• Заманхат
  • 07 Желтоқсан, 2016

Көп қырлы қаламгер

Зұфар  Сейітжанұлы,
профессор

Аманжан Жақыпов (1935- 2006)  –  көп қырлы өнер иесі. Алдымен ол – ақын. Өлеңді жазып та шығарады, суырып салып таAMANCAN (3) айтады. Ол 1970-1980 жылдары  кең­шар және аудан атынан бірнеше ақындармен (Жа­байыл Бейсенов, Құсмүлия Нұрқасымов, Тұяқ Әбді­райымовпен) айтысып, жүлделі орындарға ие болады.  Ақын  2003 жылы Түркияның Сивас қаласында өткен Түркі дүниесі ақындарының бас қосуына қатысты.


1974 жылы түрлі тақырыпта жазған өлеңдері «Жазушы» баспасынан «Қыр лебі» деген атпен жарық көреді. Ақын балалық, жастық шағы өткен жердің сұлу суретін:
Шұлғытып жүйрік мінген шүйгін жайлау,
Шыңғыртып асау ұстап, бие байлау.
Бағлан жеп, қымыз ішу, балуан түсу,
Айтысу, әнге салу «халау-ләй-лау».
Мыңғырған төрт түлік мал, бұйрат, белес,
Жап-жасыл бетеге, бет, адыр, дөңес.
Күрең бел, қызғылт қырқа, балауса саз,
Көк жайлау көз алдымнан кетер емес, – деп жырлайды.
Ұлттық ойын-сауықтың қызық-қуанышын көрген, көк жайлаудың бал ауасын жұтып, жан рахатын басынан өткізген лирикалық кейіпкердің жан сыры. Көңілінің хошы, көзінің көркіне ай­налған көк жайлау көз алдынан қа­лай кетеді? Туып-өскен жерін жү­регі тас­тан  жаралған жарымжан ғана ұмытуы мүмкін. Өлеңде қазақ халқының ұлттық этнографиялық ұйым­дары сағыныш сезіміне орана көрініс тапқанын көреміз. Ақын   екін­ші бір өлеңінде де өскен елі мен же­рін іңкәрлік сезіммен жырлайды. Бауыры бақша-бауға, етегі егінжайға толы, шөбі-суы мол таудың өзіне тән сипаты оқырманның көз алдынан өтіп жатады.
Көлбеген Тарбағатай бір үлкен тау,
Бауыры бал-омарта; бақша мен бау.
Етегі егін жайдың кең алқабы,
Пішендік, шалғын, қияқ, қаптаған қау.
Алакөл балық баққан бір бақташым,
Суына қысы-жазы құрлыған ау.
Не:
Жарбұлақ ел ырысы шалқып жатқан,
Ордінін омырауына жарқылдатқан.
Жастанып Барлық тауын бас жағына,
Көсіліп көлге аяғын салқындатқан.               
Құт-береке дарыған Тарбағатай тауы­ның бауырындағы Мақаншы, Жар­бұлақ сынды шаруашылығы шалқыған аудан-ауылдарды, айдыны алыстан көз тартып жарқыраған суы шипалы Алакөлді мақтаныш етеді. Тау мен ауыл көрінісін бірде кейіптеу тәсілімен адам­­ның қимыл-әрекетін бере суреттесе, бірде тұрмысқа қажет байлық-игіліктерді аңғарады.
Аманжан бірде табиғаттың толысқан шағын он жеті жаспен параллель ете отырып, көктем мен жастықты ұштастыра бейнелейді. Тау шоқтығынан күн құлап бара жатқан кешкі мезгіл. «Өткен күндері біртіндеп ойға оралады». Өйткені, өткен күндері – жалынды жас­тығы. Он жеті жа­сы еске түскенде көкірегін сағыныш сезімі тербейді. Екінші жағынан он жеті­нің өткеніне өкініш те жоқ емес. Сартап сағыныш пен жеңіл мұң қос өрімдей жым­дасқан.
Шоқтығынан таудың құлап, күн 
                  батып,
Дала қоңыр, аспан қызғылт кеш еді.
Алыс көзге көрінбейді мұнартып,
Салқын самал беттен сипап еседі.
Өткен күндер ойға оралып біртіндеп,
Елжіретіп жүректі бір пәк сезім.
Дей беремін өз-өзімнен күбірлеп,
О, дариға, онда он жеті жаста едім.
Кешкі күннің дәл, қанық суреті адам­ның сұлулыққа құштарлығын арт­­тырады. Табиғат күйі көңіл күй­мен ас­тасып, көктем күннің жан­ға жайлы кеші көңілдегі көп сырдың бір парағын ашқандай әсерлі мазмұнға ие болады. Ақын мұ­ра­сының ішінде «Қазағым» өлеңі­нің орны ерекше. Өлең дү­ние­жүзі қазақтарының құрылтайы кезінде жазылған сияқты. Автор назарын қазақ халқына аудара сөйлесе, екін­ші жағынан, ілгерінді-кейінді халық басынан өткен тарихтың кейбір сәттерін еске салады. Тәуелсіз ел болып мерей-мәртебеміздің өскен ша­ғын ерекше бағалайды. Ақын төгілте жырлап, термелей жөнеледі.
Думан-тоймен дүниені
Дүбірлетші қазағым.
Есіліңді құлаштап,
Жүзіп өтші қазағым.
Ақ Ордаңа көзіңді
Сүзіп өтші қазағым!
Есіл бойында сән-салтанатты қа­ла­ның бой көтеріп, Астанаға ай­налған ке­зін көтеріңкі көңілмен жыр­лайды. Сан ғасыр сарыла күт­кен тәуелсіздікке қол жетпесе, Арқа төсінде Ақорда қайдан болсын. Сон­дықтан, ақынның асқақ сезіммен толғауы орынды-ақ. Енді, бірде қазақ халқының ұлы перзенттерінің атын атап, оларды мақтаныш етеді. Ұлы­ларды – ұлықтау парыз.
Әл-Фараби, Абайдай
Данасы бар қазағым, 
Сарыарқадай сары алтын.
Даласы бар қазағым.
Абылайдай көреген
Көсемі бар қазағым,
Төле бидей төгілген 
Шешені бар қазағым,
Қабанбайдай қаһарман 
Батыры бар қазағым,
Махамбеттей аламан 
Ақыны бар қазағым!, – деп елдің даласы мен данасын, ақыны мен батырын, көсемі мен шешенін атап, болашаққа үлкен сенім артады.
Осындай біртуар кемеңгерлері бар қазақ халқы басқалардан қалай төмен болады? Бабалар мен даналар рухына тағзым ете тарата сөйлейді. Бірде лирикалы шегініс арқылы қазақ халқының өткеніне ой жүгіртеді. Бүгінгі таңда «азуын айға білеген» елге айналғанына сүйінеді. Өлеңде мағыналық ой салма­ғын «қазағым» деген сөзге түсі­ріп, әлденеше рет қайталайды. Осы көркем­дік тәсіл арқылы өлеңнің ой тереңдігі мен әсері арта түскен. «Шынқожа батыр» туралы туындысы жоңғар қал­мақ­­тарымен шайқаста елін қорғап ерлік көрсеткен Шынқожа батырға ар­нап жазылған. Автор өзі айтқандай Тарбағатай тауының Ая­көзге қарай созылып келіп біткен жерінде Шынқожа деген ауыл және күмбез бар.  Шынқожа – тарихи тұлға.  Сонау «Қара­таудың басынан көш келетін» заманда Қабанбай бастаған батырлардың қатарында болып, ерлік көрсетеді. Бірақ, осы жорық жолында батыр қаза болып, денесі табыл­май, тек бір бармағын тауып жер­ле­генінен мәлімет береді. Өлеңнің соңын:
Батыр жайлы аңыздан,
Жол қысқарып қалады...
Көз алдыңнан өтеді,
Тарихтың бір парағы.
Қарттар жағы бір сәтке,
Аруақтанып қалады.
Жастар жағы ой түсіп,
Салмақтанып қалады, – деп бітіреді. Бұған қарағанда, халық аузындағы аңызға сүйеніп жазған болуы мүмкін. Алайда, жас­­тарды ел қорғауға үндейтін танымдық-тәр­биелік мәні бар туынды болып табылады.
Аманжан поэзиясының басым бөлі­гі – арнау өлеңдер. Мұндай өлең­дер әлем әдебиетінде молынан ұшырасады. Бұл дәстүр қазақ поэзиясына да тән. Ақынның біраз арнаулары белгілі адамдарға (Сәбит Мұқанов, Бибігүл Тө­ле­­генова, Бауыржан Момышұлы, Нұр­ғиса Тілендиев, Мұқағали Мақа­таев,  Тұманбай Молдағалиев, Қабдеш Жұмаділов, Тұрағұл Қоңырұлы, Ораз­ақын Асқар. Сүбебек Нұрбаев, Төлеубек Жа­қыпбайұлы, Оразанбай Егеубаев т.б.) арналған туындылар болса, басқа да сыйлас, жора-жолдас болған адамдарына білдірген лебіздері болып келеді.  Сәбит Мұқановтың қайтыс болуына орай жазған «Қайран Сәбе» өлеңінде оны ғалым, көркем сөз ше­бері, халықтың біртуар азаматы ретінде бейнелейді. Сондай-ақ, жа­зу­шының адамгершілік қасиеттері де таратыла айтылады.
Алғы сап «ағалаған, Сәкелеген»,
Артқы лек «аталаған, әке» деген.
Қашанда, қайран халық, ғазиз ана,
Өзіңді бастан сипап мәпелеген.
Дәл мінездейді. Көзі тірісінде Сә­беңе деген халық құрметі ерекше болғаны белгілі. Заманның да,  адамның да ықы­ласына бөленген алыптар тобының бірі болған Сә­беңнің өмірден озғанына өкініш білдіреді. Жазушы қазасын ел мұң-на­ласымен астастырады. Осы ар­наудың кей тұстарында Сәбеңнің сырт бейнесі де көз алдыға келеді. Жа­­зушы есімінің ел есінде болатыны­на сендіреді. 
Бауыржан Момышұлына арнаған «Арман аға» өлеңі де көңілге жылылық ұяла­тады. Ел сыйлайтын ерекше тұл­ға екенін айта келіп, ойын былай сабақ­тайды:
Тумыстан туған тілдің  жырауы едің,
Еліңнің ерке бұлан ұланы едің.
Қолыңда алмас қанжар, алтын қалам,
Ұлтыңның рухына ұран едің.
Қалам мен қаруды  қатар ұстаған, ұлт рухының ұранына айналған ұлан ретінде сипаттайды. Баукеңнің көсемдігі мен ше­шен­­дігіне назар аударады. Қиын-қыспақ заманда қол бастаған хас батыр болған, жұрт жүрегінде мәңгі сақталар азамат деп бағалайды. Ақын кімге өлең арнаса да, оның әлеуметтік орнын, мі­нез-машығы мен өнерін дәл бейнелеуге ден қояды. Нұрғисаға арнауында:
Халқымның бойындағы қасиеттен
Жаралып қуаныш пен қасіреттен,
Басталған «Әл-қиссадан» ән-жырыңды
Тыңдаған тебіреніп жасын төккен.
Не:
Композитор дегенім – кем сияқты.
Ұлы күйші дегенім  – жөн сияқты.
Әуезі жанымызға ем сияқты,
Тура ма енді қазақ сен сияқты, – деп, Нұрғиса сынды талантты тұлғаның өзіне де, көп көңіліне жол тапқан өнеріне де ілтипат білдіреді. Екіншіден, адам жанына ем болар өнердің құдіретін ұлықтау да байқалады. Автор өлеңін кімге арнайды және ол қандай адам бол­ғанын ерекше ескереді. Әр арнауы осы ұстаным тұрғысынан жазылады.
Аманжан Жақыповтың Тұман­байға арнауында замандас әрі сыйлас адамына деген риясыз көңілі көрініс береді. Тұманбайды ертелі-кеш сайраған бұл­бұлға балауы да орынды. 
Алматы, Алатауында,
Жастықтың алтын тағында,
Көктемнің күлгін таңында,
Сұлудың Иран бағында,
Сайраған бұлбұл тына алмай,
Сайраған бұлбұл – Тұманбай.
Немесе:
Ойлары – десте, дестелі,
Жырлары – жібек кестелі.
Бір тауар ақын –Тұманбай,
Тұманбай аты – ұрандай.
Тұманбайдың өндіре жазатын десте-десте жырларын былай қойғанда, небір әдемі әндерге ар­налған өлеңдері көптің сезімін тербеп, аңсарын асқақтатқан туын­дылар екені хақ. Аманжанның «бір­­туар ақын Тұманбай, Тұманбай аты – ұрандай» деп түйіндеуі дәл ай­тылғандай. Тұманбайды достық үшін жанын да, барын да аяп қал­май­тын ақ көңіл адам ретінде сыйпаттайды. Оның жаны жа­қын адамына ықыласы ерекше.
А.Жақыповтың кейбір арнауларында жеңіл әзіл жарасым тауып тұрғандай сезі­леді.
Үндемей барлап жан-жақты,
Үйдей ойды үйірген.
Боксері сөздің салмақты,
Бір қойып жыққан бүйірден.
Бұл Оразақынның болмысын дөп басқан жыр жолдары. 
Бірге оқыған, сыйласып өткен заман­дасы Оразанбай Егеубаевқа арнаған өлеңі де жылы әзілмен әдіптелген жыр жолдары нысанаға дөп тиіп жатқандай әсер қал­дырады.
Оралған оралман боп қасқа басым,
Жиырма жыл соғылғанда тасқа басың.
Сау қалған миың қалай, «Таңжа­рықты», Таң қалам жазды ма деп басқа басың.
Бұл жолдар Оразанбайдың кейбір өмір жолдарының қалтарысын  қапы­сыз қамты­ған шынайылығымен ерекше­ленеді.
Тағы да бір досы Тұрағұлға арнауында:
Бір мұратқа – бұғы мүйіз                            мұңдасым,
Сары атаным, досқа тосқан шудасын.
«Кімге сенсең – сол шикі» боп                         шыққанда,
Піскенінше қайта мойын бұрмасым, – деп, достықты қастерлейді. Сондай-ақ, Тұрағұлдың мінез-сипатын да ха­бардар ете­ді, салмақты ой түйеді. Ал­дыңғы екі тар­мақ­тан тапқырлық та танылады.  Бас-аяғы бір шумақ өлеңнен Тұрағұлдың таби­ғаты да ашылады.
Ақынның бір шоғыр арнаулары бір екі шумақтан аспай, қысқа қайрылып отыратын тапқыр, уытты жырлар болып ке­леді. Кейбір туындысында сыншылдық ой басым. Мәселен, «Бөрібасарға рецензия» өлеңінің аты шартты болғанымен, кемістікті дәл аңғартады.
Мұқабада – алтынды өрнек ойылған,
Аты да әйдік «Бөрібасар» деп                                                         қойылған.
Қолға алсаң, қорғасындай салмақты,
Ойға алсаң, салар еске қаңбақты, – деген жолдарда ащы-әжуа бар. Кейде қаңбақтай қауқары жоқ кітаптардың шы­ғатынын мойындау керек. Ав­тордың әр нәрсеге сын көзбен қа­рап, ақи­қатты айтатын азаматтық үні естіл­гендей болады. 
 Аманжанның «Көптен жүрген көне сөздер» топтамасы жақсы мен жаманды шендестіре отырып, аз сөзге көп мағына сыйғызады. Әлеумет өмірінде кездесе қалатын құбылыстарға баға беріп, ой түйіндеп отырады.
Екі жақсы қосылса,
Бар өмірі бал болар.
Екі жаман қосылса,
Кең дүние тар болар.
Болмаса:
Күлімдеген қулықтан,
Дұшпан қызыл көз артық.
Екіталай шындықтан,
Өтіріктің өзі артық – деген жолдарда қарама-қарсы құбылыстарды салыстыру арқылы адам мінезіндегі жақ­сыға жаршы, жаманға қамшы болады. Қанатты сөзге айналып тұрған мұндай тармақтар құнарлы ойдан туған құнды сөз.
Ақын өлеңдері – жан сырының көрі­нісі екенін ескерсек, қай туындысынан болсын оның таным-түсі­нігін де, өмірге көзқарасын да аңғару қиын емес. Әр туындысынан ағынан жарыла айтқан үні анық естіледі. Ол әрқашан ізгілікті, адамгершілікті жоға­ры баға­лай­ды. Ел қорғаны болған ерлер­дің еңбегін үлгі етеді. Аманжанның бір қыры – ақындық. Жазушылық – Аманжан Жақыповтың екінші қы­ры.  «Жазушы мен қымызшы» атты шағын әңгімесінде М.Әуезов өмірінің соңғы кезіндегі бір сәттік іс-әрекеті суреттеледі. Автор әңгімесін «Сәске түс кезінде бұл базарда бұрын бола бермейтін  келісті киінген бір қазақ қымызшылар жаққа қарай   беттеді» деп бастайды. Бұл кім болды екен? – деген ой оқырманды жетелей жөнеледі. Кім болса да көптің бірі емес екенін сезесің, тағы оқи бастайсың. Жазушы көбіне оқиғаны кейіпкерлер арасындағы диалог арқылы өрбітіп отырады. Кейіпкер сөздері характер болмысын және олардың ішкі психологиялық көңіл-күйлерін де аңғар­тып отырады.
– Бауыр, бір-жар литр іше ме деп, артық айтуға аузым бармап еді. Кейде кемпір әкеледі. Ол менен гөрі қым­батшылдау, – деп күлімсіреп еді. Ана кісі: бір сом болсын және өзім қарайласып тұрамын, – деп асығыс екенін аңғартты. 
– О, не дегеніңіз, о не дегеніңіз, базар нарқы әртүрлі болатынын айтқаным ғой, – деп бір сөзін екі рет қайталап, ақтала сөйлеуінен қулығы жоқ, ақкөңіл адам екені аңғарылып қалады.  Әңгімеде қымыз­шының қимыл-қоз­ғалысы, сөйлеген сөзі – бәрі табиғи, нанымды.  Екі адамда екі түрлі мінез көрінеді.  Машина ішіндегі әңгімеден қымызшының өткен өмірінен хабар табамыз. Автор лирикалық шегініс арқылы қымызшы өз өмірінен өзі мәлі­мет береді.  Ал, қымыз алушы аз сөй­леп, көп тыңдайды. Бір сәт қымыз алушының ішкі ойы арқылы қымыз сатушыға пор­треттік сипаттама береді. Машина алдын­дағы қиық айнадан қымызшыны көріп келеді.  «Балуан денелі, ат жақты, ашаң жүзі, ақ жарқын, сезімтал адам». Оның жағымды бейнесі айқындала тү­седі.
 Әңгімеден қымызшы өмірі әр қырынан көрініп отырады. Сөзді қымыз алушы бас­тап, – нешедесіз?
–  Е, Бурақан болыс айтқандай, малды-малға жеткізгенше ғазірейіл жанға да жетеді деп, пайғамбар жасынан астым.  Мына мақалдан секем алғандай, алда отыр­ған адамның өңі қуқыл тартып:
– Атыңыз кім? 
– Дархан!
Осы қысқа қайырым сөзде бір нәр­сені аңғартқандай. Алда отыр­ған адамның өңі неге қуқыл тартады? Әри­не, ішкі жан сарайында бір қобалжу бар. Екіншіден, оқиға біртіндеп ширай түседі. Автор кейбір детальдарды да, көркемдік тәсіл­дерді де орынды пайдаланады. Кейде баяндау, кейде диалог, кейде ішкі монолог арқылы кейіпкерлердің сыртқы кейпін, ішкі психологиялық иірімдерін аңғартып отырады. Мә­се­лен, қымызшының ішкі ойы арқылы екінші кейіпкердің (қымыз алушының) келісті келбеті көз алды­мызға келеді. Қымыз алу­шының үйіне келіп, бойы үйренген Дархан үй иесінің есімін сұрайды. Бірақ, «Мұхтар» атына онша назар аудара қоймайды. Дастархан басында ол көсіле, ашыла сөйлеп, үйі туралы, кітаптары туралы сауалдар қояды. Өзінің оқымаған адам екенін айтады. Оның сөздерінен ауылда өскен, аңқау-аңғал, адал адам­ның мінез-машығы даралана түседі. Оқы­маған, бірақ тоқығаны көп адам екені байқалады. 
Тағы бір кезекте қымызшы (Дархан) өзінің туып-өскен өңірінде қандай әнші ақындар болғанын, Әсет, Арап, Қайрақбай сынды өнер иелерін көргенін әңгімелейді. Оның бұл сөздерінен ойы ұшқыр адам екені байқалғандай болады. Мұхаң «құлай тыңдап, Дарханның әңгімесін жиі құптап» отырады. Бұл арада Мұхаңның да елітіп, қанаттана бастағанын аңғару қиын емес. 
Екі кейіпкердің де көңіл күйлері көте­ріле түскендей. Қымызды шопыры алып тұруға келісіп, екеуі есік алдына тоқтаған сәтте Дархан: 
– Мұхтаржан, фамилияң кім? 
– Әуезов.
Бұл фамилияны естіген сәтте Дархан ұйқысынан оянған адамдай сөзі де, қимыл әрекеті де басқа сипатқа көшеді. Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов! – деп біресе қап­сыра құшақтағысы кеп, біресе жайған қолын жылдам түсіріп, Мұхаңның оң қолын қос алақанымен аялай ұстап, көкі­регіне басып, көзін тас жұмып қалды да:
– Иә, Құдай, біреуге Қызыр пай­ғамбар кездесіпті десе, қандай нанбас едік. Жа­саураған көзін ашып, сенер сенбес Мұ­ха­ңа қарады. Бұл әңгіменің шешуі. Кейіпкердің іс-әрекеті шарық­тау шегіне жетеді.  Өйткені, ол бұған дейін қымыз алушының кім екенін білмейді. Ұлы жазушы Мұхтар екенін білген сәтте психологиялық өзгеріс жетегінде абдырап, түрлі күйге түсуі де, жүрекжарды сөзі де оқырманды нандырады. Қымызшы енді ағынан жарыла ақтарыла сөйлейді. 
– Мұхтаржан, қонақ бол, тай соямын! Ауыл Ақсеңгірде, – деді.  Бұл – қазақы психология. Кейіпкердің өзіне тән болмысы да айқындала түседі. Автор жасанды жалғандыққа ұрынбайды. Тұрмыстық қа­ты­нас үстінде айтылатын диалог пен портрет-әңгімеде көп қолданылған көр­кемдік тәсіл.
Дарханды аялдамаға апарған шопыр тор­сығына қоса тағы бір заттарды ұсынады. «Ойпыр-ай, қандай данышпан адам, қандай сырбаз! Ыдысын құр қайтармайтын қазақ жөнін қалай біледі! Әйелі ме екен, өзі ме екен? – деп өң мен түстей күй кешіп Дархан қария қайтып бара жатты деп аяқталады. Дарханның ішкі ойы (монологы) арқылы Мұ­хаң бейнесі әр қырынан тұлғалана, шоқтықтана түседі. Қымызшының өмірге деген көзқарасы мен дүниетанымы да екі адам­ның сұхбаты барысында ашылып отырады. Оқиға желісі еркін дами келе шешімін табады. Қорыта айтқанда, жазушының сәтті жазылған елеулі туындысы.
Аманжан Жақыпов алғашқы әңгіме­лерін ертеректе (1952-1954) жазған. Мә­се­­лен: «Қияға», «Мен тұр­ған үй», «Талға барғанда», «Бір кеш», «Лақ тарт­қанда», «Мен көрген жындар», «Жол естеліктері», «Студенттік әңгімелер» т.б. Осы әңгімелері жайында автор: «...бі­рінші үйрету, жаттығу есебінде, екінші өз өмір-тұрмысым, іс-әрекетім, қандай жерде болғаным келер күннің көзіне бүгін­­гінің куәсі болсын деген талап еді» – депті. Автордың өзі айтқандай, оқиғаның бәрі бірінші жақтан «меннің» атынан баяндалады. Бұл туындылар жазушының жас кезінде жазған шығар­малары болғандықтан әлеуметтік мә­селелер көтерілмеген. Бірнеше әңгі­­­­мелерінде мектеп оқушысының іс-әрекеті суреттеледі. «Мен көрген жын­­дар» әңгімесінде байдың қозысын баққан он бір жастағы баланың дүние болмысты түсіне бермеуі, түнде көз алдына сайтандардың елестеуі сөз етіледі. Баланың сәби санасы мен ауыр тұрмыс-тіршілігіне қанығамыз. «Жол естеліктерінде» салт атпен жолға шық­қан жігіт жол-жөнекей бұрынғы досы Тұрдыақынмен кездеседі. Екеуінің әң­­гі­месінен сол тұстағы қоғамның ты­ныс-тір­шілігі қылаң береді. Бұл әңгі­мелері жа­­зу­шының тырнақалды туындылары бол­ған­дықтан кейбір қысқа суреттемелері бір әңгіменің фрагменті сияқты әсер қал­дырады. Өмір-тір­шіліктің сан түрлі сәттерін бейне­лейтін шағын әңгімелерінде оқиғаны өр­нек­ті тілмен өруге бейімділігі аңғарылып тұрады.
Жазушы эссе-естеліктерді де көп жаз­ған екен. Солардың бір шоғыры «Ұл­тымның ұлы перзенттері» деп аталады.  Солардың бірі – «Ұстаз».  Бұл  М. Әуезов өмірінің екі кезеңін қамтиды. «Абай  жолы» романы тал­қыланатын бір күні бір­неше жігіт Ғылым Академиясының үлкен залына қаймыға басып, әркімге жас­қана қарап арт жақтан орын алады. Бұрын шығармаларын оқып, енді өзін көрсем деген арманмен келген зерделі студент алғашқы әсерін: «кіріп келгеннен президиумның жуан ортасындағы Мұхаңды бірден таныдым. Ұзақ жылдар сарыла сағынып, анадайдан әкесін тірі көрген баладай, ту сыртым тұтас дүрліге шымырлап, көзімнен жас парлай жаздап басылдым» – дейді. 
Тартымды баяндау мен жас жігіттің жан толқыны әдемі ұшта­сады.
Автор бұдан кейін М. Әуезовтің өздеріне лекция оқыған сәттерін баян етеді. Ұлы жазушының ой тереңдігін, ағыл-тегіл шешен сөйлейтінін сездіреді. Екінші жағынан, студенттің ұстазына деген ілтипат-құрметі де ерекше кө­рінеді. «Алдымда тұрған алып ойлы адам­ның сөзінен де, өңінен де өмір сы­рын қатар оқып, үнін құлағымда, өң-ажарын көз алдымда мәңгі сақтап қалуға ынтық болдым». Бұл М.Әуезов сынды алыптың дәрісін тыңдасам деп алыстан шөліркеп келген жас жігіттің жан сыры, әсерлі баяндауға кейде дәл мінездеу қосылып, шығарманың эстетикалық-көркемдік қуатын арттырып отырады.
Жазушы «Үш ауыз сөз» эссе­сінде өмірінің соңғы кездерінде Д.Қонаевтың аузынан естіген үш ауыз сөздің қандай жағдайда айтылғанын әңгімелейді. Димаш Ахметұлын за­манның зор тұлғасы, ұлтының ұлы перзенті деп бағалайды. Ол жайын­да көп естеліктер жазылатынын еске салады, көпке үлгі етеді. «Адам­ның бұлбұлында» атақты Әсет ақынның кейбір өлең-дастандары мен әндеріне сипаттама береді. Оны өнердің үш бірдей шыңына шыққан  өнерпаз ретінде таниды. Осы ретте төкпе ақын, әнші, домбырашы Ауған ақынның өмір жолдары мен шығармашылығы жайында тың мәліметтер айтады. Қабанбай батыр ұрпақтары ішінен ісімен де, күшімен де, ақыл-ойымен де озған адамның бірі – Сүлеймен би. Ел ісіне араласып, талай дау-дамайды бітірген беделді би жайында нақты деректер келтіреді. Оның өмірі, атқарған игі істері жайында жан-жақты сипаттайды.
Аманжанның «Сыр», «Тұманбай», «Олжас», «Талант» эссе естеліктері де тартымды оқылады. Автор ойын қызықты, емін-еркін сабақтап, кейбір сыр-сезімдерін бүкпесіз айтады. Ақын Тұманбай ақын құрдас-досы болғандықтан, оның көптеген жол сапарында бірге болады. Тұманбайға деген ел құрметінің куәсі болып, көп нәрсені көңілге түйеді. Екеуінің арасындағы жарастық тапқан әзіл-қалжың, ақ пейілдері де көрі­ніс тауып отырады. Тұ­ма­ғаңның кіші­пейіл, жайсаң жан екенін аңғарып тұрса, Аман­жанның да дос қайғы-қуанышына ортақтаса білетін бі­лікті азамат болғанын байқаймыз. Екі адамның жақсы мінез, шынайы сыйластықтарына қанығамыз. Досы кейде Тұманбайдың кейбір шығар­ма­ла­рына пікір айтады.  Мұндай сәтте ақын: «Айтасың-ау, Аманжан» деген сөзді жиі айтатын көрінеді. «Айтасың-ауы» кішіпейілдік қабылдауы, әрі мені бағалауы, әрі өзінің ақындығы туралы айт­қаныма риза болғандығын білдіргені» деп еске алады жазушы. 
Жазушы бірнеше публицис­тикалық шағын шығарма­ларында бір шоғыр тарихи тұлғалар жайында әңгіме қозғайды. Олардың кейбірі би-шешен, кейбірі батыр палуан, ақын-әнші, кейбірі сопы-қажы, кейбірі ел басқарып, атқа мінген адамдар. Автор осылардың өмір жолдарын ел тарихымен байланыстыра ұштастыра әңгімелейді. Жекелеген адамдардың мі­нез-машығына, іс-әрекеттеріне сипат­­тама беріп отырады. Жеті атасы бай, өз әкесі қажы болған Қа­сен деген азамат өткен ғасырдың елуінші жылдардың ортасында (ХХ ғ) «ұлтшыл» деген атпен сотталып кетеді. Семей абақтысында Ес­мағамбет Ысмайылов бірге отырады. Ауыр күндерді бірге өткізген екі адам өмір­лерінің соңына дейін сыйласып өтіпті. Осы сияқты нақты дерек беретін көсемсөздерінің танымды мәні зор.
А. Жақыповтың «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дерлік, философиялық тебіреніс-толғаныстары «жасырын жазбалар» деген атпен берілген. Мәселен, «Даныш­пан адамдарда адамзатқа ортақ», «Даңқына жастығы жараспайды екен» «Мақ­таншақ екі түрлі: ашық мақтаншақ, арамза мақтаншақ, ашығы – ақ көңіл, жомарт келеді», «Бұрын әкем ұрсады, шешем ұрсады, ағам ұрсады деуші еді, қазір әйелім ұрсады дейтін болдық», «Ішімдікпен көңіл көтеру – сабан жағу сияқты. Лап етіп жанып, жалп етіп сөнеді, қара күлі қалады», «Күйлі  кәріден амандық сұрасаң: – Алла деп отырмыз. Күйсіз кәріден амандық сұрасаң: өлмеген соң отырмыз, – дейді екен» т.б. Осы сияқты қанатты сөзге айналып кеткен бір-екі жолдан тұратын және ең көлемдісі жарты бетке жуық жазбаларында жазушының қоғамдық, тұрмыстық-әлеуметтік өзекті мәселелерді бақылаудан туған ақыл-нақыл ойлары. Аз сөзге көп мағына сыйғызған түйін-тұжырымдары болып келеді. Бұл топтағы шығармаларында тапқырлық-шешендік сипат басым, таным-тәрбиелік мәні бар.
Жазушының тағы бір қыры – тарихшы, шежіреші. Оның бұл тараптағы еңбегі «Қаракерей тума тарихы» деп аталады. Автор бұл кітабында Қаракерей туманың арғы-бергі шежіресі (аталары, ұрпақ­тары) таратылады. «Қарға та­мырлы қазаққа»  тәуелсіз ел болған соң ұлттық тарихымызды, бірлік тұтастығымызды терең саралау қажеттігі туады. Бұл үшін рулардың тегін-туыстығын біл­мей тұрып бұл мәселені шешу қиын. Сондықтан, жүздеген ру ұйтқы болып отырған жұртымыздың тарихын, эко­номикалық-әлеуметтік, салт-сана, мінез-құлық бейнесін бір рудан білуге болады деген автор тұ­жырымын құптаған жөн. Сондай-ақ, ру шежіресінен тарихи мағлұмат, этнографиялық түсінік алуға болатынын ескеру қажет. Тоғыз тума шежіресі де ұлттық тарихымыздың бір бұтағы ретінде бағалануы керек. 
Аманжан Жақыпов тәуелсіздік ал­ған елімізді өркендету, нығайту үшін қазақ қоғамының сан түрлі саласына қажетті істерге назар аударып отырған. Сондықтан  «Сөз сарайына» кірген кей хаттары ел бас­қарып отырған аза­мат­тарға жолданған. Онда белгілі бір мәселе жөнінде өзінің ой-пікірін білдіріп, тілек-ұсыныс айтып отыр­ған. Енді бір бөлім хаттары жақын жүрген жолдас-жораларына арналған. Бұл хат­тарында кейбір жекелеген адамдардың шығармаларына баға береді. Өнер туралы пікір айтылады. Сонымен бірге дос-жаран арасындағы сыйластық, сағыныш, бір-біріне деген ілтипат, кісілік қасиеттерді қадір тұту, үнемі бой көрсетіп отырады.  Сондай-ақ бірін-бірі рухани жақтан қолдап отыратын бауырмалдықтары хабар-хаттардың бойына жылылық дарытады, жақсы әсер қалдырады. Өмірбаяндық дерегі мол хаттардан талай ақиқатты аңғаруға болады.
А.Жақыпов – көп қырлы өнер иесі. Жа­зушының артында қалған мұраларынан оның пайым-парасаты биік, қалам қарымы кең қаламгер болғаны аңғарылады. Басқа­ларын былай қойғанда, ол ғылыми зерттеу де («Құлагер» поэмасы хақында) жазыпты. Оның әр жанрда жазған шығармаларынан ана тілінің нәрі мен әрі сезіліп тұрады. Осылардың басын құрай келгенде, қазақтың өнер әлемінен лайықты орын алар рухани мұра екені аян.

661 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз