға беттеп бара жатырған тұлғаның мінез-құлқын анық ашып бере алатын «параметрлер» деп айта аламыз. Қазіргі еліміздегі исламдық апологеттер мен идеолог ғалымдарымыздың кейбірі  радикалды көзқарастарды қоса алғанда да, ислам туралы сыни сөз қозғаумен келісе бермейді. Дін Л. Шариф айтқандай, хирургтың өткір пышағы тәрізді және өте сезімтал сала[9,17-18бб.]. Демек, зайырлы ұстанымнан радикалдыққа қарай ауысып кетуге аңдамай түсіп кететін төте жол  қашанда ашық және біздіңше, үнемі өзіне «шақырып тұрғандай» болады.  Сонымен қатар, келесі кезекте дінге жалған сенуші (мұнафық) мен шынайы сенім иесінің де ара жігін ажырату мәселесі көзделіп отыр.    

№    Діни экстремист, фанат    Саяси оппозиционер, шовинист
1    Жалпыхалыққа, оның ішінде өз се­німінде емес барша халыққа қарсы    Өз халқына, ұлтына, бұқарасына қарсы келмейді
2    Жағымсыз әрекеттерін іске асыру­да белгілі бір діни сенімге арқа сүй­ейді және діни мүдде басты стимулға айналады    Діни мүддені мүлде көздемейді немесе аса көздемейді
3    Психологиялық ауытқулар жиі кездеседі    Психологиялық ауытқу сиректеу кез­де­седі, тіпті болмауы да мүмкін
4    Діни сауаттылық  пен зиялылық деңгейі болмайды немесе төмен болып келеді    Көп жағдайда зиялы қауым өкілдерінен тұрады және саяси-әлеуметтік бағдарламалары жүйелі
5    Заңнан тыс, жабық, жасырын түрде құрылады    Мемлекеттік заңдар шеңберінде әре­кет етуге және ашық түрде болуға бағдар­ланған.
6    Адамгершілік құндылықтары өз­гер­ген    Адамгершілік құндылықтары барынша  қалыпты т.б.

 
Бұл ерекшеліктер мен ажыратулар, кри­терийлер мен дихотомиялар тек шартты түрде ғана құрылған, жобамен бағ­дарланған, болжамданған және отандық ғылыми қауымдастық пен дінтанушы маман­­дардың ойталқысына да ашық ұсы­нылған, яғни, автордың ғана жеке көз­қарасы болғандықтан, түбегейлі-соңғы ше­шімдер бола алмайтындығын атап өткі­міз келеді. Осылайша, бұл мәселені тереңдетіп, психоаналитикалық тұрғыдан сараптау да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі деп айта аламыз. Қорыта айтқанда, бұндай ғылыми зерделеу беталыстары праг­матистердің  философияны реконструк­циялау тәсіліне сәйкес, «дінтануды ре­кон­с­трукциялаудың»  (діннің рухани және материалдық  практикалық мақ­­­сат­­тарын шешуді қолға алатын инс­тру­менталистік, діни сенімдердің тә­жірибелік тексерілуі және сыналуға ашық мүмкіндік алуына жол беретін эксперименталистік, қазіргі жағдайдағы діни сана мен жеке тұлға сенімдерінің шығу тегін зерттейтін генетикалық тұрғы) және «деонтологизациялаудың» (ресми дін иелері мен теориялық сенім иесінің әлеуметтік-этикалық жауап­кершілігінің өлшемдерін жасайтын гу­манистік тұрғы т.б.) дәуірі келіп жеткен­дігін және оның маңыздылығын әйгілейді.  
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мюллер Ф.М. Введение в науку о религии/Пер сангл. Е.С. Элбакян. Под общей ред. А.Н. Красникова.-М.: Университет, 2002.-264 с.
2. Нысанбаев Ә. Конфессиональный диалог как фактор обеспечения  региональной безопасности в Республике Казахстан//Адам әлемі.-№1.-2012.-81-86бб. 
3. Косиченко А. Экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы дәстүрлі діндердің мүмкіндіктері//Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі дәстүрлі діндердің ролі. - Әдістемелік материалдар жинағы, Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институты. -2011.-151б.
4. Айнабекова М. Религиозные ценности как инструмент духовной консоли­дации общества//Жастар. Руханилық. Интел­лек­туалдік ұлт: халықаралық ғы­лыми-теориялық конференция материал­дары. -Алматы: Қазақ университеті, 2011.-236б.
5. Джуманова Г.Ж. Конфессиональные аспекты национальной идентичности// Шулембаевские чтение. Материалы международной научно-пратиктической конференций -Алматы: КазНПУ, 2012.-407с. 
6. Бурова Е. Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни ұйымдары өкілдерінің мінез-құлықтары мен санасының экстремизациялану технологиялары// Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі дәстүрлі діндердің ролі. - Әдістемелік материалдар жинағы, Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институты.-2011.-151б.- 31-38бб.  
7. Абдуллина З.А. Нетрадиционные религиозные культы: опасность и основные способы воздействия на личность//Вестник Алматинского университета энергетики и связи.-№3.-2012.- 147-152бб.  
8. Шубаева У.К. Жаңа діни ағымдардың ілімдерді таратудағы әдістері//Қазақстан­ның әлеуметтік мәдени дамуының перспек­тивалық бағыттары: дөңгелек үстел мате­риалдары.-Алматы, 2011.-236 б. -68-74 бб.
10. Қайрат Лама Шарифтің сөйлеген сөзі//Мемлекет және дін Қазақстан Республикасы дін істері жөніндегі агенттіктің журналы, №3, 2012.- 64б.-16-18бб.

 

315 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз