• Тарих толқынында
  • 07 Желтоқсан, 2016

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ

Нұрмахамбет Айтуғанов,
ауыл шаруашылығы 
ғылымдарының кандидаты

Менің туылып, өскен-өнген ауылымның аты «Қожа­тоғай» атты елді мекен, бұрынғы «Қожатоғай» кеңшары. «Қожатоғай» ауылының тарихы 1922 жылдан бастау алады. 1928-1929 жылдары ТОЗ ұйымы құрылып, оның алғашқы бастығы болып Ораз Ибрагимов сайланған. 1933 жылы көшіріліп әкелінген халықтардан «Қожатоғай» колхозы ұйымдастырылып, оның басшысы Ибрагимов Тәліп болды. 1939 жылы колхоз тарап, ел Киров атындағы каналға көшіріледі. Көшке ілінбей қалған біраз халық 1940 жылдан бастап «Задарья» қой совхозында жұмысшы, малшы болып жұмыстар атқарады. Бұл ауыл «Қожатоғай» совхозы болып 1943 жылы көрші «Задарья» совхозынан бөлініп, жеке отау құрған мекен, 1943-1944 жылдары Сарыағаш ауданының Шеңгелді селолық кеңесіне қараған. 1945 жылы ауыл ақсақалдары «Қос жарсуат» деп аталып жүрген елді мекенге  «Қожатоғай» деп ат қояды» – деп жазылған, «Шежірелі Отырар» кітабында [19]. 


Енді, осы жерде біршама, авторлардың жазғанында қателіктер мен кемшіліктер орын алғандығы көрініп тұр. Біріншіден, өздері «Қожатоғай атауы 1945 жылы берілді» – дей отырып, «1933 жылы «Қожатоғай» колхозы құрылған» – деп жазады, екіншіден, «Шеңгелді селолық округі 1943-1944 жылдары болған» дейді. Осы жерде мәліметтер арасында алшақтық, үйлеспеушілік көрініс табады.
Менің жеке пікірім, «Қожатоғай» атауы негізінен совхоз болып құрылғанда пайда болған, ал, Шеңгелді селолық округі 1949 жылдары да өмірде болған, аржағын білмеймін, себебі, менің туу туралы куәлігімде «1947 жылдың қазан айының 15 жұлдызында Шеңгелді селолық округі» – деп жазылыпты, одан соң, інім Мелдеахметтің туу туралы куәлігі 1949 жылы берілген, сол жерде де Шеңгелді селолық Кеңесі көрсетілген. 
Менің білуімше, сол кездегі ақсақал­дардың айтуы  бойынша, алғашқы кең­шардың орталығы Арпатөкті жазы­ғында, кейін Ақдала болып аталып жүрген жерден жоспарланған, сол кезде осы жерден бір скважина қазылып, одан су шығып, сол скважинаны кейінгі кезге дейін пайдаланып келді. Үлкен қоймаға деп, кезінде салынған (тастан қаланған) құрылыстың қабырғасы осы күнге дейін сақталып қалған. Жердің өзі тегістеу, жазық, үйлер салуға, көшелер түзеуге қолайлы, оның үстіне жаңадан құрылған кеңшардың территориясының ортасына (эпицентріне) келеді, жан-жағындағы бөлімшелеріне де, одан ары Арыс қала­сына да, үлкен күре тамыр Мәскеу-Ташкент шойын жолына шығуға да ұзақ емес, әрі ыңғайлы. Сондықтан да, ұйымдастырушылар сол жерді таңдаған болу керек. Осы әңгімені, менің әкем Сәрсенбек те айтқан болатын. Ол кісі туралы жоғарыда кеңірек тоқталғанбыз. Бұл жерде айтпағымыз, менің әкем осы кеңшардың құрылған күнінен бастап қызмет атқарған азамат. Яғни, кеңшар құрылып, оның басшысы бекітілгеннен соң, бастық өзінің, кеңшарға бірнеше адамды жұмысқа қабылдағаны туралы номері бірінші бұйрығын шығарған. Сол бұйрықтың ішінде біздің әкеміздің аты-жөні бар. Бұл деген сөз, әкеміз кеңшарға мүше болып, бірнеше адамдармен бірге, бірінші болып кіргендердің бірі. Сөйтіп, кеңшардың ірге тасын, басқалармен бірге қаласып, бірге тұрғызғандардың қата­рында тұр. Сондықтан да, ол кісі­лердің айтқанына сенуге тиіспіз, шындық деп қа­былдауға мәжбүрміз.
Ал, кеңшар орталығының (қазіргі) Қо­жатоғай ауылына апарылғаны, ол ауыл Сыр­дарья өзенінің бойына орналасқан, суы, орман-тоғайы жеткілікті, халықтың шоғыр­лануына да қолайлы, әсіресе, аң-құс, балық аулауға бейім тұратын, сондай жерлерді ұнататын, орыс және басқа ұлттарға, оларды сол жерге ша­қыруға, үгіт­теуге де бір­шама икем­ді, ыңғайлы жер бол­ғандықтан болу керек. Шын мәнінде кейін кең­шар орта­лы­ғы бол­ған соң, ол жерге түр­лі ұлт­тың өкілдері көп­теп келіп, сон­да орналасып қал­ды. Мысалы, сол кездері департацияға ұшыраған Кавказ халықтары: қарашай, осетин, болгар, шешен тағы басқа ұлт өкілдері, көбісі Иран мемлекетінің тұтқынға түскен азаматтары, жаңадан құрылған совхозға көптеп жоғарыдан жіберілді де, жақын қалалардан орыс, татар, тағы басқа халықтың өкілдері көптеп келіп, кейін олар сол жерде тұрақты қалып қойды. Солардың ішінен ең көбі иран халқының өкілдері болды, олардың басым көпшілігі  осы күнге дейін (көбісі солардың балалары) сонда – Қожатоғай ауылында тұрады. 
Мен, осы кеңшардың Байтоғай атты бөлімшесінде дүниеге келген екенмін. Ол кезде ауылдарда үлкен үйлер жоқтың қасы болатын. Мені кейін ер жеткенде әкем марқұм, «сен дүниеге келген жер, осы топырақта шыр етіп көзіңді ашқан едің» – деп, бір ойпаңдау, бұрынғы үйлер құлап, орны ғана қалған үйдің орнына апарып топыраққа аунатып жатты. Ол жерді мен әлі білемін, егерде жолым түсіп, сол жердің төңірегінен өтіп бара жатсам, арнайы бұ­рылып тағзым етіп, табынып өтемін. Әрине, қазір ол жерлерге жаңа үйлер салынып, барлығы тегістеліп кеткен, дегенмен де, жобасы, ой-шұқыры белгілі, маған мәлім. 
Бұл, Еркебай Бүрлібайұлының кіта­бында [14] тілге тиек етіп, Сіргелі руларына тиесілі еткісі келген Орта Сырдың шығыс жағалауындағы қалың жынысты (яғни, орманды-тораңғыл, тал, жиде ағаштарынан басқа шеңгел, жыңғыл, қа­мыс қалың өсетін нулы өңір) Көктал, Шытты, Раңды, Байтоғай жерлерінің бірі, қазіргі Байтоғай ауылы. Ол жерлер негізінен Қоңыраттардың әлімсақтан бері қонысы болып келген, қазіргі де қоныстары, сондықтан, бұл мәселені, келешекте анықтауды тарихшылардың, шежірешілердің үлесіне қалдырайық, себебі, біздер, бұл салалардың маманы емеспіз. 
Негізінен, менің ауылым, сол кеңшардың нөмірі бірінші фермасында, Дарбаза атты ауылда. Менің әкем бөлімшеде, шөп дайындау бригадасының бригадирі болып істегендіктен, науқан кезінде, малға шөп дайындау үшін, басқа бөлімшелерге барып, әсіресе, қуаңшылық жылдары Сырдарья өзенінің жағасынан мал азығын дайындайтын, сол мен туылған күндері, сол жақта өзенге жақын бөлімшеде жүрген. Ол жер Байтоғай аталатын, шын мәнінде бай тоғай десе, бай тоғай еді. Ол кездерде, Сырдарья өзенінің жоғарғы жағында ешқандай бөгеттер, су қоймалары салынбаған. Яғни, дарияның суы мол, кенересінен асып-тасып жататын, әсіресе көктем айларында. Көктемде, күн жылына бастаған шақтарда, таулардан қар еріп, сулар сай-салаға аға бастаған кездерде, дарияның суы, арнасынан асып, өзеннің екі бетіне бірнеше шақырымға дейін тасып, жағалаудағы, орман-тоғайлардың арасын су басып, адам, мал кіре алмайтын жағдайға дейін баратын. Нәтижесінде, орман-тоғайлар суғарылып, жердің көбісі ылғалданып, шабындық жерлердің бәрінің реңі кіріп, өнімділігі артып бір байлыққа кенеліп жататын. Артынан өзеннің суы тартылып, су қайтқан жерлерге қайтадан шөптің көптеген түрлері шығып, жеріміз бір байып қалушы еді. 
Сол ауылда менің анам Ұлтайдың әкесі Байділдә ұста тұратын. Ол кісі Сыр өңіріне белгілі ұста, зергер, киіз үйдің – уық, кереге, шаңырағын жасап елдің мұқтажын қамтамасыз ететін халық адамы болатын. Одан да басқа халыққа көптеген қызметтер көрсететін. Мәселен, ол кезде киім тапшы, әсіресе аяқ киім. Малшылардың, ат үстінде жүретін азаматтардың негізінен киетін етіктері – ол саптама етік, оны да сол кісі тігетін. Жыртылған етіктерді жамап кию де ол кезде кәдімгі, қалыпты жағдай, оны жасау да сол кісінің жұмысы. Одан басқа, зергерлік кәсіппен де айналысатын, қолдан қамзолға қадайтын темір түйме, қыз-келіншектер тағатын-шолпы дейме, шашбау-сырға дейме, әйтеуір сол кездерге қажетті бұйымдардың бәрін де жасай алатын. Менің өз көзіммен қасында ойнап жүріп көрген, көптеген дүниелер осы кезге дейін көз алдымда, жадымда. Мәселен, сол кездері кездесетін ақшыл түсті тиындар болатын, оны жинап, арнайы төстің үстіне қойып ортасын шұңғылдап ойлау ететінде, сол жерге ұстап тұратын, яғни, киімге сол арқылы тігіп қоятын бау жасайтын. Ол үшін, жұқалау сары мысты кесіп, ұзындығын өзіне керекті етіп бірнешеге бөлетін, оны дөңгелек етіп иетін, содан соң тиынның алдын ойпаң етіп ойып қойған жеріне, ыңғайлы етіп дәнекерлейді. Содан соң, дайын камзолдарға. жейделерге тіге беруге болады. Дәнекерлейтін арнайы құралы да болушы еді. Мұның бәрін мен өзім көзіммен көргенмін, сол күйінде жадымда жатталып тұр.
Мен институтты бітіріп барған соң, бірден өзімнің туып өскен шаруа­шы­лығымда көп жылдар (19 жыл) агрономдық қызмет атқардым, оған төменде толығырақ тоқталамыз. Бұл жер­де айтпағымыз, сол кездері, мен институтты бітірмегенімде, сол аулымда бір ұсталық «құрылысшы немесе, кең­шардың техникаларды жөндейтін цехтарының бірінде темір ұстасы, болмаса, дәнекерлеуші болып істеп-ақ жан бағу­шы едім деп»  жиі ойлайтын едім. Оған себеп, кеңшарда, іскер, өз мамандығын жақсы меңгерген жұмысшылар көп болды. Мәселен, дәнекерлеушілер Гарипов Захар (татар), Давгогаз Николай, темір ұстасы Кузнецов Иван, аппарат жөндейтін цехта – Чумаков Николай т.б көптеген өз ісінің шеберлері көп-ақ еді. Оларға өтінішпен жиі баратынбыз, олар да өзінің қызметін жоғары бағалап, бәлсінетін, кейде қалжыңдап, өзімізді әжуелейтін, яғни, мазақ ететін. Чумаков Николайға істеген затына: «қалай дұрыс болдыма» десең, «ой, қазақтарға бола береді ғой» деп әзілдейтін. Әзілінде, шындық бар. Шындығы солай болатын. Сол кездері, қазірде бұл мамандықтар өте қажет, қызметі жоғары бағаланады. Сонда ойыма келетін «неге мен сонша оқып әурелендім, осы мамандықтарды меңгеріп алғанымда, ешкімнен де кем болмай-ақ, жан бағар едім ғой» деп. 
Нағашы атама қайтадан оралатын бол­сақ. Жаңағы, су тасып қайтқан кезде, көбінесе ойпаңдау, сайлау жерлерге ол кісі егін егетін, негізінен қауын-қарбыз (Тары егетін кісілер де болды). Күзге қарай, қауын-қарбыз піскен кезде, малда отырып егін еге алмаған шаруалар келіп, атамның қауын-қарбызын өсіп тұрған жерінде арық-арық­пен сатып алатында, қашан біткенше өздері жұлып алып, көлікпен тасып бала-шағаларына апарып беруші еді. Атамның бір үлкен қасиеті, әлі есімнен кетпейді, (жаңағы сатылған жер дегеніміз жай ғана, салыстырмалы түрде айтыла салған сөз, әйтпесе, ол кісі еш уақытта, мына нәрсе мұнша тұрады деп саудалаған емес, оны шаруа, малда жүрген адамдар өздері жалынып, сұрап көндіреді. Ал, негізінде, барлық, өзі қолымен қанша еңбектеніп жасаған заттарының да бағасын кесіп айтып бірде-бір адамға сатқанын көрген емеспіз) көрініп тұрған затты біреу сұрап келсе, бере алмаймын деп айтуды білмеуші еді. Сұраған адамға «зәрлі болса ала ғой» – дейтін. «Қанша тұрады, қанша беруім керек» – деген адамға берер жауабы, «ала бер, бір құтыларсың» – дей салатын. Өте қымбат тұратын, бірнеше айлап жасаған киіз үйлерінің өзін, нақты бағаламайтын, кім не берсе, не оны көп демейтін, не кем демейтін, барлығына да ризашылықпен рахмет айтып қала беруші еді, менің әулие нағашы атам. Жаның жәннәтта болғыр атам нағыз әулие, тақуа, жомарт, кең пейілді, сол заманның серісі десе артық айтылмаған баға дер едім мен өзім. Өте шыдамды, ашуы жоқ, біреуді ұрсуға, балағаттауға, сыртынан ғайбат сөз айтуға жоқ, нағыз сопы, күнәден пәк, жаны таза жан еді. Қатты ашуланғанда, сөгетін, жаман сөзі: «тұқымың көбейгір» – еді. Кейін ойласам, бұл сөзде жаманшылық тілемейтін, алғысқа тең, терең мағаналы сөз екен. Балаларды өте жақсы көретін. Тоғайға ағаш дайындауға барғанда, біз­дерді, біраз балаларды есек арбаға мінгізіп ала баратын, өзі жаяу жүреді, біздерді арбаға мінгізіп қояды, біздер оған мәзбіз. Барған соң есекті байлайды да, бір үлкен жиде ағашын кесіп құлатады, көбінесе күзді күні жиденің әбден піскен кезінде. Біздерге, «сендер үшін кестім»-дейді, біздер шынымен солай екен деп мәз-мейрам болып, сол жидені теріп жеп кешке дейін ойнаймыз. Ал, ол кісі, жиде ағашының төменгі жуан жағын бір­не­шеге бөліп, кесіп арбаға салып кешке алып қайтады, сөйтсек, ол ағаштың дөңкесінен, кейін бірнеше атқа, есекке, ат-есек егерлерін жасайды екен, ол да халықтың сұранысы, мұқтажы. 
Атамыздың Ұлтуар атты кемпірі болды, бұл кісі атамыздың екінші әйелі, (жаңылыспасам үшінші әйелі) бірінші әйелін, яғни, біздер анамыз Ұлтайдың  өзінің анасын көргеніміз жоқ.
Нағашы атамның, менің анамнан басқа Рысқұл атты баласы және Қанша атты қызы болды. Рысқұл нағашым жетпістен асып қайтыс болды, ал, нағашы әпкем Қанша қазір сексеннің сеңгіріне (85 жаста) шығып бала-шағасының алдында құдайға шүкіршілік етіп жүріп жатыр. Әркім де өзінің тегін жамандай қоймас, дегенмен де, менің Рысқұл нағашым, бір жаны таза, әділ сөйлейтін, өте сыпайы, өзінің шаруасына мығым, ағайын-туғандардың арасында қадірлі, елге елеулі жан еді. Үйде балаларға қатаңдау, әсіресе, жеңгеміз Әселге дауыс көтеріп сөйлейтін, талабы жоғары болатын. Өзі жүрген ортада сыйлы, артық өсек-аяңнан аулақ, айтса турасын айтатын, шындықтан шықпайтын. Түрі, келбеті келісті, орта бойлы, аққұбаша, сұлуша адам болатын. Әсіресе, атқа мін­генде, аттың үстінде қаздиып тіке отыратыны, өзіне жарасып-ақ тұрушы еді. Шаруаға бейім, еңбекқорлығы жетерлік, соның арқасында, өмірде ешнәрседен ке­міс­тік көрмей, ешкімге кіріптар болмай, мұқ­­таждыққа тап болмай, өз шаруасын өзі дөңгелетіп, қатарынан кем болмастан дүние­ден өтті. 
Жеңгеміз Әсел, қырғыз қызы. Жас кездерінде, әкелерімен көршілес болып мал бағып өскен, көрші отырған соң, балалары ер жеткенде құда-жекжат болып, табысқан. 
Кейін, біраз жылдардан соң, жеңгеміздің әке-шешелері еліне Қырғызстанға көшіп кетеді де, жеңгеміз көп жылдар туған-туыстарынан ажырап қалады, менің жастау кезімде, сол жағдайларды айтып, жеңгеміз жылап қалатын, оған бәріміздің де жанымыз ашушы еді. Бірақта, кейінгі жылдары (1970), Қырғызстан Республикасынан туыстарын тауып алып, олармен барыс-келіс жасасып бір жасап қалған еді, ал, соңғы жылдары тағы да туыстары келе алмай, қатысулары болмай қалып, қартайған шағында тағы да қиналып жүрді. Біздіңше, бұрынғы ет жақын аға-інілері дүниеден озған соң, жастары ұмытыңқырап, аралары суысып барады ғой деп ойлайтынбыз. Дегенменде, жең­геміз щын мәнінде құдай деген адам екен, құдай тілеуін беріп, мен қызмет істеп жүрген кейінгі жылдары (1991) ағасының балдары іздеп келіп, жеңгемізді тауып алып,  жеңгеміз қайтадан туылғандай болып қуанып, жасарып жүрді. Әсел жеңгем сек­сеннің сеңгірінен асып барып дүниеден қайтты, дүниеден өткенше шашына ақ кірмепті, келіндері көрген сайын таңғалып отыратынды «шашыңызды боятасыз ғой дейміз» деп күліп жүретін.
Рысқұл нағашымнан екі бала болған, бірі Әуелхан атты баласы аурушаңдау болды да, ержетіп қалғанда қайтыс болып кетті. Екінші баласы Асанхан қазір екі бала, үш қыз өсіріп, солардың қызығын көруде.
Нағашы әпкеміз Қанша, Кәрімберді ағамызбен бірге төрт ұл, үш қыз өсіріп өндірді, барлықтарына жоғары білім әперді, қазір әрқайсысы орнын тапқан жеке-жеке жанұя басшылары. Кәрімберді ағай да бір ерекше жан еді. Өте еңбекқор, өз ісіне мұқият, пысық адам болатын, шаруақорлығының арқасында, сол елде, ағайындардың арасында, малының басы баршылық, яғни, дәулеттілер тізіміне кіретін кәриялардың бірі еді. Көп жыл сол еті тірлігінің арқасында, Өзбекстанда бір колхоздың бөлімшесін басқарды. Мені тағы бір таңқалдыратын артықшылығы: өлең-жырларды жатқа соғатын. Сол кез­дері дүниеден өткен ауылдың ақын-жыр­шыларының өлеңдерін түнімен айтып беруге жараушы еді. Әсіресе, Майлықожа ақынның туындыларын жатқа соғатын. Тағы да бір өнері – қолы, аяғы сынған адамдардың сынған жерлерін осы кісі салатын, оларды елде «сынықшы» деп атайды. Салғанда да еш ақаусыз, орнына келтіре салатын, осы қасиетін де ел жақсы бағалаушы еді.
Менің балалық шағым негізінен Дарбаза ауылында өтті. Байтоғайда, Дарбазада осы «Қожатоғай» кеңшарының фермалары, ара қашықтықтары қырық-елу шақырымдай.
Бұрынғы «Қожатоғай» кеңшарының қазіргі аты «Қожатоғай» селолық округі, жалпы жерінің көлемі бір жүз отыз мың гектардай, одан бұрынғы жылдары бұдан да көп болатын. 1956 жылдары осы кеңшардың жерінен бірнеше мыңдаған жер алып «Жданов» совхозы құрылған еді, ал, кейінгі жылдары, яғни, 1976 жылы осы кеңшардың жерінен тағы да алпыс алты мың гектар жер алып «Әлімтау» кеңшары құрылған. 
Бұл жер өзі киелі, қасиетті жер. Та­биғаты да керемет. Жері малға жайлы, тұрмысқа қолайлы. Батысында Сырдарья өзені ағады, шығысқа қарай құмдақ жерлермен басталып, қыраттанып кете­ді де, шығысы таулы өңірлермен бітеді. Тарихы да тереңнен бастау алып, қазіргі өзгерген, өңделген, өрленген өмірмен жалғасын тауып, өз орнын жоғалт­пай даму үстінде. Жер аттарының да ұзақтан сыр шертетін өзіне лайықты фило­софиялық мәні бар, сәні бар, атына заты сай, өткен тылсым дүниеден сыр тартатын, мәңгілік тарихы бар керемет дүниелер. Сонау ықылым заманнан қалған, көне дәуірден естелік болып, әлі жалғасын тауып тұрған төбешіктер мен ойпаңдар жетерлік.
Айғырұшқан деген биіктің үстіне шықсаң, онда қазіргі кезде «братская могила» аталып жүрген, монғол шапқыншылығы кездері пайда болған ба, әлде одан да бұрын қалған ба, әйтеуір, біздер білмейтін бейіттерге тап боласың. Шыңырау атты ойпаңда, тереңдігі қырық метрге дейін жететін құдықтарды халық осы кездерге дейін пайдаланып жүр. Айтушылар «қалмақтар қазған құдықтар екен» – деп айтады.
Жер аттары жетерлік. Ол туралы, яғни, біздің ауылдың жерлері туралы, жазушы Ә. Шілтерхановтың мынандай теңеулері бар: «...дарияның оң жақ бетін Тәңірдің өзі тек малға бола жаратқан-ау дейсің. Сансыз қырат пен ойпаттар алмасып отырады. Қыземшек, Қызтөс, Әлімтау, Дастарбасы, Қотырқойлық, Айғырұшқан, Дарбаза, «Мұңлық-Зарлық» қиссасында айтылатын Шөгірлі тауы, тағы да басқа толып жатқан тау, қыраттар жер бедеріне әрқайсысы өзінше көрік беріп тұрады. Шөбі шүйгін, жылдың қай мезгілінде де төрт түлік малға құт жайылым».
Еркебай Бүрлібайұлының «Жабай белгі­сінің» кереметтері [14] атты кітабында, Ойсылқара әулие (яғни, Ойсыл Үйсіндер) жайлы айта келіп: «Сондағы қоныс, тұрақ таңдаған жерлері бұлақ, қайнарлары мол Дастарбасты, Әлімтау, Маңсар делінген тау шоқылары екен. Шу, Талас бойындағы түркі елінің астанасы Қойлықтан келген ақсүйектер тоқтаған Дастарбасты терістігіндегі жерлер көне­нің көзіндей әлі күнге дейін Қойлық, Аққойлық аталуы бұған куә боларлық. Ал, Ойсылқараның қадым жайы сана­лынған «Қыземшек» пен «Қызтөс» тауы маңы Тәңірдің адамзатқа берген сыйы дерлік. ...Осындағы «Ойсылқара әулие» делінген төбелік үстінде зиратшылар сиынатын арнайы орын бар. Ол киелі жерде адам еңбектеп өтетіндей тесік тас. Осы тесік тастан қысылмай, қиналмай өткендер өздерін күнәден пәк деп есеп­тейді. Киелі жерге күнделікті зиярат етушілер Ойсылқара әулиенің киесі нақ осы жерде қалған деп жүр.
...Сыр бойына Қаратаудан Ойсыл-Үйсіндер келген соң, олар Дастарбасты деген Тәңірге ғибадат ететін мінәжат орнын салып алған көрінеді. Осы жерде шың бетіне бедерлеп салынған «+» (крест) таңбасы әлі күнге дейін сақталуда. Осы жерден тасты үңгіп жоғары көтерілетін текпешек саны 13 баспалдақ бар. Ол баспалдақтар сол қалпында тұр. Ол кезде осы баспалдақтан дін салтынан, адамгершілік, имандылық, адалдықтан ауытқыған шүбәлі пенделерді айдың жарығымен шыңға шығаратын салт болған. Сынға түскен адам құламай шынға көтерілсе, оның күнәсін Тәңір кешті деп есепке алған. Осы ғиба­дат­хананың оң шетінде Тәңірқұты сақ­талған. Онда көне түркі тілінде, біз «орхон» деп жүрген жазу бар. Оны біз қазіргі қазақ тіліне аударғанымызда «Құздан өрмелеп шыңға шықсаң, Тәңір­дің киесіне кездесесің» – деген жазу еді. Осы сөз кешегіге дейін тұратын, қазір ол да жойылып кеткен. Бірақ менде оның бастапқы фотокөшірмесі бар болатын. Тәңірқұты ғибадатқананың жерден кіндікке көтерілген тұсында, бірнеше жерден тасты үңгіп, арқан жіп байлайтын тесік-қазықтардан жасалынған екен. Олар мұнда әлі күнге дейін қаз-қалпында сақталып қалған...» – деп жазылған. 
Менің бұл мәселелерді тәптіштеп жазып отырғаным, осында көрсетілген мәлі­меттердің бәрін де, мен өзім кезінде көзіммен көріп, қолыммен ұстап, сол «Қожатоғай» кеңшарында істеп жүргенде, куәгер болдым. Шын мәнінде, солай сақталғаны, осы күнге дейін тұрғаны анық. Осында келтірілген жер аттары, әлі де сол қалпында айтылады. Әрине, ол жерлердің көбісі, кейінгі жылдары, жаңа совхоздардың ашылуына байланысты, солардың қарамағында болғанымен, «Қожатоғай» кеңшарының (бұрынғы), қазіргі Қожатоғай ауылдық әкімдігінің территориясында (аумағында) орналасқан. 
Қожатоғай ауылы, менің туып өскен жерім екені туралы жоғарыда біршама тоқталғанбыз, ал, Еркебай Бүрлібайұлы болса, Шенгелді ауылында 1935 жылы туылып,  кейін «Қожатоғай» кеңшарындағы Амангелді орта мектебінің директоры қызметін 1973 жылдан 1998 жылға дейін атқарған ағамыз. Сол жылдары, мен де сол жерде жүргенімде, ағамызбен бірге, осы атыраптарды бірге аралап, жердің бұрынғы тарихынан біраз мәліметтерді, осы ағамыздың айтуымен білуші едім. Оның үстіне, менің туу туралы куә­лігімде, Шеңгелді селолық Советі деп көр­се­тілгені жайлы да оқушы қауымды жоғарыда құлақтандырған болатынмын. 
Жалпы, Еркебай Бүрлібайұлы тегін адам емес, тегінің (генінің) қаншалықты зия­лы екендігіне мен баға бере алмаймын, ал, ол кісінің өзін – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкері, Еңбек Қызыл Ту ордені және бірнеше медальдің иегері екендігін білемін. Одан басқа, Ы. Ал­тын­сарин медалімен марапатталған, КСРО және ҚР оқу-ағарту ісінің үздік қыз­меткері, Бесжылдық  социалистік жарыс­тардың үздігі белгілерімен бінеше рет мара­патталған, 1987 жылы ҚР мұғалімдер съезінің делегаты, 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы директорлар байқауының жеңім­паздарының бірі, жергілікті Кеңестің әр кездегі депутаты болып сайланып, қоғам өміріне белсене араласып отырған аға буын болатын, ол жағынан жергілікті қауым жақсы хабардар еді. 
«Сол жерде қызмет атқарған жылдары,  ол өлкетанушылық, шығарма­шылық жұмыстарымен елге жақсы танылды. Осы жылдары ол «Социалистік Қазақстан» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. 1977 жылы Алматыда шыққан «Шұғыла» атты өлеңдер жинағына  оның бірнеше өлеңдері енсе, 1996 жылы тағыда Алматыда шыққан «Жабай тоқсаба әулие» кітабына бірқатар тарихи танымдық еңбектері жарияланды. 2004 жылы Сарыағаш қаласынан «Жабай баба» кітабы жеке жинақ болып жарық көрді. 2006 жылы Шымкенттен шыққан «Ойсыл баба – Сіргелі ұрпақтары» кіта­бына оның 11 тарихи мақаласы берілген» деп жазады Сабырбек Олжабай, Еркебай Бүрлібайұлы туралы.
Осы жерде, бірнеше атақты адамдар өсіп-өнген. 
Ақын-жазушы Шілтерханов Әдіһам [20] өз зерттеулерінде «Сырдарья бойында, Шардара мен көне Отырар ара­лығындағы осы бір керемет бай өлкенің Қосжарсуат аталатын жерінде (қазіргі Қожатоғай ауылы) XIX ғасырда бір әу­лет­тен қазақтың үш бірдей ақиық ақы­ны дүниеге келді. Олар:
Қазақ халқының бостандығы жолында қол бастап, сыртқы жаулармен күресіп өткен батыры әрі жалынды ақыны Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы (1816-1888 ж ж.);
Халқына маржандай жыр сыйлаған, ақындық деңгейі жағынан ұлы Абаймен иықтасып тұратын Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898 ж ж.);
«Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық» сияқ­ты дастандардың шығармагері, ауыз әде­биеті үлгілерін жинаушы, «Айман-Шолпан», «Алпамыс», «Біржан-Сара айтысы» ... тағы басқа қисса-хикаяттарды алғаш рет өңдеп Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларында бастырған адам – Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы (1857-1936 ж ж.).
Майлықожа Мәделіге бір жағынан аталас, екінші жағынан жиен болып келеді. Майлықожаның анасы – Мәде­ліқожаның әкесі Жүсіпқожаның туған қарындасы. Сондықтан, Майлы ақын Мәделіні әрі ұзтаз, әрі аға тұтып, кіші­лік жолымен қызмет етіп өткен. Өлерінде өзін Мәделіқожаның жанына қоюды өтінген. Бұл екі арыс Ордабасы етегінде жарастығымен бір жатыр. Ал, Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының сүйегі замана зауалымен Қытайдағы Шынжан өлкесінде қалып қойды».
«Мәделі Жүсіпқожаұлы Қазақстанның оңтүстігінде қалыптасқан аса күрделі кезеңде – Жетісу мен Сыр жағалауларын мекендеген қазақ еңбекшілерінің Қоқан басқыншыларының езгісіне түскен кезінде 1816-1888 жылдар арасында өмір сүрді. Қоқан хандығы – Орта Азияда XVIII  ға­сырдың екінші жарымында құрылған фео­далдық-монархиялық мемлекет еді» – деп жазады әдебиетші Әсілхан Оспанұлы және ақын Тұрсынәлі Айнабекұлы [13]. Осы мәліметте «Мәделі қазіргі Шымкент облысы, Бөген ауданының Бадам ауылдық Советіне қарасты «Киров» атындағы совхоз бен Қызылқұм ауданындағы «Қожатоғай» кеңшарында өмір сүрген» – делінген.
«Аласапыран ауыртпалық салдарынан Бұқар әмірлігі жағына аууға мәжбүр болған Мәделі ақын қазақ өлең өнеріндегі аса сапалы қоштасу жырларының бірін жырлағанда, осы ауылдың жер-суларын өлеңге  былай деп қосады:
«Аман бол, Қосжарсуат – туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім,
Желі тартып, жем беріп бедеу атқа
Дүрілдетіп жылқыны қуған жерім.
Жарсуат, жайлаушы едік, қыстаушы едік,
Кәмшат бөрік дұқаба тыстаушы едік,
Сыртына Қосқұдықтың жылқы салып,
Құр ат қылып жайлауышты ұстаушы едік.
Қосқұдық, қой-түйенің қонысы едің,
Арпа төкті, Ақдала қобысы едің.
Жер қарада мал жетіп жайылмаған
Қара жусан қойлық от сонысы едің.
Қара мал Әлімтауға қаптаушы еді,
Соны емес от аузына жақпаушы еді,
Қосқақтағы бауырдай қара жусан
Мұз қатқанша малымды сақтаушы еді.
Тасқотан, ыққан малдың панасы едің,
Қос тұстың Айғырұшқан саласы едің,
Қар жауғанда екі мал араласқан,
Сіргелі мен қоңыратқа талас едің.
Бөройнақ, жылқы малға жағушы еді,
Жоқ жоғалтқан сол жерден табушы еді,
Алты ай мінген арық ат айдау жүрсе
Қабырғасын бір айда жабушы еді.
Айтайын қайран жердің қайсы бірін,
Сыр бойына құдайым төккен нұрын.
 Осылай деп қазақ ауылының бейғам тыныс-тіршілігін ұзақ жырмен суреттеген ақын, Сыр бойының малға жай, қонысқа қолайлы керемет келісті өлке екенін терең тебіреніспен толғайды. Бұдан бір жарым ғасырдай бұрынғы қазақ ауылы тіршілігінің жанды суреттерін көз алдымызға әкеледі. Сыртына қалың жылқы салынатын Қосқұдық қара жусаны, ығып қалатын Арпа төкті, Ақдала, қара мал қаптап жайылатын Әлімтау, ыққан малдың панасы болған Тасқотан, Айғырұшқан, жылқының жақсы жайылымы болған Бөріойнақ, бәрі-бәрі осы ауылдың кереметтері. 
Мәделіқожаның: «Аман бол  Қосжарсуат туған жерім ...» деп емірене, күңірене есіне алатын жері (Жарсуат) Қожатоғай ауылының түстік жағындағы (5-6-ақ шақырым) жерге орналасқан мал суғаратын өзеннің суатты жері. Ал, суаттан шығысқа қарай атшаптырым (яғни, 10-шақты шақырым) жүрсеңіз Қос­қақ деген ащы тұзкөлінің аумағына ілінесіз. 
Бұл Қосқақ, Еркебай Бүрлібайұлының [14] «Қосқақ» атты өлеңінде былай сурет­теледі:
«Қандай едің Қосқақ-ай кешегі жастық шағымда, 
Көк ала үйрек, қызыл қаз қаңқылдаушы еді-ау                     қағыңда.
Наурыздағы қошаған мамырда марқа болатын,
Мал баққан елдің базары желтоқсан түсе                  тарқайтын.
Майлықожа, Мәделі туын тіккен Қосқақ-ай,
Исабектің тұсында аталды атын асқақ-ай.
Сауықтырдың сырқатты шипаң мәлім әмбеге,
Лайың да ем, суың да ем дерті меңдеп жатқанға-ай.
Сырдың үсті кенере ойдым-ойдым көл еді,
Қара жусан қаптаған малдың жаны дер еді.
Ең әуелі мал кетті содан болдың-ай, тақыр,
Қосқақ, Қосқақ болғалы ел көшпеген жер еді».
Ал, Мәделіқожаның: 
«... Қос тұстың Айғырұшқан саласы едің,
Қар жауғанда екі мал араласқан,
Сіргелі мен Қоңыратқа талас едің» – деп өлеңмен өрбіткен  Айғырұшқан тауы туралы, Еркебай Бүрлібайұлының:
Айғырұшқан тау дей-тұғын тау емес,
Аты дардай болғанымен жай белес.
Маған бірақ сенен биік тау барма?
Қап тауы да биігіңе тең емес.
Мекке барсын, қажы етсін өңгелер,
Менің қағбам тәу ететін осы жер.
Жау шапқанда қойнауыңды паналап,
Ақтабанда саған келген босқын ел» – деп емірене тұрып өлеңге қосатын да жері осы Айғырұшқан еді.
Филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы [1] «Майлықожа Сұл­танқожаұлы – Сырдария өзенінің бойында, қазіргі Қызылқұм ауданына қа­расты «Қожатоғай» қаракөл қойкеңшары тұрған жерде 1835 жылы туған. Ол алпыс үшке келіп, 1898 жылы Арыс ауданының осы күнгі Бадам ауылдық советі тұрған атыраптағы Ақбұлақ деген өзен бойында дүние салған.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы қал­ды­рып кеткен мұрасы мол, ірі  ақын. Оның жырларының бірталайы адам өмірінің табиғат аясындағы күйлерін көрсетуге құрылғанын аңғарамыз. Көп ретте ақын өз басы мен тіршілік тұрмысының жеке бір мысалын өте қысқа өлеңге айналдырып, оған әлеуметтік астар беріп отырады. Бұларында адамдар арасындағы саяси теңсіздік те, заттық теңсіздік те көрініс табады.
Адамның еңбекшілдік сияқты аса жоғары адамгершілік қасиетінің бірі – туған жер, өскен елге деген сүйіспендігі, терең махаббаты. Ақынның бұл мәселеге көзқарасы да талай шығармаларынан жалт етіп, көрініп отырады. Әйел теңдігі, махаббат еркіндігі, жастардың бас бостандығы мәселелері жалпы әдебиеттің қашаннан бергі өзекті мәселесі десек, бұл салада Майлықожаның да көп толғаныстары бар. Жар сүю, бала қызығы, тәтті өмір сүру, достықпен күн кешу, міне, осылардың бәрін ақын әр жақты толғап, пікір айтып, көзқарасын білдіреді. Кісі сүйсінерлік жері сол – ол айтқан пікір бұқара халық көпшілігінің ой-арман­дары­мен қабысып, бір жерден шығып отырады»  – деп жазады.
Сөйтіп Майлы ақын артында өлместей, өшпестей мол мұра қалдыра білді» – деп тебіренеді.
Нүридин Усен [10]: «Майлықожа Сұл­танқожаұлы да Қожатоғай деген елді мекенде тұратын сейітқожалар әулетінен дүниеге келген. Кезінде, аты шулы 100 жасты алқымдаған ақын Жамбыл Жабаевтың өзі пір тұтып, «Майлы қожа Құлыншақ, пірім болған сол кезде»  – деп жырлайтын және 2001 жылдары Оңтүстік өңірлерін аралап жүріп жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ағамыздың бір кітапханада Майлықожаның XIX ғасырдағы қолжазбасын көріп «О тоба, Майлықожаның қолжазбасы ел ішінде сақталып қалған екен ғой», – деп тебірене қолжазбаны маңдайына басып сүйген екен. 
«Мәделі, Майлықожа, Майкөт ақын
Шығарған өнерімен жұртқа даңқын» – Кенен Әзірбаев.
Майлықожа –  негізінен алғанда философ ақын. Ол кісінің ішкі сырларына терең үңіле отырып, шығыстың классикалық поэзия үлгілерін өзінше байытты. Мінездің қырларын, оның алуан түрлілігін өзгеше жырлай алды. Әсіресе, кісі бойындағы үлкен кеселді – қулық-сұмдық, өсек-өтірікті әдемі келемеждейді.
 Майлықожа мен Мәделіқожаның бабалары туралы сөз еткенде, сол Қожатоғайда көп жыл еңбек еткен, тарихтан біршама хабары бар, Еркебай Бүрлібайұлының мына бір жолдары есіңе түседі: «Қара шаңырақты кие санау қазақ арасындағы Қожа руында бар. Бұған Мұхаммед пайғамбардың қызы Бибі Пәтимасынан тарайтын Әзірет Әлінің Иман Үсейін деген баласының әулеттері Майлықожа, Мәде­ліқожаның түп бабаларының бірі ташкенттік Қыдырқожаның қара ша­ңырағына деген құрметі мысал боларлық. Қыдырқожаның Әуез, Жақып деген екі баласының бірқатар әулеттері қазақ ұлты құрамына сіңіп кетсе, Ташкентте Қыдырдың қара шаңырағы иелері өзбек ұлты құрамында, өздерін өзбекпіз деп есептейді» деген. 
«Төлеген Тәжібаев 1910 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Арыс, қазіргі Отырар ауданының Қожатоғай ауылында туған. Қазақстанның ғылым және қоғам қайраткері. Академик, 1940-1942 жылдары республика Халық ағарту комиссарының I орынбасары, комиссары, 1942-1944 жылдары Қаз. ССР Халкомсовы председателінің орынбасары, 1944-1957 жылы Қаз. ССР Сыртқы Істер министрі, Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Қаз. ССР Мин. Советі председателінің орынбасары, 1957-1961 жылдары Үндістандағы СССР ел­ші­лігінің кеңесші-өкілі лауазымдарын атқар­ған» – деп жазылған «Шежірелі Отырар» [19] атты кітапта.
«Қоқан әскерлері 1815 жылы Түркіс­танды жаулап, Сырдария бойындағы көп жерлерді өздеріне қаратып алды. Бекіністер салдырды. Сыр өңірін мекендеген елдердің ішінде Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы көтерілген Мұсабек батыр, Сапақ би, Қанай, Тұрғанбай, Тұрлыбек дат­қалар осы өңірдің перзенттері. Қоқан басқыншыларының бірі Мырзабидің қор­лығы шектен шығып, қазақ руларынан мал салығы былай тұрсын, қыз салығы – «қырық үйден зекет» ала бастайды. Бұл елдің бас көтерер батырлары мен билерінің қарулы көтеріліске шығуына басты түрткі болды. Көкірегін ыза мен кек буған ашулы қол қатты ұрыс салады. Осы шайқаста Мұсабек батыр «Ұйқымды бұзады» деп құлақ жетер жерден жылқы кісінетпейтін қанішер Мырзабидің басын алады» – деп көрсетілген жоғарыдағы туындыда.
Жері бай, шаруаға жай – міне менің туған жерім, өскен елім. Кім-кімнің де туған жері өзіне ыстық, жүрегіне жақын, топырағы торқа, суы бал, нағыз табиғаты көрікті, елі сүйікті болып көрінетін шығар, дей тұрғанмен де, мен оны әрдайым елге барғанда солай сезінемін. Балалығымның ең бір тәтті де ащы, қызық та қиын, алыс та, жақын шақтары есіме түсіп, ылажсыз кейде көзіме ыстық жастар үймелейді. Себебі, жүрегіңе нұр, өміріңе жыр болып есіңе түсетін жастық шақта, туған жерің алыста жүрсең сағындырады, жақында жүрсең жалықтырады.
Әбу Насыр әл-Фараби егде тарта келе емешегі езіліп, туған елін аңсап:
«Қашықтасың, туған жер, қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен, қанатым талды                             менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.
Қайтейін мен көкжиек көңілімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын.
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Соны медет етеді болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде шарап бар жайы мәлім.
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шарабымен шерімнен айығамын», – деген болса, қазіргі заманның ақиық ақыны Тұманбай Молдағалиев:
«Туған ел, жанып келем ес білгелі,
Біреулер өстің – деді, өштің деді,
Етектеп алма әперген бір адам жоқ,
Жетектеп жеткізген жоқ ешкім мені», – деген жыр шумақтары мен сияқты, өз аяқ-қолын, өз кеудесін өзі сүйреп, қата­рынан кейін қалмаудың мақсатында, өз еңбегімен халыққа қызмет жасап, ешкімнің жетегінсіз, тірі жанның көме­гінсіз, біреуден ілгері, біреуден кейін, өз орнын тауып, өмірден алланың берген өз сыбағасын алып, қатардағы пен­делердің тізімінде жүрген, құдайдың құлы, алланың үмбеті, осы жолдардың ав­торына арналған сияқты. Тұманбай өзім ұнататын, өзім қадыр тұтып, еңбегін ерен ескеретін, жыр шумақтарын сүйіп оқитын ағамыздың бірі.
Жалпы, біздің ата-бабамыздың жері, менің білуімше (жетінші атама дейінгісін айтқанда) Сырдарья өзенінің ағысының орта шенінде, оң жақ жағалауында орналасқан. Бұл жер Шардара су қоймасынан жүз шақырымдай, өзен ағысымен алғанда, тө­мен, ал, бұрынғы көне тарихи қала Оты­рар­дан, керісінше жүз шақырымдай, тағы да өзен ағысымен есептегенде, жоғары, Арыс қаласының тұсында, қазіргі Арыс ауданының жері. 
Біздің елден шыққан жазушы Жәлел Кеттебеков [15] бұл жерлер туралы былай дейді: «Әлімтаудан бастау алар кең арна теріскейге қарай жүз елу шақырымдай созылып, Сырдария өзенінің Арыс аймағына қарайтын сағасына келіп құяды. Бұл жақта жер аттары көп. Шошқабұлақ, Көк­шымылдық, Төреқалған, Дарбаза, Ыза­құдық, Тана, Жамбас, Босаға.... Шы­ғысында Шағалақсай, батысында Ақдала тағы бар. Арнаның Дарбазадан осы құймаға дейінгі ендігін алып жатқан кең алқап «Бөлектер»дің (астын сызған Н. А.) ата қонысы. Жасыл жусан теңіздей тол­қып жатқан адырлы далада біздің ата-бабаларымыз ғұмыр кешті».
Осы жерде, біздің Қоңырат атала­рымыздың біршама рулары (байлар-жан­дарлар, құлшығаштар, тоқполаттар, алғилар т. б.) тұрады. 
Қоңыратқа дейінгі шежіреге қысқаша шолу жасайтын болсақ: Күлен Түлкі­байұлының [6] таратуында – Қазақ тарихы Анас сахабадан бермен қарай 21 атадан кейін – Сухайыл. 
Сухайылдан– 1) Жайылхан, 
2) Сейілхан.
Сейілханнан – 1) Өзібек, 
2) Сыбиан. 
Сыбианнан – 1) Созақ, 
2) Тұлығай,  3) Қазақ.
Қазақтан – 1) Түзбай.
Түзбайдан –1) Ақарыс, 
2) Бекарыс, 
3) Жанарыс.
Жанарыстан – Майқы.
Майқыдан – 1) Қыпшақ, 
2) Арғын, 3) Қоңырат, 
4)Найман.

 

 

743 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз