• Заманхат
  • 07 Желтоқсан, 2016

ЖЫР ӘЛЕМІНДЕГІ ШАҺЗАДА

Серік ПІРНАЗАР,
журналист

Все талантливые люди пишут разно, 
все бездарные люди пишут одинаково
и даже одним почерком.
Илья Ильф

Бізге Шаһизада Әбдікәрімовтің өзінен гөрі аты бұры­нырақ жетті. Мектепте жүрген кезінен республикалық «Қазақстан пионері» газетінде ара-тұра жарияланып жүретін өрімі өзгеше өлеңдерімен өз тұстастарына жақсы танылып үлгерген оның 1973 жылдың соңына қарай «Жалын» аль­манағының алтыншы нөмірінің үш бетіне топтамасы жарқ етіп шыға келгенде, сол атағы біздің көз алдымызда бірден аспандап кеткендей болып еді. Ол кездері республикалық деңгейде қазақ тілінде шығатын газет-журналдар саны өте аз-тын. Солардың ішінде әдеби дүниелерді жариялап тұратындары тіпті некен-саяқ. Сондықтан, сол азын-аулақ басылымдар бірінің беттерінен зәуіде бір әңгімелері немесе өлеңдерінің топтамасы шыға қалған жас қаламгердің болашақтағы баяны біржола оңынан шешіліп қойғандай болып көрінетін. Ал, Шаһизаданы жалпақ әлемге туралап танытқан топтамасы альманахтың алақандай бетттерін алып жататын үш өлеңнен құралды. Бірақ екшеленіп берілген үш өлеңнің өзінен-ақ алдағы күндердің алпарында ауыздығын қарш-қарш шайнап, тұяғымен жер тарпып тұратын тұлпар болатын тайдың шабысы анық аңғарылды.


Топтаманың бірінші өлеңі «Тереңдік», екіншісі «Достарға» деп аталса, үшіншісі «Июнь түні» деген атпен жарық көріпті. «Аралап алкеуде жел қырат, қырды, Алыстан сыңғыр қағып, бұлақ күлді. ...Сонау бір июньгі түн келмесін деп, Табиғат үнсіз ғана жылап тұрды», деген жып-жылы тиянақ жасап өтіпті жас ақын бұлардың соңғысының түйінінде. Осы жолдарды оқып, біз де тебірендік сол сәт. Осыны жазып отырған жасөспірімнің ақын екенін іштей мойындадық. Былайынша баяғы сұрапыл соғыстың басталған шағын меңзеген өлең болғанымен, ондағы лирикалық иірімдердің жіптіктей болып өріліп шыққанына тәнті тұрдық. Бірінші өлеңі тіпті көкірегімізді бірден кезіп те, кесіп те өте шықты. Себебі, бала шақтың бал күндерінен алшақтап бара жатқанымызға тым көп мезгіл бола қоймаған өзімізге де: «Жұп жазбаған топ бала едік – сотқар едік бір кезде, Көк шыбықтан тұлпар сайлап, «көкпар» тартқан, қыр кезген. Баққа түсіп... бағбан атай тоз-тоз етіп қуғандай, Өмірдің де аямастан айыратынын кім сезген», – деп басталатын жолдардан жортқан жым жанымызға жақсы таныс-тын. Бірақ, сол мезет енді екі жылға жуық уақыттың шамасында осы жолдар авторымен жай танысып қана қоймай, онымен университеттің бір курсында бірге оқып жүретінімізді әсте сезген жоқ едік. Бұл ретте «бағбан атайымыз» – ұлы тағдыр бізді бір-бірімізден «тоз-тоз етіп қуған» жоқ, қайта бір шаңырақтың астына апарып тоғыстырып берді. 
Бұл кезде мен Қызылорда облысының Шиелі аудандық  «Өскен өңір» газетінде әдеби қызметкер (сол уақыттары тілші қыз­меті осылай аталатын) болып жүргенмін. Сол жылдың күзінде С.М.Киров атындағы (қазір – әл-Фараби  атында) Қазақ мемлекеттік уни­верситеті журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне түсіп, алғашқы тапсырма берілетін сессиясын өткізіп келгем. Шыны керек, менің әу бастағы мақсатым бұл емес, қалайда университеттің күндізгі бөлімінде оқып білім алу болып еді. Бірақ, бұған дейін сол журфакқа қатарынан үш жыл бойы талпыныс жасап, үшеуінде де конкурстан өте алмай қайтқанмын. Ақырында жылда жазда емтихан тапсыра бергеннен жалықтым да, бір кісілердің ақыл-кеңесімен құжаттарымды сол жолы жинаған 16 балыммен сырттай оқу бөліміне өткіздім. Құдай сәтін салғанда, бұл жолы конкурстан «ойнап жүріп» өтіп кеттім. Ал, екі жылдан соң тура өзім секілді тәсілмен сырттай оқуға түскен, өзім секілді аудандық газеттің мектебінде болып үлгерген досым Мұрат Сыздықов екеуміз күндізгі бөлімге ауысып келдік. Сөйтіп, 1975 жылдың тамыз айының соңынан жаңа курсқа қосылдық. Бірақ, келген бойда Шаһизадамен таны­судың орайы келе қоймады. Біз мұндағы алғашқы күндерімізді Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қырбалтабай деген ауылда темекі теруден бастадық. Келе білгеніміз, осы кезеңде үшке бөлінген курстың мұнда жартысына жуығы ғана жиналыпты. Қалған бір бөлігі абитуриенттер келетін кезге қарай деканат жұмысына тартылыпты да, кіл сайдың тасындай жігіттерден тұратын үлкен топ жаздан бері «студенттердің механикаландырылған отряды» құрамында Торғай даласында егін жинауға қатысып жүр екен. Біз бас қосқан үшінші топ негізінен қыздардан және жоғарыдағы екі жаққа қосыла алмай қалған жігіттерден құралды. Бір таңғаларлығы, Шаһизада осы үш топтың да құрамында болған жоқ. Алайда, айға жуық уақыт темекі плантациясы арасында жүрген кезімізде мұндағы курстастардан сыртта жүрген жігіттер жөнінде жоғары пафоспен айтылатын әңгімелерді көп естідік. Соның ішінде «ақын екендігі мойындалған» Шаһизада турасындағы мақтаныш сезімінің жөні тіпті бөлек еді. 
Курс шынында да ерекше-тін. Ол ең алдымен оқуға түскен қыздары қата­рының  көптігімен жұрт аузына ілі­ніпті. Сосын бірге оқитын жігіттердің біразы сол қыздармен жұптары жараса ке­ту­лерімен  әйгіленіп үлгеріпті. Сонымен бірге, бірінші курсты бітірер-бітірместе үш бірдей студентінің оқудан шығып қалуымен де көзге түсіпті. Біз Мұрат екеуміз сол оқудан шығып қалғандардың орнына келдік. Әйткенмен, қатардың сирей түсуі мұнымен де тынбады, Қырбалтабайдағы ауыл шаруашылығы жұмыстары аяқталғаннан кейін Қара­шаш деген тағы бір қызымыз сол ауылдағы бір жігіттің етегінен ұстап, біржола қалып қойды. Ал, қысқа қарай Шаһизадамен де қоштасатын күн туды. Университет деңгейіндегі белсенділер қатарында жүрген Шойбек Орынбаев бастаған жігіттер сол кездері «курстағы ең талантты студентті» алып қалу үшін біраз шапқылап бақты. Бірақ, одан еш нәтиже шыға қоймады. Ақырында жел­тоқсан айының бір күні деканат алдын­дағы тақтада Шаһизаданың оқудан шыға­рылғаны туралы бұйрықтың кө­шір­месі ілулі тұрды. Сөйтсек, бұл зоба­лаңның басталғанына біраз уақыт болып қалған екен. Сол жылы көктемде республика жас ақындарының «Көктем тынысы» деген жыр жинағы жарық көреді. Бұл баяғы 60-шы жылдардың басында жарыққа шығатын әйгілі «Жас керуен», 70-ші жылдардың басында оқырманға жол тартқан «Жас қанат» топтамаларының үлгісі бойынша дайындалған кітап еді. Міне, осы фолиантқа Шаһизаданың да жырлары енген. Сол қуанышты Шәкең бір топ жолдастарымен бірге дүрілдетіп тойлайды. Қырсық шалғанда, бұлар кафеден сыртқа шыға бергенде, бір топ милиция қызметкерлері сайтандай сап етіп келе қалып, барлығын бірдей әй-шайға қаратпастан, медициналық айықтырғышқа алып кетеді. Сол жерде жан қалталарында ешбір құжаттары жоқ студенттер өздері оқитын оқу орындарына емес, басқа бір жерлерге сілтеу жасай салады да, адалдығынан тануды ар санаған Шаһизада оқып жүрген факультетіне дейін қаймықпай атап көрсетеді. Ал, мұның соңы өзіне сор болып жабысады. Артынша аудандық ішкі істер бөлімінен осы жөнінде хабарлаған қағаз келіп, факультет біраз дүрлігеді. Осыған байланысты деканатта арнайы жиналыс та өтіп, мәселе «май-шаммен» қаралады. Сонда, курстастар түгел Шаһизадаға қолдау көрсетеді. Оның бірден оқудан шығып кетпей, келесі курстың ортасына дейін бара алуында осындай гәп бар екен. Жаз-күз айларында еңбекке жегілген курстастар арасынан табылмай қалуының сыры да осында болып шықты.
Біз Шаһизадамен қазан айының 6-сы күні курстың елуге жуық студенті түгел бір аудиторияда бас қосқан кезде ғана кездестік. Талдырмаш келген, сұңғақ денелі, ақ сары жасөспірім жігіт екен. Кекіліне қарасаң, әлі мектеп оқушысы сияқты. Ал, әйнегі қалыңдау көзілдірігінің арғы жағынан тіктеп қарағанында қадалып қалатын жанары өңменіңнен өтіп кете жаздайды. Көп ұзамай сол Шаһизадамен №5 жатақханада көрші болып та қатар тұра бастадық. Біз екінші қабаттағы №28 бөлменің үш адамдығына Мұрат және бір курс жоғары оқитын Жетпісбай Бекболатов үшеуміз бірге орналассақ, қарама-қарсы – №29 бөлмені Шаһизада, Ізмұрат Құрбанбаев және бірінші курста оқитын Бейсебай Кірісбаев жайлады. Бірақ, Шаһизадамен бірден етене араласып кете алған жоқпыз. Бұған оның сырттан келген бізге біразға дейін сенімсіздеу сезікпен қарап жүргені негізгі себеп болған сияқты. Сондықтан, аз да болса, аудандық газеттің қабырғасынан өтіп, өзімізді біршама журналист сезініп қалған біз де жалп етіп түсе қоймадық. Ал, курста шын мәнінде бұған дейін газеттер редакцияларында жұмыс жасап көріп, баспахана майының иісін иіскеп келген бізден басқа Орынбасар Доғанбақов, Шойбек Орынбаев, Қыдырәлі Қойтаев және Қынабай Аралбаев қана бар еді. Сол екпінмен Алматыдағы газеттер редакцияларын жағалап, алғашқы мақалаларымызды шығара бастадық. Сөйтіп жүріп, жұрттың бәрімен қалай етене жақындасып кеткенімізді өзіміз де сезбей қалдық. Бәрі өзінің ауанымен келіп жеткесін, Шаһизадамен араластық та біртіндеп жақсы қалыптасты. Сол кездері ол өнікті жазып жүрді. Мұны жиі оқып тұратын жырларынан байқайтынбыз. Бір-біріміздің бөлмелерімізде бас қоса қалған кезде өтініш айтып, отырысты поэзия кешіне айналдырып жіберген кездеріміз де көп кездесті. Оның сол тұстағы көп ақыннан артықшылығы, сиясы кеппеген үр жаңа өлеңдерінің өзін жатқа оқи беретін. Тағы бір ерекшелігі, былайынша жүргенде, бұйығы сияқты болып көрінгенімен, жыр оқығанда арқаланып сала беретін. Сол сәттері әшейінде онша қатты естілмейтін даусы барған сайын тау қопарып, тас жаратын кейіпке еніп, тіпті зорайып, гүрілдеп ала жөнелетін.
Шаһизаданың сол жылдардағы туындылары ішінде кейін, арада көп жылдар өткен соң Табылды Досымов әнінің мәтініне айналатын «Күн астындағы Күнікей қыз» атты өлеңі ерекше есте қалып қойды. Оның өзі өзгеше бір өрнекпен оқитын сол шымыр шумақтар шоғырындағы «Үйіме қайтам өкініп, тынып, «Сүйемін» деуге бата алмай, Төлеген болып бекініп тұрып, Жайықты кешіп өте алмай», деген жолдар тербеліп-теңселгенде, біз де онымен бірге шайқатылып бара жатушы едік. Содан кейін ақынның өршіп аққан өзеннің күркіріндей үні әлгі шумақтармен бірге шұбатылып, соңымыздан қалмай, көпке дейін құлақ құрышында қыз-қыз қайнап тұрып алатын... Сол Шаһизаданың оқудан кетіп бара жатқаны бәріміздің де арқамызға аяздай батты. Осыншама тума талантты жігіттің түкке тұрмайтын салдарға бола, оқудан шығып қалғаны бәрімізге түсініксіз көрінді. Әлбетте, ол кезде Қазақ мемлекеттік университетінің республика жоғары оқу орындарының флагманы, нағыз көшбасшысы болып табылатынын бәріміз де жақсы білетінбіз. Осыған орай, мұнда тек қана үлгілі студенттер оқуға тиіс деген талап қойылатынын да естіп жүргенбіз. Бірақ, бір рет қана аяғын сәл шалыс басып кеткені үшін енді ғана жетіліп өсіп келе жатқан көкөрім жігіттердің, онда да айрықша дарынды тәліптердің жолдарын кесіп, арман-мақсаттарының күлін көкке ұшырғанның да жақсы нәрсе емес екенін пайымдай алатын едік. Міне, он тоғыздан енді асқан Шаһизада тап осындай жалған намыс пен артық амбицияның салдарынан ақыры оқудан кетіп тынды. Бірақ, бірге оқыған қыз-жігіттер одан бұдан кейін де теріс айналып кетпеді. Оған, әсіресе, алғаш Алматыға келгеннен қасында бірге жүрген жігіттер барынша адал болды. Сол жігіттер бұдан кейінгі өмір соқпақтарында да дос­тарының жанынан табылды. Осы үштік кейін жұптары жазылмаған күйі әл-Фараби даңғылының 7-ші Кірпіш зауыты көшесімен қиылысқан мүйісінің төменгі жағынан бір жер үйді бірге жалдап тұрып жүрді. Осы жылдары Шаһизаданың аудиторияларда бізбен бірге отырмағаны болмаса, курста өткізіліп жататын шаралардан қала қойған жоқ. Осының әсері шығар, 1977 жылдың соңында елге біржола кетіп қалғанға дейін жатақханаға емін-еркін келіп-кетіп жүрді. 
Шаһизада сол кеткеннен мол кетті. Кейін оқуын сырттай бөлім арқылы бірнеше рет қалпына келтіргенін де естіп жүрдік. Бірақ, оған 1974 жылы түскен сол оқуын арада артық-кемі жоқ тура 22 жыл өткеннен кейін, 1996 жылы ғана бітіріп, диплом алуға тура келді. Бұл да бір өзіндік рекорд шығар. Шаһизаданың жасы сол жылдың қыркүйек айының ортасында қырыққа толды. Оның осы диплом алуы мен қамал алар жасқа келуіне арналған тойына өзіміз де қатыстық. Бұл кезде мен Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы болып жүр едім. Ал, Шаһи­зада «Қазақстан-1» телерадио­кор­пора­циясының Қызылорда облысы мен Бай­қоңыр ғарыш айлағы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет істейтін. Демек, қызметі бізге тікелей қатысты болатын. Сондықтан, күрішке орақ түсіп, егін жинау науқаны енді қыза бастаған шақта, сарыала күздің бәденді бояуы қаныға түскен тұста әріптесіміздің қос тойының қуанышына ортақ болу үшін ұжымның басты деген мүшелерінің бәрін бір автобусқа отырғызып, Бай­қо­ңыр қаласына арнайы барғанбыз. Біз­дің тайлы-таяғымыз қалмай, бір қауым ел болып келгенімізге Шәкеңнің өзі де, зайыбы Тұрсын да қатты қуанды. Ол бір естен кетпес отырыс, мерейі тасыған мереке болды. Сол жиын үстінде Ша­һизаданың мұнда келіп орныққалы көп достар тапқанына, өз ортасында беделді екеніне көз жеткізіп қайттық. Содан екі ай өткеннен кейін, әкем аяқ астынан бақиға аттанып кеткен кезде Шәкең Бексейіт Шайланов екеуі ұжымнан келген топтан бөлініп қалып қойып, менің жаныма жалау болып, үш-төрт күндей қасымда жүріп еді...     
Жоғарыда Шаһизаданың Алматыдан сол кеткеннен мол кеткенін айттық. Осы жылдардың бәрінде бірге оқыған жігіттер кездескенде, оның жай-жағдайы не болып жатқанын бір-бірімізден сұрастырушы едік. Сонда, бәріміз тәңірдің тартқан толайым тартуы – ақындығынан айырылып қалмаса екен деп тілейтінбіз. Тегінде, бұл да мінезге келетін нәрсе. Асылы, заманында қаншама ирелең жолдар иінімен жүріп өткенімен, Шәкеңді ақырында ақындық арыны мен табиғи дарынынан ажыратпай алып қалған осы мінез де болса керек. Бұған қоса, Шаһизаданың 80-ші жылдардың ортасында аудандық «Қармақшы таңы» газетінен кетіп, Байқоңыр телевидениесіне қызметке ауысуы оның өміріндегі ең басты бұрылысты белес болған сияқты. «Ғарыш айлағы» атанған шаһарға келген соң расында да ақын досымыздың өмірі де, өнегесі де өзгеріп сала берді. Ол ең алдымен өзі үшін тың сала – телевидение жұмысын жете меңгеруге барын сала кірісті. Бәрінен бұрын негізінен орыс тілді журналистер мен техник-қызметкерлер шоғырланған бітімі бөлектеу ортаға өзін танытуға күш салды. Сол қым-қуыт қарбалас жұмыстардың арасына қос қолдап қойып кеткеннен кейін баяғы күндер біртіндеп артта қала берді. Бұл жерде жұмысбасты болып шыға келген Шәкеңнің жеке ерік-жігерінің атқарған міндетімен қоса, осы жылдардың бәрінде керемет төзімділік пен сабырлылық көрсетіп, қандай жағдайда да ылғи жанынан табыла білген жан жары Тұрсынның төзімділігі мен қамқорлығының қосқан үлесі аз болған жоқ. Сөйтіп, Шаһизаданың екінші тынысы ашылғандай болды. Осының арқасында сол жылдарда Байқоңыр қалалық телерадиокомпаниясын басқарып, республикалық «Қазақстан-1» телерадиокорпорациясының меншікті тілшісі болып, абыройдың биігінен көрінді. Ол арада бірнеше жыл өткеннен кейін Қызылордаға қызметке шақырылғанында, шығармашылық адамы ретінде де, жеке тұлға ретінде де біраз қалыптасып үлгерген еді.  
Қызылорда арнайы экономикалық аймағы телекомпаниясының қаз тұрып, қадам басуын тікелей өз қолымен атқарған Шәкең онымен бірге өсті, онымен бірге ілгері өрледі. Кейін келе, «Қоғам ТВ» деген атау алып, мәртебесін өзгерткен ұжымның төрағасы, сосын құрылтайшысы болып шыға келді. 
 Мен өз басым «Ақындық – Алланың берген сыйы» дегенге келісемін. Әйтпесе, екі сөздің басын құрап, өлең жаза алатын қазақ көп. Бірақ, төрт жолды ұйқастыра білгеннің бәрін ақын деп қабылдауға болмайды. Негізі, ақын мен өлеңшінің ара-жігін ажырата білу үшін оның барлық жырларын оқып шығудың да қажеті шамалы. Әдетте ақынның туа-бітті талант, шынайы шайыр екенін бір шумақ өлеңі ғана емес, сол шумақтағы екі қатар жол не бір үздік тіркесінің өзі танытып өтеді. Өмірге ақын болып келген жанның бірі Шаһизада екендігі де ешбір күмәнсіз. Сонау балапан шағында-ақ осыны дәлелдеп берген оның өскен сайын толыса түскеніне уақыттың өзі куә. Мұның үстіне, Шаһизада университетте оқып жүрген күндері өте көп оқып, көп ізденді. Осы жылдары орыстың Сергей Есенин, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Николай Гумилев, Николай Рубцов, Павел Васильев, Николай Асеев, Евгений Евтушенко, Роберт Рождественский сияқты әйгілі ақындарының шығармашылығымен кеңінен таныса түскенін де көріп жүрдік. Бұлардың бәрі ақынның қолтаңбасына өзіндік өрнектер мен бедерлі бояулар қалдырмай тұра алмады. Осы ізденіс, осы талпыныс кейін есейе түскен шағында өрісін кеңейтіп, өресін өсірмесе, әсте ширатыла қойған жоқ. Оның бала кезінен бойына сіңген кітап оқуға деген құмарлығы да әлі күнге дейін басылған емес. Шәкеңнің баяғыдан бері жанынан қалмай, қазірге дейін ілесіп келген әдеті – қандай бір баспа өнімдерін көрсе де, соған шұқшия қарап, көзімен бір «сүріп» өтетін дағдысы бір жағы өзіне жарасып та тұратын сияқты.
Шаһизада – өзіне өте жоғары талап қоя білетін, не жазса да, саз жазуға ұмтылатын, соның арқасында ақындығының арына ешқандай дақ түсірмей келе жатқан қарымды қаламгер. Бұл тұрғыда ол ағын судың өзінің жоғарғы ағысындағы ең бір таза жерінен сабаттап су ішетін қасиетті жануар – жылқыға ұқсайды. Жылқы мінездес ақынның жырлары да сондықтан кіл жауһар дүниелерден құралған. Бұлайша сырбаздық пен сыпалық таныту жағынан оны қазақтың белгілі эстет ақыны Қуандық Шаңғытбаевпен де салыстыруға болады. Әйтпесе, оның да өзінің кейбір қатарластары секілді тәулік бойғы тіршілігін тек өлең жазуға ғана арнап, жылына бір кітапты шығарып отыра беруіне болар еді. Бірақ, Шаһизада ондай өлермендікке де, өлеңшілдікке де ұмтылған жоқ. Содан шығар, осы кезге дейін атын атап, түсін түстеп тұрып, баспа жүзінен өткізген жеке жинақтарының саны бір қолдың саусақтарын да толық толтыра қоймайды. Ал, табан астында жазыла қалатын өлеңдері өзінің өрмегін өзгеше өріп бере алатынына қарап, тағы бір талантты тұлғамыз Төлеген Айбергеновтің тұрқына ұқсас тұлпар шабысты жазбай танисың. Бірақ, осындай қарымды тұстарында қағымды жақтары кездесіп қалатынымен, Шаһизада, тіпті, басқа, ол да сол ағалары сияқты өзіндік бір әлемет әлем! Осы жерде ойға оралып отыр, баяғыда Төлеген ақын өзіне табан астынан тапсырма беріліп, заматында жазыла салған «Правда» туралы ой» деген өлеңін қандай көркем сөздермен келістіріп, қалай керемет етіп кестелеп беріп еді. Былайынша саяси тақырып саналатын осы салада да өзіне тән тепсеңімен тамаша тербетіліп шығып, оның тіпті газетке арналып отырғанын да байқатпай жібермеп пе еді. Әйтпесе, «Көзімде менің көлбеңдеп сусып көк сағым, Көгілдір сағым дүние. Сен есік қақсаң, мен, тіпті, қара тасқа да, Қараймын әйбат сүйіне» деген жолдардан қандай саясатты іздеп таба аларсың! Міне, осындай шеңбердің шегіне жеткен шеберлік біздің Шаһизадада да бар. Мұны ол қайсыбір жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік сапармен Англия барған кезіне байланысты жазған «Менің ұлы дәстүрім» деген өлеңінде анық танытты. 
Даунинг-стрит, шамдалдардың 
            шаш нұрын,
Кейін серпіл, Хаттамалар тас мығым.
Мемлекеттер мәмілелескен кең залға
Кіріп келді менің Ұлы дәстүрім!
Кіріп келді гүл төгіліп жолында,
Қошеметшіл кілең лордтар – соңында.
Елбасына тәжім етті доннаңыз,
Премьердің сәбиі бар қолында!
Жебегенде әулием мен әмбием,
Нәрестелер нұр сіңірер бар Кием.
Жақсылардың шарапаты тиетін
Ырымымды қайдан білдің, Альбион?!
Көңіл шіркін – көгін төккен сая бақ,
Елбасымыз сөзін жұптап, аялап,
Тебіренді бір сәт Тони Блэрдің
Жас сәбиін құшағына ап аялап.
Еге болмай бір әкенің тағына,
«Ержетсін, – деп, – Адамзаттың                   бағына!», – 
Азияның дидарынан тамған Нұр
Еуропаның тарап жатты қанына, – деп көсіле жөнелетін жыр жолдарына тебіренбеу де, еміренбеу де мүмкін емес. 
Бәрі де шындық. Елбасының сол жолы Лондонға барып,  Ұлыбританияның Пре­мьер-министрі Тони Блэрмен кездесу өт­кіз­гені де шындық, оның зайыбының Қазақстан Президенті алдынан жас сәбиін алып шығып, құдды бір біздің дәстүрімізді жақсы білетін жандарша, бата сұрағаны да шындық. Әлбетте, Британия билігінің басындағы отбасы бұл жерде кімнен бата алу керек екенін де білген. Ақын Шаһизада соны жүрегімен түсініп, жанымен қабылдап, мұның қазақ жұрты үшін үлкен қуаныш екенін жедел пайымдап, мезетінде көңілінің түкпірінен секіріп түскен сезімін ағылып-төгілген ақжарма жырға айналдырып үлгерген. Өлеңнің тез жазылғаны сондай, ол «Егемен Қазақстан» газетіне Мемлекет басшы Лондондағы  «Хитроу»  аэропортынан бері ұшып шықпай жатып, өзінің кезекті нөмірінің бетіне салды да жіберді. Осындай азаматтық позициядағы жырға келгенде қай кезде де қамшы салдырмайтын Шәкең лирикалық әуендерде тіпті еркін көсіле жөнелер еді. Ал, ендігі бір өлеңдері оның тәмсіл тәрізді тағылым таратып өтетін философиялық тағандарға тұнып тұрғанын байқатып береді. Оларды оқып отырғанда, басқаша ойларға байлам тастауың да қиын. 
Уа, Тәңірім, қызығыңа жолықтыр
Адамзаттың баласын.
Екі ғасыр бөліп тұр
Бесігім мен бейітімнің арасын...
Шүкір, әзір бүтінмін,
«Сол баяғы... қоңыртөбел тіршілік...».
Жалған баққа түкірдім,
Орман-баққа шаншып кеттім бір                             шыбық...
Тоныкөктей «басы барды иемін»,
Бірақ билік құра алсақ...
Мен де өзімше Отанымды сүйемін,
Мінберлерде тұрмасам да ұран сап...
Жаныма, арым, құтпан бол!
Жаза бассам – кіркеукемді оқ бұзсын!
Бесігімнен шыққан жол
Бейітіме аман-есен жеткізсін!
Бұл – жалғыз Шаһизаданың ғана емес, онымен тұстас, оның ізін басып келе жатқан және алдында тұрған ұрпақтың бәрінің арманы. Ақын соны дөп басып, дәл танып, сүлей сөздің себезгісімен сәулелендіріп жеткізіп тұр. Бұдан оның адам ретіндегі бүкіл болмыс-бітімі мен мақсат-мүддесі де анық көрінеді.
Әдетте адамға шыр етіп дүниеге келген кезінде азан шақырып қойған аты оның алдағы өміріне діңгек, болашағына бағдар болады деседі. Бұл жағынан келгенде, Шаһизада тағы да барынша бай. «Шаһизада» деген атау парсы тілінен аударғанда, «патша баласы», «патшаның ұлы» деген ұғымды білдіреді. Бұл ата-анасының ұлдары патшаның өзі болмаса да, патшаның баласындай өмір сүрсін, дегені шығар. Біз білетін Шаһизада өзі патша болмағанымен, көңілі сол ең жомарт патшадай дархан Өтетілеу есімді аяулы ақсақалдың бауырында өскенін жақсы білеміз. Бұл кісіден жас­тай алған барша өнегесі оның бүкіл өміріне азық болып келе жатыр.Тағы бір білетініміз, осы кезге дейін өмір жолында қаншама соқтықпалы-соқпақты жолдардан жүріп өткенімен, өзі бала күнінен бағына еніп, баурайын паналаған поэзия патшалығына адал қалпынан, тазалық дәстүрінен ажыраған емес. Ал, қазір оны сол патшалықтың нағыз шаһзадасы деп атауға толық болады.

 

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз