• Ұлттану
  • 19 Қыркүйек, 2012

Лирикалық әндердің музыкалық- стилистикалық ерекшеліктері (Батыс өлкесі үлгілері негізінде)

Бақыт Тұрмағамбетова, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты.

Отандық музыкатануда алғаш рет Батыс өлкесі әндерінің музыкалық мазмұнының тереңдігі мен шағын формасы туралы этнограф А. В. Затаевич: «... люди «отводят свою душу» в песнях, незатейливых по форме и лаконичных; но посмотрите, как много они успевают сказать в своем лаконизме и как сконцентрированно выразительны эти песни по музыкальному их содержанию!» [1, с.19], – деген. Танымал кеңес музыка зерттеушісі В. Беляев қазақ әндерінің аймақтық ерекшеліктері туралы зерттемелерінде Батыс өңірінде кең тынысты лирикамен қатар речитативті терме формасының дамығанын айтады [2, с.79]. Аймақтың ән жанры әртүрлі аспектілерде ғалым Б. Ерзаковичтің, М. Ахметова, Б. Қарақұлов, А. Байгаскина, С. Елеманова және т. б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылды. Дәстүрлі ән өнерінің ырғақтық ерекше­ліктерін алғаш рет жүйелі түрде талдауды ұсынған А. Байгаскинаның еңбегіндегі негізге алынған «бармақ» жүйесі әндегі просодика, поэтикалық ырғақ, мелосты жеке талдауға жол ашты [3]. Ғалымның бұл ғылыми-теориялық концепциясы шағын ырғақтық түзілімнен – бунақ, мелотармақтан бастап әннің композициясын тұтас талдауға мүмкіндік туғызды. Мәтінімен жеткен әндердің бунақтық құрылымын талдау барысында осы методологияның алынуы, басты салмақ сөзге, тармаққа жасалатындықтан да олардың композициясын, формасын, музыкалық фразасын жаңа деңгейде саралап, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады. Анығырақ айтқанда, нысанға алынып отырған өлке үлгілерінің стилистикалық сипаты халықтық әндер мен ауызша кәсіби авторлар туындыларын өзара салыстыра сараптап, бірге комплексті талдауда ғана айқын көрінетіндігі дәлелденді. Осы жүргізілген зерттеу нәтижесінде айқындалған шығармалардың формасына, музыкалық-поэтикалық, интонациялық, ладтық және т.б. ерекшеліктеріне нақты тоқталып, халық әндері, аймақ сазгерлері мен Мұхиттың, маңғыстаулық өнерпаздар (қайқылар) мұрасы салыстырмалы түрде қысқаша ұсынылады. Батыс өңіріндегі басты әншілік мектеп­тің негізін қалаушы Мұхит Мералыұлының туындылары табиғатына, орындалу талабына, күрделілігіне, соған сәйкес дыбыс кө­ле­міне қарай – шағын, орта және жо­ғары деңгей әндеріне бөлінді. Бұлай екі топқа шартты жүйелеу музыкалық-теориялық талдау барысында ыңғайлы әрі ұтымды болып табылады. Маңғыстаулық қайқылар творчествосында октавадан асатын децима интервалы қашықтығындағы: Тұрсынның «Айырық», «Көлқайнар», «Досаттың әні», «Досаттың соңғы әні», Тастемірдің «Маңғыстау», Шолтаманның «Дәләйшім» әндерін кең тыныстылар қатарына жатқызылды. Әндердің формасына тоқталсақ, аймақтық лирикалық әндер негізінен бірыңғай қара өлең өлшеміндегі 3+4+4 буындық тармақтардан тұрады. Десек те олардың арасында 4+3+4 буынды құрайтын үлгілер ұшырасады. Мұхит өлеңдерінің өлшемі бірыңғай 3+4+4 бунақ құрылымында болса, қайқылар мұраларында бұнымен бірге сирек 4+3+4 құрылысындағы әндер де орын алады. Мұндай 4+3+4 бунағындағы бірцезуралы үлгілерде 7+4-тің алдыңғы қос бунағы бірігеді («Ақ ерке»). Осы біркелкі бірцезуралылық кейде 7+7 немесе біртұтас жолдармен қосылып келеді. Қайқылардың мұрасындағы мұндай сирек поэтикалық түрлерде әуеннің қозғалысы мен дамуы халық әндеріндегі 4+3+4 буындық үлгілер өлшеміндей («Жадаукөк», «Ақ сұр ат», «Дәләйшім», «Қара өлең» /Жылгелді/). Егер алғашқы мелотармағы екіцезуралы болса, келесі жолы 7+4 бунақ жіктелуінен тұрады («Жамал», «Сусар-ай», «Көл қайнар»). Бұл теориялық зерттемеде шумақты құраушы мелотармақтардың комбинациялары төмендегідей шартты белгіленді: – А, В, С – әр үлкен әріп жаңа музы­калық материалға ие мелотармақты көрсетеді; – А – мелотармақтың әуендік немесе ырғақтық елеусіз өзгеріске түсуі; – А1 – көрсетіліп тұрған мелотармақтың екі бунағының (негізінен бастапқы) бірдей болуы; – А2 – көрсетіліп тұрған мелотармақтың бір бунағының (негізінен бастапқы) бірдей болуы; – А3 – көрсетіліп тұрған (А) мело­тармақпен ұқсастық болуы. Ән формасына тоқталғанда алдымен олардың шумақтық құрамына назар аудартамыз. Өлкеде ән кеудесінің ең көп тарағаны – екі түрлі әуендік жолдан тұратын, оның ішінде қайталанған қос тармақты шумақ; содан кейін басым кездесетіні – бір мелотармақтың қарапайымнан бастап күрделі өзгеріске дейін түрленіп, вариацияланып келуі (мұндай түрде оның қайырмасы да осы музыкалық материал негізінде дамып отырады). Аймақта төрт түрлі жаңа мелотармақтан тұратын шумақтар өте сирек кездеседі. Шумақты құраушы мелотармақтың музыкалық құрылысын қарастырар болсақ, ән кеудесінің толықтай біркелкі тармақтардан құрылуы басым. Яғни, басынан аяғына дейін бірцезуралы немесе біртұтас/единый/ немесе екіцезуралы түрде ұйымдастырылады. Оның ішінде, әсіресе 7+4 (+7+7) формасы («Ақ ерке», «Ақтеңге», «Балжан», «Жалакеш», «Шымыр», «Айман-ай», «Әлди-ау», т.б.) және екіцезуралы мелотармақтар көп («Ақжелең ән», «Алмас», «Қара балық», «Он алты қыз», «Теке қала», «Жылой» /Ж.Тұрмағанбетов/, т. б.). Сонымен қатар екі түрлі құрамдағы мелотармақтан тұратын шумақтар айтарлықтай жиі болса («Асыл қарға», «Ахау», «Қоғалы көл», «Дөңасқан», «Қоңыр ән» /Н. Үлкенбаев/, «Жастық шақ» /2 нұсқасы да/, «Қара көл», т.б.), үш түрлі тармақтың бір шумақта келуі сирек те болса кездеседі, мұндай формадағы әндер Жылой өңіріне тән («Іңкәржан», «Көбен әні», «Жарасқан ақ сұр атқа қара терлік», «Жем бойлап») [4]. Өңірдің ауызша кәсіби авторлар шығармаларында қайталанған қостармақ формасы басым түсіп отырады. Мұхиттың ортаңғы деңгей әндерінде бір әуен жолының түрленуі басым, ал жоғарғы деңгей әндерінде АВ, АВС(Д) формасы бірдей кездеседі. Оларда шумақтың тұтастай біркелкі мелотармақтан құралуы сирек болса, Маңғыстауда керісінше, шумақтың біркелкі жүйеленуі (көбінесе екіцезуралы) екі түрлі саз жолынан құрылған шумақпен салыстырғанда көп. Бұл екі өңірде де екі түрлі тармақ құрамынан тұратын, екіцезуралы, кең тыныспен басталған әндер келесі жолдарында өзгеріске ұшырайды: 7+7 немесе 7+4 және біртұтас құрылымда. Сондай-ақ, қатар тұрған екі тармақтың өзара жіксіз асинхронды байланысы Мұхиттың жоғары деңгей әндеріне тән: «Кіші Айдайда» қос тармақтар өзара жымдасады, «Мұхит салда» 2-3 жолдар; «Көкжарда» 3-4-5 жолдар; «Жантелімде» алғашқы қос жол, «Ақ Иісте» соңғы қос тармақ біріге жалғасады. Салыстырмалы қарастырар болсақ, қайқыларда – екі тармақтың жіксіз жалғасуы өте сирек («Әләушан», «Оймауыт», «Көл қайнар», «Бораш әні», «Жадау көк»). Жалпы қазақтың лирикалық әндерінің формасы қайырмалы және қайырмасыз түрге бөлінетіндігі белгілі. Қайырманың шығарма композициясындағы маңыздылығы Арқаның ауызша кәсіби композиторлар творчествосында жаңа деңгейге көтерілді [5]. Бұл қайырмалар шумақтағы музыкалық ойды әрі қарай дамытатын жаңа музыкалық материалда және кейде көлемі ән кеудесінен де асып жататын формасымен ерекшеленеді. Ондай туындылардың жарқын үлгісі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естай, т.б. сазгерлер мұраларынан көрінеді. Жалпыұлттық музыка мұрамыздың құрамды бір бөлігі саналатын Батыс аймағы әндерінің формасы қайырмасыз және қайырмалы деп, соңғысы кеуде мен дамушы бөліктің өзара қатынасына сәйкес дербес қайырма, біріккен қайырма деп бөлініп қарастырылып отыр. Алдымен қайырмасыз әндердің талдау нәтижесіне кідірелік. Негізінен басым көп таралған қайырмасыз формаға ие Батыс әндері екі түрлі әуен жолынан және бір мелотармақтың вариациялануынан тұрады. Мұндағы екі немесе төрт тармақты шумақтар екі топқа бөлінді: 1. Әннің аяқтаушы бөлігінде одағай сөз, алексикалық сөз бен қосымша бунақтар болмайды. Бунақтар арасындағы кіріспе буындар (ай, еу, ой, т.б.) сөздің соңғы буынымен бірігіп, эллизияға ұшырап отыратындықтан шумақтың әр жолының жіктелуі он бір буыннан аспайды. Мұндай сөз пен дыбыс сәйкестігі көбінесе синхронды болып келетін форма көптеп кездеседі («Он түйме»). 2. Кеуденің соңғы тармағы іштей 7+4 болып бөлініп, алдыңғы 7 буыннан соң вокализбен, алексикалық сөзбен, кейде ән тақырыбының қолданылуымен кеңейеді. Мұндай түрде бір ғана (оу, ай, ау) кіріспе буын бірнеше дыбысты қамтып, иірімді болады («Қара су»). Ал, егер ахау, бай-бай, ойдай секілді екі буынды алексикалық сөздер кіріссе, олар иірімсіз болып, сөз бен әуен синхронды байланысын сақтайды. Осындай сөздер есебінен өте сирек соңғы тармақ 7+7 буын болып «шартты жетібуындық» құрайды. Қайырмалы әндерге кеуде мен соңындағы бунақтың/қос бунақтың қайталанып келуі де топталды. Себебі мұндай қайырма шығарманың интонациялық даму барысында маңызды рөл атқарады. Олар бір ғана бунақтың қайталанып келуінен бастап түрлі вокализбен, алексикалық сөздермен толығып, айтарлықтай көлемге ие болады. Шумағы төменгі тоникамен аяқталып, өзалдына бөлек бір бөлімді құрайтын қайырма дербес қайырма деп жіктелді. Осы қайырмалар мелодиясы кеуде аяқталған төменгі тірек тонның маңында I, II, IV басқыштардан, яғни, төменгі тетрахордтан басталады. Дербес қайырма 7-8-буындық тармақтарына және еркін жолдан құралған формасына орай екіге бөлінді. 1. Дербес толық қайырма. Басқа компо­зициялық формалармен салыстырмалы алғанда бұл түрі аз форманың шумағы қайталанған қос тармақтан құралып, қайырмасы 7-8-буындық – 2-4-5-6 тармақты (18 жолға дейін) болып келеді. Кейде осы жолдарға 11 буын­дық бір тармақ та қосылады. Дербес толық қайырма музыкалық бағытына қарай іштей біркелкі емес мұндай сирек түрлерден тұрады: 1.1. Жаңа музыкалық материалда («Көк­шетау өскен жерім-ау», «Әдемі қыз», «Асыл қарға», т.б.); «Асыл қарға» әніндегі куль­минацияның қайырмада орналасуы аймаққа тән музыкалық тәсіл емес. 1.2. Жаңа әуендік материалмен бірге шумақ интонациясы да пайдаланылып отырады («Бозбала», «Ақайша», «Нақ-нақ», «Ой, сәулем», «Жан сәулем»-/Ә. Құрманов/) [4]. Кейде кеуденің аяқтаушы мелотармағы қайырмада 7-8-буындық екі жолға бөлініп, кеңейіп қайталанады («Әлди-ау», «Ақкербез», т.б.). 2. Дербес еркін жолды қайырма. Бұл түрдегі шумақ формасы бір мелотармақ вариациялануынан және үш-төрт түрлі мелоинтонация жолынан құралады. Қайырмалар көлеміне, музыкалық материалына орай іштей төмендегідей топтарға бөлінді: 2. 1. Бес буынды бунақтан бастап (8+11, 9+10), 12-15-буынға дейін жететін еркін жолдардан құрылады. Шумақтың әуені әрі қарай дами түседі немесе кеуденің ең соңғы бунақ иірімі қайталанады. Сирек қайырма каденциясында жаңа үн пайда болады және вокализ, алексикалық сөздермен бірге бунақтардың қайталанулары бірге келуі де мүмкін («Жастық шақ»-/Ә. Құрманов;/ «Айжан», «Ақ сұңқар», «Шандоз», т.б.) [4]. 2. 2. Ең соңғы бунақ жаңа мелодиялық материалда жүреді («Жылойдың мәтөк әні»-/А.Тайшиева/; «Көзіңнен айналайын», «Қара көл», «Қалқа», т.б.), кейде ән аты соңғы бунақпен бірдей («Ойдай, Балым», «Еркем-ай») [4]. 2. 3. Вокализ немесе алексикалық сөздермен ғана аяқталатын үлгілер («Жастық шақ»-/Ғ.Құрманғалиев/; «Ақжамал») [4]. Шумақ соңындағы музыкалық ойды аяқтаушы бөлімнің онымен жіксіз бірігіп, бір құрылымда болып келуі кеуденің жалғасы, аяқтаушысы болғандықтан біріккен қайырма деп аталды. Мұндай әндерге екі жолды үлгілер тән, себебі жарты шумақ біріккен қайырмамен аяқталады. Олар бір мелотармақ вариациялануы және екі түрлі әуен жолынан құралған формадан тұрады. Егер ән шумағының ырғағы ұзақ дыбыспен тұйықталса, жиі V және VII басқыш белсенді рөл атқарады және I б. ырғақтық тежелмей қайырмаға жалғасуы сирек кездеседі («Қара балық», «Айман-ай», «Ахау», т.б.). Қайырманың бұл түрі 7-8-буындық тармағына және еркін жолдан құралған композициясына қарай екіге бөлінді: 1. Біріккен толық қайырма. 7-8-буындық (6-7, 6-8, 6-6-буындар) болып 2 жолдан тұрады («Нағима», «Күнім-ай», «Ақ теңге», «Шымыр», «Арман-ай», «Жамал»). Бұлардың арасында қайырмасы ұзақ болып келетін «Он алты қыз» және «Сусар-ай» әндері бар. «Сусар-айдың» қайырмасы 10 жолды: аа1а1а2а3вса4а4д, «Он алты қыз» үлгісінің қайыр­масы 12 жолды: аааааввввввв. Мұндағы ән кеудесі – АААА, ол музыкалық материалдың жаңа әуен жолымен алмаса, көлемі ұзақ қайыр­мада пайдаланылуының және 7-8-буынды жол­дардың қысқа мелофразасының жеңіл орындалуы терме тәрізді естіледі. Кеуденің «қысқа» әуені қайырманың ұзақ әрі түрлі болуымен, олардың арасындағы мотив жаңаруының тепе-теңдігін жасайды. 2. Біріккен еркін жолды қайырма. Іштей төмендегідей жіктелді: 2.1. Төрт буынды бунақтан (7+10+9), 7-9-11 буынға дейін жететін еркін жолдардан құралады («Ойланшы өзің», «Бағила», «Ыңғай-ау», «Асыл зат», «Ақ ерке», «Айман-ай»). 2.2. Әннің ең соңғы бунағының (кейде аяқтаушы қос бунағы) қайталануы вокализ, алексикалық сөздермен араласып келеді («Ахау», «Кетпейді қыз құтылып», «Құрбыжан», «Қоғалы көл», «Сақыптың әні», «Аққайың», «Шымыр»); кейде ән аты соңғы бунақ болып қайталанады («Гүлдер-ай», «Асыл-ау жай», «Елім-ай»). 2.3. Вокализ немесе алексикалық сөздер­мен ғана аяқталатын үлгілер («Қоғалы көл», «Доссорда шай құяды Гүлжан, Сара») [4]. Халықтық кәсіби композиторлар шығар­машылығына тоқталсақ, Мұхит туындыларында шағын, орта деңгей әндеріне қайырмалылық тән: біріккен еркін қайырма негізінен жаңа әуезбен аяқталады («Дағанау», «Демалыс») және сирек дербес еркін қайырма алексикалық сөзбен, әртүрлі музыкалық тәсілдермен бітеді («Алуаш», «Жайма қоңыр»). Ал биік деңгей туындылары қайырмасыз фор­маға ие («Зәуреш», «Кіші Айдай», «Айнамкөз», «Дүние-ау», «Паңкөйлек», «Көкжар», «Қоқыш»). Арасында дербес еркін қайырмалы «Мұхит сал», «Үлкен Айдай» әндері алексикамен аяқталады. Біріккен еркін қайырма «Ақ Иіс» (вокализ), «Жантелім» соңғы бунақ жаңа әуенмен қайталанып бітеді. Мұхит шығармаларында Біржан, Ақан әндеріне тән көлемді, дамыған, алексикалық қайырмалардың болмауы, ең алдымен композитор нәр алған аймақтың көне музыкалық фольклорымен байланысты. 7-8-буынды дербес толық қайырма «Қолжетпес» пен «Көк Айдайда» ғана бар. Біздің ойымызша, бұл екі ән халықтық дәстүрде шыққан және композитор шығармашылығының бастапқы, қалыптасу кезеңіне тән. Сондықтан да халықтық үрдісте туған үлгілер болуы мүмкін. Мұхиттан айырмашылығы, Маңғыстау өнерпаздары әндері қайырмалы формада. Оларға тән ортақ сипат – шумақ соңындағы бунақтың, қос бунақтың міндетті түрде қайталануы. Дербес қайырмада соңғы бунақ әуенімен, сирек, жаңа интонацияға ие болса, біріккен қайырмада көбінесе соңғы бунақ алексикалық сөзбен (вокализбен) жаңа мелодиямен де, шумақтың бойындағы мелодиямен де қайталана аяқталады. Яғни, халық әндерінде бастау алатын қайырмасыз, қайырмалы әндер формалары композиторлық шығармашылықта әркелкі көрініс тауып жалғасады. Пайдаланылған әдебиеттер: Затаевич А.В. 1000 песен казахского народа (песни и кюи). Изд. 2-е. – М., 1963. – 607 с. Беляев В. Очерки по истории музыки народов СССР. – М., 1962. – т.1. – 300 с. Байгаскина А. Ритмика казахской тра­диционной песни. – Алматы: 2003. – 207 с. Тұрмағамбетова Б. Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті. – А.: Тау-Самал, 2009. –320 б. Елеманова С. Профессионализм устной традиции в песенной культуре казахов: Рукопись ... канд. иск.: 17.00.02. – Л.: 1984. – 153 с.л

1157 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз