• Ұлттану
  • 07 Желтоқсан, 2016

Ұлт-азаттық көтеріліске жаңа көзқарас

Намазалы Омашұлы,
 профессор

Уақыт озған сайын маңызы артып, мәні айшықтала түсетін тарихи оқиғалар болады. Сонымен бірге, өз дәуірінде бәсі жоғары болғанымен, кейіннен бағасы кемитін құбылыстар да аз емес. Айырмашылығы: ал­дың­ғысын заманның өзі қалап, тарих тудырса, кейін­гісін пенде қолдан жасайды. Әрине, екеуін де екшеп, лайықты орындарына қоятын уақыт таразысы.
Еліміз тарихында ерекше аталып, жыл өткен сайын ұлықтала түсетін сондай келелі оқиғалардың бірі – биыл 100 жыл толып отырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі. Бір өкініштісі, бұл кезең – алтынмен жазылса да, бодауы қанмен төленген қаралы тарих.


Дүниежүзі қазақтарының құрылтай мәжілісінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Пат­шалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отар­шылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұланғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Дініміз тәрк, тіліміз ғәріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз мүскін хәлге ұшырадық. Мұндай жағдайда ел намысының қозбауы, ер ашуына мінбеуі мүмкін емес еді» деді (Ақкөз батыр, Алматы: Қазақпарат, 2001, 3 б.).
1916 жылғы 25 маусымдағы патшаның Қазақ өлкесі, Орта Азия және Сібір тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу жарлығы қазақ даласына жай оғындай тиді. Дүрліккен ел бас көтеріп, қазақ даласының әр қиырында толқулар болып жатты. Жер шалғайлығы, ел арасындағы әлсіз байланыс көтерілісте күшті топтастыруға, өзара ортақ қимылдауға көп қиындық тудырды. Сол себепті, әркім өз бетінше атқа қонып, әрекет жасағандар ауқымы мен күші де әр өңірде әркелкі болды. 
Қазақстан Республикасы Президенті жоғарыда аталған тарихи сөзінде: «Ең ірі халық көтерілістерін Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Амангелді мен Бекболат, Ақкөз сияқты батырлар бастады. Зеңбіректі әскерге найзамен қарсы шыққан көзсіз ерлерді халық әлі күнге ән-жырға қосып, аяулы аттарын ардақ тұтып келеді. Ардақ тұта береді...» деп аяқтайды. Яғни, Әулиеата жеріндегі Меркі өңірінде болған көтерілісті Елбасымыз «ең ірілері» қатарына қосып, оның басшысы – Ақкөз Қосанұлын қазақтың белгілі батырларымен қатар атауы тегіннен тегін емес. Мысалы, Тұрар Рысқұловтың «1916 жылғы көтеріліс» деген мақаласында: «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс – Әулиеата уезінің, әсіресе, Меркі ауданының көтерілісі болды. Әулиеата уезінен қара жұмысқа 22 мың 675 адам алынбақ екен. Тамыздың соңына дейін үш мың адам алынды» дейді (Сонда, 11 б.). Осыған байланысты мынадай бір деректерге мән бермесек болмас. Аталған мақаланың басында генерал-губернатордың Түркістан өлкесіне таратқан жарлығында: Сырдария облысынан 60 мың, Самарқан облысынан 32 мың 407, Ферғана облысынан 13 мың 830 адам алыну керек деп көрсетілген. Яғни, Самарқан мен Ферғанаға «мақта егетін елдерге жеңілдік» жасалған. Сондықтан негізгі қиыншылық қазақ ауылдарына түскен. Осындай жағдайдан соң көтерілістің қазақ жерінде көп болуы заңды құбылыс деп түсіну керек. 
Қазақтан қара жұмысқа адам алу санына байланысты Мұхамедрахым Жармұ­ха­мед­ұлы деген зерттеуші былай деп жа­зады: «Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы бекіткен есеп бойынша басында Әулиеата уезінің 43 болысынан 13 мың 104 адам алу жөнінде бұйрық болған. Қазақтардың қарсылығынан кейін бұл сан 22 мыңнан асып кеткен» дейді (Сонда, 60 б.). Сонда, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Мадритов пен генерал-адъютант Куропаткин ойына келгенін істеген болып шығады. Бұйрықтың қатаң атқарылуы, Әулиеата уезінің бастығы Н. С. Кастальский мен Меркі приставы Лун­диннің ымырасыз әрекеттері елдегі жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. Айналып келгенде, осының бәрі халықтың патша билігіне деген ашу-ызасы мен қарсылығын өршітті. Ашынған ел өз еріктерімен қайсар ұлдарының жағына шықты.
Ұзын сойыл ұр да жық генерал-губернаторлар әскерлерді ғана емес, орыс шаруаларын да қазақтарға қарсы айдап салды. Жетісу генерал-губернаторы Фоль­баум «Барлық әскерлер мен крес­тьян­дарға жеткізіңіз: Бүлікті жылдам басып, басбұзарларды тәубесіне келтіру тек бір жолмен ғана іске асады. Ол үшін ең бүлікшіл болыстың тас-талқанын шығарып, бірнеше жүз адамын қырып салу арқылы өзгелерге сабақ беру керек деген шешім шығарды. Қабылбек Сарымолдаевтың қарашекпенділер Саңырақ деген руды кемпір-шал, бала-шаға демей түгел қырып салды деп еске алуы осы бұйрықтың орындалуы деп қабылдауымыз керек (Сонда, 101 б.).
Міне, өлке, облыс тағдырын шешетін шенділердің шынайы бейнесі. Ал, одан жоғарыдағылардың, яғни, ішкі істер минис­трлігінің өлке басшыларына жіберген жедел­хатында: «Көтерілісшілерге байланысты істі тездетіп қарау үшін уақытша ерекше құқылы әскери сот ұйымдастырылсын. Жауапты адамдар сотқа беріліп, тергеудің аяқталуын күтпестен дереу соттау тәртібі орнатылсын. Егер, өлкеде соғыс жағдайы жариялана қалса, ерекше сот тек офицерлерден жасақталатын болсын...» деп көрсетілген (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты 146 қор, 1-ші тізбе).Сонда, көтерілісшілерді әскери офицерлер соттайтын болса соғыс пен соттың айырмасы қайсы? Мұндай бас­сыздық отарлаушы елдің өз ішінде емес, басқа бір елмен шайқаста, ата-жаумен ашық айқаста да қолданылмайтын жендеттік қылық емес пе! Қан жұтқан қазақ даласы осын­дай  айуандық соттың талай куәсі болды. Түркістан өлкесінің көтерілісті басу үшін жүзеге асырған шараларының бірі ретінде «1917 жылдың бірінші ақ­панына дейін өлке бойынша 347 адам ату жазасына, 168 адам каторгалық жұмысқа, 129 адам түрмеге отыруға кесілді» деп көрсеткен аталған қорда. Соның салдарынан, патша өкімет орындары қуда­лаған 300 мың жетісулық қазақ пен қырғыз Қытайға қашуға мәжбүр болды (ҚР ОММ, 146 қор, 1-ші тізбе.)
Әулиеата уезі Меркі жеріндегі көтері­лістің құрамына келсек, барлық әлеуметтік топтардың өкілдері болғандығын ерекше атап айту қажет. Көтерілісшілердің құра­мында байлар да, билер де, болыстар да, старшындар да болды. Бұл оның ұлт-азаттық көтеріліс екенін ашып көрсетеді. Өкінішке қарай, кеңес өкіметі кезіндегі саясат бойынша осы тарихи құбылысты негізінен бай мен кедей арасындағы тартыс деп бұрмалап көрсеткісі келді. Көптеген шығармалардың, естеліктердің жазылуында сол саясаттың салқыны бар екендігін ендігі жерде ашық айтпасақ, елі, жері үшін қан төккен арыстар аруағына қиянат болады. Мысалы, Ақкөз Қосанов болыс болған. Оның орынбасары Досмайыл  Сырғабаев  №9 ауылдың старшыны қызметін атқар­ған. Меркі приставы 1916 жылы 9  қыркүйектегі Әулиеата уезінің бастығына берген рапортында былай деп баяндайды: «Менің болыстығымнан Ақкөз Қосанов (бұрын болыс болған), Досмайыл Сырғабаев (ауыл старшыны), Иманалы Медеуов (болыс), Қонысбай Ақмырзаев, Қырғызбай Тілеуов, Жетпісбай Бағысов, Тұзақбай Шындалин (халық судиясы), Сүттібай, Асылбек Дүзенов, Қожаберген Беделов, Арманбай Беков, Көкіш Жакеев, Әбіл Оразбақов, Нүсіпбай Шанбатшаев (ауыл старшыны), Бекбадшаев, Шол­панқұл Ақмалбетов, Тұрғынбай Ақ­ман­бетов, Аттыбек Орманбетов, Шары Қоңғыбаев, Сүлеймен Жылыс­беков, Абдолла Қазақов, Мырзабай Құттыбеков, Дәуренбек Абдуллаев, Кәрібай Дәнішев, Кәрімбай Нұртыбаев, Қазанбай, Сау­ранбай Жайылғанов, Тілеш Әтеке­сов, Кесікбай, Көпұзақ Оңбаев, Жан­тай Малдыбаев (ауыл старшыны), Сәрсенқұл Оңғарбаев (ауыл старшыны), Тұрысбек Абдуллаев, Жантұрсын Иман­­баев, Асылбек Дуанаев, Биназар, Қы­дыр­бай, Қашқымбай» деп жалғасып кетеді. Сонымен көтеріліске басшылық жасағандар саны 38 деп көрсетілсе (Сон­да, 86 б.), тағы бірде 62 адамның аты аталады  (Сонда, 263 б.).      
Соғыс жағдайында берілген рапорттың өзінде халық судиясы атағы барлар, болыс­тар мен көптеген старшындардың аты-жөні, атақ-лауазымы көрсетілген. Бір ғана болыстықтың өзінен халқы үшін жанын аямаған осынша ел ағалары атқа қонған екен. Олардың арасында байлары да, дәулеттілері де аз болмағаны өзінен-өзі түсінікті. Ендеше, бұл тарихи құбылыс әбден жауыр болған бай мен кедей қарсылығынан гөрі тереңірек үңілуді, әділ таразылауды қажет етеді. Сондықтан, біз бүгін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске шын мәніндегі жаңаша көзқарас тұрғысынан бағасын беруіміз керек.
Иса Дәкебаевтың «Бекболат» поэ­ма­сында: 
«Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Рас десең, рас сөз мен айтайын,
Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым»  деп, Бекболат батырдың ақжа­рылуы сол кездегі ашынған қазақ батыр­ларының  барлығының үні деп қабылдау керек. 
Меркі приставы Лундиннің рапор­тында: «Жоғарыда баяндалған ауыл стар­шындары мен олардың канди­даттарын тамыздың 29-нан бастап (көтерілістің қызған шағы) лауазымды қызметтерінен босатуыма рұқсат етуі­ңізді өтінемін, жоғары мәртебелім. Аспара және Қорағаты болыстық бас­қар­­масының маған берген жалған рапорттарына байланысты... Ал, енді, Қорағаты болыстығының басқармасы Ибақ Тұрғымбаевқа қатысты айтатын болсам, жоғары мәртебелім, оны лауа­зымды қызметінен босатуыңызды өтіне­мін. Өйткені, менің лауазымыма қарамастан берген бұйрықтарымды орындамайды...болған және болуы мүм­кін жағдайлардан нақты хабар ай­тып мәлімдемейді» (Сонда, 86 б.) дейді. Соған қарағанда, бұрын болыс, старшын болғандар ғана емес, көтеріліс кезінде лауазымды қызметте жүргендер де патша берген шеннен бас тартқанын, халық жағына шыққанын байқаймыз.
«Көтерілістің басшысы Ақкөз Қоса­нов (№8-ші ауыл Қорағаты болысы) өзін хан есебінде санайды» дейді Лундин. «Ол жөніндегі менде бар мәліметтерге қарағанда, ол тамыз айында Пішпекке барып қайтқан. Ол жақтан халыққа үгіт-насихат жүргізу және оны басқару жөнінде, тағы басқа да қажетті ақыл-кеңес алып келуі сөзсіз.
Ал, қаза тапқан көтерілісшілерді тек­­се­ріп қарағанда олардан үш сызық­ты винтовканың патрондары табыл­ған. Демек, бұл көтерілісшілердің Жетісу қоз­­ғалысымен де байланысты болған­дығының дәлелі. Соңғы уақытта Шу өлке­сінің де халқы көптеп қосылуда. Бұны тез арада жою, талқандау қазіргі уақытта кезек күттірмейтін іс. Әйтпесе көтерілісшілер шайқасы күннен-күнге көбейіп, саны артып келеді» (Сонда, 87 б.).
Халық арасында «соқыр пристав» ата­лып кеткен Меркі учаскесінің приставы Лундиннің рапортына  кеңірек тоқталып отыр­ған себебіміз – бұл нақты мәлімет. Оның үстіне жоғары мәртебелісіне бұлтартпас деректерді хабарлайтыны анық.
Кезінде Әулиеата атқару комитетінің төрағасы болған Қабылбек Сарымолдаев: «1916 жылғы Меркідегі қазақтардың көтерілісі жайында есімде қалғандары» деген естелігінде: «ағұстың 17-25-іне дейін көтеріліске әзірлік жұмысы толық жүргізіле бастады. Жетісулықтармен байланыс жасалды. Көтерілісшілер Алматы қаласын алыпты деген сыбыс хабардың жетуі соғыс өртін өршітті. Сондықтан, Меркідегі көтеріліс толық дайындалып болмай тұрып басталып кетті... ел басқарып жүргендердің көбі көтерілісті басқаруға кірісіп кетті... орыс қарашаруалары: «біздің балаларымыз Отанды қорғап майданда өліп жатыр. Ал, қазақ пен қырғыз халқы үйінде отыр» деп, олардың егістіктерін, мал жайы­лымын тартып ала бастады. Көтеріліс шығуының бір себебі осы болса керек» дейді (Сонда, 98-100 бб.).
Кәдірбек Аманкелдиевтің деректі бір шығармасында көтерілісті ұйымдасты­рушылардың бірі Иманалы Медеуов: - Мен туған жерім, кіндік кескен жерім Жылыбұлақтан айырылған адаммын. Ата-баба қонысыма  орыстарды әкеп қоныстандырып, атын да өзгертіп, Көзмөңке деп отыр.  Туған жерімді қай­тарып бересің бе, Ақкөз батыр? Алды­мен соны айтшы?! – деп талап қоятыны бар (Сонда, 243 б.). Бұл Қабылбектің естелігіндегі «орыс шаруа­лары  қазақ­тар­дың егістігін, мал жайылымын тартып алып, өздерін қуғынға ұшы­ратты»  дегенін растай түссе керек.
Ал, енді, Меркі өңіріндегі көтерілісті басқарған Ақкөз Қосанов кім? Оның айналасындағылар кімдер деген сауалға тоқталайық. Ақкөзді бірде хан, бірде батыр, бірде көтерілісті бастаушы, тіпті, ұйымдастырушы деп жүр. Шын мәнінде осының барлығы да рас екен. Оны сақталған мұрағат деректерінен, әртүрлі жыр,  дастандардан кездестірдік. Мұрағат деректерінде Ақкөзді ақ киізге отырғызып хан көтергендігі және оның төрт бұрышын Құландағы есқараның 90 жастағы биі Са­тылған, Аша елінен келген Рүстембек, төреден Қарабала, қырғыз – Атасақал ұста­­ғандығы айтылады. Бірақ, бұл кезде хандық дәуір келмеске кетіп, қазақ елі бо­дандық бұғауында болғаны белгілі. «Что Аккоз, хотя и был избран руководителем восстания, но ханом себя не обьявлял» дейді академик Ғайрат Сапарғалиев (31 б.). Де­ген­мен, орыс  отаршылдарына қарсы со­ғыс үшін көтерілісшілерді біреу басқару керек болды. Қабылбек Сарымолдаев: «Қора­ғаты болысындағы Қоралас руы­нан шыққан Ақкөз Қосанұлы бұрын болыс болған, қазақ арасында аты шыққан адам еді дейді (Сонда, 99 б.). Ал, «Қазақ батырлары» деген кітапта: «Ақкөз Қосанұлы – Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Ботпай руынан шыққан батыр. Бұзау руынан шығып, Меркі, Құлан өңірінің 7 болыс елін көтеріліске бастаған»  деп көрсетілген (Астана, Фолиант, 2008, 15 б.).
Ұлттық Ғылым Академиясының акаде­мигі Манаш Қозыбаев академик Ғай­рат Сапарғалиевтің зерттеулеріне сүйене отырып Ақкөздің тарихтан алар орнын анық белгілеп берген. «Видный исследователь, член АН РК, прововед Г. Сапаргалиев в своей монографии «карательная политика царизма в Казахстане» (А., 1966) разбирает «Дело об Аккоз Косанова и других». Перед нами встает образ мудрица, отваживщегося встать во главе вооставщих 5 тысячной армии повстанцев. Как видно из архивных источников, а также воспоминаний современников Аккоз Косанов – лидер востания был колоритной личностью. 67 летний Аккоз в свое время был волостным Кургантинской волости. Его лично знали как честного, смелого и мудрого аксакала казахи Меркенской, Кумарыкской, Макпалской, Шунгерской, Курагатинской волостей Меркенского уезда (Сыр-Даринской область) обра­зованного в 1893 году. В состав уезда входили киргизы Жайылской, Тал­канской, Карабалинской волостей. На съезде восставщих в местности Ойтал, в 20-25 верстах от село Мерке Аккоз единогласно провозгашен предводителем. Г.Сапаргалиев докозал, что « восстание, как показывают архивные материалы, направлено против колониального гнета, против аграрной политики царизма.
...Аккоз нашел в себе силу взять всю ответственность за организацию восстания на себя, огорадив тем самым многих свойх соратников.
Род Бузау, состоявщий из свыше ста семей, в 1916-1919 годах потериял две третьих» (Сонда, 24-25 бб.)
Ақкөз батырдың жас шамасына бай­ланысты, қашан қайтыс болғанына орай келтірілетін деректер де бірдей емес. Белгілі ғалым Темірбек Қожакеев өзінің «Үркін­шілік» деп аталатын деректі пове­сінде: «Ол өмір керуенінен 1917 жылы алпыс жасында, туған жер, туған топырағында өтті» деп көрсетеді (76 б.). Ал, «Қазақ батырлары» деген кітапта Ақкөз батыр 1859 жылы туып, 1921 жылы 62 жасында дүниеден өтті деп жазылған (Астана, Фолиант, 2008, с.15 б.). Меніңше  екінші кітапта дұрыс көрсетілген болуы керек. Өйткені, ол еңбекте авторлар Қазақ Ұлт­тық Энциклопедиясына жүгінген (1998, 1 т.). Сондықтан, академик М. Қозы­баев­тың «Иссыккульско-Чуский очаг национально-освободительного дви­­­же­ния 1916 года» деген мақаласын­дағы: «Ли­дер востания 67 летний Аккоз» дегені күмән тудырады. Яғни, энциклопедиялық деректің шындыққа жақын болатынын ескерсек, Ақкөз Қосанов 1916 жылы қол бастаған шағында 67 емес, 57 жаста болған. 
Көтерілісшілердің  санына байланысты да әртүрлі деректер келтіріледі. Жоғарыдағы ака­демик Ғ. Сапарғалиевтің аталған мақа­ласында: «...во главе восставщих 5 ты­сячной армии повстанцев» десе, мұрағат деректерінің бір жерінде 3 мың деп, тағы бір жерінде 4 мың деп көрсетеді. Ал, Қабылбек Сарымолдаев жоғарыда аталған естелігінде 10.000 шамасында болды деп анық айтады ( «Қызыл Қазақстан» №5 – 18, 166-172 бб.). Әрине, көтерілісшілердің нақты санын ешкім дөп басып айта алмасуы мүмкін. Дегенмен көтерілістің уездің төрт учаскесін ( Меркі, Шу, Аса, Таулы) түгел қамтығандығын сараптай келіп, олардың саны 10 мыңдай болған деп айтуға толық негіз бар. Оның үстіне Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты шығарған кітаптағы (Ақкөз батыр, Алматы, 2001) ғылыми мақалалар мен мұрағат құжаттарындағы және естеліктеріндегі деректерге сүйенсек, Ақкөз Қосанов бастаған көтерілісшілер саны 10 мың адам­нан кем болмаған деген қисынға келеді.
Ақкөз батырдың айналасындағы он­дық, жүздікті басқарған қолбасылар, Шын­батша сияқты жауға жалғыз шыққан көз­сіз ерлер мен батырдың сенімді серігі, стар­шын Досмайыл Сырғабаев, болыс Иманалы Медеуов, Ақкөздің ұрпағы, ел сыйлаған ақын Мырзабай, мәмлегерлік жолға жүрген Биназар сияқтылар қаншама. Олар туралы деректерді тауып, ылайықты бағасын беру бүгінгі ұрпақтың парызы. Осы көтеріліс жайында меркелік ақын Әлтай Сүйіншалиннің «Қалаба» дастанын бөліп атаған жөн. Бұл жырды ақын көтеріліс кезінде ауыз-екі жырланған екен. Оны 1927 жылы Р. Құлбаев қағазға түсіріпті. Сол сияқты көтерілістің 20 жылдығына орай, яғни, 1936 жылы жарық көрген «Он алтын­шы жыл» атты жинақта меркелік Рахымбай Құлбаевтың «Қанды күн» деген естелік әңгімесі басылған (36 б.).
Қиялбай Сүгірұлы – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан адам. Сол кісі көтерілістің 20 жылдығында өз көзімен көргендерін дастан етіп жазыпты. Қазақстан Ғылым Академиясының мұрағат қорында сақталған дастаннан бір-екі  үзінді келтірелік:    
«Не десе Ақкөз көнеді,
Иманалы, Тұржан бар,
Мыңбасы мен жүзбасы
Ойталдың бойын өрледі.
Көп үшін тігіп бастарын,
Бетін қанмен жуғаны.
Досмайыл, Ақкөз, Қалқамбай,
Иманалы, Аршынбай,
Әңгіме-дүкен құрғаны» – деп, батырдың айналасындағы әскер басыларымен көте­ріліс жоспарын талқылап, әңгіме-дүкен құрғаны айтылады. Бірақ, солардың көте­рілістегі орны, басшылық еңбегі әлі толық ашылған жоқ. Мысалы, осы Қиялбай Сүгір­ұлы жырлаған дастанда Ойтал ауылының азаматы,  Иманалы Медеуовтың аты бірнеше жерде айтылады. Бірде: 
«Не десе Ақкөз көнеді
Иманалы, Тұржан бар
Бар десе шауып жөнеді» десе, бірде:
«Аттанды қол бір топ боп,
Иманалы бас болып.
Дайындалып тұрсын деп,
Хабар етті елге шөлдегі» (223 б.) деп, оның қол бастағанын, өзге ауылдарға хабар­шы жібергенін жырлайды. Шын мәнінде сан мың адам қатысқан көтерілісте Иманалы болыс сияқтылардың аз болмағаны анық.
Мұстафа Шоқайдың «...16 жылғы көтеріліс Түркістан ұлттық көтерілісінің әліппесі еді және ол, жалпы алғанда, орыстыққа, Ресейге қарсы еді. ...Ата мекеніміз Түркістанның ұлттық проле­тариаты мен орыс пролетариаты ара­сында ешқандай бір достық жақындық болған жоқ» дейтіні Әулиеата уезінің жағдайына дәл келеді (Сонда, 88 б.). Өйт­кені, Меркідегі көтеріліс те жалпы қазақ жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­те­рілістің құрамдас бір бөлігі  болып табылады.
Отаршыл Ресей империясының жар­лығына қарсылық жасап, көтеріліс ұйым­дастырған Меркі қазақтарының ерлік күресі әлі де лайықты бағасын алуы керек. Бұл жөнінде белгілі тарихшы академик М. Қозыбаевтың көзқарасы өте құнды. «Имена Аккоза Косанова, Досмаиля Свергабаева и других лидеров восстания казахов Чуйской долины стоят наровне с именами таких чудогероев на­ционально-освободительного дви­жения как Абдугафар Джанбосынов, Аман­гелды Иманов, Кейки батыр, Бекболат Ашекеев, Жаменке, Саурық батыр. Их имена будут помнить благадарные потомки» дейді (Сонда, 90 б.). Осы кө­теріліс сонымен бірге саяси көсемдерді де өсірді. Айталық, саяси танымы мен зор қабілеті арқылы Т. Рысқұлов кө­терілісшілер арасында сенімге ие болып, саяси басшысына айналды. Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеп отырды. Осын­дай көзге түсерлік әрекеттерінен кейін патша әкімшілігі Т. Рысқұловты үй қа­мақта ұстады. Бірақ, қолдарында нақ­ты айғақтары болмағандықтан сая­си қызметпен айналысуға шектеу қою шартымен босатуға мәжбүр болады. Бұл кезде патшаның жазалаушы әскери жасағы көтерілісшілерді талқандап, бас­шыларының көзін жойып, халықты жан-жаққа жан сауғалауға мәжбүр еткен-ді. Солардың қатарында Ақкөз Қосанұлы да тұтқындалып, Әулиеата түрмесіне жабылды.
Түрмеге жабылған көтерілісшілер саны да әр жерде әртүрлі көрсетіледі. Мысалы, Темірбек Қожакеұлы «Лениншіл жас» газетінде басылған мақаласында 600 адам тұтқынға алынды дейді (1960, октябрь-декабрь). Ал Ғайрат Сапарғалиев «Дело об Аккоз Косанове и других» деген зерттеу мақаласында: «всего по действиям повс­танцев, руководимых Аккозом, было
возбуждено 26 уголовных дел» (Сонда, 31 б.) деп, нақты құжаттарға жүгінген. Енді, бір жерлерде 30 кісі қамауға алынды делінеді. Шын мәнінде, Меркі түгіл Әулиеата уезінің түрмесіне дәл сол кезде бізден 600 адамды қамауға алуға мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан, академик Ғ. Сапарғалиевтің дерегі дұрыс деп ойлаймыз. Оның үстіне көтеріліс басшыларының саны да осы шамалас.
Тарихтан танитынымыздай, 1916 жылғы маусым жарлығын орындау мен көтерілісті қолдауға байланысты қазақ оқығандарының арасында көзқарас пайым бірдей бола қойған жоқ. Қазақ интеллигенциясының солшыл бағыттағы социал күштері радикалды іс-қимылға бейім тұрды. Негізгі өкілдері Т. Рысқұлов, Т. Бокин, Ә. Жангелдин, Ж. Ниязбеков, С. Меңдешев, Ә. Жүнісов т.б. болған топ халықты қарулы көтеріліске үндеп, бас көтеріп, қарсы тұруға шақырды. Өздері де осы күрестің бел ортасында жүрді. Ал, «Қазақ» газетінің маңайына топтасқан Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы қатарлы зиялылар жетекшілік еткен ұлттық бағыттағы либералистер халықты жарлыққа мойынұсынуға үгіттеді. Кейіннен алаштықтардың осы ұстанымы кеңес кайраткерлеріне оларды феодалдық-байшыл билеуші топ ретінде әшкерелеуге таптырмас «дәлел» болғаны анық. Ал, шын мәнінде, кеңес кезінде мұның барлығының мәнін ашып айту мүмкін болмағандығын білеміз. Сол себепті, 1916 жылғы көтеріліс туралы сөз қозғағанымызда алаш қайраткерлерін біржақтылы қаралаудан арашалап алу аза­маттық парызымыз деп түсінген орынды. Біздің ойымызша, алаш оқығандарының «қазақ жігіттерін тыл жұмысына алу ке­рек» деген жарлықты мақұлдап, оған мойын­ұсынуға шақырғанында бірнеше объек­тивті себептерді қарастырған болуы мүмкін: біріншіден, «Алаш» қайраткерлері алмағайып заманда, ең бастысы, халқын аласапыраннан аман алып шығуды көздеді; екіншіден, іс жүзінде қолында темірдің сынығы да жоқ қазақтардың мұздай қаруланған орыс армиясына төтеп бере алмай, тектен-текке соғыстың құрбаны болады деп қауіптенді; үшіншіден, егер бірінші дүниежүзілік соғыстан Ресей жеңіспен шыққан жағдайда қазақтардың да хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына сенім артты. Империямен ымыраға келе отырып, халқының бас амандығын бірінші кезекке қойған «Алаш» көсемдері тылға адам алуды ушықтырмай, қазақтың болашағы үшін әзірлік жұмыстарын жүргізуді ұсынды. 
Көтеріліс кезінде орын алған қанды қырғын, жүздеген мың адамдардың қаза табуы алаш қайраткерлері қаупінің негізсіз еместігін дәлелдеді. Бұл жайында М. Дулатұлы 1926 жылы көтерілістің 10 жылдығына орай «Еңбекші қазақ» газетінде жазған «1916 жыл» атты
материалында былай баяндайды: «Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағ­дарысқа ұшырадық. Қайтпек керек?! Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ керек? Елдің ырзалықпен көнгісі келмейтіні, балаларын бергісі келмейтіні, «соғыс»,
«солдат» деген сөздерден өлердей қор­қатыны, патша үкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. «Көнбе, берме» дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп «көнбе» дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда? Бізде ұйымдасқан күш жоқ. Көнгені дұрыс па екен? Көнбегені артық болар ма екен? Екеуінде де зиян бар екен. Екі зиянның қайсысы жеңіл болар екен?
Міне, біздің басымызды даң қылған, миымызды ашытқан, ұлы дағдарысқа қалдырған сұраулар осылар еді... Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дәтіміз шыдамады. Сондықтан, біз екінші жолды қаладық. Көну керек дедік. Осыған бел байлағаннан кейін елге көріне айтатын сөзіміз де, басшылығымыз да осы бетте болды. Тек неше түрлі сылтаумен соза беру жағын ғана ескеріп отырдық (Міржақып. 1916 жыл//Еңбекші қазақ. - 1926.-#145). 
Осы ойдың өзі-ақ 1916 жылғы көтеріліс кезінде алаш зиялылары ұлттық мүддеге сатқындық жасады деген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді.
Қазақ халқы қанша жуас, момын, шыдамды болғанымен ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білетін ел екенін тарихта талай дәлелдеген. Ол дұшпанының шектен шыққан қорлығына көнбейтінін осы 1916 жылғы көтерілісте анық көр­сетті. Бүкіл қазақ жерінде орын алған
ұлт-азаттық көтеріліс патша өкіметіне қауіп төндірер күш болды десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, дайын әскері, жетілген қару-жарағы жоқ қазақ елінен қайтпас қар­сылық күтпеген орыс отаршылары қатты састы. Мұндай қайсарлықты қазақ халқы тарихта талай көрсеткен. Алысқа бармай-ақ оның жарқын бір дәлелі – кешегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Әлемді аузына қаратқан алып империя КСРО-ның ыдырауына да себеп болған – қазақтың батыр ұл-қыздары. Біздің тәуелсіз ел болуымызға да осындай намысшылдығымыз жетелегені анық.

3161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз