• Келелі кеңес
  • 10 Қаңтар, 2017

ҰЛТ ІСІНДЕ ҰСАҚ-ТҮЙЕК ЖОҚ немесе ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Дина Имамбай,
әлеуметтанушы

Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша этникалық факторлар өзектілене түсуде. Бұл ең алдымен жаһандану үдерістеріне, әлем елдерінің интеграциялануына, геосаяси мүдделерден туындаған миграциялық үдерістердің күрделі сипат алуына және т.б. этникалық негіздегі мәселелерге тығыз байланысты. Ұлттық сананың өсуі нақты іс-әрекеттерге себеп болып, жаһанның географиялық картасына өзгерістер енгізілуі тоқтайтын емес. Мұның бәрі ұлттық үрдістердің әрбір мемлекет үшін маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, кезінде ұлтшылдық қасиеттерін жоғалтуы, оған қоса элитаның космополиттігі кейбір ұлттардың тарих сахнасынан жойылып кетуіне әкеп соққаны мәлім. Сондықтан ұлттық үрдістерді жандандырудың басты мақсаты – біртұтас ұлттық мемлекеттің ұстындарын нығайту. Қазақстанның бүгінгі күнгі нақты жағдайы да ұлттық үрдістерді жаңғыртуды, ұлттық біртектілену үдерісін мақсатты түрде жүзеге асыруды талап етеді. Ұлттық мемлекетте барлық сала ұлттық мүддеге негізделіп жүргізілуі тиіс. Сонда ғана заманауи ұлттық мемлекеттің үлгісіне қол жеткізуге болады және бұл қазақтың қазақ болып сақталып қалуының бір шарты. Қазақстандағы ұлттандыру үдерісі, өзекті мәселелері мен одан шығу жолдары жайында танымал қоғам қайраткері, саясаттанушы, Айдос Сарым мырзамен сұхбаттасқан едік. 

 – Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы үлкен мерей­тойлық дата ғана емес,  сонымен  бірге, өзімізге өзіміз есеп беретін, ұтқан-ұтылған тұстарымызды саралайтын меже. Осы ретте Қазақстандағы қазақтандыру мәселесі бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті тақырыптардың бірі екені сөзсіз. Жалпы, реэтнизация үрдісі әлем елдерінің басым көпшілігіне тән болып отыр, айталық, Батыс елдері мультикультурализмнен бас тар­тып, ұлттық үрдістерге бет бұрды. Осы­ған орай қазақ еліндегі ұлттандыру үдерісін қалай бағамдар едіңіз? 
– Бұл елдер мультикультурализмнен толықтай бас тартты деу артық. Бірақ, ұлт­тық дамуды, ұлттық мүддені ескермей, әлемдік дәрежедегі мәселелерді қаузап, жаһандық саясатты жүргізіп кетудің өзі сол елдердегі билеуші элитаны сан соқтырып отырғаны анық. Айталық, кешегі сайлауда Трамптың жеңіске жетуінің өзі Аме­риканың көптеген жылдар бойы әлем­дік дәрежедегі саясатпен айналысып, жер­гілікті халықтың, кішкентай қала, шағын  елді мекен тұрғындарының, әлемдік емес, америкалық кәсіпорында жұмыс істей­тін халықтың жағдайын назардан тыс қал­дырғанының салдары. Міне, Трамптың жеңісін қамтамасыз еткен осындай жайттар. Ұлыбританиядағы «Brexit» мәселесі де көп нәрсені аңғартады. Кейбір ортағасырлық дең­гейде ойлайтын азаматтардың «ұлттық мем­лекет деген ұғым жойылды, бүгінгі күні  этнос  дегеннің қажеті жоқ, Маршалл Мак­люеннің «әлемдік деревня» де­геніндей, біз бәріміз жаһандануға тиіс­піз» деген пікірлері айналып келгенде үлкен қателік болып шықты. Біз ондай дәрежеге жету үшін көптеген сатыдан өтіп, көптеген мәселені шешіп алуымыз керек.  
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы  бізді ойла­нуға, болып жатқан үдерістерді ұғынуға итерме­лейді. Осы шынайы реалистік, тіпті, ащы дерлік шындықпен өзіміздің бүгінгі жағдайымызды, бүгінгі әлемдегі орнымызды бағамдап, анықтап алуымыз керек сияқты. Меніңше, ең алдымен өз халқымыздың жағдайын көтеріп, өзіміздің ішкі мәселелерімізді шешіп алуымыз керек. Және де осы жиырма бес жылдықта атқарылмаған істерді жүзеге асыруға тиіспіз. Осы тұрғыда басты құжаттарды атайтын болсақ, олар – 1990 жылы 25 қазан күні қабылданған Егемендік туралы дек­ларация, 1991 жылы 16  желтоқсан күні қа­былданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң және 1995 жылы референдумда қабылданған Ата заңымыз. Міне, осы үшеуі біздің төлқұжатымыз болып табылады. Қазақ өз жерінде азшылық, Парламентте орыс тілділердің саны әлдеқайда көп кезде осындай маңызды құжат қабылданды және онда көптеген мәселе қамтылды. Бұл қазақ халқының арман-мұратын айқындайтын құжат. Бұл егемендікке деген алғашқы талпыныс, сол кезде бүкіл халықтың бойында едәуір эйфория туғызған құбылыс, соның нәтижесінде президентіміз би­лік­ке келді. Бұл құжаттың ең басты идеясы – қазақ ұлты деген қағиданы бі­рінші орынға қою, қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыру. Оның ішінде ұлттық эко­но­мика да, ұлттық байлық та айтылған. Осы Декларацияда және Тәу­ел­сіздік туралы заңда «болашақта қа­былданатын заңдар мен конституция осы құжаттардың негізінде жасалуы тиіс,  осы құжаттарда көр­сетілген басты мәселелерді шешуге бағытталуы керек, олай болмаған жағдайда олардың күші жоқ» деген тармақ бар. Міне, бізге осыны ескеру керек. Егер, осы заңды басшылыққа алатын болсақ, кейіннен қабылданған талай заң жарамсыз боп қалуы мүмкін. Бұл нені көрсетеді? Осы үш құжат біздің заң шығарушы топтың, заңгерлер, шенеуніктер, депутаттардың үс­­телінде жатуы тиіс. Яғни, кез келген заңды қабылдамас бұрын осы құжаттарды қарап шығу, басшылыққа алу керек. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, көптеген мәселелерді қайта қарауға тура келеді. Бірақ, мына жайтты да ескеру керек, – ешбір мемлекет, ешбір егемен ел тәуелсіздікке бір саты­мен жетпеген. Тәуелсіздікті жариялау міндетті түрде бұл мемлекет сол күннен бас­тап егемен ел болды дегенді білдірмейді.  Мысалы,Үндістанның тәуелсіздік жариялауы мен шын мәніндегі тәуелсіз мемлекетке айналуы ұзақ мерзімдік үдеріс болды. Бұл тұрғыдан алғанда, биылғы 25 жылдық межеден қазақ тәуелсіздігінің екінші кезеңі басталды. 
«Көп қорқытады, терең батырады», бүгінгі күні әлеуметтік,  демографиялық, экономикалық сала болсын, бәрінде  қазақ  мәселесі бірінші орынға шығып келеді. Екінші мәселе, 1991 жылы пайда болған 15 жаңа мемлекеттің әрқайсысы осы ұлттық мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Қазір бізде  Сирия,  Ливия және басқа мемлекеттер туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Оларды біреулер сырттан келіп бұзыпты деген әңгімелер айтылады. Бірақ, шын мәнінде, Сирияны бүлдірген  Америка да, басқа да емес. Кезінде осы елдердің басшылары ұлттық мемлекет құрып, ұлтты біріктіретін идеялар айтудың орнына өз халқын діни, этностық топтарға бөлді. Және де олардың осы ерекшеліктерін, өзара қайшы­лықтарын заңдастырған. Мысалы, Ливанда президент тек қана бір діннің өкілі, премьер-министрі мына топтың өкілі болуы керек деген ұстанымдар бар. Ливияда ірі 3-4 этностық топ экономикалық бөлініске ықпал етеді. Міне, осындай қайшылықтар, бір-біріне айдап салу, қарсы қою арқылы кезінде өздерін билеген империялық елдер­дің «бөліп ал да билей бер» деген саясатын жалғастырып келді. Сирияда да солай, халықтың кішкентай ғана бөлігін құрайтын топтың өкілдері бүкіл билік органдарын, армияны жасақтап отыр. Кезінде билікке келген Б.Асадтың режимі халықты таптап, жаншып келді. «Біз сириялықпыз, дінімізге, түрімізге қарамастан бір мемлекет құрып отырмыз, бір қоғамбыз» деген идеялар айтылған жоқ.  Оның орнын бір адамға табыну, бір партияға бірігу басып алды. Неше түрлі қитұрқы идеялар пайда болды. «Бүкіл арабтарды біріктіріп, мемлекет құрамыз» деген 1970-80 жылдары жүргізілген саясат жоққа шықты. Соңғы  30 жылда М.Каддафидің ұсынбаған жобасы жоқ, Африканы біріктіріп бір мемлекет, бір конфедерация құру керек, сөйтіп, әлемді біріктіреміз, әлемді  басқарамыз деген ұш­қары сөздер айтылды. Ақыр соңында ит өліммен өлді. Бұл жайында Расул Жұмалы деген әріптесіміз «Араб пасьянсы» деген жақында шыққан кітабында керемет талдап берген. Осындай әлемдік оқиғалардан сабақ ала отырып, біз «бір ұлт, бір ел» деген саясат жүргізуге тиіспіз.
Украинадағы жағдайда Ресей тарапы­нан қанша  қателік жіберілсе, украин элитасының қателігі де бар. Мен өзім Қырымда болған кезде байқағаным, Украи­наның билеуші элитасы Қырым халқын украиндандыру тұрғысында жұмыс істе­меген, мардымды қадамдарға бармаған. Ол білім беру жүйесін де, идеологиясын да,  саяси саланы да қамтиды. Егер, елдің белгілі бір бөлігі экономикалық тұрғыдан ұлттың қалған бөлігімен қарым-қатынасқа түспесе, онда оның сол ұлтпен болашақта қатар өмір сүруге деген мүдделестігі төмендейді. Оны бүкіл әлем тәжірибесі көрсетіп отыр. Сепаратизмнің туу себебі де содан, басқа да қауіп-қатерлер көбейеді. Біздің елде де ондай аймақтар жоқ емес.  Орыс тілі басым аймақтар бар. 
– Кешегі кеңестік кезеңнен қалған теріс түсініктердің бірі – «ұлт», «ұлттық», «ұлтшылдық» ұғымдарының өңін айналдырып,  ұлт мүддесін қорғауды шо­ви­низммен шатастыру. Бізде сол ұлт­тық атаулыдан қорқу, үрей әлі бар. Қазақ ұлтының мүддесі туралы сөз қозғалса болды, ұлтаралық татулыққа қарсылық, соған келетін нұқсан ретінде қабылданады. «Ұлтжанды», «елжанды» деген жасанды сөздердің пайда болуы да осыдан сияқты. Яғни, ұлттық мемлекеттің болашағы ұлттың өміршеңдігімен тығыз байланысты екенін ұғынатын уақыт жетті ғой.  
– Ресей империя болғандықтан кез келген ұлтшылдықтан қорқатын ел, ол орыс ұлтшылдығынан да қорқады. Өйткені,  кез келген ұлтшылдық империяның тамырына балта шабатын құбылыс. Кеңес заманында ұлтшыл азаматтардың бәрін жау санады және оларды нацистік, фашистік идеология­мен қатар қойып қарады. Ал, шын мәнінде, ұлтшылдық деген мүлде басқа дүние. Бенедикт  Андерсонның керемет сөзі бар:  «Ұлт ұлтшылдықты қалыптастырмайды, ке­рісін­ше, ұлтшылдық ұлтты қалыптас­тырады». Бізде ұлтшылдыққа әлі де сол кеңес заманындағы нацизм, шовинизм ұғымдарының тұрғысынан қарау басым. Махатма Ганди,  Шарль де Голль, Ф. Руз­вельтті кім деп ойлайсыз, олар ұлтшыл емес пе? Әрине, ұлтшыл! Ең ұлтшыл адам – М.Ганди,  оның еңбектері таза ұлт­шылдық тұрғыдан жазылған.  Яғни,  біздің басымыздағы дуализмнің өзі қайдан шығады – білім жүйесінен, оқулықтардан, т.б. шығады. Оның бәрінде  ұлтшылдық мәселесін дұрыс қамтымаған. Тіпті, қазақы ортаның өзінде «мен ұлтшылмын» десең, бәрі  «жоқ, ұлтжандымын де» деп, түзете бастайды. Сондықтан, біз ұлтшыл­дық­ты ұлықтауымыз керек.  Қазақ   ұлтшылдығы тәу­ел­сіздікке дейін мемлекет­тен тыс ұғым болатын, тіпті, сол кездегі Кеңес мемлекетіне қарсы жұмыс істеген ұлтшылдық еді. Қазақ ұлтшылдығы көбіне көп қарсыласу формасында болды, кеңес заманының өзінде отыз шақты  астыртын ұйым өкілдері сотталған. Қазақстандағы қазақ мәселесін көтерген зиялы қауымның ішін­дегі ұлтшылдық еш уақытта толас­таған емес. 
Жақында бір  жиында жаңа қазақ ұлт­шылдығының тақырыбы не, біз қандай мәселені талқылауымыз керек, қандай мәсе­лелер қазақ ұлтшылдарының дискурсынан тыс қалып отыр деген әңгіме қозғалған болатын. Сонда, бір жас жігіттер «қазақ ұлтшылдығы сепаратистік болуы керек» деді. Білімді, қызметі бар жігіттердің бұл сөзіне мен таңғалдым. Басқаны айтпағанда, өзін элитамын деп жүрген жастардың ұлт­шылдық туралы түсінігі осындай. Бұл – білім жүйесінің кінәсі, ұлттық сананың жоқ­тығы, алып-қашпа сөздерді қолдану, т.с.с. Ұлтшылдыққа деген көзқарасты прин­ципті түрде өзгерту қажет және бүгінгі күні қазақ ұлтшылдығы деген сөз мемлекетшілдік дегенмен парапар болуы тиіс. Егер, біз ұлтшылдықты мемлекеттен ажыратып алсақ, билікке қарсы боламыз деп мемлекетке қарсы шығып кетсек, ол ең үлкен қиянат болар еді. Кезінде  Александр Зиновьев деген философ «Біз коммунизмге оқ атамыз деп, Ресейге оқ атыппыз» деген еді. Мұндай нигилизм теріс нәтиже береді және жалпы қазақ деген ұғымның жойылып кетуіне апаратын қадамдардың  алғышартын жасайды.
Біз өткен жылы бір топ азаматтармен, ішінде Дос Көшім, Расул Жұмалы және т.б. бар, солтүстік аймақтарды аралап шық­тық.  Екі жүзден астам кездесу болды. Қазақстанның болашағы, оған барлық ұлт өкілдерінің мүдделі болуы деген тұрғыда, қарапайым әңгімелер болып, дәйекті деректер келтірдік. Бір қызығы, бастапқыда көңілсіз тыңдап, теріс пиғылмен келіп отырған азаматтардың өздері артынан риза болып, «сіздердің айтқандарыңызбен келі­семіз, бірақ, осыны неге билік айтпайды, неге ассамблея айтпайды» деді. Мұның бір себебі, біз әлі де сол баяғы 1980-жылдары қалыптасқан үрейден құтыла алмай келеміз. Айталық,  әрбір жеке адамның басында трагедия болуы, түрлі жағдайлар  болуы мүмкін, көлік апаты, өрт, т.с.с. Бірақ,  сол үреймен өмір-бақи шырпыдан, оттан, газдан қашу болашақ өміріңе балта шабумен бірдей ғой. Яғни, ұлттың басты міндеті осындай үрейлерден дер кезінде құтылу. Біз, керісінше,  сол үрейдің тасасында қалдық, оны институт, заң дәрежесіне шығарып алдық. Қазақтың өзі әбден қорқып қалған. Шынында, мұндай сөздерді айтудың өзі кейбір ортада қылмыс саналады. Басқалар мұны этносаралық араздықты қоздыру деп те бағалайды. Ал, дұрыс  қоғамда кез кел­ген шынайы әңгіме, дискуссия, талқы деген қоғамды сауықтыратын, ағзасын нығайтатын нәрсе болып табылады. Ал, бізде керісінше, жасырып жабу, тұм­шалау, айтпай-ақ қояйық деген көзқарас басым. Ол қанша жасырсаң да бәрібір қоғамда бар мәселе.Кешегі Америкада болған сайлау осыны көрсетті. Алпауыт Америкада, демократия керемет дамыған елдің өзінде біраз мәселелерді тұм­шалап, жауып тастаған. Саяси  элита бұл ережені қабылдағанмен, қоғам бұл мәселені күнде талқылап жүр. Бұл сайлауда Трамп осының бәрін ашық айта бастады, өзінің партиясы өзін қолдамаса да, осы шынайылығы алып шықты. Тіпті,Трамптың өзін қолдамаған шы­ғар, есесіне, бүгінгі саяси жүйені де қолдамағанын көрсетті. Сол сияқты  біз дұрыс қоғам жасаймыз дейтін болсақ, бүгінгі күні теледидардағы, баспасөздегі шынайы әңгімелердің саны арта беруі тиіс. Бізде әзірге қайшылықтар көп, мысалы, қазақтілді және орыстілді газетті алайық, екеуі де бір мемлекеттің газеті, тіпті, иелері де бір болуы мүмкін. Бірақ,  газетті  ашып қарасақ, ресми бөлімді айтпағанда, қазақтілді баспасөздің көтеретін мәселесі бір бөлек, орыстілдінікі бір бөлек екенін көреміз. Яғни, біз 25 жылдың ішінде орыс тілді қауым мен қазақтілді қауымның дискурсын, талқылайтын мәселелерін біре­гейлендіре алмадық, ұлттық біртектілік қалыптастырған жоқпыз.  
Діни   мәселенің  ушығуы да көптеген өткір мәселелердің тұмшалануы, әділет­сіздіктің өршуі, ұлттық байлықтың дұрыс бөлінбеуіне келіп тіреледі. Әлбетте, толық әділеттілікті қамтамасыз еткен ел жоқ дейік, бірақ, ең болмағанда саяси, әлеуметтік оң үрдістер жүргізілуі тиіс. Қазіргі күні кедей халықтың ішінен шыққан адам өз еңбегімен, талабымен, білімімен  саясаттан, биліктен  орын таба алады дегенге мен өз басым сенбеймін. Иә, сен кедей болып туылдың, бірақ, сенің талантың, дарының, ұмтылысың бар, сол үшін күні-түні жұмыс істеуге дайынсың, ол жеткіліксіз. Бүгінде барлық жерде тума-туыс, таныс болуы керек, оған белгілі бір топтың, партияның мүшесі ғана қол жеткізе алады. Осылайша түсініксіздеу қағидалармен заңсыз қалыптасқан инс­титуттар арқылы ғана  билікке немесе эконо­миканың тетігін ұстауға мүмкіндік алады екенсің. Бұл үлкен қайшылық туғызады. Әлеуметтік лифт жұмыс істемейді. Мем­лекеттің жұмысы тек көпір салу, жол салу емес, заңнаманы, Конституцияны қашанда іске қосып отыру, оның әлеуетін паш ету саналады. Рене Генонның «Ұлт дегеніміз күнделікті плебисцит» деп айтқаны бар. Тәуелсіздік бізден де соны талап етеді. 
Әлеуметтанушы ғалымдар Г.Алмонд пен С.Верба «Уақыт өткен сайын би­ліктің формасы да, табиғаты да өзгере береді» дейді.  21 ғасырға тән нәрсенің бірі –  көпшіліктің саясатқа араласуы, демек,  біздің  қоғамда   да барған сайын көп­шіліктің дауысы анық шығуы керек және оған билік құлақ асуы тиіс. Дұрыс қоғам дегеніміздің өзі көпшіліктің мемлекеттік мәселелерге араласуы ар­қылы қалыптасады. Бүгінгі күнгі әлемдегі оқиғалар осыны көрсетіп отыр. Егер, саяси жүйе тұйықталып қалатын болса,  тіпті, оны төңкеріп тастауға да барады. Ал, бізде керісінше, көпшілік саясаттан аулақ,  мысалы, кез келген кәсіпкер саясаттан ат-тонын алып қашады. Егер, сенің бір ғана дүкенің болса, ол үлкен саясат емес шығар, ал, он дүкенің болса –  ол үлкен саясат. Өйткені, саяси заңдар сенің бизнесіңе теріс әсерін тигізуі мүмкін,  салық көбейіп кетсе немесе жемқорлық жайласа, билік онымен күреспесе, бұл саяси мәселеге айналады. Біздің қоғамда зиялы қауым саясатқа жоламайды, қарапайым халық тек ас үйдегі әңгімеден аспайды. 
Жалпы, адамның өмір сүруі белгілі бір таңдау жасаудан тұрады, майда-шүйде таңдаудан бастап ірі таңдауға дейін барамыз. Әлеуметтік желінің бір кемшін тұсы – адам «лайк» басқанның өзін қадаммен, ресми іс-әрекетпен шатастырып алатын сияқты. Керісінше,  бүгін көшеге шығу керек, қоғамның ішінде жүру керек. Пәтердің бір бөлмесінде, кеңседегі кабинетте отырып алып батыр болғаннан көрі, мейлі ағаш егу, көшені жөндеу болсын, бір мәселені нақты шешкен артық. Әлеуметтік белсенділік тек флешмоб немесе билік ұйымдастырған шара формасында болмауы тиіс. 
Соңғы кезде ерекше көзге түсіп жүрген жас  ойшылдардың бірі, венесуэлалық сая­­сат­кер Мойзес Наимның «Биліктің соңы»деген кітабы бар. Бүгінгі таңда биліктің формасы өзгерді, тіпті, мектептің, корпорациялардың билігі өзгеруде, шағын ұйымдар үлкен ұйымдарға өктемдік жүр­гізе алатын жағ­дайға жетті. Оның бір ғана мысалы, 2001 жылы Бен Ладен бастаған террористік ұйым 500 мың доллар шығындап Америкада қандай қоқан-лоққы жасады, есесіне, бүкіл Америка мемлекетінің Әл-Каидаға қарсы жасаған жұмысына 1,5 трлн доллар кеткен. Яғни, бүгінгі күні бәрі өзгеріп жатыр. Ал, біз, егер, өзімізге үйреншікті формада отыра берсек, соны қалай да сақтап қаламыз десек заманның көшінен қала береміз. 
– Осы тұрғыда бүгінгі күні қазақ­тық­тың тамырына қан жүгіртуге ке­дергі жасап отырған, қоғамның өз ішіндегі зиянды, деструктивті құбы­лыстарға нені жатқызар едіңіз? 
– Бүгінгі күні тереңдігі жөнінен, қай­шылығы тұрғысынан ең үлкен қауіп, бұл – діни радикализм. Біз қалай бол­ғанда да «бір ұлт – бір жамағат» деген қағиданы ұстануымыз керек сияқты. Кеше ғана бір мемлекет болған елдер діни өзгеріске түсіп талан-таражға түскенін көрдік. Мәдениет дәл бұлайша бөлуге  мүмкіндігі жоқ, мәдениет – қайтарымды дүние. Ал, дін деген өлімге дейін баратын принципті құбылыс. Сондықтан, мен  діни экстре­мизм, терроризм, радикализм деген мәселені  қауіптілігі жағынан бірінші орынға қояр едім. Екінші кезекте демократия мәселесі тұрғаны сөзсіз. Біздің қоғамда көптеген мәселені дәл бүгінгі биліктің өзі өзгертуіне болады, бі­рақ, ол үшін шынайы талқы, шынайы баспасөз керек. Иә, мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Айталық,  кейбір әкімдер он жылдан кейін бұрынғы орнына қайтып келуі мүмкін, сол кабинетте отыруы, сол көлікті мінуі, сол заңдармен жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ, он жыл бұрынғы әкімнің мүмкіндігі бүгінгі әкімнің мүмкіндігінен 10-15 есе төмен. Мысалы, әлеуметтік желіде жүз белсенді бірігіп, кез келген әкімнің өмірін тозаққа айналдыра алады. Яғни, бүгінгі қоғамның басты ерекшелігінің бірі – билік халықтың пікіріне тәуелді. Биліктің табиғаты өзгергенде қоғамның да табиғаты өзгеруі керек, қоғам ересек болуы, өсуі керек. Қазіргі күні алып-қашпа және арнайы жа­салған әңгімелер бар. «91» тобындағы жап-жас әнші балалардың жүріс-тұрысы қа­зақ­тың болмысын өзгерте алмайды, олар бүгін бар, ертең жоқ. Міне, біз  бүкіл ұлт, бүкіл баспасөз,  зиялы боп бір ғана топтың соңына түсіп алдық. Бұл, біріншіден, біздің деңгейіміз, екінші жағынан бізге таңылған, рұқсат етілген тақырып.  Бүгінгі саяси элитада жүрген азаматтардың көбісі өзін қанша жерден ұлтшылмын, патриотпын десе де, әйтеуір ешқандай зияны тимейді-ау деген мәселелердің төңірегінен шыға алмай келеді. Бұның бәрі, шынын айтқанда, жалған күн тәртібін қалыптастырады.Жалған идеалдар, жалған түсініктер пайда болады. Ол  айналып келген кезде  үлкен, кесекті әңгімелерді маргиналды ортаға шығарып тастайды. Есесіне, біраз уақыт өткеннен кейін осы мәселелердің радикалды формасына айналады.
 Бүгінгі білім жүйесінде тарих пәнін, әлеуметтік пәндерді, философияны қыс­қарту белең алды. Мұның бәрі айналып келген кезде дүбәра қоғам қалыптастыруға әкеп соғады. Себебі, кез келген елді ел қы­латын басты гуманитарлық пән, ол – философия. Дұрыс, философиядан 20 кітап оқыған адамның саяси ойлау қабілеті басқадан әлдеқайда биік болады. Сонда, ол жаңағыдай «қазақ  сепаратист болуы керек» деген әңгіме айтпайды. Мен жиындарға, конференцияларға барғанда байқағаным, біздің университеттерде сабақ  беріп жүрген профессорларымыздың кейбіреуі нацизм мен фашизмнің айырмасын білмейді, екеуі бір деп ұғады. Міне, біз осындай қарапайым нәрселердің бетін ашып алмай, керісінше, жұрттың бәрін есеп-қисапқа үйретейік деген ойға қонымсыз дүние. Әрине, есеп-қисапқа да үйрету  керек, бірақ, ең алдымен адамның ойлау жүйесі дұрыс болса ғана есеп-қисап қонады. Ал, егер, сенің ойлау жүйең, ақ пен қараны ажырату функцияң жұмыс істемесе, сенен қандай есепші, қандай кәсіпкер шығады? Кәдімгі адамды трактормен езетін кәсіпкер және қоғамға қызмет ететін кәсіпкер бар (біздің елде екеуін де көріп жүрміз).  Өзінің ауылында мешіт тұрғызып, әлеуметтік функциясын сонымен шектей салатын кәсіпкер бар, қоғам өміріне араласып, мектеп, спорт алаңдарын салып жүрген, балалар кітабын шығарып жүрген қаншама кәсіпкер бар. Яғни, кәсіпкерлер ең алдымен мектеп  пен университетті қолдауы керек, ал, адам құдайға шын сенетін болса, ол намаз оқитын жерін тауып алады. 
Бүгінгі күні урбанизация үдерісі  бұ­рын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Мыңдаған адам қалаға ағылуда.  Бірақ, қалаға келгенде қай қалаға келіп жатыр? Жалпы, Алматы қазақтың қаласы болмай бағы ашылмайды. Өйт­кені, сен жүз жерден өз бақшаңды керемет гүлдендіріп, неше түрлі озық  технологияны енгізуің мүмкін, бірақ, қа­зақтың бір  баласы талқандап кетуі бек мүмкін. Кезінде бір топ бұзақы жастар «Праймплазаны» талқандап кеткенде орталықтағы «алтын квадратта» тұратын орыстілді балалар шошыған еді. Сонда, мен оларға өздерің кінәлісіңдер дегенді айттым. Сол жастар Алматыға келгенде «бұл менің қалам»  деп айта ала ма? Оларды «мамбет», т.б. деп, шетқақпайлайсыңдар. Сендердің кофеха­нада отырып алып, Хемингуэйді тал­қылағандарыңның керегі жоқ, сендер қалаға келген әрбір азаматтың әлеу­мет­тенуін қамтамасыз етулерің керек. Бұл жастар қаланы штурммен алуға келмей, өз қаласына келгендей  сезінуі тиіс. Мәдениеттің төмендігі, қақыру-түкіру, осының бәрі  қалаға келген баланың «бұл менің қалам емес» деген түсінігін көрсе­теді. Өз пәтеріміздің ішінде ғана тазалық сақтауға құмар болмай, кеңі­нен қарайық. Осындай ұсақ-түйек мәселелерден, яғни, «менің үйім», «менің көшем» деген тү­сініктен «менің қалам», «менің мем­лекетім» деген ұғымдар туады. Бұл енді елдік сана. 
Қазір қалада көптеген шағын-шағын аудандар салынып жатыр, ал,  ондағы тұр­ғындардың әлеуметтенуі үшін ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ.  Меніңше, біздің қазақы дәстүрлерімізді кәдімгі қоғамдық саясатқа енгізу керек. Мысалы, 100 пәтерлі жаңа үй салынды делік, оған 100 отбасы келіп қоныстанады. Олар  бірін-бірі білмейді, танымайды. Әрине, оған да белгілі бір уақыт керек. Пәтерді жөндеу, тағысын тағы шаруалармен жүріп, дәлізге, аулаға көңіл бөле бермейміз. Сөйтіп жүріп, сол өз аулаңа балаңды жіберуге қорқатын жағдайға жет­тік. Өйткені, ауланы басқалар жаулап алды. Сондықтан, жаңа үй салынған кезде жер­гілікті әкімдік бүкіл азаматтарды жинап, неге «ерулік» деген шара өткізбеске? Оған  жергілікті мектептің,  аурухананың басшысын, учаскелік полицейді алып келіп, елге таныстыруға болады. 2 млн халық тұратын қалада қандай билік болса да сол 2 млн халыққа жету мүмкін емес қой. Сондықтан, қоғамның өзіне арқа сүйеу керек. Алматы қаласын басқаша басқару мүмкін емес, Алматы қаласына әңгіртаяқ ойнату да мүмкін емес.  Қала үлкен механизм болғаннан кейін оны басқарудың механизмі де күрделі.  
Осылайша, 1-ден, атқарушы билік өкіл­дері тұрғындармен танысады, 2-ден, қазақтың салт-дәстүрін заманға лайық жаң­ғыртуға болады. Мұндағы  басты міндет – қалада дәстүрлі қазақ қауымын қалып­тастыру,  қазақтың қоғамдық институттарын қайта жандандыру. Бұл, өз кезегінде, қалаға деген жауапкершілік сезімін туғызады. Өйткені, бүкіл бизнес, эволюция, мәдениет тек қалада жасалады. Қаланың ұлттануы –  мемлекеттің көркеюіне алып келеді. Ауылда ешқашан ешқандай революция болған емес. Әлбетте, ауылда гений тууы мүмкін, бірақ, сол генийдің мүмкіндігін танытатын жер, ол – қала, жалғыз сахна сол. Міне, біз қаладағы үлкен өзгерістерге  адам­дарды біріктіру,  ұжымдастыру арқылы  ғана жете аламыз. 
– Осы біз ұлттық біртектілікті назардан тыс қалдырып алған жоқпыз ба? Оның салдары – қазақ әлемі, орыс әлемі, енді келіп діни негіздегі бөлектенулерге соқтырмай ма? Мұның бәрі ұлттық мемлекеттің негізгі құндылықтарына қауіп төндіруі ықтимал. Осы тектес проблемаларды жоюдың қандай әдіс-тәсілдері бар? 
– Ең басты мәселе, алдамшы жалған идеологиялардан, жалған ұрандардан бе­зу керек. Біз ешқашан да әлемге сөзіміз өтетін, әлемді  билеп-төстейтін  державаға айна­ла алмаймыз. Осы тұста мені бір қуандыратыны, соңғы 25 жылда қазақ өзі­нің сабасына түсіп, шекарасын айқындай бастады.  Мысалы, осыдан 5-10 жыл бұрын Байкалдан Балатонға дейін бәрі біздікі деп аузымызды көпіртіп әңгіме айтатынбыз.  Бүгінде ондай әңгіме азайды. Жалпы, үлкен кеңістіктердің теріс әсері де бар. Айталық, сенің 6 сотық жерің бар делік, сен оны гүлдендіріп, алты сотықтағы жұмаққа айналдыру мүмкіндігің бар. Бірақ, айналаңның бәрі қоқыс болып жатса, амалсыз түңілесің. Сондықтан, осындай 6 сотығын жұмаққа айналдырған азаматтарды қолдап, насихаттай беру  керек. Бізде неше түрлі күлкілі жайттар бар, мысалы, «қазақтың заборы», бір жерлерде оны ағаштың бұтағынан, тікенек сымнан жасап қояды. Осы «казахский забор» деген сол адамның әлі де бір жерге қонып болмағанын,  өзін жер иесі ретінде сезінбеуін көрсетеді.  Сен өзіңнің 6 сотығыңда қожайынмын деген түсінік пайда болмай, «жер  менікі, ел менікі» деген идеология пайда болмайды.  
Көрші  өзбек елінде діни радикализм деген мәселе шешімін тапқан. Оның екі жолы бар, бірінші – дәстүрлі дінге көңіл бөлу, екінші – дәстүрлі қоғам. Мысалы, өзбектерде махалла деген бар, ол ешқашан үзілген емес. Қаланың ауласының өзі бір махалла, онда халық таң­даған жетекшісі, орынбасарлары бар. Махаллада адамдардың бәрі бірін-бірі таниды. Айналып келгенде, өзбектер діни экстремизмді осылай жеңді. Сол ауланың ішінде белгілі бір құндылықтар, мінез-құлық ережелері, өзара көмек деген бар. Сондықтан да, оларда өлім-жітім, той өткізу деген қиындық туғызбайды, бәрі ортаға барын әкеп салады. 
Ауылдың адамдары бірін бірі біледі, таниды, ал, қалада алуан түрлі халық, түрлі кәсіп иесі. Оларды біріктіру өте  қиын. Бірақ, егер, сенің үйіңде үлде мен бүлдеге оранғанмен, көршің нашақор болса, тыныштық бола ма? Күні-түні балаңды аман-есен мектепке апарып алып келуді ғана ойлайсың. Сондықтан, бізде азаматтық қоғам институттарын дамыту керек. Қазір ауылдың полициясы алдымен ақсақалдарға баратын жағдайға жетіпті, міне, соны қоғамдық институт дәрежесіне көтеру керек. 
– Бүгінгі таңда дүниежүзінде бір ғана ұлттан құралған мемлекет саусақпен санарлық. Яғни, әлем елдерінің көпшілігі көп ұлтты. Осы ретте білім беру сала­сындағы тіл мәселесіне байланысты жай­лар біртектілікті қалыптастыруы мүмкін бе? 
– Ең алдымен баланы ұлттандыру керек, ол үшін ұлттың тілі, тарихы, мә­дениеті туралы оқып, белгілі бір санасын қалыптастырып, көзқарасын орнықтыру қажет. Екінші мәселе, қазақ тілі қаншама уақыттан бері орыс мектебінде оқытылып келе жатыр, бірақ, бір де бір мектептің пән мұғалімі, директоры осы жайында есеп берген емес, жауапкершілікке тартылған емес. Мысалы, физика,  химия және басқа пәндерден аудандық, облыстық, қалалық олимпиадалар өтеді, егер, ол мектептің оқу­шылары осы пәндерден үлгерімі нашар болса, онда аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары оларға сөгіс жариялайды, үгіт-насихат жүргізеді. Ал, неге қазақ тілі пәні үшін мұндай талап жоқ? Қазақ тілі де сондай пән, мемлекет оған да қыруар қаражат бөліп отыр. Демек,11 жыл бойы оқыған бала қазақ тілін мүлдем білмей шығатын болса, бұны былай бағалауға болады: 1-ден,  бұл саботаж, мемлекеттің саясатына қарсы жұмыс істеу; 2-ден, мемлекеттің қаржысын талан-таражға түсіру, экономикалық зарар келтіру.  Яғни, ол мұғалім жалақысын ақтаған жоқ, өзіне тиесілі міндетін орындаған жоқ. Оны директор да талап еткен жоқ, мұны қызмет бабындағы салғырттық дейді. Міне, осыны қолға  алып, кем дегенде 2-3 мектепті тексеріп шығу керек. Өйткені, жауап­кер­шілік, талап жоқ жерде нәтиже болмайды. 
Бүгінгі   күні   ел  басқарып   отырған­дар тілге құрал деп қарайды, ең басты әдіс­намалық қате осы. Тіл деген тек құрал ғана емес, тіл – құндылықтарды қалып­тастырушы құдіретті құбылыс. Иә, біздің елде кез келген мәселеге біркелкі көзқарас жоқ, мысалы, орыстың жемқорлыққа қаты­насы бір бөлек, қазақтікі бір бөлек. Ұлттық байлыққа деген көзқарасымыз да әртүрлі, т.с.с. Тіл қалыптастыратын құндылықтар  негізінде белгілі бір сөздік, оның ішінде саяси сөздік қалыптасады. Сондай-ақ,  белгілі бір құндылықтар жиынтығын және белгілі бір пантеонды, тұлғаларды қалып­тастырады. Қазір орыстардан Құрманғазы кім деп сұрасаңыз, ол көшенің аты дейді. Ал, оның тарихынан, тағдырынан мүлдем хабары жоқ. Егер, қазақ тілін білсе, Құрманғазының да кім екенін білер еді.  Мемлекеттік тіл шын мәнінде өз мәртебесіне ие болса,  оны Қазақстанды мекендеген барша азамат білетін болса, онда белгілі бір сөздік қалыптасады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік дәрежедегі құндылықтарды қалыптастырады. Біз бүгінгі күні осыдан көп жапа шегіп жүрміз. 
Айталық, экология мәселесін алайық, Алматының өзінде бірнеше экологиялық қозғалыс бар, соның дені орыстілді. Бұл жоғарыда айтылғандай қаланың иесі емеспіз дегеннен туындайды. Қазақ та түбі экологиялық мәселелерді алдыңғы орынға шығара бастайды, біз әзірге тарихи, рухани салалармен шектеліп жүрміз. Әлі де сол 1980-жылдардағы саяси ұрандар толастар емес. Ал, проблемалар көп. Жағдай өзгерді. Бүгінгі студенттер қауымының басым көпшілігі қазақ. Оларға мұғалімдері орысша тақырып берсе, қазақшасы жоқ па, неге орысша бересіз дейді. Мектепті бітіретін қазақ балаларының 70-80 пайызы орысша білмейді, осындай үрдіс бар. Бұл бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Осының бәрін ескермей, жалпылама реформалар жүргізу осы уақытқа дейінгі білімдерден айрылуға алып келеді. 
Өкінішке орай, біздің әлеуметтік талаптарымыз өте төмен, кірпияздық жетіспейді. Мәселе сенің сөзіңде емес, ісіңде. Ол қазақ тілін судай білуі мүмкін, бірақ, қабылдаған заңдары, іс-әрекеті бәрі қазаққа жат болса,  біз неге оны дәріптеуіміз керек? Яғни, біз жоғары дәрежедегі талаптарды қоюға тиіспіз. Халық әр нәрсені сараптап, саралап талдау жасауы біртіндеп артып келеді. Қоғам да осылай өзгереді. 
Дегенмен, әлі де болса «әй, қазаққа осы да жарайды» деген көзқарас басым. Кезінде Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсыновтар қазаққа қатысты кез келген мәселеге араласқан ғой. Яғни, ұлт ісінде ұсақ-түйек, майда-шүйде жоқ, ұят  болады деген ұғым да жоқ. Кез келген ұлттың біліміне, денсаулығына, болмысына, тұрмысына қатысты нәрсенің барлығы маңызды. Дейтұрғанмен, егер сен мемлекеттің шекарасы, экономикасы және т.б. бәрін айтып болсаң ғана, ең соңында барып «91» тобы жайында айтуыңа болады. 
– Футурологтардың болжамы бойынша, алдағы 20-30 жылда ұлттық мемлекеттердің біразы жойылып кетуі мүмкін. Яғни, рухы әлсіреген, бірлігі, креативтілігі жоқ халық өзге ұлттар пайдаланатын этнографиялық материал есебінде болмақ. Ендеше, жаңа жа­һандық бәсекелестік тұсында, аз санды халық, әлсіз экономика, бұғанасы қатып, буыны бекімеген мемлекеттілік жағдайында қазақ ұлтының мәдени-рухани типі тұтастай өзгеріп кетуі мүмкін бе? Сіз қазақ елінің болашағын қалай болжар едіңіз? 
– Жалпы, ұлттар жойылады деген пікір­лер негізсіз. Әлемде 7 мыңдай тіл бар, аптасына екі тіл, екі этнос жойылады дейді. Бірақ, мынаны ескеру  керек, сол 7 мыңның ішінде мемлекет болуға жараған 200 ғана этнос бар. Мемлекет  дәрежесіне жеткеннен кейін оның формасы болады. Айталық,  ұшақтардың бәрінің формасы біркелкі, өйткені, аспанда ұшу үшін осындай форма ыңғайлы, сүңгуір қайықтардың бәрі бірдей, өйткені, судың астында жүзу үшін жаңағы форманы қабылдау керек. Сол сияқты, әлеуметтік ортаның өз заңдылықтары бар. Біз этнос дәрежесінен  ұлт дәрежесіне көтерілгеннен кейін өзімізді өзіміз сақтаудың бірден бір дәстүрлі формасы – ұлттық мемлекет. Кезінде Еуроодақ құрылғаннан кейін оған кірген мемлекеттің бәрі жойылып кетеді, бір ұлтқа, бір мемлекетке айналады деген еді. Ал, бүгінгі күні ЕО тарайды деген әңгімелер айтылуда. ЕО құрылғалы бері Еуропадағы мемлекеттердің саны азайған жоқ, керісінше, 1991 жылдан бері қаншама мемлекет  пайда болды. Бұл үрдіс әлі де жүре бермек.  1960-70 жылдары көптеген әлеуметтанушы, философтар діннің рөлі бірте-бірте кеміп, ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде жұрттың бәрі атеиске айналады,  мешіттер, шіркеулер жабылады  деген болатын. Бірақ, олай болмай шықты. Қазір Еуропада мультикультуралистер емес,  ұлтшылдар жеңіп келе жатыр. Яғни, қоғам дамуында әртүрлі амплитудалар болып отырады, ұлттық мінездің күшейетін кезі, бәсеңдейтін кезі болады.  
Және де мынаны ұмытпау керек, мем­лекетшілдік сана дегеніміз – адамның иммунитеті сияқты дүние. Иммунитет жойылып кетсе адам өледі, оны тіпті кез келген ауру өлтіре салуы мүмкін. Одан құтылудың бірден бір жолы – өз имму­нитетіңді күшейте беру. Ең дұрыс ем сол. Емделудің мақсаты күн сайын уыстап дәрі ішу емес, адамның аман-есен жүруі. Бізде мақсат пен тәсілді шатастыру  бар. Егер, ұлттық мемлекет жойылмаса, ұлт та жойылмайды. Әлбетте, бір кезеңдерде ол бәсеңдеуі, өзгеруі мүмкін. Бірақ, ұлт сақталып қалуы тиіс.  
– Қазақтың қазақ болып сақталып қалуы үшін жеке тұлғаға жүктелетін жауапкершілік, міндеттер қандай? Яғни, мен қазақ үшін, қазақ болып қалу  үшін не істей аламын, не істеуге тиіспін? 
– Меніңше, бұл жерде сен бүкіл жұмысыңды таста, тек осымен айналыс деп айту қиянат болар. Қазақ болу, біріншіден, адамның жаратушының алдындағы міндеті. Осы нәсілдің өкілі болып дүниеге келдің бе, сен оны атқаруың міндетті. Екіншіден, ешкім аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Адам деген құмсағаттың ортасындағы күш сияқты, кімнен қарыз алғаныңды да, кімге қарыздар екеніңді де білуің керек. Мұн­дай дұрыс сана жақсы білімнен, жақсы мәдениеттен туындайды.  Қазақы дәстүрдің тағылымы зор.
 Осы ретте Ақсақ Темір туралы әфсана еске түседі. Ақсақ Темір бір ауыл­дың жанынан өтіп бара жатса, 80-дегі шал жаңғақ ағашын егіп жатыр екен. Әмір қарқылдап күліп, «ай, шал, сайтан болайын деп жатсың ба, ол ағаш жемісін 25 жылдан кейін береді ғой» депті. Сонда шал: «олар екті, біз жедік, біз еккенді олар жейді» деп, бір сөзбен қайтарған екен. Сол сияқты біз отбасында жақсы тәрбие, мектепте дұрыс білім алып шықсақ, жауапкершілік өзінен өзі келеді. 
Біз терең дәстүрі бар ерекше ұлттың өкіліміз, соның бір бөлігіміз дегенді отбасынан, балабақшадан, мектептен сіңіріп шығу қажет.  Егер, адамның ешқандай тіреуіші болмаса, онда ол ешқандай жауапкершілік те алмайды. Ондай адам Бангладештің де, Нью-Йорктің де азаматы бола алады. Ал, егер, мен елімнің тарихын жақсы білсем,  артымда осынша қиянат көрген халқым  бар, алдымда ұрпағым бар, олардың бәрі осы жерді игерген, қалдырған, терін төккен деген ұғымдар болса, жауапкершілік те пайда болады. Сондықтан, ең алдымен өз тарихымызды, мәдениетімізді жетік білуіміз керек. Егер, жақсы біліміміз, білігіміз болатын болса, соның өзі жойылуға жібермейді. Әлихан  Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі бар ғой, ендеше, сол қазақшылық мінезден айрылмайық, сол мінез қажап, қайрап, сені бәрібір белгілі бір стандартқа алып келеді. Ұлт алдында жүрген азаматтардың басты міндеті – сол стандарттарды жыл сайын биіктете беру. Сонда, қазақ ұлты да жасай береді. 
–  «Ұлтсыз   мемлекет құм сияқты сусып жоғалады»деген екен қытай қайрат­кері Сунь Ятсен. Қазіргі жаһанданудың өзі де адамдарды одан әрі ұйыса түсуге, бірігуге мәжбүрлеуде. Бұл сыннан қазақ ұлты да сүрінбей өтіп, ұрпақтарымен мың жасайды деп сенеміз. Сұхбатыңызға зор рахмет! 

 

593 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз