• Ел мұраты
  • 01 Ақпан, 2017

БІЗ ТАМЫРДЫ ҰМЫТТЫҚ

Ерболат ҚУАТБЕК,
сыншы

Стиль. Қазақша айтқанда – болмыс. Болмыс – ештеңеден ажырай алмайтын біртұтас дүние. Әр ұлттың өзіне тән болмыс-бітімі бар секілді, әр адамның, әр ақынның өз болмысы болады. Сонымен ерекшеленеді. Азаматтың сол болмыстан ажырауы – өз ұлтын сатып кетумен парапар әрекет. Бірақ, бұл басқа ұлттың әдебиеті, мәдениетінен аулақ бол деген түсінік емес. Әдебиетке жаңа келген буын Мұқағалиды оқып келеді. Әрі қарай елге танылып жүрген ақын-жазушылардың шығармасымен танысады. Одан қалды, орыс әдебиетіне бас сұғып көреді. Шетел әдебиетінің терезесінен сығалайды. Бір сөзбен айтқанда, адасады. Турасын айтқанда, адастық, әлі де жүйе таба алмай әлекпіз. Жапырақ болып жайқаламыз деп, тамырсыз қалып шайқалудың алдында тұрмыз. Дұрыс жолға түсу үшін қателесу керек те шығар. 


Барлығын басынан бастасақ. Біздің тамырымыз Күл­тегіннің жазбаларында, Ақтамбердінің айтқандарында, Махамбеттің өршілдігінде, Абайдың даналығында, Мағ­жанның парасаттылығында, Қасымның рухында жатыр. Неге біз одан ажырауымыз керек? Бәрі өзімізден басталады. Мәтін және мәтіннен тыс деген дүние бар. Біз алдымен, екіншісіне баса назар аударуымыз керек. Мысалы: Жұмекеннің «Геракл» деген өлеңі. Оны түсіну үшін алдымен Гераклдың кім екенін білуіміз керек қой. Мәтіннен тыс дегеніміз – осы. Кітап оқу үшін жүйе керек. Ол жүйе – қазақтың  жеті атасы сынды. Бір ақын­нан бір ақын тарайды. 
Ұлттық болмыс дедік. Енді ұлттық ақын деген бар. Мұндайда сұрақ туындайды. Ұлттық ақын бір ғана елдің перзенті ме? Жоқ, әрине. Ұлттық болмыспен біте қайнасқан әлемнің шайыры – ол. Бір ғана мысал: Расул Ғамзатов. Сөз падишасынан Дағыстанын еш тастамаған Расулды әлем біледі. Кім айтады оны Дағыстанның ғана ұлы деп? Дағыстаны арқылы ғаламды, адамды жырлады. «Менің Дағыстанымды» қырық төрт жасында жазып тастаған екен. Барлығы қамтылған кітапта. Ұлт, ел, жер, поэзия. Сонымен қатар, дарын, жанр, тіл жайлы өз пайымын айтады. Стиль ше? Стильдің екінші атауы – мәнер. Яғни, жазу мәнері деп те атаймыз. Оған әлі тоқталамыз. Жоғарыда біздің адасып жүргенімізді айттық. Біз тұрмақ Ғамзатовтың өзі ұлттық болмыстан ажырап қала жаздаған екен. Әдебиет институтында оқып жүрген жылдар. Орта әсер еткен болу керек, Расулдың өлеңдері мүлде басқа мәнерде жазыла бастайды. Өлеңдері орыс тіліне аударылғанын қалап, орман елі оқырманы жүрегінен орын алуға асыққан жастық жігермен. Мұны байқаған әкесі Расулға: «Болмыс – ақынның жарты дүниесі. Жарты дүниесін тапқан ақын өзін тапқанмен парапар емес пе? Ұясын жиі ауыстыратын құс ақырында қай ұясын таңдарын білмей, ұясыз қалады», – деген екен. Әкесінің ақылын тындаған Расул поэзия мен қулықтың үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығына көз жеткізеді. Расулдың әкесі ақын болған. Ғамзат Цадас. Ол – енді бөлек болмыс, ерек ғұмырдың егесі. 
Расулдың «Абуталиб айтты» дейтін тәмсілдері бар ғой. Сол Абуталиб – өмірде болған адам. Болмақ түгіл лак ұлтының ақыны. Расулдың Абуталиб Ғафуров жайлы естелігі бар. Мәйхана құрғанда да, ұлттық болмыс еш ажырамаған екен Абуталибтан. Ғафуров Ғамзатовтың үйіне қонаққа келеді. Моншадан шыққан беті екен. Абуталибтің шөлін басу керек. Расул шетелден келген ром, джин, виски т.б. ішімдіктерді ұсына бастайды. Сондағы Абуталибтің айтқаны ғой: «Мынаның барлығын әрі әкет. Бізге жарайтыны – өзіміздің ақбас шиша ғой. Олар бізді, біз оларды түсінеміз. Ал, мыналарың маған таңсық тілде сөйлейді және мен де оларға бөтенмін. Бұлар мен үшін бөгде қонаққа ұқсайды. Сондықтан өзіміздікін әкел». Тағы сол Абуталибтің айтқаны бар: «Егер, сен өткенінді көміп тастасаң, келешегің сені мерт қылады». Енді, бұл сөз тек лак жұртына ғана бағышталған десеңіз, әрине, қателесесіз. Бұл – адамзатқа, ұлттарға айтылған сөз. Ұлттық ақын дегенге тағы бір мысал – осы. 
Кавказдықтардың екінші аты – таулықтар. Олар таудың тілінде сөйлейді. Өмірге таудың көзқарасымен қарайды. Таулықтарда екі нәрсе болу керек дейді: біріншісі – бас, екіншісі – елтіріден тігілген бөрік (папаха). «Екеуі болмаса, өзіңді таулықпын» деп есептемей-ақ қой» дейді дағыстандықтар. Таулықтар арасында мынадай бір қызық мысал бар, тура мәңгүрттерге арналған: 
Баяғыда үш аңшы қасқыр аулауға шыққан екен. Қасқыр олардан қашып жүріп, апанына тығылып қалады. Әрі күтеді, бері күтеді. Қасқыр жоқ. Содан, араларынан бір аңшы апанға қарай беттеп, басын сұғады. Әрі күтеді, бері күтеді. Аңшы жоқ. Тағаты таусылған екі аңшы апанның жанына барса, әлгі басын сұққан аңшының басы жоқ дейді. «Сонда ойладық, ол аңшының басы аңға шықпастан бұрын жоқ болды ма, әлде апанға басын сұққаннан кейін бе?» дейді таулықтар. Иә, бізде де жетерлік ондай басы жоқтар. 
Өзімізбен қоса өлеңде де адастық. Әлі де адасып келеміз. Ақыл айтар аға буын сирек. Расул да бақытты ғой. Оның Ғамзаты бар. Расулдың «Менің туған жылым» атты поэмасы 1949 жылы жарық көргенде, ескертпелер жасаған екен әкесі. Бірақ, Расул әкесі жасаған түзетулердің көбімен келісе алмайды. Расул айтады: «Әрине, сіздің дарыныңыз маған қарағанда ауқымдырақ. Бірақ мен басқа уақыттың ақынымын ғой. Менікі – басқа мектеп, бөлек бағыт. Мен Ғамзат Цадас емеспін, жай ғана Расул Ғамзатовпын. Менің өз стилімді, өз жазу мәнерімді қалыптастыруыма мүмкіндік бер», – деп. Сонда әкесі: «Сен мүлде қателесесің. Сенің стилің, сенің жазу мәнерің әрқашан екінші сатыда тұру керек. Ал, бірінші сатыға халқыңның түсінігі мен мінезін қой. Сен әуелі таулықсың, аварлықсың, содан соң ғана Расул Ғамзатовсың. Жаңбыр қайдан келеді, егер бұлт болмаса? Қар қайдан келеді, аспан болмаса? Ал, Расул Ғамзатов ше, егер авар халқы болмаса?» – деген екен. Біздің осындай әкелеріміз болса, ешқашан адаспауымыз мүмкін ғой. Аға буын біздің сүйікті ақынымыз ғана емес, сонымен қатар, рухани әкеміз болу керек еді, әу басында. Ол – енді басқа әңгіме...
Абуталиб   туралы  айттық жоғарыда. Біз­де де Абуталиб бар. Біздің Абуталиб – Қайыр. Жұмекеннің Қайыры. Нәжімеденовтің «Тамыр мен Жапырақ» атты табиғат дастаны бар. Онда да Расул секілді, «Қайыр айтты» дейді. Қайыр не айтты? Ол: 
Гитлер де жапырақ боп кетті ұшып,
Сомосалар кетті ұшып,
Муссолини кетті ұшып,
Трумэндер кетті ұшып, – дей келе, былайша түйіндейді:
Тамыр қалды орнында,
Халық қалды орнында.
Ұшты талай тақ пен таждар ақымақ,
Сарай да ұшты қабырғасы қақырап.
Диогеннің бөшкесі сол орнында,
Аяз бидің тұмағы сол орнында. 
Ал, тамырлар топырақтың астында,
Шулап жатыр ұқсап ұлы тасқынға. 
Әттең, үні жетпейді
Саққұлаққа, кереңге:
Себебі тым тереңде...
Рас, біз жапырақ болуға ұмтылдық. Тамырымызды ұмытып барамыз. Емен­нің де, адамның да өзегі сол тамырында. Төрге озуға асықтық, табал­дырықтың барын ұмытып. «Тамыр мен жапырақтың» идеясы – ұлттық болмыс. Сондықтан, замандас, тереңде жатқан тамырымызды ұмытпайық.

ШӘКЕРІМНІҢ СЕГІЗ ЖҰМБАҒЫ

«Ең  үлкен  жұмбақ  –  адам»,  –  депті Қадыр Мырза Әлі. Ал, өлең ше? Жұмбақ бола  ала  ма?  Жұмбақ  болса,  шешімін тапты  ма?  Мен  үшін адамның  өзінен бұрын  көзі  жұмбақ  болып  көрінеді. Небір  сырды  жасырып  тұрғандай. Мөлдір  көзге  күллі  дүние  сыйып кетердей.  Иә,  дүние солай.  Сол  бір жұмбақ  дейтін  алып  әлем  Шәкерімнің өлеңдерінде  де  кездеседі.  Ол  қандай өлең? Қай жұмбақ?..

Бірінші жұмбақ:
«Өлшеусіз, түпсіз терең бір дария бар,
Көрмейміз, құр естиміз анық хабар.
Дарияның суын түгел құятұғын,
Ол сыярлық ыдыс бар кішкентай, тар.
Дарияны сол ыдысқа құя білсең,
Керек суы болады көзге даяр.
Онда бірақ дарияны естімейміз,
Көзбен анық көреміз, байқа, дос-жар.
Ол суда лай да бар, тұнық та бар,
Лай судан тұнықты кім айырар?
Лай судан тазасын айыруға
Дария көрген адамның бәрі құмар.
Дария не? Ыдысы не? Тазасы не?
Көрген кім? Айырған кім? –                     Табыңыздар!
Бес шешуі бір жерден табылмаса,
Шешкен  емес,  бірталай  ой сандалар».
Жұмбақ – ойды  қозғар  катализа­тор. Ойыңды сан-саққа  жүгіртіп,  бір тоқтамға келгенмен, ол шешімге  күмән­данасың. Тұспалдайсың. Болжай­сың. Бірақ,  түк өнбейді. Өйткені, сіз ойланып көрген жоқсыз.  Ой  қорыта  алмайсыз. Дегенмен, тырысып  көріңіз.  Ақын  айтып  отырған дария не? Ыдыс ше? Ал, таза деп отырғаны қайсы? Барлығы – бір дү­ниенің нышаны. Шәкерім жұмбақ  өлең  арқылы  бағзы қазақтың болмы­сын танытып отыр. Бағзы қазақ  жұм­бақтап, астарлап сөйлейтін халық бол­ған. Жиренше, Қарашаш туралы оқып  отырсаңыз,  еріксіз  көз  жеткізесіз. Жұм­бақ – диірмен. Сонымен, таптыңыз ба жауабын?  Күрделі  дейсіз  бе?  Жарайды. Шәкерім былай деп жауап береді:
«Жұмбақ – ойды кеңітер, бермейді бөз,
Таза суы – шешендік, дариясы – сөз.
Әншейін ауызбенен айтылғанда,
Сөзді құлақ естиді, көрмейді көз.
Ыдыс – қаріп, көз көріп, тізбелейміз;
Дария  көрген  –  хат  білген  жалпы                         адамдар
Лай,  тұнықты  айырған  есті  дейміз».
Барлығы қарапайым. Сөзді құлақ естіп, көз көрмейтіні рас емес пе? Дария көргендер бар шығар, бірақ лай мен тұнықты айыра алатындар  қатары тым аз.  Жүрегіңізге алып  қалмаңыз.  Бірақ,  бұл  –  шындық. Екінші  жұмбақ  дейсіз  ғой. Қателігіңізді түземек ойыңыз бар екен. Онда тыңдаңыз:

Екінші жұмбақ:
«Тамам сөзді сөйлейді, сөйле десе,
Етінен ет кесемін, сөйлемесе.
Айт десем, айтпайтұғын жауабы жоқ,
Сүйгенімді сөйлеттім әлденеше».
Сіз әлі ойланып отырсыз ба?  Бар­лығы оңай. «Етінен ет кесемін,  сөй­лемесе». Енді... Опа жоқ екен сізге. Қа­рындаш қой. Етінен ет кесемін деп тұрғаны «ұштаймын» дегені емес пе? Тағы да жеңілдіңіз. Сізден озат  оқушы  шықпайтын  секілді.  Амал қанша, тағы бір мүмкіндік берейік.
Үшінші жұмбақ:
«Бір нәрсе жұртқа мәлім, көзден ғайып,
Ұстауға еш болмайды қолдан тайып.
Не сынап, не түстеуге ұқсамайды,
Кейде көп, кейде кетер тіпті азайып».
Кім жауап берді? Қайталаңызшы. Жел? Дәл өзі. Әйтеуір, бір есті адам табыл­ды-ау. Бірақ келесі жұмбақ өте күрделі.

Төртінші жұмбақ:
«Киім, тамақ, денеден жоқ бір нұсқа,
Жылдам кіріп, шығады жылдам тысқа.
Маңдайда жалғыз көзі жарқыраған,
Тұлымының бірі ұзын, бірі қысқа.
Кей-кейде екі ұрыттау мінезі бар,
Шағып алып жүрмесін, байқап ұста.
Бір кеткен соң қолыңа түсу қиын,
Айырылып қалып жүрме қапылыста.
Шаршау жоқ, арықтау жоқ, талабы жоқ,
Адам  оны  жұмсайды  көп  жұмысқа».
Айттым  ғой,  күрделі  деп.  Жалғыз  көзі бар, шағып алатын мінезі бар. Не болды сонда ол? «Тұлымының бірі  ұзын,  бірі қысқа»,  –  дейді.  Жаңа жауап  берген адам қайда?.. Шәкерім:
«Ине керек қылмайды киім, тамақ,
Ұйықтайын деп ешқашан жаппас қабақ.
Жыпылдатып бұйымды тігесіз ғой,
Тұлымдары – өткізген жіптен сабақ»
Жымидыңыз, білем. Ине  ғой.  Жалғыз көзі  бар,  шағып  алатын  мінезі  бар. Солай емес пе? Бесіншісі ме? Жарайды.

Бесінші жұмбақ:
«Тоғыз қатын жиылып бір толғатқан,
Бірін-бірі жуан қып буаздатқан.
Тоғызының киімі тоғыз түрлі,
Келген кісі сияқты әр тараптан.
Босанғанда тоғызы бір ұл тауып,
Балаға екі түрлі киім жапқан.
Бір киім шешесіне ұқсаса да,
Бір киімі келіп тұр бөтен жақтан.
Қатындар не? Киім не? Баласы не?
Көпке киім жетеді не сәбәптан?».
«Босанғанда тоғызы бір ұл тауып» дей ме?  Қалай?  Қатындары  кім?  Киім  ше? Бала деп кімді немесе нені айтып тұр? Осы  жағын  ойланғаныңыз жөн шығар. Шынымен,  көпке  киім  қалай  жетіп  тұр? Ақын нені астарлап тұр?
Шәкерім:
«Тоғыз қатын – тоғыз сан тоғыз бөлек,
Тоғыз цифр келеді түсі өзгерек.
Бірінен-бірі жуан бола беріп,
Ойласаң,  тоғыздан  он  туса керек.
Киімі  оның  бір  цифр,  бір нөл болар,
Нөл  деген – цифрдан жат бір дөңгелек.
Қанша санды жазса да, осы цифр
Жететінін  байқарсыз, болсаң зерек».
Бәрі анықталды ма? Санда бір  ойды меңзеп тұрғаны анық. «Жететінін  бай­қарсыз, болсаң  зерек», – деп отырғаны сондықтан. Әрі қарай кеттік.

Алтыншы жұмбақ:
«Кішкентай күрең қызыл, дөп-дөңгелек,
Тамаққа әбден тойса, болады көк.
Қанға тойып алған соң, қарны үлкейіп,
Үлкендігі кетеді он есе боп».
Күрең қызылы қайсы? Қан ішетін кім? Әрине, таз кене.
«Деп  ойларсың  таба  алмай:  «Бұл немене?»
Таба алмасаң, айтайын, ол – таз кене,
Түйе кене атанып, қанға тойса,
Көк  сұр  болып  кетеді  күрең  дене»,  – дейді Шәкерім.

Жетінші жұмбақ:
«Бір нәрседен үш сипат қылдым қайла,
Бұл жұмбақты шешерлік адам қайда?
Бір сипатын ортадан кесіп алсам,
Орнында тағы болар екеу пайда.
Біреу деп кесіп алып тастағаным
Үшеу  болып  жатады  басқа  жайда». Жауабы – төртбұрыш екен.
«Бір қағазды қи-дағы үш бұрыштап,
Бір бұрышын ортадан кес дұрыстап,
Қалған қағаз болады төрт бұрышты –
Үш бұрышты қиығын тұрсаң ұстап».
Кәдімгі  геометрия.  Жұмбақ  жауабын­да айтылғандай  жасап  көрдіңіз  бе?  Дәл солай шығады. Төртбұрыш.

Сегізінші жұмбақ:
«Бірде емес, тамам санның бірінде емес,
Не үлкен, не кішкене бірі де емес,
Ғылым тапқан сипаттың бірі онда жоқ,
Бұл жұмбақ өлі де емес, тірі де емес».
Байқасаңыз, жұмбақтың жауабы өзін­де тұр.  Таппадыңыз  ба?  Түйінді  ақын­ның өзіне берелік.
«Жұмбақ айтып не керек, әуре қылмақ,
Керегі сол – ойланып, ой ашылмақ.
Әлемде әр нәрсенің қарсысы бар,
Бар қарсысы – «жоқ» еді, осы жұмбақ».
Бітті.  Жауабы  –  «жоқ».  «Әлемде  әр нәр­сенің қарсысы бар», – дейді Шәкерім. Қарама-қайшылықты айтып отыр.
P.S. Әр  жауаптың  өз  мәні  бар.  Және  өз ретін сақтап тұр. Бірінші жауап – сөз. «Ең алдымен – сөз», – дейді Інжілде. Одан кейін – барлығы. Екінші жауап  қарындаш  болатын.  Бұл  – ақынның серігі. Үшіншісі – жел. Бұл – ақынның қарсыласы. Төртіншісі  –  ине.  Бұл  –  ақынның  қайғы-қасіреті. Бесіншісі – сан. Бұл – ақынның құпиясы. Алтыншысы – кене. Бұл – ақынның соры. Жетіншісі  – төртбұрыш. Бұл  ақынның – түйсігі. Сегізіншісі  – «жоқ»  сөзі.  Бұл – ақынның өлімі. Басқа ештеңе емес.

ГОГОЛЬДЫҢ ӨЛІМІ

Толық жазылмаған шығармалар бар. Аяқталмай қалған романдар легі қаз-қатар тізіліп тұр. Қаншама шығарманың нүктесі сол беті қойылмай кетті. Мүмкін, шарықтау шегі сол нүктесіз сөйлеммен аяқталған шығар? Бір Құдай біледі. Дүниеден ерте өткен ақындар шынымен өздерінің жазарын жазып, айтарын айтып кетті ме? Үлгерді ме екен? Осы сауалдар оқырманның көкейін тесіп келеді. Ақын мен тылсым о баста бір туған болуы керек. Шайырлардың өмірі тылсыммен астасып кеткен. Кейбір ақынның тағдырына бой ұсынсаң, жаның кә­дім­гідей түршігеді. Эдгар Поның жұм­бақ өлімі туралы айттық алдыңғы мақалаларымыздың бірінде. Есенин, Маяковский, Цветаева, Бердібектердің өлімі осы уақытқа дейін жұмбақ болып келеді. «Бердібекті бәзбіреулер ағашқа асып кеткен» деген әңгіме де бар. Өр ақын Өтежан Нұрғалиев «Өлгендер ояу, тірілер неге ұйқыда?» атты өлеңінде:
«Арыстан туған Бекеңді...
Ата жау болған дұшпандай,
Алпыста сегіз жасында,
Ағыбай ердің асында – 
«Ағамыз ғой» деп, еркелеп,
Өлтіріп тындық, не керек...
Еркелеп жүріп енесін,
Ұрдық та жайлап...
денесін – 
Ағашқа асып тастадық! – дейді. Трагедия емес пе? Өз қолымызбен өлтірдік. Кімді өлтірмедік? Сол бір жұмбақ өлімдердің бірі – Гогольдың өлімі. Гогольдың мәйітіне тексермекші болып қабірін ашып қараса, ақынның бас сүйегі жоқ болып шығады. Және етбетінен жатқызған екен. «Жазушыны ұйқы кезінде көміп тастаған» деген де қауесет бар. Аңыздың ақиқатқа айналар кезі алда. Жоғарыда аяқталмаған туындылар туралы әңгіме қозғадық. Енді, әңгімемізді өртенген, турасын айтқанда, өртелген поэмаға қарай бұрайық. Өздеріңіз біліп отырғандарыңыздай, ол – Гогольдың «Өлі жандары». Гогольдың өртеп жібергені – поэманың екінші томы.

Бірінші том
«Өлі жандар», негізінен, формасы жағы­нан роман болып есептелгенмен, оның ішкі ырғағы – поэзия. Автордың «Өлі жандарға» поэма деп айдар тағуы да содан. Поэманың бірінші томы 1835 жылдың 7 қазанынан бастап жазыла бастады. Бұл туралы Гоголь Пушкинге жазған хатында поэманы бастағаны туралы айтады. 1842 жылы жалғанның жарығына шықты. Кітаптың атауы «Похождения Чичикова или Мертвые души» болды алғаш жарық көргенде. Кейіннен «Өлі жандар» болып қалғаны белгілі. Поэманың бірінші бөлімін Гоголь Пушкинге оқып береді. Сондай-ақ, поэманың қалай өрбігені жайлы Аксаков, Карамзин, Тургеневтар куә болады. Гоголь бұл поэманы «Пушкиннің аманаты» деп білген. Неге?

Авторы – Пушкин
Белгілі  бір шығарманы жазу үшін ақын­ға бір жайт түрткі болуы керек. Басқаша айтқанда, сол жайт әсер етеді. Ол жайлы ізденеді. Образ жасайтыны әлімсақтан белгілі. Гогольға «Өлі жандарды» жазуға қандай дүние әсер етті екен? Осыны ойлап көрдік пе? Поэманың сюжеті бойынша, Чичиков «N» қаласына сапар шегіп, ол жерден өлі жандарды сатып алмақшы болады. Оның бар мақсаты осы еді. Өлі жандар дегеніміз – іс жүзінде өлгенмен, қағаз жүзінде әлі де өлді деп тіркелмеген адамдар. Чичиковтің бұл пиғылы бірінші томның соңғы бөлімінде белгілі болады.
Негізінен, идея авторы – Пушкин. Дәлеліміз де жоқ емес. Басынан бас­тайық. 1831 жылы Кишиневке Пушкин екі мәрте барып қайтқан екен. Ақын бір қызық жайтқа тап болады. Бендера деген аймақта осы уақытқа дейін ешкім өлмеген деседі.   Он  тоғызыншы ғасырдың басында бұл аймақтан бір тү­менге жетердей шаруалар қашып кет­кен екен. Полиция қашқындарды ұстау керек болған. Содан бұлар өлген адамдардың аттарын құжаты жоқ шаруаларға беріп, бар бәлені осылай жаба салған. Пушкин Гогольға осы әңгі­мені айтып береді. «Өлі жандар» осы сәттен бастау алады.

Өртенген қолжазба
Екінші том толығымен өртенбеген. Біз­ге төрт бөлімі жеткен. Бұл туралы Го­голь­­дің дәрігері Алексей Тарасенков өз естелігінде былай дейді: «Жарық дүние­мен қоштасардан ай бұрын жазушының халі күрт бұзылды. Уақыт өткен сайын күшейе түсті. Матвей әкей дұға оқыды. Пушкиннен бас тартуын талап етті. Шыдамаған жазушы әкейден жалғыз қалдыруын өтініп, 11-інен 12-сіне қараған түні Гоголь баспаға дайын тұрған кітапты өртеп жіберді». Содан кейін, еңіреп жылаған деседі жазушының соңғы сәтінде бірге болған куәгерлер. Бұл 1852 жыл еді. 1837-де Пушкин, 1841 жылы Лермонтов, 1848-де Белинский, соңғысы болып 1852 жылы Гоголь кетті.
Екінші томын естігендер (Гоголь шығар­ма­ларын оқып беретін болған) бар. Мысалы, Арнольди «Менің Гогольмен танысуым» атты естеліктер кітабында Гогольдың поэманың тоғыз томын оқып бергендігін айтады. «Екінші томдағы Уленька образы – Гоголь ғашық болған Анна Вьельгорская», – дейді. Негізінен, «Өлі жандар» үш томнан тұруы керек екен. Бірақ, үшінші томын жазған-жазбағаны белгісіз. Әйтсе де, поэма желісі Сібірде өрбитіні жайлы деректер де бар. Себебі, Гоголь Сібір жөнінде мәліметтер жинаған екен. Бәрі де – жұмбақ.
P.S. Гоголь өлімі – «Өлі жандар­дағыдай». Бірақ, керісінше. Ол қағаз жүзінде өлгенмен, іс жүзінде өлген жоқ. Ол тірі.

ЧАПЛИН КІМ?

«Қаңғыбас» Чаплин
Комедия, сатира, әзіл-сықақ, анекдот, каламбур, қалжың. Барлығы бір мағына береді деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине. Әрқайсысының берілу формасы бөлек. Бірақ, ортақ мүддесі – күлдіру. Ал, біздің қоғам ше? Комедияны әзіл, сатираны қалжың деп түсінеді. Сондықтан, біздің қоғамда мүгедек күлегештер мен ақсақ-тоқсақ сайқымазақтар қаптады. Халық арзан күлкіге балаша алданды. Қос езуі жыртылып кетер шаққа таяп қалды. Осындайда, Виктор Гюгоның «Күлкіге шомған адамы» («Человек, который смеется») еске түседі. Сырты – күлкі, іші – мұң. Гюгоның басты кейіпкері Гуинплен – езуі тартылған адам. Біздің қоғам Гюгоның кейіпкерінен айнымай кетеді кейде.
Ал, Сіз, комедия адамға ой салады дегенге сенесіз бе? Мен имандай сенемін. Және де комедияның қуаты солай әсер етуі керек. Уыты жоқ сатираның құны бес тиын. Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбектер жоқ қазір қазақ сатирасында. Сатира газеттік деңгейден әрі аса алмай отыр. Кино ше? Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесінен» соң жөні түзу сатираны көрмедік. Тек талантты режиссер Ермек Тұр­сыновтың «Кемпірі» болмаса.
Комедия ең ауыр жанрлардың бірі болып табылады. Ең қиыны – мимика. Яғни, қимыл-қозғалыс арқылы көрер­менді күлдіру. Оны кино саласында «мылқау фильм» дейді. Атасы – Чарли Чаплин. Чаплинді орыстар клоун, әзілкеш, күлегеш дейді. Мүлдем келіспеймін. Ол ешқандай цирк әртісі емес. Тіптен әртіс емес. Ол – драматург. Комедия ар­қылы адамзат трагедия­сын жеткізген тұлға. Чаплиннің дүниетанымын солай түйсінемін. Чарли – гуманист. Оның ғұ­мыры қалай өрбіді? Киноға қалай келді? Тағдыры. Жоқшылық. Төзімділік. Чарли Чаплин кім өзі?

Чаплинді Чаплин қылған кім?
«Чарли – қызылдарды жақтаушы. Чап­лин біздің елден аулақ жүрсін. Чаплин рақымсыз. Ол – коммунист». Ұлы драматургты дәл осылай айыптады. Не үшін? Қалай басталып еді барлығы?
Чаплин  жастайынан   жетім  өскен бала еді. Ата-анасы әртіс болған. Циркте, сах­наларда өнер көрсетіп, тиын-тебен тапқан. Әкесі ішімдіктің кесірінен ауыр сырқатқа душар болып, дүниеден өтеді. Анасы жындыханаға түседі. Чаплиннің қаңғыбастық өмірі басталады. Чаплиннің әйгілі қаңғыбас образы – өзі, әрине. Кино­дағы барлық сюжет – өзінің басынан кеш­кендері. Чаплиннің қаңғыбас образы алғаш рет «Балалар көлік жарысы» фильмінде сомдалады. Бұл – 1914 жыл. Қаң­ғыбас образы сәтті шығып, туынды мол табысқа ие болады. Бұл образ Чаплиннің туындыларынан бір түскен емес. Ол өзінің образы жайлы былай жазады: «Ол – сегіз қырлы, бір сырлы адам. Ол – қаңғыбас, жомарт адам және ақын, арманшыл. Сонымен қатар шытырман оқиғаларға жаны жақын».

Гитлерді келеке еткен
Чаплин – көп қуғын-сүргінге ұшыраған әртіс. Гитлерді келеке қылатын «Ұлы әмір­ші» фильмі, «Месье Верду» туындысы цензураның аузына ілікті. Соған байланыс­ты Чаплинді Вашингтонға шақырады. Комиссия талқысынан өту керек болған екен. Чаплин болса, бұл талқыға қаңғыбастың киімімен келген деседі. Комиссия мұндай масқаралыққа шыдамай, талқылаудан бас тартқан. 
Достоевскийдің «Жеткіншек» («Подросток») атты романы бар. Сол романда күлкінің құдіреті жайлы мынадай сөз бар: «Егер, адамның ішкі дүниесін көргіңіз келсе, оның үнсіздігіне немесе сөз мәнеріне, зар еңіреуіне баса назар аударудың қажеті шамалы. Ең дұрысы – оның күлкісін байқау керек. Күлкі – адам жанының ең сенімді сынақшысы». Осы қағиданы ұстанған Чаплин адамзаттың масқарасын шығарды. Шынайы келбетін алдына келтірді. Айна туралы мынадай тәмсіл бар:
Баяғыда бір адам әлдебір данышпаннан: 
– Біз неге осы қалтамыз қалыңдаған уа­қытта өзгеріп шыға келеміз? – деп сұрапты. Сонда, данышпан әлгі адамға: 
– Сен онда терезеге жақында да, ар жа­ғынан не көріп тұрғаныңды айтып бер, – деген екен. Терезеге жақындаған адам қап арқалап базарға бара жатқан әжейді көргенін айтыпты. Данышпан: 
– Енді сен қабырғаға жақында... Не көріп тұрсың?
– Айна. 
– Ал, айнадан не көрінді саған? 
– Айнадан не көруім керек. Өзімді. 
– Әрине. Біз шынының ар жағынан бар­лық әлемді көреміз. Ал, шыныға күміс жалатсақ, тек өзімізді көреміз, – деген екен данышпан. 
Шыныдан барлық әлемді көргеніне мәз болған адамдар, Чаплин шыныға күміс жалатқан соң, өз-өздерін көріп таң болуда. Чаплиннің бар ұлылығы – сол. Өзі айтпақшы: «Өмірді жақыннан қарасаң – трагедия, алыстаң қарасаң – комедия».

Чаплин – сегіз қырлы, бір сырлы
Чаплин сахнаға алғаш рет бес жасында шыққан. Бұл дебют көрерменнің оң бағасына ие болады. Кейіннен он алты жасында театрға қабылданады. «Кистоун» киностудиясында әртіс болып қызмет атқарады. Артынша өз киностудиясын ашып, әлемге мәшһүр болған туындыларын дүниеге әкеледі. Оның тағы бір ерекшелігі – әртістігі, ол – режиссер, ол – композитор, ол – монтажер, ол – сценарист, ол – биші. Бір адамның бойынан осынша қасиеттің табылуы – құбылыс. Тарихта жеткілікті ондай тұлғалар. Өзіміздің Әбу Насыр әл-Фараби математик, сазгер, ғалым, ақын, философ болған. Омар Хаяймның астрономиямен де айналысқаны тарихтан белгілі. Шығатын нәтиже: Чаплин – киноның механизмі. Көзі, тілі, сөзі, өзі. Бұл – оның басымдылығы да. Кейбір әннің немесе киноның шалажансар боп тууы авторлардың көптігінен болып жатады. Режиссер – сценаристі, сценарист – режиссерді түсінбейді. Сазгер – ақынды, ақын – сазгерді түйсінбей жатады. Ал, Чаплиннің туындыларының ұлы болуының себебі – оның сегіз қырлы, бір сырлылығында. Луи Деллюк Чаплиннің танымалдығы жайында: «Оның есімі әлемге мүшһүр... Оның алдында Жанна д' Арк, Людовик XIV және Клемансоның танымалдығы адыра қалады. Онымен тек Христос пен Наполеон ғана бақталас бола алады», – деген екен. Шынымен, ол – әлемді бағындырды. Бірақ, әлем оны түсінді ме, түйсінді ме? Әлде оны сайқымазақ деп есептеп келе ме? Бұл – бір күдік, бір сұрақ...
P.S. Кемеліне жеткен әртістің өзінің 70 жасқа толған мерейтойында айтқан сөзі бар: «Мен өзімді сүйе бастағанда, ақылымның мені уайымға итермелеп тұратынын түсіндім, сондықтан да, ол ауруға шалдығуы мүмкін еді. Бірақ, ақыл мен жүректі табыстырғанда, ақылым теңдессіз серіктесіме айналды. Бүгінгі таңда бұл өзара байналысты «Жүректің даналығы» деп білемін».
Қазіргі таңда бізге өз ішімізде болсын, өзгемен болсын әр түрлі дау мен қақ­ты­ғыстан қорқудың қажеті шамалы. Тіпті, алып жұлдыздардың соқтығысуынан жаңа әлемдер пайда болады. Қазір мен оны түсіндім. Ол – өмір. Бұл  – Чаплиннің пайымы, Чап­линнің әлемі. Біз оны күлегеш емес, драматург ретінде қабылдауымыз керек. Шын­­­туайтына   келгенде, біз оның әртістігіне, қылығына, қимылына қа­рап күлдік деп ойлаймыз. Ол бізді күл­дірмейді, керісінше, ол бізге күледі. Біздің тіршілігімізге қарап күледі. Иә, солай... (Өмір не деген күлкілі еді, өмір не деген қайғылы еді).

417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз