• Еркін ой мінбері
  • 07 Тамыз, 2012

«КОНСТИТУЦИЯҒА ЖАН БЕРУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ»

Сұлтан САРТАЕВ,
көрнекті қоғам қайраткері, академик, заң ғылымдарының докторы

Күні бүгінде дүниежүзінде 192 мемлекет болса осы мемлекеттердің өздеріне тән лайықты Конституциясы бар. Конституция – әр елдің мемлекеттік қоғамдық құрылымын көрсететін, яғни мемлекеттік құрылымды талдап көрсететін негізгі құжат. Құқықтық-саяси құжат. «Ата Заң» деген сөздің өзі атасын сыйлаған қазақтың Конституцияны да атасындай сыйлауын көрсетеді деп түсінемін өз басым. Сол себептен де азаматтар өмірін конституциялық аумақта ғана құрады. Біз еліміздің азаматтарына өз істерін, жұмыстарын Конституциялық аумақта істеу керектігін айтып отырмыз. Конституцияның әр бабын сақтамасақ, ол жай ғана құжат, қағаз болып қалады. Конституцияның орындалуы – ел азаматтарына тікелей байланысты болғандықтан да, азаматтарымыз Бас заңды білуі және оны өмірлік жолдарында пайдалануы тиіс. Ата Заңның жүріп өткен жолы деген уақытта, Президенттік басқару жүйесі арқылы, ел егемендігі үшін керек ірі реформаларға қол жеткізуімізді айтар едім. Қазақстан Президенттік басқару үлгісіне көшіп жатқанда бұл басқару түрін Өзбекстан мен Әзірбайжан бекітіп қойған еді. Ал, Қазақстанның бұл үлгіні таңдауын сол кездегі Орталық қолдай қоймағаны бесенеден белгілі. Сол кезде біраз депутаттардың «Одақтың құрамындағы 15 елде 15 Президент болу деген не сұмдық?» дегенді айтып, мінберде сөйлегендері рас. Бірақ, басқарудың бұл үлгісін қолдап дауыс бергендер жеңіп шықты. Міне, сондықтан да егемен еліміз қол жеткізген толағай табыстардың негізінен Президенттік басқару жүйесі арқылы мүмкін болғандығын ерекше атап өткім келеді. Егемен еліміздің өз Конституциясы арқылы, мемлекеттік органдар талданды, мемлекетіміздің келешектегі ісі, талабы көрініс тапты.
Біздің Конституциямыз бос жатқан жерде, ен далада қабылданған жоқ. Ол – өмір талабына сай келетін бағдаршам құжат. Сондықтан да біз Конституцияны жасаған кезде азаматтардың ой-өрісіне, елдің алға қойған мақсат-міндеттеріне сүйендік. Әр азамат Конституцияда көрсетілген істерді жүзеге асыруға міндетті. Конституцияға жай қағаз деген қасаң түсінікпен қарайтын болсақ, іс алға баспайды. Ендеше, оған жан беру – әр азаматтың міндеті. Конституцияның әр тарауын жақсы білуге міндеттіміз. Міне, сонда ғана Ата Заңды жүзеге асыра аламыз. Конституцияны оқыған уақытта қолға қарындаш алып, керек деп көңілге түйген тұстарын сызып отыруды ұсынар едім. Ол ой туғызады. Ой нақты іске жетелейді. Конституцияның өмірлік қолданысқа енуі деген мәселе осыдан келіп шығады. Конституцияның нұсқауын, өкілетін жүзеге асырушы – азаматтар. Сондықтан да, әр азаматты Конституцияны араға белгілі бір уақыт салып оқып отыруға шақырамын. Конституцияны білмеу – құқықтық ой-өрістің тарылуы деген сөз. Мәселен, америкалықтар Конституциясын жақсы біледі. Бір жағдай бола қалса олар «сіз менің конституциялық құқығыма қол сұғып тұрсыз» деп, өздерін жақсы қорғай алады. Мен мұны неге айтып отырмын? Адам құқығының сақталуы, демократиялық баланстың орнауы – бәрі-бәрі құқықтық сауаттылыққа, яғни өзімізге байланысты.
«Біз Конституциялық кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Ал, Конституцияны ешкімнің бұзуға қақысы жоқ. Сондықтан да болар, біз өзіміздің Конституциямызды өте құрметтейміз, оны бағалаймыз. Әрине, бұл жерде Елбасының рөлінің маңыздылығын атап өткім келеді. Еліміз өз шаңырағын тіктеп, бөлек мемлекет ретінде қазығын қаққаннан кейінгі, яғни, 1993 жылы қабылдаған алғашқы Конституциясы тәуелсіз ел тарихындағы ең домократияшыл құжат ретінде саналды. Бірақ, басты құжаттың кейбір заңдық баптары бүгінгі күнге ілесе алмағандығынан, 1995 жылы қолданыста жүрген қазіргі Конституцияны қабылдауға түрткі жасады. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын.
Қазан төңкерісінен осы күнге дейінгі тарихымызда біз бес конституция қа­былдадық. Оның ішінде үш конституция – 1924 жылғы Қазақ Автономиялы Кеңестік республикасының, 1937 және 1978 жылдарғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының конституциялары тоталитарлық одақ жүйесі кезінде қабылданған болатын. Бұларда тәуелсіздік ұғымы ауызға алынбағандығы белгілі.
Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында өз еркімізбен, өз қалауымызбен көптеген талқылаудан, пікір алысудан соң барып 1993 жылғы және 1995 жылғы халықаралық аренада өз жолымен өркендеуге бағыт ұстанған мемлекетіміздің Конституцияларын қабылдадық.
1993 жылғы Конституцияның жобасын жасайтын комиссияның құрамына белгілі қайраткерлер, оқымыстылар мен депутаттар кірді. Өйткені, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің барлығымыз, қарапайым еңбекшіден бастап жоғары билікке ие адамдарға дейін Конституция талаптары бойынша өмір сүріп, жұмыс істейтін өзіміздің тәуелсіз егеменді мемлекетімізді құратын боламыз.
Жауапкершіліктің биіктігі шығар, осы үлкен құқықтық құжатты тал­қылауға 3 миллионнан астам адам қа­ты­сып, 18 мыңның үстінде ұсыныс, ескертпелер түсірді. Ал, республика баспасөзінде 500-ден астам үлкенді-кішілі мақалалар жарияланып, теледидар, радио бағдарламаларында талқыланды. Себебі, республика хал­қы бұл Конституцияның мемлекет басқару формасын, оның мемлекеттік органдарын, тәуелсіз мемлекеттің не­гіз­гі атрибуттарын белгілеудегі, аза­маттардың демократиялық құқықтары мен бостандықтарын бекітудегі рөлін жақсы түсінді. Сондықтан, алғашқы Негізгі Заңымыз өз дәуіріндегі өрелі істердің қуатты қозғаушы күші ретінде тарихымызға енді.
Уақыт үстемдігіне әмір жүрмейді. Қоғамда қисапсыз зор өзгерістер жүріп жатты. Олқы тұс мемлекеттік билікті заң шығармашылық, атқарушы және сот тармақтарына бөлудегі айқындықтың болмауынан, Президенттің өкілеттіктері мен құқықтарын жете белгілемеуден көрініс берді. Сондай-ақ, елімізде болып жатқан демократиялық процестерді айшықтай түсу қажеттігі туындады. Яғни, саяси және экономикалық реформалар нәтижесінде мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қатынастарды нақтылау күн тәртібіне шыға бастады. Жаңа Конституцияны қабылдаудың саяси кажеттілігі республиканың егемендігін ең жоғары кұқықтық деңгейде баянды етуден алға тартылды.
Біздің республикамызда бір қоғам­дық құрылыстан екіншісіне көшу эволю­циялық жолмен жүзеге асты, бірақ бұл процесс өз орнынан айырылғалы тұр­ған консервативтік күштердің қарсылығынсыз өткен жоқ. Конституцияны қабылдау кезінде көшелерге танкілер шыққан Ресейдегідей ашық сипат алмағанымен, әртүрлі бағыттағы блоктардың қасарысуы көзге ұрып тұрды. Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың тұжырымдауынша Қазақстан Респуб­ликасының 1993 жылғы Конституциясы ымырашылдық (компромистік) Конституция болды. Сол тұстағы қазақстандық коғам «демократиялық масайрау», «бостандық пен тәуелсіздіктен масайрау» көңіл-күйін кешуде еді. Осыдан келіп тіл, қос азаматтық мәселелері, этнос­тық мүдделерді саудаға салу, тағы басқа келеңсіздіктер қоғам дамуының ыр­ғағына сызат түсіре бастағаны мәлім.
1995 жылғы Конституцияны қабыл­даудың тағы бір себебі – экономика­лық кажеттілік еді. 1993 жылғы Конс­титуция бойынша жерге жеке меншікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көр­сет­кеніндей, жерді жеке меншікке бермейінше, толыққанды нарықтық қатынастарды дамыту мүмкін емес. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өнді­рісшілеріміз де, шетелдік инвесторлар да капиталдық тәуекелдікке бара алмайды. Жағдаятты басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктену тұрақтылыққа, баяндылыққа кауіп төндірді.
Сондай-ақ, Қазақстанның жаңа Конституциясының кабылдануына себептер қатарына аса қажетті болған сот реформаларын жатқызар едім. 1993 жылдың Конституциясы бұрынғы сот жүйесін консервациялап тастады, одан шын мәніндегі тәуелсіз соттың негізі орын таппады. Судьяларды тағайындау тәртібі олардың тәуелсіздігіне кепілдік бере алмады. ҚР Конституциялық сотының кызметі мен құқықтық негіздері де қайтадан қарауды талап етті. Осы органның 1995 жылдың 6 наурызында 13-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесін заңсыз (легитимсіз) деп тапқан шешімі саяси дағдарыстың себеп-салдарына айналды. Жалпы алғанда сол кездегі ғалымдар мен практиктер Конституциялық сотты шамадан тыс саясиландырып жіберді. Осыдан барып Конституциялық сотты Конституциялық кеңес етіп қайта құрудың қажеттілігі саяси дағдарыстың алдын алу мақсатында жасалған оң шара дер едік. 1993 жылғы Конституция шеше алмаған тағдырлы, ең басты мәселелердің бірі – жоғары мемлекеттік билік органдарын ұйымдастыру проблемасы болғаны белгілі. Анығырақ айтсақ, билікті бөлісу принципін жүзеге асыру моделінің өтпелі кезең жағдайларына сай келмеуі, билік тармақтарының конституциялық-құқықтық мәртебелерін анықтаудағы қарама-қайшылықтар, мемлекеттік билік органдары арасындағы тартыстарды шешудің тетігін жете анықтамау қызмет үйлесімін тежей бастады. Оның үстіне, жергілікті билік органдарының конституциялық негіздерінде де айтарлықтай кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар орын алды. Сондықтан, жаңа Конституция қажеттілігін уақыт тудырды. Сөйтіп, алдымен 1995 жылғы Конституцияның 18 жоба үлгісі дайындалды. Бұл өте күрделі кезең еді. 13-шақырылған Жоғарғы Кеңестің лигитимді еместігі, Үкіметтің отставкаға кетуі, саяси дағдарысты сейілтудің тамаша қадамы ретінде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, ақырында, сол жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдумның өткізілуі алдағы Конституциямыздың салмағы мен жүктелер міндеттердің орасандығын айғақтайды.
1995 жылдың шілде айында дайын болған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқыға ұсынылды. Оған республикалық 53 ұйым мен қоғамдық бірлестіктер қатысып, 678 ұсыныс пен ескертпелер келіп түсті. Жалпы алғанда, елімізде 34459 талқылау ұйымдастырылып, 123717 адам сөз алды. Конституциялық комиссия 31886 ұсыныс пен ескертпені мұқият екшеді. Жаңа Конституция тек идеялды құқықтық модель, шындыққа сай келмейтін декларациялық құжат емес, заңды түрде шешімін тапқан нақтылы механизмдер мен институттар ретінде танылды. Қоғамда осы Конституцияның негізінде нақтылы өзгерістер жүзеге асырылып, жемісін беруде.
Конституциялық міндеттер мен идеялар, азаматтар жауапкершілігі, одан туындайтын қолданыстағы заңнамалар, стратегиялық және мемлекеттік бағ­дарламалар, Президент Жолдаулары, әлемдік өркендеу үрдістері арқылы игілігімізге айналып отыр. Біз, тағы да қайталап айтамын, Конституциялық кеңістікте өмір сүрудеміз.
Тәуелсіз Қазақстан тарихи қысқа мерзімде таңғаларлық табыстарға жетті. Еуразиядағы көшбасшылар са­на­­тындағы еліміз әлемнің ең бе­делді ұйымдарының мүшесі ғана емес, олардың көп қырлы жұмысын үйлестірер басшыға айналды. Астана Әлем діндарларының дәстүрлі басқосуының, жоғары деңгейлі эконо­микалық форумдардың алаңы, саяси, әлеуметтік ой қорыту мінбері, мәдени, спорттық шаралар сахнасы, достық пен бірлік бәйтерегі ретінде әйгілі.

509 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз