• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2017

АРҚАДА ТУЫП, АЛАТАУДА ТҮЛЕДІ

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,    
әдебиеттанушы

«...Туған күн – бөлінген күн шаранадан, Туған күн – қоштасқан күн өліммен де». Елу жасын көріп, алпысына жете алмай кеткен ақын Дәуітәлі Стамбековтің бұл жыр жолдары Қадыр Мырза-Әлінің «Ақынның туған күні болады, өлген күні болмайды» деген сөзімен үндесіп жатыр.

ДӘУІТӘЛІНІҢ ДӘУІРІ 

Жалпы, ақындардың үндестігі дегенде, Дәуітәлі мен Кеңшілік Мырзабековтің арасында да ұқсастықты байқадық. Кеңшіліккк ақынның бір баласының аты – Мағжан. Бұл есім кімнің құрметіне қойылғаны айтпасақ та түсінікті. Ал, Дәуітәлінің Махамбет, Расул атты ұлдары бар. Екінші ұлы авар ұлтынан шыққан Расул Ғамзатовтың атын иеленген. Ақынға құдыреті күшті Алла Мағжан дейтін келінді де бұйыртқан.                   
Кеңшіліктің туғанына былтыр 70 жыл толды. Мерейтойы тиісті деңгейде атап өтілді деп айта алмаспыз. Одан бір жас кіші Дәуітәлі жет­піс­­­тің жотасына осы жылы көтерілер еді...      
Тағасыңдар-ау бекер мін,
Тағатсыз, тақсыз ақынмын.
Ұйықтап кеткен екенмін,
«Табыттан» тұрып жатырмын.
Ақынның өзі айтпақшы, биыл қазақы ұғымға салсақ, әруағы аунайтын, дәуірі туатын мезгілі. 

СЫРБАЙДЫҢ АҚ БАТАСЫ

Дәуітәлінің өлең өлкесіне сапары өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары басталды. Қазақ әдебиетінің қайнарынан сусындап, дәмін білетін жұрт сол кезеңде прозаға да, поэзияға да тегеурінді толқын келгенінен хабардар. Тұстастарымен жыр бәйгесіне түскендей болған Дәуітәлі сол толқынның арасында шаң қаппады. Алғашқы өлеңдері Сырбай Мәуленовтің ақ батасымен «Қанат қақты» атты ұжымдық жинаққа енді. Ақын ағасының сол батасы қабыл болып, Дәуітәлі кейіннен үлкен ақынға айналды. Сыр ағасына «Ақын» атты өлең де арнады. Оған ғана емес, Қасым Аманжолов, Олжас Сүлейменов тұлғаларын жырмен кестелеп, Кеңшілік Мырзабеков пен Асқар Сүлейменов өмірден өткенде күңіренді. Мұқағалиға «Өлең-өмір» атты поэма-элегиясымен ескерткіш қойды. Өзге ұлттан шыққан шайырларды да жатсынған жоқ. Мәселен, өзінің сүйікті ақындары Александр Пушкин мен Сергей Есенинді, жоғарыда аты аталған Расул Ғамзатовты жырға қосты. Алдынғы толқын ағаларына жақсы іні ғана болмай, соңынан поэзия көшіне ілескен Серік Ақсұңқарұлы мен Абзал Бөкенге, белгілі жазушы-драматург Роза Мұқановаға қамқорлығын танытты. Роза Мұқанова кейіннен Дәуітәлі өзі дайындап, алайда шы­ғуын көре алмай кеткен таңдамалысы іспеттес «Жұмағым мен тамұғым» жинағын шығарып берді. Ақын осы кіта­бы үшін «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығын иеленді.    

 АМАНГЕЛДІ ТӨЛЕЕВКЕ ЖЫР 
АРНАДЫ

Ал, ақындық алымына келсек, оның өлеңдерінен нәзік лиризммен қатар терең философиялық ойды да табуға болады. Өзі өмір сүрген дәуірдің тынысын да сезесіз. Мәселен, «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде жүлде алған «Революцияға рахмет» поэмасынан бастап, кейінгі жазған жырларын оқысаңыз, соған көз жеткізесіз.
Дәуітәлі Стамбековтің жырларынан әсіресе, автордың қазақы болмысын, қазақ деп соққан жүрегін танисыз. Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды Алаш арыстарымен бір топырақта туған ақын орманы көп елде басшылық қызмет атқаратын Амангелді Төлеевке «Баян жырау мен Олжас ақын» балладасын арнайды. Күлтегінмен, Білге, Мөде қағандармен сырласып, сонау түркі заманынан сыр тарқатады.
Мұны:
Ғұн да болдым, Сақ та болдым, 
                   Түркі де,
Жау алдында айналмадым күлкіге.
Арыстанға арыстан боп атылып,
Түрпі болып жетіп бардым түрпіге – деген жыр жолдарынан аңғарасыз.
Арқада туып, Алатауда түлеген ақын Арқаның әндерін де тамаша салатын. Көзкөргендер ол Ақан­ның, Біржанның, Мәдидің әндерін шырқағанда жанды тебірентіп жібе­ретінін айтады. Ақынның әнге деген махаббаты қазақтың бұлбұл қызы Роза Бағлановаға арналған «Ах, Самара – городок», «Ақан серінің Қаратор­ғайының өлімі», «Балқадишадан айырылу» өлеңдерінен де көрінеді.

ТЕМІРӘЛІМЕН ТУДЫРҒАН 
«ТАҢҒЫ ТІЛЕК» 

Дәуітәлі Стамбековтің қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығарма­ларының әсерімен жазылған «Шынарым менің, шырайлым менің» сипатты көптеген өлеңдері­нен оның лирикаға да жүйрік болғанын білесіз.
Өмір бойы қолұстасып өтерміз,
Армандар мен мұраттарға                     жетерміз.
Домбыраның екі ішегі сияқты,
Өмір әнін қосыла айтып екеуміз.
Ақынның осы жолдарымен басталатын «Таңғы тілек» өлеңін композитор досы Темірәлі Бақтыгереев әнге айналдырды. Бұл туындыны тындарманға әйгілі әнші Нұрлан Өнербаев әсерлі жеткізе білді. Екі-үш жыл бұрын аталмыш әнді Гүлнұр Оразымбетова репертуарына қосты. 
Бұл әннен біздіңше, Дәуітәлінің өмір­лік қосағы Фарида апайға деген ыстық махаббаты көрінеді. Қазір ақынның жары шаңырағының отын өшірмей, артына қалдырған мұрасына ие болып отыр. 

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ  ЖОЛЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Ұрпағы да ақын болмаса да, арасынан журналистикада әкенің жолын қуғандар шықты. Қызы Назым белгілі телеарналардан көрінді. Өзі көріп кеткен немересі Аяжан Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінің «Журналис­тика» факультетінде оқып жатыр. Орда бұзар отыз жасында фәни жалғанмен қош ай­тысқан ақын Төлеген Айбергенов тұңғыш қызы Салтанат дүниеге келгенде:
Үйлендім, балалықтан із қалмады,
Жаңа өмір қол бұлғады бізге алдағы.
Өмірге сен келдің де, бүрін жарды
Менің жас семьямның қызғалдағы – деп қуанған. Дәуітәлі де Назым туғанда:
...Көңіл жақсы, күннен шуақ                     ұрттаймыз,
Ауламыздан аулақ ұзап шықпаймыз.
Апрельде көлге қонған аққудай 
Көктемді өзі ала келді құйттай қыз – деп шаттанған. Алла шебер қиыстырып, сол Назым қазір ақын Несіпбек Айтұлы­ның келіні болып отыр. 
АҚЫННЫҢ ЖҰЛДЫЗ ҒАСЫРЫ

Дәуітәлі Стамбеков ұлы Русланнан кішкентайында айырылып қалған еді. Был­тыр күзде ақын Руслан Нұрбайдың ша­ңырағында сәби дүниеге келді. Оған азан шақырылып, Дәуітәлі аты қойылды. Дәуітәлі Стамбековтің көзін көрген інілері Серік Ақсұңқарұлы мен белгілі жазушы, публицист Құлтөлеу Мұқаш мұны жақсылықтың нышанына балады. Біздің де бұл бала ержеткенде ақын бола ма деген «дәмеміз» оянды.
Несі бар, ақын Маралтай Райымбек­ұлы­ның Жұматай Жақыпбаевтың атын иеленген ұлы бұл күндері өлең өлкесінен көрініп жүр. Ұлт ұясы – Ұлытауда жатқан «дәридай» ақын Мұқаш Сейітқазиновтың Мұқағали атты перзентінің да өлеңге таласы бар. Дәуітәлі Русланұлы да Абай жолына түссе, таңданбай, тек қуанармыз.
Алайда... Дәуітәлі Стамбеков «Пушкин рухымен сырласу» өлеңінде: 
Оққа да тостың кеудеңді,
Енді ешкім сені қинамас.
Осынау жұмыр жерге енді
Келмейді сендей бұйра бас – деп түйін­деген еді. Дәуітәлінің інілерінің ара­­сындағы ірісі, ақын Абзал Бөкен кезінде «Жалын» журналына шыққан мақа­­ласында ағасына қаратып, осы жолдарды қолданған болатын. Бұл пікірге  қосылмасқа болмайды.
Және:
Жат, ұйықта, ақыным,
Туған жерде ақырын.
Жаңа туып келеді
Сенің жұлдыз ғасырың.
Немесе:
Бақиыңның шұғылалы шуағы,
Ақыныңның алдынан бір шығады.
Нұрға айналып фәниіңнің түнегі
Ұлы ақындар өлген күні туады – деген жыр жолдарын қазір бізге Дәуітәлі Стамбеков өзі туралы жазғандай көрінеді.

 

430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз