• Ұлттану
  • 19 Қыркүйек, 2012

Кірме терминдер ана тіліне нұқсан келтірмеуі тиіс

Қазіргі уақытта мемлекеттер арасындағы экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени қарым-қатынастардың арқасында тіл білімінде терминдерді терең зерттеу қолға алынды. Әсіресе, мұнай мен газға байланысты лексиканы зерттеуге ерекше қызығушылық туып отыр. Қазіргі тіл біліміндегі «халықаралық» терминдер туралы пікірлерді айта кетсек, қазақ тіліне орыс тілі арқылы Еуропа тілінен енген терминдерді «халықаралық» терминдер деп атап жүргені белгілі. Бұл мәселе тура­лы ғалымдардың көзқарастары әралуан. Ол­ар­дың бір тобы халықаралық терминдерді аударуға болмайды, бұл өркениеттен бас тарту деген пікір айтады. Бұл жөнінде ғалым Ш. Құрманбайұлының тұжырымдауынша «Қазіргі терминологиядағы шешімін таппай жүрген мәселенің бірі – халықаралық деп аталатын терминдерді ұлт тіліне аудару, жазу немесе бір сөзбен айтқанда, қабылдау тәртібінің белгіленбеуі» [1.11]. Ал, Б. Момынова: «Өзге бір тілдің бір жүйесін білмеген адам өз ана тіліндегі бөгде, кірме сөздерді түстеп, тани алмайды. Ол сөздерді шет тілден енген десе, тіктеп қарсылық білдіру де мүмкін. Ол кейбір өзге тілдік элементтердің басқа тілге әбден сіңісіп, кірігіп кеткендігінен болмақ» деген пікірі негізсіз емес сияқты [2.91]. Д. С. Лотте: «Кірме терминдерді дайын күйінде қабылдау, әрине, басқа тәсілдермен салыстырғанда жеңіл екені белгілі. Осы «жеңілдік» орыс тіліндегі ғылыми техникалық терминологияға негізсіз көптеген кірме тер­мин­дерді енгізуге әкеліп тіреді» [3.8] – деп атап көрсетеді. Қазақ тілі терминологиясы жө­нінде де осыны айтуға болады. Термин қа­былдаудың осындай оңай жолы кеңінен қол­данылғандықтан, қазақ терминологиясының қазіргі жағдайы оған деген көзқарас пен прин­циптерді қажет етеді. Бұл, әсіресе, салалық терминдер, оның ішінде нысан етіп отырған мұнай терминдерінен де анық сезіледі. Қазақ тіліндегі мұнай терминдерінің қолданысында кейде жарыспалы түрде айтылып, жазылып жүретін жалпы қолданыстағы және кірме сөздердің синонимдері екі түрлі жағдайдан көрінеді. ­Орыс тіліндегі терминдерді аударудан туындайтын синонимдік қатарлар. Мысалы: Месторождение – қайнар көз, кеніш орны, кен бұлағы. Изыскание – іздеу, табу. Месторождения терминіне сәйкес бұлақ, қайнар көз, кен орны сияқты синонимдік қатардағы сөздер айтыла береді. Бұдан қазақ тілінің байырғы лексикасының пәрменділігі аңғарылады. Мұндай сөздерді балама ретінде батыл қолдану – терминдік атауларды байыту жолдарының бірі. Кірме және қазақ тілі терминдерінің қабаттасып келуінен туындайтын синонимде: анализ – талдау, бензин – жанармай, метод – әдіс. Осы терминдердің соңғы сыңарларын мұнай өндірісінде қалыптастыруға назар аудару керек. Ол кезде сөздер фонетикалық өзгерістерге ұшырап, үндестік заңына бағына енетіндігі байқалады. Мысалы: зауыт, пойыз, резинке, тауар. Бұл 20-жылдардағы қалыптасқан тілдік құбылыс. Осы аталмыш принцип негізінде сіңісіп, жалпы халықтық сипат алған терминдер, жаңа сөздер зат пен құбылыс атауы ретінде тілімізде көрініс табады. Ол зат пен құбылыстан бұрын не кейін қалыптаспайды. Жаңа ұғым мен пайда болған атауды дәл түсіну үшін зат пен құбылыстың белгісін айқын анықтап алуымыз қажет. Мәселен, скважина сөзі бертінге дейін өз­геріссіз қолданылса, енді сөздіктер мен оқулықтарда ұңғы сөзімен ауысты. Мұнай саласында байырғы сөздер мағынасының тарылуы байқалмайды, керісінше өзге тілден енген сөздердің аясының тарылуын кездестіруге болады. Көтергіш – лифт; Көлік – транспорт. Кезекшілік – вахта секілді жаңа сөздер орыс тілінен енген сөздерді немесе орыс тілі арқылы енген шет сөздерді ысырып шығарады. Мұнай саласының лексикасында шет тілінен енген техникалық терминдер ерекше тоқталып кетуді қажет етеді. Шет тілінің сөздеріне мүмкіндігінше ана тілімізден және туыстас түркі тілдерінен балама тауып, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда оларды тіліміздің ішкі заңдылығына бағындыра қабылдасақ терминдеріміз дұрыс қалыптасқан болар еді. Ал «халықаралық» терминдердің бәрін өзгертпей қабылдау, ана тіліміздің мүмкіндігін шектеу деген сөз. Академик Ә. Қайдаров «тілдердің арасында ортақ интернационализм болмаса немесе аз болса, ғылым дамымайды, ғылыми қарым-қатынас үзіледі деп байбалам салудың бәрі бекер. Жер жүзінде термин ұғымдарының бәрін шет тілі сөздері ақылы емес, өз тілінің негізінде меңгеріп, ғылым мен техниканы дамытып отырған қытай, жапон, т.б. халықтарды біз білеміз» [4.22] – дейді. Кірме күрделі терминдерді құрылымына қарай екі топқа жіктеп қарастырамыз. Мұнай кірме терминдері біршама белгілі сөз тіркестерінен жасалған. Тіркесті терминдерді компоненттерінің қай тілден енгеніне байланысты төмендегідей екі топқа бөліп қарастырдық. Екі компонентті кірме терминдерден тұратын анықтауыштық қатынастағы тіркесті терминдер. Мысал: металл изолятор, дроссельдік эффект, ребортты шкиф, механикалық қаратаж, магнит каратаж. Бір компонентті төл сөзден, екінші кірме сөзден тұратын тіркесті терминдер: бензин буы, газ қондырғылары цемент ерітіндісі, герметикалық құрылғы, бұрғылау мастері, нақтылы диаметр, бұрғы станогы, құбыр муфтасы, бұрғылау технологиясы т.б. Енді осы терминдердің тағы бір ерекшелігі көп жағдайда екінші компонентіне тәуелдік жалғауының үшінші жағына келетін терминдер: таль жүйесі, газ қысымы, жуу секторы, шарошка тістері, мотор майлары, бұрғылау рейсі, ротор ішпектері, газ торабын, т.б. Біздің пікірімізше, кірме технология – әрбір кірген тілдің халықаралық лексикалық қоры. Оның құрамына ең кемінде үш бір-бірімен ту­ыс­тық жақындығы жоқ тілдердегі жазылуы мен айтылуы лексикалық мағынасы бір сөздер жатады. Кірме терминдерінің сіңісіп кетуі жеңіл мәселе емес. Ол көбінесе өмір қажеттілігі, баламасының болмауы салдарынан біздің тілімізге енеді. Мұнай терминологиясында кірме терминдердің саны аз емес. Бұл техникалық кірме терминдер ғылым мен техниканың дамуына байланысты өндірісте қалыптасып, көпшілікке түсінікті сөздерге айналады. Кірме терминдердің қолданылуы жайында М. Серғалиев: «Қазіргі термин қолдану практикасында негізгі үш түрлі бағыттың – интернационалдық терминдерді аудармай алу; шет ел немесе орыс тіліндегі сөздердің мағынасын дұрыс бере алатын қазақ сөздерін пайдалану; қазақ тілінің нормасына сай келетін жаңа терминдер жасау күнделікті дәстүрге айналып отыр» дейді. Интернационалдық терминдер анықталушы сөзбен табыса, матаса байланысып келе береді. Кейбір мұнай терминдерінің терминкомда бекітілген, өндірісте қолданып жүрген қазақша баламалары бола тұра, орыс тіліндегі атаулары жарыса қолданылады. Мәселен, ұңғы сөзінің орнына скважина, құбіршек сөзінің орнына шланка, шикізат қоры тіркесінің орнына шикізат базасы деген тіркестер қолданыла береді. Ш. Біләловтың «Батыс еуропа халықтары тілдерінде болып келетін жаңа ғылыми тех­ни­калық атауларды түпнұсқада қабылдаған орыс тіліне нұқсан келе қоймайды, қайта сөздің бас аяғын дұрыстап жөнге келтіргеннен соң, ол көптен көз көріп, құлақ естіген орыс сөзі сияқ­ты болып шыға келеді. Бұл негізінен, орыс тілінің жасандылыққа аса бейімділігі. Ғылым мен техника жетістігін орыс тілі арқылы меңгерген, ғылымдар биігіне орыс тілі арқылы көтерілген қазіргі қазақ тілі үшін орыс тілінің осы бір «жасанды» қылығы кереғар әсер ету­де. Қазақ тілі сөз келбетін сақтау үшін, өз­індік заңдылықтарын бұзбау үшін, ғылыми техникалық атаулар қазақ тілінде меңгерілуі тиіс, қазақша сөйлеуге тиіс» деген пікірін түбегейлі қостасақ, ғылым мен техника тілін әсіресе, өндіріс саласын түгел қазақшалау бір­ден мүмкін бола қояр ма екен. Мәселен, каратаж деген терминнің орнына – ұңғы қабырғасын құрастыратын тау жыныстарының физикалық қасиеттерін білуге арналған зерттеу әдісі деп қазақшалап айтуға да болар еді, алайда мұндай шұбаланқылықтан терминдік ұғым атаулық мән бере алмайды. Б.Әбілқасымовтың «Термин дегеніміз ғылым мен техника саласында қолданылатын арнайы лексика; оның басты белгілері: дәлдік, қысқалық, жүйелілік» дегенін еске алсақ, терминге тән жинақылық, қысқалық сақталмайды. Ғылым мен техника саласындағы ұғым­дарды білдіретін атаулар терминдік жүйеге түсу үшін белгілі бір жағдай керек, яғни ең алдымен ғылым саласы, сол ғылым саласын айқындайтын ұғымдар қалыптасу керек. Сонан кейін әрбір ұғымды беретін сөздер пайда болады да, олар сол ғылым саласымен айналысатын ортада қолдау тауып, терминдік жүйе ретінде саналады. Сөйтіп терминді түсіну үшін олардың функционалдық, құрылымдық-генетикалық және нормативті стильдік белгілерін жан-жақты зерттеу қажет болады.Терминдер әдеби тілдің бөлшегі ретінде жалпы халықтық негізде дамиды десек, терминдерді зерттегенде, оның негізгі көзі болып табылатын жалпы халықаралық тілді ешқашан естен шығармауымыз қажет. Оның қыр-сырын біліп, ондағы терминдік ұғымды білдіру мүмкіншілігі бар атауларды ажырата білу керек. Қ. Жұбанов: «Термин - әр елдің сөзінен алынса да, мысалы, «еңбек» , «ақша» неме­се халықаралық сөзбен алынса да, мысалы, «капитал», «валюта» сияқты – қашан да ха­лық­аралық болады, өйткені бұлардың екеуі де жер жүзіне белгілі ортақ ұғымдарды білдіреді. Өндіріс бүкіл жер жүзілік болып стандарт түрге көшкенін көреміз, осының белгісі болып халықаралық стандарт терминдер көбейеді, өзі көбінесе халықаралық стандарт сөзбен айтылатын болады» деген ғылыми тұжырымдарына сүйене отырып, мұнай лексикасында халықаралық стандарт терминдердің көп болуына осы өндірістің халықаралық деңгейде дамуы негіз болып отыр деуге болады. Олай дейтініміз, бұл шаруашылық – қазақ елінің ауыл шаруашылығындағы аграрлық кәсібі емес, қазіргі заманғы ғылым мен техни­каның озық тәжірибесі мен терең ғылыми болжамдарының негізінде өркендеп отырған күрделі өндірістік сала. Соған қарамастан, А.Байтұрсынұлы: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі сөздерді алғыштап, ана тілімен жат тілдің сөздерін алмастыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерінің, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің тіліміз таза болады.» деген пікіріне сүйенсек, онда мұнай саласыдағы терминдерді ұлт тілінде дамыта түсу керектігі тіл білімі үшін қазақ тілінің болашағы үшін, қала берді ғылым тілін қазақша сөйлету үшін аса қажет шаралардың бірі болып қала бермек. Осындай пікірлерді жан -жақты ой елегінен өткізе отырып, мынадай қорытынды жасаймыз. Жаңадан жасалған терминдер алғашында құлаққа тосаң естіледі. Олардың бәрі бірдей қол­данысқа түсіп кетуде бейімді-ақ еді деп те айтуға болмайды. Дегенмен олардың сәтті шыққандарын елеп-екшеп алып, төл терминологиямызды қалыптастыруымыз қажет. Жаңа терминдердің дүниеге келуі қалыптасқан ғы­лым тілін, терминологиямызды бұзу емес, керісінше дұрыс қалыптасқан қазақ терминологиясын қалпына келтіруге ізгі қадам жасау. Қазіргі кезде ұлттық тіл байлығымызды жаңғыртып, мүмкіндігінше төл тілімізді сарқа пайдаланып, термин жасам бағыты дамып келе жатыр. Ғылымды қазақшалауға бағытталған пікірлердің де мол екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Ұлы ғалым А. Байтұрсынұлынан бастау алған осы көзқарас тіл жанашырларынан қолдау тапса ғылымды неге қазақша сөйлетпеске. Жалпы термин сөздерді аударғанда қазақ тілінің сөздік қорын сарқа пайдалану қажет. Жаңа термин ұғымының мазмұны мен қызметіне сәйкес келіп, ана тіліне нұқсан келмейтіндей болуы тиіс. Көне грек, латын, француз басқа да шет тілінен енген, әбден сіңісіп, халықаралық көлемде қолданылатын терминдер өз қалпында енгізілуі тиіс. Оны баламалап, түсініксіз сөздер жасаудың қажеті жоқ. Тілші ғалымдар мен көпшілік қауымды ойландыратын жағдай – ғылыми терминдерді аударуда ала-құлалық күшейіп кетуі. А. Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты, Орталық Азия университеті Пайдаланылған әдебиеттер: Қайдар Ә. Қазақ терминологиясына жаңа көзқарас -Алматы; Рауан, 1993ж.-43б. Момынова Б. Қазақ газетіндегі қоғамдық саяси лексика. Кан. Дис қолжазбасы.- Алматы: 1993ж.-131 б. Қалиев жат сөздер жағадан ала бермесін. Ана тілі: 1994ж. -29 қырқүйек Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің синонимдер сөздігі –Алматы: Ғылым, 1975ж.-217 б. Күркебаев Ш. Өсімдік мүшелері мен олардың құрылым-құрылысына қатысты терминдер. Кан. Дис қолжазбасы.- Алматы: 1994ж.-167 б. Іn thіs artіcle іs devoted to the contrastіve analysіs of Kazakh, Englіsh and other languages іn the lіnguіstіc terms, defіnіng and systematіzatіon of theіr lexіco-semantіc types and prіncіples of term formatіon. Development of Kazakh language termіnologіcal system іs characterіzed by the stage of standardіzatіon and normalіzatіon. Іn order to obtaіn hіgher results, materіals and dіctіonarіes are necessary to support the modern tendencіes of the language.

5345 рет

көрсетілді

1420

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз