• Ел мұраты
  • 07 Желтоқсан, 2016

АБЗАЛ АҚЫННЫҢ ЖЫР-ДАСТАНДАРЫ ТУРАСЫНДАҒЫ БАЙЫП

Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
филолог

Ақтоғайдың қалың біткен бозшілігі қашан көрсең де сайды бойлай соғар сары желмен  теңселіп тұратын. Орман-тоғайы жоқ мына иен даланың ғасырлар көшінде бауырына жасырғаны тым көп екені айдан анық. Соны шым-шымдап шығаруға ниет еткен табиғат шамырқанысы өлең деп өрекпіген көңілін ерекше әсерге бөлегені күні кеше ғана. Сол әсердің шарапатымен ышқыныс астарынан сыр аңдауға талпынған балаң жүрегі айналасына лүпілін жайған. Алайда, уақыт өте келе, табиғаттың өздігінен ештеңе ашпайтынын, шамасы жетіп жатса адамзат өзі тырбана жүріп сыр сандықтың кілтін табуға ұмтылғаны жөн екендігін түсініп қолына қалам алуды ниет еткен. Ақыры ойындағысы орындалып, қазақтың маңдайына біткен ақыны атанды, Абзал Бөкен атты ақын.


Міне, біздің қолымызда ақынның тағы бір жинағы тұр. «Тәж» деп аталады. Aстанадағы «Foliant» баспасынан 2016 жылы жарық көрген. Парақтай бастадық: «Тұла бойым көне сөз көне мүсін», «Бұйрық деген ұғым бар», «Мықты деген еменде де қайғы бар...», «Белгі жоқ өткен күнде», «Дей алмаймын тас топырлап тау ұрды». 9,10,12,14 беттер. Атаусыз жырлар. Қамығыс басым. Оның жүрегі Ақтоғайдың сағасындай бұйығы соқты. Естияр шағынан көпсөзділікті жаны жақамады. Ол кездегі балалық шақ жұпыны болғанымен, бояуы қалың, шынайы деуге келетін еді. Кезінде ақынның:
«Бір қуанып, бір жүдеп,
Не көрмеді бұл жүрек.
Оқтан қалды ойсырап,
Оттан қалды күлдіреп», – деп жырлауы да тегін емес. Жас жігіттің ой толғаныстары осындай өлең жолдарына жетеледі. Ол кезде Абзал бүгінгі қазақ шайырия­тын­дағы өзіндік орны бар, халықтың көр­кемдік дәстүрлерін жалғастыратын көр­некті өкіліне айналамын деп әсте ойламаса керек... Таңданарлығы, көркемсөз шебері есіл ғұ­мырының өн бойында «қазіргі Қасымдарша» өзіне елді жалт қаратуға асықпаған. Дересіннің тұсында құмға сіңген Тоқырауын анасындай байыппен келген. 
«Ақынды терең түсіне білу – шайыр талантына парапар»  деп есептепті Генри Лонгфелло.  Бұл тұжырым арқылы біз талантты ақынның дарынды сыншыға зәру екендігін ойша ұғынамыз. Не дегенмен, кәдімгі өмірде көбінеки талант эмоцияның тасасында қалып қоя беретіні жасырын емес қой. Сірә, жиырма немесе отыздың шамасында болған болар, жас ақын «Шыт көйлек» деген өлең жазды. 
«О, сұлулық!
Сені кейде жырлауға
Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау!» деген ол, сонда сезім шуағын дәріптей. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған осы құйтақандай өлеңімен ғана ақын қазақ жырына сентименталистік рең алып келді. «Шыт көйлек» қос ғасырдағы өмірге іңкәр жастардың жаттап өскен тұмар өлеңі. Қарағандының жырсүйер қауымы Абзал ағакемізді аңыз ететін еді. О кезде ақын Алматы шәрінде. Өзі жазғандай «аңыз болу – тұрақтаудың таңбасы, аңыз болу – жырақтаудың белгісі». Осы орайда бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек деп санадық. Абзал алдымен лирик ақын.  Һәм жас шағынан қара өлеңнің көшіне алаңдап жеткен сиректердің бірі. Қаламгер шығармаларын парақтап отырып, өз өмірін өлеңмен сабақтастырып отыратынына еріксіз иланасыз. Осы уаққа дейін автордың «Бастау» (1979), «Жалғыз желкен» (1986), «Ғасыр қанатында» (1988), «Салбуырын» (1991), «Сүмбіле» (1992), «Шың мен шыңырау» (1999) «Төр», «Тәж» (2016) жыр кітаптары жарық көрсе, соның бәрінде ол нәзіктік пен іңкәрлікті өлеңдеріне арқау ете білді.
Ауылынан астанасы жақсы танитын Абзал ағакеміз қара сөздің қара нарлары Әлжаппар Әбішев, Сафуан Шаймерденов, Мұзафар Әлімбаев, Қалтай Мұхамеджанов секілді біртуарларға етене жақын жүрді. Әсіресе, Мұзағаңның ықы­лас пейілі ерекше болды. «Тұрмыстың алғашқы қиындау кезеңінде Мұзафар  ағам «Қазақ елі» газетінде маған арналған арнау өлеңін бастырып, онда: «Бүгін Алматы саған пәтер бермей жүрсе, ертең саған қаланың атын беретін болады», – деп жазды. Қадыр әкеміздің «Ақтоғайдың Абзалы» деп еркелеткені де көзі қарақты жұрттың есінде.
Ақын шығармаларын шолып отырған мезетте автордың сол кездегі советтік тақырыптармен көп «сырқаттанбағанын» аңғаруға болады. Демек, «алпысыншы жылдардағы алыптардың» соны соқпағы кейінгі буынға игі әсерін тигізіп кеңестік тақырыптардан «емдей» бастағаны аңға­рылады. Бұл уақыт аралығындағы ақын жазушылардың басын коммунизмнің «жар­қын таңы» емес, тәуелсіздікке деген, атажұрттық идеяға деген жанкешті көзге көрінбес қам-қарекет басталып кет­кен. Сондықтан болар, сол кездегі Н.А.Ка­питонова, Т.Н.Крохалева сынды хат­шы-әдебиетшілердің бұл жылдарды «тұралап қалған» уақытқа жатқызуы бекер емес.
Байқаймысыз, алпыстың асқарын алқымдаған абыз ақынның өлеңінен елегі басым, елегінен тереңі үстем. Шы­ғармаларындағы әрбір жол мақал мен мәтелдей мәнерін тауып құлпыра түседі. Мәселен, аңғарып көрелік: «Шебердің бір ісі асқан бір ісінен», «Төрдің көркі төрде емес, төрде отырған жан деген», «Құлша істеген билерше жеуі мүмкін, құлша ойлаған билерше жаза ала ма?!», «Күз келді, сынақ алда, сұрақ алда, алпыс күз аз ба көп пе бір адамға?!» деп тізіле береді. Шеберлік демей көріңіз. Зергерлік демей көріңіз. Біз­дің ультра ғасырда осылайша сөз тізетін Күреңбайкөз сөз иелері өте қат екендігін өкініш­пен мойындайтын шақ туды. Кейінгі лекте пафос басым болғанымен, осындай шеберлік кезіге бермейді. Бір қайғылысы, қазіргі қала өркениетінің ақындары таби­ғаттан тым қатты алшақтап кетті десек, қателеспейміз. Қаланың жүдеу көшелеріндей сұрықсыз өлеңдер ғаламтор желісінің аузы-басын толтыра сықап тұр.
Абзалдай асқар ағамыздың сол уақтағы өлеңдері хақында әдеби сыншылар тарапынан пікірлер аз жазылған жоқ. Сондықтан, оған көп тоқталмай, шайырдың кейінгі жылдары жазылған дастандары мен поэмалары төңірегіне ат басын бұра кетейік.
«Шұбырынды, Ақтабан шұбырынды...» деп басталатын «Елім-ай» дастаны біздерді Қожаберген жыраудың қилы заманына жетелейді. Шындық және шығарма тұрғысынан алып қарасақ, халқымыздың бостандығы мен еркіндігі жолындағы талпынысын ерен драматизммен әспеттеп берген туынды. Нақты өмірлік материалдар негізінде суреткер фантазиясымен әдемі астасады. Басты діңгек Қожаберген жыраудың елдік мұрат жолындағы трагизмі қозғалады. Автор тың сюжетті бейнелей отырып, идеялық нысанасына сәйкес бағыттайды. Қаламгер замана жырауының сол бір дүрбелең кезіндегі еткен ерлігін қаз-қалпында тізе салмай, оқиғаны ой елегінен өткізіп, пісірген. Дәуір сырын молырақ ашу үшін характерді тереңдету мақсатымен тарихи шындыққа нұқсан келмейтіндей етіп шығармашылық қуатының еркіндігіне бой берген. Нәтижесінде поэманың эстетикалық әсері арта түскен. Сондай алмағайып заманда Қожекеңнің қосағы Айша әкесі қарт Қабыланның қалын білмекші боп Сыр бойына бет алған кезі. 1723 жыл. Төрт ұлымен тегіс қайынжұртқа келген жырау қайтар сапарында жаудың шебіне жолығады. Осы қырғында құдай берген төрт ұлы һәм жүкті әйелінен айырылу сәті аянышты хәлде суреттеледі. Одан соң... одан соң қазақтың Хиуаға, Бұхарға, Орысқа жем болған бодан тағдыры сөз етіледі. Сөйтсек, елдің рухын оятқан ат жалынан жеткен осы қасіретті жыр екен ғой. Дастан соңына таман Абзал ақын Қожаберген бабаға «Сен «Елім-ай» деп қайғырсаң, мен ескі жұрттың орнындағы жаңа халықтың мұң-мұқтажын түгендеп «Халқым-ай» деп жырлаймын» деп назырқау білдіреді.
«Жан баба!
Қадым күннен төте келген
Мың сәлем қадамыңа мекен-елден.
Елді сіз көтергенде «Елім-ай», – деп,
Халқымды «Халқым-ай», – деп көтерем мен.
Қанымда қыр ұлының салты қайнап
Жаныма жебеу болған жалқы байрақ.
«Елім-ай», – дейін десем, 
Ел орнында, 
Халқымды іздеп кеттім «Халқым-айлап», – деп түйіндей келе ол қоғам мен бұл қоғамның ауыртпашылықтарын шендестіреді. Бір қарағанда ықшам көрінген бұл дастан өн бойына зілмауыр қорғасындай салмақ артып тұр. Заман мен заманды, адам мен адамды, қоғам мен қоғамды сана таразысына тартып, жүректен өткізу мұң қабыздаған әдемі картинаны сыйлайды. Майданды ғасырлар легі көз алдыңызға көлденең келеді. Һәм мылтықсыз майдан өріс алған біздің желөкпе күндердің сиқын алға тартады. Өйтпеген жағдайда шығарма тарихи сипаттама очерктік деңгейінде ғана қалып қоятын еді. С.Мұқановша тұжыратын болсақ, нақты  оқиғаларды, фактілерді өзгертіп көрсететін тарихи дүниенің құны көк тиын. Қаламгердің осы позицияны берік ұстануы сондығынан. Шығарма тарихи сананы оята отырып, алдағы қазіргі кеспелтек қоғамның келбетін ұғындыруға септік тигізуімен құнды. Қазіргі қоғам демекші, жаңа ғасыр енер-енбесте жаһандану дерті қойторы қазақтың санасын улады. Тақиялы жұрттың тазалығын лайлап, тұнығын шайқады. Көшпенді өмірден қалалық формацияға ауысқанына бір ғасыр болмаған аңғал жұртты абдыратты. Тізеден тұрып маңайына енді көз салған халықтың басы нарыққа тұншықты да қалды. Көрер жарығы да қып-қызыл бәс пен саудаға түскен сорлы елдің санасы тұманданбай қайтеді?! Біздіңше сөз егесі оқырманға осы жайттарды меңзегісі келді. Біздің сарап шығарманы әскери жанрға жатқызды. Яғни,  мұнда бейсауат пейзаж бен кең етек көркемдік жоқ. Тек «Тебіну», «Сарыжеліс», «Тізгін» тартар деген бөлімдерді қамтыған сақадай сай шумақтар ширығып тұр. Идеясына келетін болсақ, автор сандаған жылдар бойы бұйығып қалған Намыс категориясын алға тартады. Шынтуайтына келгенде қазіргі алмағайып заманда елдің жігерін жасытып әуре болудың қажеті шамалы. Жаңа технологиямен жастардың басын қатырып «миы мен жүрегін сатып алса» жеткілікті. Ол шекарасы жоқ торапхананың таңдаулы сарбазына айналады да шығады...
«Алматы. Сексенінші жылдардың соңы, ақпанның  23-ші жұлдызы. Кеңес кезеңінің келісті мерекесі саналған осы күн соңғы жылдары атап өтілмейтін болған. Бірақ біз атап өттік. «Тойдың» соңы түн ішінде Ақселеу Сейдімбек ағаның есігін қағумен аяқталды. Дәлірек айтқанда, жалғасты...», – деп басталады ақынның «Терезе» атты дастанының әлқиссасы. Көркем мемуар. Қа­ламақы алған екеу Алатаудың баурайында күнтізбеден алынып тасталғанмен есте қалған әйбәт мерекені тойлауға шығады. Ғажап сәттер мен отырыстар түн ауа аяқталып,  дағдарған олар қазақ өнерінің жоқшысы Ақселеу Сей­дімбек үйінің тұсына келіп тоқтайды. Тере­зесінің шамы әлі жанып тұр екен. Аз-маз даурығыстан соң ізетті ішке жыйған қос қаламгер есік қағады. Осындай әдемі шағын этюдпен басталған дүние бара-бара Ақселеудей ердің өзін жоқтайды. Шығарма  «Той», «Дау», «Аға», «Аңсау» деген төрт бөлікке бөлінген.
Енді, Ақселеудей ердің портретіне назар аударалық: 
«Қолдамай жүргендерді қате ұқтырып,
Толғады-ай мұхит ойға батып кіріп.
Қылышын көне көздің ұстап тұрып,
Шақшасын Құнанбайдың атып тұрып.
Ғұлама сөзінде ой көп, көзінде ой көп,
Сапырды-ай сырын сәндеп сезім-көйлек.
Сонау, сақ дәуірінен жетіп келген,
Түркінің туа бітті көзіндей боп.
Тез ұқпай терең ойын артынша ұғып,
Отыр ем жүзім жуас, қалпым сынық.
Мен айтпай бір жөн сөзді Болат айтты:
«Ақа, сіз осы күнгі Байтұрсынов».
Романтикалық    сарын  байқалады. Осын­дай  әдіспен  белгілі қоғам қайрат­керінің бейнесін көркем шындық биігіне көтереді. Бұнда заманның көкейкесті сырлары, адамның қат-қабат тағдыры, уақыт алдындағы жауапкершілігі суреттеледі. Ақын ұрпақтар тұтастығын, буындар аманатын толғайды. 
«Дос опат, тағдыр апат...
Төресінбей
Не жазса маңдайыңа көнесің ғой.
Телмірем егесі жоқ терезеге, 
тұлыпқа еміренген енесіндей», – деген сағынышты шумақ көп ойдың басын шалады. Терезе – лейтмотив.  Ақселеу атамызды еске алған бұл дастан қазақ әлемінің жоқшысына деген жыр ескерткіші деп бағалануға лайық.
Ақын-символист Александр Блок шығар­ма­шылығының басты туындысы деп санаған «Он екі» поэмасын тәмәмдаған тұста, «Мен бүгін гениймін» деп марқайған көрінеді.
Ағакеміздің келесі дастаны «Қосақ арасы» деп аталады. Сюжет желісі қарапайым десе боларлықтай: Қалтай Мұхамеджанов қос журналисті жұмыстан шығарады. Автор «Қосақ арасы» деген контраст мезгілді нышан етіп отыр. Әдеби себеп: өнердегі бақталастық. Шығарма жанрын поэма деп  тұжыруына шығармашылық мезгіл негіз болғанға ұқ­сайды. В.Г.Белинскийдің  бір сөзі бар еді. Тарихи романға қатысты. «Тарих негізінен, біз­ге оқиғаның сыртқы, сахналық бетін ғана мәлімдейді, әртүрлі қам-қарекет пен үй­реншікті тірліктің жайшылықтағы күй­беңі көбіне шымылдықтың арғы жа­ғында қала береді. Ал, романға келсек ол тарихи фактілерді тізбектеуді мақсат етпей тек өзінің мазмұнына қатысы бар ең қажеттілерін ғана қабылдайды, сол арқылы бізге тарихи деректердің ішкі мазмұнын жария етеді, бізді тарихи адамның кабинетіне, ұйықтайтын бөлмесіне кіргізеді, үйішілік жағдайына, семьядағы құпия сырларына куәгер жасайды, оны тек салтанатты тарихи мундирмен ғана емес, желбегей, қалпақ киген қалпында да көрсетеді...» Сол айтпақшы, Абзал әкеміздің дастандары кешегі жүріп өткен тарих пен бүгінгінің қағаз бетінде тоғысқан нүктесі ме дерсіз. Негізгі көркемдік арқау осы оймен мәнзел. Күнделікті өмірде қаламгер өте қарапайым. Көпсөзділіктен ада. Даңғаза мен дақпырттан алыс. Ал, өлеңдеріне жанын бере салады. А. Бөкен шығармашылығы оңаша оқырманды жақсы көреді. Терең байып пен тыныштықты қалайды.
Ойланарлығы – біз атап өткен құлашты поэмалар жариялану аясының өте тарлығы. Мемлекет тарапынан һәм облыстағы насихат мекемелерінің тарапынан да идеология жолға қойылмағандығы қарын ашырады. Мәселен, поэмалар ғаламтор бетінде де, газет беттерінде де, әлеуметтік желілерде де жарияланбады. Бұнымен тек автордың өзі немесе оның жанкешті оқырмандары ғана айналысуға мәжбүр болып қалған. Осыдан кейін әдебиет туралы сөйлесіп көріңіз. Абзал Бөкен есімін таныстырып жату қажеттілік тудырмайды. Шығармалардың таныстырылуы қажет. Ал, мына дүниелерге көзі қарақты оқырмандар зәмзәмдай зәру. Оны елеп-ескеріп отырған жан баласы жоқ. Қазақ әдебиетінің насихат жұмысы күресінде етпетінен жатыр. Тіптен, онысын қоя тұрғанда, бұл шығармаларды ақындар мен әдебиет айналасындағылардың өзі білмейді. Білгісі келмейді емес, насихаты тапшы. Талантты талант қана мойындайды. Абзал Бөкен шығармаларының негізгі тақырыбы әдемілікті суреттеу, шаһқар дүниеге ұмтылыс. Бұл арада ақын өз халқының өн бойынан жоғалып бара жатқан барша игі қасиеттерін түгендеуге тырысады. Жоғалғанының жоқтаушысына айналады. Сол байырғы табиғи қазақтың дүниетанымының қызғыш құсына айналады. Осы тұрғыда Абзал ақынның әдебиет алдындағы ары таза, борышы өтелген деп есептеуге толық негізіміз бар. Тәңірден еншілеген дарынына шайыр мазаң шағын ұмытып, ақысына талай берекелі күні мен түнін сарп етті. Ғұмырлық мұратын «адам ішіндегі абзалы, аң ішіндегі бөкені» болуға бекемдеді. Сөйтіп қазақ шайыриятында Абзал Бөкен қолтаңбасы қалыптасты.

534 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз