• Ұлттану
  • 07 Тамыз, 2012

Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ: “Қазіргі жер-су аттары оның тарихына да, табиғатына да сүйенбей қойылып жатыр”

Сұхбаттасқан: Ақбота ИСЛӘМБЕК, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жур­налистикафакультетінің 3-курс сту­денті.

– Өткен Патшалық Ресейді былай қойғанда, кешегі КСРО-ның кезінде де жер-су аттары өзгеріп жатты. Со­ның салқыны қазаққа, Қазақстанға қаншалықты тиді? – Әр формацияның жақсы да, жаман да жақтары бар. Тигізетін пайдасымен қатар, кері жіберетін тұстары да жоқ емес. Мысалға, бұрынғы ата-қоныстарымыз тың игеру кезінде жойылып кетті. Сол ата-қоныстарда біздің халқымыз өніп-өсіп, өмір сүрген. Ал, қазіргі жағдайға тоқталсақ, ел-жердің тарихи атына, атауына қарамай, жаңадан ат қойып жатырмыз. Совет дейміз, Патшалық Ресей кезінде де атақты оқымыстылар жер-су аттарына үлкен жауапкершілікпен қараған. Осыған талдау жасадым. Мысалы, Яковлев, Мушкетов, Потанин деген оқымыстылардың картаға түсіріп берген қазақтың жер-су аттарына, бүгінде қол жеткізе алмай жатырмыз. Мысалға, қазір Үлкен Алматы өзені дейді. Тағы біреулер, Үлкен Алматы көлі деп те атайды. 1787 жылы бұл Жосалы көлі деп аталған. Бұндағы Жосалы атауы бояуды білдіреді. Бұны табиғи, табиғатына қарап атау дейміз. Сырдың бойында Жосалы деген төмпешік жер бар. Ол да бояу. Міне, осыған қатысты, қасыма білетін 90-ға келген қарияны сол жерге ертіп бардым. Ол оны Жұлық көлі деді. Мареналық көлді қазақша жұлық дейміз. Айтатын болсақ, Есіл аты Жасыл көл. Оны Мушкетов 1887 жылы көрсетіп кеткен. 1910 жылы асудың атын Кетментау деп атаған. Кейін Мушкетовтың еңбегіне сүйене отырып, Ұзынқара деген тарихи атты қайтардық. Келесі мәселе, үзілмелі, үзіліссіз деген ұғымдар бар. Мысалы, біз Жетісу Алатауы дейміз. Жетісу Алатауы қондырмалы, үзілмелі атты қайталамау керек. Сосын, қақпа деген ұғым бар. Қытайдан соққан желді сол қақпа жібермейді. Қытайдағы тұнған қызыл тұз – Ебінұрдан соққан жел арқылы Ақтау, Балқашқа дейін аңғар арқылы келіп жатыр. Қазіргі карталарға қарасаңыз, «Жетісу қақпасы» деп таудың аты қайталанады. Ол қайталанбауы тиіс. Оның аты солтүстіктен оңтүстікке қарағанда симметриялы болуы керек. Қазіргі Қапшағайдың аты дұрыс қойылмаған. Оның аты 1911 жылы Румянцевтың картасында Құрсай деп көрсетілген. Осы дерекке мән берілмей, Қапшағай деп аталынып кетті. Осы сияқты дұрыс аталмаған аттар көп. «Жетісу қақпасы» деп айтып жатамыз. Негізінде бұл, Қаптағай қақпасы. Қаптағай деген Найманның ұраны. 1777 жылғы картаға қарағанда, Жетісу Алатауының шығысын Қаптағай, батысын Үйсінтау деген. Наймандар тұрған жерді Қаптағай деп, жалайырлар тұрған жерді Үйсінтау деп атаған. Бұл тарихи атаулар. Қазіргі жер-су аттары олардың тарихына да, табиғатына да сүйенбей қойылып жатыр. Тағы бір мысал ретінде, Жамбыл ауданындағы Қарасу өзенін айтуға болады. Қазір, бұған Шапыраштының батыры Сарыбай бидің атын беріп қойыпты. Қаншама жыл Қараөзек деген су ағып жатыр, бірақ, бүгінде оған Саурық батырдың атын беріпті. Міне, осындай табиғи, тарихи жер-су аттары өзгермеуі керек. – Осы тұста, табиғи және тарихи аттар жайлы түсіндірме берсеңіз. – Қызылжар – табиғи ат. Кимек – тарихи ат. Ол IX-X ғасырлардағы еңбек­терде көрсетілген. Ал, Кереку деген негізсіз қойылған. Біз конструктивті, деструктивті аттарға құмармыз. Мысалға, вулкан атқылағанда маңайындағы шөпті де, ағашты да барлығын жоқ қылады. Біз сондай саясатқа кетіп барамыз. Жер-су аттары табиғи не тарихи болуы керек. Мысалға, Кетмен тарихи аты бойынша Ұзынқара болуы керек. Қазір Жаңа Ұлы Жібек жолы деп жатырмыз. Оның барлығы тарихи ат. Темір жолы, Сауда жолы, Күре жолы, саяхатшылар жолы, Ханның жолы, Керуен жолы бұның барлығы тарихи ат. Ал, қазіргі Жаңа жол деп айтып жүрген атауымыз дұрыс емес. Өйткені, бұнда жаңа емес, бұрынғы тарихи жолдар қайталанып отыр. Ұлы Жібек жолын айтсақ, ол қазіргі Райымбек даңғылының бойынан өтіп, Құлжамен жалғасу керек. Бұрынғы Сауда жолын Жібек жолы көшесі деп жатырмыз. Қарап отырсақ, ешқандай тарихи да табиғи аттарға мән бермейді екенбіз. Өзімнің туып-өскен Түлкібас ауданында орта ғасырда Төрткүл деген қала болған. Оның орнына, құдасына барған бір кісі Шарапкент деп қойыпты. Археологтардың еңбегіне сүйенсек, Сайрамның бергі жағында, Қарабұлақтан бері Төрткүл деген қала болыпты. Ал, қазір Шарапкент деп жер атауы бүлінген. Луговой болған Құланның атын археолог Карл Байпақов, журналист Басқар Битановпен бірге қалпына келтірдік. Енді, бірде Жетіген дейміз, оның өзі тарихи да, табиғи да ат емес. 1928 жылға дейін ол Өтеғұлұлы Көтентай деген станция болған. Ол Ботбай руының батыры. Ат қоярда археологиялық деректерге де мән берілуі керек. Мен Қазақстанның 12 ауданында болдым. Магнитагорсктің аты – Теміртау. Соның бергі жағында Қызыл деген қазақтың Жағалбайлы руы тұрады. 1640 жылы олар Шудың бойынан кеткен екен. Сол жерде «Арқайым» деген археологиялық ескерткіш бар. Сондай тарихи аттар бүкіл түрік дүниесінің құндылығы. Бізде 24 қала болған. Челябинск, Челябі облысы Қостанай облысымен қосылу керек еді. Оны алып қалған Ахмет Байтұрсынов. Қазір Алматыны өзгерту керек деп жатыр. Мынандай жәйтті айта кету керек. Ырғайты, Жаманты, Қалғұты, Шідерті, Сіленті, Өлеңті деген таулар зат есімнен сын есім жасау арқылы пайда болған. Бұл барлық түрік халқына тән нәрсе. Ал, қазір «Алма-ата» деп, алманың атасы деп берілмекші. Археолог Настичь 1287-88 жылғы Алматының теңгесін тапқан. Сонда Алматы деп жазылған. Бұл - тарихи ат. Тарихи атауларымызға үлкен жауапкершілікпен, парасаттылықпен қарау керек. Бір кездері Алматы қаласының тарихын 1854 жылдан бастамақшы болды. Археологтар қарсылығын танытып, бұл 1000 жылдық тарихы бар қала екенін баса айтты. Шынымен де, бұл 1287 жылдан бастап белгілі қала. Сондай тарихи аттарды біз қалпына келтіру керекпіз. Осы жерде Маловодный деген ат жайлы айтқым келеді. Бұл жер Бородовскийдің тарихи картасында 1910 жылға дейін Албанның биі Атамқұлдың атында болған. Ынтымақ деп айтып жатамыз. Семенов-Тянь-Шаньскийдің жазғанына сүйенсек, бұл Тезек төренің атында болу керек. Әр облыстың ономастикамен айналысатын бөлімдері болады. Бірақ, олар табиғи, тарихи аттардың барлығын біле бермейді. Меніңше, осы тұста сол жерде тұратын халықтың пікірімен санасу керек. – Әлемдік карталардағы жер-су аттары жайлы айтсаңыз. – Әлемдік карта өте құнды дүние. Өйткені, онда жер-су аттары қалай аталса, солай жазылады. Мысалға Ру­мыния, Польша дейміз. Біз орыстың транскрипциясында аламыз. Негізінде халықаралық транскрипция бойынша алу керек. Австралия Аустралия, Австрия Аустрия, Қытайдың Пекинін Бейджин деп айту керекпіз. 1910-1918 жылдарда шыққан «Қазақ» газетін қарап шықтым. Ресей деген атты таба алмай қойдым. Бірінші – Руссия, Екінші – Россия дейді. Ат қойғанда халықтың атынан алшақ кетпеу керек. Карта бойынша,тағы айта кететіні, Швеция емес, Шведен болуы тиіс. Міне, америкалық картографтардың айырмашылығы халықаралық аттарға мән беруінде. Осы ретте, мен Францияның картасы жайлы айтқым келеді. Францияның картасының ерекшелігі – том-том кітаптардағы мәлімет, олардың тарихын бір картаға сыйғызған. Бізде ондай тарихи оқиғалармен жазылған карталар жоқ. – Бір сұхбатыңызда империялық саясаттың зардабынан ұлттық шека­рамыздың қалыптаспағаны жайлы айтып едіңіз. Осындағы ұлттық шекара ұғымын түсіндірсеңіз. – Аз халықтарда ұлттық шекара жоқ. Мысал айтсақ, Әзербайжандардың 20 миллионы Иранда, Түрікменнің де біразы Иранда тұрады. Мұстафа Шоқай тұтас Түркістан деп атаған. Батыс Түркістан бұл Түркістан, ал, Шығыс Түркістан бұл қазір ұйғырлар тұратын жер. Сонда, Мұстафа Шоқай барлығы бірігіп, империялық шекара болмасын деген оймен Түркістанды құрмақшы болады. Оны 1920 жылы 16 маусымда Тұрар Рысқұлов Лениннің алдында «Түрік республикасы, Түрік компартиясы» деп ұсынған. Ондағы саясаты түріктілдес халықтардың шекарасы империялық дәрежеде болсын деген ойда еді. Осы күнге дейін біз батысымыз бен шығысымыздағы екі елге жалтақтаймыз. Сол кездегі Түрікменнің бастығы Қайғысыз Атабаев 1927 жылы Рысқұловтан Шығыс Түркістанды қайда жіберетінін сұрайды. Сонда ол, Батыс Қытайда түріктілдес халықтар, Батыс Монғолия қазір Баянөлги, Алтай Республикасында да түріктілдес халықтар, таулы Шор, Хакасия, Тывада түріктілдес халықтар екенін айта келе, Түркістан темір жолының экономикалық та саяси жағынан да пайдасы молын айтады. Оған қоса, бұл түріктік шекараның пайда болуына керек екенін айтқан. Екіншіден, Түрік конфедерациясын құру керек екені айтылады. Ондағысы бүкіл Түркістан Қазақстан, Башқұрстан, Татарстан еді. Сонда, ұлттық шекара болатын еді. Бізде ұлттық шекара жоқ. Мысалға, Монғолияда Баянөлги деген бар. Онда қазақтың керейлері тұрады. Соның маңында, Алтай республикасында Қосағаш деген аудан бар. Соның арасын шекаралатпас үшін Қосағашты Қазақстанға қаратпай, Ресейге қаратып жіберген. Ұлттық шекараның жоқтығы осы. Егер, конфедерация болса, бұл екі державаның ортасындағы түріктік халықтардың державасы болады. Сонда шекара болады. Экономикалық, саяси тәуелсіздік болады. Шекарада орыс халқы тұрады. Ұлттық шекараның жоқтығын өз көзімен көрдім. Содан кейін қарасам, қазақтың барлық тайпалары ноғайлар тұратын жер солтүстік Дағыстанда бар екен. Одан кейін, біздің құрамымызда болған қарақалпақтарда да қазақтың Ұлы жүзінің, Орта жүзінің, Кіші жүзі­нің тайпалары бар. Тағы айтарым, Башқұрстанның 90 пайызын қазақтың тайпалары құрайды. Біз Оренбургтан айырылып қалдық. Бірақ, сонда біздің табындар,тамалар қалып қойған. Ұлттық шекара тағы пайда болмай қалды. 1949 жылы Қытай Республикасы пайда болды. Индия тәуелсіздік алды. Бұлар шаруасы көп, жұмысшы көзі аз мемлекеттер болған. 1921 жылы Тұрар Рысқұлов Бакудегі сөзінде «Перспективность крестьянского движения» тақырыбында сөйлеген. Ол баяндамада ел-жер туралы біраз жайлар қозғаған. Мао Дзы Дун мен Сталин Шығыс Түркістан республикасының құрылуына қарсы болып, ол Қытайдың қармағында қалып қояды. Қазір Евразиялық одақ деп жатырмыз. Ал, негізінде Евразиялық идеяны 1924 жылы Ленин қайтыс болғанда, Тұрар Рысқұлов айтқан. Ол еуропалықтар мен азиялықтарды қарама-қарсы қоюға болмайтынын айтқан. Айтайын дегенім, Евразиялық идея сол 1924 жылы пайда болған. Қазіргі күні, Еуропа мен Азия арасындағы шекараны дұрыс көрсетпей жүрміз. Неге десеңіз, Жайықтың шығыс жағын Азия, батыс жағын Европа дейді. Евразиялық деген атпен Еуропа бойымен канал салынбақшы болған. Бұл мүлде дұрыс емес. – КСРО кезінде сызылған карталар қандай негізге сүйенді? – Бұрынғы карталарды Ленин сызып берген. Олардың барлығы төртбұрышты болған. 1929 жылдан кейін біздің карта үшбұрышты болып кетті. Талай жерлерімізден айырылып қалдық. Қостанайдың батысындағы Барикада деген жерден, Құрманғазының жатқан Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтын жар жерінен де айырылдық. Сол кездегі кейбір жайларға көңілім толмайды. Мысалы, Алашордада этнографиялық, археологиялық, бедерлік, этникалық, ескі молалар карталары болмаған. Екіншіден, Тарбағатайдың оңтүстігінде Баймырза Керегентас деген тарихи асулар болды. Кейінгі делимитизация, демарказизация кезінде сол жерден айырылып қалдық. Жетісу Алатауында Желдіқара деген жерде Шолақ деген алтын кен қорғанынан айырылып қалдық. Құрманғазының моласы, Сырым Датұлының моласы, Балқыбазар Шөмекейдің моласы барлығы шекарамыздың сыртында қалып қойды. – КСРО тұсында Қазақстан жер-су аттары өзінің тарихи, табиғи аттарын жоғалтты. Қазір тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен, әлі күнге дейін көпшілік аймақтарымыздағы аттар өзгертілмеді. – Бұған мен әуелі өзім араласқан жер-су аттарынан бастағым келеді. Свердлов ауданын Байзақтың атымен атауға халықтың көпшілігі қарсылық танытты. Октябрьская деп аталып жүрген жерді Қандыағаш деп қойғыздық. Комсомольская деген жерді Қарабалық деп қайтардық. Балкашинді өзгерту туралы Потаниннің жазғандарын қарадым. Ол онда Сандықтау деген орманның болғанын жазады. Ерементаудың жазылуы дұрыс емес. Ереймен деп аталуы тиіс. Ол туралы Елбасына жаздым. Сөйтіп, Балкашин ауданы құрыды. Қарағандыда Ульяновск деген аудан болды. Оны Бұқар жырау деп өзгерттік. Жақында, Шығыс Қазақстан облысына хат жазғаннан соң, олар ұсынысымды қабылдайын деп жатыр. Шемонайха емес, Шаманайха болу керек. Бұл Петр Чихачевтің «Путешествия по большому Алтаю» деген кітабында тұр. Содан кейін, Батыс Сібір генерал-губернаторы Казнаков деген болған. Оның атын өзгертіп Құлынжүн дедік. Сосын, Талдықорғанда Калпаковский деген ауылды Тоқжайлау деп өзгерттік. Андреевка Қабанбай болды. Оңтүстік Қазақстанда Фогелевка Рабат болды. Бүкіл Түлкібас ауданындағы орысша атауларды жойдық. Кершетас деген атау пайда болды. Ванновканың орнына Тұрар Рысқұлов, Корниловканың орнына Жаскешу, Вознесеновканың орнына Тастұмсық деп өзгерттік. Бірақ, Тастұмсықтың орнына Тәйтелі деп беру керек екен. Новониколаевка деген жер Ақсужабағылы болды. Қордай ауданындағы біраз орысша аттарды құрттық. Бұрын Красногорск болған Сұлутөрі деген пайда болды. Комиссия мүшесі болғанда орыстардың біразын үгіттеп, аттарды қазақшаладық. Ал, бірақ, тағы бір ауру орыс газеттері қазақша атауларды дұрыс жазбайды. Қазақша аттарды дұрыстап транскрипциялап, барлық газеттер бірдей жазу керек. Осы күнге дейін БАҚ-та Караганда, Уральск деп айтып жүреді. Семей деп өзгерттік, дегенмен оны да Жетішатыр деп өзгерту керек. Өскемен дейміз, бірақ бұрынғы аты Тасқорған болған. Еліміздегі тағы бір кемшілік, ана тіліміздегі бас картограф-редактор жоқ. Біз жасаған карталарды орыстың картографтары тексереді. Шыңғыстау деген тау бар айталық, оның созылуын картада дұрыс көрсетпеген. Геологиялық карталарда жас таулар мен кәрі тауларды біріктіріп бір зонада көрсетпейді. Ондай олқылықтар біздің мектеп оқулықтарында бар. – Қазақстан картасын жасаудағы ұлттық кадрлар рөлі жайлы айтсаңыз. – Олар жұмысын атқарып жатыр. Бірақ, бізде жас мамандар тапшылығы бар. Сейсмика саласын айтсақ, 1983 жылдан бастап Алматы қаласының сейсмикалық аудандастыру картасы жоқ, оны айтасыз, жалпы, Қазақстанның сейсмикалық аудандастыру картасы да болмай тұр. Оны жалғастыратын мамандар тапшы. Мемлекет маман даярлауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бізде оқығаннан бөлек, алыс емес, мына, Ресейден оқыса да болады. Картографияның мамандарын даярлау үшін мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөліну қажет. – Қаншама жер-су аттары өзгертіліп жатыр. Бірақ, үйренген халық ескіше Алексеевка, Березовка деп айтып жүр. Сіздіңше, бұл мәселені қалай шешу керек? – Мен Батыс Қазақстандағы Ганюшкинді өзгерту жайлы хат жазғам. Маған жауап хатында жергілікті басшылар ол атауларға халықтың үйреніп қалғанын алға тартқан еді. Оған қоса, елімізде ономастикаға байланысты заңдардың қабылданбағанын сылтау етеді. Ең әуелі, меніңше, бұл мәселелер мемлекеттік дәрежеде қаралу қажет. Қазір, Тау самалы деп аталынып жүрсе де, бұрынғы атауы Терісбұтақ болатын. Бұрындары Каменское плато дейтін. Онда ешқандай тас жоқ. Сары топырақ. Плато деп жүргендері таудың етегіндегі текше таулар. Үлкен таулардың етегінде үстірт болмайды. Атын дұрыс атамаған. Ал, негізінде бұл Терісбұтақ текшетауы болуы керек. Қазір қолымда бекітілген қаулылар бар. Бірақ, атаулар әлі өзгертілмеді. Верхняя, Нижняя каменка Тастыбұлақ болуы керек. Қазір, бұның барлығы Тау самалы округі деп аталынады. Бұл жерде округ деп аталынуының өзі дұрыс емес. Округ деген масштабы бойынша үлкен аумақты қамту керек. Тағы айтарым, бұрын Пермь облысы болатын. Қазір Пермьский округ дейді. Қазір, ауылдық округ дей саламыз. Бұрын қазақ дуан деген. Менің айтып отырғанымда негіз бар. 1887 жылғы Мушкетовтың картасында бұл жер Тастыбұлақ деп аталған. Оған қоса Қарағайлы өзені деп жазылған. Қазір, оны Қарғалы деп айтып жатады. Бұның барлығы ономастика комиссиясының жұмысы. – Жер-су аттарын қалпына келтір­генде, ең әуелі тарихи аттарға ма, әлде табиғи аттарға мән беру керек пе? – Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Шошқакөл деген атауды Әлімтау деп ұсындым. Оны қабылдады. Міне, бұл жер 100 жылдан аса уақыт Шошқакөл болып келе жатыр екен. Әйтсе де, осы жерде өніп-өскен Шайыр деген қарияның еңбектеріне сүйене отырып, Әлімтау атауының дұрыс екенін аңғардым. Бұл ежелден сол аймақта өмір сүрген тайпаның аты. Менің айтайын дегенім, ат қоярда тарихи шежірелерге де мән беру қажет. Мысалға, Жамбыл облысында Сұрым деген жер бар.Ол Шанышқылы тайпасының бір руы. Оны кейбір карталарда Сырым деп аударып жіберіп, шежірелік тарихи атты бүлдіріп жіберген. Қай жерге ат қоярда сол аймақтағы халықтан сұрап, шежіреге де тарихқа да қарау керек. Мысалға, Түлкібас ауданында Састөбе деген жер бар. Бұл Сазтөбе болу керек. Бұл табиғи ат. Бұнан қорытатыным, жердің құрылысына, топырағына, орналасқан жеріне де мән бере отыру қажет. Табиғи аттарды қойғанда бұл маңызды. Сондықтан да, тарихи да, табиғи да аттарға мән беру керек. – Еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен әдістемелік орталықтардың жұмысы жайлы айта кетсеңіз. – Тіл институттары, анықтамалықтар жақсы жұмыс істеп жатыр. Анықтамалықтар жайлы айтуға болады. Арыстың бойында Жаныстың Оймауыт деген руы бар. Ақтөбе ауданында Оймауыт деген жер бар. Негізінен бұл атау шежіреге қатысты. Бірақ, анықтамалықтарда оны түсіндіргенде бұл атаудың табиғи ат екенін, ойма жерде орналасқаны жайлы айтып шатастырған. – ҚР Парламенті Мәжілісіне «ҚР-ның ономастика мәселелері бойынша кей­бір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ұсынылды. Заң жобасын қарастырып жатқан комиссияға қандай ұсыныс айтар едіңіз? – Жер-су аттарын қоярда шежірелік тарихқа, халық пікіріне мән бере отыра, жердің табиғатына да қарау қажет. Сонымен қоса, ең әуелі, оқымыстылардың жазып кеткен карталарын, архивті тексеру керек. Әрбір жерге ат қоймас бұрын сол жерді көріп, біліп, зерттемесе болмайды. Табиғи атты оқи білетін маман болуы тиіс. – Біз қазір КСРО кезіндегі картаны пайдаланып жүрміз. Қазір біз тәуелсіз ел-жұрт ретінде қандай картаны пайдалануымыз керек ? – Тәуелсіздік алған тұстан бізге табиғи, тарихи, шежірелік, археологиялық карталар қажет еді. Өкінішке орай, біздің бұл тұсымыз ақсап жатыр. Оны қолға алу үшін білім керек. Ал, ол мәселеге өз мамандығыма байланысты келсек, ғылымда классикалық, тұғырлы геология ұғымы бар. Соның барлығы қазір жойылған. Палеонтология, палинология деген пәндер қысқартылған. Бұл пәндерсіз таудың жасын, құрамын, табиғи жағдайын есептеуге болмайды. Жер асты қойнауының қорын есептейтін курстар болған. Соның барлығы жойылған. Қазір, білімді дамытпай, ғылымға бірден көшіп жатыр. Олар бір-бірінсіз дамымайды. Әуелі білімді жетілдіру керек. Геология институтындағы бүгінгі үлкен проблемалардың бірі мамандардың жетіспеуінде. Ол жердегі қызметтегі адамдардың барлығы бұрынғы мамандар. Жаңадан бітіріп жатқан мамандар бұған араласа алмайды. Бакалавр бұл жоғары да орта да білім емес. Жоғары білім болу үшін, өндірістік тәжірибе молырақ болу керек. Біздің кезімізде тәжірибені айлап өтетінбіз. Соның өзінде де, біз жұмысқа барып, ақсап жүретінбіз. Тіпті, сонда жұмыс істеп жүрген ғалымдардың қасында жүріп, оның не туралы жазатынын, нені зерттейтінін жеке қарайтынбыз. Тек кейін жеке атқаратын жұмысымызға көштік. – Геология саласындағы ұлттық ка­др­лар туралы не дер едіңіз ? – Әлі есімде, 1958 жылы үлкен ғылыми жиын болды. Сонда, Хабиб Мұхамедұлы Абдуллаев өзбек ұлтынан 16 доктор даярлағанын айтты. Сол кездің өзінде-ақ, өзбектер институт ашу үшін өзінің мамандарын оқытып, даярлап алатын. Ал, біз дайын мамандарды қызметке тартамыз. Олар ұлттық кадр емес. Соның нәтижесін, біз, бүгінде көріп отырмыз. Бізде ұлттық кадр Кеңестік кезеңнен дайындалмаған. Басқа саланы айтпаса да болады. Мысалға, жердің геологиялық картасын салудан қазақтан бір маман жоқ. Қаныш Сәтбаевтар қазба байлықтар маманы. Кешенді геология, аймақтық карта салуда бір де бір басшы болған емес. Қарап отырсам, ұлттық кадр бізде басынан бастап болмаған. Ал, Өзбекстанның университеттерінде 98 пайызына жуығы өзбектерден тұрады. 3-4 орыс жұмыс істейді. Олар сол өзбектердің жазған ғылыми еңбектеріндегі қателерді түзетіп отырады. Бізде ондай жоқ. Қазіргі жағдайға келсек, ол сын көтермейді. Басқа не айтамын. – Қазіргі жер-су аттарына байланыс­ты не айтар едіңіз? – Тау аттары симметриялы болуы керек. Мысалға, солтүстіктен Іле Алатауы дейміз. Ал, оңтүстіктен Алатау дейміз. Негізінде екі жағынан да Алматы Алатауы деп аталынуы керек. Іле Алатауының өзі орысшадан пайда болған аударма атау. Оңтүстіктен, батыстан, шығыстан симметрия ат болуы тиіс. Шамалғаннан бері Түргенге дейін Алматы Алатауы деп аталынуы тиіс. Іле Алатауы бұл ассиметриялы атау. Симметриялы ат дегеніміз оңтүстігінен де, солтүстігінен де бірдей аталуды талап ететін аттар. Бізде Тянь-Шань деген қонақ үйлер де бар. Бұның қазақшасы Тәңіртау болу керек қой. Тағы айтатыным, бізде шығыс Тянь-Шань, батыс Тянь-Шань дейді. Бұл ғылыми ұғым емес. Негізінен Тәңіртауын үшке бөлуіміз керек. Солтүстік, орталық, оңтүстік деп ғылымға сүйене атауымыз керек. Тағы қосымша айтарым, ономастиканың функциясы сақталыну керек. Көше аттарын бергенде елге белгілі есімдер берілу керек. – Әңгімеңізге рақмет!

2978 рет

көрсетілді

390

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз