• Еркін ой мінбері
  • 11 Сәуір, 2017

КӨЗБОЯУЫ ЖОҚ КӨРІНІСТЕР

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы

Алматыда да, Шымкентте де, барлық жерде зат сататын жерлер «Адал» деп аталады. Осының бәрінде адал адамдар тұр ғой деп ойлайсың. Тіршілігімізге қам-қарекетіміз сай болсын. Бұл – бүгінгі күннің тырбаңы. Бензин құбыры да «Адал» деп аталады. Адам адал болса екен.

*** Бір хатшы қыз бастығына «Баран» деп зекіпті. Бастығы – қазақ, хатшысы – орыс. Бұл – социализмнің серенадасы. Осы оркестрдің бас дирижерін қашан ауыстырамыз? Қалай ауыстырамыз?

*** Бәрі сырықтай бір медбикенің аузына қарап тұр. Көкшіл көзді медбике кішіреюді білмейді, ел мен жер менікі деп, бәріне биіктен қарайды. Әсіресе, бір ауыз орысша білмейтін таяқ сүйенген кейуанаға қиын болды. Қай бөлмеде, қандай ем қабылдайтынын айта алмай әбден састы. Мен ем қабылдау кітапшасына үңіліп, «Лазер бөлмесі екен, қарағым, зекімей сөйлесейші» деп едім, «Не ваше дело», – деді маған да зекіп. Бәрі оның аузына қарап, білген орысшаларын қиыннан қиыстырып, өмір сүру үшін белді бекем буған. Оу, олар ертеңін неге ойламайды. Үлкенді де, кішіні де әлгі орыс әйел өз еркіне бағындырған сыңайы бар. Біздің мемлекеттік тіліміз қайда қалды? Бұл – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Сары­ағаш» шипажайындағы көрініс. Солтүстік Қазақстандағы «Бурабайдың» көрінісі қалай екен? «Сары­ағаштағы» бір әйел бәрін билеп-төстеп барады. Ертең бас дәрігерге кіріп, көңілімдегі кірбіңді жеткіземін. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деген азаматтық ата заңым көкейімді тесіп барады. Өзімді көрсеткім келеді.

*** Ұялы телефонмен уланған ұрпақпыз. Қалалық телефондар алынып тасталып, тек ұялылар ғана белге байланып, адамзаттың он екі мүшесіне он үшін­ші мүше боп орналасты. Ер-азамат түгел соған бойұсынған. Әкесі өліп жат­са да қарамайды, «сотовый» шырыл­дап жатқанда сен басқа бір әлемде жүре­сің. Тіпті, кейінгі шал-кемпірлер де «ұя­лымен» сөйлесіп, бірінші кезекте сол өмірдің еншісіне бойұсынып асығып-аптығып барады. Ілуде бір «қалалықпен» тіл қатысқандар болмаса, «сотовый» барда «городскойға» ешкім елеңдеп тұрған жоқ. «Осыны алдырып тастау керек еді, босқа ақша шығындағанша» дегендерді де естіп қалдық. Бұл – заманға сай сөз. Ұялы телефон болса у сияқты. Ешкім де ет жүрегі елжіреп, төрт бұрышты темірден еш ажырамайды. Жүрек шіркіннің бәрі сол темірге төніп тұр. Адамзаттың бар қызығын түсі суық сол темір тартып алғандай. Осының бәрі адам мен атомның қиялы. Уды ішу оңай, шығару қиын. Ұялы телефонмен уланған ұрпақтың кейпі осындай. *** Ары өтсең де, бері өтсең де «Бейбарыс» деген мұнай құбыры. Қор болған қайран Бейбарыс-ай. Қазақтың қара сөзін қор қылмаса болмай ма екен? Түбі не болар екенбіз? Мұны Абай бір ғасыр бұрын айтып кеткен. Біз бүгін айтып отырмыз.

*** «По газонам не ходит, собак не выгуливат! Штраф!». Алматы гүлзарларының асты көк шөп, үсті ескерту. Ескертуі, тіпті, көбейіп барады. Жапондар бұған жалтақтап қарайды. Бұны құдаларым жапон болғасын айтып отырмын. *** Алматыда, кешегі Ленин атындағы, бү­гінгі Республика Сарайының алды құжы­наған бал арасы. Қалықтап ұшып, біресе иығыңа, біресе басыңа қонып, еркелеп еркін жүр. Кешегі көсем атындағы, бүгінгі рухани астананың ең бір көрікті жерінде алдына алжапқыш байлаған адамдар бал арасының түр-түрінің атауын айтып, араның шақпайтындығын, тек сатып алуды тілеп жүргенін тілге тиек қып қояды. Абай атамның тас мүсіні тұнжырап тұр, «Арман» кинотеатры да романтикаға беріліп, қолды бір сілтегендей сүлесоқ. Суы көкке шапшыған әсем бақта біреулер етпеттеп жатса, біреулер итпен қыдырып жүр. «Итпен қыдыруға 50 теңге айыппұл» деген құлақтандыруға құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Абатбақтың бәрі кір-қоқыс. Алатаудан басталған берекесіз тіршілік «мені көрдің бе?» деп көзге шұқып тұрғандай. Ең жаманы – Республика Сарайының алдындағы қазқатар тізілген әжетханалар шоғыры. «Бұны қашан жинайсыңдар?» деп едім, «Бал арасының көрмесі біткесін» деп жауап берді алдына алжапқыш байлаған көккөз әйел. Бір ара қалықтап кеп иығыма қонды. – Қорықпаңыз, шақпайды, сатып ал­саңыз болды, – деп шек-сілесі қатып күлді әлгі әйел. Қорқақ боп тәрбиеленген ұрпақтың көрінісі осындай. Мұнтаздай мәдениеттің бірі де жоқ. Қайран Алматы! Мына жердің иісі де жаман. Бал арасы мен әжетхананың арасы да алыс емес. *** Қазақта кешігіп келу – «мода». Кешігіп жүруді үлкен де, кіші де мәртебе көреді. «Қой, кешігіп барайық, ұят боп жүрер» деп, кешігіп келуді сарабдал көрініске санайды. Сөйтіп, кешігу – тойдың салтына айналған. «Уақтылы бару ұят қой. Бәрібір бір сағатсыз басталмайды» деп тұрғанда ол екі сағатқа ұласып кетеді. Қай тойға бар­саң да біреуді күту. «Пәленше келеді, ерте бас­тап жібергеніміз ұят қой» деп, бет-моншағы төгілген біреу. Тіпті, туған күн кешінде де достарын күткен жас жігіттер. Осы кешікпей жүруді қашан дәстүрге айналдырар екенбіз. Тағы да шығыс салтын мысалға аламыз. Тағы да жапон құдаларымды жағым талмай айтамын. Олар неде болса дәлме-дәл, сағат тілі 00-ді көрсеткенде бастап жібереді екен. Сағаттың тілі олар үшін адамды сыйлаудың салты. Келмеген адам өзіне-өзі өкпелі, өзіне-өзі күнәһар. Оларда кешікпеу күнә. Біз өзімізге өзіміз жалтақтап, уақтылы келсек, тойдың көркін бұзған біреуді көргендей боламыз. Ол – тойдың көркін келтірген ең дәс­түршіл адам болар еді. Қазақ бәрінен алда. Қайта құруда қазаққа ешкім жетпейді. Қайта құру дегенім, қайта құру, Атымды қайта ерттеп, қайта міну... Енді кешікпей жүрсек... Ол өз қолымызда... Ақындар айтысында да алдымызға түскен ешкім жоқ. *** «Әдебиет – спорттық терминологияның тілімен айтқанда – «запаста қалды», – дейді Олжас Сүлейменов бір сөзінде. Ал, алаңда мүлде басқа ойыншылар. Бұрынғы ойыншылар негізгі құрамға қайтып оралса ғой. Жаттықтырушыларды да жаңарту керек. Ең бастысы, алаң жаңару керек. Көк шөп өсіп, иісі мұрын жарып, көз жауын алып тұрса ғой, шіркін!» Оған дейін айқай да аз болмайтын шығар. Кәдімгі жанкүйерлер айқайы. Шын жан­күйер­лер жаны шырқырап тұрса, оған не дерсің! Әзірге алаңда мүлде басқа ойыншылар. Билет те арзандап кетті. «Запастың» аудармасын іздеп жанталас­қан біреу. Әдебиеттің өзі «запаста» қалғанын Олжастың өзі айтып тұр ғой. «Түсіндірме сөздіктен» «Запастағы қа­лам­­гер» деген сөзді іздеп таба алмай жүрмесек болғаны. *** Пьеса жазу «модаға» айналды. Кешегі прозашылар – үлкені бар, кішісі бар – бәрі драматург. Бір ғажабы – қай жер болмасын, қаны тамбай қойылып жатады. Бұған да шүкір, егер қоймаса, тесіктен сығалаған қаламақыдан да қағылар едік. Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала»-сы қойылғанда біз студент болатынбыз. Балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанып, спектакль біткесін Қасекең қайта-қайта қара киінген гестапоны құшақтап сүйіп, сәлден кейін ғана бас кейіпкердің қолын алып, ризашылығын білдірді. Бұл – социализм салтына сай келмеді, партия, кеңес орындарынан келгендер түксиіп тұрып қалды. Қасекең болса, «Өлтіріп орындады ғой, талай гестапоны көріп едік» деп шынын айтты. Қазір бала да, гестапо да көзге көрінбейді. Шекспир биіктен қарап тұр. Бір күні біздің ауылға да келіп, «осы сендер не істеп жүрсіңдер» деп, бәрімізге түйіле қарап, түйінді сауал қояр. Әзірге сахна ашық.

*** Сыр бойындағы бір ауыл дүркіретіп «халал» той жасапты. Жұтқыншағы бүлкілдеп, жұтынып қоймағандарға зыр жүгірген жігіттер шәйнекпен «ақ шәй» әкеліпті. Артынша беттері қызарып, сөзден жаңылған жігіттер ақ шәйнектің қақпағын ашып тастапты. Даяшы жігіттер де ара-арасында сүрініп-жығылып, көңілді күйге түсіпті. Бүгінгі «халал» тойдың көркі осындай. Соңынан елдің үлкені екі жасқа бақыт тілеп, бата беріпті. Батагөйді шығарып салға­сын шәйнекті қырлы стакан қырына алып, еркін көсіліпті. Басқа жерлерде қалай екен?!

*** Қадырдың «Жүрек шіркін дүрсілінен тан­байды» деген өлеңі жатсам да, тұрсам да есімнен кетпейді. Оны оқыған да, оқымаған да бар. Жүрек – барабан. Дирижер-өмір солқылдатып соғып тұр. Адамзат соның жете­гінде. Сауаттысы да, сауатсызы да екі аяққа дамыл бермей барынша жер тепкілеп жүр. «Жүректі оң жағыңа алып жат», – дейді дәрігер. Өз басым өмір бойы сол жағыммен жатып, қашан таң атып, талықсығанда ғана ілдалдалап оң жағыма аунап түсемін. Сонда жүрегім биікке шыққандай болады. Солақаймын. Бала күнімде футбол ойынында біреудің қақпасына салған голдарым болушы еді. Осының бәрі солақай тірліктің көрінісі. Бәріне алпысқа жеткенде қаныққан­даймын. Барабан-жүрек соғып тұр. Әйтеуір, итініп «гол соғып» жүрміз. Өмірдің пысықай барабаншысы емеспін. Бұл өмірге солақай барабаншы да керек шығар? *** Келінім жапон қызы. Жапонның салты мен дәстүрі өнбойында алаулап тұр. Өзі ағылшын тілінің маманы. Бірақ, олар үшін 13 жасқа дейін үйде отырып бала тәрбиелеу – үрдіс. Қазақ баласын қазақ балабақшасына беріп, онан мектепте 42 әріпті ә дегеннен тұла бойына үйіріп, қазақтың болмыс-бітімін өнбойына сіңіру – арманы. Ол көштен қалмау керек. Оған тәнтіміз. Бір байқағаным – баланың өнбойынан нағашыларының тілін сіңіру де бай­қалады. Жылына бір рет келін туған жеріне барып қайтқанда бұған тәнті боламын. Қайтарда немерем Шымкентте тұратын сыныптастары Сағым мен Қаңтарбайды көргенше асық, солардың әр сөзін естігенше ентігіп тұрады. Үйге келіп, «Арман» кинотеатры мен Республика Сарайының алдында темекі шегіп, бір-бірімен орысша тіл қатысқан кейін­гілерді көргенде, келінімнен ұяла­мын. Немерем бірде сауал қойды. – Бұлар неге өз тілінде сөйлемейді? – Түбі сөйлейді ғой, – дедім мүдіріп. Қасымда жатса да «қайырлы таң» деп таңғы сәлемін аямаған немерем – ең жақыным. Бір нәрсені сұрай алмай аптығып, алабұртып тұр. Байқаймын, неге бәрі «Менің Қазақстанымды» айтып оянбайды» деп, ой бөліскісі келеді. Қиял шіркін шікәмшіл. Бала көңілі кінәмшіл. Ол сұрамай қоймайды.

*** Ат қоюдан қазақтың алдына шығатын халық бар ма екен, сірә? Бәрін де көрдік, бәрін есіттік. ХХ ғасырдың ортасында осыған көз жеткіздік. Іс барысында бір қақсал кісімен таныс­тым. Побудзнам деп қол созды. Өзі қазақ. Мазақ қып тұр ма деп секемдендім де, қол бермедік. Сөйтсем, шын аты солай екен. «Победа будет за нами» деген үш сөзден құралған есім. Үш сөздің қосындысы сонда да әкесін соғыстан сақтап қала алмапты. Бұл да ерегісіп, құрама есімді сол күйі қалдырыпты. Біздің қазақтай заман мен мемлекетке, Сталинге етене берілген ел бар ма екен?! Өзбек пен қырғызды жау алмай-ақ, өзді-өзі боп жамауын жамап, тігісін тігіп өмір сүріп кетті. Біз жандайшаптықтан алдымызға жан салмасақ та, қоғамның ала көзі біз дегенде бұртиып қарай берді. Оған Желтоқсан көтерілісі куә. Желтоқсан жанымызды сақ­тап қалды. Қайрат пен Ләззаттың ырсиған қабыр­ғасынан Горбачев әлі күнге сығалап тұр. ... Әкесін көрмесе де Побудзнам осыған күмәнмен қарайды. «Кейінгі балаларыңыздың есімі кім?» деп едім, «Ұл болмады. Онан кейінгі немерелер де қыз, олар да Мариана мен Тамара боп, жиырмасыншы ғасырдың соңындағы қазақты бетке ұстап тұр», – деді мұңайып. Ақсақал темекі тұтатты. Өзі де орысша араластырып сөйлейді. Айта алмай тұрған арманы да бар. Оңашада төлқұжатын көрсетті. Побудзнам деген қолмен жазылған көне жазу көмескі тартып, әкемді көрсем деген перзенттік құлшыныс көзге елестейді. Соғыстан аман-сау оралса деген анасының арманы мен мұңы алаулап жанып, бір уыс боп бүрісіп қалғандай. Екі ғасыр бәріне куә. Ақсақал Сталинді жек көрмейді. «Әкемді өлтірген Сталин емес қой», – дейді тіке қарап. Желтоқсандықтардың ақталатын­дық­та­ры­на да сенімді. Сталин жеңіске жетті. Қазақ әкесіз қалды. Соның көрінісі мына отырған Побудзнам көкем. *** «Ресейдің» алдында шашы жалбыраған орыс жігіті ән салып тұр. Өзіне-өзі риза. Қай «Ресей» дейсіз ғой, Алматыдағы атышулы «Ресей» азық-түлік дүкені. Оның алды ел-жұрттан бір босамайды. Әсіресе, кешке қарай арлы-берлі жосылған халық. Жұрт жұмыстан қайтқанда қоржындары тоқ қайтады. Біздің қазекең көңілшек. Өздері артынып-тартынып келе жатып, гитарамен әуен айтып тұрған жігітке теңге тастап кетеді. Орысы да, қазағы да аянбайды. Мынау гитарашы жігіт өзіне қарап телмірген жасөспірімге «батасын» берді. «Сен түбі ұлы музыкант боласың», – деп еді, әлгі бұрылып кеп тағы бес теңге қосып берді. Осы Достық даңғылының бойы үлкен достықтың көрінісі сияқты. Түрік те, тәжік те осында, бала-шағасын ертіп, әйтеуір өзге ұлттардың бәрі осы Достық көшесінің бойына шоғырланған. Сірә, бір өздерінше ұжымдасқан ауызбірлігі де болса керек. Әйтеуір, қазақтың «арбасы сынып, өгізі өліп» жатса да олардың есебі түгел. Біз кім қай рудан шыққанымызды айтып, бас қатырып жатамыз. Шыр-пыры шығып, шайқасқа түскен біреу. Өзен күркіреп ағып жатыр. Абайдың тас мүсінінде тіл жоқ. Тіл болса соларды мәмілеге келтірер еді. Қазақтың несібесін жегендердің жөн-жосығын айтар еді. Алдымызда – 2030. Қайыршының бәрі көзінің астымен қарайды. Олардың «сырты бүтін, іші түтін». Теңге тастайтын біреу. Біздің «Әліппе»-міз де атын жойды. Бас­тауыш сыныптар бүлініп жатыр. 42 әріп тыпырлап, тырбаңдап, немерем не істерін білмей маған қарайды. Дәл қасында «Караван» газет-журнал дүңгіршегі түксиіп тұр. Бұл жерде бәрі бар, тек біз іздеген «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» жоқ. Достықтың бойынан бұларды таба алмай­сың. *** Тәкен (Әлімқұлов) басқаша сарын­мен жазады. Онда күй де бар, мұң да бар, адамға тән махаббат сарынын тек Тәкен табады. Қара қазаққа тән қара­пайымдылық өз-өзінен құйқылжып тұ­рады. Осының бәрі қалам ұшына қа­лайша үйіріліп қалғанына таң қалам. Қа­раңызшы, «Сарыжайлау», «Қаралы қобыз», «Көкейкесті», «Сары сыбызғы», «Кертолғау», «Телқоңыр», «Сей­тек сарыны» – адамзаттың біз біле бермейтін ғажайып дүниесі. Жазушыға тән бұл үйдің сарынын тек Тәкен біліп, кілтін Тәкен табады. Ол жұрт білмейтін бір күйді біледі. Қалам мен нота оның кәдесі. «Сейтек сарынын» тартып келе жатып ойға шомады. Әйтеуір, «Көкек айында» ойға шомса, «Ел мен жерді» жаңғыртып, бір өзгеше сарынның әуеніне салады. Оны кезінде Тәкен өз жерінде тарта алмай Мәскеуде тартқан. Олар Орта Азияның перзентін өзгеше түсінді. Сірә, сөз қадірін сезінген болар. Сарын да сезімнен құйқылжып тұрады. Ар жағында сөз сығалап тұр...

*** «Қазақ әдебиеті» газеті «...Ардың ісі» айдарымен «Жеке таным – шектеулі әлем» деп қаламгерлермен, әдебиет сыншыларымен сұхбат жүргізіпті. Жөн сөздің басын қозғапты. Қара сөздің қадірін түсірмейік деген келелі әңгіме күн тәртібіне қойылыпты. Тілшінің: «Әдебиетпен тұрақты шұғыл­дану мен бір-екі әңгіме жазып, тізімге еніп, жастардың қатарында жүру екі басқа. Әдетте «тізімге еніп алғандар» деп кей үлкендерді сөгетін жастардың ішінде де тізімге кіріп, еңбек етпей жүргендері қаншама» деген сауалына белгілі қаламгердің: «Кітабы шықпай тұрып, Одаққа өткен мысалдар біраз бар», – деген жауаптағы «өткен» деген сөз «өкен» боп жүр. Бәрін бүлдіріп тұрған да осы сөз сияқты. Мәселе осы бір әріптің тағдырында боп тұр ғой. Баспасөз бен қалам ардың ісін сөз қылғанда айналсоқтап кететін сияқты. Корректорлық қате болғанымен қалам тағдыры қасиетті орында сөз боп тұрған жоқ па?! Оның үстіне «ҚӘ» «Ардың ісін» сөз қылып тұр. *** «Егемен Қазақстанның» кезекті санына осы жылғы мемлекеттік стипендия ал­ғандардың тізімі шыққан екен. Қарап отырсаң, кілең тоқсанның тоғысына ілік­кендер мен сексеннің сеңгіріндегілер, жет­пістен асқан жампоздар. Бұлар – әде­биеттің тізіміндегілер. Іліксін. Әдебиет деген бір әлем ғой. Мен де сол әлемнің сойылын соғып отырмын. Оу, елу мен алпыстың арасындағыларда да асқазан бар емес пе?! Олар да бала-шаға асырап отырған жоқ па? Әсіресе, мынандай кер заман бүйірімізді бұлтитып тұрғанда... Осыны бөлек сөз қылсам деп отырмын... Бірақ кеме жүзуден танар емес. Қара нанды қаужап жесе тәтті емес пе? Жесін, бірақ бөліп жеуге болмай ма? Біздікі сөз ғой. Сөзді осылай сөйлеуді үйрендік. Тәуелсіздік осыған үйретті. Көз­бояудың кереметі де осы емес пе?!

*** Дәл ескі мектептің алдында екі директор бір-бірін алқымнан алып, жекпе-жек шығыпты. Неге екені белгісіз, сірә, таққа талас болса керек. Бір мезет зейнетке шығып, сонда да істен қалмаған ескі директор болашағы зор басшыны беттен періп жіберіпті. – Ағатайлар, сіздер болашақ ұрпақтың бетіне қалай қарайсыздар, – деп балалар шу ете қалғанда, жас директор арнаны бойлап тұра қашыпты. Жастың аты – жас, жеткізбей кетіпті. Ескі директор – фельд­маршал Паулюсті алдына сап айдаған соғыс қаһарманы, тұра қуыпты. Кейінгі ұрпақ: «Ағатайлар, ұялмайсыздар ма?!» деп, галс­туктері желпілдеп қосыла қуыпты. Осы көрініс өткен ғасырдың соңында педагогика тәліміндегі ел есінде қалған атышулы оқиға болды. Екеуі де болашақтың бетіне бақырая қарап, ардагер ұстаз өмірден өтті. Қаралы жиында Орта Азиялықтың фельдмаршал Паулюсті қалай тұтқындағаны егжей-тегжейлі айтылып, жас директорды арна жағалатып қуғанынан да көріністер бей­неленеді. Кейінгі ұрпаққа бәрі үлгі. Өмір осынысымен құнды. Жастар жалықпай тыңдап, кейбіреулер көз жастарын сығып алды. Бұл – Ильич тәлімін мұқият тыңдап, бүл­дір­шіндердің мойнында қызыл галстук желбіреп тұрған кезі еді...

458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз