• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2017

Шәкен Айманов – қазақ киносы мен театрының шоқ жұлдызы

Айдос Сахариянов, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің  магистранты

КСРО халық артисi, Сталиндiк сый­лықтың лауреаты, Қазақ КСР-i Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, кинорежиссер, театр және кино актерi, Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені және екі «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері Шәкен Айманов қазақ мәдениеті мен өнері үшін қайталанбайтын әрі теңдесі жоқ құбылыс. Шәкеннің туған жері Баянауыл өңірінің қасиетті топырағының кереметінен болар осы өңірден көптеген дарынды адамдар шықты. Олардың арасында ақындар, халық шеберлері көп болды. Солардың арасында Шәкен Аймановта бар. Оның балалық пен жастық шағы Қазақстанның кеңестік кезеңімен тұстас болды. Ол институт қабырғасында жүргенде, өзінің бос уақытын үйірмелерге арнады.  Институттың драмалық үйірмесінде көбінесе қазақ ауылының өмірін бейнелейтін пьесалар қойған. Бұл репертуарлардың ішінде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр», Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше – тоқал», Күләш Бәйсейітова және А. Шалинаның «Зәуре» т.б. [1; 11] пьесаларынан үзінділер бар еді. Шәкен Айманов шығармашылығының көп бөлігі театрмен байланысты. Ол 1933 жы­лы Алматыдағы қазақ драма театрына қабылданып, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасындағы Ақан серіні, Алек­сандр Островскийдің «Найзағай» пьесасында Тихонды, Уильям Шекспирдің «Асау­ға тұсау» комедиясындағы Петруччио сияқ­ты психологиялық образдарды сомдады.

Жалпы, театр сахнада көзбе-көз іске асырылып, халыққа сол сәтте ұсыны­латындықтан – өнердің ең өткінші түрі деп есептелінеді. Шәкен Аймановтың театр сахнасында ойнаған рөлдері мен оның көзін көрген жандар жыл өткен сайын азайып бара жатқаны шындық әрі өкініш. Сондықтан,  бұл мәселеде көрермен есте­ліктері мен театр сыншыларының жазбалары аса маңызды. Асанәлі Әшімов өз мемуарларында «Сахнадағы Шәкен қандай еді! «Асауға тұсау» драмасындағы Петруччиосын ешқашан ұмытпаймын. Катарина (актриса Хадиша Бөкеева) екеуі сахнаға жарқырап, салтанатпен шы­ға келгенде  бүкіл көрермен бір адамдай орнынан тұратын» [2; 31] деп жазады. Бұл рөлдің бір үзігі «Біздің сүйікті дәрігер» филь­мінде – Шәкен Айманов пен Хадиша Бө­кеева пьесадағы диалогты телефон арқылы жаттығып жатқан эпизодта көрсетілген. Алматыдағы қазақ драма театрының бас режиссері  болған бес жылда Шәкен Айманов бірқатар спектакль қойды. Оның ішінде шоқтығы биік, көрермен ықы­ласына бөленгендерінің бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай» пьесасы бойынша қойған спектаклі. Кейінгі ұрпақ Шәкен Аймановтың дарынын көбінесе кинематография арқылы, оның кинодағы образдары мен түсірген фильмдері арқылы таныды. Ол 1938 жылы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі «Амангелді» фильміне алғаш рет түседі. Бұл картинада ол эпизодтық рөл ойнайды. Ал, 1953 жылы «Жамбыл» фильмінде бас рөлді ойнап, өзін актер ғана емес, әнші ретінде де танытады. Тіпті, оның бұл жұмысы туралы «Известия» газетінде мақала жарық көрді. Онда былай делінген: «Жамбыл» фильмі жөнінде айтқанда ең алдымен басты рөлді сомдаушы Шәкен Айманов табысын атап өту жөн. Өзінің қалтқысыз және шыншыл ойынымен ол көрермендерді баурап алып, экрандағы адамның актер екенін ұмыттырып жібереді. Біз Қазақстанның жалынды халық жыршысы Жамбылдың тура өзін көргендей боламыз» («Известия», 30-шы мамыр, 1953 жыл) [3; 96]. 1954 жылы Шәкеннің тағы бір фильмі экранға шығады. Бұл туынды ұлттық режиссура саласындағы алғашқы жұмыс ре­тінде қазақ киносының тарихында ерекше орын алды. Режиссер  Айманов «Махаббат туралы аңыз» («Поэма о любви») деп аталатын алғашқы фильмін К. Гаккелмен бірлесіп түсірді. Сценарийін жазған қазақ прозасының классигі Ғабит Мүсірепов. Кинокартина Қозы көрпеш пен Баян сұлу лирикалық шығармасының желісімен түсі­рілді. Жастардың  баянсыз махаббаты, тау­қыметке толы тағдыр қаталдығы фильм­нің басты тақырыбы ретінде қарастырылды. Драматургиялық жұмыстың әлсіздігі, ре­жиссуралық шешімнің шикілігі фильмнің сәтсіз шығуына әсер етті. Фильмде оқиғалар, сонымен қатар, кейіпкерлер мінезі мен диалогтар кино заңына сәйкес келмегендіктен көркемдік деңгейі солғын болды. Дәл осы жылы Шәкен Айманов сонымен қатар «Дала қызы» («Дочь степей») атты фильмін К. Геккелмен бірлесіп экранға шығарады. Бұл фильмде Кеңес үкіметінің жаңадан орнауы, жаңа қоғамға қазақ әйелінің бетбұрысы жайлы жайттар қозғалады. Басты рөлді Зәмзәгүл Шәріпова сомдады. «Біз осында тұрамыз» («Мы здесь живем»; 1956) драмасын режиссер Матвей Володарскиймен бірігіп түсірді. Аталмыш фильм тың игеру тақырыбына негізделген. Операторы Марк Беркович болса, композиторлар Мұқан Төлебаев пен Александр Зацепин әуенмен әрледі. Ак­терлық құрамды Шахан Мусин, Зәмзәгүл Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Сейфолла Телғараев, Сәбира Майқанова, Лола Абдукаримова (т.б) сынды талантты актерлар толықтырды. Шәкен Аймановтың өзі де фильмде бас кейіпкерлердің бірін сомдаған. Бұл фильмді қалың бұқара жақсы қабыл алды. 1958 жылы шілде айында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальда тың игеру жөніндегі еліміздің киностудиялары шығарған фильмдер ішіндегі ең үздік фильм атанды. Бұл Айманов еңбегінің ең алғаш жақсыға бағаланған жұмысы болатын. «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің бір ерекшелігі, онда алаңсыз, бақытты жандар ғана көрсетілген. Фильм елдегі Сталин ескерткіштері әлі алынбаған, ауыл-қала көшелері әлі «халықтар көсемі» есімімен аталатын 1957 жылы түсірілді.  Кино саласы Сталин дәуіріндегі өнер принциптерінен әлі арыла қоймаған кез болатын. Әншілер Ермек Серкебаев, ағайынды Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Бибігүл Төлегенова, актерлер Юрий Померанцев, Евгений Диордиев сияқты Қазақстан өнері майталмандары түскен фильм музыкалық комедия болып шықты. Бірақ, «Біздің сүйікті доктор» фильмі осы заманға да тән әлеуметтік проблемалардың бірін көрсетеді. Сталин мә­нерімен китель киген директордың рөлі арқылы бюрократизмді сынайды [4; 5]. Шәкен Айманов 1938-1969 жылдары барлығы 11 фильмге түсіп, кинорежиссер ретінде осынша фильм түсірді. Олардың ішінде Қазақстан кинематографиясы алтын  қорына енген «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Алдаркөсе» т.б. сияқ­ты туындылары бар. Сонымен бiрге, әрбiр iрi, айтулы, ұлы тұлғаның аманаты болады. Рас, кейбiр тұлғалар өз аманатын артына тәптiштеп, тиянақтап жазып кетедi. Ал, кей тұлғалар кейiнгiлерге дәл осылай жазып-сызып кетпегенiмен, артына өзiнiң бастаған iсiн, «iске асырсам» деп ниеттенген жоба-жоспарларын қалдырып кетедi. Бiле бiлсек, бұл да – аманат. Аманат бол­ғанда да, жай аманат емес, орындалуға, жүзеге асуға тиiс аманат! Шынтуайтына келгенде, «ұрпақ сабақтастығы» дегенiмiз де осы емес пе?! Шәкен Айманов, рас, артына мол мұра қалдырды. Осымен бiрге кейiнгi ұрпаққа, шәкiрттерiне, қазақтың шығармашыл зиялыларына мол аманат тастап кеттi. Бұл қандай аманаттар? Шәкен Айманов өзгелердi, керi­сiнше, қазақ киносына жұмыс iстеттi, қазақ  киносының мәртебесi жоғары болу үшiн олардың талантын пайдаланды. Ресейдiң мықты киноактерлерi Любшин, Иванов, Стржельчик   және т.б.  қазақ киносында ке­ректi рөлдерге жегiлдi. Әрине, Шәкен Аймановтың жетекшiлiгiмен [5; 4]. Өзге фильмдердi айтпай-ақ, Ш.Аймановтың тек «Тақиялы перiште» фильмiн ғана алайықшы. Бұл фильм қай жылы түсiрiлдi? 1970 жылы. Бұл кез – бүкiл Қазақстанның айрықша орыстанып, қа­зақ мектептерiнiң жаппай жабылып, ал, Алматыда «тұқымдыққа» бiр ғана қазақ мектебiнiң қалған кезi. Осы кезде, осындай жағдайда, осындай саяси қыспақта түсiрiлген «Тақиялы перiштеден» қазақ­тың исi мен қазақтың рухы қалай есiп тұр десеңiзшi! Шәкен Аймановты көзі көргендердің айтуы бойынша мейірімді, түсінігі мол адам болған. Ешқашан актерларына дауыс көтермеген. Біріншіден болмаса, екінші рет түсіреді, үшінші, төртінші. Тіпті, он дубль түсіретін, қашан ойындағыдай болғанша жалғастырған. Шығармашылығына, жұмысына қатты мән берген. Кейіпкерлерін сомдағанда қилы іс-қимылдар жасап, көркемдік жа­ғын тамаша суреттейтін. Жан-жақты дарынды, музыка әлемін жетік меңгерген, нағыз маман еді. Тіпті, киноға ән жазып жатқанда да өзі келіп, тыңдап отырған. Музыкалық сауаты жоғары болған. Сәл ұнамаған жері болса бірден өзгертіп, ойын білдіретін. Актерды жан-жақты түсіне білетін, ішкі дүниесін аша білетін, айрықша жан болыпты. Шәкен Айманов талантты режиссер еді. Экрандық өнерді көркемдей алған сурет­кердің, қазақ киносының мәртебесiн жоғары көтерген алтын адамның киносын қайта түсіру мүмкін емес. Түсіріп көрді, бірақ, сәтсіз. Қазіргі біздің режиссерлар ол кісіні қайталаймын деп әуре болып жатады. Театрда актер ретінде де, режиссер ретінде, кино әлемінде де өз биігін бағындырған, қамалын алған адам. Шәкен Айманов қайтыс болған күнінен неғұрлым алыстап кетсе де, қазақ өнерін жасаушы тұлғаның еткен еңбегі мен төккен терінің, даңғыл жолы мен ой-өрісінің кең­дігі соғұрлым айқын көрінеді. Шәкен Аймановтың рухани өмірге қосқан үлесі сүбелі болғаны соншалық, қазақ театры мен киносының болашақ тарихшылары мен зерттеушілерінің назарын өзіне талай рет аударатыны даусыз. Қазіргі кезде де Шәкен Аймановтың шығармашылық жолы зерделі зерттеу мен жанкешті еңбекті талап ететіні ешқандай күмән тудырмайтыны ақиқат. Шәкен Кенжетайұлының есімі қазақтың мәдени өмірінде мәңгілік алтын әріптермен жазылып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сиранов Қ. «Советтік Қазақ­стан­ның кино өнері». Алматы. «Білім» баспа­сы. 1966 ж. 2. Сиранов Қ. «Кино туралы әңгіме». Алматы. «Жазушы» баспасы. 1973 ж. 3. «Шәкен Айманов туралы естелік­тер». /құрастырғандар: Кәукен Кенжетаев, Рақымбай Сатаев/ Алматы.  2004 ж. 4. Бектасова Г. «Айтулы актер Айманов». «Түркістан» газеті. 2004 ж. 20 ақпан (№8). 5. Қожамқұлов С. «Қазақ өнерінің ары­­сы». «Қазақ әдебиеті» газеті. 1970 ж. 25 жел­тоқсан.

 

1320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз