• Заманхат
  • 07 Желтоқсан, 2016

Рымғали Нұрғали. Нәзирашылдық дәстүрдің жаңа өнердегі көрінісі

Айгүл Кемелбаева, 
жазушы

 Қазақ драматургиясын тұңғиығынан тартып, түбінен қазып зерттеген ірі оқымысты-ғалым – Рымғали Нұрғали. Оның «Эпикалық трагедия» атты зерттеуі әлемдік сахналардың төрінде қойылатын трагедиялардың бастауында халықтың аңыздық желілері жатқанын айтудан басталады. Расында халықтың төл дүниесі болған соң жадтан өшпес аңыздар  әр түрлі жанр арқылы әдебиетке басыбүтін енгенмен, соның ішінде таңдамасы боларын ғалым баса айтуы заңды. Ол «Еңлік-Кебек» аңызының нұсқаларына сол үшін тоқталғанын мәлімдейді. Бұл тұста ғалым Мұхтар Әуезовтың трагедиясына негіз болған аңыздың алғашқы нұсқасына, зерттеу барысында төрт бірдей нұсқасына толық тоқталады: «Алғашқы нұсқа «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен 1892 жылы «Дала уалаяты» газетінің 31-39 сандарында жарияланды». Бұл зерттеушіге Мұхтар Әуезовтың қазақ драматургиясының төл басы «Еңлік-Кебек» атты трагедиясының жаратылысын, драмалық болмыс-бітімін ашу үшін қажет болды.


Әлбетте, Рымғали Нұрғалиұлы қа­зақтың ру­лық жүйесіндегі ескі тартыс­тан айналып өтпейді және өте де алмайды. Ғалым рубасы Кеңгірбай би бейнесін алғашқы нұсқа мен Абайдың Мағауиясы поэмасындағы портрет арқылы айғақ­тайды. Би даланың дана көсемі тұл­ғасында көрінбейді. Жас Кебектің бей­мезгіл ажалын автор Кеңгірбай бидің билікқұмарлығымен астастырады. Өйт­­кені, ғалым қос ғашықтың ағайын ел-жұрттан араша таппай, тобықты мен ма­тай – екі ру бірігіп, ат-құйрығына байлаған аянышты жас тағдырларын күйзеліспен еске алып, жаны күйіп отыр­ғаны анық. «Тобықты, Найман руларының тасбауырлығы» деп зерт­теудің орта тұсында ғалым тағы бір мәрте наразы кейіппен таңбалайды. Пьеса­дағы билер ізгілік иесі емес, зор­лық-зомбылыққа бейім. Бірақ, шынайы өмір біз ойлағаннан күрделі. 
Қазақ халқының ескі тарихында барымта, жер дауы, жесір дауы, ағайын күндестік, бақталастық  тәрізді көлеңкелі тұстар жетіп артылары даусыз. Ол әлі күн­ге жалғасып келеді. Адамзат Абыл мен Қабылдан тарағаны рас болса, бұл құбылыс өзгеріссіз жалғаса береді. Сондықтан, билік басындағы алыс­ты болжайтын адамдар қилы саясаттан аспай қалары және рас. Олар қаны бір жақыны болса да құрбандықтардан тартынбайды. Қалай болғанмен де жас өлімнің құсалы зары уақыт өте келе жаңғырған үстіне жаңғырып, осы биік өнерді тудырып отырған жоқ па! Мұны автор «Жазықсыз екі жасты аяусыз өлтірген қатыгез әдет әңгімеде ашық жазғырылып отыр. Кеңгірбайдың Кебекті бақталасым деп өлімге итеруі ашық айтылады» деп, мұны халық­тық идея, халықтық сарын басым болғандықтан деп айқындайды. «Ақы­рып теңдік сұраудың» халықтық түрі кейінгі ұрпаққа мирас болып қалатын, санадан өшпес сөз өнері деп кеседі.
Трагедия табиғатын Рымғали Нұрғали осылай қарастырады. Трагедияның ең көне бастауларында адам нәсілдінің өлім­нен қорыққаннан шыққан аза ғұрып­тары жатқанын ағылшын этнографы, дін­та­нушы Д.Фрэзер қисынымен жазады. Әдебиеттің жылнамашылық таби­ғатын, тарихта несібе үшін, ел үшін, кей­де қарақан басының қамымен тартысып өткен ата-бабаларымыздың ақ-қара істерін сол күйінде кейінгі ұрпақтарына жеткізетін функциясын біз жоққа шығара алмаймыз. Әдебиет сол үшін қымбат өнер.      Ғалым бұл оқиғаның екінші нұсқасын ой елегінен өткізеді. Ол «Дала уалаяты» газетінің 1900 жылы 46 санында шыққан, «Қазақ тұрмысынан хикая» деп аталған екен. Кейіпкерлердің есімдері мен жер аттары өзгергенмен, сюжет сол қалпы: «Адал махаббатты дәріптеп, қара жү­рек­тілікті айыптаған халықтық идея бұрынғы күйінде қалады». Бұны ол газеттің оқырман тартудағы қисыны деп қабылдайды.
«Еңлік-Кебектің» үшінші нұсқасын Ма­­­ғауия Абайұлы жазған. «Мағауия поэ­ма­сында Кебек пен Еңліктің тұңғыш кездесуі ұзағырақ суреттеледі. Мағауия психологиялық портрет жасауға ұмты­лады» дей келе, Рымғали Нұрғали ма­хаб­­баттың оянуын тағдырға емес, адамға тән тірі сезімге телиді. Мағауия­ның ақ бұлақтай өлең жолдарын, енді біз, Рымғали Нұрғали арқылы тауып оқып жатсақ, теңіздің дәмі тамшыдан деп сүйінішке жараса, әдебиеттің жасыл бағы солмасын танытуы ғой! Әдебиеттанудың зор миссиясы  сол. «Бірақ жүректің аты қашан да жүрек. Бабына түсіп, кезіне келсе, оған әмір жүрмейді. Адам жүрегі азаттық пен әділет құлы әманда» деп, ғалым Мағауия оқиғаның әлеуметтік жағы­нан ғөрі, романтикалық махаббатты дәріптеуіне баса тартқанын сүйсіне айтады. Осы поэма арқылы бір рудың ішіндегі туыс аталардың әлі күнге қырғи-қабақ болатындай әсерден шықпай жүргенінің сыры мәлім болары анық. Ел болған соң солай болмағы заңды көрінер. Расында, оның ұшығы осы заманда аталар тарихын қозғайтын, жарыса шығып жатқан, шежіреге жүгінгенде әркім өз тегін судан таза, сүттен ақ қылып көрсетуге тырысатын шикілі-пісілі кітаптардан көз көріп жүр. Бұған қынжылу керек пе, ол жағы тағы беймәлім. Жуан аталардың арасында өштік көп, бағзы ағайын аралық бақталастық, өкпе-реніш өт­кен­мен бітпей, ұрпаққа кеткенін ұға­сың. Ескі дауды қазаққа ұмыту қиын. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс еке­нін айту кейінгіге әсте бұйырмайды. Өйткені, адам нәсіліне осалдық тән, сонымен қатар биік рух қоса берілген. Надандық пен өзімшілдіктен арылу оңай емес. Бірақ, төреші болу бізге қажет емес. Әркімнің өз шындығы қымбат. Ака­де­мик-ғалым «Мағауия... ақын аңыз оқиғасы мен сюжетіне күрделі образ енгізбесе де, Кебек, Еңлік, Кеңгірбай образдарын бұрынғы қалпынан біршама тереңдетіп, дамытып, сыншылдық рухтағы поэма тудыра алды» деп түйіндейді. 
Төртінші нұсқа – Шәкәрім ақынға келіп тірелді. Ол осыдан нақ 100 жыл бұрын Семейде жеке кітап болып басылған «Жолсыз жаза» поэмасы. «Бұрынғы варианттарда жоқ ерекшелік  – жас батырдың портреті» дей келе, Рымғали Нұрғали Кебектің аңға шығуын суреттеген тұсында Шәкәрім Абайға еліктеп, образдылыққа мән берген деп атап кетеді. «Поэманың ең көркем тұсы – Кебек пен Еңліктің арасындағы сырласу эпизоды». Шәкәрім поэмасында қыр қызының жігітке өзі бірінші болып көңіл білдіруін, қазақы орта үшін тосын бұл құбылысты  «сезім сұлулығы, бұғып қалмас өжеттік» деп бағалап, автор қазақ әдебиетіндегі сол дәуірдегі жаңашылдықпен, Абай аудармасы арқылы енген Онегинге Татьянаның ынтызарлығымен түсіндіреді. Еңлік пен Кебек арасындағы мәнді диалогтарды ерекше назар аудара айтуымен Рымғали Нұрғали еуропалық романдық стильдің қазақ әдебиетінде бой көтере бастағанын танытады. 
Осынау бес нұсқаға жеке дара тоқтала, талдай келе, Рымғали Нұрғали барлық нұсқаның дерлік бір ізден шықпайтынын, адам есімдерінің бірдейлігін, опаттың бас себебі тағдырдың бұйрығында, жаз­мыш күшінде деп түйеді. Сонымен, зерттеудің басты нысанасы – қазақ теа­тры­ның басы, Шыңғыстауда Мұхтар Әуе­зов көркемдік ұясынан ұшырған бала қазын­дай тырнақалдысы «Еңлік-Кебек» атты трагедиясы. Қазақ халқының кәсіби ұлттық драматургиясының алғашқы қар­лығашы осы шығарма деп танимыз. Рым­ғали Нұрғали мақсаты – «Аса күрделі шығармашылық тұлғаның эволюциясын, оның эстетикалық-философиялық саты­дағы өсу жолын көрсету қажет». Әдебиеттанушы-ғалым көш-керуенге артатын қазына жүкті өз мойнына алып отыр. 
Мұхтар Әуезовтың 1920 жылдардағы жас авторға тән, бірақ, шүбәсіз классикалық алғашқы шығармаларына берілген баға тұтасымен қазақ әдебиетіне берілген баға екенін әділ уақыт көрсетті. Алайда, сол кез­дерде Мұхтар Әуезовты объективті сын қорғай алды ма? Қаралау, жазғыру болғанын: «Ауыр кезең тудырған түрлі субъективті жайттардың әсерінен Әуезов өз қайшылықтарын тым асыра, дабырайта көрсетуге мәжбүр болды. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» трагедияларынан, көптеген әңгімелерінен безініп шығуын осымен ғана түсіндірсек керек», – деп жазады Р. Нұрғали. «Спектакльді қоюшылардың бірінің жазғанына қарағанда екі киіз үй қатарластырып тігілген. Қазіргі ұғыммен айтқанда бірі – сахна, екіншісі – зал есепті болған. «Еңлік-Кебектің» 1917 жылы, мамыр айында қан жайлауда қойылған тұңғыш қойылымына жиылған көрермен саны жүзден асыпты. Бір қызық деталь – ойынға елу тиыннан билет сатылып, барлығы 54 сом 50 тиын жиылыпты. Бұл ақша Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтардың пайдасына жөнелтіледі».
Тұңғыш қазақ пьесасында ойнаған актерлер Абайдың тұқымдары, руластары. Ал, тұңғыш режиссер, суфлер Мұхаңның өзі екенін автор баяндайды. Қазақ халқы үшін аса маңызды, мәдениеттің нән құбылысы театр өнері болса, соның құ­нары күшті Абай топырағында туғаны мүл­дем кездейсоқ емес, жүйелі құбылыс болғанын қазір айқын ұғамыз.  
Рымғали Нұрғали зерттеуі «Еңлік-Кебек» драмасы туралы кәдімгі энциклопедия тәрізді, театр өнеріне сәуле түсірген кең қамтуы өз алдына, деректілік, алғашқы қойылымдарында ойнаған актерлер құрамы, әр қойылымға жазылған рецензия, әдебиетші-ғалымдардың пікірі  тұтас қамтылған. Ол дәуір суретін қоса бедерлейді. «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған, пьесаға жазылған үш рецензияны талдап, жіктеп көрсетеді. «Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқ­тығына қарамай, басқа елдер әдебие­тінен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады» деп ғалым жоғары баға берген. «Алғашқы пердеде «Еңлік-Кебектің» бұрынғы нұсқаларынан не бар деген сұрауға жауап іздесек: бірақ-ақ деталь – Абыз образы Мұхтар Әуезов «Жолсыз жаза» – Шәкәрім поэмасынан алып қарызданғанын Рымғали Нұрғали айтады.
Рымғали Нұрғали Еңліктің қоштасу өлеңін суреттейтін тұсында, өзінің жазушылық таланты жарқырай, жалындай лаулайды.  Кей тұстарынан анық аңға­рылатын мінез – автор мүмкін­шілік болса, осы драманың ішіне өзі кіріп-ақ кетер еді! Драматургты, ол су­рет­теген ел мен жұртты, сөз өне­рін сүйіспеншілікпен қозғауы бұл зерт­теудің шоқтығын биіктетеді. Расында, материалдың негізінде, біз – қазақ­тардың мінез-құлқы, менталитеті, арыда өткен ата-бабаларымыздың өмір салты, коллизиялық тартысы, сезімдер шар­пуы мен мүдделер қақтығысы  жатыр. Сонымен, шығармашылық туралы шығармашылықтың мықты үлгісі – Рымғали Нұрғалидың осы зерттеуі десек асыра айтқандық емес. Зерттеудің соны үлгісін ол қалыптастырып отыр. 
Қазақ екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі деп мақалдайды. «Шыбын жан» деген философиялық ұғым бар. Ал, жан қалауы махаббат емес пе! Шынайы махаббат енді құрбандыққа лайық болып таңдалғаны айқын. «Еңлік пен Кебек қылығын екі ел дауының сылтауы етіп ұстаған билердің шешендігі, орақ тілді, от ауыздылығы салған жерден таң қалдырады» деп тартыстың түпкі мәні қос ғашықтың азаттық сүйгіш қайсарлығы, Кебек ердің атастырған қызды алып қашып, ғұрыптан аттап кеткені емес, шынтуайтында жер таласы, ру дауы екенін ғалым айқын аңғартады. «Екі ел билерінің сөзбен балталасатын көрінісі сахналық әрекетке өте бай». Олардың опасыз табиғатын: «Жұлқысып-жұл­қысып алып... ақыры ауыз жаласып кеткен бөрі билер» деп үкім айтады. «Образдың тек бір-ақ құштарлық аясында қалмауы – реалистік әдебиеттің ежелден келе жатқан талабы». ««Еңлік-Кебектің» аса құнды қасиеттерінің бірі – қаһармандардың жан-жақтылығы». «Өз күшігін өзі жеген қас­қыр іспеттес билердің ырғасып-ыр­ғасып, ақыры тапқан жолдары – Еңлік пен Кебекті өлтіру. Сол сұмдық үкімді өз қолымен орындаушы  Еспембет». Автор Еспем­беттің мұздай суық қатігездігін «на­дандық атты дүлей, топас, соқыр күш» деп айғақтайды. 
Қазақтың ғұлама Әуезовы бұл трагедиясына 1943 жылы бір, 1956 жылы қайта оралып өңдегенін, ең зор өзгеріс Нысан абыздың бейнесі: «Кейінгі нұсқадағы Абыз трагедиялық идеяның нық берік­тігін, конфликті кесектігін ұстап тұрған тұлға» деп ғалымның  лайықты бағалауы шындық.     Ол қазақтың аузымен құс тісте­ген асқақ жырауларынан, Асан қайғыдан үзілмеген ел-жұрт зары:
Алданар көп, арман көп,
Кәрің қайтіп күн көрер!
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтіп күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтіп күн көрер.
Бәріңнің де нәрің жоқ
Елім қайтіп күн көрер?! 
Абыздың сөзін: «Бұл монолог – қара сөзбен жазылған өлең, төгіліп тұрған поэзия... ішкі ағысты, ішкі тереңдікті құнттап туған нағыз поэзия» дейді. Зерттеуші кемеңгер драматургтың ауыз әдебиеті үлгісін – бата беру дәстүрін шебер пайдаланғанын қуаттайды. 
Екінші нұсқадағы Мұхтар Әуезов ерекше сәтті редакциялаған, байытқан образ – Жапал бала. Ғалым оның түп бейнесі халықтың бай фольклорынан алынғанын, символдық әсері барына екпін түсіреді. Жас Мұхтардың «Еңлік-Кебекті» жазуын Рымғали Нұрғали адамның өскен ортасын, төңкеріс алдындағы қазақ ауылдарының тұрмысын, тарихын, психологиясын, бір сөзбен айтқанда, өзі тану үшін жазылған дүние деп тұжырымдайды. Эпикалық кесек туындылар ежелден  қазақ әдебиетіне тән құбылыс болса, сол алтын арқаудың үзілмегенін Рымғали Нұрғали зерттеулері танытты және бұл құбылыс қазіргі қазақ әдебиетіне жат еместігін айту парыз.

 

507 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз