• Заманхат
  • 10 Қаңтар, 2017

АСҚАРБЕК ҚҰСАЙЫНОВ: «БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАРҒА байыптылық қажет»

Білім беру – қоғамдық өмірдің маңызды саласы, тіпті, ұлттық қауіпсіздіктің бөлінбес бір бөлшегі. Әлемдік тарихта дербес білім беру жүйесінен айрылу кейбір ұлттық мемлекеттердің жойылуына әкеп соққан себептердің бірі ретінде келтіріледі. Яғни, халықтың, елдің болашағы, оның рухани, интеллектуалдық даму бағыты оқу жүйесіне, білімнің сапасына, білім беру мекемелерінің жай-күйіне тікелей байланысты. 


Қазіргі күні Қазақстанның білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Бұл реформа жайында қоғамда қызу пікірталас жүруде. Көпшілік қауым осы уақытқа дейін білім саласында  қордаланған кемшіліктер жаңа өзгерістермен одан әрі күрделене түспей ме деп алаңдайды. Дегенмен, қоғамды екіұдай күйге түсірген білім саласының шынайы жай-күйі, кейбір теріс құбылыстардың себептері мен салдары, реформалардың пайдасы мен зияны жайынан  көпшілік бейхабар. Ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салушы, Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновпен сұхбат осы бағытта өрбіді.  

  – Сіз ғалым ретінде көптеген шет елдердің білім беру жүйелерін зерттедіңіз, оған қоса қазақстандық білім саласының басы-қасында жүрген азамат ретінде де жақсы білеміз. Қазіргі қазақстандық білім беру кеңестік дәуірдің білім жүйесін мұра етіп алды. Ал, кеңестік орта білім сапасы жоғары болды деп мойындалады.  Онда неге білім сапасы төмендеп кетті?       
А. Құсайынов: – Рас, Кеңес Одағында орта білім сапасы жоғары болды, ол әлемде алғашқы үштіктен орын алды. Барлық мектептерде, қазақ мектептерінде де, барлық пәндер бойынша әр сабақты жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік болды. Тек орта білім жүйесін қажетті оқу-әдістемелік және зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 100-ден аса ірі кәсіпорын жұмыс жасады. Ұстаздар әлеуеті жоғары еді, жақсы жалақы да алды. Оларға Үкімет тарапынан көптеген қамқорлық көрсетілді. Сондықтан, ұстаздық мамандыққа көптеген талантты жастар барды, олар жақсы білім алды. Үлкенді-кішілі білім мекемелерінде өздерінің салиқалы іс-әрекеттерінің, адами қасиеттерінің арқасында халықтың құрметіне бөлене білді. Ол уақытта білім сапасының жоғары деңгейде болуының тағы бір себебі, білім беру саласы ғылыми негізде дамып отырды. Кеңестер Одағының Педагогикалық ғылымдар академиясы Одақтың Ұлттық ғылым академиясы деңгейінде бағаланатын, он мыңнан аса ғалымдар жұмыс жасайтын, құзырлы академия болатын. Білім саласын дамытуға қатысты Үкіметтік, министрлік деңгейлерінде қабылданатын барлық шешім­дер, негізінен, осы Академияның ғылыми және тәжірибелік зерттеулеріне негізделіп дайындалды. Бір сөзбен айтқанда, кеңестік білім беру жүйесі ғылыми негізде дамыды.
– Кеңестік білім жүйесінің әмбебап адам қалыптастыруға ұмтылғаны мәлім. Бұл жүйенің тағы қандай кемшіліктері болды?  
– Кеңестік білімнің де теріс тұстары болды. Соның біреріне тоқталайын. ХХ ғасырдың 80 жылдары ғылым мен техника қарқынды даму жолына түсті. Сала мамандары мен ғалымдары мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнын сол жетістіктер негізінде толықтырып отыру қажеттігін айтып, солардың ықпалымен пәндердің мазмұны ұлғайып, тіпті, жаңа пәндер де енгізіле бастады. Осындай саясаттың арқасында ХХ ғасырдың аяғында мектепте оқытылатын пәндер бойынша берілетін білім көлемі балалардың білімді меңгеру қабілетінен артып кетті. Ол туралы орыстың белгілі ғалым-педагогтері К.Д.Ушинский, Е.А.Ямбург, В.Н.Бацын, Э.Д Днепров және басқалары нақты дәлелдер келтіре отырып ашық жазды. Мысалы, К.Д.Ушинский: «Біз балалардың басына ештеңеге де керегі жоқ әртүрлі қоқысты үйіп-төгіп жатырмыз, кейін адам оны өмірде қолданбайды», – деп жазды. Бірақ, одан тиісті қорытындылар жасалмады. Білім беру саласының басшылары «білім, білік, дағды» парадигмасынан «нәтижеге бағдарланған, оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптастыратын» парадигмаға өту қажеттігін мойындағылары келмеді. Білім жүйесін дамытуға қатысты шешімдер қабылдауда ғылыми негізделген ұсыныстар толық ескерілмейтін. Әрине, мұндай қателіктер білім сапасына кері әсер етті.  
Егеменді еліміздің өз мақсат-мұратына сай жаңа білім беру жүйесін жасау жұ­мыс­тарын қолға алғанда, біз осындай келеңсіздіктерді ескеріп, алдымен білім беру саласын дамытудың ғылыми жүйесін жасауымыз керек еді. Өкінішке орай, ондай жұмыстар дер кезінде атқарылмады. Біріншіден, кадр тапшылығы қатты сезілді, екіншіден,   қаражат тапшылығы қол байлау болды. Өкінішке орай, одан кейінгі жылдарда жүргізілген барлық реформалар да ғылыми негізсіз жүргізілетін болды. 
– Жылдан жылға білім беру сапасы да, тиісінше, мамандардың біліктілік деңгейі де төмендеп барады. Отандық білім сапасын көтеру үшін не істеу керек деп санайсыз?
– Ол үшін, алдымен,білім беру жүйесі жақсы дамыған елдерді анықтап, олар осындай көрсеткіштерге жетуде қандай ұстанымдарды негізге алғандарын білу керек; екіншіден, әлем елдерінің білім беру жүйелерін зерттеген ғылыми-тәжірибелік еңбектерді мұқият талдап, білім беру жүйесін құраушыларды анықтау керек; үшіншіден, осы құраушылар негізінде елімізде атқарылған жұмыстарды зерделеп, қажетті қорытындылар жасау  қажет. 
Біздер осы мақсатта біраз жұмыстар атқардық. Соңғы 10-12 жылғы Халықаралық  PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулерінің қоры­тындыларын зерделей отырып, Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсететінін анықтадық.
Бұл елдерде ғылыми негізде дайын­далған білім беру саясаты іске асырылады. Олардың басты мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамыту, рухани бай адам тәрбиелеуді іске асыру және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру. Бір сөзбен айтар болсақ, басты мақсат – адам тәрбиесі. Бұл елдерде білім реформасы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүргізіледі.  
– Білім сапасын анықтау мақса­тында жүргізілетін халықаралық зерттеулер бойынша  Қазақстандағы білім сапасының деңгейі қандай?   
– Білім сапасын анықтау мақсатында бізде Халықаралық PISA, TIMSS және басқа да зерттеулер жүргізіледі. Еліміз алғаш рет 2007 ж. TIMSS зерттеуіне қатысты. Ол зерттеу 4 және 8-сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Бұл зерттеуге бізден тек 4-сынып оқушылары ғана қатысып, математика пәні бойынша 5-орын, жаратылыстану пәні бойынша 11-орын алды. Бұл жақсы көрсеткіш болды, халық қуанды. Ал, 2011 ж. зерттеуге 4 және 8-сынып оқушылары қатысты. 4-сынып оқушылары сәйкесінше 27-ші және 32-орындарды иеленіп, 4 жылда білім сапасының 22 және 21 сатыға төмендеп кеткенін, ал 2007 жылы 4-сыныпта оқыған оқушылар 2011 жылы 8-сыныпқа келгенде, олар осы пәндерден сәйкесінше 17-ші және 20-орындарды иеленіп, өздерінің білім сапасын 4 жылда 12 және 9 сатыға төмендетіп алғандарын көрсетті. Бұл жақсы нышан емес.  
PISA зерттеуіне еліміз 2009 және 2012 жылдары қатысты. Бұл зерттеудің мақ­саты – 15 жастағы оқушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтарын анықтау. Оған 65 ел қатысты. Қазақстандық оқушылар оқу сауаттылығы бойынша осы жылдары 59-шы және 63-орындарды, математикалық сауаттылық бойынша 53-ші және 49-орындарды, ал, жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтары бойынша 58-ші және 52-орындарды иеленді. Бұл нәтижелер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа нәтижеден көп төмен.  
Ғалымдар білім беру сапасын үш жағ­дайды ескере отырып жақсартуға болады. Біріншіден, білім беру жүйесінің қарастырылып отырған кездегі нақ­ты жағдайын, жетістіктері мен кемші­ліктерін анықтау керек; екіншіден, оқыту нәти­желерін жақсарту үшін қан­дай жұмыстар атқару қажеттігін тұжырымдау керек; үшіншіден, әр елдің орта білім беру жүйе­сінің ерекшелігін, тарихын, мәде­ниетін, саясаты мен құрылымын ескере отырып, атқарылуы қажетті іс-шаралар кластерін дайындап, іске асыру керек.
– Отандық білімді қиын жағдайдан алып шығып, бәсекеге қабілетті етудің бір жолы қалыптасқан жүйенің теріс тұстарынан бас тарту. Сіз жоғарыда қа­зіргі уақытта мектептерде қолданылып отырған «Білім, білік, дағды» парадигмасын өзгерту керек дедіңіз. Осыны түсін­діріп берсеңіз. 
–  Бұл сұрағыңыз білім беру стандарты мен оқу бағдарламасына, яғни, білім мазмұнына қатысты сұрақ.  Орта білім беру жүйесінде білім беру «Білім, білік, дағды парадигмасы» негізінде іске асырылған уақытта, оқу процесінде оқушыларға мүмкіндігінше молырақ материалдар беріледі, себебі, олар білім алушылар болып есептелінеді. Ол білім, көбіне, өмірдегі нақты жағдаяттармен, адамның тұрмыс-тіршілігімен ұштастырыла берілмейді. 
Бір ғана мысал келтірейін. Барлық жо­ғары сыныптарда химия пәні оқы­тылады. Менделеев системасындағы химиялық элементтерді, олардың қасиеттерін барлық оқушылар оқиды. Қазіргі уақытта тұрмыс-тіршілікте ыдыс-аяқ жуу үшін көптеген сұйық жуғыш заттар пайдаланылады. Олардың сыртында химиялық құрамдары жазылған. Мен бірде, білім жетілдіру институтында дәріс бергенде, сондай заттардың құрамын жазып алып, мұғалімдерден осы заттардың қасиеттерін айтып, түсіндіріп берулерін сұрадым. Ешкім дұрыс жауап бере алмады. «Химия пәнін соншама жыл оқып, содан алған біліміңізді өмірде қалай пайдаланып жүрсіздер?» – деген сұраққа да ешкім мардымды жауап бермеді. Дамыған елдер осыны ертерек түсініп, оқу мазмұнын жүйелеумен бірге оқушыларды тек білім алушы ғана емес, оқу үдерісіне белсене араласушы деңгейіне көтере алды. Олардың өздігінен білім алу, оны өмірдегі жағдаяттарда пайдалана білу, ізденушілік құзыреттіліктерін қалыптастырып, дамытып отыр. Өкінішке орай, біз әлі білім беру мазмұнын жеңілдете алмай отырмыз. Бір мысал айтайын. Бастауыш сыныптардың бекітілген жаңа стандартына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәнін 3-сыныптан бастап оқыту жоспарланған. Осы пәннің 3-ші және 4-сыныптарға арналған оқу бағдарламасында «Қарапайым графикалық модельдерді құру және редакциялау», «Желіде орналасқан ақпараттың барлығы нақты және пайдалы екенін анықтау», «Желіде этикалық және құқықтық нормаларды бұзу салдары туралы ой қорыту» деген сияқты тапсырмаларды орындау қажеттігі жазылған. Осыншама күрделі дүниені 3-ші және 4-сынып оқушылары меңгере ала ма? Басқа бағдарламаларда да осындай аса күрделі дүниелер көптеп кездеседі.   
Балаларды ерте жастан күрделі бағдар­ламалармен оқытып, күрделі тапсырмалар беру олардың психофизиологиялық және ақыл-ой дамуына теріс әсер ететінін, сонымен бірге олардың білімге деген ынтасы шектелетінін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Осы тұрғыдан алып қара­ғанда  12 жылдық мектептің бастауыш сыныптардың білім беру стандарты мен барлық пәндердің оқу бағдарламалары, әлі де болса мұқият талқыланып, оларды жетілдіру мақсатында тиянақты жұмыстар атқарылуы қажет.
– Білім берудің бір құралы – оқулық. Оған қоса оқулық тәрбиелік те, идеологиялық та қызмет атқарады. Оқулық сапасына қатысты көп сын айтылуы да осыдан тәрізді. 
– Сапалы оқулық жазу аса күрделі жұмыс болып табылады. Жақсы оқулықтар жазу үшін, біріншіден, елімізде оқулықтану ғылымын дамыту керек. Оқулық жасаудың бар қиындығын басынан кешкен академик А.Колмогоров оны реактивті ұшақ құрастырумен салыстырған. Бұл, жақсы ұшақ құрастыруға қанша білім керек болса, жақсы оқулық жазу үшін де соншалықты білім керек деген сөз. 
Кеңестік дәуірде Қазақстанда оқулықтар өте аз жазылды, оқу құралдарының маңызды идеологиялық құрал екенін жақсы түсінген орталық оны шығару мәселесін толығымен өз қолына алды. Қазақ мектептерінде оқушылар аударма оқулықтармен оқыды. Егемендік алған жылдары барлық мектеп оқулықтарын өз елімізде дайындау жөнінде шешім қабылданды. Бұл дұрыс шешім еді. Себебі, әрбір егеменді ел өзінің ұлттық құндылықтарына, даму болашағына негізделген төл оқулықтарын дайындайды. Оқулық сапасы төмендігінің бірнеше себебі бар. 
Біріншіден, бұрын оқулық жазбаған, оқулық жазу теориясын меңгермеген авторлар оқулықтар жаза бастады. Әрине, ол оқулықтар оқулықтану ғылымы негізінде жазылған оқулықтардан көп жағдайда ұтылып жатты. Екіншіден, оқулық авторларына қажетті жағдай жасау керек. Оқулықтану ғылымы дамыған Франция елінің ғалымдары жақсы оқулық жазу үшін 3-5 жыл уақыт қажет дейді. Бізде оқулықтар жазуға бар-жоғы бір жыл көлемінде уақыт беріледі, ал авторларға қажетті жағдай жасалмайды.   Үшіншіден, дайындалған оқулықтың сапасын анықтау үшін, оған Теориялық және Тәжірибелік сараптама жүргізілуі керек. Ол үшін ғылыми негізде дайындалған критерийлер жүйесі болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде мұндай жүйе жасалмағандықтан оқулықтар сапасына объективті баға берілмей отыр. Төртіншіден, дамыған елдерде бір пәннен барлық сыныптарға арналған бір концепцияға негізделген желілік оқулықтар мен инновациялық оқу-әдістемелік кешендері дайындалады. Оларды дайындау үшін арнайы авторлық ұжым құрылады. Себебі, оқушылар бір пәннен әр сыныпта әр түрлі авторлардың жазған оқулықтарымен оқитын болса, сапалы білім ала алмайды. Бесіншіден, қазіргі уақытта әр оқулықпен бірге сол оқулықтың мультимедиялық оқу құралы, диск ретінде қоса дайындалады. Онда оқулықта берілген материалды терең түсінуге қажетті интернетте бар материалдар жүйеленіп беріледі. Бізде бұл жұмыс та нәтижелі атқарылмай отыр. 
Осы мәселелер шешілген жағдайда ғана жақсы оқулықтар жазылатын болады.
– «Бізді оқытатын адамдар мұғалім деп аталады, бірақ, бізді оқытатындардың бәрі бірдей бұл атаққа лайық емес» деген екен неміс ойшылы Гете. Мұғалімдердің білім деңгейіне халықтың көңілі тола бермейді. Бұған не айтасыз?   
– Біз бәріміз жақсы ұстаздан оқыған бала­лардың жақсы білім алатынын білеміз. Бастауыш сыныптарда оқитын оқушылардың білім деңгейлерінің оларға сабақ беретін мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне қанша­лықты тәуелді болатынын білу үшін «McKinsey&Company» компаниясының ғалымдары АҚШ-тың 4 штатында көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бір сыныптарда кәсіби деңгейлері жоғары 20% ұстаздардың қатарына кіретін мұғалімдер, келесі сыныптарда деңгейлері төмен 20% ұстаздардың қатарына кіретін мұғалімдер сабақ берген. Осындай ұстаздардан 4 жыл бойы білім алған оқушылардың 5-сынып бітіргендегі, яғни, 11 жасқа келгендегі, білім сапаларының айырмашылығы 53% болған.  Бастауыш мектепте кәсіби деңгейі төмен ұстаздардан білім алған оқушылардың тек 25%-ы ғана 8-сынып стандарты талаптарына сай білім ала алған, ал, қалған 75%-ы ондай білім ала алмаған. Бұдан аса маңызды 2 қорытынды жасауға болады. Біріншіден, бастауыш мектепте оқитын балалардың білім сапасы оларды оқытатын ұстаздардың кәсіби біліктілігіне тәуелді; екіншіден, бастауыш сыныптарда нашар білім алған балалардың шамамен тек төрттен бірі ғана жоғары сыныптарда қойылатын талаптарға сай білім ала алады. 
Ұстаздық  еңбек  асқан   талғам­паз­дықты, мол адами қасиетті, рухани таза­лықты қажет ететін, жауап­кершілігі мол, аса күрделі мамандық. Дамыған елдерде ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, мен де осындай болсам екен деп еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс деп есептеледі. Себебі баланың ұстазына деген сүйіспеншілік сезімінің болуы, оның жақсы білім алуына оң ықпал етеді. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды. Сондықтан, дамыған елдерде бастауыш сынып ұстаздарын дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл елдерде педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы аяқтаған, мысалы, Оңтүстік Кореяда үздік 5%-ға, Финляндияда – 10%-ға, Сингапур мен Гонконгта – 30%-ға кіретін түлектердің ғана құжаттары қабылданады; олар педагогикалық кәсіпке бейімділігін анықтайтын арнайы тест тапсырады; оқу орындарында дәріс бірінші курстан бастап тәжірибеге негізделіп беріледі; оны жақсы бітірген бакалавр-мұғалім магистратураға қабылданады; магистр-мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қоғамдық қомиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Ол жас мұғаліммен бірінші күннен бастап, қашан ол өз бетінше жақсы сабақ бере алатындай деңгейге жеткенше, бірге жұмыс жасайды. Ал, бізде ұстаздар қалай дайындалады? Педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге, негізінен, мектепте орташа оқыған балалар барады. Олардың оқу орындары бағдарламаларын толық меңгеруге қабілеттері жетпейді, содан ортақол мұғалім болып шығады. Мектепке келгенде, олар бірден жұмысқа қабылданып, сабақ бере бастайды. Оларға тәлімгерлер бекітілмейді, бекітілген күннің өзінде олар қосымша ақы алмағандықтан, бұл жұмысты жасауға қызығушылық танытпайды.  Біз, бұл арада, дамыған елдер мен біздің елімізде, бастауыш сыныптарда сабақ беріп жүрген мұғалімдердің кәсіби құзіреттіліктерінің арасында қаншалықты айырмашылық болса, ол айырмашылық олар оқытқан балалардың біліміне тікелей әсер ететінін ашық айтуымыз керек. 
Елімізде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру жұмыстарымен білім жетілдіру институттары шұғылданып келеді. Оларда дәрістер оқылып, семинарлар өткізеді. Әлемдік тәжірибеде жас мұғалімдер білімін әдіскерлер олардың сабақтарына қатыса жүріп  көтерген тиімді деп есептеледі. Сондықтан, қазіргі уақытта мектептерде жұмыс жасап жүрген мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру үшін, алдымен, коучерлер институтын құрып, тәлімгерлік жұмыстарды жаңғырту қажет. Тәлімгерлер ретінде барлық мектепте тәжірибелі ұстаздарды тағайындау қажет. Екіншіден, Оңтүстік Корея елінің тәжірибесіне сүйеніп, барлық пәндерден бірдей сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін, мұғалімдерге, барлық өткізілетін сабақтардың мини-стандарттарын, яғни сабақ жоспарларынан бастап, оқушылардың сабақты жақсы түсінулеріне қажетті барлық оқу-әдістемелік, мультимедиялық материалдар мен оларды тиімді қолданудың әдіс-тәсілдерін жүйелеп беру керек. Үшіншіден, ұстаздар мәртебесін көтеру керек. Әлемдік тәжірибе мұғалім мәртебесі жоғары болса және оларға жоғары базалық еңбекақы төленсе, онда көптеген дарынды адамдар мұғалім болатынын, бұл осы мамандық мәртебесінің одан әрі арта түсетінін дәлелдеп отыр.  
Мектепте сабақ беріп жүрген мұғалім­дердің кәсіби біліктіліктерін көтермей, білім сапасын көтере алмаймыз.
– Білім саласындағы шенеуніктердің тағы бір сәтсіз эксперименті – Ұлттық бірыңғай тест жүйесі. Бұл ұстаздар қауымын тұтас бір сүргінге салып қойды, жоғары сынып оқушылары тек тест тапсырумен күні өтеді. Тіпті, мектеп түлектерінің ҰБТ-дан алған орташа балдары сол мектептің негізгі көрсеткіші ретінде бағаланатын болды.Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай? 
– Бұл жүйе елімізде 2004 жылы енгізілді. Содан бері көптеген сыни пікірлер айтылып келеді, ұстаздар қауымы да оны қолдамайды. Неге? Оның бірнеше себептері бар. Бірін­шіден, ҰБТ кезінде 5 пәннен берілген 125 сұраққа жауап беру үшін 3,5 сағат, яғни, 1 сұраққа жауап беру үшін, орта есеппен, 1,7 минут уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде бала сұрақты оқып, түсініп, оның жауабын тауып жазуы керек. Бір жарым минутта бір теореманы дәлелдемек тұрмақ, қандай да бір күрделі есепті шығару да мүмкін емес. Сондықтан тест сұрақтары өте қарапайым, төменгі сыныптарда оқытылатын материалдар негізінде құрастырылған. Екіншіден, ұсынылған төрт жауаптан бір жауапты таңдау арқылы оқу жетістігін анықтау тестісі, адамның білімін емес, тек есте сақтаған немесе болжаған ақпаратын ғана анықтай алады. Берілген сұраққа берілген жауаптардың бірін таңдау, тестология ғылымы негізінде, оқу үдерісі барысында оқушылардың бір тақырыпты немесе бір бөлімді қалай меңгергенін анықтау үшін ғана пайдаланылатын ең қарапайым тәсіл саналады. Үшіншіден, берілген 5 пәннің 4-і барлық мектеп түлектері үшін ортақ пәндер, 1 пәнді ғана оқушылар өздері таңдайды. Айталық, бір бала мектепте химия пәнін жақсы оқып, үнемі ізденіп, көптеген олимпиадаларға қатысып, алғашқы ондықтан орын алды делік. Сонда, ол жүз мыңнан аса мектеп бітірген түлектердің ішінде химия пәнін ең терең меңгерген он баланың бірі болады. Осы бала ҰБТ негізінде химия факультетіне оқуға түсе алмауы мүмкін. Себебі, ҰБТ ережесі бойынша, ол химия пәнінен басқа міндетті 4 пәннен емтихан тапсырады және 4 пәннің нәтижесінде, қазақ және орыс тілі пәндерінің балы есептелмей, ортақ балл шығарылады. Төртіншіден, ең ауыры, ҰБТ елімізде жалпы білім сапасын көтеруге кері әсер етіп отыр. Мұны барлық мұғалімдер жақсы біледі, бірақ, ашық айта алмайды. ҰБТ көрсеткішін жақсарту бүкіл мектеп ұжымының негізгі мақсатына айналды. Бүкіл мектеп ұжымы соңғы екі оқу жылында, барлық оқушылармен тек ҰБТ-ға кіретін негізгі 4 пәнді дұрыс тапсырулары үшін, оның тапсырмалар жинағымен жұмыс жасайтын болды, ал, басқа сабақтарды оқы­туға аса мән берілмейді. Сонымен, негізгі мақсат – терең білім беру емес, қайткен күнде де ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қол жетізу болды. Көрсеткіштері жақсы болуы үшін мектеп басшылығы нашар оқыған балаларды оған қатыстырмау жағын да іске асырып жүр. Елімізде педагогикалық тестология ғылымы дамымаған, тестолог мамандарды дайындайтын «педагогикалық квалиметрия» мамандығы бірер жоғары оқу орындарында биыл ғана ашылды. Сондықтан, бұл тестілерді дамыту үшін қажетті ізденіс жұмыстары жүргізілмей келеді.
Еліміздегі білім беру сапасына шынайы баға беру үшін білім беру сапасы мониторингі жүйесін жетілдіріп, әр сыныпта білім жетістігін бағалау үшін педагогикалық өлшемдер жүйесін, яғни, жетілдірілген бірыңғай тестілеу жүйесін жасап, тестолог мамандар дайындап, тес­тология ғылымын дамыту қажет.
– «Бір жылдығыңды ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Білім беру жүйесінің басты мақсаты жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ғой. Осы жұмыстар бізде  қалай атқарылуда?
– Қазақтардың өзіндік рухани философиясы туған жеріне деген сүйіспеншілікке, даналыққа, төзімділікке толы болған. Өкінішке орай, объективті және субъективті себептермен көптеген құндылықтарымыз жоғалып, ұмыт болды және саясаттанды. Соңғы жылдары  оқушылардың ресми білімдік жетістіктеріне, емтихан тапсырулары мен жақсы баға алғандарына ерекше ден қойылатын болды. 12 жылдық мектептің білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары мен оқу әдебиетіне жеке тұлғаның ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарын, патриоттық және зияткерлік қасиеттерін, ой қабілетін дамытуға бағытталған материалдарды молынан енгізу керек. Ерекше көңіл аударатын бір жай, оқу құралдары дайындалғанда оқу материалдары дұрыс сұрыпталып берілуі тиіс. Өкінішке орай, біз бұл жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмей отырмыз. Бір ғана мысал келтірейін. Бірде менің қолыма француз тілі оқулығы түсті. Мұқият қарай отырып, оның авторларының Франция елін өте жақсы білетіндеріне қайран қалдым. Сұрастырып көрсем, олар алғашқыда материалдар қарау үшін Франция елшілігіне барған екен. Келу себебін түсінген елшілік қызметкерлері оларға көмек көрсетуге ниет білдіріпті. Содан оқулыққа ендіру үшін көптеген материалдар берген. Авторлар сол материалдарды өз оқулықтарында пайдаланған.  
Елшілік басқа оқулық авторларына да осылай көмек көрсеткен. Нәтижесінде, барлық француз тілі оқулықтарында Франция еліне қатысты материалдар өте тартымды әрі мағыналы. Онымен оқыған балалардың бойында Франция еліне деген ерекше құрмет сезімі оянады, ол елдің біздің елге қарағанда артықшылығын сезінеді. Сонда, француз тілін оқытқандағы біздің мақсатымыз осы ма? Ағылшын тілі оқулықтары да осылай жазылған. Осындай оқулықтармен оқығаннан кейін де балаларымыз шет елдерге еліктегіш болып барады.  
Біз Оңтүстік Корей елінің 7-ші, 8-ші және 9-сыныптарға арналған ағылшын тілі оқулықтарын мұқият қарап шықтық. Олардан Корей елінен басқа, шет елге қатысты, бірде-бір материал таба алмадық. Ағылшын тілінде тек қана корей еліне қатысты материалдар берілген. Жапония елінің ағылшын тілі оқулығында да тек жапон еліне қатысты материалдар берілген.
Бұдан жасайтын түйініміз, барлық оқулықтарда берілетін материалдар жастарымыздың бойында елімізге, жерімізге, халқымызға деген шынайы құрмет, мақтаныш, сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруға бағытталуы керек. Олар жас ұрпақты еліміздің шынайы патриот азаматтары етіп тәрбиелеуге қызмет етулері қажет.  
– Бүгінгі күннің басты тақырып­тарының бірі – 1-сыныптан бастап үш тілде оқыту. Осы мәселеге сіз не дейсіз?  
– Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни, 1-6-сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 4-ші және 6-сыныптарда 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде 3 тіл бірдей оқытылмайды. Елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде 3 тіл оқытылып келеді. Соның нәтижесін білу үшін, біз, Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуге бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалім тартылды. Осы ұстаздардың 83,97%-ы оқушыларға 3 тіл оқытқанда олардың 3 тілді де меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді  қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты. 
Мұғалімдер 1-сыныпқа келген көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1-сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2-ші не 3-сыныптан бастап оқытып, ал, ағылшын тілін 6-сыныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни, аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген. Ағыл­шын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда барлық балалар оны жақсы үйреніп шығатындарына сенім білдіріпті. Бұл пікірді лингвист-ғалымдар да қолдап отыр. Мен де осы пікірді ұстанамын.
– Білім беру жүйесі дұрыс дамуы үшін ғылымға негізделуі тиіс дедіңіз.Орта білім саласы проблемаларына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ) қалай жүргізілуде?  
– Орта білім беру жүйесі өте күрделі жүйе, сондықтан, білім сапасын көтеру мақсатында жүргізілген реформалар ғылыми негізде жүргізілуі керек еді. Өкінішке орай, әлі күнге дейін білім беру саласындағы зерттеу жұмыстары қалдық принципімен қаржыландыру негізінде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2009 жылы елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге 6 млрд. 163,5 млн. теңге бөлінген болса, сол сомадан тек 44,1 млн. теңге (0,7%) үздіксіз білім беру жүйесінің барлық салаларын дамыту мақсатында атқарылатын ҒЗЖ жүргізуге бөлінген, ал, осы сомадан 12 жылдық білім беру проблемаларын зерттеуге бар болғаны 12 млн. теңге бөлінген. Кейінгі жылдардағы жағдай да осындай. Бұдан елімізде білім сапасын көтеруге бағытталған барлық реформалар ешқандай ғылыми негізсіз жүргізілген деген қорытынды шығаруға болады. Мұндай көзқарасты өзгерту керек. Біз білім сапасын көтереміз десек, іргелі және қолданбалы ҒЗЖ-ның толық әрі нәтижелі жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Білім сапасын көтеру үшін бүкіл жұмыс жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Ғылыми мекемелер мен орталықтар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер, ғалымдар мен ұстаздар, оқу әдебиеті авторлары мен баспалар жұмыла отырып және олар бір-бірінің атқарған жұмыстарын бірлесе талқылап, қажетті шешім қабылдап отырғанда ғана нәтиже болады. 
– Ұрпақ тағдыры бәрімізге ортақ. Елді елеңдеткен мәселенің анық- қанығына жеткен сайын, оңтайлы шешім қабылданатынына үмітіміз зор. Әңгімемізді түйіндей келе, не айтар едіңіз?  
– Алаш қайраткері Міржақып Дулатов  «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың ар­қасында аламыз. Жақсылыққа бас­тайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деген екен. Осы сөз әлі ескірген жоқ. Қазақ­станды әлемнің 30 бәсекеге қабілетті елінің қатарына қосу үшін, ұлттық рухани қасиеті мол, тәрбиелі һәм білімді ұрпақ өсіруіміз керек дегім келеді. 
– Сұхбатыңызға рахмет. 

Дина Имамбай,әлеуметтанушы

811 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз