• Ел мұраты
  • 06 Наурыз, 2017

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы бойынша мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар! Қасиетті Отанымыз Тәуелсіздіктің үшінші мүше­ліне аяқ басты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды. Ширек ғасырда біз елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен, нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, «Қазақстан-2030» стратегиясын жү­зеге асырып, асқақ Астанамызды салдық. Ал, қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрмыз.

Бүгін менің халыққа Жолдауым бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Бас тақырып – Қазақстанның Үшінші жаңғы­руы. Ол еліміздің экономикалық дамуының иннова­циялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз цифрлық технологияларға негізделген бола­ша­ғы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеу­меттік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек. Құрметті қазақстандықтар! Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Президенттің Жолдауды ауызша немесе жазбаша түрде маз­мұндап беруге құқы бар. Осы жылы мен екінші тәсілді таңдадым. Осы  стратегиялық  құжатта елдің  жаңа кезең­дегі әрі қарайғы дамуына көзқарас мазмұндалатын болады. Ширек ғасырда біз екі жаңғыруды жүзеге асыр­дық. Бірінші – бұл нарықтық экономика қағидаттары бойынша  мүлдем жаңа мемлекет құру. Екінші – 2030 стратегиясын жүзеге асыру және біздің Отанымыздың елордасы – Астананы қалып­тастыру. Қазақстан жедел қарқынмен дамыды және аса табысты 50 елдің қатарына қосылды. Қазіргі әлемдегі технологиялық дәстүрді түбе­гейлі өзгерту экономикалық өсімнің жаңа моделіне өтуді талап етеді. Сондықтан менің халыққа Жолдауым Қазақ­станның Үшінші жаңғыруына арналатын болады. Біздің міндетіміз – елдің жаңа өмір шын­дығы жағ­дай­ларындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілігі. Біздің іс-қимылымыздың негізі – Бес инсти­туцио­налдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары. Үшінші жаңғырудың шешуші басымдық­тарының бірі экономиканы жедел технологиялық жаңарту болады. Бұл цифрлық технологиялар базасында жаңа перс­пективалы салалар құру дегенді білдіреді. Бизнес – ортаны кеңейту мен жаппай кәсіпкерлік үшін жағдайларды жақсартудың қағидатты маңызы бар. Бұл үшін мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту қажет. Бизнес үшін барлық ықтимал шығындарды төмен­детіп, мемлекет-жекеменшік серіктестігін да­мытқан жөн. Өсімнің болашақ моделінің буындары қа­тарында  агроөнеркәсіп кешені, көлік және логис­тика бар. Тұрғын үй нарығын дамыту мен оны мем­лекеттік қолдау шаралары туралы жеке айтылатын болады. Білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау біздің басымдықтарымыз болып қалады. Макроэкономикалық саясат та жаңғыртуға мұқтаж. Үкіметке қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап ретінде «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деген атпен елді Үшінші жаңғыру бойынша Дамудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жасау тапсырылады. Үкіметтің алдына шешу үшін барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар салмақты мақсаттар мен міндеттер қойылып отыр. Осының барлығы ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсімнің орнықтылығын қамтамасыз етеді. Жақында мемлекетті саяси жаңғыртудың жобасы жария етілді. Осы екі бастама да бірін бірі толықтырып, ел дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына қызмет етеді. Біз  2050 Стратегиясының негізгі мақсаты – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуіне тек осылай ғана қол жеткізе аламыз. Қазақстанның технологиялық жаңғыруының шешуші бағыттары, қысқаша айтқанда, осындай. Қазақстан халқы елді болашақ  дамыту мен өсіп-өркендетуге бағытталған ұсынылып отырған шараларды қолдайтынына сенімдімін. Баршаға алдағы үлкен жұмыста табыстар тілеймін.

371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз