• Заманхат
  • 01 Ақпан, 2017

«Поляктар – адамгершілігіне қаһармандығы сай ғажайып халық!»

Ноябрь Кенжеғараев, ф.ғ.к., Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Әдебиеттанушы маман болғаннан кейін, әлем халықтарының әдебиетімен танысу барысында, поляк халқының мәдениеті мен әдебиетіне ерекше ықыласпен қарайтынмын. Кейінірек қазақ пен поляк халықтарының саяси, мәдени, рухани байланыстары туралы терең біле бастағаннан кейінірек ықыласым сүйіспеншілікке ұласа бастады. Адамзат баласына Коперник, Шопен, Адам Мицкевич, Анна Герман, Вислава Шимборская сынды аты мәшһүр ұлы тұлғаларды сыйлаған поляк халқының ділі мен рухында қазақ халқына ұқсас асыл қасиеттер өте көптей көрінді.

Қазақ елі орыс отарына айналған уақытта Тәуелсіздік, Азаттық үшін күрескен поляк азаматтарын қазақ жеріне жер аудару шаралары жүргізіледі. Қазақ жеріне жер аударылып келген поляк азаматтары жергілікті халықпен тез тіл табысып, бұл халықтардың мәдениеті мен тарихын білуге тырысады. Поляк азаматтарының саяси сауаттылығы жағдайды дұрыс бағамдауға септік болып, қазақ хал­қының басындағы ауыр тауқыметті тағдырды өз азаттығынан айрылған поляк халқымен сабақтастыра отырып, қазақ еліне деген достық, бауырмалдық ниетте болады. Қазақ жерінде айдауда жүрген Адольф Янушкевичтің қазақ елі туралы мына жазбалары әлем халықтарының қазақ халқын тануға, білуге орасан септік етті деп бағалауға болады: «Ал бүгін менің алдымда, тіпті, оқида, жазада алмайтын ақындар өнерлерін алдыма жайып салды. Олар өзінің таңқалдырарлық талантымен менің жүрегім мен жаныма көп нәрсені ұялатып, мені, тіпті, тәнті етті. Ал, бұлар тағы жыртқыштар ма? Бұл халық тек ғұмыр бойы мал бағумен шектеліп, болашақтан мақұрым қалмақ па? Жоқ, олай емес! Бұл имандай шындығым! Мұндай талант иесі өркениеттіліктен әсте тысқары қалмақ емес. Оның рухы қазақ даласына жетіп, жарық шоғын үрлей түсер. Бүгінде жүдеген, қажыған көшпелі халықтың, оған шекесінен қарап отырған елдердің қатарына қосылар күндері де туар». А.Янушкевичтің бұл сөздеріне бүгінгі күннің межесінде қарағанда көрегендік деп таңғалмасқа шараң жоқ. Еліміздің қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінің қатарынан ойып орын алуы халқымыздың ішкі мәдениетінің, рухының, жоғары гу­манитарлық мәдениетінің биіктігін айғақтағандай. А.Янушкевич, Густав Зелинскийлерден басталған достық, бауырмалдық, тілеулестік қатынастың тағы бір жарқын көрінісі алаш зиялыларымен, Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткерлігімен байланысты. Әр халық үшін ең басты мұрат тәуелсіздік пен азаттық екендігін өте жақ­сы білетін поляк елі, әр халық тәуелсіз өмір сүруге құқылы деген қағидатты берік ұстанған. Қазақ халқы сиякты рухани кемелдікке ерекше мән беретін поляк халқы да өте бейбіт сүйгіш халық саналады. Қазақ халқы да көрші отырған елдерге көз алартып, бір елдің жерін басып алу, халқын қан қақсату деген зұлымдықтан мүлде ада ел болса, поляк халқы да парасаты биік ұлық халық саналады. 1917 жылдардағы аласапыран кезеңдерден бастап, ұлт-азаттыққа ұмтыла бастаған Түркістан халықтарының зиялыларына саяси, рухани, тіпті, материалдық көмектерін көрсеткен поляк ұландарына халқымыз қарыздар сезімде болуы керек. Ғалым М.Қойгелді «М.Шоқай және Түркістан» атты мақаласында Түрік Дүниесі қайраткері З.В.Тоғанға поляк азаматтарының орыс большевиктерінің ұйымдастырып отырған қастандық әрекеттерінен хабардар етіп, аман қалуымен Мұстафа Шоқайдың Қоқандағы орыс большевиктері ұйымдастырған қырғыннан аман құтылып шығуына да поляк әскерилерінің қайрат көрсеткенін жазады. Патшалық Ресейдің зұлым отарлау саясатының жалғасы болған Кеңестер Одағының қатігез саясатын саяси тұрғыдан әшкере етіп отырған Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткерлігіне әрқашан қолдау көрсетіп, қаржылық жағынан қамтамасыз етіп отырған да поляк үкіметі болып табылады. 123 жыл бойына өз Тәуелсіздіктері үшін Ресей, Германия, Австрия сияқты отаршы мемлекеттермен күрескен Польша елі ортақ бақытсыздық күйін кешкен бауырлас қазақ халқына теңдессіз, өлшеусіз жанашырлық танытты. Мұстафа Шоқай қозғалысына рухани және қаржылай көмек көрсеткен адам қатардағы азамат емес, Польша Республикасының негізін қалаушы, поляк халқының Тәуелсіздігі үшін күресуші, ержүрек қолбасшы Юзеф Пилсудский болатын. «Яш Түркістан» газетінің табандай он жыл бойына 1929-1939 жылдар аралығында жарыққа шығуына көмек көрсеткен бауырлас халықтың арыстарына бүгінгі ұрпақ зор құрметпен қарауымыз керек. Елінен шет жүрген қазақ, қала берді түрік азаматының басына аса ауыр іс түскенде қолтығынан демеп қана қоймай, оның саяси қызметпен айналысуына мүмкіндік тудырып, жағдай жасау­лары олардың Әділеттілік аңсаған ұлы мұраттарынан туындаған. Ал, Мұстафа Шоқай мен оның шығарып отырған «Яш Түркістан» журналы дәл қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мүдделерімен сәйкес келетін, заманынан озып туған, қарағайға қарсы біткен, басы мен рухы ноқтаға сыймаған бірден-бір дұрыс позиция ұстана білген, саяси сауатты, ұлттық идеямен ауызданған бағыт бола білді. Тауқыметті ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қанды қасап саясатқа күні бүгінге дейін біздің қоғамда орын алып келген ұлттық идеядан ада, бұрмаланған жалған тарих пен жалған, жасанды идеология емес, Тәуелсіз елдің тәуелсіз тарихы мен тәуелсіз идеологиясына дөп келетін баламалы тарих, баламалы тұғырнама деп бағалауымыз керек М.Шоқайдың қайраткерлігін. 1935 жылы маршал Ю.Пилсудский қайтыс болғанда М.Шоқай «Яш Түркістан» журналында мақала жариялайды. Мақаласын поляк халқы үшін ғана емес, қазақ халқы үшін де орасан зор қызмет атқарған Ю.Пилсудскийдің қызметін аса жоғары бағалап, мынадай сөздермен бастайды: «Заманымыздағы ең ұлы қоғам және мемлекет қайрат­керлерінің бірі дүниеден өтті». Қазақ халқының ұлы деген сөзімен екі адамның бірі атала алмайды. Мұстафа сынды саяси білікті ұлтжанды адам поляк қолбасшысының қазақ елінің болашағы үшін істеген еңбектерін, достық пейілін терең сезініп осылай атап отыр. Қазақ-поляк халықтарының шынайы достығының көрінісін былай атап өтеді: «Бүгінгі біздің тағдырымызға деген немқұрайдылық, біздің ұлт-азаттық қозғалысымызға дұшпандық, ұлт-азаттық қозғалысымыздың әлсіз үнін өшіріп алмау қамындағы әре­ке­тімізге қарсы жасалып жатқан кедер­гілер жағдайында маршал Пильсудский тарапынан көрсетілген шынайы жанашырлық сезімдері біздің жүре­гімізге оған және оның халқына–поляк­тарға мәңгі ұмытылмастай терең сүйіс­пеншілік тудырады». Қазақ халқында «ашаршылық кезінде жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпес» деген мақал бар. Кімнің дос, кімнің дұшпан екендігі осындай тар кезеңде көрінеді емес пе? Әлі күнге дейін өз елінде өзінің тиесілі бағасын толық ала алмай отырған Мұстафа Шоқай бастаған ұлт-азаттық қозғалысының өмір сүруіне, бүгінгі күні Тәуелсіз ел үшін баға жетпес саяси-ғы­лыми азық қалдырған арыстарымыздың кең қанат жайып жұмыстануына қолдау көрсеткен ерлердің алдында олардың ерлік істерін толық мойындауымыз керек. А.Янушкевич ХІХ ғасыр, Ю.Пил­судский ХХ ғасыр қазақ-поляк байла­ныстарының, достығының көрсеткіші болса, ХХІ ғасырдағы қазақ-поляк бауырластығы рухани-мәдени байланыста өрбіп отыр. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалып, бүгінде еңсесін көтіріп отырған екі елдің алдағы мақсаты бір. Сондықтан да, отаршылдықтың езгісін көрген екі халықтың аяулы арыстарының парасат өрелері бір-бірлеріне өте ұқсас. Қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбаевтың бастамасымен Владислав Реймонт, Генрик Сенкевич, Чеслав Милош, Вислава Шимборская сынды  Нобель сыйлығының иегерлері шыққан поляк әдебиетін қазақ халқымен таныстыру шаралары жүргізіліп отыр. Осындай сүйсінерлік істің бір көрінісі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Әлем халықтары әдебиеті институтымен Польша Республикасының Қазақстандағы титулярлы елшісі, Алматыдағы Польша Республикасының Генералды Консулы, өзінің арғы аталары сынды қазақ халқына ерекше махаббатпен қарайтын парасатты тұлға Веслав Осуховски қолдауымен көрнекті ақын Вислава Шимборскаяның «Исаактың жазығы неде?» атты қазақ тіліндегі тұңғыш туындысының тұсау кесері өткізілді. Поляк ақынын қазақ тілінде сөйлеткен белгілі ақын Әбубәкір Қайран. Қызыл сөздің шебері, кең парасаттың иесі Роллан Сейсенбаев жүргізіп отырған кеш жиналған қауым үшін де өте әсерлі болды. Жалындаған студент жастар В.Шимборскаяның өлеңдерін қазақ тілінде жатқа оқыды. Бауырлас қазақ және поляк халықтарын тарихи санасын жаңғыртып, бүгінгі өскелең ұрпаққа Польшаның алыс та болса бізге жақын ел екендігін түсіндіруге көптеген шаралар жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Поляк елінің тауқыметті тарихының бір көрінісі ретінде миллиондаған тыңдаушылардың сүйікті әншісі Анна Германның қилы тағдырын сөз етсек те болады. Жер аударылған поляк әскериінің отбасында өзбек жерінде дүниеге келген Аннаның өмірінде ХХ ғасырдағы поляк халқының қасіретті тағдырының іздері сайрап жатыр. Ұзақ жылдарға созылған ауруына қарамай әндерімен әлемді тербеткен Аннаның жеке тағдыры да тағылымға толы. Өмір­лік серігі Збигнев Тухолскиймен екеуінің махаббатқа тұрақтылығы, мәңгілік адалдықтары барша адамзат баласына үлгі боларлықтай. Әдетте шынайы махаббатты біз тек өткен замандардан, ғасырлардан іздейміз. Ләйлі-Мәжнүн, Фархад-Шырын, не  Қозы Көрпен-Баян сұлу, не Ромео-Джулиетта деп таңдай қағатынымыз жасырын емес.  Мақаламның тақырыбы ретінде алып отырған Мұстафа Шоқайдың поляк халқына айтқан «Поляктар – адамгершілігіне қаһармандығы сай ғажайып халық» сөзі барша поляк азаматтарына қаратылып айтылғандай. Соның ішінде Анна мен Збигневке де қатысты. Ішкі рухани байлықтарының молдығы, адамгершілік құндылықтары жоғары болғандықтан ғана олар өз отбасылық өмірі жолдарындағы кездескен көп қиындықтарға төтеп беріп, махаббат сезімдеріне селкеу түсірмей сақтай білді. Сондықтан да, олар менің көзімде махаббат символына айналды. Шын махаббат сезімі асқақ, ойы терең, жаны адамгершілік пен мейіріммен суарылған адамдардың бойында ғана болады емес пе? Қазақ халқы өздеріне көрсетілген қам­қорлықтың, жанашырлықтың қай­тарымы ретінде Польша Республикасының негізін қалаушы, қазақ халқының досы Юзеф Пилсудскийге Астана және Алматы қала­ларынан көше атауларын беріп жатса, бауырлас екі халықтың достығы жаңа серпіліс алады деген ойдамын.

634 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз