• Заманхат
  • 11 Сәуір, 2017

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕЙБІР ОНОМАСТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР, ОЛАРДЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Аталмыш тақырыпты қозғауды же­ңіл­­­детудің бір жолы – Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы № 45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мем­ле­кеттік ономастикалық жұмыс тұжы­рымдамасының» атқарылуы мен оның қазіргі уақыт талабына сәйкестігін қарау болып табылады. Еліміздегі оно­мастикалық мәселелерді жөнге салуда бұл құжаттың бағдары маңызды. Алайда, осы құжаттағы айқындалған міндеттердің орындалуын нақты түрде қолға алатын мезгіл жетті. Өйтпейінше, бұл тұжырымдама декларациялық сипаттан арыға баратын емес. Соның бірі аталмыш құжатта аталғандай, «республикадағы іргелі ономастиканың және өзге де ономастикалық қызметтің ғылыми-фактологиялық базасын одан әрі жетілдіру» болып та былады да, бұл міндетті жүзеге асыру үшін «Қа­зақстандағы ономастикалық элек­трондық сөздік» атты деректеме база­сын жасаған уақыт талабымен үндес болар еді. Бұны іске асыру Тіл комитеті мен Тіл білім институтының біріккен шаруасының нәтижесі болары сөзсіз. Бұл сөздік арқылы біз аталмыш тіл білім саласының барлық жетістігі мен кемшілігін әйгілейтін қолы­мызға ономастикалық атласты тигі­зеріміз хақ және де ономастика саласында жүйелі істің басталуына бұл таптырмас сайман болар еді. Біздің бағдар етіп отырған тұжырым­дамамыздың «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы әкімшілік-аумақ­тық бір­­­лік­­­тердің атауларын ретке кел­тіру, елді мекендерді қайта атау және та­­рихи географиялық атауларды қалпына келтіру» деген 3.2. тараушасында: «Қала­ларға, қала үлгісіндегі кент­терге, аудандарға бұдан былай адам аттары берілмейді», – деген пәрменді талап жазылған. Алайда, бұл уәж бұрынғы кеңестік және патшалы ресейлік идеологияға қарсы төтеп бере алмайтындығы, бұрынғы атауларды өзгерту туралы ештеңе айтыл­мағандығымен дәлелдеп тұр. Біздің ойымызша, бұл талапқа «Облыстарға» деген сөз қосылуы керек. Мәселен, Павлодар, Жамбыл облыстарының атауы бізге әлгі айтқан жайды еріксіз мойындатып тұрған айғақтар. Рас, тәуелсіздік алған жылдары ұлтшылдықтың балалық ауруына шалдығып, талай атауларды «қазақыландырдық». Алайда, бұл қаза­қыландыруымыз қазақ халқының ономастика тарихына ешбір сыйымсыз екендігіне көңіл бөлмедік. Мәселен, Қазақстан тарихы түгілі түркі халықтарының ономастика тарихында адам есімімен байланысқан қаланы, уәлиятты, өңірді табу қиынның қиыны. Біздің бабаларымыздың ішінде талай айтулысы өтсе де, жеке тұлғаларды мұндай мәңгілендіруге бармауының себебі мен тұжырымына әлі бойламай отырмыз. Басқасын былай қойғанда, Тоңұқықтың, Білгенің, Күлтегіннің, Оғыз қағанның, Шыңғысханның, Жошының, Батудың, Бұқардың, Қорқыттың, Асан қайғының, Әбу-Насыр әл-Фарабидің, Байбарыс сұлтанның, қысқасы, жүздеген хандар мен бек-сұлтандардың, би-батырлардың, жыраулардың есімдері ономастиканың мұншалықты субъектісі болған емес. Бірақ, ата-бабаның рухы қазырғы ұрпақтан анағұрлым биік әрі тәрбиесі бекем болғаны белгілі. Біз мұндай ауруға қашан және қалай шалдықтық? Бұған қызыл империяның идеологиялық індетін қанымызға сіңіріп алып барып отырғанымызды мойындауымыз керек. Рас, ономастика – бүгінде идеоло­гиялық сайманның бір түрі. Алайда, ол сыртқы сипаты ғана, ешбір адам көшеде келе жатып, әлгі облыстың, қаланың не ауданның есімі берілген адамды еске алып, содан рухтанып жарытпайды. Мұндай ономастика тек қана тіл білім пәніне талғажау болуы ықтимал. Мысалы, Жамбылдың есімі берілген облыс пен Нұрпейіс жыраудың әкесінің есімі берілген аудандар сол жердің тұрғындарына қаншалықты мақтаныш деген сауалға жауап бере алмайтынымыз хақ. Аталмыш, ойконимдердің өзі бірізді емес, жүйесіз: бізде Жамбыл облысы бар, бірақ, ол «Жамбылская область» аталу арқылы орысша Жамбылдық облыс болса, ал, қазақша Жамбылдың облысы болып тұр. Бұдан Жәкеңе облыстың керегі қанша деген сұрақ туатыны рас. Сол секілді Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар, бірақ, ол орысша «Байғаниндік аудан» ретінде дұрыс аталып тұр, ал, қазақшасы арқылы бүкіл бір аудан Нұрпейіс жырауға телінген. Көзі тірісінде орыстық бодандықты жаратпаған жырауға орысша фамилия беріп, «Байғанин» атап жарылқап қойғанымыз өз алдына. Егер, Жамбыл секілді жалқы есімдер халқымыздың онимдік талабына сәйкестігін ескерсек, неге әлгі ауданды Нұрпейіс атамадық? Болмаса, Абай қаласы бар да, оған қарсы орысша нұсқалы Сәтбаев қаласы неғып тұр? Қаныш деген есім несімен ұнамайды? Жыл сайын жарамсыз коммуникациясымен аты шыққан Абай қаласы ұлы ойшылымызды жарылқап тұр ма, әлде керісінше, ұлы ақынның есімімен орашолақтығымызды жасырғымыз келе ме? Солтұстағы Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауларын өзгерте алмай қызылтанау болғанымызға берісі он бес жыл. Егер, аталмыш тұжырымдаманың біз атаған талабынан «бұдан былай» деген сөз тіркесін алып тастасақ, онда қазіргі облыстар мен аудан – қалалардың атауына қор болған есімдерді құтқарып, өзгерте алмай отырған империялық ойконимдерден оңай құтылуға жол ашар едік. Қысқасы, тайталастың тайқазанын қайнатып отырған мәселеден құтылудың оңай жолы – еліміздегі облыс, аудан-қала­лардың атауларынан адам есім­дерін аластау. Сөйтіп, өзіміздің санамызды қызыл империялық пасық та жалған популистік патриотизмнен ада етуге батыл қадам жасау міндеті туындап отыр. Ономастиканың маңызды саласы – ан­тро­поника, адамдардың есімдерін зерделейтін сала. Қазіргі кезде қазақ­тардың аты-жөні олардың рухани екі жүзділігінің көрінісі секілді сипат алуда. Шын мәнінде, төлқұжат бойынша қазақы есімдер біртектілене бастады. Қазақтардың әрі кеткенде 20-25 пайызы ғана өз тектерін қазақыландырса, қалғаны сол «ова» мен «инді» аты-жөндеріне әшекей етіп келеді. Алайда, орысша берілетін төлқұжаттарда қазақтардың әке-ныспылары орыс сипатты болып, «Бәленшеевич», «Түгеншеевна» түрінде, сібірлік түркілердің кебін киюмен қалған. Бұл жайт, әрине, қандастарымыздың ұлт­тық санасы мен отаншылдығының индикаторы екені рас. Сонымен бірге, бұл әрбір азаматымыздың кешегі бодандық бұғаудың құлдық сырғасы да секілді. Бұдан құтылуға арнайы қоғамдық-әлеу­меттік үгіт-насихат керек. Алайда, мәсе­лені басқаша да оңайлатудың жолы бар. Мәселен, Үкімет қаулысы арқылы, қазақтардың аты-жөндерін қазақылануы міндеттелетіндей қаулы қабылдауға болады. Бұл қаулы тек қана ашықтан ашық қарсы болатын азаматтарды мәжбүрлей алмауы мүмкін. Сонда, мұндай мәселеде енжар келетін қандастарымыздың көпшілігінің аты-жөндері түзеліп қалар еді. Сондай жағдайда, жаңа туған қазақ нәресте қазақы аты-жөнге ие болып, есейгесін, қандай сипаттағы аты-жөнді таңдауына мүмкіндігі болмақ, сөйтіп, ешкім де мемлекетті құқық жағынан кінәлай алмайды. Ал, қазір, тіл білім ономастикасының бір саласы болып табылатын қазақтардың аты-жөндерінде сау-тамтұқ қалмай барады. Шығу тегі бір сөзден құралған қазақы есімдер мен тектер сан-алуан түрде жазбаға түсуде. Мәселен, «Сыдықовтың» Сидиков, Сыдыков, Сдыков, Сыдков болып кете беретін алуан нұсқаларын қайтерсің! Мұның бас­ты себебі, аты-жөндердің орыс тіліндегі транскрипциясының жүйеленбеуінен, тран­с­ли­терациясының жасалмауынан және оған мән берілмегендіктен болып отыр. Сонымен бірге, қазақы антропо­ника мәселесінде мынадай жағдай қалыптасып отыр: әдетте қазақтың шамамен 70-80 пайызының төлқұжаттары орысша толтырылады да, онымен бірге жоғарыда аталғандай аты-жөн орысша жазылып қана қоймай, әке-ныспы орыстық «вич», «вна» суффиксін жалғап шыға келеді. Мұндай аты-жөннің ешбір қазақтыққа орын қалмасы анық. Бірақ, орысша әке-ныспыны «ұлы», «қызы» деген қазақы жалғауды жасанды түрде қазақы мәтінге үйлестіріп, болмаса қазақша әңгіме үстінде пайдалану, сондай-ақ іс қағазын қазақша жүргізуде «қазақыландыру» арқылы өзімізді өзіміз алдарқату үрдісі кең жайылған. Шын мәнінде, мұндай қазақтар өздеріне тән аты-жөндерімен «вич» не «внасымен» аталуы керек. Сонда, біз өзімізді алдауды қойып, шындыққа тіке қарауды, бәлкім, үйренерміз. Әрі-беріден соң бұл құжатты бұрмалау болып табылады, өйткені, әлгі адамның төлқұжатында орысша болса, оны өзгертуге ешкімнің де құқығы жоқ екені ескерілмейтіні былай тұрсын, құжатты қолдан бұрмалау жөніндегі қылмыстық жауапкерлікке тартылатынын біл­мейді. Осылайша, қазақы антропоника рухани екіжүзділіктің субъектісі болып отыр. Шын мәнінде, қала жағ­дайын­да урбанонимика арқылы тарих пен мәдениетті насихаттаудың сыртқы ғана түрі сақталады, ал, мазмұны қалмақ емес. Көше іздеуші ешуақытта атаудың тарихы мен мәніне назар аудармайды, оның сыртқы аталуына ғана көңіл бөледі. Сондықтан, жалпы ономастика қазырғы кезде орфоэпиялық заңдылықтар мен ауызекі тілдің дәстүріне бағындырылмай бағы жанады деу қиындау. Мысалы, «Б. Момышұлы» көшесін Бауыржан батыр атындағы дейміз бе, әлде оның баласы Бақытжан жазушы атындағы көше дейміз бе? Ұсақ-түйек секілді көрінгенімен назар аударар жайлар баршылық. Соның ішінде ауызға жиі ілінетін көше атаулары қысқа да нұсқа болуы шарт, егер, екі сөзден құралғанның өзінде оның ұзындығы небәрі 5-6 буыннан артпағаны абзал. Әйтпесе, халық оны бәрібір қысқартып алады да, адам танымастай етіп өзгертіп жібереді, бұл – орфоэпияның ешкімге бағынбайтын заңы мен талабы! Еліміздегі жалқы есімдерді урбанони­микаға айналдыру жүйесіз жүруде. Әзір­ге тарихымыз Отырардан шыққан он екі фарабилік (әл-Фарабиді) ғалымды тауып отыр, бірақ, солардың ішіндегі шоқтығы биік біреуін ғана алып, онымен қалған­дарының есімдерін көлегейлеп отырмыз. Ертеңгі күні әлгі он екінің қазіргі әл-Фарабиден өзге екінші біреуін көшеге беру керектігі туындаса, оның есімін қалай атайтынымыз белгісіз. Оның үс­тіне «әл-Фараби» сөзі «фарабилік» деген мағына екенімен ісіміз болмай кетті. Бұған жер-жерде ата-бабаларының есім­­дерін саудалаушыларды қосыңыз! Әсі­ресе, ономастиканың қалалық ме­кен­дердегі саласы болып табылатын урба­нонимиканың жағдайы өте ауыр, бетімен кету үдерісі жүріп жатыр. Екіжүзділік мұнда да орын алған, мысалы Астана қаласындағы Жәнібек тархан аталатын көше атауы көше тақташаларында «Ж.тархан» болып жазылу арқылы ауызекі тілде «Тархан» атала келіп, қазір бұл атау баспасөздегі жарнамалар мен хабарландыруларда тек қана «Тархан» болып өзгеріп кетті. Сөйтіп, ономастикалық комиссия мен қалалық мәслихаттың қабылдаған шешімінің быт-шыты шықты. Мұндай былықтар еліміз бойынша мыңдап саналады. Бұның себебі неде? Себеп, ономастика мәселесінің өзгеріске түсу процесі мен оның өмірге енгізілу үдерісін тыңғылықты қадағалайтын жауаптылықтың жоқты­ғында, тіпті, қабылданған шешімнің де оралым­сыздығында болып отыр. Мәселен, өзгеріп жатқан көше атауларының көп­шілігі қазақ есімдерінің пайдасында бол­ғанымен, оның орыстанған нұсқасы көрнекі тақтайшаға қысқартылып жазылады да, шұбалыңқы сөздер ауызекі тілде не қысқарады немесе басқа нұсқаға айналып кетеді. Сөйтіп, ономастикаға міндеттелген тарихи-мәдени және тәрбиелік жүктің жұрнағы да қалмай, шартты атау ғана болып қалуда. Әдетте, қазақ халқының ономас­тикалық үрдісі адамның есіміне негізделеді де, оған титул секілді батыр, би, хан, сал-сері анықтауыштары қосылады. Он­­дайлары жоқтарына амалсыз тегін бол­маса әке ныспысын қосуға болады. Тіпті, халқымыздың тарихында басын біре­гей есімдерден алатын ізашар онимдер бар: Абай, Шоқан, Ыбырай, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Мұхтар (Әуезов), Бауыржан, Сәкен, Бейімбет, Қаныш, Әлкей, Ғабит, Ғабиден, Олжас, Әлия, Мәншүк, Нұрпейіс, Нартай, Жамбыл, Сүйінбай, Димаш, Мұқағали, Жұматай, Жұмекен, Шәмші, Күләш, Майра, Сара, Қобыланды, Алпамыс, т.б. Бұларға ешбір анықтауыш қоспай-ақ көшелерді осылайша атауға болады. Ал, осылардың ізімен кейін пайда болған есімдерге амалсыз анықтауыш (тегін, әке-ныспысын, титулын) қосуға тура келеді. Қазаққа Сейфуллиннен гөрі Сәкен жылы, қымбат әрі қадырлы есім және аталуға бейім. Қазіргі ономастикалық атауларға қарап, біздің кеңестік қасаң ізбен кетіп бара жатқанымызды бажайлау қиын емес. Тіпті, «Сейфуллин» мен «Есенин» атауларының этникалық айырмашылығы шамалы, керісінше соңғысының қаза­қылығы басым естіледі, ендеше, оно­мас­тикаға Сәкеніміздің төл есімін қай­таруымыз керек. Өйткені, қазіргі ұрпақ оны әнші-сазгер Сейфуллин Жолбарыспен шатастыруы әбден ықтимал. Әрине, біздің бұл уәжімізге кейбіреулер Шоқанның тарихтағы ресми аты-жөні «Шоқан Уәлиханов қой, оны бұрмалауға болмайды ғой» дейтіні рас. Кешіріңіз, тарихтан Шоқан Уәлихановты емес, ресми түрде Чокан Валихановты ғана таба аламыз, алайда, бұл қазақтың сүйікті ұлын өз елінде қазақы түрде еркелетіп ШОҚАН атауға болмайды деген сөз емес. Сол секілді Мүсірепов, Мұстафин, Ахтанов деген орыс нұсқалы шұбатылған фамилиялардың егемен қазаққа қажеті бола қоймас, бұл есімдер жеке тұлғаның аты болудан қалып, тіліміздің алтын қорына қосыла бастаған алтын жылғалар, ендеше бұл жылғаларды шөп-шаламнан тазарта алу біздің тікелей міндетіміз. Айтыла-айтыла тілді жауыр еткен тағы бір жайт – қазіргі урбанонимиканың бір саласы болып табылатын халыққа қызмет ету ошақтарының атаулары мен фирмалардың, тұрғынжай кешендері мен микроаудандардың атаулары. Бұл сала да урбанонимиканың бетімен кеткендігіне қарсы пәрменсіздікті көрсетіп отырған жайт. Аталған екіжүзділік сипат біздің елдің гидронимикасын да әбден кеулеп болған, Есіл өзені ресми түрде «Ишим», Тобыл – «Тобол». Ертіс – «Иртыш» Жайық өзені «Урал», Жем – «Эмба», Еділ – «Волга», Бурабай – «Боробое», Іле – «Или» аталудан танар емес. Енді бұл гидронимдер шетел тілдеріне де орыс тілінің заңдылығымен жайыла бастады. Ең болмаса, Қазақстан картасында жақшаның ішіне осылардың қазақы атауларын қабат жазып қоюға болар еді ғой. Алайда, Қазақстан картографиясы ономастикадан тәуелсіз өмір сүріп келе жатқаны тағы аян. Жалпы, елдегі ономастика мәселесін онымен тікелей айналысып отырған құрылымнан тыс қарауға әсте болмайды. Осы жағынан қарағанда ономастикалық комиссия аталмыш мәселенің күрмеуін шеше алмайды. Бұған екі себеп бар, біреуі – комиссияның құрамының әуесқойлық-қоғамдық сипаты, екіншісі – комиссияның ақылдасу деңгейіндегі ғана болымсыз құзыры. Бұның екеуі де елдің ономастикалық про­блеманы шешуден гөрі үстемелеуге жет­кізетін жайттар деп есептеймін. Аталған мәселелерді қорыта келіп, оларды шешу үшін тиісті түрде оно­мастикалық пәрменділеу құрылым құруға бетбұрыс жасаған абзал. Мәселен, Тіл комитетінен бастап, барлық облыс­тық, аудандық және қалалық тіл департаменттерінің жанынан оно­мас­­тикалық мәселелерді үйлестіру орталықтары аталатын жұмыс тобы құ­рыл­ғаны жөн. Бұлардың құрамы асарын асап, жасарын жасаған, беделдің бешпетін тоздырғандар емес, ономастика саласында азды-көпті білімдері мен біліктері бар, жағдайды саралап, шешім қабылдау мүмкіндіктері бар, жанашыр сарапшылардан жасақталғаны мақұл. Бұл құрамға, тіпті, прокуратура және әділет жүйесінің қызметкерлері де кіргені жөн болар еді. Сөйтіп, ономастика құрылымын жалаң популизмнен құтқару қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ, бұл құрылымның ақылдасу деңгейінен гөрі ономастикалық жұмыс тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында белгілі бір дәрежеде шешім қабылдау қабілетін арттыру да уақыт талабы. Бұл жағынан шетелдік тә­жірибеге сүйенген тіпті де, сүйсіністі іс болар еді. Сонымен, Қазақстандағы ономастикалық мәселелердің қордала­нып отырғандығын айта отырып, оны шешуге сәйкес пәрменнің де керек­тігін ескергеніміз жөн. Әйтпесе, аталмыш ономастикалық жұмыс тұжы­рымдамасының іске асырылуы өз жайына қалғандай әсер бар.

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы, публицист, психология магистрі, «ELSANA-АМАNAT» қорының президенті

378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз