• Ұлттану
  • 19 Қыркүйек, 2012

Орта ғасырлардағы Арал маңы ру-тайпаларының этнонимдік атауларының қалыптасуы

Қуандық Әбдіразақов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің

аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Қазақстан жерін мекен еткен түркі тілдес ру-тайпалардың аттары орта ғасырлардан бастап Үйсін және Қаңлы деген екі үлкен одақтың құрамынан танымал бола бастаған. Осы екі одақтың арасында белгілі бір территориялық-аймақтық шартты бөлініс қана болмаса, нақты шекаралық бөлініс болмай, тұрмыс-салты, ана тілі бір халық аралас-құралас өмір сүрген. Үйсін бірлестігі көршілес Қытай елімен көбірек байланыс пен қақтығысқа түссе, Қаңлы бірлестігі араб-парсылармен, Шығыс Еуропа елдерімен (Киев, Византия) байланысқа түскен. Үйсін мен Қаңлы бірлестігіндегі тай­палар өзара негізгі екі бөлікке бөлінген. Бірі − отырықшы, екіншісі − көшпелі. Олардың бір-бірінсіз тіршіліктері қиын, себебі бірінде – астық, екіншісінде – мал бар. Отырықшылар мен көшпелі тайпалардың күнделікті тіршілік күнкөрісі бір-бірінен бөлек болған соң, олардың салт-дәстүрлеріне де өзгеріс ене бастаған. Осындай өзгеріс Үйсін бөлігінен гөрі – Қаңлы бөлігінде ерекше айтарлықтай байқала түсті. Оған белгілі бір аймақтық орналасу жағдайлары да әсер етті. Біріншіден, Қаңлының негізгі отырықшылары Мәуереннахрдың ұзына бойын (Ташкент-Арал) алып жатқан Қызылқұм шөлінің Әмудария бетінде орналасып (Самарқан, Бұхар, Нөкіс), көшпелі тайпалардың бір бүйірінде өзінше бөлек отырған. Екіншіден, осы отырықшы тайпалардың жерін сырттан келген басқыншылар жиі басып алып, отырықшылар арасында басқа ұлт пен ұлыстың тілдік қолданысы мен салт-дәстүрлері дендеп еніп, тарала бастаған. Яғни, ассимиляция процесі жүрді деуге негіз бар. Бұл пікір ХV ғасыр жәдігері «Бабырнамада» айтылады. «Бабырнамада» – көшпелілер отырықшыларды «қараунас» дейді [1-6]. Ал, көшпелі тайпалардың негізгі қыстауы Қызылқұмның сырдария өзені бетінде орналасып, олар отырықшылармен жазғы жайлауда ғана қатар отырған. Көшпелілер сыртқы жаулармен бірде – соғысып, бірде қашып, көшіп кетіп отырған. Сөйтіп, олар Арал маңының көшпелілері және Мауереннахрдың отырықшылары болып, тұрмыс-салты бөлек екі мемлекет құрған. Мемлекеттер басқару жүйесінде өз бетінше өмір сүрген. Мәуереннахрдың көшпелі тайпалары мен отырықшылары тек астық пен мал, яғни бартерлік (айырбас) сауда қатынастарынан басқа кездерде бір-біріне салқын қараған. Салқындықтың сыры олардың сыртқы жауға бірігіп қарсы тұра алмауында жатыр. Бірақ бұларды біріне-бірін жау деп қарауға да негіз жоқ, өйткені олар қалыптасқан өмір салтына сәйкес бейбіт қатар өмір сүрген (Әмір Темір мен Шайбани ханды қоспағанда). Біздің халқымыздың әр дәуірдегі тұрмыс-тіршілігін шетелдік саяхатшылар мен этнограф зерттеушілер хатқа түсіргені мәлім. Зерттеуші этнографтар Мәуереннахр көшпелілеріне бара қалып, көршілес отырықшылар жайын сұрай қалса, көшпелілер олардың нақты белгілі бір этностық атауын білмей, күнделікті өздері айтып жүрген «соқтылықтар» (соқпадан үй соққандар), «кешендіктер» (кешкі жатақ), «тоқалдар» (әлсіздер, тоқал ешкі, тоқал там, т. б.) деген атпен атаған. Ал, хатқа түсірушілердің – ол атаудың түп төркіні мен арғы мағынасына байыппен бармай, сол күйінде жазып алғаны байқалады. Себебі, осындай шикі, келемеж, тұспалды жазулардан соң, ғылыми айналымда Қаңлының отырықшылары мен көшпелілері жайлы әртүрлі түсініксіз этнонимдер тарай бастаған. Соның бірі – тоқал (тохоло) сөзі Қытай деректеріне түсіп «тохар» болып жазылып кеткені анықталды [2-134б.] (қы­тай­танушы Н. Я. Бичурин еңбектерінен де қараңыз). Сонымен, отырықшылардың қоныс аймағы бізге түсініксіз ұғымдағы − қушандықтар, бірде–саманилер (саман үй), бірде − тохаристан деген тәрізді этнонимге ие болған. Енді осыған − керісінше. Отырықшылар да көшпенділерді біле қоймай, білсе де білгісі келмей оларды қанғлы (қаңғылы), канғор (қаңғыр), кангорес (қаңғыр ес), кангоройт (қаңғыр ит), кангорлар (қаңғырлар), қара­ханоидтер (қарахан иттер − қарақан басын ғана ойлайды) деп даттаған. Бірін-бірі са­манид, қараханоид деп жүргендер де осылар (Қалып қойғаны болса, осылайша шешіледі). Біздің мұның бәрін ашудағы мақсатымыз Мауереннахрдағы көшпелі тайпалық одақтың сонау орта ғасырдағы тарихи атауын анықтап алу болатын. Сонымен, біз көшпелілердің «қаңлы» атауында екеніне көз жеткіздік. Осы тұжырымды тарихшы М. Ақынжанов та растай түсіп, өзінің «Қазақтың тегі туралы» атты еңбегінде Хорезм мәдениет үлгісіндегі ұлыстардың көшпелілері − қаңлыға бірігіп үлкен одақ жасағанын атап өтеді [3-139б.]. Шығыстанушы Ә. Қоңыратбаев біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ші ғасырлардан белгілі болып келе жатқан Кангар тайпаларының Арал маңындағы бөлігі VІІ-VІІІ ғасырларда кангар-пешенек атана бастағанын жазған. Біз енді пешенек сөзіне семантикалық талдау жасай бастадық. Пешене сөзіне бел­гілі ғалымдар «пешене-маңдай, алдыңғы деген сөз» – деп анықтама берген. «Пеше» –парсы сөзі, мағынасы маңдай.[4-40б.]. Біздің жыл санауымыздың 642 жылы Мауереннахрдың Бұхар, Самарқан қалаларын, Хорезм өңірін арабтардың жеңімпаз жасағы Күтәйбенің әскері өздеріне қаратқан. Яғни Мауереннахрдың соқтылықтар бөлігі ислам дінін толық қабылдайды. Ал, қызылқұмды жайлаған көшпелі тайпалар ислам дінін әлі қабылдамағанымен бұл жайдан толық хабардар еді. Уақыт өтуімен Мауереннахрда исламды толық орнатуға асыққан мис­сионерлер Бұхар, Үргеніш, Хорезм жақтан ағылып келе бастап, ұзақ жылдар бойы көшпелілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, VІІ ғасырдың орта шенінен Мауереннахрдың Сыр бойы жағалауындағы Жанкент, Арал маңының халқы Мұхаммед (с. ғ. с) пайғамбарымыздың даналық хадистерін құлақтарына сіңіре бастап, «Алла пешеңе не жазса − сол болады» деп жүріп, – пешене атанған. Негізінен маңдайға жазу деген сенім – исламның басты қағидаларының бірі болатын. Қазақстан тарихында 795 жылдары Алтай­дан ауып Сыр бойына қоныстана бастаған оғыздар жүз жылдай орнығып алған соң 895 жылдары жергілікті конгар-пешенек тайпасын жеңіп, оларды Сыр бойынан Жайық­қа қарай ығыстырғаны айтылған[6]. Біздің пайымдауымызша бұлардың таласы тек жер дауы ғана емес, дін үшін болған тәрізді. Бірақ ислам уағыздары кейіннен оғыздардың өздеріне де әсер ете бастап, (956ж) Сыр бойындағы оғыздардың бір бөлігі ислам дінін қабылдап та үлгірген еді. Мауереннахрдың көшпелі тайпалары Сыр бойынан ығыспай тұрғанда өз руларымен исламды толық қабылдамаса да, олардың ішінде намаз сабақтарын білетіндер көп болғаны байқалады. Оған дәлел ретінде Сыр бойынан үдере көшіп исламнан шалғай кеткен қаңғар-пешенек тайпаларының Еділ бойына орныққан соң, исламды аңсап 920 жылы Бұхар Әміріне хат жолдап, мешіт салдырып беруге көмек сұрауын деп айтар едік. Бұхар Әмірі бұрынғы қызылқұм көшпенділерінің бұл өтінішін қабыл алып, бес мың адамдық үлкен керуенді жолға шығарған. Осы оқиғаның куәсі – керуенді бастап барған Араб халифаты Ибн-Фадланың «Еділге саяхат» жазбасы қазіргі күні көптеген жайлардың басын ашуға септігін тигізген құнды дерек болып отыр. [1-344б.]. Бір өкініштісі пешенелердің 922жылы түркі тайпаларының ішінде ең алғашқы болып исламды қабылдауы Қазақстан тарихына түспеген. Енді пешенелер кімдер? – деген сұ­раққа жауап берер болсақ, әу баста Сыр бойынан Еділге ығысқан тайпалардың негізгі құрамы Кіші жүздің Алшын-Әлім рулары мен олармен көршілес, қанаттас отырықшы қарақалпақ тайпалары болған. Ибн Фадланның жазбасында Әлімнің үлкені (Жаманақ) Шектінің аты (Әлім-Шекті) «Әлмүш–Шеклиұлы» деген атпен жүр. Мұны айғақтай түсетін тағы бір эпостық жаңғырықты Алпамыс жырында – Байбөрінің құдасы Сарыбайдың Шектілерге еріп, алыс елге көшіп кетуінен кезіктіреміз. Ендеше, Шектілердің елден көшкені дау туғызбайды. Қазақтың батырлық – «Алпамыс», лиро-эпостық – «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырларында кезігетін Шекті есімі жалғыз, бір ғана ру-тайпаның аты емес, ол – Алты Ата Әлімнің аты деп түсінуіміз керек. Өйткені, орта ғасырларда тайпа көсемдігі аталықтың жолы үлкеніне берілетін болған. Әлімнің үлкені – шежіре бойынша Жаманақ (лақаб аты Шекті). Қазіргі күні қазақ ру-тайпаларының тарихы толық жазылып бітті деп айта ал­маймыз, себебі Шыңғыс ханнан кейін бүкіл түркі тайпалары «92 баулы қыпшақ» атанды да, барша қазақ халқының құрамына енген тайпалар жалпы атаумен «қыпшақтар» деп тарихқа түскен. Қыпшақ тайпаларының орыс, Византия жазбаларынан көріне бастауы, олардың Еділ мен Дон өзендері аралығын жайлаған пешенек тайпаларымен одақтас болуымен байланысты болған [7-16]. Ал, Шыңғыс дәуірінен бұрын елі мен жерінен айырылып, Еділ мен Дон ара­лығын мекендеп, Киев орыстары − Половцы, Византиялықтар − Куман деп атап жүрген кіші жүздің Әлім рулары мен қарақалпақтарды қыпшақтар деп атай салу қисынсыз. Бұлардың тарихтағы аты – пешенектер. Пешенектер туралы алғаш зерттеулерді орыс ғалымдары С. П. Плетнева, Артеманов еңбектерінен кездестіреміз [8-22б.]. Пешенектердің үскірік боран мен қақаған аязда Украинаның жазық далаларын киіз үйде қыстап шығуы, Киев орыстары мен Византиялықтар үшін таңқаларлық, түсініксіз жағдай болды. Сол замандағы далалық көш үйлер орыс аңыздарынан орын алып, «кащей бессмертный» деген жағымсыз құбыжық бейнені қалыптастырды. Халқымыздың ұлы перзенті О. Сү­лейменов «кащей» сөзінің түбірі (көшші) «көш үй» екенін өзінің «Аз и Я» кітабында ашып жазған болатын [9-22б.]. Енді жоғарыда айтып өткен Еділ бойын­да мешіт салдырып ислам дінін қабыл­даған пешенелерге қайта оралсақ, олар мал жайымен ол жерге де орнығып қала алмай, одан әрі Дон мен Днепр өзендерінің жазық далаларына қарай ығысып кеткен. Бірақ, алғашында көне бұлғар жерінде исламды қабылдау кезінде пешенелердің башқұрттармен достық қарым-қатынаста болғаны байқалады. Ә. Қоңыратбаев деректеріне сүйенсек, пешенелер мен башқұрттар, қыпшақтар одақтасып 40-50 жыл оғыздарға соғыс салып, ақыр соңында (1041) оғыздарды Сыр бойынан ығыстырған. Бірақ не себеп болғаны белгісіз Еділге кеткен жалпақ елдің басым көпшілігі сол жақтан бұрынғы ата қонысқа – Сыр бойына қайта қоймаған. Олар Еділ мен Дон арасында Днепрдің жазық далаларында мал жайылымымен бірнеше ғасыр өмір сүріп, ислам шарттарын орындап, өздерін ислам дініндеміз, «һаза хақпыз» немесе «қаза-ақпыз» деп таныстырғанға ұқсайды. Әйтеуір қалай айтсада сол маңдағы исламға өткен түркі тайпалары өздерін «һаза хақпыз» деп атағандары анық. Ол кейін келе-келе қаза-ақ болып айтылып, тіркестегі қатар екі дауысты дыбыстың бірі түсіп қалып, тілдік сингармонизм заңына сәйкес «қазақ» болып айтылып кеткен. Басын ашып алатын нәрсе – мұның бәрі Алтын орда заманына дейін болған оқиғалар. Шыңғыс хан өзі басып алған жерлерге діни қысым жасамаған. Алтын ордада әртүрлі дін өкілдері болған. Алтын орда ханы Берке исламды қабылдап өз маңындағыларды дінге тартқан. Ол жалғасын тауып Өзбек ханнан (1312-42) кейін ислам кең қанат жайып, мемлекеттік дін дәрежесіне дейін көтерілген. Өзбек елдің ұлыс-ұлысын исламға тартқан. Өзбектің аты шыққаны соншалық, бұрынғы Жошы ұлысы енді Өзбек елі атанғанын Үргеніш ханы Әбілғазы «Түрік шежіресі» еңбегінде жазған. Енді бұрынғы исламға байланысты қаза-ақ атанып жүргендерге өзбек аты қосылып, Ақ орда халқы «өзбек-қазақ» атанған. Ал оған дейінгі исламға өткен барлық түркі тайпалардың бәрі өздерін қазақпыз деп атаған еді. Біздің бұ­лай деуімізге – өзімізге дейінгі қазақ сө­зін зерттеушілір еңбектерінде кездескен және біздің осы пікірімізді растай түсетін ой саларлық деректердің көптеп табылуы себепкер болған еді. 1. Х ғасырда Византия императоры Констан­тин Порпирородный Кубань өзеннің алқабын «қазақия» деп атапты. 2. Орыс тарихшысы Карамзиннің жазуынша орыс князы Святослав 968 жылы Қара теңізге құятын Кубань өзенінің солтүстік жағында «косек» дегендерді жеңіпті. 3. Атақты Ноғай ханның заманында Кавказдан черкестерді шақырып келіп, Рылскі деген қаланың маңына орнатқан. Сол черкестер өздерін қазақпыз деген. 4. 1397 жыл мен 1410 жылдарда Қырым татарларының біразы Литва еліне ауып барған Литва королінің хат тасушысы қызметінде болған татарлар «қазақ» атанған. Қарап отырсақ, мұның бәрі өздігінен бола қалған құбылыстар емес, оның астарында ислам діні жатқан еді. Шәкәрім Қажы Құдайбердіұлы «Қазақ қырғыз һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде: «әу баста қазақ атанған ел көп ел еді. Олардың кейбірі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып бірталайы ноғай, башқұрт атанып, бірталайы өзбек,сарт атанып кеткен» – деп, ақырында қазақ деген аты бізде қалғанын атап өтеді. Қазақ сөзі исламға кірген түркі тілдес тай­палардың қайсысынан басталса да, әй­теуір дінге байланысты айтылып Х ғасыр­дан басталғаны күмән туғызбайды. Біз өзімізді алғашқы болып жаңалық енгіздік деп ойламаймыз. Себебі, бізге дейін осы версияны –қазақ сөзінің түбірі «һаза хақ» (қайту анық) болғанын инженер тарихшы М. Тынышпаев жазып кеткен болатын. Бірақ кеңестік дәуірдің солақай саясаты қазақ зиялыларына ырық бермей шындықтың бетін ашқандарды «ұлтшыл» деп айыптап қуғын-сүргінге ұшыратты. Осы жолда қазақ сөзіне тереңірек зерттеулер жасаған С. Сейфуллин, М. Тынышпаев, М. Дулатов, Ш. Құдайбердіұлы басқа да арыстарымыз құрбан болды. М. Тынышпаев еңбектеріне талдау жасаған С. Сейфуллин: «Алшын деген ел қазақ атанып, Қара теңіз бен Кавказ тауының солтүстік жағын­да болған, кейін ол қазақтар көшіп Еділ­дің аяғына келген. 15-ғасырда Сібірдің Түркістанның көшпелілері «Қазақ» деп аталған. 15-ші, 16-шы ғасырларда Жәні­­бек хан құрған, қазақ елі атанған хандығымен қатар, бұрынғы Алтын орданың жерлеріндегі халықтардың бәрі де, «қазақ» атанған» – дейді. Еш бүкпесіз –нағыз шын­дық осы. Қазақ этимологиясын зерттеушілердің ара-тұра кезігін қалып: «үйсіз», «панасыз», «қашқын», «қашқын жасақ» – деп жүргендері Дон, Кубань, Еділ өзендерінің жазық дала­ларында көшіп жүрген көшпелі өмір салтына – сырттан көршілес елдерден берілген анықтама болатын. Енді орыс казактары жайлы бір ауыз сөз. Орыс казактары – нақтырақ айтқанда қанатын кеңге жайған Алтын орда заманында Дон, Кубань, Урал өзендері алқабын мекен еткен қазақтармен қоныстас отырған орыстар. Ноғайлы дәуірінде Алтын орданың ресми тілі қазіргі қыпшақ тілі болғаны айтылып жүр. Сол заманда орыс княздіктері Алтын ордаға салық төлеп өз басшыларын Алтын орда басшыларының келісімімен қоятын болған. Яғни, билік – Сарайшықтағы қыпшақ тілдес халық жағында болып, елдің шетіндегі орыстар көршілес қазақтарға еліктеп, олардың тұрмыс тіршілігі мен әдет-ғұрпына біршама өзгерістер енген. Олар мал ұстаумен айналысып, атқа мінген, өздерін қазақпыз деп атаған. Орыстағы казак деген сөздің көшпелі қазақтардан алынғанын орыс тарихшысы М. Карамзин жазып қалдырған. Біз қазақ руларының тарихын ашуда Ш. Құдайбердіұлы, М. Тынышпаев еңбектерін әлі өз дәрежесінде толық пайдалана алмай келеміз. Аталмыш арыстарымыздың еңбек­тері шындыққа жақын жазылған құнды зерттеулер деп айтуға әбден лайық. Бүгінді күні ұлылар пікірін ұлықтап, қарадан – ақты аршып алар уақыт жетті. Олай болса, қазақ сөзінің исламға байланысты айтылған қаза-ақ сөз тіркесінен шығып, оның ел, халық атына айналғаны күмән туғызбайды. Жазба қысқартылып алынған. Мұнда Ноғайлы дәуіріне, Алаш, Өзбек - қазаққа сипаттама айтылмаған. Жәнібек пен Керей құрған хандық атауы «Қазақ хандығы» деп аталғанмен хандық құрамына енген қазақ тайпалары лақаб атпен келген қазақ сөзін қабылдай қоймай өздерін ру тайпа аттарымен атай берген. Осы процесс екі жүз жылға созылып 17-ғасырдың орта шенінде жаңа ұрпақ ауысқан соң, қазақ сөзінің түбірін жоғалтып барып Шалкиіз, Доспанбет, Ақтамберді, Бұқар жыраулар поэзиясынан көрініс тапқан. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Бабыр Захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама –Алматы: Ататек – 1993, 448 бет. 2.Қоңыратбаев Ә., Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары –Алматы: «Қазақ университеті», 1991. –400 бет. 3. Ақынжанов М. Қазақтың тегі туралы –Алматы: «Қазақ мемлекеттік баспасы», 1957. – 164 бет. 4. Қорқыт Ата / энциклопедиялық жинақ. – Қызылорда 2000 ж. 5. Махмут Қашқари Түрік тілінің сөздігі: 3 томдық шығ. жинағы. 1том – Алматы Хант, 1997. 6. Темірғалиев Р. Настоящая история Казахского ханства – Караганда: типография «ГЛАСИР», 2009.–324с. 7. Плетнева С.А. Половцы М. Наука 1990. 8. Сүлейменов О. АЗ и Я – Алматы: «Кі­тап», 1992.–294бет.

470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз