• Ел мұраты
  • 06 Наурыз, 2017

Жан дағдарысы туралы жазатын суреткер

Анар Кабдуллина,
әдебиеттанушы

Жазушы Несіпбек Дәутайұлының прозасы жайынан әңгіме қозғау оңай емес. Бұл деген суреткердің құпия жұмбағы мол шым-шытырық ой лабиринтіне өз еркіңмен енуің, ерекше амбиция мен астарлы сарказмнан тұратын ойын шарттарына көнуің. Айталық, «Көгілдір көйлекті келіншек» әңгімесінің тақырыбы оқырманды лириканың жібектей ескен самал лебіне бергісіз сыршылдығымен өзіне тартуы мүмкін. Оқи келе, «Қаралы сұлу» Қарагөздей жесірдің дегбірін алған «қара жыландарға» жаңаша жан біткенін, бұл жолы, тіпті, еркінірек бас көтергенін байқаймыз.


Жазушының  «Аты жоқ әңгіме»  кітабын қолға алғанда, суреттеу шеберлігі һәм бояу алуандығы жағынан мін таппайсың. Дегенмен, ұят категориясын жоғары қоятын ұлттық менталитеттің қабылдауына ауырлау тиетін тұстарын жоққа шығаруға бола ма? 
Тіпті бұл, кітапты парақтаған оқырман бір мезгілде оны тарс жауып, лақтырып тастауы да әбден мүмкін-ау! Алғашқы әрекетің мұншама ашық, анайы суреттерден жирену, шошыну болатын болса, екінші бір ой: «біздің қоғам тұңғиық батпаққа осыншалықты шын батқаны ма? Ендігі табанына дейін жетіп, әбден малтығып жатуының көрінісі ме бұл?» – деп, елең еткізіп, есіңді жиғызады. Көркем шығарманың сезімге әсер етуі – сананы оятқаны. Өз миссиясын орындағаны. Түпкі мақсатына жеткені.
Жазушы шығармаларында эротика тым көп. Мұны жалпы оқырманның назарын аудару үшін қолданылған тәсіл делік, әйтсе де, жазушының оқырманға жеткізгісі келетін негізгі ойы мүлдем басқа тәрізді.
Әңгімені постмодернизмнен бастасақ.
Несіпбек Дәутайұлының әңгіме­леріндегі бұлыңғыр болашақ, азған адам, іріп-шіріген қоғам суретінен пост­мо­дернизмнің барлық белгілерін көруге болады. Адамзат әлемді тану мен шексіз еркіндік идеясының сағымдай бұлдыр екендігіне әбден көзі жеткен уақытта, «күннің батыстан шығатынына» біржола сенуден қалғанда, ХХ ғасырдың орта шенінде пайда болған философиялық бағыт еді, бұл. Артынша әдебиетте де өз арнасын тапты. «Мораль мен адамгершіліктен алыс, адамдардың өзара постмодернистік қарым-қатынасы ақыр соңында этиканың күйреуіне әкелетінін» осынау стиль білгірлерінің бірі Жан-Франсуа Лиотар жазды.
Жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Шал» әңгімесін оқи отырып, мұндағы бас кейіпкерді «постмодернистік адамға» баламауға лажың жоқ. «Пост­модернистік адам» терминін алғаш қолданған Рудольф Панвицше пайымдасақ, оның өзі «ұлы декаданстың, радикалды төңкерістер мен еуропалық нигилизмнің қара қою иірімінен аман жүзіп шыққан декадент пен варвардың буданы». Декаданс қазіргі заман адамының қаны мен миына кірігіп кеткені анық. Ал, нигилизм, мынау, әңгімеде отбасы дәстүрін тым жақыннан жанап өтіпті: «Қырықтан енді асқанда қатыны өлді. Қайтып үйленген жоқ. Керек қылмады. Поездағы қызметті, қыз-қырқынның қызығын місе тұтты. Ойнакүл. Алдында еш борыштар емессің». Кейіпкердің осынау өзімшіл нарцистік өмірлік мұратынан да қазіргі «постмодернистік адам» болмысын тап басып, тануға болады. Аталмыш әңгімедегі шал «бала – бауыр еті» сезімінен ада, ұрпақ жалғастығы жауапкершілігінен алыс, бір күндігімен өмір сүретін арақ пен нәпсінің құлы. Оған өзінен басқа ешкімнің керегі жоқ. Бұл байғұс «өзгеден көріп жүрген әкелік мейірімін өзінен қанша іздесе де таппай қойған». Сол күйі тәрбиесі келіспей ержеткен қу жалғыздың, уақыт өте, өзінің нақ «көшірмесі» болып шыққанын көреді, ол. Әкеге деген өкпе-ызасы кейде өзегінен ащы запыран болып шыққан кезін есепке алмағанда, баласы да құмарпаз, дауасы жоқ маскүнем. «Сен маған бөтенсің. Туғансың, бірақ, бөтенсің, – дейді баласы. – Мәңгі емессің, бір күні өлесің». Осы сөзі үшін шал өз ұлын өлердей жек көрді. Оған лағынет айтып, өлім тілейді. Қарттық жеңіп, бір күні өліп қалса, ұлына қалатын жиһаз толы үш бөлмелі үйін ғана емес, одан өмірдің өзін де қызғанады. Баласының ішіндегі қыжыл ақыры оның өзін жалмап тынды. Ал, әкеде қартайып қалғанына ғана өкінетіні болмаса, басқа ешқандай ой жоқ. Шалдың небір жексұрын халдегі ішкі сезімін, жалпы, азғындық әрекеттері мен уақыт алдындағы тым дәрменсіз, бейшара күйін жазушы асқан шеберлікпен суреттеп береді. Қарттыққа дауа жоқ екенін, оның да бір «қорқыттың көрі» екенін ишаралайды.
Дәутайұлының тағы бір әсерлі дүниелерінің бірі – «Архитектор» әңгімесі. «Тазалық – ұлттық тамырымызда жатыр». Бұл шығарманың негізгі идеясы. Баба салтынан тәлім көрген, ділдің таза бастауынан су ішкен құдіретті де мықты болмысымыз қазіргі жылым заманның бұдыр-бедері жоқ тіршілігіне араласқанда, неліктен тым әлсіз, солқылдақ халге түсіп жүре береді?!
Сәулетші Өркенбек өз арманы жолында табандылық көрсеткені анық. Алайда, тоғышарлық пен жемқорлықтың қармағына оңай ілініп жүре берді. Әйтпесе, түрме – Өркенбектей талантты да таза жігіттің тап болатын жері ме еді? Талапты ердің арманы аласарды. Басқа салған соң, көретін көрешегін темір тордың арғы жағынан көрді. Бостандықта кедергіні жобасына қолдау білдірмеген әкім мен ше­неуніктен көрсе, түрмеде көресінді сызбаларын көз алдында паршасын шығарып жыртқызып тастаған «паханнан» көрді.Соңғысын жазушы «әкесі қазақ, шешесі орыс, нағашы апасы неміс, ар жағы тағы біреу, қырық сідіктен біткен біреу» деп, асқан жиіркенішпен суреттейді.
Қан тазалығы, жан тазалығы ұлт болмысын сақтап қалатын бірден-бір ерекшелік екендігін жазушы осындай тәсілдермен тұспалдайды, меңзейді. Мұндай детальдар шығармаларының денінде кездесетінін де айта кетуіміз керек. Әңгіменің кульминациясында қиянат, ауыртпашылықтың небірін басынан өткізсе де талабының тауы шағылмаған Өркенбектің маңдай тері еш болмағандығы ақыры дәлелденсе, оған дәнекер – нақ Құдайдың құдіреті ме дерсің. Өмірдің бояуы баттасқан батпағын, қара көлеңкелі тұстарын көбірек суреттесе де, жазушы оның ар жағында Құдайдың, киенің де бар екенін емеурін арқылы білдіруден бір танбайды.
Жалпы, магиялық реализм жазушы стилін айқындап тұратын ерекшеліктердің бірі.
Адамның бес күн жалғанда көретін қиыншылығы мен бейнетінің себебі, оның өзінің ой-санасында жатуы мүмкін. Тағдыр мен маңдайдағы жазуға сену, басқа салғанды көру, өмірді өзгертуге тырыспау, арман үшін күреспеудің мәнісі адамның өз таңдауында жатыр. «Құмға қашқан құйын» әңгімесіндегі келіншектің тағдыр-тарихы осыған саяды. Жаратылысы әйел болған соң, иісі ер адамға есі кетпеуі мүмкін бе? Алайда, анасының жалғыз өсиеті есінде: «Арыңа абай бол. Ұятты ұрғашы тимейтін еркекке етегін көтермейді». Ес білгелі емен-жарқын күлмеген, бір басында зор батпан қайғысы бар ана байғұс өлерінде де «оқыс кеудесін көтеріп алып, тізесіне қарай сырылып бара жатқан етегін қос қолымен бас салып, тобығына дейін түсіріп, етпеттеген күйі, қор етіп жүріп кеткен». Бұл әңгімеде әйел мен еркек арасындағы ынтызарлық күйден адюльтер табиғаты байқалғанмен, қазақ әйелі бойындағы ұяттың күштілігі қайтсе де желікке жеңсік бермейтіні айтылады. Әңгіме шешіміндегі әйелдің алданған арманы мен махаббатына жасалған қиянатқа қарсылық гротеск тәсілі арқылы беріліпті. Жап-жас, сұлу шағында тіршілік пен жауапкершіліктің торынан босана алмай, жан дағдарысына түскен келіншек есі ауып, жынды боп қалғанда алады бас еркіндігін. Құйынға айналып, құмды кезіп кеткенде ғана адамдар бір-бірін жөніне қалдыратындай көрінеді...
«Аты жоқ әңгіме» шығармасындағы ақшаның буы бойын алған тоғышар кейіпкер қазіргі қоғамға жат емес. Жазушы осы сынды жинақталып, дараланған, өмірде қатарлас тірлік кешіп жатқан адамдардың портретін кескіндегенді мақсат етеді. Рухани азықты қажет санамайтын бұл тектес кейіпкерлері дүниеге есі кетіп, азғындық жолында ата-баба зиратын ойрандауға да бар.
Несіпбек Дәутайұлының «Ақкүшік», «Айғыркісі» тәрізді сүйекті әңгімелері – жазушының айрықша аниморфозалары. Тазалық пен адалдықты, мейірім мен сезімталдықты адамнан емес, санасыз мақұлықтың бойынан іздеу арқылы оқырманға ой салады. Өте әсерлі, ау­қымды тақырып болғандықтан, тағы бір бөлек тоқталуды жөн көрдік. Жазушы адамның табиғаттан, тегі мен тамырынан қатты ажыраған бүгінгі халін боямасыз суреттейді. Іріп-шіріген, қатты азған қоғамдағы жан дағдарысының аса трагедиялы халін көрсетіп береді.
Несіпбек Дәутайұлы тілді, терең де шебер суреткер. Ұлттық пост­модернизмнің жазушы Несіпбек Дәутайұлының шығармаларынан бастау алатынын осы жолы қаламгер шығармашылығымен жақын таныса келе, қатты сезіндім десем болады.

655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз