• Тарих толқынында
  • 07 Желтоқсан, 2016

Өнерде олжа салған Оралбек

Ғабдул-Ғазиз Есембаев,
журналист

Күнделікті жүздесіп, аралас-құралас  емен-жарқын әңгімелесіп жүретін  адамның барлық қасиеттерін танып-білу қиын ба, әлде мән бермейсің бе, әйтеуір, «өзіміздің жігіт қой» деп  көңіл аудара қоймайтын сәттер жиі кездеседі. Аман ба, аман, сәлемің түзу. Жақсы жігіт екенін білесің. Бірақ, сол жақсы қырының тереңіне бойламайсың. Оның тіршілік-тынысы, адами болмысы осы бір пенделік көзқарастың, күйбең тіршіліктің тасасында  қалып қояды.


 ОралбайБелгілі  әнші, сазгер, режиссер- продюсер  Оралбек Сарыбасов туралы   сөз  қозғап,   шығармашылық таланты мен азаматтық  тұлғасына үңілер сәтте  осындай тосын ой келді. Расында, алпыс дейтін асқаралы  белге табанының бүрі, жүрегінің нұры таймай жеткен Орекеңнің  айналасына, жора-жолдастарына   жылылығын  сездіретін  адами аурасы  өзіндік бір шырайлы әлем  екен. Ол қарапайымдылық  қағидасын бұзбай, өзін-өзі дәріптейтін жолдан бойын аулақ ұстап, нағыз кәсіби маманның үлгісін көрсетіп, тиянақты, тұғырлы биіктен   аспай-саспай орнын тапқан, ұл өсіріп, қыз өсіріп, солар үшін шырылдап әкелік  мейір-шуағын төккен қамқор  жан, адал дос, абзал азамат, асыл жар, ұлағатты ұстаз  ретінде  шуақ құяды.
Көп қырлы талантын іс жүзінде көрсетіп, қазақ өнеріне, қазақ телевидениесіне өзіндік   өрнегін салған  Орекеңнің шығармашылық лабораториясына  зер салсаңыз,   еліміздің мәдени  және саяси тірлігіндегі соқталы кезеңдерде ортаймас олжа салып,  тәлімі мол мұрағатты  дүниелер тудырғанын айнытпай танисыз. Соның бәрі  шапқан аттай, аққан судай уақыттың еншісінде кетіп, бүгінгі  буын біле бермейтін асылдың сынығындай құнды еңбектер мұрағат төрінде сақтаулы тұр. Егер, оны қайтадан саралап, шаң басқан сөрелерден   алып  кәдеге жаратар болса, Тәуелсіз Қазақстан тарихының жылнамасындай  тамаша туындылар  жарқ етіп көрермен ықыласы мен назарын өзіне аударар еді. Алтынды тот баспайды. Қаншама уақыт өтсе де Оралбек Сарыбасов сомдаған соқталы дүниелер бай мазмұн мен мөлдір ойға тұнып, уақыт талабынан дәл шығатын алмастай өткір қалпында жарқырап тұрары айқын. Оған сөз жоқ. «Құрғақ қасық ауыз жыртпасын» біраз мысал келтірейік.
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 25-жылдығы аталып өтер атаулы кезеңде ел іргесін бекітіп, көк туымызды желбіретуге атсалысқан өнер мен мәдениеттегі атпал азаматтар қатарында Оралбектің де шоқтығы биік тұратынына анық көзіміз жетті.   Тәуелсіздігіміз  туралы қаншама құнды дүниелер жазылып, фильмдер түсірілсе де  режиссер О. Сарыбасовтың «Бата» атты тарихи деректі фильмінің салмағы бәрінен асып тұрған сияқты. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты алғашқы Ұлықтау сәтін (инагурация)  таспаға түсіріп, тарих үшін, болашақ ұрпақ үшін  ерекше құнды фильм жасау бақыты Орекеңнің маңдайына жазылды. Бұл 1991 жылы еді. Одақ тарап, ел әлі егемендіктің дәмін толық татып үлгермеген, қиюы кеткен империяның шеңгелінен босап шыққан азат елдер өздерінің жеке шаңырақтарын көтеріп жатқан қарбалас кезең еді.  Саясат пен экономиканың басы-қасында жүрген азаматтар сан қилы көзқарастары мен ойларын  бір ортаға тоғыстыра алмай, арқауы босаған  КСРО  қирандыларын жинай алмай,  абыр-сабыр күй кешіп жатқан  сәттерде режиссерлік танымы мен қарымын Оралбек осы қайнаған ортаға бағыттай білді. Болашақты болжай білген алғыр азамат түбінде осы таспаларының Қазақстан тарихы жылнамасында алтын әріптермен жазылатынын түсінді. Дәл осы уақыттарда ел басындағы қиыншылықтар мен алмағайып  уақыттағы  ауырлықтарды қаузай көрсететін «Қалың елім қазағым» атты деректі фильмі де көпшілік назарын аударып, үлкен сұранысқа ие болды.
«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» дейтін қа­ғиданы Орекең сол кезде-ақ терең түйсінген. Сондықтан, берекесіз жиындар мен құр айқай-шудан ада өзінің кәсіби мамандығының шылбырын берік ұстап саяси ортаның тіршілік-тынысын тәптіштеп таспаға тартып, шығармашылық шабытын қоғамның сол қызулы тұстарынан суыртпақтап сыр тартуға бағыштады. Және онысын жай ғана әуестікпен емес, өз ісіне деген адал көңіл, ақ жүрегімен әрлей білді. Жұртшылықтың есінде,  1995 жылы  Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Сол дүбірлі тойға арнап  Оралбек  «Жыл мезгілдері»  фильмін жасады.  Елбасы Н. Назарбаев,  вице-премьер министр И. Тасмағанбетов, сол кездегі ЮНЕСКО бас хатшысы Федерико Майор Сарагосе қатысқан фильм Абайдың төрт өлеңін арқау етіп, ұлттық таным-түсінік шеңберін  кеңіте түсті. Сол фильм күні бүгінге дейін Абай мұражайына келушілерге көрсетіліп келеді. Дәл осындай фильмдер Жамбыл мен Сүйінбай мұражайларында да бар. Оралбек бұл жолы да халқымыздың дана абыз ақындарының өмірі мен шығармашылық қуатын экран тілімен өрді. Бұл жолы да Елбасының қатысуы қысқа метражды деректі фильмдерінің мазмұнын аша түсті. Айта кетейік, «Жыр алыбы Жамбыл» фильмінде режиссер ақынның тірі дауысын пайдалану арқылы баға жетпес халықтық мұра қалдырды.  Грузияның классик ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 650 жылдығы құрметіне 1937 жылы сол елде айтқан Жамбыл Жабаевтың өз  даусы көрермен қауымды бей-жай қалдырмайды. Оралбек оны өте сәтті пайдалана білген.
 Қазақ өнері шамшырақтарының бірі, ұлы композитор Ақан серінің 150 жылдық мерейтойы да режиссердің ояу көңілі мен сұңғыла дүниетанымын  оятып,  «Қазақтелефильм» студиясында «Ақан серінің әндері» фильм-концертін жасап шығарды. Оралбектің қолтаңбасы сол кезеңдерде қазақ телевидениесінің   бедел-абыройына біршама мол қызмет етті десек артық айтқандық емес. Телевидениенің беделі ғана емес, халықтың рухани көкжиегін байытуға  барынша үлес қосып, ол өзінің шығармашылық таланты арқылы жабулы жатқан талай тақырыптарды көтеріп, саф алтындай кәусар дүниелерді ұсына алды.Режиссердің «Этнограф Жәнібеков» атты деректі фильмі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің телегей теңіз ой-ниетін, ықылас-пейілін  ұлттық салт-дәстүр аясында жалпыға жария етті, сол арқылы танымдық үлкен дүние ұсынды. Сол сияқты  ақын Тұрсынхан Әбдірахманова, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов, тарихшы-ғалым  Байұзақ Албани тәрізді  белгілі тұлғалар туралы  30-ға тарта деректі фильм түсіруі  Оралбектің ізденгіштігін,  режиссерлік қарым-қайратының молдығын, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын табандылығын  танытса керек.
Бұл жерде тағы да нақты мысалға жүгінгеніміз дұрыс болар. Азырақ шегініс жасасақ, 1987 жылы  Қазақстан телерадио комитетінің  «Қазақтелефильм»  киностудиясында  «Шежіре» айдары жұмыс істеп, халқымыздың аяулы ұл-қыздары, өнер мен мәдениет және  қоғам қайраткерлері туралы тамаша дүниелер түсіріле бастады. Бастама көтерген режиссер Оралбек Сарыбасов. Оның  тарих тереңіне бойлай білетін біліктілігі, иненің жасуындай жақсылықты көре білетін зеректігі, қазақ­тың болмыс-тіршілігін паш етуге деген сүйіспеншілігі жоқ жерден сан тарау  қордаланған мәселелерді ашуға,  құм арасында қалған  алтындай көмескі тартқан мұраларды тазартып ұсынуға деген ынта-жігері  құп аларлық көп дүниелер жасауға ұйтқы болды.  Айталық,  сонау, 1987 жылдары атақты ғалым Лев Гумилев, қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов, белгілі композиторлар  Теміржан Базарбаев, Әсет Бейсеуов, қазақ әдебиетінің қара нары Әбіш Кекілбаев, Петербор филармониясының әншісі жарқ етіп көрінген сирек дауысты әнші  Ерік Құрманғалиев, араб тілінің маманы болған  сол кездегі жас ғалым болашағынан көп үміт күттірер  Әбсаттар Дербісәлі  кинотаспаға түсіріліп мамандардан  жақсы баға алып, көрермен жүрегіне жол тапты. Жұртшылық елеңдеп  күтіп, Оралбек Сарыбасовтың  әр фильмін жасаған хабарын қызыға тамашалайтын. Өзіміз соған куә болдық. Көзі қарақты жұртшылық қазақ өнері мен мәдениетінің талантты өкілдерін Оралбектің көгілдір экрандағы қолтаңбалары арқылы тани түсті. Кеңес одағының құрсауындағы жылдары қиын кездерде жаңа жаңғыртыла бастаған  «Дауылпаз», «Сазсырнай»,  «Жетіген» «Үш ішекті домбыра»  сияқты   әдемі этнотанымдық дүниелерді дер кезінде қолдап ұлттық құндылықты дер кезінде дәріптей білуінің өзі  қандай? Оралбек қазақ халқының тұрмысында, өнерінде ғасырлар бойы қолданылып келген аспаптарды жеріне жеткізе талдап, сол аспаптардың құлағында ойнап, насихаттап жүрген өнер иелерінің шеберлігімен ұштастыра отырып көрсетті.  Мақсат Жүсіпәлиев, Гүл­файруз Далғабаева, Сәуле Боранбаева, Жарқын Шәкәрімов  сияқты кейіпкерлері  тәй-тәй басқан этномәдени төл өнеріміздің  шырағын жаққандай болды. Сол фильм- концерттері кино-фото мұрағатының, қазақ телевидениесінің   алтын қорында сақтаулы. Мәдина Ералиева,  Майра Ильясова, Консерваторияның үшінші курс студенті Нұржамал Үсенбаева, Алмас Алматов сияқты әнші-жыршы, Марат Ильясов сияқты талантты композитор  алғаш рет Оралбектің фильм-концерттері арқылы  белгілі болды, халық сол арқылы жақын  таныды.
Әр салада еңбек ететін біздерді өмір әр қиырға алып кетсе де, көгілдір экран арқылы Оралбек Сарыбасовтың  қандай іс тындырып, қандай биікке қанат қаққанын біліп отырдық.  Телевидение оның шығармашылық  талантын аша түскенін көзіміз көрді. Біз сөз еткен фильмдер мен хабарлардан басқа  Оралбек таспаға түсірген, ол бастамшыл болған  өзге дүниелер де көп. Оның бә­рін айта беру міндет емес. Дегенмен, халық сүйсіне зейін қойып, құлақ қоя тыңдайтын бір хабарын айтпай кетпесе болмайды. 1998-99 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Әңгіме тыңдай отырыңыз» деген бағдарлама жүрді. Бұл жолы да Оралбек тың идеямен авторлық соны бағдарламаның бағын ашты. Және бір баса айтатын мәселе хабарға  аузы дуалы ел ағалары мен жазушы, ғалымдарды тарта білді.  Бар-жоғы 20 минуттық  бағдарламада келелі  мәселелер көрсетіліп, құнды пікірлер ортаға салынды. Бір хабары есімде, Кәукен Кенжетаев, Қалмұқан Исабаев, Оразақын Асқар, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, генерал Рүстем Хайдаров сияқты тау тұлғалы азаматтар  елдік тұрғысындағы ой-ниеттерін бүкпесіз жеткізіп, қызықты пікірлердің тізгінін ағытқан.  Тәуелсіздігіміздің іргесі әлі толық беки қоймаған, проблемалар бастан асатын сындарлы кезең еді ол. Хабар  халықтық аудиторияға бағышталғандықтан  көрермен қауым­ның сұранысын,   рухани өмірдің ең бір осал тұсын  тап басқандай болды. 
Оралбектің ұтып тұрған жері осы. Маман ретінде  көздеген мақсатын тоғыздыққа дәл тигізгендей таза орындайтын қасиет оның бойынан  айна қатесіз табылады. Өнер мен мәдениеттің  қазанында қайнап жүрген Оралбектің ғұмырлық ұстанымы осындай. Белгілі бір дүниені бастамас бұрын оның қаншалықты халыққа керек екендігін, қаншалықты  пайдасын тигізетінін, өнер әлеміне, руханиатқа  қаншалықты жаңалық әкелетінін әбден саралап алады. Сосын барып іске кіріседі. Қолды бос сермеу, әйтеуір бірдеңе жасау керек деп жосықсыз бірдеңелерге бас ұру Орекеңе мүлде жат қылық. Бойына ана сүтімен дарыған тиянақтылық, сана биіктігі оны өнер жолында адастырмай алып келеді,  мәдениет әлемінде шымырлатып пісіріп келеді.
– Мен қалай осал болайын, хан тұқы­мымын ғой, – деп әзілдейді кейде Орекең. Онысының жөні де бар. «Біржан-Сара» айтысында Сара ақын:
«…Құдайдан қорыққан Арғын осал                     демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді», – дейді. Сол  Қисық Тезекұлы Най­ман ішінде Мұрын руының басшы адамы. 1844 жылы құрылған Көкпекті (Семей облысы) округінің аға сұлтаны болды.  Сондықтан, ел ішінде  «қара қазақтан шығып, хан болған» деген сөз тараған. Оралбектің арғы атасы осы Қисық хан. Елі мен жерінің шежіресін бес саусақтай білетін азамат өзі туып өскен Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы (бұрынғы Ақсуат ауданы) Кіндікті деген кішкене ауылдың топырағында бір қасиет бар дегенді жиі алға тартады. Тарбағатай тауының көп сілемдерінің бірінің қойнауында орналасқан алтын бесік туған ауылынан түлеп  ұшқан  талантты жігіт өнер мен мәдениет әлеміне қанат қаққан сайын алтын тұғырына айналып соғып отырады. Туған жердің саф ауасын, тобылғы мен жусанның жұпар иісін, бал бұлақтың мөлдір суын   шығармашылық шабытының қайнар көзіндей сезінеді. Содан болар Оралбектің бойында ұлттық  намыс, ұлттық рух, ұлттық болмыс қадам басқан сайын менмұндалап тұрады. Алғаш 1977-79 жылдары Ж Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясын домбырамен ән салу мамандығы бойынша Жүсіпбек Елебековтен тәлім алғанда, 1979-84 жылдары Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясын Кәукен Кенжетаевтан музыкалық комедия  актері мамандығы бойынша білім алғанда  бұл құлшыныс-жігері одан сайын лапылдай түсті. Тіпті, 1989-90 жылдары Мәскеудегі СССР Телерадио комитетінің жоғары режиссерлік курсын РСФСР халық әртістері С. Ташков пен Ясуловичтен көркем қойылым режиссері мамандығы бойынша тәлім алғанда ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге деген құрметі, сүйіспеншілігі, құмарлығы  ерекше оянды.  Оның өнерге, өз ісіне деген адалдығының түп-тамыры осылай қалыптасқан. Айнымайды, бұрыл­майды, шын берілген.
Жұртшылықтың есінде болар, бір кездері қазақ ән өнерінің жарқын жұл­дызына айналған Мәдина Ералиева «Наз» деген әнді тамылжыта орындап, құлақ құрышын қандыратын. Сол «Наз» – Оралбек Сарыбасовтың  әні,  мәтінін де өзі жазған. Тұнық сезімге,  нәзік иірімге құрылған тамаша әуен күні бүгінге дейін халықтың аузында. Қазақ радиосының алтын қорына енген тағы бірнеше әні  бар. Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған «Шешеме», әнін де сөзін де өзі жазған «Сарыала саз» әнін тыңдасаңыз, кең даланың тынысын,  асқар таудың самалын сезінгендей боласыз. Оралбектің ұлттық дәстүрден нәр алған болмысы мен дүниетанымын осыдан-ақ байқауға болады. Талантты азамат әдебиет саласына да ат ізін салып жүр. Мәселен, 2002 жылы ол  Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің тапсырмасымен «Балалар әні», «Махаббат назы», «Халық сазы» атты үш кітап құрастырып шығарды. «Сүгірдің шәкірті», «Кенжалы Айманов», «Өткен күнде белгі бар» кітаптарының жауапты шығарушысы болды. 
 Қайда жүрсе де, қай салада  еңбек етсе де Оралбек Сарыбасов кәсіби біліктілігінен, азаматтық жауапкершілігінен төмендеген емес.  Ол үшін  дүние жинау, марапат алу мақсат емес. Ең бастысы – елдің сенімін ақтау, адами биік тұғырдан түспеу, адал жүріп, анық басу. Бүгінде Орекең құдай қосқан қосағы Зылыйхамен   ұл-қыздарын жеткізіп, немерелерінің қызығын көріп отыр.  Бір адамның басына бұйырар бақыт Орекеңнің басында да бар. Өмір жолында түтіні түзу, бағыты айқын азаматтың бұдан әрі де баянды, бақытты  ғұмырды арқау ететіні айқын.

 

468 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз