• Келелі кеңес
  • 10 Қаңтар, 2017

ОРҚАЗҒА ОР ҚАЗ!

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
ақын, сыншы

Біз қызық халықпыз өзі. Теріс сиетін түйе сықылды. Әйтпесе, тәуелсіздік алғаннан бері айтудайын айтылып, қақсаудайын қақсап келе жатқан жоқпыз ба? Бұл уақыт ішінде де тіл үшін күрестегі мылтықсыз майдан ешқашан толас тапқан жоқ десек те болғандай. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!..» ал, қалай сөйлесіп жүрміз? Ілуде бір Елбасы БҰҰ-ның мәртебелі мінбесінен ана тілінде ойын жеткізіп еді, билікшіл басылымдар шүпірлей жарамсақтанып, ұлардай шулап қырылып қала жаздады. Ол қазақ халқының ұлы, құдіреттің жердегі көлеңкесі болса, солай етуі мазасыз уақыт алдындағы перзенттік парызы емес пе? Бұдан бірнеше жыл бұрын: «Он бес жылда аюды да қазақша сөйлетуге болар еді» деп тіл тізгіні ортаға тасталған болатын. Содан бері не өзгерді? Нәтиже қандай? О...

ЮНЕСКО-ның бір мәліметі бойынша, қазір жер жүзінде 6800 тіл өмір сүрсе, ХХІ ғасыр аяғында олардың 90 пайызы жойылып (кім бәбісек көкекке ұқсап сәуегейлік жасаса да жағына жылан жұмыртқаласын), әр екі айда екеуі өліп, небәрі алты жүзден астам қатынас құралы қалатын сыңайлы. Жаһандану деген қызыл көз пәле жағадан алып, жан-жағын жалмауыздай жалмап келе жатқанда құрақ көрпені қымтанып жата бермей, көп қауіп-қатермен есептеспесе болмайды. Қайтіп және қалай құтыламыз? Тіпті, үрей ұшады. Бүгінгі таңда Ана тілінің үстінен Дамокл суық семсері төніп тұрмаса да оның басына қара бұлт үйіріліп, халі аса мүшкіл екені айтпаса да аянышты. Өлмек, этрус, шумер,  латын тілдерінің тағдырын құшпайтын шығар, лайым. Сонда да... Мысалы (мақтан үшін айта ма?) тап қазір теріскей көршіміз Ресейде 190 тіл тірі болса, 4 керек, 1 юган халқының тұрғыны тіркеліп тұр. Қандай ащы сұмдық! Авар тілі өлсе, менің тірі жүруім неғайбыл дейтін Қап тауының ақиық ақыны Расул Ғамзатовтың айтқаны ойға оралады. Күні кеше қылышынан қан тамған Кеңес одағы кезінде Балтық бойындағы алақандай Эстон халқының бір сөз емес, бір әріп үшін (Таллин) тайталасқан жеңісі неге ащы сабақ болмайды? 
Бәлкім шөп басын сындыратын шы­ғар­мыз. Таяуда Қазақстан Парламенті Се­на­­тының төрағасы (спикері) Қасым­жомарт Тоқаев өз твиттеріне Қазақстанның ағыл­шынша дұрыс жазылмай жүргенін  көрсетіп түсіріпті. Енді, сөзден іске көшсе, кәнеки, бәрекелді демейміз бе? Халық тілі жанашыр қамқорлық білдірсе ешқашан өлмейді. Оған анық көз жеткізетін пәрменді шаралар жасалса деген тілек туындайды. 
Түркі тілінен кірген көл, тау сөздерін куль (Иссык-куль), коль (Алаколь), кал (Байкал), тав (Кокчетав), даг (Аю-даг) деп сан­құбылтып жазып жүрген орыс тілі жетісіп тұрмаса, оның шын жанашырлары күйініп те, сүйініп те барынша баламасын қолдануды ұсынады. Оқулықтарды сұрыптай келе мектептерде астрономия пәні қайта оқытылатын болды. Орыс қауымының көпшілігін шетелден жөн-жосықсыз енген сөздер мазалай бастады. Ал, бізде ше?! Әләзір тым-тырыс. АҚШ-тың Орган қаласынан Түлкібасқа көшіп келген ағылшын маманы Джеймс Тейллор қазақша судай біліп шығады. Жергілікті тұрғындар әйелі Келлиди Қарлығаш, үлкен ұлы Жошуаны – Жасұлан, екінші ұлы Даусэнді – Даурен, кенже қыздары Грэйсп – Гүлжан деп еркелетіп атап кетеді. Ол қазақияда болған он үш жыл ішінде тіл мәйегінен сусындай қанығады. Өнеге етіп ұсынатын-ақ өмір. «2015 жылғы зерттеулерге сенсек, Қазақстанда 44 мыңдай адам мемлекеттік тілді үйреніп жүр» деп алдарқатады. Жұрттың жанайқайына кім құлақ асып жатыр?! Біраздан бері қазақ тілінің жанашыр қамқоры болып, даланың жылан арбаған шынашақтай бозторғайындай шырылдайтын әзірбайжан қызы Асылы Осман: «Әрине, түрлі тілді білу керек, бірақ, оны балабақшадан бастауыш сыныптан бастаған жөнсіз. Түріктер 6 сыныптан, жапондар 5 сыныптан бастап шет тілін қосады екен. Енді, сондай өркениетті елдердің қатарына қосыламыз десек, неге солардың үздік жүйелерін өзімізге алмаймыз?!» дейді өскелең ұрпақ болашағын ойлап. Биылдың өзінде республика бойынша 12 миллиард теңге игерілмей қалатын қауіп белең бере бастады. Содан жырымдап болса да қазақ тілінің қажетіне жұмсалса қайтеді? Бұндай жағдайда босбелбеулік танытып, «ұзын арқан, кең тұсау» саясатын ұстануға төзе беруге мүлде болмайды. Жайбасарлық һәм бойкүйездікпен ұлт тілінің көсегесін көгертпей отырған өзіміз тек. Немесе құнарлы жерге егілген көшеттің де тамыр тартып, жапырақ жайып, жеміс беретін кезі әлдеқашан келген жоқ па? В.Радлов сияқты шығыстанушы шоқжұлдыздар оған бекерден-бекер сүй­сінді ме? «Қазақтардың тілі жатық та, шешен әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таңқалдырарлықтай оралымды. Қазақтардың кез келгені тіпті, сауатсыздарының өзі ана тілінде Еуропада байқап жүргеніміздей тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлейді». Сонда, оны әлдебір білместік астамшылдықпен не шамшылдықпен мен­сінбеуге қандай құқымыз бар? Орыстың патша қатыны ІІ Екатерина өз пәрменімен Қырым түбегін Таврида, Текені Уральск, Жайықты Урал деп өзгерткен жоқ па? Сол құрлы болмағанымыз ба? 
Қалай тепсе солай домалай беретін адам басы Алланың добындай. Тұранға тайрандап келген Күріштің (Кир) басы қайда қалды? Меруде көзеге айналған Мұхаммед Шайбанидың кәлласы ше? Кекілсайда кескілескен Кеңесарының кеудесі неге күрсінеді? Жер шарының түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген жөйттерге сүйсінбеу мүмкін бе? Олар қай құрылықта болса да бас қосып, жұдырықтай жұмылып, нұрлы күнге қарай ұмтылып, өле бастаған иврит тілін қайта тірілтіп, жанашырлық пен қамқорлық білдіріп, небір үздік үлгі көрсетіп, айдай әлемге паш етіп отырған жоқ па? Тамшылатып суғару тәжірибесі қалай туды? Ресей сықақшысы А.Райкин бастаған топ, қазақстандықтар Морис Симашко, Светлана Аксенова және басқалар қандай астыртын қимыл-қозғалыстың құрбаны болып кетті. Ел байлығын теспей сорып жүрген ірі кәсіпкер А.Машкеевич (А.Мицкевичпен шатас­тырмаңыз) неге тұлыпқа иійтін сиырдай солай қарап мөңірейді? Анда-санда тауып, кейде қауып (бірде көл, бірде шөл) сөйлегеніне қарап, сайқымазақ жындысүрей атанған алматылық еврей, Ресей думасының депутаты В.В.Жириновский орыс мүддесі мен тілінің жыртысын жыртып, қалай жанын салып жүр. Көзіміз көр зағип, құлағымыз керең саңырау емес. Айтыңызшы, біздің қай кеңсегер (шенеунік) немесе халық қалаулысы күйіп тұрған көкейкесті тіл мәселесіне шырылдап араласты. 
Адам айтайын деп айтпайды. Тіл мен діл қышып тұрған соң, амал жоқ, сондай қадамға барады. Орашолақ ойлап, қойыртпақтап, шүлдірлеп сөйлеп, жақында орқазға (орыс­ша-қазақшаға)  көшетін сияқтымыз. Көшеде, қоғамдық жерлерде, көпшілік көлікте, мектептер мен жоғары оқу орындарында барған сайын шұбарлап, араластыра сөйлеу кең етек алып бара жатқандай. Ешкім одан қымсынып, қымтырылып жатқан жоқ. Бұл қай мәдениетке жатады? Қалғып-мүлгіп жүрген арымызды оятып, намысымызды қамшыласақ болмай ма? Бұл жағымсыз, қыңыр-құбылыстың отына май құйып, жалпы жұртшылыққа жайыла түсуіне қазақтелеарналары (бәрі десек те болады) көп үлес қосып келеді. Бұған, әсіресе, 31 – «Информбюросы», «Астананың» – «Біздің уақытымыз» тым әуес. Қойыртпақ – түбі құрдым екенін білмей ме? Шамалы шімірікпей ме? Бұларды кездейсоқ оқиға деуге болмайды. Еріксіз еске түседі. Қыр­күйектің қайсы бір күні «Астана» телеарнасы мұхит асып Бразилиядан оралған Рио Олимпиадасының зілтемірден күміс­  жүлдегері Жазира Жаппарқұлдан сұх­бат алып жатты. Жұлдызды жеңімпазды қалай марапаттап, мақтансақ та жарасады. Қазақ қызының топ жарып, Олимп шыңын бағындырғанына төбеміз көкке жеткендей болып қалды. Осы жолғы сыйақысын сал болып жатқан сіңлісіне емделуге беруі де үлкен адамгершілік. Бірақ, ана тілінде таза сөйлеп, оны көзқарашығындай сақтап, құрметтеп қарау кімге болса да асыл парыз. Телетілшінің шатты-бұтты сауалына ол остановка, всегда, т.б. орыс сөздерін қосып жауап берді. Қалың қазақтар арасында өскен бойжеткеннің аялдама, әрқашан ұғымдарының ана тіліндегі балама мағынасын білмейді дегенге өз басым мүлде сенбеймін. Бұл жерде көк жәшік қызметкерінің өзі дайындаған хабарына сәл де болса мұқият жауапкершілікпен қарауы қайда қалды? «Информбюрода» комментарий, инвалид, квартира (14 қазанда) наличко, обяснительное, полтара часа, свет, ремонт, трио, просто, запускной вариант, больница және т.б. орыс сөздерін сапырылыстырып сөйлемесе басы ауыратындай. Таяуда Таразда қатты дауыл тұрып, бірталай қызмет көрсету нысандары істен шығыпты. Ата сақалы аузына біткен ақсақал қазақшасы бола тұрып, столбы, свет, настрой деп сайрады. «Бүйректен сирақ шығару» қандай шығармашылықты ұшпаққа шығарады? Талап пен талғам күшейтілмесе кіш­кентай ақжолтай хабар-ошардың өзі көрермен көзайымына айналуына не ғайбыл. Кейінгі кезде «31 арна» біршама дүмбілез бірнеше дүние ұсынды. Оның «Келіндер бәйгесін» жатырқамай қарсы алу мүмкін емес. Бұнда да сол тіл тазалығын маңсұқ етіп, телеқойылымға төрелік етушілердің өздері жарым-жартылай орысша шүлдірлеп жүр. Мейлі, «Білгірлер бәйгесі» мақұл болсын. Ал, «Келіндер бәйгесі» деген не? Тапқырлық па? Қай қазақ келіндерін бәйгеге қосты? Жарыстыратын ат па? Ұлттың  бар болмыс-бітімін көрсете ала ма, бұл? Жас келіннің бетін ашарда бәле-жәледен алыс болу үшін отпен аластап, құтты аяқпен табалдырықтан ырым-жырымын жасап, аттатпаушы ма еді. Көрімдік беріп, мәре-сәре болып бір масайрап жасап қалатын. Келмей жатып келіндерді жарыстырмайды. Бәйгеге тек аттарды ғана жегеді. Нанымды өйтіп қор етуге болмайды. Түк таппағандай «Бесбармақ-шоу» бар еді. «Бесбармақ» деп шулап, жүрген топқа ұшырасудағы парықсыздық іш жиғызады. Ұлттық дастархан мәзірінде үйме-табақ ет бар да бесбармақ атаулы жоқ. Оны келемеждеп, ажуалау үшін мысықтілеу әлдекімнің әдейі қолданысқа жібергені болып табылады. Аталмыш хабар тыйым тілейді. Оған ешкімнің қатысы жоқтай бұрыс па, дұрыс па? «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмай тұр.
«Ақиқат» журналы оны бүгінде «Ке­лелі кеңес» деп алып жүр. Бұ да жақсы, құлаққа жағымды, қазақы ұғым.
Алматыда ар-намыс, ұят пен рух қат та сауда нүктелері, шаштараздар, дәріханалар мен сұлулық салондары қисапсыз көп. Жарымжан жарнамалар мен ақау аудармалар аяқастынан кездеседі. Төл тәржімаға қалай болса солай атүсті немқұрайлы қарап, бей-жайлық танытуға болмайды, еш, сөзжасам оңайлықпен тумайды. Собакеевичті Итбаев, Кабаниханы Қабанова, Ивановичті – Иванұлы, Никитичті Никитаұлы деп аударудың дәурені әлде­қашан өткен жоқ па? Өткен ғасырдың 70-80 жылдары «Лениншіл жас» газетінің қаны жерге тамбай тұрған кезінде «Круглый столды» әп-әдемі «Қонақжай шаңырақ» деп жүрді. Несі сөкет? Әзіргі басылымдардың көбісі добалдай ғып «дөңгелек столдан» неге танбайды? Сұхбатты жасаған, әңгімелескен деудің орнына қайта-қайта жүргізгенге жүгіре берудің себебі не? Сонда сұхбаттың жүретін аяғы бар тәрізді. Соңында және журналист әңгімелесушіге рахмет айтуды да (неге, не үшін) ұмыт­пайды. Немістер ішінде қазақтың туын тіккен марқұм Герольд Бельгердің байқауынша, қазақ тілінің тамаша білгір тамыршысы болып есептелетін Жүсіпбек Аймауытов «Ақ білек» романында (2009 ж.) «Соңынан қарбыз сойылды» (96 бет) деп жазады. Қауын-қарбыз сойылатын мал ма? Жарылды, тілінді, кеселенді демей ме? «Арыс» баспасы кәдімгі кәдіге (баклажан) «сопақша келген кіші-гірім асқабақ» деп түсінік беруі тауып айтылған ба? Мәскеудегі әдебиеттің М.Горький атындағы институтында оқып жүргенде Ғабиден Мұстафиннің бір үлкен жиында Л.Н.Толстойдың атақты «Воскресенье» романын «Жексенбі» деп аударғаны бас шайқатып, күлкі шақырған болатын. Бұның бәрі бізге ана тілінің байлығы, құнарлылығы мен тазалығына абай болуды міндеттейді. Жыл сайын күнкөріс қамы және басқа бір пәнайы себептермен шетелдерге кететін үлкен бір ауылдай 30 мың қазақстандық ана тілін жүрген жерлерінде кеңінен насихаттайды дегенге нана алмаймын. Өзіміз дегенде өзек өртенеді. 
Бірде академик Сейіт Қасқабасовтың күйініп «калька көбейіп кетті» деп ана тілі болашағы үшін аса абыржып алаң­дайтынын ашық білдірді. Бұл түсінікті түйсік үлкен-кіші  бәрімізді де тереңнен толғандырады. Қадам басқан сайын тіл заңдылықтары мен ресми ережелері қатаң сақтала бермейтінін көз көріп, құлақ есітіп жүр. Бүйте берсе, енді, аз уақытта жаңа дүбәра ұғым пайда болып, жан ашитын жағдайға жететін шығармыз. Тілдердің мұрнын бұзып, көзін шығарып, басын жарып, орашолақ ойлап, қойыртпақтап сөйлейтін орқаздардың (орыс­ша-қазақша) көктен іздегені жерден табылып, Құдайы беріп қалды. Ұлан-байтақ Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да көңіл құлазып, жан жүдеп қайтады. Күлдібадам сөздерді шатастыра шүлдірлеп, ананы да, мынаны да сапырып сайрайтындар жиі ұшырасады. Қайсы бір күні Алматыны ұзыннан да, көлденеңінен де ұзақ аралаудың (әдейі емес, әрине) сәті түсті. Қоғамдық көлікке отыру мұң екен құлақ сарсылып, көз қарайды. Көлік жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігі мен жауапсыздығы анда­ғайлап, жүрек ауыртты. Кісілердің жолақысын тексерушілер шімірікпей «София-Ковалевская, Баумана» деп тақылдады. Бұл көшелер біраздан бері Нұрғиса Тілендиев, Тұрғыт Озал атымен аталып, өзгерген жоқ па еді? «Дайындаламыз: Абая, Байтурсынова, Сейфуллина, Виноградова, 8 Марта. Түсеміз: Зеленый базар, Мех колонна, Библиотека, Экран» деп шұбырта бастады аялдамаларды бірінен кейін бірін ықылассыз атап. Не қазақша, не орысша емес аралас атаудың орнына нақтылап «Қарасай батыр, Қалдаяқов, Көк базар тоқтамасы десе біреу тағынан тайып қалатындай. Оңтүстік Астананың шығыс айналмасы мен Құлжа күрежолы қилысынан алыс емес тұста «Верненский базары» орналасқаны мәлім. Дұрысы –  «Верный базары». Аты әйгілі байқауды Ресейдің өзінде «Славянский базар» демей, «Славян базары» деп атамай ма? Алаңдар мен көшелер абыройды ойрандай төгетін, жартыкеш жарнамалар мен сауатсыз сызбаларға толы. Аты да, заты жоқ баспалардан шығып жатқан кітап өнімдерінде емлелік, мағыналық және грамматикалық қателер өріп жүр. Бір жазбагер Г.Н.Потаниннің «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деген лебізін А.В.Затаевичке телісе, «Жошы ұлысы» хабарының авторы «Жами ат тауарих» («Жылнамалар жинағының») туындыгері Рашид ад-дин Фазалах ибн Абуль-Хайр Хамаданиді (ат Тәбиби) араб тарихшысы, А.Байтұрсынұлының «Газет – елдің көзі, құлағы» деген «Ана тілі» иемденіп жүрген тіркесті Ә.Бөкейханға тиемелі десе не шара. 
Жазушы Дулат Исабеков жуырдағы бір сұхбатында қазақ телеарналарының тобырлық мәдениет ықпалына түсіп, соны насихаттауға бейім екенін ашынып, әділ сынады. «Бөрінің Тәңірісі болса, иттің иесі бар» емес пе? Жүгенсіз ауа жайылғандарға тәйт дейтін ешкім болмай барады. Бұл қашанға дейін жалғаса береді. Біреулердің қаңсығы (қытай, қәріс, үнді мен түрік сериалдар) бізге таңсық болғаны ма? Тек соңғы сәттерде кіші экраннан беріліп жатқан қисапсыз һәм қызықсыз хикаяттардан қарын ашады. Оларға жәй сырттай көз жүгірткеннің өзінде көңілдің күйті қашып, жүйке сыр беріп сала береді. «Арам ақша, адал махаббат», «Махаббат пен өшпенділік», «Махаббат мұңы», «Нысанадағы махаббат», «Катя махаббаты», «Әйел бақыты», «Әйел қырық шырақты», «Келін», «Фатмагүл», «Киелі неке», «Зина, Зикуля», «Ұрланған өмір», «Ұрланған тағдыр», «Тағдырмен тайталас» болып ащы ішектей шұбатылып кете береді. Тақырыптары қандай тайыз, айтары аз, қозғап отырған мәселесі кәкір-шүкір, көңіл көншітпейді. Ана бір кездері 50 де 50 пайыз тіл мүмкіндігін пайдалану жайы сөз болып еді. Оған пысқырып қарап жатқан ешкім жоқ. Қайта қойыртпақ дүмбілез дүниелер көбейе түскендей. Оның түбі құрдым екенін білмегені ме? Көп телеарнаның хабары шалағай, тілі шұбар. Олар сана сүзгісінен өткізілмейді. 
Күйінесің бе, жоқ па? Балаларға арналған оқу құралында бір әріптесіміз «арыстанның күшігі» деп жазса, енді бір баспа 3 сыныпқа арналып былтыр төртінші рет басылым көрген «Қазақ тілі» оқулығында (60 бет) құрастырушылар ұялмай-қызармай жаңа Америка аш­қандай дәл солай «арыстанның төлі» деп көшіре салыпты. Онда бұл шіркіндер арыстанның абданы болатынын білмегені ме? Мысықтың мәулені, тек үй хайуанаттары төрт түлік малда ғана ешкі мен қойдың төлі, иттің күшігі мен қасқырдың бөлтірігі, түйенің ботасы, аюдың қонжығы, киіктің құралайы, арқардың қозықасы, құс төресі аққудың көгілдірі болмаушы ма еді. Жыртқышқа төлді телігені несі? Барынша қазақшаны өрістетіп, оның орасан байлығы мен көркемдік-бейнелік қуат-қасиеттерін одан әрі өркендетудің орнына кейбір қаламгерлердің өздері сөзді қолдану аясын тарылтып, тіл бұзуды жаман дағдыға айналдыра бастағандай. Ұлт қатынас құралының шұрайы, қоры мен құнарлылығын бес саусақтай білетін Кәмел Жүністегінің бір мақаласында қас­қырдың қаншығы (құртқасы) жерік болып жүр. Ондай әдет пен қылық әуелі әйел затына қарай айтылмай ма? Ілия Жақанов «Дудар-ай» сипаттамасында үсті-үстіне төпелеп, мағынасынан кем түспейтін баламасы бола тұра дача (саяжай), купец (көпес), завод (зауыт), квартал (орама), теоретик (болжамгер), регистр (деңгей, дәреже), квартет (тарттаған) және де басқа орыс сөздерін туындыларына орынсыз тықпалайды.
Біздің БАҚ-тарда «Қоғамдық пі­кірді» білдіретін публицистика сөзі селкеу аударылып жүргеніне көпшілік онша ден қоймай жүргендей көрінеді маған. Баспасөзге жиі араласып жүрген серке сөзші Бауыржан Омарұлы «Ең әдемі ертегі» кітабында соны сәтімен келтіреді. Марқұм жазушы Сейдахмет Бердіқұлов қал үстінде жатқанда көңілін сұрай барған кіші әріптестеріне соны құлаққағыс еткендей. «Осы көсемсөздің баламасын таба алмай жүр едім, – дейді ол бақилыққа аттанарда да ана тілінің тағдырына алаңдап. – Ойыма енді оралып жатқанын қарашы. Соны беделсөз дегеніміз дұрыс-ау. Әйтпесе, қолына қалам ұстағанның бәрі көсемсөз жаза берсе...Онысы көсем сөзіндей болып шықса жақсы...» Жазбагер К.Ісламжанұлы беделсөзді түйін сөз орнына қлданады («Алматы ақшамы», 29 қыркүйек 2016 ж.( Біздіңше серкесөз құлаққа сіңімді секілді. Қойды серке бастамай ма? Ойды серкесөз жетелесе жарасып, қисыны келіп, қабысып, қиысып тұрғандай. Уәжсөз десе де орынды. Неде болса ескертпе елеңдетеді. 
Терминдер туралы дүдәмал түйіндер ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды. Публицистика бәтуасөз, жүйесөз, беделсөз бола ма, әйтеуір көсемсөз емес. Олар балмұздақ, аялдама сияқты кірігіп кетсе қандай! «Свежийді» балғын, «здоровый образ жизниді» «салауатты өмір салты», «публицистиканы» – көсемсөз деп тәржімалауға түбегейлі қарсымын. Оңтүстік Астананың көшелері мен жер­төле маңдайшаларында «срочный ремонт обуви», «Срочное изготовление ключей» дегенді «Жедел кілт дайындауға», «жедел аяқ киім жөндеуге» сайыпты. Аяқкиім жедел ме немесе жөндеу жедел ме? Екі ұшты. Жаңылтпаштай бас қатырып, тіл сындырады. Адасып аударылып жүргендер қаншама. Бұл індет тұрмыстағы басқа салаларды да тұтастай қамтитындай. 
Көрсек те көрмегенсіп, білсек те білмегенсіп жүре береміз. Неге қате қалыптасқан ұғымды түзетуге сонша құлықсызбыз? Кімдер, нелер кімдер мен нелердің атында? Біздің елімізде ұзақ уақыт бойы ұлт, мемлекет, облыс, академия, әдебиет пен өнер, тарих пен этнология, опера мен балет, политехника мен көлік пәленше мен түгеншенің атында болып жазылып келеді. Осы дұрыс па? Әл-Фараби, Абылай, Абай, Құрманғазы, Шоқан, Жамбыл аруақтары ұрпақтарына риза шығар. Олар есімімді кез келген оқу орындары мен мекемелерге қоя бер демеген шығар. Біз ұлылардың абыройы мен атын асқақтатсақ барлық іс-әрекетіміздің жөнімен бол­ғаны ғанибет. Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақтың педагогикалық университеті, Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясы, Құрманғазы атындағы Академиялық халық музыка аспаптарының оркестрі деп жатамыз ылғи. Егер, зер салып, бажайлап қарасақ солай ма? Бізде ұлы ұстындарымызды анаған да, мынаған да тықпалап қолжаулық ету қашанғы жалғаса береді. Жөніне көшсек: Мемлекеттік Қызылорданың Қорқыт атындағы университеті, Батыс Қазақстанның аймақтық Махамбет атындағы университеті, т.б. емес пе? Өзгертуге әлі де кеш емес. 
Әрқашан шындық шыжғырады. Ешкім ұйпадарлы ұғымдар, тағдыр шешті шешімдерге қарсы болуы мүмкін емес. Десек те, Шаһкәрім, Х.Досмұхамедұлы, Е.Букетов, С.Аманжолов, Ш.Есенов, М.Ос­панов атындағы оқу орындары, І.Омаров, Қ.Жандарбеков, Ш.Хусайынов, Б.Римова атындағы мәдени ошақтар соған лайық па? Болашақта керісінше болып жүрмей ме? Қоя берсек ұлттық тарихымызда әйгілі әулиелер, асқан абыздар, кемел көшбасшылар, дарабоз данышпандар аз емес. Оларды қастерлеудің басқаша жолдарын қарастыруға болмай ма? Дүние бізден басталып, бізбен бітпейтіні ескерілмейтіні қалай? Еліміздің мәймөңке министрінің бір түрі өзі қазақ бола тұрып, миымды ауыстырмаса қазақша қақпаймын деп мәлімдеп, соны мақтаныш тұтса, ана тілі қыран ұшар қияға қайтіп қанат қағады?
Сонымен, патша көңіл оқушы, айту бізден, ендігі сөз кезегінің тізгіні сізден! Орқаздарға (орысша-қазақша қойырт­пақтап сөйлейтіндер) ор қаз!

 

613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз