• Заманхат
  • 07 Желтоқсан, 2016

ҒЫЛЫМ ТІЛІ АРЛЫ-БЕРЛІ ТАРТҚЫЛАЙТЫН ТЕРІНІҢ ПҰШПАҒЫ ЕМЕС... немесе Мұхтар Әуезов және қазақтың ғылым тілі

Шерубай  Құрманбайұлы,
профессор

ХХ ғасырдағы қазақ терминологиясының, ғылым тілінің тарихы туралы сөз қозғағанда М.Әуезовтің есімін атамай кетуге болмайды. Өйткені, ол ғасыр басынан бастап-ақ ғылым тілінің, терминологияның маңызын терең түсініп, оны дамыту мен қалыптастырудың өзекті мәселелерін  арнайы сөз еткен қазақ зиялыларының бірі. Оның бұл мәселеге арналған алғашқы мақалаларының 1917, 1918 жылдары-ақ жарық көруі соның айқын дәлелі бола алады. Ғалымның «Қайсысын қолданамыз?» деген мақаласы 1917 жылы Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде жарияланған.     


«Жұрт оянып, көзін ашып, жұрттыққа бетін түзесе, күннен күнге мұқтажы табылып көбеймек. Осы күнгі біздің көп мұқтажымыздың ішінде ең ірісі – ғылым» – деп басталатын осы мақаласында ол «Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ. Себебі, мұны ниет қылған талапкерлердің алдынан көлденең шығатын бір зор кедергі барлығы. Ол – ғылым тілі. Ғылым тіліне қазақ сөзі жетпейтіні, жететін болған күнде де, аршылып, арналмағандығы анық. Қандай тілге бай жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда тілі кемшілік қылып, қашанғы ескісін алып құрастырып, бөтен жұрттың тілін жамау қылып, неше түрлі болып аламыштанады. 
Бір халықтың ғылымсыз күніндегі тілін алып, артынан ғылымды болған күндегі тілін алсақ, соңғы тілі жаңа туғандай болып өзгереді» – деген пікір айтады. Сол кезде жиырма жастағы жас Мұхтар Әуезовтің баспа бетін көрген қаламалды еңбегінің бірінен саналатын  бұл шағын ғана мақаласының құндылығы – өткен ғасырдың бас кезінде-ақ, ғылым тілінің мәселесін алғашқылардың бірі болып көтеруінде.  Біріншіден, мақала авторы білім беру ісінде кедергі туғызып отырған мәселенің бірі ғылым тілінің, терминологияның қалыптаспағандығы екенін атап көрсетеді. Екіншіден, ғылыми ұғымдарды білдіретін қазақ сөздерінің жетісе бермейтіндігі, ал бар сөздердің сұрыпталып алынып (Әуезовше айтқанда аршылып) терминдік мәнде, арнайы мағынада жұм­салмағандығы (арналмағандығы) да дәл сол кезеңнің шындығы ретінде өте орынды айтылған пікір. Үшіншіден, ұлттық ғылым тілінің алғашқы қалыптасу кезеңінде болатын қиыншылықтарды атап көрсетеді. Мәселен, көне сөздерге жаңа мағына жүктеп, өзге тілдерден сөз алуға тура келетінін айтуы соның айғағы. Төртіншіден, ғылымның дамып, өркендеуіне  байланысты ұлт тілінің үлкен өзгерістерге ұшырайтынын да («жаңа туғандай болып өзгереді» – М.Ә.) орынды атап өтеді. Тілге сондай өзгерістер енгізу кезеңі жаңа басталған сол уақытта бұл дер кезінде айтылған пікір еді. 
Өткен ғасырдың басында М.Әуезов көтерген мәселелердің бірқатары бүгін де түпкілікті шешімін тапты деп айту қиын. Одан бері арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де ғылым тілінің, терминологияның көптеген мәселелері бүгін де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. М.Әуезов мектепке арналған бір ретті кітап жоқ, оны жазуға ғылым тілінің қалыптаспауы кедергі келтіріп отыр деген болса, қазір оқулықтарымыз баршылық, алайда, ғылым тілі мен терминология мәселесі тұрғысынан келгенде және олардың сапасын жақсарту бағытында атқарылатын істер  әлі де аз емес. Мұндай мәселенің туындарын да ол  күні бұрын сезіп, дөп басып айта білген. Оған оның осыдан 85 жыл бұрын жазылған осы мақаласындағы мына пікірі дәлел бола алады: «Бұл, ғылым тілі деген мәселе, – өз мектебіміз, өз мұғалім, үйретушілеріміз бола бастаған сайын «шеш!» деп, дікілдеп қысатын мәселе».
Қазіргі білім беру жүйемізді ХХ ғасыр басындағымен салыстыруға мүлде келмесі анық. Одан бері ғылым-білім жүйесі бір ғасырға жуық даму жолынан өтті, әлдеқайда өркендеді. Бүгінгі заман талабына сай жабдықталған мектептеріміз де, білікті ұстаздар қауымы да жоқ емес. Тек, 90-жылдардан бергі уақыт ішінде ғана әр түрлі сатыдағы оқу орындарының оқушылары мен студенттеріне арналған қаншама оқулықтар жарық көрді. Алайда, уақыт озған сайын заман талабы да күшейе беретіндігі өркениеттің бұлжымас заңы екендігі белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде қазіргі кезеңде де Мұхтар Омарханұлының  сөзімен айтқанда бізге «шеш!» деп, дікілдеп  қысып, шешімін күтіп отырған мәселелер жетерлік. Терминдердің қолданысындағы бірізділіктің болмауы, жарыспалылыққа жол берілуі, оқулық тілінің ауыр немесе аударма сарынды болып келуі сияқты кемшіліктердің орын алып отырғандығы жөнінде мамандар тарапынан аз айтылып жүрген жоқ. Ұлт тілінде білім берудің сапасын жақсарта беру үшін ғалымдар мен ұстаздар қауымы алдында бүгінгі күннің осындай бірқатар мәселелерін шешу міндеті тұр. Ғылым тілінің, ғылыми-техникалық терминологияның қалыптасуы оқулықтардан басталары анық. Ғылыми ұғымдардың атауларымен танысу, олардың мағыналарын ұғынып, санамызға сіңіру алдымен мектеп оқулықтарынан басталса, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқулықтары мен оқу құралдарында олардың саны одан да арта түсері мәлім. Мұндағы бір назар аудартатын мәселе оқулықтарға математика, физика, биология, тіл білімі сияқты басқа да барлық арнаулы салалардың негізгі ұғымдарының атаулары енгізіледі. Салалық терминдердің көпшілігі сол негізгі ұғым атауларынан туындап жатады. Ондай атаулар арнаулы саланың тұтастай терминологиялық жүйесінің қалыптасуына ұйытқы болады. Осыны жақсы түсінген Ахаң бастаған ұлт зиялылары ХХ ғасыр басында ғылым тілін халық тілінің негізінде қалыптастыруға айрықша мән берді.
Өткен ғасырдың бас кезінде білім беру және ғылым тілі мәселесі сөз болғанда орысша оқығандар мен мұсылманша оқығандар арасында пікір қайшылығы туындап, әр қайсысы өз ыңғайына қарай тартқаны белгілі. Бұл мақаласында осы мәселеге басты назар аудара отырып, болашақ ғалым-жазушы өз ойын былай деп білдіреді: «Бізге осы күннен оқу тілі мәселесін ашып, бір жолға бетті түзеу керек. Осы туралы орысша оқыған өз машығына, мұсылманша оқыған өз машығына тартпай, дәлелімен қай тілдің мағынасы орамдырақ, қай тіл қазақтың өмір жөніне қолайлы, осыны салыстырып, біреуін ұстау керек».  Әрине, бұдан кейінгі кезеңде қай бағытты ұстанғанымыз баршамызға аян. Өткен ғасыр басында қазақ оқығандарының алдында сондай таңдау тұрса, бұл ғасырдың басында да терминологияның кешегісі мен бүгінгісін сараптап алып, бұдан былайғы даму бағытын айқындау қажет болып отыр. Терминологияны ұлт тілінде қалыптастырудың маңызы мен оның халықаралық сипатын сақтау керектігін дәлелдеп жүрген мамандардың зерттеу нәтижелерін қорыта отырып, соның негізінде қазақ терминологиясының ғылыми принциптерін белгілеуге тура келеді.
М.Әуезовтің қаламалды мақалаларының бірін ғылым тілінің мәселесіне арнауы қазақ терминологиясының тарихы мен ғылым тілінің қалыптасуын зерттеушілер назарынан тыс қалуға тиіс емес. Екінші жағынан ғылым тілі мәселесінің өткен ғасырдың басында-ақ арнайы сөз болуы айрықша көңіл аудартады. Тағы бір назар аудартатыны қазақ газеттерін зерттеген ғалым Ү.Сұбханбердинаның еңбектеріндегі мәліметтерге сүйенсек,бұл мақала М.Әуезовтің жеке өз авторлығымен жазылып баспа бетін көрген екінші мақаласы екен. Өйткені, ол ең алғаш баспа бетін көрген «Адамдық негізі – әйел» деп аталатын мақаласы туралы өзі жазған өмірбаянында мынандай мәлімет келтірген екен: «Ең алғашқы баспаға шыққан статьям  «Сарыарқа» газетінде:  «Адамдық негізі – әйел» деген нәрсе еді. Бұл анығында менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі болатын... Мақаланы бергенімізде ешқайсымыздың қолымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса Әлімбеков пе, біреуі – мен әкеп берген соң  «Семинарист Әуезов» деп аяғына қол қойып жіберіпті» (Архив ЛММА. КПР- I, папка №382, стр.2 ).
«Адамдық негізі – әйел»  1917 жылы «Сарыарқа» газетінің 5 қыркүйектегі № 12 санында жарияланған болса, одан кейінгі «Әуезов оқудағы құрбыларына» деп аталатын мақаласы осы газеттің 1917 жылдың 17 қыркүйегіндегі санында жарық көріпті. Біз сөз етіп отырған «Қайсысын қолданамыз?» атты мақаласы осы газеттің 1917 жылғы 19 қазандағы №17 санында жарияланып, мақалаға «Мұхтар Әуезов» деп қол қойылған.  Осы үш мақала бір айдан сәл ғана асатын мерзімнің ішінде жарияланған. Сонда, семинарист Әуезовтің ғылым тілі жөнінде жазған мақаласы жеке  өзінің авторлығымен жазылып баспа бетін көрген екінші мақаласы болып шығады. Бұдан ғалым-жазушы, академик-жазушы атанып, ғалымдық пен жазушылықтың тізгінін тең ұстап, оны ұстаздықпен ұштастыра білген ірі тұлғаның шығармашылық жолындағы алғашқы қадамынан бастап-ақ қаламгерлік  пен ғалымдыққа қатар ден қойғанын айқын аңғаруға болады. Ол ірі әдебиетші ғалым, әлемге әйгілі жазушы болумен бірге кең ауқымды филолог ретінде тіл ғылымының күрделі мәселелері жөнінде құнды пікірлер айтып, оларды шешудің жолдарын ұсынған. Оған ғалымның ғылым тілі, терминология және көркем шығарма тілі туралы жазған ғылыми мақалаларындағы ойлары, тың тұжырымдары айқын дәлел бола алады.
М.Әуезовтің ғылым тілінің тарихында ескерусіз қалмауға тиісті еңбегінің бірі – «Ғылым тілі (научный термин)» деп аталатын мақаласы. Бұл мақала жоғарыда сөз болған «Қайсысын қолданамыз?» атты мақаладан кейін арада бір жылдай уақыт өткенде 1918 жылы «Абай» журналының   №7 санында жарияланған. Мақала соңында «Мұхтар» деп қол қойылыпты. Аты айтып тұрғандай мақала тікелей ғылым тіліне, ғылыми термин мәселесіне арналған. Өткен ғасыр басындағы ғылым тілінің мәселелерін сөз еткен ең алғашқы еңбектердің бірі болғандықтан мақаланың ғылым тілінің тарихы үшін маңыздылығы дау тудырмасы анық. Мақалада көтерілген кейбір мәселелердің бүгін де маңызын жоймағандығы тағы бар. Соған қарамастан термин, терминология мәселелерін зерттеушілер тарапынан  М.Әуезовтің бұл мақаласы туралы сөз болмай келуі түсініксіз. 
Бұл мақаланы 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде жарияланған алдыңғы сөз болған «Қайсысын қолданамыз» атты мақаласының заңды жалғасы деуге болады.  Автор алғашқы мақалада көтерген мәселелері туралы ойларын одан әрі жалғап, тұжырымдарын тиянақтай түскен.  Мақаланың бірінші сөйлемі – «Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі» – деп басталыпты. Мұндай пікір айтылғаннан бері арада сексен жыл уақыт өткеніне қарамастан, ғылым тілінің бар мәселесі шешілді деп айту қиын. Тіпті, сонау ХХ ғасыр басында көтерілген кейбір мәселелердің күн тәртібіне бүгін қайта қойылып жатқандығының да куәсі болып жүрміз. Ғылым тілін бір қалыпқа түсіріп, бір негізге құрдық деуге әлі ертерек. Ендеше, Әуезов көтерген мәселенің әлі де құнын жоймағандығы. Ол алғашқы мақаласында алға тартқан мәселені қайтадан қозғап, былай деп жазады: «Қазіргі қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі – мұсылманша оқығандардың жолы. Ғылым тілін арапшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі – орысша оқығандар, ғылым тілін орысшаға, европа негізіне тартады. Бұл жік тәртіпті бастауыш мектептердің һәм курстардың оқуында айқын білініп отыр. Әркімнің өз білгеніне тартатыны мәлім нәрсе». Дәл осы ойды ол алдыңғы  мақаласында да айтып, бұл мәселеге ерекше мән беру қажеттігін көрсеткен. Бұдан жас зерттеушінің сол кездің өзінде-ақ мәселенің маңызын терең түсінгендігін байқауға болады. Алдыңғы мақаласында ол екі бағыттың бірін таңдап, ғылым тілін бір ізге түсіру қажеттігін айтса, соңғы мақалада өзінің қай бағытты қолдайтынын білдіріп, неге ол бағытты ұстану керектігінің себептерін көрсетеді, өзіндік дәлелдерін алға тартады. Қазан төңкерісінен бастап 30-жылдар ішінде терминологияны қалыптастыру ісінде пантүркішілдер, панисламистер, бұқарашылдар (демократшылдар), европашылдар бағыты болғаны мәлім. М.Омарханұлы бұл бағыттардың қайсысын ұстанған дұрыс екендігін айта келіп, өзгелерін сынға алады. «Қазақтың мәдениетін түрік үлгісіне қарай тарта беретін мұғалімдердің негізгі жолдары – «пан-тюркизм», «пан-исламизм» тағы әр түрлі «пан- пәленизмдерді» жол қылып ұстайтыны белгілі. Бірақ, сол «пандардың» жолына қай жұрт болсын надан күйінде ғана мойынсұнады. Мәдениетке бет қойып, басқыштан ілгерілеген сайын пандардан жұрт жиреніп, пайдасыз бір іс деп санап, далада қалдырады. Осы күнде көзін жұмып, аузын ашып, тәтті қиялды қорек қылған адам болмаса, ширақ ақылмен қараған кісіге бұдан кейінгі «пан» – саясат хаосы екені мәлім боларлық болған. Себебі: қай жұрт болсын, өз бетінде жұрттығы болмаған күнде ғана басқа, өзіне жақын жұрттың тілеуін тілейді. Өз жұрттығы буын бекітіп, бас қалқайтса, алыстағы жұртқа тілеген тілекті қайтып алып, өз жұртына жұмсайды. Бұл адам баласының сүйегіне сіңген табиғи мінезі». Кешегі кеңестік кезеңде «совет халқына» ортақ терминдер қорын  құру бағытын ұстансақ, егемендігімізді алып, тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бас­тап, дербес мемлекет ретінде өз мүддемізді көздейтін тіл саясатын жүргізе бастағанымыз белгілі. Ұлт тілінде термин жасау ісінің жандануы, кеңестік кезеңнің 30-ыншы жылдарынан бастап 90-ыншы жылдарға дейінгі  алпыс жылдың ішінде жасалмаған терминдердің соңғы он жыл ішінде жасалып, қалыптасып жатуы соның айқын дәлелі бола алады.  Өзінің дербестігі, Мұхаңша айтқанда, жұрттығы болмаған елдің өзгенің тілеуін тілейтіндігін өзгелердің жүріп өткен жолынан емес өз басымыздан өткізген халық ретінде өте жақсы білеміз. Өкінішке қарай, біз өзімізге жақын жұрттың емес, сол жақындарымыздың бәрін қосып билеп отырған жұрттың тілеуін тілеуге мәжбүр болған  елміз. Соның салдарынан терминологиямыз да өзіміз тілекші болған жұрттың ықпалымен жасалып, солардың терминологиялық қорымен ортақтығы мол, керісінше,  ұлттық сипаты әлсіз болып қалыптасты. Ал, түбі бір түркі халықтарының арасындағы тілдік туыстастықты ескере отырып терминологияны қалыптастыруды назардан тыс қалдыра тұруымызға тура келді. Ғалымдарымыздың ғылыми-техникалық терминологиямыздың 70-80 пайызын кірме терминдер құрайды деп жүргені соның айғағы болса керек.    
Әуезовтің пантүркішілдер туралы көзқарасы да айқын. Ол өздері европа дас­тар­ханының шетінен орын алып отырған түріктерді үлгі тұтудың қажеті жоқ деген пікір айта келіп, «Пан-тюркизм» қазақ мәдениетінің жолын өрлетіп, жұрттықтың бойын өсірмейді. Саясат жолына кірген жұрт туысқандық, жақындық деген нәрседен айрылады» – дейді. Түріктің бірінші университеттеріндегі басты тілдер англия, франция, германиянікі екендігін мысалға келтіреді. Бұл мақала жазылған кезеңде түркі терминологиясының біз үлгі аларлықтай болмауы мүмкін. Алайда, біз орыс терминологиясын үлгі етіп алуға біржола көшкен 30-ыншы жылдары Түркияда ел басына Ататүріктің келуімен оларда терминологияны ұлт тілінде қалыптастыру бағытында үлкен өзгерістер болды. Сондай-ақ, қазақ терминологиясының атасы атанған Ахаң түркі тілдерінде терминалмасуды ұлттық терминологияны дамытудың принциптерінің бірі ретінде танығаны белгілі. Кейінгі кезеңдерде туыстас тілдер арасында термин алмасу мәселесіне ерекше мән беріп отырған елдердің  де аз емес екенін айта кету керек.
Семинарист Әуезов бұл мақаласында ғылым тілін арабшаға негіздеуге де келіс­пейтіндігін айтады. Бізге ертедегі араб мәдениеті мен ХIII-XV ғасырлардағы олардың ғылымын оқумен шектеліп қалмай, қазіргі одан бері көп дамыған европа ғылымын игеруге ден қою керек деп санайды. Ол европашылдар бағытын қолдай отырып, «Бұл мәселе турасында қарсы пікірде болған кісілер болса, дәлелдерін баяндағаны жөн» – деп, өзінің ашық ғылыми пікірталастан бас тартпайтынын білдіреді.
Мақала авторының демократшылдар (бұқарашылдар) жөнінде сөз қозғамағанына қарағанда сол кезеңде бұл ағымның өзге ағымдар сынды айқын көрініс таба    қой­мағандығынан болса керек. Мақаладағы Мұхаңның орыстар мен жапондардың тіл жолындағы қателіктерін қайталаудан сақтандырған  пікірі де айрықша назар аудартады. Ол орыс әдебиеті аяғын апыл-тапыл басып, буынын бекіте алмай жүргенде «шіркеулік –словян» (церковно-словянский) тілімен аламыштанғанын айта келіп, «Орыс ол қатесін бері келген соң зорға түзетті» – дейді. Ал, оның жапон тілі жөніндегі пікірімен танысқанда қазақ тілін қандай тағдыр күтіп тұрғанын алдын ала болжай білген екен-ау деген ойға қаласың. Ғалым пікіріне назар аударып көрелік. «...Япония жұрты надан күнінде жазу, оқу, аз-аз өнер үлгілерін берген апасы қытай болып, қытайды көсемі қылып алдына салып, етегінен ұстап жүріп, қытай тілін әдеби тіл қылып ұстады. Бұл күнде қытай жұртта қалып, япония ұзап кетсе де қытай тілі әдеби тіл болып қалып, японияға дерт болып, құтыла алмай, әуреде жүр. Қазіргі уақытта японияның баласы өз оқуын оқудан бұрын қытай оқуын оқып, содан кейін басқа жұрттың өнерін, басқа жұрттың ғылым тілдерін оқиды. Қытай оқуы ешбір пайдалы оқу емес; жалғыз-ақ ерте уақыттағы японияның басшыларының ойланбағандығынан өз оқуларын қытай оқуына араластырып алып, өз оқуын өзінікі қылып әкете алмағандығынан керексіз бір нәрсені жамап алып отыр. Міне, осындай халге қазіргі бетімізбен жүре берсек, бізде бір күні ұрынатын секілдіміз». 
Кеңестік кезеңде біз де орыс тілін үлгі етіп алу арқылы  терминологиялық қорымызға мыңдаған шет тілі терминдерін дайын күйінде қабыл­дап алдық. Нәтижесінде терми­ноло­гиямыздың ұлттық сипаты әлсіреді. Ұлттық тілге негізделген термин шығар­машылығы дамытылмады. Қазақ тілінің лексикалық байлығын ұтымды пайдаланып, қосымшаларымызды құнттап қолдана алмадық. Терминологияны қалыптастырудың ең басты жолы өзгелердің жасағанын бас қатырмай өзгеріссіз қабылдау деген түсінікті қалыптастыра бастадық. Соның салдарынан шет тілдерінен енген терминдер саны шектен тыс артып кетті. Сол себепті, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болып, ғылым саласындағы қызметін атқаруға көше бастаған соңғы он шақты жыл көлемінде ғалымдар кеңестік дәуірде қалыптасқан терминологиялық лексика төңірегінде әр түрлі сын-пікірлер  айта бастады. 60-70 жыл бойы кеңестік тіл саясатына сәйкестендіріп қалыптастырып, екі-үш ұрпақтың санасына сіңіріп үлгерген  терминдерімізді өзгертудің оңайға соқпасы анық. Самолетті – ұшақ, вертолетті – тікұшақ, семьяны – отбасы, спонсорды – демеуші түрінде қолданысқа енгізудің қаншалықты  қиындықпен жүзеге асып жатқандығын айтсақ та жеткілікті. Санадағы сілкіністен туындаған термин шығармашылығындағы аздаған ізденістер болмаса, өзгенікінің бәрін асылға балап үйренген әдетімізден жаңыла қоймас та едік. Сол үшін тілімізге шет тілдерінің терминдерін қабылдап, әбден қалыптастырып алғаннан кейін оны қалай өзгертудің жолын іздеп әуреленгенше, оны қалыптастырмастан, тілге енгізіп алмастан бұрын алдын ала  ойланған дұрыс. Бұл жөнінде де 21 жастағы  Мұхтар Әуезовтің салиқалы пікір айтқанын көреміз. Ол «Біреу оңға, біреу солға тартып, илей беруге көне беретін ғылым жолы – терінің пұшпағы емес. Әуелде қалай беттесе, көп уақытқа шейін сол бетінде жол болып бекіп қалады. Сол себепті қазақ оқуының бетіне қандай жаңалық кіргіземіз десек те, әуелі кеңінен толғап ойланбай іс қылудың артынан талай аурулы мәселе туып кетуін ұмытпау керек» – деп жазды.
Кезінде Мұхаң атап көрсеткен, сақтан­дырған аурулы мәселенің туындағанын көруімізге тура келіп отыр. Оның себебін КСРО құрамына кірген ұлттар тілдерінің терминологиясын қалыптастырудың жолын көрсеткен тіл саясатынан, терминологиялық қорымызды түзу кезінде 60-70 жыл бойы ұстанған бағытымыздан іздеген жөн. Қазіргі кезеңде де терминологияны дамытудың дұрыс бағытын белгілеп бердік деп айтуға негіз жоқ. Қазір нағыз біреу оңға, біреу солға тартып жатқан кезең. Әркім өз бағытының дұрыстығын дәлелдеуге тырысып бағып, әркім жеке терминологиялық сөздік шығарып, өз терминін қолданысқа енгізуге күш салуда. Бұл үрдіске біржақты теріс баға беруге болмасы анық. Алайда, жарыспалылық пен ретсіздікке жол бермей терминологияны жетілдіру, дамыту кезінде қандай критерийлерді басшылыққа алатындығымызды ғылыми негізге сүйене отырып келісе жұмыс жүргізілмесе, Мұхаң айтқандай ғылым тілін  «терінің пұшпағындай» жан-жаққа тартқылау тоқтала қоймайды. Бүгін біздің алдымызда 90-жылдарға дейін термин қалыптастыруда орын алған олқылықтардан  арылу мәселесі тұрғаны белгілі.  Қазіргі термин шығармашылығында  жол беріліп жатқан кемшіліктер дер кезінде түзетілмеген жағдайда, онда оларды біз де кейінгілер шешсін деп келер ұрпақтың  еншісіне  қалдыруымызға тура келеді. Біздің дұрыс қалыптастырмаған атауларымыз тағы да бір ұрпақтың санасына сіңсе, терминологиядағы жүйесіздік бұрынғыдан бетер артып, оның ұлттық сипатта дамуы  қиындай түспек. Сондықтан, М.Әуезовтің «...Әуелде қалай беттесе, көп уақытқа шейін сол бетінде жол болып бекіп  қалады» деген пікірін терминологиямызды жетілдіру мен терминдерімізді қалып­тастырудың қай кезеңінде де ескеріп отырудың мәні зор. 
М.Әуезовтің қазақ әдеби тілінің, оның ішінде, ғылым тілінің мәселелерін жан-жақты сөз еткен «Тіл және әдебиет мәселесі» деп аталатын көлемді мақаласынан да терминологияны қалыптастыруда қажетімізге жарататын көптеген құнды пікірлерді табуға болады. Ғалымның бұл мақаласы 1951 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №4 санында жарияланған. Атынан көрініп тұрғандай мақалада тілмен қатар әдебиет мәселесі де сөз болған. Кө­терген мәселелерінің ауқымдылығы, онда жасалған ғылыми тұжырымдардың маңыздылығы жағынан бұл мақаланы бір монографияның жүгін арқалап тұр деуге жақындайды. Ғалымның бұл мақалада көтерген әдебиет туралы және әдеби тілдің қалыптасуы, қазақ жазушыларының сөйлем құрау шеберлігі, сөз қолданысы сияқты мәселелерін жеке әңгіменің арқауы етіп алып, оның ашылмаған қырларын анықтап, бұрынғы зерттеулерді толықтырып жатқанның артықтығы болмасы анық.  Тілші ғалымдардың еңбектерінде әрі Б.Исхановтың «М.Әуезов және қазақ тілі мәселелері» деп аталатын кандидаттық диссертациясында  арнайы сөз болғанына қарамастан Әуезовтің тіл мәселелеріне арналған еңбектері тілші ғалымдар тарапынан толық зерттеліп, жан-жақты, терең талдау жасалып болды  десек артық айтқандық болар еді. Ғалымның осы мақаласында айтылған ойлары  мен жасаған тұжырымдары төңірегінде де талай мәселені қозғап, талдап, таратып көрсететін жайттардың аз емес екендігі аңғарылып-ақ тұр. Тілші ғалымдар тарапынан ондай зерттеулердің әлі жалғасын таба беретіндігіне күмәніміз жоқ. Біз академик жазушының ғылым тілі, термин және терминология  туралы пікірлері төңірегінде ғана сөз қозғамақшымыз. 
Біріншіден, ғалым кеңестік кезеңге дейін де қазақ тілі арнаулы лексикасының бақташылық, аңшылық немесе балықшылық сияқты кәсіптер мен салтқа қатысты атауларға бай болғандығын айта келіп, керісінше, қай салада ондай атаулардың өте аз ұшырасатынын  атап көрсеткен. Оған ғалымның «Абай заманындағы ғылым, техника, философия, социология, саясат – баршасынан қазақ тілінің сөздігі мүлде құралақан еді» деген пікірі дәлел бола алады. 
Екіншіден, ол төңкерістен кейінгі молыққан терминологиялық лексиканы қамти отырып, терминдер сөздігін шығаруды тіл мамандарының алдындағы міндет деп көрсетеді. Ол Армения, Латвия сияқты одақтас республикаларда бірнеше ғылым салалары бойынша үлкен терминологиялық сөздіктердің шығып жатқандығын мысалға келтіріп, бізде «...проф. Н.Сауранбаевтың басқаруымен терминдік сөздіктер енді-енді шыға бастады... ...бұл күнде  аса қажет болып отырған  сөздік томдары  тумай келе жатқаны, үлкен өкінішті жай» – деп қынжылыс білдіреді. Бұл ұлттық ғылым тілін дамытудың маңызын терең түсінген, терминографиялық жұмыстардың уақыт талабына сай жүргізілмей, кенжелеп қалып жатқандығына алаңдаушылық білдірген ұлт зиялысының сөзі.
Үшіншіден, термин сөздердің ақын-жазушыларымыздың  шығармаларында аз қолданылатынын айта келіп, олай болуының себептерін де атап көрсетіп, өзі көтерген мәселеге өз жауабын да береді. «Қазақ тілінде шығып жатқан ғылымдық кітаптарда жаңа атаулар көп, сондай-ақ, жұмысшы, колхозшы, интеллигенция арасында мол тараған жаңа сөздер де көп. Бірақ, осы сөздік байлықты қазақ жазушылары өз шығармаларына тым сараң кіргізеді. Орыс поэзиясын алсақ, неше алуан ғылым-техника сөздіктерін барынша батыл, мол араластырады» – дей келіп, оның себебін орыс және шет тілдерінен алынған атаулардың бізде әлі дұрыс жолға қойылмағандығымен түсіндіреді. Орыс сөздері, шетел атаулары орысша қалай жазылса, қазақта да солай жазылуы керек деген қағидамыздың қайшылықтарын көрсетеді. Бұл ереженің мұғалімдер мен оқушыларға үлкен қиындық туғызып жүргенін айтады. «Орыстың тілінде француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағына айтылады да, жазылады да. Қазіргі орыс балалары сол сөздердің неміс, француз, ағылшын тілдерін оқи бастағанда, басқаша айтылып жазылатынын жолай қиналмай-ақ түсініп, ұғынып келе жатқан жоқ па?  Біздің грамматикамызда осы жөнде асыра сілтеу, сыңаржақтық бар сияқты» деп өте орынды пікір айтады. Өкінішке қарай, ғалымның осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған пікірін ескерусіз қалдырып келеміз. Оның бұл пікірі Х.Досмұхамедұлының 1923 жылы жазылған мақаласындағы «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» деген пікірімен үндесіп жатыр. Қазақ ақын-жазушыларының кірме сөздерді сирек қолдануының себебін де сұңғыла ғалым дұрыс аңғара білген. «Біз жоғарыда, қазақ жазушылары ғылым, техника сияқты, қазақ тіліне молынан кірген сан-сала жаңалық атауларды қолданбайды дедік. Соларды тілдің грамматикалық көп түрлеріне өзгертіп, өлең жолына қолданудың ақындарға қиын соғатыны да бар. Әсіресе, орыс сөзі мен шет сөздерді алу, жазудағы біздің бүгінгі орфографиямыз қиындық туғызады. Өлең жолына дәл орысша орфографиясын аудармай кіргізсе, оған қазақтың тіліндегі жаңағы аталған жалғау, жұрнақтар сияқты қосымша буындарды үстемелеп жалғатса, өлең жолына симайтын шұбыртпа шығатыны даусыз» – дейді ғалым. Мағыналары көмескі, тіпті, көбінің мағынасын салалық мамандардан өзгелер арнайы түсініктеме арқылы ғана түсінуге болатын шет тілдері сөздерінің құрамындағы кірме дыбыстар жатық айтылуға илікпей, қазақ сөздерімен үндесіп, ұйқасқа көнбей тұратыны белгілі. Шет тілдерінің сөздерін қабылдауда орын алған бұл кемшілікті және соның салдарынан олардың тілге сіңбей, қолданысқа енбей жатқанын әділ атап көрсеткен. Одан әрі ол революциядан кейінгі кезде орыс тіліне көршілес халықтар тілінен еніп жатқан көптеген сөздерді олар өз тілінің заңдылықтарына бағындырып алып жатқандығын нақты мысалдармен көрсетеді. «Джайлау, акын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па?» деу арқылы ол – біз неге осылай істемейміз, біздің тіліміздің заңдылықтары неліктен аяқ асты болады? – деген ойды ашық айтып отыр емес пе? Орыс тілін совет халқының ана тіліне айналдыруды мақсат етіп отырған тіл саясаты үстемдік етіп тұрған сол кезеңде бұдан артық қалай айтуға болады.
Орыс терминологиясы өзге тілдерден өз тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріп қабылдаған терминдерді біз олардан сол қалпында өзгертпей алдық. Сөз соңындағы кейбір қосымшаларды ғана қазақыландырған болдық. Бұл кейінгі кеңестік кезеңнің термин қалыптастыруда бізге ұсынған принциптерін басшылыққа алу еді.  Нәтижесінде Мұхаң атап көрсеткендей, ақын-жазушылардың шығармаларында қолдануға икемсіз, жаттығын жасырмай өзге тілдің заңдылықтарын мойындамай қасарысып тұрған кірме сөздер қатары көбейгенмен олар бейтерминденіп, жалпы қолданысқа көшіп, тілге сіңіп кете алмады. Оларды кезінде самаурын, кереует, бәтеңке сынды тіліміздің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдағанда арада өткен 60-70 жылдың ішінде тек арнаулы лексика шеңберімен шектелмей қолданыс жиілігі де артып, қазіргі кезеңде болып жатқан қарсылыққа ұшырамай Халелше айтқанда, тілге «өзілік» болып кетер еді. Cонау, 1923 жылы-ақ, Х.Досмұхамедұлы «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келтіреді. Жат сөздерді өзгертпей алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді» – деп жазып еді. Ал, Ахаң өзге тілдерден енген сөздердің тіліміздің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес өзгерістерге ұшырауы керектігін термин қабылдаудың бір принципі ретінде атап көрсеткені мәлім. Ол бірінші бүкілодақтық түркология съезінде жасаған баяндамасында «...заимствованные термины должны подчиняться нашему казахскому говору, т.е. на них должны распространяться звуковые законы нашего языка, исходящие из привычных артикуляций языка. Для того, чтобы иностранные слова сделать нашими, это необходимо» – дей келіп, «Все неказахские слова, не согласующиеся с природой казахского языка, точно должны подвергаться изменениям соответсвенно казахскому говору» деген терминологияны қалыптастырудың жеке бір принципін ұсынған. Кірме сөздер құрамындағы өзге тілге тән дыбыстардың, қосымшалардың төл дыбыстарымызбен, өз қосымшаларымызбен алмастырылуын, қосар дыбыстардың орнына жалқы дыбыстарды қолдану қажеттігін  атап көрсеткен. М.Әуезов Ахаңның осы принципін толық қолдап отырғанын көреміз. Өкінішке қарай, орыс тілінің заңдылықтарын ғана мойындауды білетін кеңестік тіл саясатының өктемдігімен  әліпбиімізге жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер енгізіліп, өз ғалымдарымыз оны орыс тіліне деген үлкен жанашырлықпен, партияға шын берілгендікпен дәлелдеп, А.Байтұрсынұлы принципінен ауытқу арқылы Х.Досмұхамедұлы атап көрсеткендей шатасқан жолға бастап берді. Әр түрлі объективтік және субъективтік жағдайларға байланысты бұл бағыттың дұрыстығын қолдаушылар бүгін де табылып отыр. 20 жылдары А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлы дәлелдеген мәселенің араға отыз жылдай уақыт салып барып, академик М.Әуезов тарапынан қайта көтеріліп жатуы бір жағынан ең көрнекті қазақ зиялыларының ой-пікірлерінің бір жерден шығып үндесіп жатқанын көрсетсе, екінші жағынан, сол пікірдің ғылыми негізінің беріктігін де дәлелдей түссе керек. 
Төртіншіден, М.Әуезов тек орыс тілінен ғана емес туыстас түркі халықтарының тілдерінен де сөз алмасу қажеттігін кеңестік кезеңде атап көрсетіп, Ахаңның терминологияны қалыптастырудағы тағы бір  принципін қолдаған ғалым. Кеңестік дәуірде терминологиямызды қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде біз тек орыс тілін таныдық деуге болады. Еуропа тілдерінен енген терминдерді орыс тілі сіңіріп алғаннан кейін ғана солар арқылы біз қабылдадық. А.Байтұрсынұлының терминологияны қалыптастыру принциптерінің бірінде «В случае отсутствие в казахском языке подобного рода слов, заимствовать таковые из родственных казахскому языков» – дей отырып, оның себептерін де атап көрсетеді. Ал, Мұхаң «Советтік әдеби тіліміздің байып, өсуіне қосымша қорды біз қазір жалғыз орыс тілінен аламыз да қоямыз деп, кесіп байлау да дұрыс емес. Орыс халқының тілінен алудың үстіне, қазақтың әдеби тіліне көршілес туысқан елдер тілінен келіп араласқан, біте қайнасып кеткен көп сөздерден де жазба әдебиетіміз қашпау керек» – дейді.  Бұл мәселеде де қос ғұламаның пікірлері бір жерден шығып, Ахаңның терминологияны қалыптастырудың бір сыртқы көзі ретінде туыстас түркі тілдерін  таныған ұстанымының Мұхаң тарапынан кеңес дәуірінің күшейіп тұрған кезінде қолдау тауып отырғанын  анық көруге болады. 
Бесіншіден, М.Әуезов қазақтың жазба әдебиетінде, ғылым тілінде қазақ тілінің бар байлығын, оның ішінде, архаизмдер, кәсіби сөздер мен жергілікті тіл ерекшеліктерін  сарқа пайдалануды ұсынған.  Ғалымның мына төмендегі айтқан пікірлері соның айқын дәлелі бола алады: «...жазба әдебиетіміздің өзіне де әлі халқымыздағы таза қазақ тілінің бар байлығы, барлық ерекшеліктері мен сөздік байлығы түгел кіріп болған жоқ.  ...Тарихтық, мәдениеттік жағдай енді бізден қазақ халқының бар шет түкпірлеріндегі бұрын оқшаулық, өзгешелік күйде жүрген сөздік қорлардың бәрін ортаға салып, түгел туыстыра, араластыра қосып, пайдалануды тілейді.  ...әдебиет тілін жасауда, жоғарыдағы саналған жолдармен көп ізденіп, ғылым, техника сөздіктерін және бүгінгі Қазақстанның бар өлкесіндегі халықтық тіл байлықтарын мол пайдалану мәселелерін үнемі шартты талап етіп, сынап отыру керек». 
Ғалым қазақ тілінің барлық лексикалық қабаттарын ұтымды пайдаланудың қажет­тігін атап көрсетіп отыр. Диханшылық, балықшылық сияқты әр түрлі кәсіптерге байланысты сөздерді  шығармаларында молынан пайдаланбай жүрген белгілі ақын-жазушылардың онысын кемшілік деп бағалау керек дейді. Көркем шығармалар мен ғылым тілінде аталған қабаттардың елеусіз қалып жатқанын көрсетудің үлкен жетістік екенін айтқан жөн.
Алтыншыдан, М.Әуезов осы мақала­сын­да ғылым тілін, терминологияны қа­лып­тастырудағы ұлттық кадрлардың, ға­лымдардың рөлін атап көрсеткен.  Ол қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтар мен математиктердің  еңбектерін өз халқының тілінде жазбауын еш ақтауға болмайтынын үлкен күйінішпен айта отырып, сол арнаулы салалардағы ұғымдар атауларын, тілін қалыптастыру солардың тікелей міндеті екендігін ескертеді. Ғалымдардың «диссертациялық ең­бектерін, ең алдымен қазақ тілінде жазуды шарт етіп қою, анық орынды орайлы шараның бірі болар еді» – дейді. Ғылым тілінің мектеп оқу­лықтарынан бастап, қоғамдық өмірдің сан түрлі салаларында еңбек етіп жүрген ғалымдардың  жазған оқулықтары, ғы­лыми еңбектері, түзген сөздіктері арқылы қалыптасары сөзсіз. Ал, тілдің ғылым саласындағы қызметін қалыптастырады деп жүрген білікті мамандарымыз ғылыми еңбектерін өзге тілде жазса, ұлт тілінің бұл салалардағы қолданысына үлкен нұқсан келері күмәнсіз. Бірақ, сол жылдары бұл мәселені көтергеннен гөрі заман ағымының дұрыстығын, кеңестік тіл саясатының көре­гендікпен жүргізіліп отырғанын, ұлы орыс тілінің біздің тіліміздің дамуына орасан зор ықпал етіп келе жатқанын жазу әлдеқайда тиімді еді. Сондықтан да, мәселенің мәнісін түсінгендер болғанмен олардың бұл мәселені  көтеруге келгенде асықпағаны түсінікті. ХХ ғасырдағы әдеби тілдің тарихын зерттеушілер 1947 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің «Қазақ ССР ҒА-ның Тіл мен әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулы шығарғанын айта келіп, «Бұл жылдары мәдениет пен ғылым, әсіресе қоғамдық ғылымдар, партияның дүркін-дүркін қабылдаған қаулы-қарарларының әсеріне ұшырады. Биология ғылымындағы вейсманизм-морганизм (1948-1949), ғылым мен өнердегі космополитизм (1949-1950), мәдениет пен әдебиеттегі ұлтшылдық (1951-1952) сияқты науқандар бірінен соң бірі үзіліссіз жүріп жатты»  (ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі. Астана 2000 ж. -291 б) деп жазды. Уақыттың тамыр бүлкілін жақсы сезінген Мұхаң «екінші ана тіліміз орыс тілі» дегенді айта отырып,  қазақ тілінің өзекті мәселелерін орайын келтіріп көтере білген.  Бұдан  тілге деген нағыз ұлт зиялысының жанашырлығы ғана емес, сонымен бірге оның тіл маманы еместігіне қарамастан елдегі тілдік ахуалды, тіл саясатын ескере отырып, ғылым тілінің ең өзекті мәселелерін, орын алған кемшіліктерін дөп басып айта білген кең тынысты, ірі филолог ғалым екендігі айқын көрініп-ақ тұр.    
Бұл айтылғандармен қатар, педагогика ғылымының кандидаты  Е.Көшербаев өзінің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1972 жылдың 29 қыркүйегіндегі санында жариялаған «Техникалық термин бастамасы» деген шағын мақаласында «М.Әуезов профессор В.Эвальдтің «Құрылыс материалдары»  деп аталатын көлемді еңбегін қазақшаға аударып, 1933 жылы Қызылорда қаласында бастырып шығарыпты. Сөйтіп, біз М.Әуезов «қазақ тілінде тұңғыш техникалық термин жасаушылардың бірі болғанына көз жеткізіп отырмыз» дей келіп, оның құрылысқа байланысты терминдерді жүйеге келтіруде жаңа бағыт ұстанғанын, аудару барысында 7 түрлі принципті басшылыққа ала отырып жұмыс істегенін атап көрсетіпті. Мақала авторы «Техникалық терминдердің М.Әуезов ұсынған қазақша баламаларының дені қазіргі сөз қолданысымызда берік орын алып келеді» деп сөзін аяқтапты. Автордың атап көрсеткен мәселелерін ескере отырып, Мұхаңның аудармасын тілдік тұрғыдан қарастырып, терминдердің қолданысы мен жасалуын әлі де жан-жақты зерделей түссек, ғалымның терминологияны дамытуға қосқан үлесі нақтылана түсер еді.
Мұхаңның ғылым тілін, терминологияны қалыптастыру мәселелеріне арналған ма­қала­ларын жазылған жылдарына қарай хронологиялық тұрғыдан алып қарар болсақ, семинарист Әуезов пен ака­демик Әуезов жазғандарынан ғалымның кемел­дену кезеңіне қарай сөз етіп отырған мәсе­ле төңірегіндегі көзқарасының ауқым-аясы кеңейіп, жасаған тұжырымдарының  салмақтанып, тереңдей түскенін аңғаруға болады. 1918 жылы жазылған мақалада ол панисламизм, пантүркизм ағымдарын сынға ала отырып,  «Саясат жолына кірген жұрт туысқандық, жақындық деген нәрседен айрылады» – деп негізінен  еуропаға қарап бағыт-бағдар ұстануды ұсынса,  кейінгі  мақалада көршілес туыстас түркі халықтарының тілдерінен сөз алудан қашпау қажеттігін алға тартады.  Бұл тұста оның семинаристен академиктікке дейінгі өсу жолын, ірі ғалым ретінде қалыптасуын, кемел шаққа келуін ескерудің орынды екендігі талас тудырмаса керек. Сонымен бірге, оның ғылым тілін қалыптастырудағы көзқарасының орнығуына А.Байтұрсынұлы ұсынған ұстанымдардың әсері болмады деп айтуға негізіміз жоқ. Дәлірек айтқанда, Әуезовтің соңғы мақаласындағы айтылған ойлары мен тұжырымдары негізінен Ахаң принциптерімен үндесіп, Ахаң ойымен астасып жатқанын аңғаруға болады. Бұл сабақтастықты ұлылардың ұғынысуы, тұлғалардың түсінісуі деуден гөрі   нақтылай түсер болсақ, 50 жылдары терминологияны дамытуда кеңестік саясаттың талабына  толық сәйкес келетін бағыттың үстемдік етіп тұрған тұсында Әуезов еңбегінен 20 жылдары А.Байтұрсынұлы ұсынған принциптердің қолдау тауып  отырғанын көреміз. Сондықтан, қазақ терминологиясының  даму, қалыптасу тарихын сөз еткенде де, қазіргі кезеңдегі даму бағытын белгілеу кезінде де мұны ескерусіз қалдырмаған жөн.
Қазақ жазушыларының, әдебиетші ғалымдарының тілдің әр түрлі мәселелеріне еңбек жазғандары аз емес. Сөз зергері, академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің, қаһар­ман қаламгер Б.Момышұлының тіл жайында жазғандарын кім білмейді?  Ал, тікелей ғылым тілінің, терминологияның  мәселелерін ең алғашқылардың бірі болып көтеріп, шығармашылығының әр кезеңінде арнайы сөз етіп, оның даму бағытын белгілеуге белсене араласып, өзекті мәселелерін көтеріп, салиқалы ой, салмақты пікір айта білген М.Әуезовтің орны айрықша. Ол қазақтың ғылым тілінің қалыптасуына ат салысып, өзіндік үлес қосқан  ғалым. Сондықтан, ғылым тілінің, оның терминологиясының дамуы мен қалыптасуы туралы сөз болғанда М.Әуезов есімі ерекше аталуға тиіс.

 

1021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз