• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2017

Жоғары оқу орындарында тереңдетілген деңгейдегі студенттерге Ыдырыс Мұстамбайұлының еңбектерін оқыту

Талғат Төлегенов, филология ғылымдарының кандидаты, Туран университетінің доценті 

Жоғары оқу орындарында  қазақ тілін тереңдетілген дейгейде оқитын оқу топтарына алаштың абзал азаматтары туралы мәліметтер берілуі тиіс. Алаштың тарихына аттары  алтын әріппен жазылған ұлтымыздың біртуар ұлдары жайында өскелең ұрпақ тереңірек білулері үшін олардың есімдері, шығармашылығы бағдар­ламадан өз орнын тапқаны дұрыс. Жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиеті сынының өркендеп қанат жаюы­на қоғам қайраткерлері де өздері­нің айтарлықтай үлестерін қоса отырып, дарындары жағынан кәсіби қаламгерлерден кем түспейтін деңгейде көрінді. Олар – Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбайұлы, Нәзір Төре­құлов, Ілияс Қабылов, Сұлтанбек Қожа­нов, Шәймерден Тоқжігітов сынды азаматтар. Бұлар негізінен мемлекеттік қызметте болғандықтан сынға жиі араласуға мүмкіндіктері аз болды. Со­лар­дың ішінен өзінің мақалаларының мән­ділігімен, өміршеңдігімен, терең ойлылығымен жарқырай көрініп, аса белсенділік танытқан, ірі қоғам қайрат­кері, әдебиет сыншысы Ыдырыс Мұстамбайұлының еңбектеріне ерекше тоқталуды жөн көрдік.

Ыдырыс Мұстамбайұлының өзі де түрлі заң, кеңес қызметінде лауазымды міндеттер атқарғанымен, әдебиет, мәдениет, саясат төңірегінде болып жатқан оқиғаларға сын тұрғысынан белсене араласып, соның ішінде әсіресе, Абай мұрасын үнемі назарында ұстап, сол кездің қасаң саясатынан қызғыштай қорғады. Ұлы ақынды халық санасынан өшіріп, шығармаларын жоққа шығаруға тырысқан шенеуніктер мен кейбір қаламгерлер әрекеттеріне аяусыз тойтарыс беріп, дәлелді түрде қарсылық білдірді, ескі атаулы мен көне мұраға тыйым салған Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе қаһарынан еш қорықпай ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орны мен мән-маңызын жете ашып берді. Қайтпас қайсар өр мінезі үшін де «таймас қара» атанып, 1920-жылдардағы Абай төңі­регіндегі әдеби айтыс тартыста ұлы ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы терең білімділігін танытып, биіктен көрінді. 1926 жылдың маусымында Қазақ­стандағы  ҚазАПП-тың құрылуына Мәс­кеуде пролетариат жазушыларының бү­кіл­одақтық ассоциациясының (ВАПП) құрылуы себеп болды. Алайда, бұл ұйым қазақ жазушыларының арасында іріткі туғыздырып, олардың жік-жікке бөлініп, топ-топ болып бір-бірімен айтысуына түрт­кі болды. Қазақ әдебиетінде де пролета­риат әдебиеті атанған жаңа ағымның  пайда болуы сол кездегі айтыс-тартысты одан әрі қыздыра түсуге себін тигізді. Ыдырыс Мұс­тамбайұлы «Сын мен баспасөз туралы» [112] мақаласында сол кездегі «өзара сынды  кү­шейтудің бір жолы баспасөз арқылы істеген істің жөнін айтып еңбекшілер жұртшылығының алдына салып таныстырып отыру» екендігін айта келіп, қазақ газеттерінің кемшіліктеріне тоқталады: «Біздің ішімізде қазақ га­зетінің аттарын білмейтін «сабаздар» да жоқ емес. «Менің білгенімнен артық нені жазады» деп қазақ газеттерін оқымайтынын «мақтаныш» қылып, «білгендігін» көрсететіндер де табылып қалады. «Мені біреу не мақтап, не боқтап жазған, болмаса, менің мақалам басылған санды жіберіңдер» деп жүретіндер де табылады... Қазақша білмеймін ғой, орысша жазайын деп өтінетіндер де бар. Тіпті кейде сол орысша жазғандарын орыс газетіне бере салып, ертең онда басылып шаққан соң, «ана мақаламды аударып басыңдар» деп қолқа салып түстен кейін мөңірейтіндер де бар... «Өз тілін өзі ұмытып кетіп, қазақша сауатын ашуды міндетім» деп білмейтін сауатсыздар да бар. Керек десе, жарнама байланыс­тарын орыс газетіне ғана бастырып «үнем» қылатындар да бар. Баспасөзге қатынасу – жұртшылыққа қатынасу... Бұл жұмысымызға кірісерде мұндай қылықтарды жіпке тізе айта отыру керек» дей келе, «не көп газетке басылып жатқан жолсыздықтар көп» [112] екенін айтады. Ыдырыс сол жылдардағы газет басқармалары не болса, соны ойдан шығарып, не біреуді мұқату үшін, көрінген хабарды қойып қалып отырмауын, тілшілердің жазғанын, қолға түскен мәліметтердің сөлін алып отырып жазуын, басуын ескертеді. Уездік, губерниялық, өлкелік газеттердегі жолсыздықтарды атай келіп «бұл шен сыйлағандық салдары» екендігін баса айтады. Ол кездегі алаш ұлдарының қазақ ұлтының мүддесіне қатысы бар қандай ірі мәселелер болмасын, бел шеше араласып, белсенділік танытқанын қазір көптеген зиялыларымыз жазып, зерттеп жатыр. Солардың бірі, ұлтының біртуар азаматы Ыдырыс Мұстамбайұлы да өзінің «Түркістан – Сібір жолы» [118, 2] атты еңбегінде  сол кезде жүргізілген ірі құрылыстың бірі «Түркісибке» жан-жақты экономикалық талдаулар жасайды. Ыдырыс, басқа да кемшіліктерді атай келіп, баспана мәселесіне де арнайы тоқталып өтіп, құрылыс материалдарын үнемдеуге, тиімді жақтарын қарастыруға да көп көңіл бөлген. Сондай-ақ, тағы бір кемшілік мынау деп Ыдырыс: «Жұмыста ешқандай жүйелілік жоқ екендігін, қолда бар құрал жабдықтарды, техникалардың дұрыс пайдаланылмайтындығын, жұмыстың өнімсіздігін, оның себебі, қолдағы барлық нәрсенің есебін білмегендік» екендігін, оның барлығының атасы «бассыздық, тәртіпсіздік» [118] деп тұжырымдайды. «Қандай шаруашылық болмасын, әсіресе, Түркісиб секілді үлкен өндіріс жұмысында есеп жұмысының тәртібі нығаймай іс өнбейді. Ақша ұстау мәнісі де осындай» деп Ыдырыс істің бетін аша отырып, заңсыздықтарға тоқталады. «Балық басынан шіриді» демекші, енді Ыдырыс «Түркістан-Сібір» темір жолының басқару әкімшілігі ретіндегі, кеңсе тәртібіндегі кемшіліктерге баса назар аударады. Қазақ елінің келешегі үшін, барлық істерге бел шеше кірісіп, халқының болашағы жолында жан аямай еңбек еткен елінің нағыз ұлтжанды ұлдарының бірі Ы. Мұстамбайұлының қай еңбегі болмасын терең зерттелініп келешек ұрпаққа ұсынылуы тиіс. Өйткені, оның қазіргі таңдағы экономикамыз үшін маңыздылығы, құндылығы жағынан да қымбат екендігі даусыз. 20-жылдардағы қазақ әдебиетіндегі сыни пікірталастарға кеңестік идеология қаншама араласып, өзіндік ықпалын жүргізіп бақса да, Ыдырыс нағыз зиялы ретінде ұлт мүддесін барынша қорғап бақты. Әдебиет сыншысы ретінде Ыдырыс Мұстамбайұлы ақын-жазушылардың ойшылдығы туралы пікірталасқа да белсене араласып, өзіндік ой-талғамымен терең білімділігін таныта білген тарихи тұлғалардың бірі. Сыншының 1920 жылдардағы әдеби айтысқа белсене қатысып, батыл пікір білдіруінен, оның оған үлкен дайындықпен келгеніне қоғамдық ой мен әдебиет ғылымынан мол хабардар екендігіне оның «Н. Г. Чернышевский» [119] деген мақаласы айғақ бола алады. Ұлы ойшыл, сыншының туғанына жүз жыл толғанына арнап жазылған бұл мақаланың бас жағында: «Біздің бар нәрседен кенже қалатын мешелдігіміз бар ғой, сонда да жас жұртшылығымызға Чернышевскийдің кім екендігін, азырақ болса да, тойға қарсы айтуымыз қажет» деп алып, жалпы Чернышевскийдің өмірбаянына  шолу жасаудан бастайды: «Орыс мәдениетінің тарихы, орыс елінің салт-санасының, өсіп-өнуін Россияда болған өзгеріс толқындары Россия елінің қоғам тұрмысының күйіне қарай, дәуірге бөлінеді» деп алып, былайша жіктейді: «Өткен ХІХ ғасырдың 40-30-ыншы жылдарында Николай І патшаның зор қы­сымшылдығына қарамастан жаңа туып келе жатқан жас жұртшылықтың кө­семдері  болған Белинский, Гоголь, Пушкиндер. Бұлардың ізін басып, бұлардан соңғы жаңа дәуірде жас жұртшылықтың көсемдері болып 40-60 жылдарда Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Бакуниндер шықты», дей келе солардың ішінен «Бұларға бас көсем болған адам, бұл 60-шы жылдардағы және онан кейінгі өзгеріс толқындарына да марксизм негізі тарағанша, ту болған адам Чернышевский» деп, Чернышевскийге ерекше тоқталады. Бірақ, Чернышевскийлердің қателері болса да, заманына қарай сөзсіз ірі кісі екендігін, Чернышевскийдің пікірін тексеру үшін Маркс әдейілеп орыс тілін үйренгенін, Маркс Чернышевскийдің ірілігін айтып бұрынғы пәлсапашылардың көбінен артық көріп мақтап кеткенін айта келіп, Чернышевскийдің Маркстен бұрын өткендігін, Фейербахты, Гегельді әбден жақсы білгендігін, бұлардан тәлім алғандығын, әсіресе өле-өлгенше Чернышевский Фейербахтың шәкірті затшылдық негізін қолдағандығын ескереді. Халықшылдардың біруақытта Чернышевскийді өздерінің ұстазы қылып, өздерінің жолына ту қылып жүргендігін басты назарға ұстанған Ыдырыс Чернышевскийдің жеке өзіне: «60-жылдардан бергі Россияда болған өзгеріс толқындарға, марксизм орнағанша, туы болған адам – Чернышевский.  90-жылдарда Плеханов, Лениндер шығып, пролетариат жұртшылығы туғанша бұрынғы жұртшылықтың айнасы болған адам – Чернышевский. Әдебиет мәселелерінде Чернышевский Белинскиймен қатар адам. Чернышевский Белинскийдің келіп тоқтаған жерінен ары шығып озып кеткен адам. Чернышевский өзінің заманындағы өнер үшін болған өнер таза нәрсе, өнер рухтың (дух) жемісі дейтін пікірден аулақ болған, содықтан да, ескі профессорларға ұнамай университетке оқытушы бола алмады» деп баға береді. Өз ортасынан озық шығып, өз заманындағы ұлы тұлғалардың біріне айналған Чернышевскийдің философиялық еңбектерімен қатар, әдебиет мәселелеріндегі туындылары да құндылығымен бағалы. Қорыта келе, ХХ-ғасырдың  20-жыл­дарында   кеңестік идеологияға сай кел­мейтін туындылар қатты сынға ұшы­рағандықтан, Абай дәстүрінің дамуы, жалпы адамзаттық ортақ мәселелер әдебиет тарихында өз шешімін таба алмады. Әдеби туындылар, жеке қаламгерлердің көзқарасы әдебиеттің партиялығы  туралы В. И. Лениннің теориясы  шеңберіндегі  өлшеммен өл­шенгендіктен, қазақ әде­биеті өзінің табиғатынан, даму заң­ды­лық­тарынан айырылып, жаппай науқаншылдық өріс алды. Десек те, кеңестік дәуірде қазақ әдебиетінің тарихы күрделі де, қайшылықты жағдайларға толы болғанымен, сонымен бірге бұл дәуір қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің өсу, өркендеу жолында айтарлықтай жаңалықтар әкелген кезең болғаны да даусыз. Соның ішінде, жиырмасыншы жылдары екі дүркін айтыс болған абайтану ғылымында да әдебиеттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің айтарлықтай қосқан табыстары болды. Абай мұрасын қорғап қалуда үлкен қажыр-қайрат танытқан көрнекті қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, сыншы Ыдырыс Мұстамбайұлының да абайтанушылардың қатарында өз орнын алары сөзсіз. Оның, әсіресе, Абай мұрасына қарсы шыққан І. Қабылұлының мақаласына екі тілде бірдей жауап жазған мақаласының әдебиеттану ғылымындағы орны ерекше. Ақтаңдақтар – қазақ әдебиетінің бүкіл даму жолын түгел қамтыған күрделі мәселе. Социалистік қоғамға дейін жасалған сол кездегі халықтың дүниетанымын танытатын әдеби туындылар социалистік, коммунистік көзқараспен сұрыпталып, көптеген шығармалар ескілікті уағыздайды деген сылтаумен қолданыстан шығып қалды. Елдің тәуелсіздігін, сыртқы отаршылдыққа қарсы күрес идеясын жырлаған әдебиет «ұлтшыл» атанды. Әдебиет жасаушы ірі қаламгерлер «ұлт­шыл»,   «халық жауы» деген атақтарға ілініп, жазаға тартылды. Ұлттық тәуел­сіздігін алған, қазіргі кездегі қазақ халқына ұзақ ғасырлар бойы жасаған мәдени мұрасын түгендеу, оны осы күнгі заманның игілігіне жарату жалғасын тауып келеді. 1920-жылдар қазақтың әдеби-көркемдік даму процесіндегі бір күрделі кезең болды. Көркемдік өркендеу барысында әрқилы ағымдардың тууына сол кездегі марксизм, ленинизм іліміне сүйенген тапшылдық көзқарас себепкер болды. Көп мәселеде адамзаттық түсінік деңгейінен өзгеше саясат тұрғысынан қарастырылған көзқарас ықпал етті. Қазақ әдебиеті өзінің идеялық-шығармашылық мақсат, тіле­гіне қарай екіге бөлінді. Сол кездегі жаңа саяси жағдай халықты тапқа, жікке бөлмей, арман-тілегін тұтастай жырлауға ниеттенген алашшыл ақын-жа­зушыларды шеттетті. Кедейдің жоғын жоқтаған төңкерісшіл ақын қаламгерлер де олармен тіл табыса алмады. Қазақ әдебиетінде сын өнері кәсіби жанр ретінде қалыптаса бастады. 20-жылдардың бірінші жартысында қазақ әдеби сыны өзінің идеялық-эстетикалық деңгейін анықтау үшін талай талпыныс жасады. Қазақ  әдеби сынының жанр­лық жағынан қалыптасуына, көр­кем туындылардың деңгейі қандай өреде екендігіне баса назар аударылып, сол кездегі қаламгерлердің жалпы бағдарын айқындап алуға жағдай жасалды. Қазақ әдебиетінің болашағы кімдердікі, ол қандай көркемдік әдісті негізге алуға тиіс деген мәселені шешу қазақ әдеби сынына жүктеліп, оның келешек деңгейін анықтаудың бір саласы болды. Көркем туындының тағдыры «пролетариат», «партия», «кеңес», «кедей» деген сияқты сөздердің бар-жоғына қарай шешіліп, сынның басты міндеті саяси бағытты ашу деп ұғындырылды. Көркем шығармаларды бағалағанда, ол ақын-жазушылардың таптық шығу тегімен байланысты қаралып, тек «таза» пролетар жазушылар ғана пролетариат әдебиетін жасай алады деп түсіндірілді. ҚазАПП сынының өктемдігі соншалық – сыналған қаламгерлерден жіберілген қателіктерін мойындауын талап етті. Оның басшылары шығармашылық жұмысты әкімгершілікке бағындырып, әрбір қаламгерден жоспар бойынша орындау талап етілді. Мұндай өрескел жағдайлардың орын алуына солақай саясаттың ықпалы болды. Оның үстіне әдебиет сыны мамандарының аздығы өз алдына, білімді әдебиетшілердің барлығы дерлік әдебиет ортасынан шеттетілген болатын. Сын мақалаларда әдеби мәселелермен бірге сол кездегі саяси өмірге байланысты туған әдебиеттегі саяси қырағылықтың кесірінен өрескел қателіктерге де жол берілді. Кеңестік билік тұсында сөзі мен ісі биік­тен табылған Ы. Мұстамбайұлы қоғам қайраткері, заңгер, әдебиеттанушы, сыншы ретінде елге кеңінен танылды. 1920-жылдары баспасөз бетінде біраз пікір бос­тандығы болып, қазақ зиялылары ұлттық әдебиет пен мәдениетке, көркемөнер туралы өз ой-топшыларын көпшілік талқысына салып отырғанымен, бірте-бірте әдебиетке құрсау бола бастаған таптық қисын, партиялық идеологияға телінген қағидалар, 30-жылдар басында билік құра бастаған социалистік реализм ұстанымдары пайда болды.  Сол жылдардағы солақай саясаттың ыңғайына бейімделген, бүкіл адамзаттық ізгілік мән-мағынасынан айрылған қазақ әдебиетіне, көркемөнеріне тек бірыңғай сарында үн қатуына бұйрық, жарлық берілді. Өйткені, әдебиеттің басқаша бағыт алуы төңкеріс идеясын әлсіретіп, оның түпкі, пролетарлық мақсатына зиян келтіреді деп ұғылды. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетіне саясат мәселесінің кірігу себебі ел басындағы қоғам қайраткерлерінің көпшілігі әдебиетпен айналысқандығынан болса, бір жағы ұлт-азаттық қозғалысының басшыларының өзі әдебиетшілер еді. Сол себепті, саяси майданда да негізгі тақырыптардың бірі әдебиет мәселесі болды. Сол кездегі кейбір солақай саяси жағдайларға бейтарап қарай алмаған алаш азаматтарының бірі ретінде қоғам қайраткері Ыдырыс Мұстамбайұлы да белсене араласты. Семей қаласында өткен атаман Анненковтың сотында қоғамдық айыптаушы ретінде қатысқан Ыдырыс шешендігімен көзге түскендігі өз алдына, тіпті, зұлматты жылдарда бірінші хатшы болған Голощекинге де қаймықпастан өз пікірін айта білген, қашанда болсын ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қойған. Әсіресе, 1920-жылдары көркем әдебиет жайлы болған пікірталаста өзінің құнды пікірлерімен көзге түсіп, әділ көзқарасымен танылды. Айтар болсақ, қаламгер «Біздің таластарымыз» атты мақаласында көркем айтыс жайындағы өзіне баға беруден бас­тап, пікірталасқа қатысушылардың ойлау жүйесі мен ойын жеткізу қабілетінің қай деңгейде болғандығын, олардың айтыс кезіндегі мінез-құлықтарына да баға береді. Бұл жердегі басты себеп кейбір әдебиетшілеріміздің сол кездегі қызыл идеологияның жетегінде кетуінде еді. Олар өздерінің қарсыластарына тойтарыс беру үшін, сол жылдардағы ресми идеологияның барлық қаруларын түгелдей жұмсап бақты. Олар өздеріне сын айтқан адамдарға «ұлтшыл-байшыл» деген саяси айып таға салуға дайын тұрды. Ал, ол кездері халық баспасөз бетіне жарияланған мақалаларға қатты сенетін. Дегенмен, жиырмасыншы жыл­дардағы  қазақ  әдебиетінің  тарихындағы әдеби пікірталастар тек әдебиеттің ғана емес, қазақ қоғамының барлық саласына да өз әсерін тигізді. Сондай-ақ, Ыдырыс Мұстамбайұлы өзінің «Көркем  әдебиет  туралы» атты мақаласында «қазақ елінің көркем  әдебиеті қашаннан басталатындығы» туралы пікірталасқа қатыса отырып, нағыз ұлт әдебиетінің тууын Абайдан бастайды да, орыс әдебиеті Пушкиннен басталса, қазақ әдебиеті Абайдан басталуға тиіс деген дұрыс шешімге келеді. Сол кездегі әдеби ағымдар жайлы пікірлерінен де өзгелерден өзгеше өзіндік көзқарасты анық байқаймыз. Ы. Мұстамбайұлының көркем әдебиет, өнер туралы, жалпы мәдениет жайында жазған мақалаларынан оның жан-жақты терең білімді, аса парасатты, кең ақылды, алғыр ойлы, әділдік, шындық жолынан таймайтын қажырлы, қайсар қайраткер екенін көреміз. Әсіресе оның, абайтану мәселесіне сіңірген, мол еңбегін ешқашан маңызын жоймайтын баға жетпес құнды мұра деп білеміз. Ы. Мұстамбайұлы өзі де түрлі лауазымды қызметтер атқарғанымен, Абай мұрасын үнемі назарда ұстап, сол кездің солақай саясатынан жанын сала қорғады, ұлы ақынның асыл қазынасын халық санасынан өшіріп, шығармаларын жоққа шығаруға тырысқан, шолақ белсенділер мен қасаң саясат жетегінде кеткен кейбір қаламгерлер әрекеттеріне батыл тойтарыс беріп, дәлелді түрде қарсылық білдірді, ескілік атаулы мен көне мұраға тыйым салған Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе қаһарынан еш сескенбестен, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орны мен мән-маңызын жете ашып берді. Ыдырыс Мұстамбайұлы ақын шығармаларын жан-жақты талдай келіп, Абайдың ұлылығын танып қана қоймай, батыл түрде тұңғыш рет қазақ поэзиясының биік шыңы деп бағалады. 1920-жылдары халық санасынан Абай мұрасын өшіріп тастауға бағытталған саяси теріс жолға түсіп кеткен кейбір қаламгерлеріміз ақынның шығармашылығына айтарлықтай қауіп төндіріп, ақынның әрбір өлеңдерінен қызыл идеологияға жат пиғыл іздеп қана қоймай, өз басына тиісе келе, бүкіл шығармашылығын мансұқ етуге тырысқан кезде, озық ойлы алаш азаматы ретінде Ыдырыс Мұстамбайұлы да бұған немқұрайлы қарап қалмай Абай мұрасын қорғауда ерекше атсалысып, белсенділік танытты. Өзінің дәлелді пікір­лерімен терең білімпаздықтың, асқан парасаттылықтың, кемеңгерліктің биігінен көрінді. Ешқашан мән-мағы­насын, маңызын жоймайтын құнды еңбектерін қалдырды. Сондай-ақ, Ы. Мұс­тамбайұлы поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың басына қауіп төнген жылдарда да басын бәйгеге тігіп, ақынды пәле-жаладан арашалап қалуға араласып, мақала жазуы да ерлікпен пара-пар еді. Қорыта айтқанда, Ыдырыс Мұстамбайұлы біріншіден сыншы ретінде 1920-жылдардағы көркем әдебиет туралы пікірталасқа белсене араласып қана қоймай, сол жылдардағы солақай саясаттың ықпалына түспестен, ұлттық мүддені жоғары қоятын берік ұстанымынан таймай, өзіндік батыл пікірлерімен көзге ерекше түссе, екін­шіден ұлтымыздың рухани байлығы, әдебиетіміздің темірқазығы Абай шы­ғар­машылығын жоққа шығаруға ты­рысқан кейбір қаламгерлердің теріс пиғылды мақалаларына батыл түрде тойтарыс беріп қана қоймай, абайтануға қосқан өзіндік салиқалы да, салмақты ойлары мен зерттеу мақалаларының үлесі зор. Үшіншіден, Ыдырыс Мұс­тамбайұлының зұлматты жылдарда алаштың саңлақ ақыны М. Жұмабаевты кеңестік идеологияның айыптауынан арашалап алып қалуға тырысып жазған мақаласының да мағжантануда алар орны бар деп есептейміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мұстамбайұлы Ы. Көркем әдебиет туралы //Қызыл Қазақстан, 1927, – №2. 2.   Мұстамбайұлы Ы. Біздің таластарымыз //Жаңа әдебиет, 1925, – №5-6. 3. Мұстамбайұлы Ы. Джумабаев и «Девяносто» (В порядке постоновки вопроса) //Советская степь, 1929, 24-мая. 4. Мұстамбайұлы Ы. Сын мен баспасөз туралы //Еңбекші қазақ, 1928, 12-шілде. 5.  Мұстамбайұлы Ы. Түркістан-Сібір жолы //Еңбекші қазақ, 1929, 26-апрель. 6.    Мұстамбайұлы Ы. Н.Г.Чернышевский (1828-1889), (Атақты төңкерісшіл Черны­шевскийдің туғанына жүз жыл толды) //Еңбекші қазақ, 1928, 26-ноябрь. 7.    Мұстамбайұлы Ы. Ұлы ақын – Абай //Қазақ тілі, 1924, 1-қаңтар. 8.    Мұстамбайұлы Ы. Абай //Жаңа әдебиет, 1928, – №7-8. 9.    Мұстамбайұлы Ы. Ақын Абай және пәл­­сапашыл Ілияс туралы //Еңбекші қазақ, 1929, 10,11-қаңтар. 10  Қабылұлы І. Философия казахского поэта Абая и ее критика //Еңбекші қазақ, 10-сентябрь.

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз