• Заманхат
  • 07 Желтоқсан, 2016

БАСТАУ

Сәбит БЕКСЕЙІТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

Мен қаламгер отбасында дүниеге кел­дім. Әкем Қыдырбай Бексейітов – Жа­ңа­арқа аудандық газетінің алғашқы редакторларының бірі. Соғыстан кейін Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген кәдімгі партия журналисі. Балаларына менің жолымды қуыңдар деп айтып көрген жан емес. Кішкене бала кезімде әредік баспаханаға алып баратын. Ондағылар мені қызық көріп газет шығарып жатқан баспа машинасының үстіне шығарып қоятын. 
Жан Поль Сартрдың «Сөздер» деген кітабы бар. Сонда, ол «Өмірім кітаптардың ортасында басталып еді. Міне, бүкіл өмірім кітаптардың ортасында өтіп келеді. Бұл дүниеден де осы кітаптардың ортасында өтетін шығармын» деп жазған еді. Сондай-ақ, менің де бүкіл өмірім газеттер мен кітаптардың ортасында, редакциялар мен баспаханалардың ғимараттарында өтіп келеді. Біреулер ойлайды, бұл қаламгерлікті ата кәсіп жолымен таңдаған деп. Жоқ, мүлдем олай емес. Әуелде мен ғылым қуам деген болатынмын. Жаны жәннатта болғыр ұстазым Төлеуғазы Әбжанов менің қалауымды құптап, медицина инсти­тутының бір кафедрасына (философия ма, қоғамдық ғылымдар ма, ол кезде қалай аталатыны есімде қалмапты) алып барды. Ондағылар менің керемет философ екенім туралы әңгімені естігеннен кейін, дипломымды олқы көріпті. Институт емес, университет бітіруім керек екен. Төкең тосылған жоқ. «Жарайды, мен де еңбек жолымды тілшіліктен бастағам. Сен де сөйт. Сосын, аспирантурадан бір орын табыла қалса, философияңа қайыра барасың» деді. Осы жайды таяуда Аужекеңе (А.Жанғожин) айтып едім, ол кісі «шынында да философия қара сөзбен жазылған поэзия ғой» деп күлді. Діттеп қарасаң, бұл сөздің жаны бар.
Біз студент кезіміздің өзінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне ара-тұра өлең, рецензия, мақала жазып тұратынбыз. Менен бұрынырақ курстасым Абзал Бөкенов сонда орналасып алған. Сол кезде советтік құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып жүрген Рымқұл Сүлейменовтің редакциядағы беделі үлкен екен. Төлеуғазы ағам сол кісіге қолқа салады. Рекең мені бұрыннан білсе керек, бірден келісе кетеді. Ол кісінің айтқаны: «Абзал екеуіңнен байқаған бір жақсылық – сендер сөздің құнын білесіңдер». Сөйтіп, 1972 жылдың 3 қазанында мен өзімді қаламгерлік әлеміне қанаттандырып ұшырған газет редакциясына әдеби қызметкер болып орналастым. Абзал Қайыркен Сұлтановтың қарамағында партия тұрмысы бөлімінде істеп жүр екен. Көбіне жастар бетін ұйымдастырып жүрген сыңайлы. Бөлім таңдайтын жағдай жоқ. Соның алдында ғана құрылыс бөлімі ашылған екен. Меңгерушісі – Өтен Ахметов. Сол бөлімге тап болдым.


Коммунистік партияның дүрілдеп тұр­ған кезі. Газеттің беделі өте жоғары. Сол кезде республикада аптасына алты рет шығатын екі газеттің бірі. Біреуі әрине «СҚ» – «Социалистік Қазақстан». Түкпірдегі бір бөлменің ішінде бақандай екі бөлімнің тілшілері отырамыз. Күнұзақ хат қорытамыз. Пионерден бастап зейнеткерге дейін жазады. Көбісінің жазуы түсініксіз, шимай-шимай. Жөппелдемеде әріптерін айыру, одан соң бірді айтып бірге кететін ауанына қарағанда түсіну қиын. Көне мысыр жазуын ежіктеген Шлиманның, көне түрік жазуын қаузаған Томсеннің көрген құқайын сонда шамаладым. Бірақ, тәртіп қатаң: не материал қылып жаратасың, не бір сылтау тауып хат иесіне жауап жазасың. «Әр хаттың артында адам бар» деген қағиданы күні бүгінге дейін ұмытқан жоқпын, қызмет барысында кәдеге жаратып келемін.
Уыз жаспыз, оқыған-тоқығанымыз бар. Өлең жазатын жылтырағымыз бар. Оба­лы нешік, үлкен-кішінің бәрі ұнатты. Жо­ғарыда есімдері аталған ағалардан басқа редактордың орынбасары Бейсек Исабеков, жауапты хатшы Есімбек Бәйтенов, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ораз Сағынаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қағазбек Сәденов және тағы басқалар әр тақырыпқа жазған мақалаларымды мақтап, арқадан қағып көтермелеп қоятын. Сонымен, енді ешқайда алаңдамай, біржола қаламгерлік сорабына түстім.
Құрылыс тақырыбы қазақ оқыр­мандары үшін ол кезде тың тақы­рып. Қала қанатын кеңге жайып, жаңа үйлер көптеп салынып жатқан кез. Оңтүстік Шығыстың 28-ші шағын ауданы салынып жатқан тұста талай репортаж, суреттеме жаздым. Күнұзақ құрылыс алаңдарын, әрбір үйдің қабаттарын, жертөлелерін аралап кететінмін. Қанша­ма адамдармен кездестім. Әралуан ұлттар­дың өкілдерімен емін-еркін араласып, құрылысшы мамандығының қыры мен сырын тануға ұмтылдым. Әр мақаламды «құла дүздің бұла жүзі» деген сияқты эпитеттермен бедерлеп, қалайда оқырман назарын осындай бір ғажайып мамандық иелерінің тыныс-тіршілігіне аударуға тырыстым. Оным бекер болмады. Редакцияның кезекті бір лездемесінде бас редактор Төлеу Оспанов «Осындай техникалық тақырыпты поэтикалық дәрежеге көтеріп жазған» деп мақтасын-ай кеп. Осыдан кейін не тұрыс бар, шарқ ұрып үнемі ізденіп, материалды көркемдеп берудің тың жолдарын, жаңа түрлерін табуға ұмтылдым.
Кейін, ақын Есенбай Дүйсенбаев аңғарған публицистикалық екпiн, ереуiлшiл күй, арынды ағыс сол кезден бастау алған еді. Сол кезде мен Оралхан Бөкеевке қатты еліктеуші едім. Партиялық газетте Орекеңше еркін көсіле алмасам да, әр мақаламда шым-шымдап романтикалық шалқуға талпынып отыратынмын. Сосын бір көсілер тұс – көркем туындыларға «Оқыдық, пікір айтамыз» айдарымен рецензия жазған сәттер. Бірде бөкеевше «қара сөзбен жырлайын» деген жанрмен «Ақ боран, ақ түтек әлем» толғауын жаздым. Ел түсінбей әлек. Мақаң (М.Байсейітов) «бұл не қылған символизм?!» деп жақтырмады. 1974 жылы Алматыға жол түскенде Оралхан ағама жолығып, осы туындымды көрсеттім. Орекең «жақсы екен» деп жымиды. Сосын бір сюжет қоссам бола ма деп едім, басын изеп «болады» деп құптады. Кетерімде «Искра» кинотеатрында Михаил Бул­гаковтың «Ақ гвардия» романы бойынша түсірілген «Бег» деген кино жүріп жатыр. Барып көрші. Аппақ қар…» деді. Мен барып көрдім, тұщындым. Сол жылы мен Қарағанды облыстық радиосына «Жас түлек» радиобағдарламасының редакторы болып ауысқан едім. Бұдан кейінгі жылдары мен Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, Имашев Мәлік ағамыздың қарамағында «Облполиграфиздат» меке­месін­де қызмет атқардым. Араға жылдар салып 1989 жылы қара шаңырақ – «Орталық Қазақстан» газетіне қайтып оралдым. Бұл бір газеттің басына бақ қонған кез еді. Бас редактор болып Алматыдан Нұрмахан Оразбеков келген. Өмірден өз орнымды таба алмай, қатты күйзеліп жүргенде қол ұшын беріп, демеп, қатарға қосып, қаламгер ретінде қайта түлеуіме себепші болған Нұр-аға. «Кім жақсы жазса, сол туысым» дейтін принципшіл басшы, білімімен, білігімен өзін мойындатқан редактор, қайтпас қайсар қайраткер, жалынды публицист, қамқоршы аға Нұрмахан Торғауытұлы. Ол кісінің қарамағында қызмет істеген сол бір үш жыл (1989-1991) мен үшін дәурен емес, тұтас бір дәуірдей. Сол жылдар жалғаса берсе ғой деп тілейтінмін іштей… Осындай абзал ағаның сенімінен шығу, жазған мақалаларым туралы сол кісінің аузынан жақсы лебіз есту мен үшін үлкен абырой еді. «Сенің жазған дүниелеріңнен мінезің көрініп тұрады. Бұл жақсы қасиет». Бұдан артық қандай мақтау керек?! «Стиль деген Мен» деген жоқ па еді бір данышпан. Демек, мен ақ қағазға түсірген сөздерім арқылы өзімнің ішкі әлемімді көрсете аламын дегені емес пе.
Мен өмірімде талай редакторларды, талай бастықтарды көрдім. Бірақ, ешқайсысын іштей мойындаған емеспін. Міне, редактор деп осы кісіні айт. Тапсырма берсе, нақпа-нақ қолыңа ұстатқандай ғып айтады. Пендешілікке, ұсақ-түйекке бармайды. Баспа үйінде орталық қазақстандықтар 5, 6, 7 үш қабатты бірдей толтырып отыратынбыз. Сонда «әй, не істеп жатырсыңдар?» деп сұғанақ көзденіп тінткілеп, тергеп келмейтін. Үш қабат түгел керек кезінде тапжылмай, селкеуленбей жұмыста отыратын. Мұның сыры – үлкен кісінің мысынан гөрі әрқайсымыздың керемет сыйлайтындығымызда болса керек.
Аймақтың аймаңдай басылымында әр жылдары, ілгеріде «Қарағанды пролетариаты», «Советттік Қарағанды», беріде «Орталық Қазақстан» атанған тұстарда, Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Аллажар Теміржанов, Мақсұт Байсейітов, Әмен Әзиев, Қанат Жойқынбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Өтен Ахметов, Рымқұл Сүлейменов, Кәрім Сауғабаев, Матай Айнабеков, Алтын Шаймұханбетова, Оңай­гүл Тұржанова, Гүлсім Оразәлиева, Абзал Бөкенов және т.б. ақын-жазушылар еңбек етті. Осы және кейінірек келген қаламгерлердің қай-қайсысы да газеттің негізгі міндеттерімен қоса өз шығар­машы­лықтарымен айналысуға да уақыт тапты. Оларға тыйым салу, я болмаса бөгет жасау болған жоқ. Керісінше қуаттап, қолдап отырды. Ордалы ой мен сұлу се­зім орталығы болған бұл басылым шын мәні­сінде шығар­машылық шұратына айналды. Орысша айт­қанда «Оазис творчества».
Сол игілікті, иншалла, біз де көрдік. Жетпісінші жылдары алғашқы өлеңдерім әуелі осында басылды. Сосын барып, Алматы тартатын. Сексенінші-тоқсаныншы жылдары дембіл-дембіл жыр жолдарымен тұтас бір бетті иеленетін болдық. Ұмытпасам, 1990 жылы ғой деймін, А.Солженицынның «Ресейді қалай көгертеміз» деген шо­ви­нистік пиғылда жазылған аңсары (трактат) шықты. Газетіміздің бірінші бетінде оң жақ 2 бағанда «Оқиға. Дерек. Түсініктеме» деген айдармен көкейкесті һәм түйткілді мәселелерді қозғаған материалдар тұрақты шығып тұрды. Бір күні жетекшіміз, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, «partaigenosse» (кейде әзілдеп осылай атайтынмын) Мағауия Сембайдың «Еділге қолды салғаны...» деген өткір мақаласы шықты. Ыза-кегімді сыртқа шығара алмай, іштей булығып жүрген маған бұл мақала қамшы болды да, мен іле-шала «Солженицын, жер иесі сен бе едің?»  деген памфлет өлеңімді жаздым.
Басқыншылық қара күш пе сенгенiң,
Ен байлыққа толмады ма шеңгелiң?
Қазақ жерiн тастайтұғын бөлшектеп,
Ей, қаскүнем, жер иесi сен бе едiң ?!
Өлең берісі облыста, әрісі республикада керемет резонанс туғызды. Әріптестерім бірінен соң бірі құттықтап жатты. Философ ұстазым Төлеуғазы Әбжанов қолымды қысып тұрып ризашылығын білдірді. Бұрын Алматыда бір алаңда (ұмытпасам, Бас почтамт маңында) республикалық және бүкіл облыстық газеттердің стенділері тұратын. Бәлкім, содан оқыған болуы керек, маған бір жігіт  Шымкенттен телефон шалып, алғысын айтты. Өкінішке қарай, аты-жөнін жазып алмаппын.
Мына бір оқырман пікірі тура газеттің өзіне   шықты: «… ақын  Сәбит Бек­сейі­товтің «Солженицын, жер иесі сен бе едің?» деген өлеңі оқырмандарға зор әсер қалдырыпты. Аудандық кен-техникалық инспекциясының қызметкері Оңдасын Серіков: – Солженицынның ұлттық на­мысқа тиер тұжырымын тас-талқан еткен Сәбиттің өлеңі көзге жас келтірді», – деді (Журналист С. Алпысовтың Абай қаласындағы «Орталық Қазақстан» газе­тінің оқырмандарымен кездесуден жазған мақаласынан. N 241, 19.10.90 ж.)
Бір күні «үндемес» танысым (мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінде істейтін) кездесіп қалып: «Бұл өлеңді қалай жаз­дың?» деді. «Кәдімгідей жаздым. Әбден жынға тиді. Кезінде сол 5-6 облысты Тәшенев Жұмабек ағам алып қалып еді. Сабалақ иттің ескі жараны тағы да тырнауын көрмейсің бе?! Әрі-беріден соң, Сол­же­ницын – диссидент, мен – патриотпын!» деп жауап бердім.
Осында  жүріп, ХХ ғасыр туралы  өлеңдер циклын бастадым. Басқа тұрғыластарым қалай ойлайтынын білмеймін, мен өзімді ХХІ ғасырдың мейманы сезінемін. Бүкіл болмысыммен: табиғатыммен, мінез-құлқыммен, қуаныш-күлкіммен, қасірет-қайғыммен, ашу-ызаммен, жанардағы нұрыммен, жүректегі жырыммен, шер-шеменіммен, махаббатыммен ХХ ғасырдың тумасымын деп білем. Өйткені, бар жетістігім де, кемшілігім де сол ғасырда бастау алған. Сондықтан, мен «Ғасырымның қатесі – менің қатем» деп мойындаған жанмын. «Дiңкелетiп, қажы­тып, әлсiретiп, сырттап кетiп барады ғасыр өтiп… Мәңгiлiкке өзiммен ала кетер Бар құпиям: «ҒАСЫРЫМ – ҚАСIРЕТIМ», – деп, төл ғасырыммен қимай қоштастым да. Мемлекеттік қызметке кетіп бара жатқанымда әріптестеріме бір идеямды табыстап кеттім. Ол авторлық нөмір еді. Бір тақырып немесе өзектес бірнеше тақырыптар төңірегінде жеке қаламгер бүкіл бір нөмірдің материалдарын жалғыз өзі әзірлейді, яки нардың жүгін көтереді. Редакция техникалық безендіру жағынан ғана көмектеседі. Кейін осы идеямды сол кездегі Бас редактор Рымқұл Сүлейменовтің тапсырмасымен бір-екі жігіт жүзеге асырды. Мен ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жүрсем де шыққан шекпенімнен, шыңдалған ұстаханамнан ешқашан қол үзген емеспін. Штаттан тыс автор ретінде үнемі қай тақырыпқа болса да атсалысып тұрамын. Әрине, өлеңдерім өз алдына бір төбе. Алла қуат берсе, авторлық нөмір идеясына тағы бір оралып көрсем бе деймін. 
Редакцияны Нұрмахан Оразбеков басқарған жылдары әрісі респуб­ли­ка­­­­мыздың, берісі облысымыз бен қа­ла­мыздың барша зиялы қауы­мы қо­ғамдық-саяси, әдеби-мәдени және ғы­лыми-танымдық кіндік ортаға айнал­ған «Орталық Қазақстанға» ағылды. Шығармашыл тұлғаны қиырдан шалатын Нұр-ағаң да өз маңайына азуын айға білеген ақынды да, қаламы жүйрік журналисті де шоғырландырып топтастыра білді. Осы жерде айта кеткен жөн сияқты, сол кезеңде қазақ қаламгерлеріне қолайлы қоғамдық-саяси ахуал қалыптасты. Жеңілмейтін армададай болып көрінетін Одақтың іргесі шайқалды, партия тарауға шақ қалды. Республикамыздың бас идеологы қазақ руханияты мен мәдениетін өте жақсы білетін Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібеков болды. Қазақстан компартиясы Қарағанды обкомының идеология жөніндегі хатшысы, бүгінде ел ағасы болып отырған белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов болған еді. Екі тілде бірдей ағып тұрған ділмәр саясаткер. Баяндамалары мен мақалаларын екі тілде өзі жазады. Біз әредік барып обкомнан дайын материалды алып қана қайтамыз. Сөйлеген сөздері мен мақалаларында қа­зақтың мақал-мәтелдері мен қанатты сөз­дерін орынды қолданады. Есімде қал­мапты, кезекті бір сөйлеген сөзінде ме, әлде жазған мақаласында ма, «Сүйреткен ит аңға жарамас, үйреткен сөз дауға жарамас» деген мақалды пайдаланды. Сол сөз жадымда жатталып қалыпты. Шынында да, бұл сөздің айтылатын жөні бар. Қайта құрудың түбі құрдымға апарып, қаламызда көміршілердің ереуілі етек алып кетті. Қара құрым қалың жұрттың алдына барып сөйлеу керек. Қағазға қарап мыңқылдап немесе ежіктеп тұрмайсың ғой. Көпшілікті ымыраға келтіре алатын сөз айта білу керек. Осындай кезекті бір ереуіл жиынынан «Ереуіл сабақтары» деген мақала жаздым. 
Ұйымшыл ұжымның ұландары кез келген тапсырманы орындауға тастүйін дайын болатын. Кілең қаламы жүйрік жігіттер жарысып жазатын едік. Әрқайсымыз барымызды салдық. Әуелі насихат бөлімінде Серік Сексеновпен бірге қызмет атқардық. Көп ұзамай «бірінші бөлім» аталатын партия тұрмысы, кеңестер және қоғамдық ұйымдар бөлімін нығайту мақсатында Мағауия Сембаев бастаған газеттің ыстық-суығында ысылған тәжірибелі журналистер шоғырланды. Олардың қатарында Амантай Сағындықов, Дәулет Мақашов, Серікбай Алпысов және осы жолдардың авторы мен де бармын. Біріміз партия тұрмысын, енді біріміз кеңестер жұмысын, тағы біріміз кәсіподақ, комсомол өмірін дөңгелетіп алып кеттік. Бірақ, бөлім тақырыптарымен шектелмейміз, кез келген тақырыпқа қалам тербейміз. Көп қозғайтын, тереңдеп қозғайтын тақырыбымыз – Тәуелсіздік. Иә, иә, биыл 25 жылдығын атап өтейін деп отырған айналайын Азаттық туралы, бүгінде тәу етіп отырған Тәуелсіздік туралы, айдарымыздан жел естірген Еркіндік туралы тура Кеңес үкіметі тұсында, Мәскеу уақытымен өмір сүріп жатқан кезде жаздық. Есіле жаздық, көсіле жаздық. Еркіндікті көксеген қыран құсша емірене жаздық. Осының бәрін өз көзімен көрген Зарқын аға Тайшыбай «Тәуелсіздік үшін бел шешпей күрескен сендер едіңдер, журналистер еді. Бірақ, жеңімпаздар легінде, марапатталғандар қатарында сендер неге жоқсыңдар?!» деген сөзді бекер айтқан жоқ еді.
Міне, менің жұмыс столымда екі ұлы қазақтың аталы сөздері өмірлік бағдар­ламамдай алдымда жатыр. Бірі – Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының «Тіл білу деген кешке қатыныңды құшақтап «я тебя люблю» деген сөз емес, тіл білу деген сөз сол тілде жаза білу» деген ересен ескертпесі болса, енді бірі Нұр-ағаңның, Нұрмахан Оразбектің «Ғалым болу әркімнің міндеті емес, бірақ, бәрін білу әрбір журналистің міндеті» деген қабырғалы қағидаты. Мен қайда жүрсем де, осы өміршең ұстаным­дардан тайынған емеспін.

314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз