• Ұлттану
  • 19 Қыркүйек, 2012

Саяси коммуникацияның қалыптасу жолдары

Алтынгүл Иманбаева, саяси ғылымдарының кандидаты

Еліміздегі саяси коммуникацияның қалып­тасу жолдарына тоқталмас бұрын, саясаттанудағы саяси коммуникация ұғымына анықтама бергенді жөн көрдік. Жалпы саяси ғылым саласында «саяси коммуникация» ұғымы туралы әртүрлі тұжырымдар қалыптасқан. Мәселен, Р. Ж. Шварценберг: «Саяси коммуникация дегеніміз – басқарушы мен бағынышты арасындағы олардың өзара келісімге келу мақсатындағы ақпарат алмасу» [1, 174 б] деп көрсетсе, «Саяси» энциклопедияда: «Саяси коммуникация – (лат. аударғанда communicatio – хабарлама, жеткізу, әңгімелесу, сөйлесу деген мағына береді) – саяси қызметті жүзеге асыратын, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделері есебін ескере отырып, олардың саяси әлеуметтендірілуін қамтамасыз ететін саяси ақпараттарды алмасу және жеткізу процесі» [2, 533 б] деген пайымдама ұсынылады. Елімізде жарық көрген «Саяси» түсіндірме сөздікте: «саяси коммуникация – саяси субъектілердің ақпарат алмасу мен тікелей қатынасының, ой-идеяларымен, мәліметтермен бөлісу негізіндегі өзара қарым-қатынас үрдісі; қандай да бір саяси мазмұнды бір санадан екінші санаға белгілеу, қандай да бір материалдар көмегімен немесе виртуалды түрде беру; саяси құрылым мен ондағы байланыстырушы қызметті орындауды білдіретін саяси үрдіс; коммуникатордың саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін адамдардың мінез-құлқы мен саяси санасын өзгертуге ұмтылатын ерекше ақпараттық-технологиялық ықпал ету» [3, 486 б] деп анықтама берген. Демек, саяси коммуникацияны саяси жүйедегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени процестермен тығыз байланыста дамитын жаңа ақпараттық технологиялар арқылы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арадағы хабар тарату, алмасу деген мағынаны білдіреді деп қорытындылауға болады. Сондай-ақ, коммуникация мәселесін саясаттану, философия, әлеуметтану, психология және педагогика және т. б. бірқатар гуманитарлық ғылым салалары зерттеу нысаны етіп алып, өздерінің зерттейтін бағытына сәйкес жан-жақты қарастыратыны белгілі жайт. Бұл арада әрбір қоғам мүшелерінің билікпен өзара байланыс орната отырып, ақпарат алмасуға түсуін, олардың саяси іс-шараларға белсене қатысуын қажет ететін бүгінгі таңда коммуникация мәселесін саяси ғылым саласында зерделеу зор маңызға ие. Зерттеу барысында біз саяси коммуни­кацияның қалыптасуы мен даму тарихына тоқталып, әр жылдардағы жаңа технологиялардың дамуына байланысты мынадай кезеңдерге бөліп көрсетеміз: Бірінші кезең – 1991 - 1998 жылдар аралығы. Бұл уақытта Қазақстан Республикасы өзінің дербес Конституциясын қабылдап, жаңа саяси жүйеге өтіп, өзіндік дамудың жаңа жолын қалыптастырды. Саяси жүйеде шетелдік түрлі технологиялар тәжірибелерін қолдану арқылы тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет саяси коммуникацияның қалыптасуына алғышарт жасалды. Бұл жайт, әсіресе, осы аралықтағы сайлау науқандарында нақты байқалған болатын. Екінші кезең – 1998-2007 жылдар аралығын қамтиды. Конституциямызға енгізілген өзгерістер арқылы саяси жүйені нығайта отырып, жұртшылықты ақпараттандырудың әртүрлі стратегиялары мен бағдарламалары жасалды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы» Заңдарының жекелеген баптарын жаңарту арқылы, еліміздегі саяси коммуникацияның тиімді қызмет етуіне жол ашылды. Сайлаудың жаңа жүйесі қалыптасып, оны жүзеге асырудың әртүрлі тәсілдері енгізілді. Ұялы байланыс, телефакс, интернет т. б. сияқты жаңа байланыс түрлері кеңінен таралып, еліміздегі саяси коммуникацияның дамуына ықпал етті. Үшінші кезең – 2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды. Президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан Республикасы әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, жаңа саяси жүйені қалыптастыруда қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтудың жаңа сипаттарына өтуге көшті. Елімізде «электрондық үкімет» ақпарат таратудағы «сандық формат» сияқты жаңа тәсілдерге өтудің бастамалары жүргізілуде. Саяси өмірде коммуникация қоғамға ықпал етудің мықты және сенімді құралдарының бірі болып есептеледі. Саяси коммуникация нақты саяси жүйе шеңберінде, сонымен бірге аталған жүйемен және тұтастай қоғаммен арада саяси ақпарат алмасу процесін көрсетеді. Бұл коммуникативті кеңістікте саясаткерлер бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен өздері үшін жағымды қоғамдық пікірді қалыптастыруға тырысады. Сондықтан, саяси коммуникация процесінің қатысушылары билік органдары, БАҚ және қоғам болса, ал оның басты негізі – өзара сенімді қалыптастыру арқылы хабарламалар құрау, символдарды жасау мен тарату және мағыналарын түсіндіру болып табылады. Саяси коммуникация үшін жариялылық сипатты болып келеді. Саясаткер өзінің ойын және сезімдерін жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар өзінің бейнесін, яғни, арнайы саяси шынайы келбетін жасауға қабілетті. Саяси коммуникацияның тиімді көмегімен басқарушы элита мынаған қол жеткізеді: қоғам элиталардың сенімдері мен приоритетін өздерінікіндей қабылдай бастайды. Саяси коммуникацияның сапасы қоғамның даму деңгейімен анықталады, яғни, билік азаматтарға тәуелді және солар үшін өмір сүреді, тек керісінше емес жағдайда болуы тиіс. «Қоғамда демократияның деңгейі жоғары болған сайын, саяси ақпарат алмасу көлденең деңгейде соғұрлым қоғам мен ұйымдардың мүшелерінің арасында интенсивті жүреді. Оның үстіне көлденең алмасу, азаматтарға бағытталғандықтан үлкен маңызға ие» [4, 83-84 б]. Біздіңше, мұнда ортақ мүдде үшін билік пен қоғамның арасындағы өзара қатынаста келісімнің орнатылатынын аңғарамыз. Келісім бар жерде саяси тұрақтылық болады, ал саяси тұрақтылық бар жерде саяси жүйе тиімді жұмыс атқарады. Осыдан, еліміздегі саяси коммуникацияның өзіне тән ерекшелігін саяси тұрақтылық жағдайында жүзеге асырылып жатқандығынан нақты көре аламыз. Бүгіндері саяси процесте ресми емес сая­си коммуникация маңызды рөл атқарады. Көп­теген зерттеушілер ресми БАҚ-қа сенімнің тө­мен­деуі, тұлғааралық қарым-қатынастың деңгейіндегі жеткізілетін хабарламалардың маңызының артуына алып келді дейді. Ресми емес коммуникацияға дәстүрлі түрде қауесеттер, сыбыстар, өсектер, анекдоттарды, қазіргі кезде граффитиді де жатқызады. Бұл деректер алдымен өмір сүріп жатқан ағымдағы саяси жүйеге қатысты халықтың жағымсыз көңіл-күйін қалыптастырады. Ал, ресми ақпарат пен жалған қауесеттің ара-жігін былай бағамдауға болады: сенімсіздік танытатын жалған немесе қауесет сөздер ақпараттың жасырын көзіне сілтеме жасай салады (референциалды анықталмаған) мәселен, Астанадағы біздің дереккөздеріміздің хабарлағанындай, үкіметтегі дереккөзі хабарлағандай, Президент әкімшілігі аппаратының қызметкері растады деген сияқты мәліметтерден байқаймыз [4, 79 б]. Ресми емес ақпараттардың тағы бір түріне – саяси субъектілер туралы айтылған әзілдерді, сатиралық өлеңдерді жатқызуға болады. Демек, ресми емес ақпараттың ресми ақпараттан айырмашылығы – оқиғаларды ақпараттық тұрғыдан нақтылы дәйектермен негіздей алмайды. Ол адамдардың, тұлғалардың қатынастарында ақпарат алмасу кезінде пайда болуы ықтимал. Саяси коммуникациядағы шындық төмендегідей себептерден бұрмалануы да мүмкін: 1) өзін-өзі қорғау және беделін түсіретін дәйектердің айтылмай қалуына саяси дивидендтер алу мақсатында; 2) саяси бәсекелестерінің (оппоненттерінің) беделін түсіру мақсатындағы жанталас; 3) адресатқа қандай-да бір идеяны таңу мақсатында (мысалы, «коммунизм құрылысы» – әлемдік социалистік революциялар мен бүкіл әлемде коммунистік қоғам құрылысы туралы марксистік-лениндік идеялар). Саяси коммуникациядағы ресми ақпараттың жалған не рас екендігін анықтау өте өзекті мәселелердің бірі. БАҚ-та мерзім сайын саясаткерлердің бірін-бірі жалған айтты деп және жалғандығын ашатын әртүрлі сипаттағы өтініштері жарық көріп жатады. «Саясаттағы жалған сөз жала жабудың арнайы түрі болып табылады немесе ол адастыру мақсатына ғана әкелмейді, сонымен бірге басқа адамдарға манипуляция жасайтын адамның жағдайын жеңілдетеді» [4, 81 б]. Сондықтан, кез келген мәліметтің ресми екендігіне көз жеткізу үшін, алынған дереккөздеріне назар аударған дұрыс. Тек, сол кезде ғана біз ақпараттың шындыққа жанасымды екендігіне сенім арта аламыз. Саясаттағы қалжың (ағылш. humour – көңіл-күй, таңқалдырар жай) – саясатта бейресми қатынасты қалыптастырады, әрі қалжың саясаткердің танымалдығын жоғарылатып, тіптен оның сөзі нақылға айналуы да мүмкін [3, 456 б]. Яғни, саяси қалжың бейресми қатынас бола отырып, субъектілердің халық арасында кеңінен таралуына бір мүмкіндік беретін әдіс деуге де негіз бар. Ал енді ғимараттардың қабырғалары мен аулалардағы саяси жазбаларға тоқталсақ, олардың да өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндай жазбалар қазіргі кезде граффити деп аталады. Граффити ақпаратты ұсыну тәсілі бойынша екіге бөлінеді: жазбалар мен символдар. Саяси жазбалар сайлау науқаны кезінде кеңінен қолданылады. Ғимараттар қабырғаларында жазылған жазулар көпке дейін сақталады және азаматтарды дауыс беруге (қабырғаға аты жазылған немесе белгісі салынған саяси субъектілерге) үгіттейді. Әдеттегідей, саяси граффитилер өз позициясын білдіруге мүмкіндігі жоқ адамдарға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, ол қалалардың ғимараттарының сыртқы кейпіне кері әсерін тигізеді. Мәселен, 2007 ж. Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжілісіне сайлау қарсаңында қабырғаларға жазылған «Жарайсың Жармахан!», «Алға Нұр Отан!» сияқты жазбалар граффитидің біздің елімізде таралып келе жатқандығының белгісін көрсетті. Қазақстанда Президенттік басқару өз жемісін беріп, елімізде көптеген сәтті реформалардың жүргізілуіне себепші бола білді. Ал, ендігі жерде президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан өзіндік дамудың тағы бір жаңа жүйесін қалыптастыру жолында. Бұл біздің еліміздегі саяси коммуникацияның рөлін одан әрі жоғарылататынына күмән тудырмайды. Себебі кез келген демократиялық мемлекеттің басты ұстанған бағыты – ашықтық, пікір алуандылығы, сенімді еркін таңдау жасау сияқты т. б. шаралардан тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы да халық пен билік байланысын алдыңғы орынға шығаруы тиіс. Аталған екіжақты байланыс нәтижесінде сенімді саяси коммуникация құралдары жүзеге асырылады. Қорыта келе айтарымыз, саяси коммуникация құралдары – сайлауалды науқандарда тікелей жүзеге асырылады. Ал, сайлау – саяси коммуникацияның нақтылы нәтижесі болып табылады. Саяси коммуникацияны жүзеге асыру, қоғамдық-саяси өмірдегі қордаланған мәселелерді шешуде демократиялық қоғамдағы саяси жүйенің тиімді және тұрақты жұмыс істеуіне жетуге бағытталады. Біздіңше, саяси коммуникация деп – саяси жүйедегі саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени процестермен тығыз байланыста дамитын жаңа ақпараттық технологиялар арқылы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арада өзара хабар тарату, алмасу деген мағынаны білдіреді деп қорытындылауға болады. Бүгіндері елімізде ақпарат алмасудың әр түрлі формалары мен байланыс құралдары жұмыс істейді. Ақпарат алмасусыз қандай да бір келісімге келудің мүмкін еместігі саяси коммуникация жүйесінің жеткілікті қамтылмағандығын көрсетеді. Яғни, саяси коммуникация саяси субъектілер, басқарушы мен бағынышты арасындағы өзара байланыстағы тең дәрежедегі ақпарат алмасудан тұрады. Саяси коммуникация демократиялық режимнің негізгі қадамдары арқылы іске асырылып келе жатқан процесс. КСРО кезінде пікір білдіруге тек биліктегілердің ғана мүмкіндігі болатын. Еш саяси таңдаусыз жүргізілген тоталитарлық режим тәжірибесі, билік үшін бәсекенің болмауы қоғамдағы түйткілді мәселелерді шеше алмағандықтан, түбінде жүйенің дағдарысқа ұшырайтындығын көрсетті. Саяси коммуникация мәселесі қай кезеңде болсын өзіндік мағынасын жоймай, даму үстінде келе жатыр. Бұл дегеніміз, саяси коммуникация мемлекетті тиімді басқаруға бағыт беретін, қоғамның дамуына айтарлықтай ықпал ететін болғандықтан, билік пен халықтың ортақ мүдделері үшін маңызды екендігін нақтылайды. Алтынгүл Иманбаева, саяси ғылымдарының кандидаты Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Шварценберг Р. Ж. Политическая социология. - М., 1992. - Часть І. - 180с. 2. Политическая энциклопедия: В 2-х томах. - М.: Мысль, 2000. - Т.1. - 750 с. 3. Саяси түсіндірме сөздік. - Алматы, 2007. - 616 б. 4. Ахатова Б.А. Политический дискурс и языковое сознание. - Алматы: Экономика, 2006. - 302 с. In this material becoming and development of the political communications in scientific researches is told about the theory.

2250 рет

көрсетілді

71

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз