• Заманхат
  • 01 Ақпан, 2017

«Журналист болғың келе ме?» атты Республикалық форумы журналистика саласының дамуына нендей үлес қосуда?

Ә. Әлім, Н.  Есхуатова,
журналистика факультеті
Баспасөз және электронды БАҚ
кафедрасының аға оқытушылары,
Ж. Манапбаева,
филология  факультетінің  магистрі 

Бүгінгі күні «Журналист болғың келе ме?» атты талапкерлердің Респуб­ликалық форумының әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жур­налистика факультетінде өтуі жыл сайынғы дәстүрге айналған айтулы шара. Бұл форум 2008 жылы жарық көрген «Жас зерттеуші» ғылыми журналының 7 нөмірінде алғаш рет жарияланған «Жаңа ғасыр журналистикасы қандай болуы керек?» атты Республиканың шет-шетінен жиналған мектеп оқушыларының шығармалар байқауынан бастау алады.  Және ол «Жас зерттеуші» ғылыми журнал редакциясы университетімізбен серіктестік туралы Меморандумға қол қоюы алғаш рет «Жаңа ғасыр журналистикасы қандай болуы керек?» атты бай­қауының сәтті басталуына себеп болды. Бұл байқауға әртүрлі өңірлерден, көбінесе, Оңтүстік Қазақстан облысынан 1-11 сынып аралығындағы кез-келген дарынды оқушы өз бағын сынай алу мүмкіндігіне ие болды. Уақыт өте «Жаңа ғасыр журналистикасы қандай болуы керек?» байқауы өрісін кеңейтіп, «Журналист болғың келе ме?» атты ірі көлемді де жан-жақты жобаға айналды, бұл форумның тарихын көпшілік біле бермейді.


2008 жылдан бері «Жас зерттеуші» жур­налына жарияланған оқушылардың  шығармаларына мәтіннің стилистикасына мән беру, сол тақырып мәтін мазмұнын ашты ма, оқушы дарыны шығармада қан­шалықты көрінді, болашақта одан жақсы  маман иесі  шығады деген сенімділік бар ма деген талаптар қойылды. Бұл сұрақтар, сол кезден-ақ, комиссия мүше­лерінің  бағалаушы ұстаздарын алаңдатты. Бүгінгі күні бірнеше жылды артқа тастаған бұл форум өзінің шарықтау шегіне әбден жеткен, пісіп жетілген, талаптар да сол қалпы, тек қосылғаны нано, инновация технологияларды игеру барысында журналистикаға  интернет, блог тұрғысынан қарау болып тұр. Университеттің, оның ішінде журналистика факультетінің  мектептермен тығыз байланыс орнатуы, яғни,  профориентациялық жұмыстардың жолға қойылуы, әр оқуға түсуші жас талап­керлерді көпшілік ішінен таңдау мен талғауды қалыптастырды.  Бүгінгі мектеп оқушысының  шығармашылық жұмысы жаңа жолға қойылған, яғни, журналистикаға бет бұрамын деген әр оқушы көкейінде  мектеп партасынан өзін публицистикаға жаңашыл инновациялық тұрғыдан қарау керек екенін түсінген, міндетті түрде ұстаздар тарапынан қолдау болу керек, олар оқушылардың тәлім-тәрбиелік оқу нәтижесін бақылау арқылы білім сапасын жақсартуға, шығармашылығына аналитикалық талдау жасауға, жетістіктері мен кемшіліктерін саралау арқылы қазақ ұлтының мүддесіне жұмыс істейтін тұлға қалыптастыруға бағытталған кәсіби прин­циптік, адамгершілік талап-тілектер ес­керілуі керек.
Журналистика факультетінің тарапынан мұндай форумды өткізу журналистика кәсібіне ат басын бұрған, бейімі, шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеті бар дарынды жастардың арасынан ең үздіктерін таңдау арқылы, кешегі-оқушы, бүгінгі-студент, ертеңгі-тұлғаға айналуына ат салысу, үлес қосу болып табылады. Бұл форумның міндеті Қазақстан Республикасынан жиналған дарынды оқушыларға С.Медеубек, С.Қо­зыбаев, К.Камзин, К.Қабылғазина, С.Бар­лыбаева, Ш.Нұрғожина сияқты про­фессорлардың бастауымен тағылымы мол лекцияларды, кәсіби журналистердің мастер кластарын тыңдату арқылы, олардың журналист кәсібіне келуіне пси­хологиялық демеу беру, бұл киелі ма­мандықтың ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін жүрісті көтермейтінін жау­ап­кершілікпен сезіну арқылы, олардың ой тоқтатуына, бір байламға келуіне үлес қосу. Осы 2016 жылдың оқу жылында өткен «Журналист болғың келе ме?» форумы  «Жас тілшілер» ІV Т. Қожакеев, III Халықаралық Фараби оқулары аясындағы «Әл-Фараби-даналықтың жібек жолымен» қатарлас келді, журналистика фа­культетінде ірі масштабты шараларға жататын Фараби оқулары  ғылыми фестивалі форумнан асып кетпесе кем болған жоқ,  ұзақтығы екі апта, отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар, сессиялар, дөңгелек үстелдер мен пікірсайыс отырыстар кең ауқымда аталып өтті. Оқу жылының 2015 жылынан да нәтиже шығарсақ, жас талапкерлердің арасында өткен «Журналист болғың келе ме?» форумы  «Жас репортер», «Әл-Фараби мұрасы», «Ұлы жеңіске тағзым» байқауларымен сабақтасып, осы үш та­қырыпта үздік деп танылған жұмыстар үш деңгейлі дипломдармен марапатталды. Халықаралық Фараби оқулары аясындағы ғылым мерекесі он төрт күнге созылып, ұлы ойшыл, философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің идеяларын насихаттауға, заманауи Қазақстан қоғамының рухани, адамгершілік және интеллектуалдық мә­дениетін қалыптастыруға, ғұламаның ойшыл мұраларын елдегі және алыс-жақын шет елдерге танытуға бағытталды.Әбу Насыр әл-Фараби – түркі ойшылдарының ең мәшһүрі, «әлемнің екінші ұстазы» атағына ие болған замана жыршысы. Оның өмір сүрген уақыты «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне тұспа-тұс келеді. Ғалым тарихи деректер бойынша жетпіске жуық тіл білген екен. Өздігінен көп оқып, көп ізденген, философия, логика, этика, метафизика,тіл білімі, жаратылыс­тану, география, математика, медицина, музыка салаларын қамтыған жүз елуге жақын трактат жазып қалдырған.Ол шығармаларында көне грек оқы­мыс­тыларының, әсіресе Аристотельдің ең­бек­теріне терең талдау жасады. Болашақ ғалым алғашқы сауатын туған жерінде, өз тілінде меңгерсе, 12-16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп Бағдадқа келеді. Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келгенге дейін 126 жыл бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған болатын. Ол кезде санасы ашық әрбір мұсылман ислам діні ғылымымен шұғылдануды парыз еткен болатын. Осы кезден бастап Әбу Насыр әл-Фараби араб тілді ғалым санатына кіреді. Әбу Насыр әл-Фараби туралы мәлімет бермей кету мүмкін емес, өйткені университетіміздің атауы сол кісі­нің атында.
«Жас тілшілер» ІV Т. Қожакеев оқулары Халықаралық Фараби оқу­ларымен, «Журналист болғың келе ме?» жас талапкерлер байқауымен қатар өткенін жоғарыда атап өткенбіз. Мұндай шаралардың маңыздылығы жоғары, мәселен, «Журналист болғың келе ме?» форумына келген әр талапкер журналистика факультетіне алғашқы қадам жасаған кезде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Т.Қожакеевтің кім екендігін білмей жатады. Бұл ұят нәрсе, сондықтан, бүгінгі оқушыны ертеңгі сауатты, білім көкжиегі кең, мемлекетінің өркендеуіне үлес қосып, адал қызмет ететін тұлғаға айналдыру мақсатында осындай форумдар қажет-ақ.  Т.Қожакеев қа­зақ сатирасының тарихын, негізін қалаған зерттеуші-ғалым, ол қазақ әде­­биеті мен баспасөзінің тарихы, теориясы жөніндегі 200-ден астам мақала, көр­кем-публицистикалық очерктер мен фелье­тондардың авторы. Ол өмірінің соңғы деміне дейін Қазақстан Жазушылар Одағының қазақ сықақшылары қауымдастығының президенті қыз­метін, «Мерейлі Меркі», «Керімсал кент», «Жас тілшілер серігі»тағы да басқа кітаптардың авторы, ұлтына еңбегі сің­ген ұстаз-ғалым. «Жас тілшілер» ІV Т. Қо­жакеев оқулары «Ең үздік ғылы­ми жоба», «Ең үздік публицистика», «Ең үздік сатиралық туынды», «Т. Қожа­кеев өмірі мен шығармашылығына арналған ең үздік мультимедиалық жо­ба» номинациялар бойынша өтті. Бұл оқулардың басқа оқулардан ерекшелігі, оның жас ғалымдарды ғылыми жұмыстарға жұмылдыру, ғылыми-зерттеу жобаларына қатыстыру, яғни, ғылымға селқостық танытпау, үздік танылған жұмыстар номинациялармен қаржылай марапатталды. 
Республикалық «Журналист болғың келе ме?» жас талапкерлердің шығар­машылық байқауына қатысушы жазба жұмысының тақырыптары еліміздің рухани және заманауи-өркениетті дамуына негізделген, мәдени-ағарту салаларын қамтитын, саяси-әлеуметтік ахуалды талдайтын, ғылыми-инновациялық жаңа­­лықтарға бағытталған болуы шарт. Байқау жұмыстарында қазіргі кезде қоғамда алаңдатушылық тудырып отыр­­­­ған өзекті мәселелер төңі­регінде жа­зылуы қажет, ғылыми және публи­цистикалық жұмыстарда мәселенің маңыз­дылығы, өзектілігі, шешім табу жол­дары, пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетіліп, қамтылуы тиіс, соған қарап әділқазылар алқасы жас талап­кер­лердің шығармашылық байқауға түскен  жұмыстарда ғылыми нәтижелер, ұсы­ныстар мен кепілдемелер болуына мән береді. Байқауға қатысушы талапкер шы­ғармаларының арқауы мем­лекеттік деңгейде     аталған    ақын-жырау Ж. Жабаевқа 170-жыл, «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханға 150 жыл, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды 1970-1986 жылдары басқарған ака­демик Ө.Жолдасбековке 85 жыл, Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл сияқты тақырып болды. «Жамбыл және қазақ фольклоры», «Жамбыл шығармаларындағы замана шындығы», «Ж.Жабаев поэзиясы және ұлттық рух», «Әлихан Бөкейхан – қоғам және мемлекет қайраткері», «Әлихан Бөкейхан – азамат, ақылшы, ел қамқоршысы», «Алаш мұрасы бүгінгі күнгі ұрпаққа аманат», «Академик Ө.А. Жолдасбековтың университет қала­шығын жасауға қосқан үлесі», «Ө. Арысланұлы – машина мен механизм теориясының негізін қалаушы ғалым» атты  тақырыптарда жазды.
Журналистиканың әліпбиінен мағ­лұмат беруші «Қазақ газеттері» Жауап­кер­шілігі Шектеулі Серіктестігінің  Бас директоры, Редакторлар кеңесінің төр­ағасы Жұмабек Кенжалин, «Ақи­қат» журналының Бас редакторы Аманхан Әлімұлы, «Айта бер» блог тұ­ғыры, «Сұрақ-Жауап» сайттарының ав­торы, блогтық журналист Ербол Серік­­бай, тележурналист Анна Данчен­ко, «Жас Өркен» Жауапкершілігі Шек­­теулі Серік­тестігі «Ұлан» газетінің Бас редакторы Жұлдыз Әбділда сияқты майталмандары өздерінің шеберлік сыныптарын жыл сайын беріп келе жатыр. Әсіресе, осы жылдан бастап, журналистика фа­куль­тетінің жұмыс берушілер кеңесі профориентациялық жұмыстармен ты­ғыз байланыста, бұл бізге журналистика мамандығына келуші талапкерлердің болашаққа нық сеніммен қарауына мүм­кіндік береді және кәсіби маман даярлауда жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің ортақ мақсат-мүдделерін айқындайтын «Болондық жүйенің» озық тәжірибелерімен танысу, «Егемен Қа­зақстан», «Айқын», Түркістан», «Экономика»,  «Заң газеті», «Ақиқат», «Үркер» және басқа да электронды бұқаралық ақпарат құралдарының төрағаларымен элективті пәндер тақырыптарын бекіту және ол сабақтардың оқушылар көңілінен шығуын қадағалау жұмыстары қолға алынып отыр.
Осы жылы орыс тілдегі «Хочешь быть журналистом?» ұйым­дас­тырушысы аға оқытушы Л.П. Нода және қазақ тілде «Журналист болғың келе ме?» байқауында жүлделі орын алған оқушылардың шығармалары алғаш рет «Журналист болғым келеді» 313 беттік жинаққа жұмырдай болып «Қазақ университеті» баспаханасынан 50 данамен шығарылды. Әсіресе, бұл жинаққа енген Мадина Жумакельдина деген оқушының «Мен неге халықаралық журналист болғым келеді?» шығармасынан бір үзінді: «Қызыға жаз, қыза жаз, қы­зықтыра жаз! Ойланып жаз, ойлы жаз, ойландыра жаз! Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз!» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, мен бүкіл шығармашылығым мен шырқау шабытымды осы салаға арнағым келеді, менің әлі білерім де, үйренерім де көп, алайда, биік ар мен ерік-жігерді ту еткен бір бойжеткеннің тілегі орындаларына, қызығы мен қиындығы қатар өрілген бұл мамандықтың мен үшін арманнан ақиқатқа айналарына мен сенімдімін!». Міне, бала арман, пәк арман ешкімді алдамайтынына тағы бір дәлел, шын ниетіңмен тілесең орындалады, ұстаздардың қолдауымен, оқу­­шыларды сол арманға жетелеуші мақсаттардың орындалатынына кәміл сендіру, көмек беру, яғни, қол жалғау міндеті бізге жүктелген. 
Ойдан ой туады демекші, өзімнің ұстазым профессор Абдул-Хамит Мар­­хабаев баспасөзге берген бір сұх­ба­тында: «Журналист – бәрінен бұрын күнделікті практикалық тір­лік­тің «шы­ғармашылық редакторы». Рас, олардың ішінде өз бетінше ғылым­мен шұғылданып, кандидат, доктор ғы­лы­ми атағын иеленгендері, Құ­дай­ға шүкір, бірсыпыра бар. Мұндай ғы­лыми атақ алу секілді жақсы ниет кон­вейерге айналып кетпесе… Міне, осыдан барып творчестволық факультеттерге талапкерлерді тек қана шы­ғармашылық бәсеке, яғни, конкурс арқылы  қабылдау қисынды. Жас талапкер, болашақ  журналист бұрындары көлдей-көлдей, көптеген жарияланымдарын құжаттармен қоса ұсынғанда ғана қабылданатын. Бү­гіндері біздің мерзімді баспасөздің ажарын келтіріп, беделін өсіріп жүрген журналистер сол бәсекеден адал өткендер ғана». Сондықтан, жас талапкердің шығар­­машылыққа келуіне тек тума та­ланттың болуы аздық етеді, ағамыз айт­қандай портфолиясы 30 мақаладан асса ғана, журналистика факультетінің студенті деген атқа ие болуына мән беру керек. 
Осы жерде әлемде қалыптасқан жур­налистік білім берудің стандартты бес үлгісіне, яғни, моделі:
1. Еуропалық кәсіби модель. Әдетте бұл жарты жылдық немесе біржылдық практикалық курстарын бітірдім деген диплом алу, бұл курстардың бағ­дарламасына ақпаратты жинау, өңдеу және редакциялау дағдыларымен, заң­намалық құжаттармен және кәсі­би әдеп талаптарымен атүсті таныс болуды үйретеді, қазірге кезде көпшілік пікірі оындай диплом алу да жеткілікті деген ойда, бұл жерде кәсіпкерлердің жеке мектептерін ашу, капиталистік формациямен байланысты, яғни, қар­жылық жағдайына қарап оқу алдыңғы шепте тұр.
2. Журналистика саласындағы уни­верситеттік бакалавр дәрежесі, бұл үлгі, модель АҚШ және басқа да елдер, оның ішінде бұрынғы Кеңес Одағы кезінен келе жатқан дәстүрлі үрдіспен оқыту, төрт жылдық оқу, бүгінгі күні көп­шілік осындай бағдарламаларды қолдайды да, соған жүгінеді.
3. Бұл үрдіс  Еуропалық кәсіби модельден университет дәрежесінде бо­луы­мен ерекшеленеді, ұзақтығы жа­­­­ғы­­­нан көп, басқа да салаларды қам­ти­тын, журналистік дағдыларды қалып­тас­тыратын қысқа мерзімді курстарды семинарлармен, тренингтермен қы­зық­­тыру, бұл оқытуда тәжірибелік жа­ғы басымдылық танытып тұрады.
4. Магистр дәрежесіне арналған бағдарламалар, бірінші сатысы, жур­налистік білімі мен тәжірибесі жоқ мамандарды даярлауға арналған әлеу­меттік мектептер, екінші сатысы, оқылған, дайын, тәжірибелі журналистерге арналған, журналистиканы әлеуметтік, саяси, экономика, өнер және мәдениет тұрғысынан сырттай академиялық медиабілім беру, бола­шақта жұмыс орнымен қам­та­масыз ету мақсаты көзделген. 
Бұл шаралардың басын қосып отыр­ған қасиетті қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналисти­ка фа­куль­тетінің тыныс-тіршілігі тек жетіс­тік­терден тұрсын, жас талапкер­леріміздің саны жыл сайын өсе берсін!

390 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз