• Келелі кеңес
  • 11 Сәуір, 2017

«Ақтабан шұбырынды...» оқиғасының авторы I Петр

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, профессор

Мәселенің өзектілігі. Тарихтың өзекті арнасы және міндеті – халық басына туған қиын күндерде жеке тұл­ғалардың, саяси қайраткерлердің туған еліне, отанына сіңірген еңбегін, олардың қоғамдық саяси және әлеуметтік процестердегі орнын ашу болып табылады. Еліміздің ұзын сонар тарихы ерлік пен елдікке және қым-қуыт оқиғаларға толы. ХVІІІ ғасырдағы қазақ тарихы туралы осы уақытқа дейін аз жазылып, аз зерттелген жоқ. Алайда, сол бір қазақ елі үшін аса қиын болған дәуірдің зерттелу тарихында проблемалары таусылған жоқ. Мысалы оларды атап айтсақ: 1. Ақтабан шұбырынды оқиғасының ақиқат та­рихының зерттелуі; 2. Қазақ орыс қатынасы және Қазақстанның Ресей отарына айналу тарихы; 3. Қазақ елін ажалдан құтқарған тарихи тұлға Әбілхайыр. Осы айтылған проблемалардың бәрі осы күнге дейін аса өзекті мәселелер болса да толық шешімін тауып халық игілігіне жаралған жоқ. Қысқаша айтқанда, осы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы шындықты тек зерттеуші ғалымдар ғана біледі, жалпы халыққа жете қойған жоқ. Қазақ елі тарихында және әдебиетінде ең көп айтылған және жазылған «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталатын ел басына үлкен ауыртпалық түскен, аса қиын кезең. Осынау ел басына түскен ауыртпалығы көп қайғылы кезеңнен қазақ халқын құтқаруға көптеген халық батырлары жаумен жан аямай күресе жүріп халқын ажалдан құтқарды. Сол батырлар мен қолбасылардың ішінде ерекше орын алатыны Әбілхайыр хан және бас­қалар. Бүгінгі Егеменді Қазақстан жағ­дайында әрбір тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға жаңаша көзқараспен қарап, оларды бұрынғы сыңаржақ, қате пікір­лерден тазартуымыз қажет. Аталған тақырып туралы бұрын көп жазылса да, қалыс, яғни, қалтарыс қалған тұстарын зерттеуді жөн көрдік. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Аталған тақырып ғасырлар бойы Қазақ- орыс қатынасының жуан ортасында болған оқиға. Сондықтан, оның библиографиясы П.И.Рычковтан бастап 1917 жылға дейін талай зерттеушілердің еңбектерінен орын алған. Солардың ішінде көрнектілерінің бірі қазақтың ұлы ғалымы, Ш.Уәлиханов. Кеңес өкіметі тұсында бұл тақырып өте көп жазылды. Алайда, сыңаржақ көзқарастан айрыла алмады. Себебі, Кеңес өкіметінің қазақ тарихына ар­налған идеологиясы Патша өкіметінен асып түсті, оның себебі, қазақтың жалғыз жауы Жоңғар мемлекеті деп көрсетілді. Олардың артында Ресей тұрғанын және орыс әскерлерінің қазақ еліне жасаған шабуылдары көрсетілмей жаланың бәрін басқаларға жауып бүркемеленіп келді. Аталған тақырып әдеби шығармалардан да көп орын алды. «Елім-ай» атты тарихи зарлы өлең қазақ елінде көп айтылғаны соншалық, жұрт оны жатқа білетін еді. Алайда, соңғы жылдары осы өлеңнің авторы Қостанайлық Толыбай сыншы болу керек деп уәж айтқан біреулер елді бітпес дауға қалдырды. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ елінің басындағы ауыр жағдайдың себептерін көрсету. Соған қатысты негізгі зерттеулермен архивтік мәлімет­терді жан-жақты сараптап, қазіргі заман көзқарасымен бағалау. – Ақтабан шұбырынды оқиғасы тек Жоңғар емес, оның артында кімдер тұрғанын анықтау. – Қазақ еліне Ресей тарапынан көп жылдар бойы жасалған қиянатты көрсету және бағалау. – Кіші жүз қазақтарының Ресей бас­қыншыларына қарсы соғысын сараптау. – Ақтабан шұбырынды оқиғасының авторы Ресейдің әйгілі патшасы І Петр екенін және одан да басқа қазақ еліне жасаған қиянаттарын көрсету. – Ақтабан шұбырынды катастрофасы авторларының бірі И.Унковскийдің тарихымыздағы рөлі мен орнын көр­сету. – Қазақ елін Ақтабан шұбырынды оқиғасынан құтқарған Әбілхайыр хан­ның еліміздің тарихындағы орнын көр­сету. – Әбілхайыр хан ұрпақтарындағы ұлт-азаттық соғысты басқарған тарихи тұлғалардың тарихымыздағы орнын көрсету.

«Ақтабан шұбырынды...» оқиғасы және Әбілхайыр хан

Ақтабан шұбырынды оқиғасының зерттелуі. Қазақ елі тарихында және әдебие­тінде ең көп айтылған және жазылған «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталатын ел басына үл­кен ауыртпалық түскен, аса қиын кезең. Осы бір ел тарихында ұмытылмайтын оқиға туралы көп жазылғанмен біз­дің халқымыз осы уақытқа дейін шын­дықты білмей келіпті. Барлық оқу­лықтар мен зерттеулерде бірін-бірі қай­талап қазақ елінің жалғыз жауы Жоңғар мемлекеті мен қалмақтар бол­ға­ны айтылады. Солардың жойқын ша­буылы нәтижесінде қазақ елі әбден ти­тықтап Ресейге бодан болып пана тапты деп көп айтылғаны соншалық жауыр болғаны рас. Қалмақтар шабуылы айтылады, орыстардың, яғни, казачьи отрядтарының шабуылы туралы айтылмады. Қалмақтың өзі Ресей құрамындағы ел. І Петр олардың ханы етіп Аюкені тағайындады (1694 жыл). Жоңғар да солай Ресейдің көмегімен және нұсқауымен, яғни, айтағымен қазақ еліне шабуыл жасағаны туралы көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып келгеніміз қалай деген заңды сұрақ туады. Әрине, оның неше түрлі себептері болған шығар. Ал, осынау егемендіктің арқасында қол жеткен жариялылық заманында осы бір ХVІІІ ғасырдың көп проблемалары ішіндегі «Ақтабан шұ­бырынды» мәселесі, яғни, ақиқат тарихы бүгінгі ұрпаққа жетпей жатқанын қалайша түсінуге болады. Алғаш рет Қазақстан тарихшылары ішінде осы проблема туралы ақиқатын жазған ғалым Мұрат Әбдіров болатын. Оны «История казачества Казахстана» атты зерттеуі 1994 жылы жарық көргенде, сонша жылғы қараңғылықты про­жек­тордай тілген болатын. Содан бері қарай Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастың бұрынғы айтылғандай емес екеніне тарихшылардың көзі жете бастады. Қысқаша айтқанда, Қазақ мемлекетін әлсіреткен, ыдыратқан, құлатқан Жоң­ғар мен қалмақ емес, паналатып, қол­ты­ғына алды деп жүрген Ресей болып шықты. Содан бері талай зерттеулер жарық көріп жатса да, Қазақстан тарихы оқулығының ешқандай басылымына, осы айтылған және басқа тарихымыздың жаңалықтары кір­гізіл­мегені еліміздің тарихын оқыту әлі күнге дейін тоқырау үстінде екенін көрсетеді. Осынау қазақ еліне соншама қиянат жасаған, яғни, Ресей көп жылдан бергі өзінің жасағаны аз бол­ғандай Шығыстан артиллерияның жаңа қаруларымен жасақтап жоңғар­лар­ды айдап салғаны – шын мәнінде атақты патша І Петрдің жоспары екені бұл күнде халыққа белгісіз болса да, тарихшыларға белгісіз емес. Осынша қиянат жасап қырып жіберетіндей қазақ еліне І Петр неге шүйілді. Енді, осыған қысқаша шолу жасайық. Сол Ақтабан шұбырынды қасіретінен бір жыл бұрын, яғни, 1722 жыл І Петрдің Парсы жорығы болғанда, оған Яицкий (1790 жылдан соң Урал – деп аталған) казачьи отрядынан бірде бір солдат көмекке бара алмады. Себебі, олар жаяу қалған еді. Көлік аттары мен бүкіл жылқыны Әбілхайырдың жігіттері айдап кеткен болатын. Тек жылқы емес, сонда Әбілхайыр Яицкий городокті (қазіргі Орал қаласы, ол кезде қазақтар Теке қаласы деп атаған) алудан сәл қалған еді. Сондықтан, І Петр жалғыз Әбілхайырды емес бүкіл қазақ елін басып алу керек деп бұйрық берді. Сол үшін барлық артиллерияның жаңа қаруларымен жоңғарларды қаруландырып шығыс жақтан баса көктеп кіргізіп, батыстан тісіне дейін қаруланған орыс әскерлерін және қалмақтарды қақаған қыс кезінде жапыртып жіберіп қазақ елін қапы қалдырып тез арада Ресейдің отарына айналдыру керек болды. Шабуыл екі жақтан да қақаған қыста басталғаны рас. Шығыстан шапқандар І Петрдің жоспарын орындап қазақ елін қырғынға ұшыратып Түркістанға дейін келді. Ал, батыстан шапқан орыстар мен қалмақтар жоспарды орындай алмады. Оған кедергі жасаған Әбілхайыр хан болды. Ол орыстар мен қалмақтарды тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден асыра қуып, талайын қырып жіберді. Демек, қазақ елінің жартысы ғана Ақтабан шұбырындыға ұшырады. Енді, Әбілхайырға қатысты орыс-қазақ соғысына қысқаша шолу жасайық. Ақ­та­бан шұбырынды оқиғасы қазақ еліне Ресей тарапынан жасалған қиянаттың ең үлкені еді. Осынау біздің халқымыздың тарихындағы аса зор қиыншылық ту­дырған қасіретте екі ірі тарихи тұлға негізгі рөл атқарды. Олар І Петр мен Әбіл­хайыр хан болатын. І Петр туралы көп жазылды, оның өмірі мен қызметі саяси және мемлекет қайраткері ретінде біздің оқырмандарымызға белгілі. Алайда, біздің халқымыз әлі күнге дейін Әбілхайырдың шынайы тарихы мен рөлін мемлекет қайраткері ретінде толық білмейді. Сон­дықтан, І Петрді емес, қазақ ханы Әбілхайырды қысқаша таныстырып өтуге міндеттіміз.

Әбілқайыр хан (1685 – 2.VІІІ. 1748)

Әбілхайыр – Кіші жүз ханы (1709- 1748), батыр, қолбасшы, 1723 жылғы «Ақ­та­бан шұбырынды» ажалынан қазақ елін құт­қарған тарихи тұлға. Жәнібек ханның кіші буыны – Үсектің ұрпағы, /Сүйік деп аталады тек Ш.Уәлихановтың ең­бек­терінде/, Қажы сұлтанның баласы. Қыс­қаша айтқанда, Қазақ мемлекетін құрған Жәнібек ханның жетінші ұрпағы. 1700 жылдан бастап Ресей басқыншыларына қарсы қазақ әскерін басқарғаны үшін үл­кен беделге ие болып, 1709 жылы Кіші жүз ханы сайланған. Осы уақытқа дейін Әбілхайыр хан туралы қазақ елінде жалған пікір қа­лып­тасты. Бұған көп еңбек сіңірген Ресей империясы болса, соны түгелдей қолдаған Кеңес өкіметі жасаған тота­литарлық режим. Оған негізгі тағылған жаманат – Қазақстанның Ресейге өз ер­кімен қосылуы – деген жалған ақ­паратқа қатысты мәсе­лелер болды... Қазақстанның Ресейге өз еркімен қо­сыл­мағаны туралы нақты документтер 1989 жылы Алаш ардагерлері ақталған соң шыға бас­тады.1991 жылы Х.Досмұхамедұлының «Аламан» атты кітабы жарыққа шыққан соң бұл тақырып келмеске кеткен еді, алайда, Әбілхайыр ханды түгелдей ақтауға әлі бірнеше жыл керек болды. Ақырында, Әбілхайыр Қазақстанды «өзі хан болу үшін» Ресейге қосқан, яғни, екі елдің ара­сындағы дәнекер емес, керісінше өмір бойы Қазақ елін қызғыштай қорғап Ресейге қарсы соғысқан ХVІІІ ғасырдағы қазақ елінің ұлы батыры болып шықты. Хан болу үшін деп айыптауының ешқандай қисыны жоқ еді. Оны қазақ билері бірауыздан хан сайлағанда 1709 болатын. Ал, оның тарихи хаты 1731 жылы жазылған болса, арасы тым алшақ, яғни, 22 жылдан бері ол Кіші жүздің ханы еді. Демек хан болып билеу үшін Ресейге арқа сүйеді деген жорамалдың ешқандай шындыққа сорпасы қосылмайды... Әбілхайырдың өмірі мен саяси қызметін былай жіктедік: 1/ Әбілхайыр және оның Ресей басқыншыларынан атамекенді қорғауы... 2/ Әбілхайыр және башқұрттармен қатынас. 3/ Әбілхайыр және қалмақтардан елді қорғау мәселелері. 4/ Әбілхайыр және жоңғарлардан елді тазарту оқиғалары... Мұндағы, бірінші, мәселе Әбілхайыр ХVІІІ ғасырдағы Ресеймен өмір бойы, яғни, 48 жыл соғысқан қазақтың ханы. Екінші, мәселе оның қазақ елін Ресей шапқыншылығынан қорғай жүріп, Башқұрт халқының Ресейге қарсы ұлт азаттық күресін өмір бойы қолдағаны. Бұл бүкіл Түркі ха­лық­тары тарихында аса мақтанышты оқиға екенін ерекше атауға міндеттіміз. Сол қыруар еңбегімен аса үлкен беделге ие болған Әбілхайырды 1709 жылы Қазақ елінің игі жақсылары Кіші жүздің ханы етіп сайлаған еді. Үшінші, мәселе тісіне дейін қаруландырып Қазақ еліне шабуыл жасатып отырған Ресейдің қоластындағы Еділ қалмақтарымен Әбілхайыр өмір бойы соғысты. Төртінші, мәселе Әбілхайыр Яиц­кий (Жайық) казак орыстарымен және қалмақтармен қазақ елін қызғыштай қорғап жүрсе де, шығыстан қайта-қайта баса көктеп шабуыл жасаған жоңғарларға да тойтарыс беріп үлгерді және Ақтабан шұбырынды кесапатынан кейін оларды қуып шығып қазақ елін азат етуі бір тарихи тұлғаның басынан әлдеқайда асып кеткен ерлік емес пе? Жалпы, қазақтың сыртқы жаулары шығыстан Жоңғар, батыстан Ресей /яғни, казачьи отрядтар мен қалмақтар/ шабуы­лы болды.1758 жылдан соң Қазақ елі жоңғардан құтылды. Оның есесіне Орта Азия хандықтары қазаққа Оңтүстіктен бүйі­дей тиді. Бұл мәселеде олардың қазаққа ша­буылы Ресеймен одақтастығын көрсетті. Мысалы, Кенесарының ағала­рының Ташкентте өлтірілуі, Кенесарының қырғыз жерінде өлтірілуі т.б. жәйттер олардың артында Ресей тұрғанын дәлел­дейді... Кіші жүздегі 26 тайпа ел Ресейге бодан болғысы келмей көп жыл жанталасты. Соның ішінде Маңғыстау, оны мекендеген «...адай секілді рулар шын­ды­ғында патша өкіметі Хиуа мен түрк­менді алғаннан кейін ғана бағынды» (1) /Х.Досмұхамедұлы. Аламан. А.1991. 53 бет/. Әрине, осындай қиын жағдайда қа­зақ еліне жан-жақты қысым көбейді. Жұт жеті ағайынды деген осы. Ресейдің күшті одақтасы Жоңғардан құтылғанымен қазақ еліне бейбітшілік заман келе қоймады. Мұнан кейін қазақтарға тек орыстармен ғана емес атамекенді қорғау үшін Хиуа хандығымен де соғысуға тура келді. Сол жанкешті талай соғыстарда ерлік көрсетіп елімізді сыртқы жаулардан қорғаған талай ерлердің аты қалды. Ел ерсіз, батырсыз болмайды, ер елсіз болмайды деген осы. Тек, Адай елінен шыққан Шотан, Атағозы, Құдабай, Дәуімшар, Мырзатай, Сүйінғара, Қармыс, Балуанияз, Шабай, Есен, Сүгір т.б. көптеген батырлардың есімдері ел есінде қалды. Солардың жуан ортасында Қазақ елін Ресей және оның одақтастарынан қызғыштай қорғаған, яғни, кеудесін 48 жыл бойы жау оғына тосқан Әбілхайыр болатын. 1580 жылдары құрылған Ресейдің Яицкое казачьи войско деп аталатын бас­кесерлер Кіші жүз қазағына істемеген қиянаты мен кесапаты қалмады. Ға­сырлар бойы біздің халқымыздың жа­­зық­сыз қанын төккен осы әскери топ 1920 жылы атаман генерал майор В.С.Толстовтың басшылығымен Иранға қашып бара жатып Маңғыстау жерінде өлімін тапты (2). 1707-09 ж.ж. башқұрт халқының ұлт-азаттық көтерілісіне Әбілхайыр 3 мың сарбазбен барып көмек көрсеткен. 150 жылдан бері Ресей қоластында болған баш­құрттар осынау үлкен жәр­дем берген Әбілхайырды өз еліне хан сайламақшы болып жатқанда, 1709 жылы күзде қа­зақ билері шұғыл ша­қыртып алып, Кіші жүзге хан сайлайды. Бұрын Кіші жүзде хан болған жоқ, үш жүз түгелдей бір орталыққа Тәуке ханға бағынатын. Ресей басқыншыларымен Кіші жүз ара­сындағы соғыс қиындап кеткен соң оны хан болып басқаратын адам керек болды. Әбілхайырды осындай құрметті орынға сайлаған себебі, оның 1709 жылға дейінгі қазақ елін Ресейден қорғаған ерліктері мен еңбегі ескерілді. 1709 жылы күзде Әбілхайыр Ордабасына кеткен соң башқұрт көте­рілісі жеңіліс табады. Кіші жүзге хан бол­ған соң Әбілхайыр Ресеймен күресті жақсы ұйымдастыра білді. 1709 жылы қазақтар Сызранға бара жатқан орыс-казак керуенін талады. 1711 жылы қазақтардың 16 мың сарбазы Текеге (қазіргі Орал қаласы) астық алып бара жатырған орыс-казак керуенін талқандап, 300 жауынгерін тұтқындайды да, Хиуаға апарып құлдыққа сатады. 1713 жылы 800 жігіттен тұратын сарбаздар Самараға балық апара жатырған керуенге шабуылдап, жауынгерлерін қы­рып тастайды. 1714-16 ж.ж. қазақтар казак-орыс отрядтарына әлденеше рет шабуылдаған. 1718 ж. қазақтар мен қарақал­пақ­тардың 20 мыңдық әскері Теке қаласын қоршайды. Бұл бір айға созылады. 1719 ж. шілдеде Әбілхайыр 20 мың әскер­мен қаланы қайта қоршауға алады. Қазақтар Теке қаласын басып алуға сәл қалады. Күз түсісімен елдің мазасын алып қоймаған Еділ қалмақтарына (орыс-казак отрядтарының одақтастары) шабуыл жасайды. 1720-21 ж.ж. казак-орыстар бірнеше рет қазақ жеріне шабуылдар жасайды. 1720 жылдың қыркүйек айында қазақ әскерімен орыс-казактарының арасында Самара өзенінің бойында қанды шайқас болды. Тұтқынға түскен 50 қазақ жігітін өлтіріп «ерлік жасағаны үшін» атаман Никита Бородин Ресей патшасы І Петрдің мақтау грамотасымен марапатталды. 1721 жылы орыс-казактар мен қалмақ­тардың атаман Балмашнов басқарған тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұтқындар мен мал айдап әкеткен. 1722 ж. қаңтарда 300 қазақ сарбазы қарымта қайтару үшін Шаған өзені жанындағы қысқы станицаға шабуыл жасап, 70 казак-орысты айдап әкетеді. Осы жылы ақпанда қазақтар Теке қаласы жанындағы жылқы табынын айдап кетіп оларды түгелдей жаяу қалдырады. Сондықтан, Яицкий казак- орыс әскерлері І Петрдің Персия жорығына қатыса алмай қалады. Бұған қатты кектенген І Петр қазақ елін түгелдей жаулап алуды ұйға­рады. Жоңғарларды артиллериямен қару­лан­дырып және оларға жаңа қаруды үй­ретуге капитан И.Унковскийді жіберіп, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырады. Батыстан казак-орыс отрядтары мен қалмақ әскерлері Қазақ­станға шабуыл жасайды. Шығыстан келген жоңғарлар Түркістан қаласына дейінгі жерлерді түгел басып алып, елді азып-тоздырды. Ал, батыстан баратын орыс әскерлері мен қалмақтар Түркістанға жете алмады. Себебі, сақадай сай Әбілхайыр әскерлері оларды тоқтатып қана қойған жоқ, қырып салды және Еділден әрі қарай асырып қуды. Сол шай­қастардың бірінде қалмақ ханы Аюке өлтіріледі (1724). 1723-1724 ж.ж. Әбілхайыр Теке қала­сына бірнеше рет шабуылдайды. Осы кезде орыс-казактармен, қалмақтардың жақсы қаруланған отрядтары мен қазақ әскері Утва, Самара, Шаған өзендері бойында бірнеше рет бетпе-бет келіп шай­қасқа түседі, қырғын соғыстар болады. И.Тимофеев, И.Логинов, Никита Бородин бастаған казак-орыс отрядтары көп шығынға ұшырады. Орыстар жағынан 170 адам қаза тапты, көп адам жаралы болды. Көптеген жауынгерлер тұтқынға түсті. Осылай қазақ елінің басына түскен ауыр күндер Ақтабан шұбырындыға ұқсас жағдай Жайық орыс казактары мен қалмақтардың да басына түсті... 1725 ж. екі жақ тұтқындар алмастырады. Ақтабан шұбырынды кезіндегі Әбіл­хайырдың осы бір жанкешті қимылы мен іс-әрекеті дер кезінде болды. Батыс­тан келе жатқан орыс пен қалмақтардың жойқын шабуылын тоқтатпағанда қазақ елі түгелдей орыс басқыншыларының қол астында қалатын еді. Сондықтан, Әбіл­хайыр бас­қарған Кіші жүз қазақтары Ақ­табан шұбырынды апатына ұшырамады. Керісінше күшті жауды уақытында тоқ­татып қана қойған жоқ, сондай-ақ оларды талқандап Батыс жақ шекараны қауіпсіздендіріп болған соң, Жоңғарларды талқандап қазақ елін басқыншылардан тазартуға қызу кірісті. Сонымен, І Петр­дің жоспарын жүзеге асырмай сағын сын­дырған еді. Осы тарихи оқиға туралы И.В.Ерофеева: «...Военные походы Абулхаира в 1723-1726 гг. в улусы волжских калмыков убедительно показали, что он оказался очень способным учеником и уже через несколько лет после ухода от Аюки поражал своих сподвижников и ближайших кочевых соседей в Поволжье и на Южном Урале не только дарованной ему от бога могучей физической силой, но и исключительным воинским мастерством» – деп жазып әділ бағасын берген еді. (3) Батыстағы шекараны бекі­тіп, қамсыздандырған Әбілхайыр, енді, жоңғарлардан Түркістанға дейінгі қазақ жерін тазартуға кіріседі. Әбілхайыр 1726 ж. Ордабасыдағы халық жиналысында қазақтың үш жүзінің әскерін бас­қаруға қолбасшысы болып сайланды. Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729/30) ойраттарды тал­­қандаған соғыс­тарда қолбасшылық қа­білеті ерекше көрін­ді және қазақ елін та­рихта бұрын соң­ды болмаған үлкен қасіреттен құтқарған Әбілхайыр сынды қазақтың баласы еді... Қорыта және қысқаша айтқанда 1730 жылға дейін Ақтабан шұбырынды оқиғасы аяқталды. Бұл қазақ еліне Ресей жасаған қиянаттардың ең үл­кені еді. Тарихтың осы уақытқа дейін бұрма­ланғаны соншалық, Әбіл­хайырдың ерлі­гі мен халық алдындағы қызметі айтылмай келді. Ресейдің кезекті қиянаты, осы бір қиын жағдайдан қазақ елін құтқарған Әбілхайыр сынды батыр қолбасшыны осы уақытқа дейін Ақтабан шұбырынды оқиғасындағы рөлін айтпақ түгілі, Ресейге қазақ елін бодан қылды деп нақақтан айыптап келді. Оның Ресей патшасына 1730 жылы жазған «тарихи хатында» бодандық туралы бір сөз жоқ, онда тек башқұрт халқымен арадағы үзіліп кеткен достықты қайта орнату болатын. Алайда, тарихшылар осы уақытқа дейін сол хаттың орысша аудармасын пайдаланып келген... Сондай-ақ, Әбілхайыр ешқашан Ресейге бодан болу үшін ант берген жоқ. 1738 жылы Әбілхайыр өмірінде тағы бір ерекше оқиға болды. Оның сол жылы Башқұрт халқының Ресейге қарсы кезекті көтерілісіне көмек көрсеткені болды. Ресей басшылары ұзақ уақыт көп еңбек етіп қазақ пен башқұрт халықтары арасындағы достықты бұзуға көп еңбек сіңіргенін біз жоғарыда айттық. Башқұрттармен достық қатынасты орнату үшін Патша ағзамға хат жазбасаңыз болмайды дегенге алданып қалған Әбілхайыр 1730 жылы хат жазып еді. Сол хатты осы уақытқа дейін бодан болу үшін жа­зылған хат деп Ресей басшылары жасырып келгенін жоғарыда көрсеткенбіз. Міне, сол 1738 жылы башқұрт көте­рілісін басу үшін қазақтарды айдап салып бір оқпен екі қоянды атып алмақшы болды. 1738 жылдың ақпанында генерал Татищев Әбілхайырға хат жолдап – Баш­құрттардан қазақтар кек алуына жақсы жағдай туды. Әрбір башқұрттың басын әкелген қазақ жігітіне 60-100 рубль ақша беремін – деп хабарлады (3а). Сонда, Әбілхайыр ақшаға қызыққан бірде бір қазақты жібермеді. Себебі, Татищев ұсынған ақшаның көптігі сонша, 60 сомға 12 жақсы ат, әлде 20 жақсы сиыр алуға болатын еді. Керісінше Әбілхайыр бұрынғыдай башқұрттарға көмектескен. Алайда, осынау тарихи оқиғаны Ресей тарихшылары әдейі бұрмалап айтып және жазып келе жатыр. Әрине, мұның бәрі Әбілхайырдың тарихтағы рөлін мұқату үшін жасалған кезекті қиянаттың бірі. 1742 жылдың басында Орынборға И.И.Не­плюев келген соң Әбілхайыр хан мен Ресей арасындағы жағдай бұрынғыдан бетер шиеленісіп кетті. Әбілхайыр патша өкіметімен достық жағдайды орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда, оны Ресей, яғни, Неплюев басқарған Орынбор басшылары ақтамады. Мысалы, 1744 жылы Әбілхайыр патша өкіметінен достық қатынас бола ма деген үмітпен орыстардың тұтқынға түскен 30 солдатын қайтып берді. Жалпы, 1742-48 жылдары Әбілхайыр орыстардың тұтқынға түскен 1182 cолдатын қайтып берді (4). Дегенмен, Неплюев тарапынан Қазақ еліне және Әбілхайырдың өз басына жасаған қиянаты толастамады. Әбілхайырды өлтіруге Барақ пен Күшік сұлтандарды жалдап алды. Олар қол астындағы азғантай елмен Ресейге бодан болу үшін 1735 жылы Орынбор басшысына ресми хат жазған екен. Бұл өтініш Неплюевке аспаннан іздегені жерден табылғандай болды. 1742 жылдың күзінде Барақ пен Күшік сұлтандарға үлкен құрмет көрсетіп Ресейге ресми бодан қылды, көп сыйлық берді. Олардың негізгі міндеті Әбілхайырды өлтіру ғана болды. Сол күннен бастап Барақ сұлтан бастаған топ әртүрлі сылтаулармен Әбілхайыр ханға тиісе бастады. Әрине, барлық жанжал Неплюев тарапынан ұйымдастырылды. Хан болуды асыға күткен Барақ сұлтан жатпай-тұрмай Әбілхайырды өлтіруді ойлады. Ал, казак орыстар мен қалмақтардың қазақ еліне шабуылдары да көбейіп кетті. Әбіл­хайыр да оларға тойтарыс беруден жа­лықпады... Үлкен қақтығыстардың ішінде 1746-47 жылдардағы шайқастарды ерекше атау­ға болады. 1746 жылдың 1 ақпанында Әбіл­хайырдың 1500 жігіті Гурьевке жақын жердегі Яицкий форпосты жанынан айналып өтіп Жайық пен Еділ арасындағы қалмақтарға жойқын соққы берді. Сондай-ақ, көптеген орыстардың, яғни, ка­зак­тардың ба­лықшылар поселкесін тал­қандады. Әбіл­­хайырдың осы шабуылында 75 қал­мақ қаза тапты, ал, тұтқынға алынып әке­тіл­­ген орыс пен қалмақтың саны – 638 адам. Сол тұтқынға түскендердің ішінде орыс көпестері А.Ганюшкин, И.Ветлюгин тағы казак отрядтарының басшыларының бірі А.Версин т.б. бар еді. Сондай-ақ, қал­мақтардың бірнеше табын жылқысын айдап әкетті. Келесі жылы, 1747 жылдың қаңтар айында 500 қазақ жігітінен құралған әскер Еділ өзеніне дейін барып қалмақ ауылдарын талқандады. Бұл ретте казак орыстар отрядтары мұқият дайындықпен отырғандықтан көп қарсылық көрсетіп, қиян-кескі шай­қастар болды. Екі жақтан да көп адам қаза тапты. Әбілхайыр жігіт­терінен қаза тапқандар 50 адам еді (4а). Осылай Ресей мен Әбілхайыр арасында қақтығыстар толастамады, керісінше өршіп кетті. Ресей басшылары Әбілхайыр тірі тұрғанда Қазақ елін отарлай алмайтын болған соң оны өлтіруді тез арада бір жағына шығару үшін Бараққа төтенше тапсырмаларды берді. Ақыры есіл ер, батыр қолбасшыны қапыда қолға түсірудің сәті түсті. Қабырға өзенінің Үлкүйекке құятын жерінде қапыда аз адаммен қоршауда қалған Әбілхайыр өлтірілді... Бұл 1748 жылдың 1 августі болатын. Осылай өмір бойы қазақ елін қорғап, ат үстінде өмірінің 48 жылын Ресейге қарсы соғыста өткізген есіл ер, қазақ елінің ұлы перзенті қаза болды. Оның өмірі теңдесі жоқ батырлық пен ерліктің, қазақ елінің ұрпағына үлгі болатын рыцарлық ғұмыр еді. Ақтабан шубырынды оқиғасына Ресейдің қатысы

Шын мәнінде, Әбілхайыр болмағанда 1723 жылы Ресей Қазақ елін түгелдей жаулап алатын еді. Ресей басқыншыларымен ес білгелі соғысып жүрген Әбілхайыр өз жауынгерлерімен әрқашанда сақ отырған. Себебі, Ресей тарапынан ешуақытта жақ­сылық болмайтынын ол біледі. Жоңғар­ларды да, қалмақтарды да, әрқашан Ресей қазақ жеріне айдап салып отырғанын да жақсы біледі. Осы жерде Жоңғарлар мен қалмақтарға қатысты және қазақ елінің басындағы аса ауыр кезеңге тарихтағы І Петрдің рөлін көрсетуге міндеттіміз. Жоғарыда айтқанымыздай, 1580 жылы құрылған Яицкий казачьи отрядтың негізгі міндеті қазақ жерін басып алып Жайық өзенінің бойын түгелдей Ресей құрамына кіргізу болатын. Олар қаншама шабуыл жасап елді аздырғаны белгілі, алайда, Кіші жүз қазақтары да қарап жатпады, тойтарыс беріп отырды. Осынау 1580-1730 жылдардағы 150 жылға созылған қырғын соғысты белгілі зерттеуші М.Әбдіров: «...С конца XVI – начала XVIII в. начинается ожесточенная и кровополитная, длившаяся 150 лет, казахско-казачья война. С этого момента вся ис­тория взаимоотношений казахов с яицкими /Жайық өзені/ казаками заполнена взаимными набегами, враждой захватом пленных и угоном скота. Борьба шла не на жизнь, а на смерть, с переменным успехом, и в этой борьбе не было ни победителей, ни побежденных, никто не хотел уступать (5) – деп жазған болса, қазақ елінің басына түскен соншама ауыртпалық туралы: «...Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков, отстаивших право на мирную жизнь на древней, исконно своей территории...» (6) – деп жан-жақты анықтамасын берген болатын. Ал, екінші 150 жылдық (XVIII бен XIX ғасырлар) аса қиын кезең туралы Х.Досмұхамедов : «...Осы екі ғасырдағы патша өкіме­тінің жұмысы қазақты әбден бағын­дырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды. Қазақтың амалы таптайын деп тұрған патша өкіметінен құтылу болды. Дәуірлеп келе жатқан орыс байларының капиталымен жауласам деп, Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды» (7) – деп толық бейнесін берген еді. Осылай Кіші жүз қазақтарының Ресей басқыншыларымен соғысы әрқайсысы 150 жылдан тұратын екі кезең, демек барлығы 300 жыл соғыс. Осы Кіші жүз қазақтары мен орыс казактары арасындағы қырғын соғысты М.Әбдіров: «...Они были хорошо вооружены и обучены, прекрасно организованы, дисциплинированы, обладали громадным опытом борьбы с покоренными народами, Вот с такими отборными воинскими отрядами 300 лет воевали қазахи за свою свободу и независимость, отстаивая родную землю...» (8) деп мінездеме берген еді. 1692 жылы Ресей мемлекет басына І Петр келген соң орыс әскерлерінің Қазақ жері­не жаңа қарқынды шабуылдары бас­талды. Себебі, І Петр қалмақтардың ұйым­­дасқан қарулы отрядтарын қазақ еліне айдап салып отырды. Аюкені қалмақтың ханы етіп тағайындап, барлық титулды, барлық сыйлықты соған берді. Оның негізгі міндеті қазақ елін шауып қирату ғана болды. Аюке хан тегін сыйлықтар мен арзан титулдарға қызығып өз қандастарын өлімге айдап отыр­ғанын түсінбеген болар. Түсінген болуы мүмкін, тек, өлер алдында 1724 жылы қалмақтардың Әбілхайыр қолынан қы­рылып жатқанында ғана.

І Петр және Ақтабан шұбырынды

Қысқасын айтқанда І Петр Ресей мем­лекеті басына келген күннен бастап Қазақ мемлекетіне қатты шүйілді, яғни, 1725 жылы өлгенінше біздің халқымызға жамандығын аямай жұмсапты. Әбілхайыр Ресейдің ұлы патшасының сағын мықтап сындырды. Енді, ол қазақ елін басқаша жолмен бағындыруды көздеді. Оның ойынша қазақ басқа халық­тан артық емес. Ресейге бағынған талай халықтар бар, қазақ солардың бірі ғана. Тек, Әбілхайыр сияқты жанкешті ұлдары болмаса... Оның көзін құртпай жоспар іске асатын емес, І Петр Әбілхайырдың мөрі басылған бір хатты қолға түсіру керек деп ұйғарды. Сонсоң оның көзін құртуға болады. Сеебебі, ел ішінде оның орнын көздеп жүрген бақталас табылады... Сонымен І Петр Әбілхайырдың қолы қойылып мөрі басылған бір хатты қалай болмасын қолға түсір деп Тевкеловке қатты тапсырды. Ол ондай тапсырманы ауызша да, жазбаша да берген екен. Тевкеловтің қағаздары арасында талай документтер табылды. Енді, тарихи хат жаздыру туралы идея І Петрдікі болғанын дәлелдейтін мына бір документті қарайық. І Петр Астарханға кел­генінде Тевкеловке мынандай указание берген: «стараться, ...несмотря на великие издержки, хотя бы до миллиона держать, но токмо, чтоб только одним листом под протекцию Российской империи быть обязались»...(9). І Петрдің бұл арманы өзі өлген соң 6 жылдан соң орындалғанын білеміз (1731). Бірақ, бұл хаттың мазмұны осы уақытқа дейін айтылып келгендей бодан болуға берілген хат емес еді. Башқұрт елімен бұрынғы достықты орнату үшін жазылған хат болатын. Алайда, осы уақытқа дейін біз оның орысша жалған аудармасын пайдаланып келіп, нақақтан Әбілхайыр сынды тарихи тұлғаны айыптап келіппіз (10). Әрине бұл басқа мақаланың үлесінде. Біздің бұл жерде айтпағымыз, осы бір қазақ халқына жасалған кезекті қиянаттың өзі де І Петр­ден шыққанын еске салып өту ғана. Әрине қазақ еліне қиянат пен қастандықты үйіп төккен Ресей патшасы жалғыз І Петр емес, басқаларының жасаған жамандықтары да жетерлік. Алайда, солардың бәрінен Ақта­бан шұбырынды оқиғасы асып түседі. Ақтабан шұбырынды оқиғасындағы та­рихи тұлғаның бірі И.Унковский. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихының барлық кітаптарында оны дипломат деп жазып қазақ еліне жасалған қиянаттың негізгі авторлары екені әдейі жасырылып келді. 1722 жылы Жоңғарға дипломат деген бүркеншік атпен барған Иван Унковский – сол кездегі жаңа соғыс техникасы артиллерияның маманы еді. Ол сонда жаңа қаруларды жоңғарларға үйретіп қана қойған жоқ, Қазақ еліне қай уақытта, қай жерде тұтқиылдан шабуыл жасау керектігін үйретті. Қысқасын айтқанда Ақтабан шұбырындының авторы І Петр мен Ресей әскери министрлігі дайындап жіберген Унковский. Ал, осынау, шығыстан бас­талған стратегиялық жойқын шабуылды орындаушылар жоңғарлар, ал, батыстан келе жатқан қалмақтар мен казачьи отрядтардың жойқын шабуылы енді басталғанда Әбілхайыр оларды тоқтатып қана қойған жоқ, көп адамын шығынға ұшыратып қырып жіберді. Қалмақ ханы Аюке (І Петрдің сүйген құлы) сонда қаза болып еді... Егер, Әбілхайыр шұғыл қимыл жасамағанда Ресейдің жақсы қаруландырып отырған Еділ қалмақтары Түркістанға дейін келіп жоңғарлармен қосылатын еді. Демек қазақ жері түгелдей жаудың қол астында қалатын еді... Мұнда айта кететін жәйт, Қазақ хан­дығы алғашқы күнінен бастап Еуро­паның огнистрельный оружиясына қолы жетпей изоляцияда тұрды. Бұл әрине, Ресейдің ісі екені рас, ал, шығыстан Қытай өткізбеді. Керісінше, Қазақ елін қысып тұрған екі империя барлық көмегін Жоңғарға берді. Текке берген жоқ, Қазақ елін құрту үшін берді, яғни, оларды ашық өлімге айдап салды. Ресейден көп көмек алып тойынған жоңғар хандары бағынбайтындай қылық көрсетіп еді, қытайлар оларды қырып салды/1757/. Жоңғар әскеріне басшылық етіп қазақ елін қырғызған артиллерия капитаны Иван Унковский 1-2 жылдан соң көз жұмды. Зерттеушілердің ойынша, оны қазақ елінің қаны мен қарғысы жібермеді. Дәл сол кезде І Петрдің өлгенін де ұмытпауымыз керек. Осы оқиғалар кездейсоқ жағдай болар ма? Мысалы, 1916 жылы қазақ елін қырғынға ұшыратқан Ресей патшасы 5 айдан соң өзі тақтан түсіп еді. Ал, 1986 жылы қазақ жастарының қанын жүктеген Кеңес өкіметі 5 жылдан кейін ғана құлап еді... Қазақ елінің басында болған осындай ауыр күндердің ерекше ұқсастықтары бар.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Х. Досмұхаметұлы. Аламан. Ташкент. 1926. 53-бет. 2. Мякушин Н.Г. Сборник уральских казачьих песен.-СПб. 1891. стр.47. Огни Мангышлака, 1973, 22 ноябрь. 3. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир полководец, правитель и политик. А.1999. cтр.99. 3а. Олкотт Марта Брил.Әбілхайыр хан. (қазақша аудармасы). «Аруана» газеті. 1994, 23-қыркүйек. 4. Рычков П. Топография Оренбургская, Часть 1. СПб, 1762. стр. 158, 191. 4а. Көмеков Б.Е. Өтениязов С.К. Әбіл­хайыр хан (1685-1748).в кн. Әбілхайыр хан. А. Арыс. 2004.177-221 беттер. 5. Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. А.1994. 44 и 45 беттер. 6. Сол кітапта. 7. Х.Досмұхаметұлы. Аламан. Ташкент. 1926. 8. Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. А.1994. стр.7-8 . 9. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир полководец, правитель и политик. А.1999. cтр.79. Разные бумаги генерал-майора Тевкелова об Оренбургском крае и киргиз-кайсацких ордах.// Временник МОИДР. 1852,кн.13, с.15. 10. Исин А. Әбілхайырдың хатын қалай оқыған дұрыс. «Абай» журналы. 2001, №2.

1012 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз