• Заманхат
  • 11 Сәуір, 2017

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ЖЕТІСУ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУІ

Ұзақ уақыттар бойы Отандық тарих­­тың ақиқатын айту, айғақтау, ашу ба­ғытындағы зерттеу еңбектерге тосқауыл қойылып отырғандығы аса мәнді тарихи фактілерді ұрпақ зер­десінен тыс қалдырды. Соңғы ке­зеңде айналымға түсіп отырған деректік тұрғыдан маңызды зерттеу­лер­дің бірі Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу өлкесін орыстың алуы» атты мақаласы.Араб қарпімен жазылған мақала қол­жаз­басын ҚР Орталық мемлекеттік қоры­нан І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Ілияс­тану» ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның ма­мандары қазіргі жазуға көшіріп, бас­падан шығарды. Әдеби шығармашылықта барлық жанр­да көркемдік қуаты мығым туындылар жазған дүлдүл дарын Ілияс Жан­сүгіров өз уақытының өзекті мәселелеріне де қызу араласқан қайраткер тұлға. XX ғасырдың 20 жылдарындағы ұлт зиялы­сының қай-қайсысының да бойындағы көпқырлылық, заман талабына орай шың­­дала түскен әмбебаптық Ілиясқа да тән еді. Кенжелеу қо­­сылғанымен аз­ғана жылдар ішінде ол өзінің ұлттық сөз өнеріндегі эпикалық дәс­түрдің озық үлгілерімен дамытқан әйгілі поэмаларын жазды. Көркем аударма жасады. Әдебиет тарихын зерттеуде, Абайтануда ғылыми негізді еңбектерімен қазақ әде­биеттану ғылымының қалыптасып, дамуына қа­тысты. Сан қырлы таланттың атқарған, араласқан қыруар шаруасының бірі оның қазақ тарихына қатысты деректік, құжат­тық негізде зерттеу жүргізгендігі екендігін енді-енді біле бастадық. Бұл – за­маналық тұлғаның елінің игілігі үшін жасаған және бір қайырлы еңбегі. Кіш­кенеден құйма құлақ болып өскен, кейін сауат ашып, оқуы кешеуілдегеніне қарамастан, таңқаларлықтай құштар­лық­пен білім­ге ден қойған І.Жан­сү­гіровтің аталған мақаласы Жетісудың Ресей патша үкіметінің қарарына өтуін нақтылы тарихи жағдай, Жетісуды қо­ныстанған қазақ руларының XIX ға­сырдың орта тұсындағы қал-күйі туралы толымды, егжей-тегжейлі сипаттаулармен басталады. Жетісу жерінің сол бір уақыттарда бөл­шек-бөлшек болып қалған жайын еміс-еміс болжағанымызбен Ілияс Жансүгіровтің атал­­ған мақаласында жүрекке салмақ салар ауыр ақиқаттар қам­тылғанын сезіндік. Бір қиыры Қытайға өткен, бір өңірін Қоқан билігі талаған, бір аумағы ек­піндей жеткен Ресей әскерінің иелігіне өткен, «қырық ру» болып бөлінген, жері тілім-тілім, тулақша талапайға түскен ел күйі соншалықты ауыр, шер, арпалыс заманымен бой көтерген осы көлемді мақалада мұрағат құжаттарымен салыстыра зерттеуді мін­деттейтін, сол арқылы замананың кейінгі ұрпаққа бүр­кемеленіп, буалдыр күйде жеткен тарихи ахуалын ұғына түсуге септігін тигізетін мәнді, елеулі жинақтау, пайымдаулар бар. Бейтарап баяндалғандай тарихи фактілердің астарындағы қи­сапсыз қасірет, ұлт тарихының бұлт торлаған қаракөлеңке шақтарын Ілияс Жансүгіровтің жүрегінен өткізіп жаз­ғанын, жаны қан жылап отырып баяндағанын сезінеміз. «Қоқан қазаққа да киіп-жарып өкі­мет бола алған жоқ. Елі алым төлесе де, ішкі жұмысында өзі қожа еді. Қоқанның қолынан келгені елдің арасында жік салып, ру барымтасын қоздырып, түбі тоздырып алам ба деген ойы еді. Сондықтан, Қоқан хандығы Іленің сол жағын қоныстанған Ұлы жүзді Іленің оң жағындағы Орта жүзбен ұстастырды. Арасына от салды. Неше аттаныс, жортуылдар болды. Жетісу тарихында көрнекті орын алған «Үрістем қырғыны» осы Қоқан саясатының жемісі еді. Өйткені, Іленің суағарынан солтүстікке қарай жатқан ел Қытайға қарайды деп есептелетін еді. Бұрын Жоңғарға қарап жүрген қазақтар Жоңғарды Қытай алғанда... Қытайдікі болып шықты» [1, 403-б.]. Мақалада сол тұста қырық бөлшек болып таланған Жетісу өлкесіндегі әркелкі билік жүйесі туралы толымды мағлұматтар қамтылған. Келешек түбе­гейлі зерттеулер үшін қажетті деректер мол. Дәуірлік дүбірлердің тарихи алғышарттарын ег­жей-тегжейлі баяндаған Ілияс Жансүгіров қазіргі отан­дық тарих ғылымы ескеріп оты­ратын деңгейдегі жинақтаулар мен са­ралауларға түпкілікті пайымдаулар жасайды. Көшпелі елдің құрылымдық, тұтастық қалпындағы ру­лық, ақса­қал­дық институттардың бір­тіндеп ыды­рауындағы ықпалды билік жүйесі ту­ралы ой толғамдарындағы тарихи ұс­таным, пайымдау өресі назар аударады. Кеңестік кезең идеологиясындағы шет жағалап, қарайлап қойып айтқан­ның өзінде ішінен алып зерделеген сұңғыла пайымы бөлек көрінеді. «Қазақ ол кезде руға бөлінген, ақса­қалға жүгінген, мал баққан көшпелі ел еді. Көшпелі қазақтар шаруа түрін Ресейден келген сауда айырбасына, тауар алыс-берісіне табан тіресе алмай, әлсіреген кезі еді. Қазақ ішінде бектің бір түрі де бар еді. Хандар, төре, сұлтандар, ақсүйектік, қара бауырлық, төлеңгіт дейтін сойлар – сол бектік құрылыстың бұтақтары еді. Бірақ, бұларды жалпы қазақтың күшті қоғам түрі деуге болмайды. Қалың ел, көпшілік көбінесе аламан, ақсақалшыл дәуірде еді. Ескі билер, ақсақалдар, батырлар, ру басылары болатын. Ру мен бектер ашық, жабық аянбай тартысты. Ру құрылысын жаныштап, жарыққа шығатын бектік дәуірі қазақта қанша танылғанымен дәуірлей алмады. Өйткені, оған қазақ­тың көшпелі түрі, өрісті, мал шаруашылығы, ру құрылысының күш­тілігі мойынсұнбады. Сондықтан, қазақ ішіндегі әлсіз бектік құрылысы өзін көтеру үшін орыс өкіметіне қол арт­ты. Ханы, төресі, сұлтаны орыстан шеншекпен алып, қазаққа орыс күшімен үкім етпек болды. Қазақ даласына тамыр жаю үшін орыстың сауда капиталы саяны қазақ ішіндегі бектерден тапты. Аға сұлтан, төре сұлтандар ауылдарына орыс саудагері малын сақтап, қойға салған Ащының науасындай құйылды. Орыстың саудасын қазақ даласына кіргізуге мұ­рындық болды. Орысқа «бағынамын» деп уәде бергендер қалай да қара қазақты орыс үкіметіне қарауға, орыс саудасын таратуға үндеді. Елдің орысқа шабатын шабуылдарына іріткі болуға, орыстың түскен қалаларына көмекші күзетші болуға қайрат қылды. Сауда керуендеріне жәрдем беріп, оларды қазақ даласына аман-есен өткізіп, Қытаймен, Орта Азия­мен тұтастануына көмегін көп көр­сетті» [1,404-б.]. Ілияс Жансүгіров қазақ мемлекет­тілігінің тарихына қатысты терең саяси-әлеуметтік, экономикалық зерттеу­лерге негіз боларлық бастамашыл ойларды сол уақыттың өзінде биік қоғам­танушылық өремен айтқан. «Кешегі Абылайдан кейін қазаққа белгілі, көпті бауырлап билеген хан болған жоқ. Қазақтың тұтас өзін билеген дәуірінің аяғы Абылай деуге болады. Одан кейінгі бектік талабы бытыраңқы болды. Әр төре, әр хан қазақтан өзіне бөлек үйір салып, жеке бек болмақ ниетінде болды. Әр жерде «алдияр» молайды» [1,404-б.]. Ілияс Жансүгіров Жетісудағы Ұлы жүз, Орта жүзді орысқа бағындырған, өздерін елге «сұлтан» болдық деп санаған төрелерді түгендеп, атап шығады. Садыр төресі – Бөлек, Матай төресі – Қарақ, Жанбөбек, Жәңгір. Ұлы жүзде: Жалайыр төресі – Сөк. Албан-Суан төресі – Тезек, оның інісі Әбілейіс. Үйсін, Шапырашты, Дулат төресі – Әділ. Хандық биліктің жойылу себептері, жөн­дері тұрғысында нақтылы алғы­шарт­тар мен іс-әрекеттерге тұтас қазақ өлкесіндегі ахуал арқауында көз тоқтатып, мән-жайға баға беріп, төрелік айтып отырып автор біртіндеп өзі көтеріп отырған мәселеге Жетісудың орысқа қарауындағы шешуші факторлар мен фактілерге бұры­лады. «1818 жылы Қаратал мен Іленің ортасында көшіп жүретін Жалайыр төресі Сөк Абылайханов Қоқан хан­дығының қоластынан шығуға талпынып, Қытайдан көмек ала алмай, орысқа 55 мың жанмен қарадым деп ант ішеді, қағаз береді. Қоқаннан қорғануға Ресейден көмек сұрайды. Сөктің ұсынысын орыс патшасы қуа­ныш-құрметпен қар­сы алады. Бір жағы Қытай, бір жағы Қоқанның қолтығыңда жатқан жалпақ елдің ортасының ойылып, орысқа қараймын дегені орасан олжа болады. Сөкке 8-кластың шенін сыйлайды. Сөктің қасындағы рудың бастықтарына да әртүрлі награда береді. Қаратал бойынан қазына ақшасына үй, мешіт салуға жарлық болды. Сөкке әскер жәрдемін беруге жарлық болды. Бірақ бұл жарлықтар қазақ даласына жаңа закүн шығумен қарбалас болып, іске аспай, біраз созылады. 7 жыл өткен соң, 1825 жылы Қаратал бойына орыс отряды жіберіліп, үй салынады» [1,406-б.]. Сол тұста Қытай жағы жер біздікі деп, Жетісуда орыстың орнығуы сәл іркіліс тапқанымен, саудасы біртіндеп Жетісуға аяқ баса бастайды. Орта жүздің Жошыұлы Сарт атты төресі Батыс Сібір генерал-губернаторына Аягөз маңайында окружной приказ ашуға тілек қылған.1831 жылы Аягөз округі құрылып, Сарт аға сұлтан болып сайланады. Бұл округтік приказ­дың ашылуы – орыстың Жетісу табалдырығын алғаш аттағаны еді деп түйеді Ілияс Жансүгіров. Сыбанқұлдың орысқа қарсы шабуылдары, ақыры Қытай жағынан да қысым көріп, қолға түсіп жазалануы, 1841 жылы Томск губерниясында айдауда жүріп өлгендігі, содан соң елдің басылып қалғандығы туралы айтылған деректердің де Жетісу өлкесінің тала­пайға түсуіндегі себептерді нақ­тылы атап, саралап өтуімен мәнді. Билікке ұмтылған Сыбанқұлдың әуел­де Қытай жағын арқаланып, орысқа қараған рулармен дау-жанжалда болуы ақыры өзі үшін де, ел үшін де зардапты болған. «Сыбанқұлдың қолға түсуі елірген елдің жығасын түсіреді. Орыс үстем­дігін көтереді. Қытайға қарай сырғып көш­кен ел өз қоныстарына қайта қонады. Сыбанқұл бастап жүрген рулар орысқа қарауға ұсыныс қыла бастайды. Орыс «ауыл», «болыс» жасауға кіріседі. Қара­керей, Садыр тып-тыныш орысқа қарай­ды. Бұлардың ішінен болыстар жасалып, сұлтандар тұрады» [1,408-б.]. Ілияс Жансүгіров Орта жүздің Матайдан басқа рулары бұл кезде орысқа әбден қол қойып, бағынып орныққан кезі еді дейді. Ел басынан өткен дүрбелең шақтарды нақтылы мәнде егжей-тегжейлі тарқата баяндайды. «Орыс келіп Садырды қаратып жат­қан кезде Лепсі мен Қаратал арасын мекендеп жүрген Матай деген ел орысқа қарамас үшін Ілеге қарай үркеді. Бұлардың ішінде Қоқан қолының жүз­дей адамы болады. Медведьев бас­та­ған орыс әскері бұларды Қаратал мен Көксудың арасында қуып жетеді. Қа­заққа орыс кісі салса да ел көнбей, орыс­қа қазақ соқтығады. Қоқанның туы қолында, казақ-орысқа Ташкен адам­дарының бастығы қазақты бастап қарсы шықты. Әскер мылтық пен зеңбірек атады» [1,408-б.]. Мақалада сол кезде зеңбірек оғы бір қазақтың басын жұлып әкеткенінде ел ішіне тараған өлең жолдары кел­тірілген. Әрияайдай, арбаның дөңгелегі, Кейін қалды ауылымның бір бөлегі. Кейін қалмай қайтеді бір бөлегі, Шыдатпады кәпірдің зеңбірегі. Сол күндерде орыс әскері қоқан­дықтар­мен алғаш түйіскен. Әрі қарай да зерттеуде көп тарих баяндалған. Үріккен елдің жансауға із­деп бірде Қытайға, бірде Орысқа, бірде Қоқанға баруы, өз басын өзі байлап бергендей кіріптарлыққа түсуінде алатайдай бүлігіп, руаралық қырқысудың да кесірі аз болмағанын аңлаймыз. «Бас-басына би болған өңкей қиқымның» Абай айтқан «ел сиқын бұзуы» ойға келеді... «Матай осы үріккен бетімен осы күнгі Матай тауы атанған жердің ма­ңайында болыпты да, бірақ Матай өздері кезбас болып екіге бөлініп, бірін Күлшан Тастанбек бастап, бірін Қы­дыралы Тәнеке бастап, екеуі екі жаққа тартады» [1,409-б.]. Мақалада қазақтың өз алдына тұтас жұрт болған ұйытқысы бұзылған соң жартысы орыс, жарымы қоқанға қараған тұстағы тарихта «Рүстем қырғыны» аталып қалған руаралық ірі шабыншылық жайы да ақиқат деректер ауқымында баяндалған. «Кенесары Қасымұлы бастаған азат­тық күрес тарихын толықтыра жазуда ескерілуі тиіс деректер назар аударады. Кенесары барлық қазақ руларының басын қосып, жеке мемлекет жасауға талпынды... Ол қазақтың не орысқа, не сартқа, не қытайға қарауына разы емес еді. Ташкенмен де жау еді... Кенесары осы жөнмен кейде Сібірде, кейде Орынбор даласының маңында он жылдай ашық көтеріліс, жорықтар жасап жүрді». Бұл еңбектегі деректер қазіргі қазақс­тандық тарих ғылымында қанша­лықты айналымға тартылып отырғандығы бір мә­селе. Мақаланың келесі бір өзектілік өрісі Жетісудағы осы бір тарихи кезең туралы әдеби шығармашылықтағы көрініс табуы. Ілияс Жансүгіровтің осы зерттеуі, Жамбыл жырлаған Сұраншы батыр, Сау­рық батыр туралы дастандардың азаттық күрес тарихындағы мәні, әдеби мұрада сақталған. Әдеби мұрада сақталған Жетісу тарихына тиісті деректер тұр­ғысында арнайы зерттеулер жүргізілуі Отандық тарихтың елеулі кезеңдері туралы ғылыми танымды байытуда қайырлы бір іс болар еді. Сыя сауыт, қаламсыз, Дәптер, кітап, қағазсыз, Ой қозғаған домбыра, Сөз қозғаған домбыра, Болған кезде Жамбылдың, Домбырамен жазуы - Жырланып еді осы жыр. Жырламаймын десем де, Ел тілегі қоймады: Таудан құлаған тарғыл тас, Тарығып шығып көзден жас, Қыспақ заман кездесіп, Қайғы басып қарындас, Тарыққанда сүйенер Ел батырын ойлады, Ойламасқа болмады. Қабағы түсіп қамығып, Батыр ұлын сағынып, Ескіні еске түсіріп, Жырым еді сондағы. «Зар-заман» деп ат қойған, Зарланған халық сонан ғой. Зарлануы халықтың – Шектен асып ушықты. Айдаһар жұтып аюды Шоңбас жеді шымшықты. Лек-лек солдат айдатып, Мойнына шекпен байлатып, Оралдан өрлеп Алтайға Алуға патша ынтықты. Садақ тартқан қазаққа Түтіндетті мылтықты, Ертістен өтіп, жоғары Жетісуға қол сұқты... Бұрынғы қожа Құдияр Қазанатын мінісіп, Қомпаң-қомпаң желісіп, Жағасыз көйлек киісіп...[2,109-б.]. Ел тарихын түгендеуде, оның әдебиет тарихындағы ықпалды шығармашылық өріс түзгендігін бағалап саралауда зер салып зерттейтін елеулі міндеттердің бағытында Ілияс Жансүгіровтің «Жетісуды орыстың алуы» зерттеуі айрықша мәні бар еңбек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ілиястану пәнінің хрестоматиясы. Жалпы редакциясын басқарған Т.С.Сы­дықов. – Талдықорған: ЖМУ баспаханасы, 2014.- 561 бет 2. Жабаев Ж. Таңдамалы шығармалары, ІІ томдық. – Алматы: Қазақ университеті, ІІ том, 2016. - 454 бет

Қанипаш МӘДІБАЙ, І.Жансүгіров атындағыЖетісу мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д., Айгерім ШАНШАРБАЕВА, 2 курс магистранты

1263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз