• Ұлттану
  • 19 Қыркүйек, 2012

Ақындар шығармаларындағы исламтану мәселелері

Әзи Есентүгел, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті,

философия магистранты

Жем, Сағыз, Маңғыстау өңірінің перзенті, ислам әлеміне танымал тұлға, осы аймақтағы қалың елдің сыйынар піріне, көтерген ұранына айналған Бекет Мырзағұлұлы сопылық мекте­бі­нің көрнекті өкілінің бірі. «Сопы (суфи), сопылық (суфизм) сөзін көптеген дін зерттеушілері арабтың суф – ақ жүн, суфи – жүн шекпен киген адам, сафа – тазалық, сафуа – таңдаулы болу деген сөздерінің бірінен шыққан десе, Д. Еремеев оны гректің софия – дана, софос – даналық деген сөзінен ауысқан деп есептейді. Суфизм – ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттелмеген, қарапайым адам түсініп болмайтын, ұғынуға өте қиын ілім. «Суфизм – өмірге нәр беруші ілім, оны тек сопылық жолмен ғана тануға болады», – дейді Сейид Идрис Шах [6-49]. «Ол, – дейді Басшы Айжанақұлы сопылықты сөз ете келіп пір Бекет туралы, – әулиеліктің ең жоғарғы сатысы «гаус» дәрежесіне жеткен. Ислам дініндегі сопылық жолын ұстанып, ондағы ең биік мәртебе «машайық» дәрежесіне көтерілген тұлға. «Ол тұтынған жолдың түп тамыры – Қожа Ахмет Иассауи ұстанған, түркі тектес халықтардың исламға дейінгі дінінің әдет-ғұрпына көп қайшы келмейтін шариат болатын» [6]. Иассауи ілімінен сусындаған Бекет ата төрт мешіт салып, бала тәрбиелеген ағартушы, ұстаз. Атап көрсетсек біріншісі – Маңғыстауда, Оғыландыда, екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында, төртіншісі – Арал теңізі жағасындағы Баялыда. Пір Бекеттен кейін оның үрдісін шәкірттері жалғастырған. Мысалы, Ақтөбе облысы аймағында Ақтан ақын (1850-1912) Сағыз өзені бойында «Көкмешіт» мешітін ашқан. Қожа Ахметтің халыққа айтатын ең көп үгітінің бірі – қоғамдық-әлеуметтік тұрмыстың ең төменгі сатысында жүрген адамдарға, яғни жетімдер мен кедейлерге жәрдемдесуге шақыру болып келеді. «Сондай жоқ-жітік адамдарға жәрдемдесіңдер, құдай солай деген» деп үнемі халықты үгіттеп отырады. «Қожа Ахмет 69 – «хикметте» былай дейді: Қою ерде ғазизлардың жамғи болса, Ошал иерде хал ғылымни айғум келур, Аларни сухбатни хошласам мән Өзімні өзлариға қатқум келтүр. Қазақшасы: «Қай жерде ізгі адамдардың жиналып отырған тобын көрсем, солардың арасына барып хал ғылымын, яғни адамгершілік ғылымын айтқым келеді. Егер менің сөзім оларға жаққандай болса, яғни оларды қызықтырғандай болса, өзімді солардың арасына бергім келеді», - деген мағына береді»[9-312]. Ал, Абыл: Әріпте жиырма тоғыз келеді «Дал», Ғалымға көпті білген құлағың сал. Тоқысаң ғалым сөзін бойға жиып, Ақылдан жұтамайтын құрадың мал, – деген[1-58]. Абыл Иассауидың қалдырған өнегесін мүлтіксіз орындауға ұмтылады. Дүниенің мәні ақыл- білімде, ғылымда екенін сезінген ол барша әлеуметті де жұтамас ғылым жолына шақырады. Жалпы жыр жолдарына үңілгенде ол ислам мәдениетінен мол нәр алған терең білім иесіне ұқсайды. Оның өнердегі інісі Нұрым жырауды (1831-1908) сынауында да үлкен мән жатыр. Оқиға желісі былай өрбиді. Нұрымды сынамақ боп жасы үлкен Абыл: – Әріптің жиырма тоғыз «Әлхам» басы, Әлхамның «Бимен» келер бісімілласы. «Мимнің» құйрығы ұзын, төбесі айық, Нұрымжан, осы ненің ишарасы? –Неге «Бидің» астына бір ноқат, «Тидің» төбе­сінде екі ноқат? – дейді Абыл. –Барлық ғаламның қожасы бір Алла, оның есімі әліптен басталады ғой, – деп Нұрым жырлай жөңеледі: Әріптің жиырма тоғыз «Әлхам» басы, «Әлхамның» «Бимен» келер бісімілласы. Жолбасшы алдымызда аға едің, Ініңді бұдан әрі қинамашы, Абыл-еке, мені тереңге апара жатырсыз, сізбен айтыспаймын, бата аламын,- дейді. Сонда Абыл: «Үш аяғың жорға екен, тек бір аяғың шалады екен, шаба-шаба түзеліп кетерсің,- деп батасын беріпті[1-140]. Бұдан ілімі, тергені көп Абыл кейінгі буынға дәріс беріп отырғанын көреміз. Әр ғаріптің әр ноқатына дейін мән-мағына жатқанына ден қояды. Және соны шәкірттерінен сұрап отырады. Қазіргі тілмен айтсақ емтихан алады. Сопылық мектептен тоқығаны аңғарылады. «Абылдың әліппесіне» ден қойсаңыз шариғаттан көп мағлұмат аласыз. «Қарындас, ораза ұста, намаз оқы, Жаныңның тазалығы дінің үшін», – дейді. Бес уақыт намазын қаза қылмағандар жұмаққа жол тартады. Әрі жаның, тәнің тазарады. Отыз күн ораза тұтсаң лас әрекеттерден тиыласың. Бір Аллаға бас иген ақын соның бәрін өткір тілімен жеріне жеткізіп айтады. «…Жақсылық, жамандықтың арасында, Періште екі иінде жазады хат…» Мұсылман әлемінде «екі періште екі иығыңда отырып бәрін жазып отырады екен» деген ұғым бар. Ақын соны келтіреді. Әгәрәки жаман ісің көп болса, бақида тозаққа барасың. «Періштелер – адамзаттан да, жындардан да бөлек, өзіне тән ерекшеліктерге ие жаратылыс. Періштелер әлемі – тағат пен ғибадатқа, нұрға толы, күнәдан пәк, асылықтан ада, таза әлем»[2-6]. Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Олар Аллаһтың әмірлеріне асылық қылмайды, өздеріне бұйырылғанды сөзсіз орындайды»[3-6]. Пайғамбарымыз Мұхаммет (с.ғ.с.) хадисінде: «Періштелер нұрдан жаралған. Жындар – оттың түтінінен жаралған. Ал, Адамдар өздеріне баян етілгеннен бастау алған»,– деп баяндаған[4-53]. Абылдан үлгі алған Нұрым жасы кішірек Қашағанға (1841-1929) бір жиын үстінде кездесіп, білімін сынайды. Қазақ даласына кең тараған ислам тарихын, Қашағаннан өнеге алғандардың бәрі үгіттеді. Қашағанның Есқали сұпыға айтқан сөздері де осы тақлеттес. Ендеше бұл көнеден жалғасқан дәстүрлі дүниетаным. Әзи Есентүгел, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, философия магистранты Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Қ. Сыдиықұлы, Таңдамалы, 3-том, Алматы, 2007-33б. 2. Періштелер әлемі, Астана, «Насихат-М», 2007-6 3. «Тахрим» сүресі, 6. Періштелер әлемі, Астана, «Насихат-М», 2007 4. Хадисті Имам Мүслім риуаят еткен. Періштелер әлемі, Астана, «Насихат-М», 2007 5. Періштелер әлемі, Астана, «Насихат-М», 2007-53 6. Б. А.Әзірханов, Пір Бекет, Алматы, «Жазушы», /құрастырған Ж.Нәренбайұлы/ 2008-49 7. Хадисті имам Мүслім риуаят еткен. Періштелер әлемі, Астана, «Насихат-М», 2007 8. Қ.Жұбанов, Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, Алматы, 2010 – 313

518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз