• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2017

Қазақ боксының марғасқасы

Сақып Керелбаев,
Маңғыстау облысының құрметті азаматы

Шоқыр Бөлтекұлы! Ол – тарихи аренаға өткен ға­сырдың 30-40 жылдарында Қазақстандағы алғашқы бокс мектебін қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген ұстаз, халқымыздың біртуар перзенті, қазақтар арасынан Қеңес Одағының бокстан спорт шебері атағын тұңғыш иеленген, қазағын жанындай сүйген асыл азамат. Оның кісілік келбеті, адамгершілік ғажап қасиеттері халқымыздың қай ұрпақтарына да мәңгі өнеге! Биыл Республика боксының өмірге ресми келгеніне 80 жыл толса, қазақ боксының атасы атанған Шоқыр Бөлтекұлының туғанына аттай бір ғасыр болыпты. Осыған байланысты 2016 жылдың қазан айының басында Ақтау қаласында өткізілген Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған IX Халықаралық турнир өтті. Әрине, спорт сүйер қауымның Шоқыр Бөлтекұлының кім екендігінен хабардар екендігі даусыз. Алайда, бұған дейін осынау сан қырлы талант иесі жөнінде жазылған материалдардың тым аздығын ескергендіктен, өзіміз білетін деректермен бөліскенді жөн көрдік. Кейіпкеріміздің руы Беріш, туған жері Маңғыстау түбегі. 


Бөлтектің тұңғышы Дина деген қыз 1913 жылы, ал, Шоқыр 1916 жылы өмірге келіпті. Қызы бойжеткесін тұрмысқа шыққанмен ертерек қайтыс болып, артында Арзу деген қызы қалыпты. Шоқырдың туған күні, әншейінде көп кездесе бермейтін бекіре тұқымдас алып балық ауға ілініп, жаңа босанған анасына қалжа болулы. Ырымшыл қазақ мұны жақсылыққа балап, жаңа туған нәрестенің атын Шоқыр, – деп қойған. Алайда, оның балалық шағы Маңғыстау билігі ақ пен қызылдардың қолына кезекпе-кезек үш рет ауысқан азамат соғысы жылдарының отты жылдарындағы қиыншылықтарға тап келгендіктен болар, әйтеуір, жас бал­дырған шоқтай жанып тез есеюлі. Ашаршылық жылдары өршіп кеткен қарашешек ауруынан әке-шешеден ерте айырылған оны, әупірімдеп жүріп Форт Шевченко қаласындағы жетімдер үйіне өткізгенде, Шоқырдың жасы бар болғаны тоғызда ғана екен. Осында жеті жылдық мектепте оқып жүрген жас баланың сурет салуға бейімділігі байқалғасын, ұстаздары оған жа­қын маңдағы Баку қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсуге кеңес береді. Үш жылдай оқып аталған училищені бітірген Шоқыр, 1934 жылы Киевтегі көркемсуретшілер дайындайтын академияға оқуға тү­сіп, суретшілік мамандықтағы дип­лом алып шығады. Оған қоса дене тәрбиесі институтын да бітірген екен. Институт қабырғасында жүргенде бокс үйірмесіне жазылып, алғаш рет бокс қолғабын киеді. Қашан да алдына қойған мақсатына жету жолында жанын аямайтын жас жігіт, көп ұзамай-ақ алғашқы табыстарына жете бастайды. Бапкер И.Ивановтың секциясында жарты жылдай жаттыққан Шоқыр жаңадан келген өз тұстастарымен шеберлік байқасып, үш қарсыласын да айқын басымдықпен жеңеді. Бірте-бірте жоғары разрядты бокс­шылармен кездесе жүріп, балғын жас өз шеберлігін ұштай түседі. Киев, Харьков, Донецк, Львов тәрізді ірі өндірістік қалалардағы жоғары оқу орындары сту­денттерінің «Буревестник» спорттық қоға­мының жарыстарында, ол үнемі жеңіс тұғырынан көрінулі. Шәкіртіне аса риза болған Иван Константинович оған тағы да 2-3 жыл Киев қаласында жаттығуын жалғастырып, Бүкілодақтық бәсекелер додасына түсіп көруді ұсыныпты. Дегенмен, ұзақ жылдар бойына елден жырақ кеткен Шоқыр Алматыға оралып, көңілі сүйген мамандығы суретшілігімен біржолата айналысады. Күш-қайраты толысып кемелденген азамат, өзі де ринг алаңына шыға жүріп, жас боксшыларды тәрбиелей бастайды. 1937 жылы Ш.Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өткен. Оған 50 спортшы қатысқан. Алайда, Ұлы Отан соғысы басталысымен бокс өнері жайына қалады. Соғысқа аттанған боксшылардың бірқатары қаза болады. Өз еркімен сұранып майданға аттанған Шоқыр Бөлтекұлы 1941 жылдың шілдесінде Батыс майданында әуелі зеңбірек көздеушісі, кейін оның командирі болады. 1942 жылдың 8 тамызында Ефрейтор Шоқыр Бөлтекұлын Сновидово жерінде дұшпанның үш «ДЗОТ»-ын өз зеңбірегімен жойғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттаса, сол жылдың қыркүйек айында тағы да ерекше ерлігімен көзге түскен. Оның ерлігі төмендегі марапат бетшесінде былайша көрсетілген: «За время боев с Германским фашизмом проявил себя преданным, мужественным воином. 20.09.42 г младший сержант Бультеков Ш. добровольно записался в батальон артиллеристов - автоматчиков. 22.09.42г во главе группы автоматчиков прор­вался в г. Ржев, где удерживал занятый ими район в течение нескольких часов до подхода подкрепления. Здесь же он был назначен командиром второй гвардейской дивизии - комиссаром роты, с которой и продолжал вести бой. Примером личного бесстрашия воодушевлял всех бойцов. На рассвете 23.09.42 г во главе роты продолжал очищать кварталы гор. Ржева от немцев. Лично Бультеков захватил в плен трех пленных и около десятка убил. В этих боях был тяжело ранен.
В полку младший сержант Бультеков был лучшим наводчиком, а затем командиром орудия. Он за время войны из своего орудия разрушил около 20 ДЗОТ и 5 блиндажей противника и другие цели. 
Достоин Правительственной награды «Красное Знамя».
Шоқырдың Тоты деген қызы әкесінен естіген әңгімелерінің бірі ретінде былайша сыр шертеді: «Әкем арнайы спортшылардан дайындалған арнаулы топтың құрамындағы түнгі шайқас кезінде жауынгерлік тапсырманы орындағанмен, отыз шамалы адамнан тек екі адам ғана тірі қалғандарын айтып еді. Қасындағы аяғынан жараланған татар жігіті екен. 
Оның мені тастап, өзің құтыл деген сөзін тыңдаған жоқпын. Дереу өзіміздің шепке қарай қалың қардың үстімен сүйрей жөнелдім. Жеке өз басым кайтып барсам, менің айтқаныма сенбесін білгендіктен, қалай да оны тірілей өзіммен бірге жеткізуді ұйғардым. Жүрісіміз тым өнімсіз еді, екі күн бойына оны сүйрелеумен әбден титықтадым. Қардың астындағы үсіген өсімдік пен шөптің тамыры – бар қорегіміз болатын. Тек алдын-ала мұндай қиындықтарға төзуге үй­ретілген топта жаттыққандықтан ғана өз жауынгерлерімізге аман жеттік». Жалпы, әкем соғыс туралы көп әңгіме айтпаушы еді. Өйткені, әкемді соғыстан кейін көп тексеріпті. «Тегің неге Бөлтекұлы?» – деп тиісетіндері де сол кезде. Сонда әкем: «Бөлтектен тудым, сондықтан Бөлтекұлымын», – деп жауап береді екен. Әкемді тексергендер: «ағайын-тумаң бар ма?» – деп сұраса, ол: «ешкімім жоқ, жалғызбын, жетіммін», – деп қысқа қайыратын. Ал, әкемнің Серікқали деген ағасы соғыста қайтқанын, Арзу деген апасы болғанын білетін біздерге «ешкімім жоқ деп айтыңдар», – деп үйрететін. Сөйтсем, кейінгі жерде ағайын-тумаға зияным тиеді деп кауіп еткен екен ғой», – дейді Тоты Шоқырқызы. Шындығында, тарихқа «Адай көтерілісі» болып енген зұлмат заманда, Шоқыр туған Жармыш ауылы «халық жауы» деген лақаппен ең көп адам ұсталуымен есімізде қалған болатын. Сондықтан, Жармыштың тұсындағы таудың төбесіне жерленген әкесі Бөлтектің зиратына қаны бар азамат Шоқырдың есейген шағында бір соқпауын, сол өзге тумаластарға зияным тимесін дегенінен болар демеске шарамыз жоқ. Адам баласының біреу біліп, біреу білмейтін кұпиясы көп емес пе, бұл да сонын бірі шығар.
1943 жылы жарақатынан  айы­ғып, екінші дәрежелі мүгедек болып үйрен­ген Алматысына оралған Шо­қыр, суретшілігімен бірге жаттық­тыру­шылықпен де айналысады. Арасында өзі де жаттығуын үзбей, бірте-бірте спорттық жарыстарға қатыса бастайды. Ол 1944-1947 жылдар арасында бірде «Динамо», бірде «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының Одақтық жарыстарында күміс жүлдегер атанған. Сол кезде қатарынан үш рет Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы болған. 1947 жылы осындай спорттық табыстары үшін қазақ жастары арасынан тұңғыш рет КСРО спорт шебері атағын алған. Дерек көздері бойынша ол 223 рет ринг төріне шығып, соның 199 кездесуінде жеңіске жеткен, бұл дегеніңіз 90 пайыздық көрсеткіш.
1947 жылдан бастап ол, бірыңғай бапкерлік іспен айналысады. Сол жылы КСРО біріншілігінде жүлделі орынға іліккен Махмұт Омаровтан бастап Шоқыр тәрбиелеген Қазақстандық бокс­шылар бүкілодақтық аренаға көтеріле бастайды. Кезінде оның тәрбиесінен шыққан ағайынды Омаров пен Рехерттер, Е.Хасанов, А.Үсенов, Н.Титов, А.Кадетов, С.Әбденәлиев, А.Құлыбаев, Х.Нұрсейітов т.б. талай рет ринг төрінде атой салғанын бокс жанашырлары әлі күнге ұмытқан жоқ. Қазақстан құрамасының да бокс әлеміндегі табыс­тары қомақты еді. Осыларды ескере келе Шоқыр Бөлтекұлына 1964 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген құр­метті атақ берілген. Бірақ қандайма атаққа да, даңққа да пендешілік жасап қызықпайтын Шоқыр, сол бірқалыпты үйренген дағдысымен өмір сүре берген. Ешкімге бас имейтін қайсар тұлғаның адами қарапайым қасиеттері туралы оны жақын білетіндер таңданыспен айтады. Өз басым Шоқыр Бөлтекұлы туралы даңқты жерлесіміз, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовтан, халықаралық дәрежедегі АЙБА төрешісі, спорт шебері Серік Әбденәлиев ағаларымыздан көп мағлұмат алдым. 1966 жылы ағамыздың 50 жасқа толу мерейтойы Алматыда үлкен көлемде аталып, боксшыларды тәрбиелеудегі еңбегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бағаланыпты. Сол жылдары Шоқыр Бөлтекұлы келгенде Алматы жұртшылығы бір жасап қалатын еді дейді көзкөргендер. Сөз жоқ, Шоқыр Бөлтекұлы аса талантты адам. Рас, қазақ талантқа кенде емес. Даласы да, қаласы да талантсыз емес. Десек те, әр талант өмірде әрқалай із қалдырады. Оның адамгершілігі мен турашылдығын, өз кәсібінің айтулы маманы екендігін бағалап, құрмет тұтқан зиялылар қатарында Б.Майлин, Б.Момышұлы, М.Төлебаев, Б.Байқадамов, Н.Тілендиев, Ш.Айманов, Е.Өмірзақов, Б.Соқпақбаев, С.Бердіқұлов т.б. көрсете келе, олардың шын мәнінде кіммен араласып жолдас болуды ажырата алатындар сапынан екендігін айтсақ та жеткілікті болар. 
Бүкілодақ көлеміндегі атақты боксшылар профессор К.В.Градополов, КСРО-ның  абсолютты чемпионы Н.Королев, тағы бір КСРО чемпионы В.Огуренковтармен аралас болуы Шоқырдай бокс жаттық­тырушысы деңгейінің қандай екендігін көрсетсе керекті. Ал, Шоқыр суретші жө­ніндегі мәліметіміз аса көп емес. Біз көбінесе қазақ суретшілерінің басы деп Ә.Қастеевті атаймыз. Ол өмір бойына мамандығы бойынша суретшілікпен ғана айналысқан адам. Ал, кейіпкеріміздің отызыншы жылдардың ортасында әуелі Бакуде арнайы училище, кейін Киевте көркемсурет академиясын бітіріп, Қазақстандағы бірден-бір көрнекті Абай атындағы опера және балет театрында, Қазақфильм киностудиясында суретші болып жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартатыны анық. Бейімбет Майлиндей жазушының Шоқырға өтініш жасап, Татардың даңқты жазушысы Ғабдолла Тоқайдың портретін арнайы салдыруы да тегіннен тегін емес болар. Өкінішке орай, белгілі қазақ суретшілерінің қатарынан лайықты орнын алуға тиісті азаматтың салған сан алуан суреттерінің де тағдырлары белгісіз күйде қалуда. Талантты адамның маңдайына әу баста тағдыр деген ұғым да қоса жазылады десек, сол тағдырдың бұйрығымен өмірден біреу ерте, біреу кеш жылжиды. Сол тағдыр Шоқырды Абай атындағы опера және балет театрында суретші болып жүргенде, қазақ би өнерінің жарық жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен табыстырады. 1954 жылы үйленген олардың отбасында Ақтоты, Ақсұлу есімді қыздар өмірге келеді. 
Қазақ боксының атасы атанған даңқты жерлесіміз тірі болғанда биыл 100 жасқа шығар еді. Жоқшылық пен таршылықтың тауқыметін көп көрсе де мойымаған, бекзаттық биіктен төмендемеген аяулы азамат 1994 жылы 78 жасында дүниеден өтті. Төрт жылдан кейін аяулы жары Нұрсұлу апамыз да қайтыс болды. Өз өмірлерін мағыналы да абыройлы өт­кізген қос таланттың қазақ халқының ардақты ұл, қызы ретінде тарихта қала­тынына күмән жоқ. Шүкіршілігі сол, олардың артында жоғарыда аталған көзінің қарашығындай екі қызы, Санжар мен Бауыржан есімді жиендері өсіп-өніп жатыр. Жап-жас күнінде кеткендігінен және өскен ортасына қарайлағандығынан ба, Шоқыр туған жерге ат ізін сала алмапты. Сол сияқты екі жақты аралас болмағандықтан осы тұрған Алматыға тумаластары тарапынан да іздеп бару жағы кемшін болулы. Қолдағы алтынды жоғалғасын іздейтін қазақшылығымыздан көрмесек, бұған ешқандай сылтау айтуға келмейді. Нұрсұлу апайды да кезінде осындай себептермен туған жұрты көп іздей қоймаған тәрізді. 
Соңғы кездері аты ұмытыла бастаған жерлесіміз Шоқыр Бөлтекұлын еске алу шараларын алу жөнінде Маңғыстау өңірінде алғаш бастама көтерген облысымыздағы бокс жаттықтырушысы Марат Жакиев болатын. Ақылдаса келе, әуелі оның өмірбаянын, даңқты спортшы туралы деректерді іздестіріп, өзіміз құрған бастамашыл топтың күшімен қажетті дайындық жасап алып, 2005 жылдың 19-23 қаңтарында Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық жарыс­ты өткізгеніміз көз алдымда. Алғашқы турнирде Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Өз­бекстан, Түрікменстан елдерінен, Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан боксшылар қатысты. Бас төреші – Шоқыр Бөлтекұлының төл шәкірті, Халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Серікбай Әбденалиев болатын. Әкесінің атындағы турнирге арнайы шақырылған Ақтоты баласымен келіп, жарысты басынан аяғына дейін тамашалады. Шопан Ата, Бекет Ата, Сұлтан Епе тәрізді әулиелер мекеніне зиярат жасап, Кендірлідегі демалыс орнында демалып, Жаңаөзендегі тумаластарының үйінде сағыныштарын басып келгесін, ел азаматтары автокөлік мінгізген болатын.
Үшінші халықаралық турнир 1-5 қазан 2005 жылы Олимпиада ойындарынан кейін өтті. Жарысқа Сирия, Түрікменстан және республикамыздың сегіз облысының спортшылары қатысты. 2010 жыл бокс жаңашырларының есінде ерекше қалды. Себебі, осы жылы Республикамыздың «Ана тілі» газеті 16 сәуірде елге сын болатындай үлкен мәселе көтерді. Онда Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Нұрсұлу Тапалова туралы материал жарияланып, олардың күтімсіздіктен қараусыз қалған қабірлері туралы адам жанын тебірентерліктей мақала жарияланды. Көп ұзамай өзге де басылымдар бұл мәселені жарысып жазып жатты. Қос арыстың туған облыстарының әкімдеріне арналған хаттар да жарияланды. Алайда, қай жақтан да көп қозғалыс бола қоймағандықтан, бір топ азды-көпті жеке бизнесі бар азаматтардың басын біріктіріп, ақылдасуымызға тура келді. Келісім бойынша Марат Жакиев Алматының «Кеңсай» зиратындағы марқұмдардың жерленген жерін суретке түсірген болатын. Сол Алматы қаласынан архитектор тауып, бірнеше варианттан тұратын бейітке қойылатын ескерткіш- белгінің сұлбасын сызғызып әкелді. Қажетті қаржыны Меңдеш Салихов, Ибрагим Жақсымбетов, Амантай Татиев, Нұржан Жұмағұлов секілді азаматтар тауып берді. Сонымен, Марат ініміз бастаған Маңғыстаулық азаматтар бас-аяғы жиырма күн ішінде көз тартарлық ескерткіш-белгі орнатты. Басында Құран бағыштағаннан кейін «Жұлдыз» мейрамханасында зия­лы қауым өкілдері, бокс мамандары мен жанашырлары, марқұмдардың туыстарының қатысуымен олардың рухына бағышталған ас-садақа беріл­ді. Бұл шаралардың барлығы да бойында қазақшылығы қалған азамат іңілеріміздің арқасында біткенін асқан ризашылықпен еске аламын. «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деп атам қазақ осындайда айтса керекті. Онда суреттерінің астына мынадай жазулар жазылған болатын. Осы жылғы бесінші турнирге Қытай, Сирия, Ресей, Украина, Молдава, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан сияқты 10 елден, Астана, Алматы қалалары мен 10 облысымыздан 101 спортшы қатысса, ал, сегізінші халықаралық турнир 15-19 қазан 2014 жылы «Ақтау» сауда және ойын-сауық орталығының спорт залында өтті. Жарысқа 6 елден, Қазақстанның Астана, Алматы қалалары мен 9 облысынан спортшылар қатысты. Шоқыр Бөлтекұлының 100 жасқа толуына орай өткізілген тоғызыншы халықаралық турнир 28.09.-02.10.2016 жылы «Каспий» спорт кешенінде өткізілді. Міне, осылайша Қазақ боксының ірге тасын қалаушы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған тоғыз турнир артта қалды. Бұл турнирге алыс-жақын шетелдерден, өз республикамыздың барлық аймақтарынан талай-талай боксшылар келді. Олардың арасынан бірталай Олимпиада, әлем және құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, еліміздің небір майталман боксшылары шықты. 
Маңғыстау  боксының  қалыптасуына үлес қосқан Рональдо Мелкумов, Алек­сандр Драч, Сайлаубай Елемесов, Жеңіс Жарылғапов секілді бапкер-ардагер­леріміздің есімін де құрметпен атаймыз. Өлке боксының қарқынды дамуына облыс боксшыларының бас жаттықтырушысы Жакиев Марат Исағалиұлының сіңірген еңбегі айрықша. Бокс әлемінде жастайынан көзге түскен, 20 жасында ССРО біріншілігінің жүлдегері, әлденеше ха­лық­аралық және одақтық турнирлердің жеңімпазы болған ініміз, бокс қолғабын шегеге ілгесін де өзінің сүйікті өнерін тастамай бапкерлікке ауысты. «Маяк» сауда орталығында орна­ласқан бокс мектебіне 14 жылдан бері бас­шылық жасап келе жатқан Марат Иса­ғалиұлы, бұл күнде Республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушы. Шәкірттері арасынан олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем және азия чемпиондары шыққан танымал да талапшыл бапкер. «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы алты құрылық чемпионы болғанда бас жаттықтырушы болған ініміз, қазірде ел құрамасы бапкер­лерінің бірі. Алты рет өткізілген ҚР Бокс феде­рациясының аймақ аралық жарыста­рында, тұрақты түрде төрттікке кіріп келе жатқан облыс құрамасы екі рет аталған кубокты жеңіп алды. Ең бастысы, облы­сымыздың барлық қала, аудандарында, алыс-жақын ауылдардың бірқатарында бокс үйірмелері ашылып, Шоқыр Бөлтек­ұлындай атасының ізбасарлары көптеп өсіп келеді. Бұл дегеніміз, ертеңгі ел спортын биікке шығаратын болашағы мол ұрпақ тәрбиеленуде деген сөз. Біз аға ұрпақ, әрқашан, оларға қадамдарың сәтті болсын деген тілектестігімізді білдіреміз. Көңілге қуаныш сыйлайтыны сол, бокс­шылар көп жерде заманауи талапқа сай спорт залдарында жаттығады. Сондай, әмбебап спорт кешені Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеде салынып, Шоқыр Бөлтекұлының есімі берілген болатын. Қазірдің өзінде онда тәрбиеленген боксшылар, әртүрлі күрес түрлерінің палуандары түрліше халықаралық және Республикалық жарыстарда көзге түсуде. Түрлі бағыттағы үлкен спорт кешені келесі жылы облыс орталығында ашылмақшы, оған да даңқты бокс­шы Шоқыр есімін беру жөнінде ұсыныс беріп отырмыз. Ендігі жерде, оқу-жаттығу жиындарын өткізетін облыстық спорт интернат ашылса, әлі де болса жеткіліксіздеу болып отырған бапкерлер мәселесін жан-жақты шешсек, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің аға буын жас жеткіншектеріміздің салауатты өмір салтын берік ұстануына, соның ішінде спортпен айналысуына әркез қолдау көрсетіп келеміз. Спортшыларымыз құрлық пен әлем біріншіліктеріне, олимпиада жарыстарына аттанғанда және қайтып оралғанда ардагерлер болып тілек айтып, бата беруді дәстүрге айналдырдық. Жүз жасқа толған даңқты жерлесімізді көпке, әсіресе, жас буынға кеңірек таныс­тыруды мақсат тұтқан облыстық өлкетану мұражайының қызметкерлері Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалова туралы ұлағат аларлықтай әсем де ыңғайлы жылжымалы көрме ұйымдастырып, игілікті іс бастады.
Қорыта айтсақ, өз өсінен айналатын домалақ жер сияқты өмір дөңгелегі де шыр айналып, әр кезеңде адамдардың әр буынының шындығын сахнаға түбінде бір шығарады. Өмір өзгермесе де, тіршілік тегершігі тағы бір айналғанда адамзат буыны алмасады. Сондықтан, әрбір буыны келесі ұрпаққа өнеге боларлықтай ескерткіш қалдырады. Осы ретте бүгінде Тәуелсіз елдің азаматтарымыз деп шетімізден кеудемізді қағып жүрген біздер де артымызда қолдан келетін нәрселерден не қалдырдық деген сұрақты өзімізге қойып, ұялмайтын әрі лайықты жауабын қалдырсақ үлкен бір кісілік болар еді. Бұл ретте осы мақала көлемінде аттары аталған жарасымды жұп, барша қазақтың мақтанышы боларлықтай тұлғалар Шоқыр Бөлтек­ұлы мен Нұрсұлу Тапалованы ел есінде қалдырғандай қандай елдік шара алсақ та артық болмас. Әрине, олардың атына, рухтарына арналып жасалған азды-көпті істер бар, алайда ауыз толтыра айтарлықтай емес. Олардың әйгілі аттарына ономастикалық комиссия жақтан жасалған қошемет-құрмет мүлде жоқ десек болады. Республикамызда, Астана мен Алматыда бірде-бір көшеге, оқу орнына, спорт кешендері мен мәдениет сарайларына марқұмдардың есімдері берілмегенін айтсақ, мүсіндерін орнату жөнінде ауызға алудың өзі қиын. Дегенмен, Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі ұрпағы мұндай олқылықтардың орнын енді толтырар. «Ештен, кеш жақсы» деп, атам қазақ босқа айтпаған шығар. Абзал асылдарымызды ұмытпай, қадір тұтайық, ағайын!

917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз