• Ұлттану
  • 10 Мамыр, 2017

Ақылды қалашық және ақылды адам

Сағатбек Медеубекұлы, доцент

«Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан, 2017 жылғы 31 қаңтар)

Бастаманың баянды болуы – басшыдан

Осыдан тура алпыс жыл бұрын қасиетті қазақ топы­рағы­на кіндік қаны тамған сәттен бастап туған жердің қа­сиетіне құндақталып, туған елдің киесіне бөленіп ержеткен, азаматтық биіктіктен тұлға деңгейіне көтерілген, ол, қандай істі қолға алса да туған жер мен туған елдің болашағы үшін барын сала қызмет етіп, әр бастаған ісінің нәтижесін көрмейінше тынымсыз еңбектенудің арқасында ғылымда да, білімде де өзгелерден оқ бойы алда келе жатыр. Оның жаңашылдыққа деген құштарлығы, жасампаздыққа деген іңкәрлігі қоғамды алға жылжытуға, оның ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға игі ықпалын тигізуде. Әлемдік өркениетке, дүниежүзіндегі жаңалық атаулыға үлес қосуға ұмтылуы қай жерде, қандай қызметте істесе де оны ылғи көшбасшылық деңгейге шығарып келеді. Біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетіне ректор болып келіп, басқарудың жаңа үлгісін, инновациялық жүйесін жолға қойғанының нәтижесінде ұжымымыз бас-аяғы бес алты жылдың ішінде әлемнің ең үздік 800 университетінің алдыңғы екі жүздігінің қатарына енді. Тәуелсіз еліміз әлем назарын өзіне аударған тұста, ұлттық уни­верситетіміздің мәртебесі асқақтай түсіп, ұлт мақтанышына ай­налып отыр. Мұның бәрі ректор Ға­лымқайыр Мұ­танұлының жұмысты ұтымды ұйым­дастыру, білікті басқару, ұжымды ұйыс­тыруының нә­тижесі. Біз бұл шағын мақаламызға Ға­лым­қайыр Мұ­танұлының бастамасымен атқарылып жат­­­қан игі шаралардың бә­рін айтып сыйғыза алмаймыз. Мысалы, «Айналаңды нұр­ландыр» деген рухани кемелденуге жол ашатын әлеуметтік жобаны жан-жақты талдап айтуға болар; болмаса, осыған са­бақ­­тас, студенттердің парасат-пайымын, бі­­лімі мен білігін, танымы мен талғамын арттыруға игі ықпалын тигізер «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы іске асқалы бері жастардың кітап оқуға деген көзқарасы айрықша кеңігендігін сөз етуге болар; немесе биыл төртінші рет республикамыздың ал­пыстан астам ЖОО-ынан тоғыз жүзден астам студент өздерінің инновациялық жобаларымен, интеллектуалдық туындыларымен, тың тақырыптағы әдеби-заман сөздік шы­ғар­маларымен қатысқан «Мен жастарға сенемін» атты республикалық Жастар форумын алға тартсақ та жөн еді; сонымен қоса білім мен ғылым ордасын абаттандыру арқылы ҚазҰУ мекенін экологиялық таза қалашыққа айналдыру мақсатында бас­талған «Жасыл кампус» бағдарламасы жөнінде де тарқата айтуға болар... Әйтсе де бұлардан да жаңашыл, бұл бастамалардан да күрделі жоба – «ақылды қалашық» ор­натуға арналған еді.

Әл-Фарабиден Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін

Бүгінде дүниежүзі жұртшылығы Төр­тінші өнеркәсіптік төңкерістің та­бал­дырығын аттай бастағанына ерек­ше мән беріп, болашақтағы адамзат рөліне жаңаша көзқараспен алға жылжи бастады. Осы жаңа көзқарастар мен ғылыми жаңалықтар тоғысы нәтижесінде әлем­ халықтары тілінде «ақылды қала» де­­ген тіркес жиі айтылатын болды. Шын­дығында, бұл тіркес адамзат ойына күні бүгін ғана түскен жоқ, ондай ұғымның өмірге енуі әлемнің екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол осыдан мың жылдан астам бұрын «ізгі қала» немесе «қайырымды қала» деген түсінікті ғылыми айналымға қосқан болатын. Содан бері бұл тіркес өз мәнін жоғалтпаған күйі бүгінгі өркениеттің жаңа бастамаларына дейін келіп, енді «ақылды қала», «ақылды халық» деген ұғымдармен ұштасып отыр. Осыларға са­бақтаса енді қазақстандықтардың ғана емес бүкіл әлемнің назарын аударған «Ци­­фрлы Қазақстан» деген жаңа тіркес өмірге енді. Оны енгізген – ҚР Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев.

Алға нық қадам жасалған...

Қайырымдылық, ізгілік – жүректің ен­ші­сіндегі игі әрекеттер жиынтығы бол­са, ақыл­дылық,саналылық – мидың құзы­ре­тіндегі жаңарымдық ізденістер жиын­тығы. Ақылдың толысуы мен сананың жетілуі нәтижесінде Адам миының жаңа табыстары адамзат өмірін жаңа белестерге алып келді. Бұл өркениетті үдерістен жаһанның бір де бір елі тыс қала алмайды. Егер осы үдеріске өзі де атсалыспаса, өзгенің боданында қалатыны, басқаның шылауында кететіні сөзсіз. Тек жасампаздыққа ұмтыл­ғандар ғана озық елдер қатарына қосылып, өзгелермен тең дәрежеде алға нық қадам баса алады. Алға нық қадам жасауды біздің университетіміз де бастап кеткендігін нақты мысалдармен дәлелдеп көрелік.

Жағдаяттық орталық бәрін де бақылайды

Осыдан екі жыл бұрын Сингапур мем­лекеті «Ақылды халық» деген бағдар­лама қабылдағанда электронды техно­ло­гияның ең озық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың қауіпсіздігі мен тыныш та ыңғайлы өмір сүруін қамтамасыз етуді қолға алған болатын. «Виртуал Сингапур» жобасын іске қосқанда әр жерге орнатылған бейнекамералар көмегімен қаланың кез келген тұрғыны онлайын карта арқылы қай жерде не бар екенін көріп отыру мүмкіндігіне ие болған. Бұл үрдіс университетімізде де осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді. Ор­на­тылған бейнекамералар арқылы дәріс­ханадағы оқу үдерісінің барысын немесе дәліздердегі адамдардың жүріп-тұру әдебі мен мәдениетін, ортаның тыныштығы мен тазалығын көріп отырасыз. Сондай-ақ, студент оқу ғимаратына арнайы IT-картасымен турникет арқылы өтеді. Оның қай сағат­та, қай минутта өткені карта арқылы ғана емес, бейнекамера арқылы да жазылып отырады. Егер, ол студентке мұғалім «Универ» жүйе­сіндегі тізімде «келген жоқ» деген белгі қоймаса, бәрібір, турникетпен желі ар­қылы тікелей жалғасқан Жағдаяттық басқару орталығы оның келмегенін жадына сақтап қояды. Осы Жағдаяттық басқару орта­лығындағы мәліметтер бойынша 38 сағат сабаққа себепсіз қатыспаған студентке оқудан шығарылатыны жөнінде құлақ­тандыру келеді. Сондықтан да, студент са­бақ­тан қалмауға тырысады, мұғалім келмеген студентке «келді» деген белгі қоймайды. Сөйтіп, бұл технология студенттердің сабаққа үзіксіз қатысуына да, тұрақты да тия­нақты білім алуына да зор ықпал етеді.Бұл ғана емес студентке қатысты барлық дерек пен мағлұмат осы Жағдаяттық басқару орталығындағы цифрлы технология бойынша жасалған жүйелерде сақталады. Кез-келген ата-ана баласының қалай білім алып, қандай тәрбие-тағылым жинап жатқанын білгісі келсе, осы Жағдаяттық басқару орталығынан қолмақол алуына мүмкіндігі бар. Мұндағы кіре берісте тұрған сенсорлы үстөлге келіп қажетті ноқатты басса болды. Мысалы, ҚазҰУ-дің Журналистика фа­культетінде оқитын «Бәленше Тү­ген­шеев» керек болса, алдымен «университет», одан соң «факультет», одан соң «ка­федра», одан кейін «курс», одан соң «топ» түймесін басса болды, тіпті, тек фамилиясын толық жазса жеткілікті, әлгі студентке магистрант туралы барша мәлімет әп-сәтте көз алдыңызға көлденеңдеп шыға келеді. Ол қай Студенттер үйінде, оның қай қабатында, қай бөлмесінде және қанша адаммен әрі кімдермен тұрып жатқаны да осы үстөлден бірден біліп алады. Сенсорлы үстөл «Интерактивті бағдарламалық-ақпараттық кешен» деп аталады. Мұның бетіне ҚазҰУ қалашығының картасы қойылған. Қалашықтың осы картада бар кез келген нүктесінде қандайда бір жағдай бола қалса, ол сол сәтте карта бетінен бірден дөңгелек қоршаумен көрсетіледі. Сол нүктеде нақты не болып жатқанын білгіңіз келсе, қабырғадағы үлкен экранды қосасыз. Жағдаяттық басқару орталығы біздің университеттің цифрлық жүйе бойынша жұмыс істеу үдерісін жоғары сатыға көтерді.Қалашықтағы барлық ғимарат, барлық оқу залы мен аудитория, бүкіл қалашықтағы барлық нысандар осы орталықтың электронды бақылауында. Егер, қалашықтың бір жерінде қоқыс жатса, болмаса оқыс жағдай болып жатса немесе дәрісханада емтихан ере­жесі бұзылып жатса, Жағдаяттық ор­талық сол сәтте тиісті жерге хабарлап, қа­жетті шара қолдануға шақырады. Бұл тұр­ғыдан келгенде біздің ҚазҰУ қала­шығының жобасы «Виртуал Сингапур» жо­басы бағдарламаларынан еш кем емес.

«Kirtas Kabis III» – ғажап машина...

Біздің қалашықты цифрлы қалашық деп атауға негіз болатын тағы бір жетістігіміз бар. Ол – Орта Азияда теңдесі жоқ әл-Фа­раби Ғылыми кітапханасындағы «Kirtas KabisIII» деп аталатын цифрлы электрондық машина. 2009 жылы алғаш Америкада шы­ғарылған. «Бұл неғылған мәшине?» дейсіз ғой. Бұл – «Bookscan Editor» бағдар­ламасы бойынша 177 тілді анық тани алады, сол тілдердегі мәтіндерді пішіндейді, көшіріп алады, түзейді және минутына 30-35 бет, ал сағатына 3000 бет көбейтеді. Қолыңыздағы жалғыз дана кітаптың, өте сирек кездесетін қолжазбаның, құжаттың, суреттің, фотоның электронды нұсқасын әп-сәтте жасайды да JPEG, TIFF, PDF форматтарына көшіріп, өзіңізге керекті пішімге сақтап береді. Бұл электронды көшірме нұсқаны CD дискіге де ауыстырады және қажетті сайттарға да бірден жібере алады. Әл-Фараби Ғылыми кітапханасында тағы бір цифрлы мәшине бар. Ол – цифрлы сканер. Бұл да «Kirtas KabisIII» машинасының кейбір қызметін сапалы атқара алады.

«bizhub» маркалы аппараттар – ақылды...

Цифрлы машиналардың тағы бір түр­лері Қазақстандағы ЖОО баспала­ры­­ның ішіндегі ең үздігі – біздің «Қазақ уни­­верситеті» баспа үйінің баспаханасында жұмыс істеп тұр. Ол – Konika Minolta ком­паниясының «bizhub» маркалы кө­бейт­кіш аппараттары. Бұл аппараттар ең алдымен энергия қуатын үнемдегіштігімен ерекшеленеді. Автоматты түрде электр күшін белгілі бір уақытқа азайтады және қажетті мерзімге тоқтата алады. Сөйтіп, адамның көмегінсіз-ақ, өз қуатын өзі үнемдейді. Бағдарланған уақытта қайтадан автоматты түрде іске қосылады. Бұл үдеріс ENERGY STAR бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Келесі ерекшеліктері – 30-ға жуық тапсырманы жүктеп алады да керек кезде солардың қажеттісін жүзеге асыра алады; Ең бастысы – бұлар экологиялық та­лаптарға сай жасалған, шаңдатпайды, иіс шығармайды, қоқыс болмайды, дыбысы білін­бейді, тап-таза ортада ғана берілген бағдарламаларға сай жұмыс істейді. Осы аппараттар түпнұсқаны көлемі мен пішіміне қарай минутына түрлі-түстісін 100-150, ал бір түстісін 200-300 данаға дейін шығарады. Тағы бір артықшылығы – сіз қалаған дананы ғана, айталық, біреу керек болса, біреуін, мыңы керек болса, мыңын шығарады. Және түпнұсқаны жадына сақтап алып, ке­рек кезде тағы да шығарып бере алады. Бұл қазіргі нарық кезінде өте тиімді. Мы­салы,осы техниканың мүмкіндігінің ар­қасында университетімізде белгілі бір оқу құралының алдымен аз ғана данасы шы­ғарылады да студенттерге пайдалануға бе­рі­леді. Егер сұраныс болып жатса, қажетті таралымы тағы шығарылады, сұраныс болмаса сақталып тұра береді.

«Кереметте » – кереметтер тоғысқан...

ҚазҰУ қалашығын «цифрлы қала­шық» деп атауға негіз болатын өзге де жетістіктерді айтпай кетуге болмас. Қалашығымыздағы «Керемет» Студенттерге қызмет көрсету орталығында цифрлы технология пайдаланылады. Ай­­талық, студентке бір анықтама керек болса, ол алтын уақытын кетіріп, қа­ланың өзге жерінен іздемейді, өзі оқып жүрген қалашықтағы «Кереметке» ке­леді. Келеді де куәлігін көрсетеді. Кәдімгі қаладағы Халыққа қызмет көр­сету орталықтарындағыдай, бір ғана терминалдан а)оқып жүргендігі жө­нінде, ә)мекен-жайы туралы, б)от­басылық жағдайына қатысты, в)үйі­нің бар-жоғы хақында және өзге де қажетті құжаттарын шығарып алады. Оқу үдерісіне қатысты кейбір мағ­лұмат қажет бола қалса, студент осы «Кереметтегі» басқа залға келеді де жеке тұрған терминалдағы өзінің оқып жүрген факультеті жазылған түймені басады. Терминал қолына рет­тік сан жазылған қағаз шығарып береді. Осы сан бойынша факультеттің компьютерде отырған маманы алдындағы аппа­раттағы түймені басады. Әлгі рет­тік саны керегеде ілулі тұрған электронды тақтадан көрінеді. Болмаса оператор радио арқылы санды айтып хабарлайды. Студент маманға барып өз мәселесін айтады. Маман студенттің аты-жөнін жазады да оның оқу үлгеріміне қатыс­ты, сабаққа қатысуына тиесілі, емтихан нәтижесіне байланысты т.с.с. басқа да мәселелерге орай компьютерден көрінген ең соңғы мәліметтерге сүйене отырып белгілі қорытындыға келеді, тиіс­ті құзыретті орынға хабарлайды. Олар мәселені жедел қарап, шешім қабылдайды. Тіпті, осы «Кереметтегі» супермаркетте сауда-саттықтың IT-кар­та арқылы жасалатындығы да цифр­лы технологияның жемісі. Осындағы медициналық-диагностикалық орта­лық­та қолданылатын цифрлы аппараттар да ҚазҰУ қалашығының сандық жүйемен қызмет көрсететіндігін айғақ­тайтыны рас. Мұндағы көру, есту органдарын тек­серетін қондырғылар мен құрылғылар, құлақты, мұрынды, тамақ­ты көретін аппараттар, ішкі ағзаларды көрсететін электронды жабдықтар мен саймандар, жүректің қағысын қалт жібермей дәл анықтайтын компьютерлік жүйелер бәрі де цифрлы технология көмегімен адамдардың денсаулығына қалтқысыз қызмет етуге арналған.

«Al-Farabi university – smart city» жобасы

Осындай цифрлы аппараттар мен элек­трондық жүйелермен жұмыс істеуге көшкен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығын «цифрлы қа­лашық» деп атауға әбден болады. Бұл үде­ріс осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Рек­торымыз Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен әл-Фарабидің «ізгілікті қа­ла» идеясын заманауи сұраныстармен ұш­тас­тыра отырып ақылды да ізгілікті және парасатты университет деңгейіне көтеру мақсатында «Al-Farabi university – smart city» Жобасы қолға алынған болатын. Бұл жобаның түпкі мақсаты – білімді де білікті, па­ра­сатты да қайырымды мамандарды даяр­лау және тәрбиелеу арқылы интеллектуал­ды ұлтты қалыптастыруға ықпал ету. Со­ның нәтижесінде мемлекетімізді заманауи электронды технологияның ең жетілген үлгілерін меңгерген озық елдердің қатарына қосуға алғышарттар жасау. Түптеп келгенде «Al-Farabi university – smart city» жобасының ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті басты алғышарттардың бірі екені сөзсіз.

Ақылды қалашықты басқарған ақылды адам тұр

Сонымен, қысқаша ғана ақылды қалашықтың алға басқан қадамдарымен қадау-қадау таныстырдық. Бұл баста­малардың ар жағында ақылды адам тұрғандығы шындық. Ол – ректор Ға­лымқайыр Мұтанұлы Мұтанов. Қа­зақ­тың әдеби көркем сөзінен гөрі заман­сөздік нақтылықпен нақты де­рек­терді ал­ға тартсақ, замандастары ақылды адам деп атап жатқан Ғалымқайыр Мұ­тан­ұлы 1957 жылы 27 наурызда  Шығыс Қа­зақстан облысы Жарма ауданы Белтерек ауылында дүниеге келген. Ол: – 1979 жылы Қазақ политехникалық институтын (Қ.Сәтпаев атындағыҚазақ ұлттық техникалық университеті) тә­мәм­даған; 1986 жылы Мәскеу тау-кен институ­тының аспирантурасын бітірген; 1979-1994 жылдар аралығында Рудный индустриялық институтында оқы­тушы ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі; 1994-2002 жылдары  Солтүстік Қа­зақ­стан мемлекеттік университетінің рек­торы; 2002-2003 жылдары ҚР Білім және ғы­­лым министрінің Бірінші орынбасары; 2003-2010 жылдары Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік техникалық уни­вер­си­тетінің ректоры қызметтерін атқарды. 2010 жылдан ҚазҰУ-дың ректоры. Ол: – техника ғылымдарының докторы; ҚР Ұлттық ғылым академиясының құр­метті мүшесі; ҚР Халыққа білім бе­ру ісінің үздігі; Қазақстанның ең­бек сіңір­ген ғылым және техника қайраткері; 10 халықаралық академиялардың ака­­­­демигі; 400-ден артық ғылыми жа­рия­ланымның, соның ішінде 10 моно­графияның, оқулықтардың, оқу құрал­да­рының, әдістемелік әзірлемелердің авторы, бұлар АҚШ, Чехия, Швеция, Гер­­мания мен Швейцарияда жарық көр­ген; Сонымен бірге 35-тен астам па­тент­тің, өнертабыстардың иесі. Оның жетекшілігімен үш ғалым «ғылым докторы» және отызға жуық ғалым «ғылым кандидаты» атағын қорғады. Ол: – IGIP Халықаралық инженерлік педагогика қоғамы Орталық Азия бөлімшесінің Президенті; Мониторинг комитетінің мү­­шесі (Швейцария); Халықаралық ин­­­же­нерлік білім федерациясындағы (IFEES) Қазақстандық қоғамның (Kaz­SEE) Пре­зиденті; UNESCO білім бе­ру­­де­гі ақпа­рат­тық технологиялар инсти­ту­тының Басқарушылар Кеңесінің мү­шесі (Париж). Ол: – Халықаралық библиографиялық ор­та­лықтың күміс медалімен (Кембридж); «The United Europe» Алтын медалімен (Оксфорд); «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қай­раткері» атағымен; «Парасат» ор­денімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Пар­ла­ментіне 10 жыл» мерекелік медаль­дерімен;, «ҚР Президентінің ерекше белгісі», «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері», «ҚР-ның Құрметті инже­нері» кеуде белгілерімен мара­патталған. Ол: – «Инжиниринг және технология­лар трансферті орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы; «Ұлттық инно­вациялық қор» АҚ қоғамдық консуль­тациялық кеңесінің төрағасы; «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық пар­тия­сының облыстық саяси кеңесінің мүшесі; Шығыс Қазақстан облыстық мәс­лихатының бюджет және экономика жөніндегі комиссиясының төрағасы секілді қоғамдық қызметтерін де ат­қарады. Ол: – КСРО-ның дзюдо күресі бойынша спорт шебері; ҚР-ның еңбек сіңірген спорт қайраткері, Шығыс жекпе-жек күресі қауымдастығының вице-прези­денті. Ол – заманына лайық туған ақылды адам.

447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз