• Заманхат
  • 01 Ақпан, 2017

«БАТЫС СІЗДІ ӘУРЕ ЕТПЕЙ-АҚ, ӨЗІ КЕЛДІ... ҚАРСЫ АЛЫҢЫЗ!»

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» журналының 
Бас редакторы

Бұл мақала жазылар, не жазылмас еді. Әдеттегідей, жур­налистік машықпен қойын дәптерімді парақтап отыр­ғанмын. Бә­рі­не, со «кінәлі»... Онда «...қазақ  қазақтығын іс­теді. миссияны түсінбеді. Екінші Шоқанның тумауы да мүмкін еді. Мас­қа­ра сонда болатын еді. Екінші Шоқан Олжас кейпінде ту­ма­ған­да біз ұлт ретінде мәдени майдан шебін бұзып, алға те­рең­деп еніп кетуіміз талай жылдарға шегеріліп кетер еді. Шо­қан­ды түсінбеу осындай қауіпке ұрындырды. Олжас – қа­зір қазақтың символы. Тіпті, ол түркі дүниесінің, әрі кетсек, Азия мен Шығыс дүниесінің символы бола алады. рабиндранат Тагор, Нагиб Махфуз, Махатма Ганди, Ясунари кавабата, Рюноскэ Акутагава тәріздес тұлғалардың тізімін олжас әрі қарай жалғастыра алады. Мұхтар Әуезов пен бауыржан Момышұлын туған қазақ Абай мен Шоқаннан соң, Мағжан мен Шәкәрімнен соң, Олжасты туды. Рахмет, Тә­ңір­ге. Тәңір біздің мұңымызды, көз-жасымызды көрді. 30-жылдары біз көп жылап едік.


Шоқан Олжастың бүкіл қылықтарын ақтай алады. Ен­ді­гі жүз жылда бізге үшінші Шоқан, екінші Олжас жоқ шығар.
Қазіргі жас ақындар түсінде Олжасты көреді. Олжас­тың қаны әрбір жас қазақ ақындарының өлеңдерінде бар, ол жа­зу­шы­лар­дың кітаптарынан да көрінеді, ғылым-білімге ұм­тыл­ған әрбір жас алаштың кеудесінде Олжас жақ­қан шы­рақ оты бар, кәміл сенуге тиіспіз: біз батысқа барамыз» деп жа­­зыл­­ған сөздер бар болып шықты. Ол 1997 жылы 17 мамырда жа­­рық көрген «Жас Алаш» газетіндегі Дидар Аман­тай­дың «БІЗ БАТЫСҚА БАРАМЫЗ» атты мақаласынан алыныпты. кел­ті­ріл­ген жолдардағы шарды ыстық ауамен үр­ген­дей әсер­де қал­ды­ра­тын, әсіресе қызыл кеппе сөздер тізбегін оқығанда, ав­тор­дың соншалықты бас шұлғып, табынғыш қасиетін көргенде еріксіз таңқалмасқа амалың жоқ. Не деген «желдірме», нет­кен «шалқыма»! жарайды, оны Дидар Амантайдың еншісіне қал­ды­ра­йық та, негізгі мәселемізге көшейік. Бір кездегі «Культ личность» ұғымын қалыптастырған осы секілділер ғой дей келіп, бұ шіркін Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық зиялы» атты мақаласын оқы­ма­ған-ау деген де ой келді. Халық «ештен кеш жақсы» дейді, ендеше, осы бір қасиетті ұғымды малданып, біз со Мұстафа Шо­қай­дың аталған мақаласындағы батысшылдарға, сосын Шо­қан­ға деген көзқарасына жүгінсек деп отырмыз.
«Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қа­зы­на­сы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық са­на­ға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зия­лы­лар­дың үстіне жүктеледі.
...Батыс тәрбиесін (олардың ішінде орыс тәрбиесін де ал­ған­дар бар. – А.Ә.) алған зиялыларымыздың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. батыс тәр­бие­сі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дү­ние­сі­не сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жат­қан «шы­ғыс зердесінен» айырды. Олар, яғни Батыс тәр­бие­сін ал­ған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз хал­қы­ның өмірімен (шығыс зердесімен) бірлестіре алмады.
Осы орайда өз тарихымыздың орыс тепкісінде өткен дә­уі­рі­нен мынадай бір мысал есіме түсіп отыр.
Шоқан Уәлиханның трагедиясын еске алып өткім келеді. ...Аса дарыңды, мол білімді көсем боларлық деңгейге кө­те­ріл­ген осы қыр баласы, орыс (Батыс) ықпалында өсті.
Шоқан орыс өкіметінің құпия агенті ретінде Шығыс Түр­кіс­тан­ға сапар шекті. Түркістан Сібіріне жорық жасап бара жатқан қанішер орыс генералы Черняевтің қол астында біраз уақыт қызмет атқарды. Мұнысы ұзаққа бармады. «Ба­тыс­шыл­ды­ғы» оны өте пұшайман жағдайға душар етті.
Шоқан туралы естелік жазған бір орыс жазушысы: «Осы бір бұратана өкілі көз талдырар биікке көтерілгеннен кейін, кенет өз халқының тағдыры хақында үрейленіп, ір­кі­ліп қа­луы, өз халқына жат адамға айналып қалудан қо­рық­қа­ны, оның өзін-өзі қорғау түйсігінің әсерінен болғанын көр­се­те­ді», – деген еді.
Біз Шоқан туралы естелік жазған осы жазушының пікіріне қосыла отырып, оны сәл түзеткіміз келеді. Біздіңше, тра­ге­дия­ның қайнар көзі «жат адамға айналып қалам» деп қор­қуында емес, жат адамға айналып қалуында еді.
Шоқан орыс (Батыс) халқының рухымен өз халқын ба­қыт­ты ету мүмкіндігін іздеді. Шоқан өз басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейін барып, өз хал­қы­на өгей болып бара жатқандығын сезінді. Осы күн­ге дейін біздің Батыс тәрбиесін алған адамдарымыздың «ба­тыс­шыл­ды­ғы» Шоқанның дәрежесіне жете қоймаса да, оның өмір сабақтары біздің көз алдымызда тұрғаны жөн», – дейді Мұс­та­фа Шоқай өзінің мақаласында. Біреулерге осы бір келтірілген жолдар ұзақ та көрінер, соған қарамай ескертеріміз, мұ­ның біреулер біліп, біреулер білмейтін сыры көпшілікке қа­жет болар деп ойладық.
Сонымен, кейбір қандастарымыздың көзсіз, еліккен-ерме ба­тыс­шыл­дық­та­ры бүгіндері де қай-қайсыларымыздың жанымызды жегідей жеп, көңілімізді қаузайды. Әрине, қашанда да, қай кезеңде де оларға, яки, батысшылдар мен орыс­шыл­дар­ға әр­түр­лі, жан-жақты жағдайлар жасалып, материалдық та, идея мен идео­ло­гия­лық та көмектер көрсетіліп отырған. Әзір де солай. Көз­сіз, сана сарабына салмай батысшылдықтың «ба­ла­лық ауруымен» ауырғандардың қалыптасқан ұлттық дәс­түр­ге қар­сы­лы­ғы да, сол өз қанатына алған Батыс жасаған жағ­дай­лар олар­дың көңілінен де, жан дауасынан да табы­лу­ла­ры­ның сыры болса керек. Батыстың озығы емес, тозығын мал­дан­ған олар үшін бәрі таңсық. Оның нақты мысалы Астанадан бастап, үл­кен­ді-кішілі қалаларымызда өткізіліп жатқан мә­де­ни іс-шаралар. Әсіресе, Астана қаласы әкімінің орынбасары Тө­ле­ген Мұ­ха­мет­жа­нов мырзаның со көзсіз еліктеуі мен сана сарабына салмай, батысшылдықтың «балалық ауруымен» ауыр­­ға­­ны қызық... Әуесқой әнші секілді. Оның дәлелі, осыдан бі­­раз уақыт бұрынғы «Миллениум-Пати» өткізумен бірге, со Ас­та­на­да­ғы Конгресс-холлда әртүрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізуі. Тіпті, «Алтын диск-2000» әншілер фестивалін өт­кі­зіп, оған жүргізушілікке Ресейден өнер иелерін ша­­қы­­руы­­ның өзі бір жыр... Ал, олардың марапаттап, жүлде берген өнер­­паз­­да­­ры болса, со Батыс өнерінің дүбәра көрінісіне бірден-бір куә сый иелері. Сондықтан да, біздегі ең басты қасірет – көз­­сіз ЕЛІК­ТЕУ­ШІ­ЛІК пен БЕЙІМДЕЛУШІЛІК, сосын ымы­­ра­­ға көн­­гіш КЕЛІСІМПАЗДЫҚ пен жалпақшешей БАС­ШҰЛ­ҒУ­ШЫ­ЛЫҚ. Міне, осы бір түйінді, орға жығар қа­сиет­тер­ден арылмай, біз өзімізді ұлт ретінде өзгелермен тең қойып, иық тірестіре алмаймыз. Бұрын да осы мазмұндас ма­қа­ла­ла­ры­мыз­да сан айтып, жазып та жүрміз, әлі де қайталап айтып жазамыз. Біз еш­қан­дай озық өнерге, үлгі боларлық өнерпаздарға қар­сы емеспіз, бар болғаны түп-тамыр топырағыңды жоққа шы­ға­ра­тын көз­сіз батысшылдыққа қарсымыз. Қолыңнан келсе өзің­нің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әлеуметтік-тұрмыстық, айта берді, сая­си-эко­но­ми­ка­лық, сонымен бірге мәдениетің мен өр­ке­ние­тің­ді жа­ңа­ша жасампаздандырып, жаңғырт. Мәселе осында. Әйтпесе, со ба­тысшылдарды мәдениет пен өркениеттің ара-жігін ажырата алмайды дегенге кім сенеді. Өркениет қа­шан­да да сана-сезімді машинизациялау мен феминизациялау, сондай-ақ, космополиттік мода дәстүрді жоққа шығаратын күйретуші ақыл-ой жемісі бол­ға­ны баршамызға белгілі емес пе?! Әсі­ре­се, ол батыстан өніп, өрілсе, тіпті, күрделене түседі де, жер­гі­лік­ті жердегі дәс­түр­лі мәдениетті күйретуге ерекше ықпал жасайды.
Қазір біз, Құдайға шүкір, мемлекеттік тәуелсіздікке толық қол жеткіздік. Ал, оның ішінде ұлтқа ауадай қажет табиғи ке­ңіс­тік пен рухани ерік еркіндігі қолымызға толығымен тиді ме?! Әрине, жоқ. Мәдениетте де солай. Оған куә күнделікті ақ­па­рат­тық кеңістіктегі Батыс моделіндегі әр түрлі бағдарлама мен ха­бар­лар­дың түр-сипаттары әрі мазмұн-мағыналары. Оларды насихаттап, елге жеткізуші де со өз топырағымызда өнген батысшылдарымыз. Оның нақты мысалы «31» телеарнасындағы арманжан Байтасов. Мұндай тізімді көптеп келтіруге болар еді. Біз бар болғаны «теңіздің дәмі тамшысынан» деген принципті малданып, со бір мысалмен тоқталсақ дейміз. 
Көзсіз батысшылдар мен со орысшылдар ту көтерген олжас өзінің 1997 жылғы Тәшкентте өткен Азия және Африка елдері ассоциациясының симпозиумында жасаған «К взаимо­зависимости» деген баяндамасында «Американские социологи, пожалуй, первыми заметили и описали... маргинальный человек легко становится неустойчивой личностью с космополитическим мировоззрением, у которого нет чувства подлинной связи со своим народом, со своей родной культурой и исторической традицией. И потому никакой позитивной роли в развитии этноса и его культуры маргинальная личность играть не может» дейді де, ол әлі біз тарапынан толық зерттеліп-зерделенбеген құбылыс деген ой түйеді. Сөйтеді де «все мы в той или иной степени люди маргинальной формации» дейді. Олжастың, осы жердегі мықтылығы сол, өзінің ең осал тұсын білуі. Сөйте тұра оның «все мы» дегенде кімдерді айтып отырғанын қайдам, ал, мен өз басым қазақ әдебиеті, қа­зақ ғы­лы­мы, қазақ тарихы, қазақ математикасын әлемге та­ныт­қан М.Әуе­зов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, О.Жәутіков, сондай-ақ, А.Жұ­ма­ді­лдаев секілді батыс пен орысты, сонымен бірге, шығысты то­лық меңгерген азаматтарды ешқандай да маргиналдық топқа қос­пас едім. Бұлар маргинал болмай-ақ, ұлт тілінде жазып, дәс­түр­­лі ұлт менталитетін бұзып жармай-ақ, оны бар болмысымен әлем­ге паш еткен, соңғысы паш етіп жүр. Яки, әлемдік мә­де­ниет пен өркениетке ұлттық болмыспен еніп, оны одан әрі то­лық­қан­ды дәрежеге көтеруге де болады екен. 
Сондықтан, көңіл көзі, сана сарабынсыз соқыр сезімді батысшыл да орысшыл, оның үстіне қазақшыл да болғысы келетін со маргиналдардың алдына салып, не өздерін сонымен қа­тар қойып жүргендері, алдымен Ол­жас­тың кім, сосын, өздерінің кім екендіктерін айыра алмай жүр­ген­дік­те­рі­нен. Олжас – қа­ра­ма-қайшылыққа толы тұлға. Ол ертеректе «Адамға табын, Жер, енді» десе, бүгінде «Адам, та­би­ғат­қа табын сен енді» дей­ді де, сосын жер «Қазақстан хал­қы­ні­кі» деп кесім айтады. «Аз и Я» мен «Мың бір сөз­ді» жазып, қып­шақ­шыл не тү­рік­шіл­дік танытады да, артынан со ба­ғыт-бағ­дар­да өзін ары те­рең­де­те да­мыт­қан тарихшы Мұ­рат Ад­жи­дің «полынь половецкого поля» және «Тайна георгиевского креста» деген ең­бе­гін жоқ­қа шы­ға­рып, Аджи болжамдары таза да нақты ғы­лы­ми дә­лел­ге қа­ра­ған­да, ет пен терінің арасындағы ұшпа се­зім­ге (эмо­ция­ға) құ­рыл­ған, жалған патриотизмге негізделген тұ­жы­рым-пі­кір­лер дегенге саятын ой айтады. Олжас тарапынан өзіне-өзі қар­сы әрі қайшы пікірлерді көп­теп келтіруге болады. Міне, осыдан-ақ Олжастың әлі де болса өзі­нің кім екенін толық біліп болмай, Батыс пен Шығыс атты ұлы екі жа­ға­ның қай жағына шы­ғу­ды білмей жүргенін аңғаруға болады. Оны оның бір шектен шы­ғып, екінші шекке баратын жо­ға­ры­да­ғы келтірілген аумалы-төкпелі ой-тұжырымдарынан көреміз.
Ендеше, Олжас батысшылдығы мен шығысшылдығы, олжас ұлтжандылығы мен интернационалисттігі таразы басында тұрған құ­бы­лыс. Сондықтан, көзсіз, сана сарабына салмай ба­тыс­шыл­дық­тың «балалық ауруымен» ауырғандар өздері мен Ол­жас­тың арасы жер мен көктей екенін ажыратып, оның бар­лық жетістік-кемшілігімен сөз етіп, әңгімеге арқау етерліктей тұлға екенін білгендері жөн... Ол бар болмысымен кей тұс­та­ғы ұлтымыздың қиын-қыстау кезеңдерінде өзінің азаматтығы мен со батыстан, әрісі орыстан алған білімін пайдаланып, зия­лы­лық үлгісін көр­сет­ті де. Ендеше, өзін батысшыл санайтын әр­бір азамат алдымен со секілді биікке көтеріліп, сондай ең­бек етіп бұлданса дұрыс.
Біздегі қазіргі демократия, сөз бостандығы және басқа да гу­ма­ни­тар­лық түсініктердің ұлттық мүддеге қарағанда жал­пы­ха­лық­тық мақсат-мұратқа негізделетінін несіне жасырамыз. Біле білгенге, оларға басты ықпал ететін күш – әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық нарыққа негізделген еркін бәсекелестік. Ал, сауда-сат­­тық­қа негізделген қайбір мүддедегі болмасын принциптер қа­­шан­да ұлттық қарым-қатынасқа негізделген Иман мен Ар-ожданды күй­рететіні анық. Қазіргі біздегі Батыстық ләззаттану мен тоят­­та­ну принципіндегі материалдық-тұрмыстық күнкөрушілік іс-әре­кет­тер­дің өзі соның көрінісі. Жалпы, Батыстан келген «демократия», яки, «халық билігі» термин-ұғымы ежелден бергі сана бірлігі мен тұтастығының көрінісі болған. Табиғат, материя, рух діни наным мен сенім көрінісі арқылы сана қа­лып­тас­ты­ра­тын тұ­тас бір әлем болатын. Со бір қасиетті ұғым­дар­дың батыстан бұ­зы­лып басталған салқыны бүгінде бізге жетіп отыр. Әйт­пе­се, Иман – дінге, оның ішінде біздің жағдайымызда мұ­сыл­ман­шы­лық­қа негізделген ҚҰБЫЛЫС та, ал, идеология – сая­си билік негізіне жүйеленген ҚҰРЫЛЫМ. Міне, мәселеге осы тұр­ғы­дан келгенде Батыс соның соңғысын жақ­сы мең­ге­ріп, игеру арқылы бізге әртүрлі жүлге-жүйелермен өз ық­па­лын жасауда. оларды насихаттайтын құндылықтардың басында со өзі­міз­дің көзсіз батысшыл қандастарымыз отыр. «Әлем­дік өр­ке­ниет», «әлемдік мәдениет», «әлемдік құндылық» терминдері мен ұғымдары жоғары пафосты, көңілге қо­ным­сыз, қол­ға тұр­ғы­сыз әре­кет-әспеттер. Оларды о баста қа­лып­тас­тыр­ған да со әлем­дік дең­гей­де­гі әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын ұлт­тық өркениет, ұлт­тық мәдениет, ұлттық құндылықтар болатын. Ал, сол қасиетті ұғымдарды жойып, қолға тұрғысыз, көңілге қо­ным­сыз етіп жүргендер отансыз, яки, туған топырағы жоқ, табан тірерлері негізсіз космополиттер мен нигилистер. Олар үшін қай жерде ләз­зат­та­ну мен тояттану принципі кең етек алып, ма­те­риал­дық-тұр­мыс­тық, қарын тойдырар жақ­сы­лық­қа қол жеткізсе со жер Отан. Бұл – іріп-шіріп, территория­сы та­рыл­ған ур­ба­ни­за­ция­ның шарықтау шыңына жеткен батыс принципіндегі шынайы мәдениетті күйретіп жатқан стан­дарт­та­лын­ған өркениет. ендеше, біздің көзсіз, сана сарабына салмай ба­тыс­шыл­дық­тың «ба­ла­лық ауруымен» ауырған қан­дас­та­ры­мыз­дың ойланатын мә­се­ле­ле­рі көп-ақ. Айта берді, со батысшылдар білуге тиісті, тіпті, білетін жай, соған қарамай са­бақ алмайтын мә­се­ле, ол ал­ғаш­қы революцияның Англиядан басталып, одан Фран­ция­ға ауыса, ақыры Ресейде ұласқаны. Со революция қай ке­зең­де болмасын, кімді, нені қандай ұшпаққа шығарды. Қа­зір­гі «қай­та құру мен жаңа реформаторлық» күйретуші күшке ие өз­ге­ріс­тер де соның куәсі емес пе. Со революцияның бәрі батыстан басталған. Оның қай-қайсының да қорытындысы тарихтан белгілі, айта берді көз алдымызда өтіп жатыр. Тіпті, содан да сабақ алмаймыз. Сөз бостандығы, демократия демекші, қа­зақ үшін сөз бостандығы – жүйелі сөзге тоқтап, дуалы ауыздан шыққан сөзге жүгіну болса, ал, демократия – ерік еркіндігі, жақсы мағынадағы желдей еркін ескендігі емес пе еді. Яки, «халық билігі» де содан өретін. Осыдан ар­тық сөз бос­тан­ды­ғы, осыдан артық демократия болған ба?! ендеше, бізге қазір Батыстың сырттан телінер демократия, сөз бос­тан­ды­ғы­на қарағанда өзіміздің менталитетімізге тән демократиямыз бен сөз бостандығымызды жаңартып-жаң­ғырт­сақ, соның өзі бізді мәдениеті мен өркениеті ілгері кеткен елдермен теңестірмей ме. Сондықтан, мен көзсіз, сана сарабына салмай, батысшылдықтың «балалық ауруымен» ауыр­ған­дар­ды түсінбеймін. Олар кез келген Батысқа теліне ай­тыл­ған сөзге, не іс-әрекетке кінә артсаң, оны өзіндік ешкімге, еш­те­ңе­ге ұқ­са­май­тын «көз­қа­рас­қа» балап ақтайды немесе өзіңді кінәлайды. Жоқ, ол еш­қан­дай да көзқарас емес, ол идея мен идеология. Қа­зақ мә­де­ние­ті – үлкен мен кіші, отбасы мен қоғам және мемлекет, әдет-ғұ­рып пен дәстүр, балалар тәрбиесі мен ба­ла­бақ­ша, мектеп ара­сын­да­ғы қарым-қатынастарда өзіндік этика мен эс­те­ти­ка қа­­лып­тас­тыр­ған талғам-тәлімге, яғни, Иманға не­гіз­дел­ген болмыс-бітім. Сон­дық­тан, оларды телевидение, кинематография, әде­биет шы­ғар­ма­ла­рын­да бұзбастай етіп насихаттау бү­гін­гі күн­нің басты талабы. Сол арқылы қазақтың ұлттық мі­нез-құл­­қы мен мәдениет-өркениетінің жай-күйін, көрініс-ахуалын бі­лу­ге болады. Мемлекеттік негіздің көзі де сол қасиеттер мен құн­­ды­­лық­тар­ды жастардың сана-сезіміне қалай сіңіріп, жеткізе бі­луі­міз­де. Сөзсіз, оны сөз етіп қалыптастыруға қарсылар қа­зақ ұлт­­шыл­ды­ғы мен шовинизмі етек алып барады деп беттен алып, төс­ке шабары тағы анық. Ендеше, қандай жағдай, нендей мә­се­леде де ұлт факторына жүгінуге тиіспіз. Ал, факты болса өте көп, мысалы қазақтың өз жерінде азшылыққа ұрынуы, оның себеп-салдары, экологиялық қайғы-қасіреті, әлеуметтік-тұр­мыс­тық хал-ахуалы, ауылдың күйреп, қаладағы қазақтардың үй-жайсыз жү­руі, оның ұлттық құндылықтарына жүргізіліп жатқан алуан-алуан құйтырқы саяси-мәдени, демографиялық, ақпа­рат­тық шабуылдар, арысы – тілі, діні, ділі... Батыстан, берісі іргемізден келген бұқаралық-тобырлық мәдени-өркениеттік өнім­дер ұлт­тық-дәстүрлі кино мен телевидениямызды, ән-күй, эстрадамызды, тіпті, арқауы бос бейталант әдебиетші, мә­де­ниет­та­ну­шы батысшылдар арқылы ұлт мәдениеті мен өркениетін күй­ре­туі...
Батыс терминологиясымен атағанда «тинэйджерам», яки, поп-жазбалар және бейнетаспалардың 75 пайызы әлі ақыл тоқ­тат­­па­ған 12-ден 19 жастағы ұландар мен боз өрендерге сатылып, насихатталады екен. Кинотеатрларда батыстың ки­­но­­өнім­­де­­рі сол жастағы жеткіншектерге көрсетіледі. Қазіргі біздің бей­фор­мал­дық жастар ұйымы саналатын топтардың ойын-сауықтары, сондай-ақ, «Жастар есірткіге қарсы» атты акциялары үлкен-үл­кен стадиондарда өткізіледі. Оларда кімдер өнер көрсетеді дейсіздер ғой?! Олар сол өзіміз тілге тиек етіп отырған поп-музыка группалары. «Біз қасіретке қарсы тұрамыз» деген үндеумен екінші қасіретті насихаттау, міне, осылай басталады. Олардағы сатылатын қан тасытып, дене қоздыратын сағыз-дәрілер өзінше бір әң­гі­ме­ні талап ететін жайлар. Ал, оларды насихаттайтын ең негізгі құрал сол телевидение. Ондағы ТВ-шоу, ТВ акциялар мен ТВ саяси ойын-сауық хабарлардың аттары со өзіміз сөз етіп отырған күйретуші демократия мен сөз бостандығына негізделіп, ал, атқарған іс-шаралары ұлттық сана-сезімді күйрету болып табылады. Бұны ұлттық нағыз мәдениеттен ада, жалпы то­быр­лық мә­де­ниет пен өркениеттің көрінісі демегенде не деуге болады. Қа­зір­гі киноэкрандарымыз бен теледидарларымызды, сон­дай-ақ, әдеби шығармаларымызды жаулап алып жатқан то­быр­лық-бұ­қа­ра­лық мәдени-өркениет өнімдері өтінде тұрған на­ғыз шынайы ұлттық мәдениетіміз бірте-бірте өзінің алған биік­те­рін соларға беріп жатыр. Бұл қан төкпей жүріп жатқан мыл­тық­сыз майдан. Осындайда есіме А.Гобардың 1979 жылы парижде жа­рық көрген «Культурная война. Логика разрушения» атты кітабындағы «это особая форма войны, столь же смертельная, это война, которая атакует не тела, а сердца, война, которая стремится разрушить душу народа, чтобы властвовать без бомбардировок, без напалма, без оружия: это война, которая не смеет произносить собственное имя, это слащавая, болтливая, зубоскалящая – но война. Это – культурная война» дегені түседі. Осыны көріп, біле тұра Мә­жі­ліс депутаты Т.Квят­ков­ская шетел хабарларының телеарналарымызда 20 пайыздан аспауы тиістігі жөніндегі ұсынысқа на­ра­зы­лық білдіріп, сөз бостандығына қысым көрсету осыдан басталады дейді. Сонда, депутат ханым өз сайлаушыларының жаны мен сана-сезімін улаған батыстық бағыт-бағдарламаларды қол­да­ға­ны ма, әлде, белгілі бір топтың мүддесін қорғағаны ма?! Тіп­ті, бол­ма­ған­да, ол соның салдарынан қызметтен қысқарып жат­қан әріп­тес­те­рін аяса етті. Со біздің көзсіз батысшылдарымыз жо­ға­ры­да­ғы келтірілген жолдардағы жағдайды білмейді дейсіздер ме? Білгенде қандай! Мысалы, Масанов. Оның батыс мә­де­ние­тін­де­гі кейбір жағымсыз күйретуші күшке ие құн­ды­лық­тар­ды насихаттауы соның айғағы.
Жалпы, Батыс ықпалы қашанда да, қай кезеңде де ешбір елді бей-жай қалдырмаған. Тіпті, тоқсан пайызы өздері тұратын жа­пон­дықтардың да аяқ тартып, именетіні со батыстық мәдениет. Бір кезде жапон әдебиетінің классигі, Нобель сыйлығының лауреаты Ясунари Кавабатаның сонау 1969 жылы «комсомольская правда» газетінің тілшісіне берген сұхбатында «...угроза японской культуре, традициям существует. В век ядерной физики и покорения космоса все, даже люди, страшно нивелируется, стандартизуется. Колоссально влияние телевидения. В японии сильно еще безумное подражательство западу, прежде всего США, некритическое освоение западной культуры. И все же я верю, что суть души японца выстоит» дегені мен белгілі орыс жазушысы Валерий Роговтың: «Были времена, при Петре I, когда онемечивали русский язык: в конце XVIII и начале XIX веков – офранцуживали: а вот теперь – англизируют, а также амери­канизируют родную речь. ладно, преодолеем и это!
Но будем помнить, что делается это не случайно, а с умыслом, прежде всего средствами массовой информации, особенно леворадикального направления, теми, кто без придыхания не может произнести вслух такое имя, как Аме-е-е-рика...» деуінің арасында ешқандай да айырмашылық жоқ. шынында да, оң-солымызды жайлаған екі ұлы мемлекеттің өкі­лі осылай деп отырғанда, біз – енді ғана қаз-қаз тұрып келе жат­қан тәуелсіз мемлекетке не жорық. Біздің батысшылдарымыз аме­ри­кан­дық­тар­дың – ұлт емес, әртүрлі нәсілдер мен ұлт­тар­дан құ­рал­ған конгломерат екенін білмейтін секілді. Соңы, ежелгі Рим империясынан басталып, құлаған патшалық Ресей, сонан соң ыды­ра­ған КСРО-ға дейінгі «ғаламдық жүйедегі бір тәр­тіп» негізінде әлемді жаулап аламыз деген жайынқұлық ұлтты қа­шан ұшпаққа шығарған. Соған қарамай, сол империялық ниет­тер­дің қайсысы бүгінде билік жүргізіп, қайсысы бүгінде әлем­ді бір жүйеге түсіре алды дейсіз. Яғни, ұлт, ұлттық дәстүр мәң­гі­лік екен. Бірақ, бір қинайтыны, олардың ұлттар алдына қоя­тын проб­ле­ма­ла­ры­ның ешуақытта да бітпейтіндігі мен адамзатты мәң­гі­лік екі топ, яки, екі лагерьге бөліп аңдыстырып қоя­тын­дығы.
Ендеше, құрметті әріптесімізге айтарымыз: «Батыс Сізді әуре етпей-ақ, өзі келіп тұр... Және ол жай келген жоқ, азды-көп­ті кейбір жақсылығымен қатар саяси-экономикалық, әлеу­мет­тік-тұрмыстық және қоғамдық-мәдени артықшылығынан кемшілігі, жасампаздығынан күйретушілігі, моральдық ахуалды түзегенінен бұзғаны мол бұқаралық-тобырлық мәдени-өр­ке­ниет­тік өнімдерін ала келді. Есік-терезесі жабылмайтын «Ашық қо­ға­мы» тағы бар... Қарсы алыңыз!».

«Қазақ әдебиеті».
2 ақпан, 2001 жыл

ТАҒЫ  ДА  СОЛ  БАТЫСШЫЛДЫҚ  ТУРАЛЫ

Басын ашып алайық, әлдебіреулер айтып-жазғандай біз еш­қан­дай Батысқа, орысқа, еврейге қарсы емеспіз, біз қар­сы бол­сақ көзсіз, сана сарабына салмай, елітіп-еліккіш ба­тыс­шыл­дық­қа, орысшылдыққа, еврейшілдікке қар­сы­мыз. Бая­ғы­дан айтып-жазып та келе жатқанымыз со пікір, со іс-әрекет. Сон­дай-ақ, біздің ешкімнің жағасынан алып, етегінен бас­қы­мыз да, кез келген «ұлы тұлғаға орынсыз сын айтып, оны «ұлт­тың жауына» айналдырғымыз да жоқ, бар болғаны Лев Толс­той­дың: «Вера в авторитеты делает то, что ошибки авторитетов берутся за образцы» (Исповедь, Тайный дневник, 1998 г.) деп күн­де­лі­гін­де жазғанындай принципте ой-пікір қоз­да­та­мыз. сосын, біз Әуез­хан Қодар сыртымыздан кесіп-пішкендей, «Сен гегельді, хайдеггерді оқыма, тек мені оқы» да демейміз, керісінше, образбен айтқанда, «асқазаның қорытса тас шайнап, тұз жала, сосын мұхиттың суын ішіп қой», ол сенің еркің дейміз. Тек соны ұлт мақсат-мүддесіне негіздеп бойыңа да, ойыңа да сі­ңі­ріп қо­ры­та біл. Міне, мәселе қайда.
Со Хайдеггер «Біз сана сарабына салып, сауал індетсек: Мүм­кін кез келген нағыз шығарма өзінің туған топырағын­да тамыр жаятын шығар? Иоган Гебел бір кезде жазғандай: «Біз сезінейік, сезінбейік, бәрібір топыраққа тамыр жайып, бой көтере келе, еркін ауа кеңістігінде гүлдеп, жеміс беретін өсімдікпіз» дейді де, төніп келе жатқан қатерді де қағыс қал­дыр­май «...қазір бүгінгі адамға өзінің топырағында тамыр жаюы­на қатер төніп тұр. Оның үстіне: тамырды жою сырт­қы жағ­дай немесе тағдыр талқысынан емес, ол сондай-ақ, адам өмі­рі­нің шалағайлығы мен құнсыздығынан да емес.
Біз сана сарабына салып, сауал індетсек: егер ол солай болса, адам болашақта және оның нағыз шығармашылығы құ­­нар­­лы туған топырағында  тамыр  жайып, еркін ауа ке­ңіс­ті­гі­­не бой созып, аспан мен рух әлеміне ұмтыла ала ма? немесе ол жоспарлау мен калькуляцияның, қалыпқа түскен ұйым­дас­ты­ру­шы­лық пен автоматизацияның қыспағында қа­ла­ды ма?» дей келіп, «Давайте испытаем осмысляющее мышление» деген пікірге тоқталады. Көріп отыр­ған­да­ры­ңыз­дай, Ба­тыс­тың қайбір ойшылы болмасын алдымен туған топырақ, өс­кен ел тағдырын ойлайды екен. Сондықтан да, біздің кейбір көз­сіз, сана сарабына салмай, елітіп-еліккіш батысшылдықтың «ба­ла­лық ауруымен» ауырғандардың елеп-ескерері де солардың ұлт­қа тиімді де қажетті жақтары болса керек. Яғни, бұнымен біздің айтарымыз, өзін оқыған санайтын әрбір интеллигент алдымен батыc пен батысшылдықтың ара-жігін ажыратып алуы керек. онсыз енді ғана тәуелсіздіктің дәмін татып, ерік еркіндігін енді-енді сезіне бастаған ұлтымызды жаңылыстырып, бей-жай күйге тү­сі­руі­міз бек мүмкін. Айтпақшы, сөйткен Хайдеггердің пі­кі­рін Хосе ортега-и-Гассет «Әрбір дәуір және әрбір халық, тіпті, әр­бір жеке тұлға өзінің жалпыадамзаттық ұмтылысын өзін­­ше қалыптастырады» деген оймен қостайды, құптайды, то­лық­ты­ра­ды. Ендеше, қазақтың да әлемдік мәдениет пен өр­ке­ниет, «жалпы­әлем­дік құндылықтар» деген ұғымдағы тыныс-тірші­лікке өз кес­кін-келбет, өз болмыс-бітім, өз салт-дәстүрімен кі­ру­ге құқы бар екен.
Жоғарыдағы мысалдарды келтіргендегі мақсатымыз – батыс мықтыларының өздері ұлтжандылықты, яки топырақтан өн­ген мәдениетті асқақтатып, ақыл-ой жемісі өркениеттің адамзат сана-сезімін қаншалықты қатқылдандырып, оны машинизациялау мен феминизациялауға көтере отырып, космополиттік және нигилистік моданың ғасырлап қалыптасқан дәстүрді жоқ­қа шы­ға­ра­ты­нын жазып қалдырғанын жеткізу. Ендеше, гәп­тің бәрі алдымен ұлттық құндылықтардан басталып, сосын ғана «жал­пы­өр­ке­ниет­тік» құндылықтармен үндесіп, ұласуы тиіс. белгілі ма­ман­дар­дың айтуынша, Батыс 500 жыл бойы әлемге мейманасы асып, оның соңғы 250 жылында «демократиялық капитализм» ретінде ықпал етіп келеді екен. Міне, бізге де со ықпал қатты әсер етуде. Біздегі көзсіз сана сарабына салмай, елітіп-еліккіш ба­тыс­шыл­дар­дың басты дерті, олардың мәдени-тарихи негізсіз, абстракті «жалпыпланетарлық» мәдениет пен өркениетке деген аң­ғал да ашық ауыз сенгіштігі. Не біле тұра, белгілі бір идея мен идео­ло­гия­ның жетегінде жұмыс істеуі. Сондықтан да, еліміздегі аумалы-төкпелі әлеуметтік-экономикалық жағдай, оның мәдени және өркениеттік ерекшелігі арқылы анықталады. Сон­дай-ақ, оның көшірме көрінісі, еліктеп-солықтағыштығы да со тұста сыр береді. Өйткені, ненің де, қандай мәселенің де сыры салыстыру арқылы ашылады.
Бүгінгі күндердегі бастан кешіп жатқан қиын­дық­та­ры­мыз­дың көпшілігі өткенімізден сабақ алмай, жетістігіне қа­ра­ған­да кемшілігіне бейімделіп, сол батысқа көзсіз еліктеген ба­тыс­шыл­дар­дың бұра тартқан ой-пікірлері, іс-әрекеттерінің жемісі. себебі, олар қашан да тамырын тереңге жіберген дәстүрді жоққа шы­ға­рып, барлығын да, қай мәселені де болмасын жаңаша бастап, өткенімізге реформа жасағысы келеді. Оның жағымдысына қа­ра­ған­да жағымсызы, қазіргі өздерін реформаторлар санайтын белгілі бір топтың психологиясы, іс-әрекеті, белсенділігі, жиырмасыншы ғасыр басындағы былғары курткалы револю­ционерлердікінен еш аумайтындығында. Екеуінің де мақсат-мұ­ра­ты – өздерінің бейұлттық, одан да әрісі бейхалықтық қоғамды бой­ға сіңіру. Бүгінде жүріп жатқан немесе жүрген оптимизация мен либерализацияның со ғасыр басындағы коллективизациямен ұқсастығы. Сол бағыттағы жекешелендіру болса жү­йе­сіз, әлеуметтік-тұрмыстық теңсіздікті сақтамай жүргізілді. Бұ­лар­дың қай-қайсысы да қазаққа оңай тиген жоқ. Соның салдарынан қа­зақ­тың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайы құл­ды­рап, салт-дәстүріндегі үрдіс, тұрмыс-тіршілігіндегі қа­лып­ты ырғақ бұзылды. Содан барып ғасыр басындағыдай ғасыр ая­ғын­да да жергілікті ұлт ауылды жерлерден үлкенді-кішілі қа­ла­лар­ға көшіп, «жабайы» тіршілік қамын жасауға кірісті. Ұл-қызы бұзылды. Оны айтасыз, өткен ғасыр басында ұлт-азаттық қоз­ға­лы­сы болса, ал, оның соңын ала ол Желтоқсан көтерілісіне ұлас­ты. Бұлардың екеуінің де негізгі қозғаушы күші қазақтар еді. Атал­ған зауалдардың қай-қайсысында да алдымен қазақ хал­қы мен оның интеллигенциялары зардап шекті. Қудалауға түс­ті. Тіпті атылғандары да бар.
Оны айтасыз, өткен ғасыр басында қазақтың кең байтақ жері сырттан келгендерге «ырыс» көзіне айналып, бөлшектеп-бө­лу­ге түссе, ал, енді сол ғасыр соңында ол сауда-саттыққа түсу ар­қы­лы жаңа ғасыр басында кім көрінгеннің еншісінде кете ме деген қауіп те жоқ емес. Сөйтіп, жер ұлттық құндылықтан жал­пы­ха­лық­тық құндылыққа айналмақшы. Жеріміз бен елімізге Қа­зан төңкерісімен бірге енген өнегесіз мәдениет пен өркениет жетістіктері бүгінде англо-американдық, яки батыстық үлгіде қай­та жаңғырып отыр. Қазіргі Үкіметтегі белсенділеріміздің де кейбір әрекеттері со XX ғасыр басындағы Үкімет ба­сын­да­ғы­лар­дың шолақ белсенділіктеріндей әсер береді. Яғни, нақтылай айт­қан­да, олардың ұлт мүддесінен тыс іс-әрекеттердің етек алуына кең жол беріп, сол бір келеңсіз жайларға азамат, тіпті қыз­­мет­кер ретінде де немқұрайдылықпен қараулары. XX ғасыр ба­сын­да­ғы жаппай орыстануға бетбұрыс қазір өткен ғасыр аяғы мен жаңа ғасыр басында жаппай ағылшындануға ұмтылуға ұлас­ты. Мұны біз алдымен тілден бастап, соңы күнделікті тұр­мыс-салтымызға айналдырып барамыз. Оны айтасыздар, бұ­рын­ғы Кеңестер Одағы тарағаннан кейін ТМД елдерінің бар­лы­ғын­да бірқалыптағы қаржылық жүйе бұзылды. Сол қар­жы­ға экономика да, мәдениет те, айта берді, саясаттың өзі де кіріптар болатын. Яғни, ХІХ – ХХ ғасыр аяғы мен ба­сын­да­ғы жағдай ХХ – ХХІ ғасыр аяғы мен басында толық қай­та­лан­ды.
Сөйтіп, біз тарихтан сабақ алмадық. Бұрынғы тарихи қа­те­лі­гі­міз басқа түр-түсте, әдіс-тәсілде тура солайша өріс­те­ді. Оның үстіне оларға жақсылығымен қатар батыстың құй­тыр­қы саясаты мен ұзақ мерзімге кіріптар етіп қоятын қар­жы-қа­ра­жат­тық іс-әрекеттегі шаралары қосылды. Біреу біліп, бі­реу білмес, 1912 жылы АҚШ Президенті У.Тафттың саяси-әлеу­мет­тік ай­на­лым­ға түсірген «Доллар дипломатиясы» («дипломатия доллара») атты термин-ұғымы бүкіл ТМД елдерінде іске асты. Олар­­дың әлі жетіліп, еңсе көтеріп кетпеген «үшінші әлем» атал­ған елдерге қаржылық және экономикалық көмек көр­се­туі­мен, оларды реттеудегі ниет-құлықтары да аяқсыз қалмаған еді. Бұл АҚШ-тың экспансионистік бір ғана саяси-қаржылық құй­тыр­қы­лы­ғы. Ал, енді біз білмейтін су асты ағыстарындай іс-әрекеттері қан­шама.
Міне, осының бәрін түсіне білу үшін, бізге көзсіз сана сарабына салмай, елітіп-еліккіш батысшылдықтың «балалық ауруымен» ауруға еш болмайды. Не болмасын, қандай жағдайда қал­ма­йық, біздің жағдайымызда нендей де бір іс-әрекетті «жеті өлшеп, бір кескен» жөн. Міне, осы тұста есіңе еріксіз Мұс­та­фа Шо­қай­дың, «Халқымыз жәй әшейінгі адамдардың жиын­ты­ғы емес, өзіне тән мәдениеті бар (өркениеті де – А.Ә.) қа­уым екенін, сондай-ақ, қазіргі жүріп жатқан саяси талас-тартыстар тек «Күн астынан бір жағрафиялық орын» алу үшін ғана емес, өз мәдениетін күллі әлемге, соның ішінде Еу­ро­па­ға да таныту екенін білуге тиіспіз. Біздің ең басты саяси мін­де­ті­міз­дің бірі міне осындай» дегені түседі. Ал, біз болсақ, сөз бос­тан­ды­ғы мен демократияны жекешелендіріп алғандай іс-әре­кет­те­гі әлдебіреулердің туғызған жалған қоғамдық пікірлерімен санасып, оны ой еркіндігі ретінде қабылдаймыз. Сол Мұстафа Шо­қай бұл туралы «Ой еркіндігін құрметтеу бұлжымас заң­ға ай­нал­ған Батыстың ең демократиялы деген елдердің өзін­де, егер сол ойда қылмыс жасаудың бір белгісі сезілсе, бі­реу­дің мүддесіне қауіп төндіру немесе нұқсан келтіру сы­ңа­йы байқалса, онда жаңағы «еркін ойға» заң жүзінде ты­йым салынады» дейді. Біздің тарихтан сабақ алмай, көзсіз ба­тыс­шыл­дық­қа баруымыздың бір сыры да сол өзіміздің ұлттық құ­қы­мыз­ды қорғай алмай, жалтаң күйде жүретіндігімізде. Ол үшін алдымен әлеуметтік-тұрмыстық тұтастық керек. Әсіресе, бұл мемлекет пен қоғамнан сыбағамды не несібемді артық алып қалып, дүниемді түгелдеп үлгеруге тиіспін деген «құлқын құл­да­ры­на» айналғандарға ауадай қажет. Өйткені, олар түптің-тү­бін­де әлеуметтік-тұрмыстық тұтастықты құрайтын ортаға қай­та оралатындықтарын ұмытпаса игі. Сосын, бізге мықты мемлекеттілік қажет. Мемлекеттің негізі қашан да со мемлекетті құраушы ұлт болған, бола береді де. Бірақ, оның қар­сы­лас­та­ры да көп болады. Себебі, ондағы патриоттар алдымен қан­дай болмасын материалдық та, моральдық та, рухани да ұлт­тық құн­ды­лық­қа иек артып, сосын барып оларды «жал­пы­ха­лық­тық құн­ды­лық­тар­мен» өз кескін-келбет, болмыс-бітімінде ұш­тас­тыр­ғы­сы келеді. Жалпы, адамның ұлттық сана-сезімінің қалыптасып, ой-өрі­сі­нің кеңеюі, өзінің ділі мен діні, оны айғақтайтын тілі тұр­ғы­сы­нан өз ұлтының бір бөлшегі екенін сезінгеннен кейін барып туатын қасиет. Міне, осындай асыл қасиеттерді бойға да, ойға да сіңіргеннен кейін барып Ұлттық идея пайда болады. Бұл жерде аталған жайды патриотизммен жаңылыстырып алуға болмайды. Дей тұрғанмен де, ұлтшылдық пен патриотизмнің арасы ал­шақ емес. Бұрын да айтып-жазғанымыздай, екеуі де Отан­ға, ту­ған жерге деген сүйіспеншіліктен туатын қасиеттер. Бі­рақ, ұлт­шыл­дық – психо-антропологиялық ұғым болса, ал, патриотизм – тарихи-географиялық түсінік. Ал, рухани бей­ұлт­тық іс-әрекет жасаушылар ол мейлі космополит, нигилист, жалаң интернационалист болсын, бәрібір олар үшін ұлт түрі, түсі, тілі мен ділі жоқ бос ұғым. Карамзиннің тілімен айт­қан­да, космополит пен нигилист «существо метафизическое». Ол – схоластика. Сондықтан, оларға еш сенуге болмайды. Көз­сіз, сана-сарабына салынбай, елітіп-еліккіш батысшылдық та со­лар­дың бір түрі, не көрінісі. Бұл құбылыстарды зерттеп-зерделейтін не социологиялық талдау жасайтын құрылымдар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұлардан соңғы тағы бір керегі, дәс­түр­лі топырақта өнген қазіргі замана талап-тілегіне сай мә­де­ниет пен өркениеттің тұтастығы. Көзсіз батысшылдыққа бе­рі­ліп дәстүрімізді күйретсек, онда біздің ғана емес, сол мем­ле­кет­тің болашақ иелерінің де тағдыр-таланы «мылтықсыз майдан» өтінде өледі. Оны болдырмас үшін бізге тиімдісі – жан-жа­ғы­мыз­бен тығыз байланыстағы, ұлт мақсат-мүддесіндегі ұлттық экономика мен ұлттық қауіпсіздік, ұлттық идея мен ұлттық идеология. Мұның бәрі көзсіз батысшылдықпен шешілмейді. Ол үшін Әуез­хан Қодар жазғанындай дәйексіз, көңілден де, ойдан да шық­пай­тын «Бізге ескі құдайымызды (Тәңірді айтып отыр. – А.Ә.) жаңаша пайымдауға болады (?). Сол кезде ол қай­та тіріледі. Бізге Тәңірі дін ретінде емес, ұлттық идея ретінде (?) керек. Тәңірінің толық ұғымын қалыптастыру үшін біз оған Дао, Конфуций, Зүрдүш, Будда ілімдерінің, ислам, христиан діндерінің, қазіргі той-думан, медитация, спорт ойындары теориясының элементтерін кіргізуге тиіспіз. Сонда ғана Тәңірі ұғымы ұлттық идеяға айналып, біз­дің өз-өзімізді және әлемдегі орнымызды тануға септік етеді» деген «винегрет» пікір-тұжырымның да керегі бола қой­мас, сірә. Сосын «Осындай біріктіруші, метафизикалық, рухани идея болмаса біздің кемел саналы, діни өңделуден өт­кен (?) ұлт болуымыз қиын. Тәңірінің кемел ғұмырын қа­лып­тас­тыр­сақ, біз өзімізді мұсылман, үнді, Қытай, Батыс өр­ке­ниет­те­рі­нен ажыратамыз» деп кесіп-түйген түйіннің сұ­рақ қо­­йыл­­ған тұстарына назар аударыңыздаршы. Таратып, тү­­сі­нік­ті тілмен айтқанда, ұлттың «діни өңдеуден өтіп, мұ­сыл­ман өркениеттерінен ажыраған» кескін-келбеті мен болмыс-бі­ті­мін көз алдыңызға келтіріңіздерші. Міне, осындай да ұш­қа­ры ұшпа пікірлер айтылып, дініміз бен ділімізге сына қа­ғы­лып жат­қан кезең-кездегі батысшылдық қай мемлекетті ұш­пақ­қа шы­ға­рып, қай елді ілгері кеткен өркениеттер мен мә­де­ниет­тер­мен байланыстыра алады дейсіз. Бұ да оларша «көзқарас» пен «ой еркіндігі»... Сондықтан, жоғары оқу орындарымыз бен мектептеріміз оқытып, білім беріп қана қоймай, со берген дә­­ріс­те­рі мен білімдерін өзінше қорытып, ой елегіне, яки өзін­ше ойлана алатын ұрпақ тәрбиелеулері керек. сонда ғана біз көзсіз, сана сарабына салмай, елітіп-еліккіш ба­тыс­шыл­дықтың «балалық ауруымен» ауыратындардан арыламыз.
Айтпақшы, со батысшылдар арасында «бүкіләлемдік қа­лып­ты модель» атты термин-ұғым қалыптасқан. Олар оның ұлт­тық дәстүрді қаншалықты күшпен күйрететінін білмейді, білгісі де келмейді. Ал, олардың ішіндегі ең қауіптілері аталған жайларды біле тұрып, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі Ғалымжан Мұ­қа­нов­тың жазғанындай, «...белгілі мәдениеттанушылардың бі­ра­зын «феодализация, архаизация сознания, децивилизационные процессы» деген ащы сөздерді ашына қолдануға мәж­бүр етіп отыр» деген ой-пікірді таратушылар. Олар өз­де­рі­нің өтіріктеріне өздері сеніп, оны өзгелерге де нандыруға тырысады. Әйтпесе, сана-сезімнің көнеріп, қоғамның кері кете, өр­ке­ниет­тік процестің тежелетіндігіне кім сенеді. Қарапайым логика қай­да? Тіпті, батысшыл космополиттер мен нигилистердің «бү­кіл­әлем­дік қалыптағы» адам түрі мен ұғымының да келе-келе қа­лып­та­са­тын­ды­ғы­на меңзейтінін қайтерсіздер. Ол – XVIII ға­сыр­дан бастап, бүгінгі XXI ғасырға дейін батыстан еріп келе жат­қан жұқпалы дерт. Оны батыс, орыс патриоттары «академические» и «профессорские» түсінік-ұғым деп қабылдап, то­быр­лық-бұқаралық мәдениет-өркениет өнімдерін өндіретін, әрі оны қалыптастырып, орнықтыратын күш санаған. Көзсіз, сана сарабына салмай, батысшылдықтың «балалық ауруымен» ауыр­­ған­­дар бір уақыт алысқа бармай-ақ іргеміздегі орыстың данилевский, Тютчев, Ив. Аксаков, Достоевский, Леонтьев, Кн. Н.Тру­бец­кой, Ив.Солоневич секілді ойшыл ин­тел­ли­гент­те­рі­нің жазып қалдырғандарын оқып білсе-ақ соған көз жеткізер еді. болмаса өзіміздің М.Шоқайдан бастап, кешегі Әуезов, Мар­ғұ­лан секілді зиялыларымыздың еңбектерін оқыса да жетеді.
Жалпы, әлем, оның ішінде ұлт ешқандай біркелкілік, яки бір­ың­ғай­лы­лық пен бірқалыпқа, жаппай біржүйелілік пен стан­дар­ти­за­ция­ға көнбейді. Сондықтан, қазіргі қазаққа керегі мәселені өзінше ойлай алатын, сондай-ақ, мәселені өзінше шеше алатын мемлекеттік дәрежедегі интеллигенция мен қоғамдық пікірді қа­лып­тас­ты­ра­тын көкірек көзі ашық зиялы қауым тұтастығы. Сөй­тіп, заман мен уақыт лебін сезініп, тарихтың жетістігі мен кемшілігінен қорытынды жасай алатын ұлт интеллектуалдарын қалыптастырып, яки жетілген интеллектуализмге қол жеткізбесек болмайды. Бұл тұста біз «бейқазақ ниет-нысандағы» еш­қан­дай іс-әрекетке жол бермеуіміз керек. Қазақстанның кескін-келбеті алдымен Иманға негізделген мұсылмандық, сосын ғана барып мемлекеттік тұтастыққа ұйытқы болатын басты-басты үш дінмен айқындалуы тиіс. Осы төрт ұстын төңірегінде кіндік ұлт қазақ болып, өзге ұлттар мен ұлыстар бірігіп тұтастықта өмір сүруі қажет. Қалған ұсақ-түйек секталар мен ұйымдарға, топ­тар­ға тыйым салу не бақылауда ұстаған жөн. Ендеше, ұлт интеллигенттері ұлт бірлігіне ұйытқы болатын өз тұтастықтарын ұлт­тық Мемлекет пен Иманға жүзін бұрған Мешіттен іздегендері жөн. Бұл тұста «нарықтық демократия» жетегінде кету қыл­мыс­пен пара-пар.
Әңгімеден әңгіме өрбиді, менің ақын досым Ақсұңқарұлы өзінің көпшілікке танымал өлеңінің бірінде «Үшінші дү­ние­жү­зі­лік соғыс бола ма, болса оған жылқылар қатысуы мүмкін бе» дегенге саятын сауал қояды. Оның жүріп жатқаны қа...ша...ан. Ол соғыс атом, не басқа бомбалардан да қатерлі қарумен жү­ріп жатыр. Онда өзінің идеологиялық және идеялық нейтрон бомбасы, өзінің химиялық және бактериялық қаруы бар. Олар жете үңілмесең көзге көрініп, қолға ұстауға келмейтін, тіпті, дә­мін де сезбейтін микроб-идеологиялар мен идеялар соғысы...
Сөз басында айтқанымыздай, біз ешқандай оқып-ізденуге қар­сы емеспіз. Бірақ, қандай да бір ойшылдың кітабын оқы­ған­да оның астарына зер сала қарауымыз керек. Бұны айтып отыр­ған себебіміз, со сөз басында әңгімемізге арқау болған Хосе Ортега-и-гассет бірде «…можно лишь удивляться тому упорству, с которым не перестают подпирать национальность языком и кровью. Я нахожу это столь же неблагодарным, как и нелепым» дей келе, «К подобному же передергиванию прибегают, когда пытаются утвердить идею нации на территориальной основе, видя начало единства, несоизмеримого с языком и кровью…» дейді. Сонда осы ой-пікірге неге қо­сы­луы­мыз керек. Қосылып, ұлтты жоққа шығаруымыз қажет пе? Біз үшін тіл мен қан (тек), территория басты да қасиетті ұғым. жалпы, ол секілді батыстық базбір ойшылдардың ұлт туралы теориялары өте қызық, құбылмалы болып келеді. Оны ғы­лы­ми-әдеби процесте «двойной стандарт» дейді. Олар­дың кітаптарын оқығанда өте мұқият болған жөн. Әсіресе, қа­лып­тас­па­ған жас ұлттық сана-сезімге бұл өте кері ықпал ететін күш. Әйт­­пе­­се, со Ортега -и- Гассет отбасы туралы «Семейный очаг – это тепло искусственное» демес еді ғой. Қазақ менталитетінде оны «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», не «Отан отбасынан басталады» демеуші ме еді. Ендеше, қазақ үшін отбасы ұғы­мы та­би­ғи құбылыс екен. Сонда деймін-ау, жоғарыдағы ой-пікір, тұ­жы­рым­дар­дан кейін біз қалай «авторитеттердің» бә­рі­нің айт­қа­ны жөн деп айта аламыз. Міне, дәп осындай тұстан еш­кім­нің жағасынан алмайтын пікір жарысы, ой тайталасы басталады. Ал, бұдан әлдеқандай бір «қылмыс пен күнә» іздеу қиянат. Сол ортега -и-Гассет енді бір сөзінде: «Крайне редко государство совпадало, если вообще совпадало, с изначальной общностью крови и языка» дейді. Ендеше, біз қазақтар сол «Крайне редко» кездесетін ұлт, сосын мемлекет санатында болуға тиіспіз. Сол үшін ғана өзімізді-өзіміз сақтап, алғы ғасырларға ұлт­тық дәстүрімізбен кірмесек, кінә мен күнәнің көкесі сонда болады.
«Қазақ әдебиеті».
16 наурыз, 2001 жыл

 

372 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз