• Тарих толқынында
  • 10 Мамыр, 2017

Балқы Базар – қазақ әдебиеті мен поэзиясы тарихында өзіндік ойып алар орны бар жырау

Рашит ӘЛ-КАРЕНИ, профессор

Кіріспе

«Жыраулардың жампозы» атанған Базар жырау Оңдасұлы (1841-1911) есімінің күні бүгінге дейін исі қазақтың жадында жатталып келуі тегін емес. Шы­ғар­машылық ғұмыры ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығына тура келетін Базар жыраудың жыр-толғауларының сол кездің өзінде-ақ Сыр бойына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне тарап үлгергені туралы, сондай-ақ, осы аймақтардағы сөз ұстанған өнерпаздардың Базар жырау жырларымен ауызданып, өнерлік жолын бастағаны жөнінде нақты деректер ғылымға белгілі. Профессор Х. Сүйіншәлиевтің мәліметтеріне сүйенсек, Базар жырау «қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданының 6-ауылында туып-өскен. Базардың өлеңін жинаушылардың бірі Әлқуат Қайнарбаевтың деректеріне қарағанда, ақын 1839 жылы туып, 1911 жылы өлген» [1; 670]. Соңғы жылдардағы зерттеуде: «Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы – Базар жырау (Базар Оңдасұлы Өтемісов (1842-1911 жж.) қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, «Қарақ» деген жерде туып, бейіті Өзбекстан Республикасының Үшқұдық ауданының «Жалпақтау» деген жерінде) шығармашылығының маз­мұны мен тақырыбы қазақ өмірінің шындығынан туған» [2; 28], – деп көрсетілген. Ғ. Іскендерұлы «Жат жұртта жер­ленген жампоздар» атты мақаласында былай деп жазады: «Базар Оңдасұлы (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойын, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған... Базар жыраудың зираты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде» [3; 11]. Жастай жетім қалған Базар оқып, білім алған емес. Табиғатынан дарынды зерек бала бұрынғы ақын-жыраулардың жырларын, халық мақал-мәтелдерін есіне сақтап, көңіліне түйіп, халықтың бай ауыз әдебиетінен сусындап өскен. Өзінен бұрынғы және тұстас ақындардан да тәлім алған. Базардың жастық шағы отаршылдықтың өктемдікпен күш алып отырған тұсында өтеді. Бұл кезде Қазақстанда толық үстемдік орнатқан Патша өкіметі енді Қоқан, Хиуа, Бұхараға қарай ауыз сала бастаған еді. Орта Азия хандықтарына қарсы патшаның әскери жорығы екі бағытта: Қазалы, Ақмешіт және Әулиеата, Шымкент арқылы жүргізіледі. Отар­шылдардың зорлық-зомбылығы ха­лық­тың ашу-ызасын туғызып, Базар туып-өскен Сыр бойы озбыр саясатқа қарсы шы­ғады. Бірақ, басқыншылар халық көтерілісін күшпен, аяусыз басады. Осы оқиға Базардың есінде мәңгі қалады. Елдің есесі кеткеніне күйініп, қатты ширығады. Халық басына түскен ауыр қасірет болашақ ақиық ақынның көңіл-күйіне қатты әсер етеді. Ел қорғау, жерді келімсектерге бермеу, жыраудың ерекше ден қойған тақырыбына айналады. Ауыз әдебиетінің ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лар­да өмір сүрген бірқатар өкілдерінен Базар жыраудың артықшылығы – сонау Кеңес Одағының бастапқы кезеңінде-ақ ең­бектерінің ғылыми айналымға енуінде. Атап айтқанда 1926 жылы Ташкент қала­сында шығарылған «Терме» жинағы, 1931 жылғы «Қазақ әдебиеті нұсқалары» еңбегі арқылы жұртшылық назарына ілікті. Ақын туындыларының біршама молырақ басылып, жарық көруі кейінгі жылдар үлесіне тиді. Қазақ Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қа­зақ ақындарының шығар­малары» (Алматы, 1962 ж., жалпы редакциясын басқарған Ы. Т. Дүйсенбаев) атты жинаққа таңдаулы 35 өлеңінің енуі оны жұртшылыққа кеңірек таныстыру мақсатындағы елеулі қадам болды. Кейі­нірек «Үш ғасыр жырлайды» (Алматы, 1965 ж.) жинағында Базардың 28 толғауы жария­ланса, «Бес ғасыр жырлайды» атты үш томдық кітапта отыз өлеңі басылып шықты (Алматы, 1984 ж.). Сондай-ақ «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» атты жинақта (Алматы, 1985 ж.) таңдаулы деген сегіз өлеңі жарық көрді. Бұлардан тыс жекелеген авторлар да ақын мұрасын жариялауға әр кез үлесін қосып отырды. Айталық Ә. Қоңыратбаев Базар өлең­дерінің толығырақ нұсқасы ретінде (көпшілігі бұрын мәлім емес жырлар) оның жеті толғауын «Жұлдыз» журналында жа­рияласа (1984 жыл, № 1), Ә. Құлахметов ке­лесі жылы сол журналда оның «Сөйле, тілім, жалпыдан», «Ал, көңілім, қолға қа­ламды» атты екі өлеңін бастырды [4; 223]. Осының нәтижесінде 1986 жылы Базар шы­ғармалары жеке жинақ болып басылды [5; 200]. Еге­менді ел болған тұста «Жәмиғы қазақ бір туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сыр­дария кітапханасының» құ­ра­мында бір том болып жарық көрді [6; 6]. Базар жыраудың әдеби мұрасы фи­лолог мамандар даярлау барысында курс­тық, дипломдық жұмыстарға, магис­трлік, кандидаттық, докторлық диссер­та­цияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанына көп болды.

Жырау мұраларына назар аударып, баға берген ақындар, жазушылар, ғалымдар мен зерделі жинаушылар

Базар аты оқта-текте аталғаны бол­маса, ұзақ жылдар бойы «ескіні аң­саған кертартпа, діншіл, ұлтшылдық бағыт­тағы ақындар» қатарына қосылып кел­гендіктен, жырау мұраларын терең зерт­теп, халыққа таныта алмадық. Тек, өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дарынан бас­тап Базар өлеңдері жинала басталды. Ә. Ди­ваев, С. Сейфуллин, Ә. Мар­ғұлан әйгілі ақын өнеріне алғаш назар ау­дарып, жазып алу­шылар болды. Ақ жаңбырдай ақтарылған ақпа жырау­дың телегей-теңіздей бұрқанған талантына өз замандастары да, кейінгі ақын-жыраулар да бас иген: 1. Бірде Базар жырау өзі жайлы [5; 42]: «Дабылымды есітіп, «Құмар» дейді көрмекке Сонау жатқан төменгі – Астарханның бойында Он екі ата – Байұлы. Әлім менен Шөменнің Мен едім даңқты шайыры. Екі енені тел емген Күпшек санды күреңмін, Төсімен тартса жетпейтін – Жуандықтан айылы. Өзімдей-ақ ұл туар Бір адамның зайыбы. Жырау боп атқа мінгелі Әлім, Шөмен баласы – Әңгімеге байыды. Аузымнан шыққан сөзіме Дін мұсылман қайыды. Халқыма басы қадірлі – Кейбір жерде жігіттің Көрінсе көзге зайыры Қолы сақи пендеге – Өлгенде тиер қайыры. Қабыл алмай алдымнан Қазақ халқы кеткен жоқ – Сөзімнің келсе қайымы», – деп жыр толғаса, Нұртуған жырау оны [7; 27]: «Шөменде Базар, Жорабай Шын тұлпардай еліріп, Сулығын шайнап кемірген...», – деп бағалаған. 2. Базар жырау мұрасының зерттелу жайы­на келсек, бұл тұста, ең алдымен, көр­некті жазушымыз әрі әдебиет тарихының зерттеушісі С. Сейфуллин есімі ойға ора­лады. Ол өзі құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинақта Базар термелерінің кейбір тартымды үлгілерін жариялай отырып, оны қазақтың көрнекті ақындарының бірі деп өте жоғары бағалаған [4; 223]. 3. Базар туралы баспасөзде тұңғыш пікір айтқан – қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев. Ол «Базар жырау» деген еңбе­гінде: «...Оның жалынды жастығы болған. Оның да іздеген бағыты болған. Жете алмаған, қажыған. Жеңдім деген, алданған... Осыларды жырлайды Базар. Бірақ, шерлі елдің шын баласы ғой Базар. Өз шерін толғап отырып, елдің шеріне түсіп кетеді: Дүниені қудым ізденіп, Ұстамаққа кездесіп, Дүние қырын салмады, Ешбір маған әмір ғып. Бұл жалғанға келген соң Әр тарапқа толқытты Көңіл мұндар желденіп. Дүние қызық көрінді Алтайыдан алдымда, Соқпаққа көрдім серменіп, Құлпырған қара құндыз деп, Тұңғиықты тереңге Талай құлаш сермедік. Жолбарыстай ыңыранып, Қайрат сыймай қанаға Нар бурадай көлбедік... Опасы жоқ дүние, Түспей қолға, қуғанмен Неше бір алуан түрленіп. Өткіздік өмір ғақлатпен; Атаңа нәлет дүниенің Алданғанын шын көріп. Хақ шариғат ойламай, Дүниенің кірімен Қалды бір көңіл кірленіп... Талма-тал түс болғанда, Талықсығанға ұқсаймыз; Дүние – киік, адам – ит, Қуа-қуа ізденіп, Ерлерге азап шектірді. Атаның мекен қонысын Кәуір алып жерленіп, Азаттыққа қару жоқ... Қарусыз жауға бару жоқ... Осы күнде біз тұрмыз Саңлау таппай көздейтін... Бұрынғы өткен ерлердің Еске түссе істері, Іш толады шерленіп... Көкіректің қабы жарылып, Ретімен шығарға Сөз сыймайды кернеліп... Өлім босағасында тұрып Базар жырау­дың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай сөздер бар: Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың, Айрылып аждаһадай ақыры жұттың. Болғанда бізге жолдас сертің қайда? Достықты құшақтасқан неге ұмыттың?.. Құлаштап дүние сені қармансақ та, Кері келгенге ұқсайды – ау Қор­қыттың... Осы аз ғана өлеңдерден Базардың бір­талай терең ақын екендігі байқалуға тиісті. Бірақ, Базар туралы толық бір пікірге келу үшін оның барлық өлеңдерімен таныс болу керек. Бұл менің қолымда жоқ. Менің мақсатым – сұлу сөздері бар Базар атын білдіру еді» [8; 344-345], – деп толғанған. 1. Шығыс тілінің тірі сөздігі атанған Тұр­мағамбет Ізтілеуов Сырдың саңлақ шайыр­ларын жырлағанда Балқы Базар туралы [9; 33]: «Балқы Базар – білгенге, Атақты әйдік астана, Жұмыла жұртты жиып ап Жырласа бітпес түн-күні!» – деп көсілген. 2. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті клас­сиктерінің бірі – А. Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романы Базар жыраудың өмірі мен өнерін қамтып жазылған. Бұл романда дәс­түрлі жыраулық өнердің қыр-сыры Базар жырау бейнесін сомдау арқылы ашылған [6; 6]. 3. Белгілі Құлназар ақын [10; 5]: «Таласып онан ешкім аса алмайды, Тең келмес бүгінгі адам Базекеңе, Болмаса Жиренше мен Асан Қайғы», – деп Базар Оңдасұлының асқақ дарынды айтулы ақын екенін мойындаған. 4. Жыраудың шәкірті Оразымбет Есен­тайлақұлы (1863-1925) Базарға арна­ған «Қа­рындастың қамы үшін» деген тол­ғауында [5; 131-132]: «Қазақта бөлек форымың, Екі көзің қып-қызыл, Қорқыттан шырақ жанғандай. Есіткен жан сөзіңді Көтеріліп қалғандай. Кәусар, зәм-зәм суынан Емін-еркін қанғандай. Дабысың кетті, Базеке, Жиреншедей ұзаққа. Петербор, Мәскеу, Марғұлан, Орал мен Төрткөл, Жызаққа. Отырған жерің жиын-той – Берген сізді қазаққа», – деп ерекше құрмет көрсеткен. 1. Белгілі әдебиет зерттеушісі, ға­лым Х. Сүйіншәлиев Базар жайлы: «Базар өзіне дейінгі және өз кезінде жасаған қазақ ақындарын жақсы білген. Оның ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген сияқты Ақтөбе ақындарын, Қарадос, Өске сияқты Қостанай ақындарын, Сералы, Садыр, Орынбайлардай Ар­қаның атақты ақындарын ол өзінің өлеңдеріне қосып отырады. Жыраудың өлеңдерінде Дулат, Шор­танбай ақындар сарыны да, тіпті, кейде Махамбет әуені де байқалып қа­лады. Базар, сөз жоқ, өз кезінің белді ақыны, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген кең тынысты жырау» [7; 27-28], – деген баға берген. Жоғарыда келтірілген пікірлерге сүйене отырып қорыта айтсақ, импро­визация дәстүрін ұстанған Балқы Базар – қазақ поэзиясының Абайға дейін­гі ірі өкілдерінің бірі. Ол өзінің шы­ғармаларымен кезінде көркем сөз өнері­міздің өсіп, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты.

Базар жыраудың ата-тегі

М. Несіпбаев «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуінде [11; 296], Кіші жүздің атасы – Алшын деп көр­сетеді. Бұдан – Алау туады, одан – Қыдуар. Қыдуардан – Алқожа, Асанқожа есімді екі ұл болған. Алқожадан – Нәдірқожа мен Сәдірқожа. Нәдірқожадан – алты аталы Әлім. Олар: Қаракесек, Қарасақал, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті. Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл. Кіші жүздің үлкен бір тобы Бозғұл аталығы болып табылады. Шығу тегіне қарай Базар жырау осы Шөмекейдің Боз­ғұлынан тармақталады. Т. Үсенбаев ұсынған шежіреге көз салсақ [12; 294-295], Бозғұлдан – Қаратамыр (Қарақожа), Көл­дей. Көлдейден – Торбай, Сарбай, Қайқы, Келдібай. Қайқының кіндігінен тараған Қыдыр, Темір, Болат аналарының есімімен «Балқы» атанған деседі. Енді осы Балқы атанған Қайқының бір ұлы Болаттан Жауқашты, одан Отарбай, одан Байсейіт, одан Қарақұл, одан Ермек, одан Оңдас. Оңдастан Базар жырау [7; 26]. Осы арада айта кетерлік бір жағдай, кейбір зерттеу еңбектерінде, энци­кло­педиялық анықтамалықтарда Базар жыраудың әкесінің есімі Өтеміс деп берілген. Атап айтсақ, 1973 жылы жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясында «Базар жырау Өтемісұлы» деп жазылған [13; 79]. Базар жыраудың әкесіне қатысты мәселедегі бұл түсінбеушіліктің сыры жайлы шежіреші Т. Үсенбаев мынандай мәлімет береді: «Біраз кезеңге дейін Базар жырау Өтемісов болып жүрді. Бұл жаңсақ еді. Себебі, ақын он жасқа жетпей жетім қалып, нағашысы Өтемістің қо­лында тәрбиеленіп, әкесі Өтеміс деп саналып жүрген дейді. Осыған орай, 1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» жинағында, басқа да кейбір басылымдарда оның әкесі Өтеміс, нағашысы Оңдас деп жаңсақ жазылған» [12; 295]. 1984 жылы жарық көрген ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жы­рау­ларының шы­ғар­маларына арналған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының екінші томына Базар жыраудың шығармалары енген. Міне, осы жинақта берілген жы­раудың қысқаша өмірбаянында оның тегі «Базар жырау Оңдасұлы Өтемісов» деп берілген [14; 276]. Данагөй жырау ақын болып танылған соң, өз руының атымен Балқы Базар аталып кеткен. Оны ақынның өзі «Сөйле, тілім, жалпыдан» атты белгілі толғауында былай түсіндіреді [5; 30-31]: «Серлеттім сөздің түрлерін, Әр саладан қамтылған. Жетпіске жасым жетсе де, Сөзіме құмар халқымның, Қайтқан жоқ кеулі қартынан. Шынымен алсам кеудеге, Қара тас судай балқыған. Таусылмас қайнар кен едім. Кешегі жүйрік мен едім. Жүлде алған байрақ алдынан. Кіші жүздің кенжесі «Дөйт» ұранды Шөмекей – Шыққан бір Базар Балқыдан!» Бүкіл өмірі – өлеңге, өлеңі – өмірге айналған жырау жарық дүниеге жыр болып келгендей. Ақындықты 16 жасынан бастаған Базар бар өмірін, ықыласын өнерпаздық жолға бағыштаған. Әйгілі Шернияз, Мұсабай, Нысанбай, Ешнияз, Бұдабай сияқты ақын, жыраулардың үлгісін ұстап, оны әрі қарай дамытқан. Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықбай, Кете Жүсіп, т.б. ақын, әнші, жыраулар Базар жыраудың мектебінен үлгі-өнеге алған түлектер.

Базардың өз өлеңдерінде жоғары адамгершілікті уағыздауы

Жырау өз шығармаларында адам деген атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Оның пайымдауынша, адамның артықшылығы адамгер­шілі­гімен, кең пейілді қарасқыш­тығымен өлшенуге тиіс. «Жақсы менен жаманның» атты өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды [5; 71]: «Жақсы менен жаманның, Арасы жер мен аспандай. Байқарсыз бір күн басыңа, Іс түскен кезде сасқанда-ай! Мырза менен сараңды, Өлшестіріп қарасаң, Ылди мен зәулім асқардай. Ғалым менен наданды, Салыстырсаң білерсің, Дария шіреп тасқандай». От ауызды, орақ тілді шешен жырау жасындай жырларымен имансыз молда, парақор би, шен-шекпенін ғана ойлаған болыс, атқамінерлерді мынандай өлең-толғауларымен ақ алмастай қиып түскен: 1. Ақын бала оқытып тек қана дүм­ше алымпаз молда атанып жүргендерге шүйліге түседі. Олардың қолы адал емес, арын сатып мал тапқан арамзалар екенін батыл әшкерелейді. Молдалардың өлімді аңдыған күшігеннен кем түспейтінін бетіне басып, өлім үстінде баю олардың негізгі кәсібі екенін айтады. «Қалжан ахунға» деген туындысында [5; 116]: «Молдалар сауап іздесең, Құранды оқы молаға. Басыңа түне демеймін, Келіңдер қайтып қонаға. Өлім барды шашады, Жоқтың артын ашады. Қосыла сендер тонама. Жылап-сықтап жатқанда, Олжадан ойың барларың Қараң құрсын жолама. Тірінің көңілін ауласаң, Дүние үшін жолдан таймасаң, Мен сендерден садаға. Құран оқып күңіреніп, Сары уайым саласың, Берсе қағып аласың, Соларың дұрыс бола ма?» – деп молдаларды ақылға шақырмақ болады. 2. Тек қана молда емес, соларға үс­тем қоғам иелерін тізіп, оларға да сын айтады. Жырау құлқынына құл болып тойынған би-болыстар мен ел қорғауды мүлде ойлаудан қалған батыр сымақтарды бар деуден гөрі жоқ дегенді жөн көреді [5; 52-53]: «Тұлғасын көріп көз тойған, Тумысына әркім ден қойған. Билігін бұрмай тура айтқан, Төбедей билер төрде жоқ. Жауды көрсе сайланған, Беліне садақ байланған, Бес қаруын асынып, Белсенген нағыз ерде жоқ». 3. Қазіргі бай мен хандар өз басының ғана қамын қарастырушылар деп, ақын оларға да өз өкпесін білдіреді [5; 53]: «Қасынан қоңсы кетпеген Өзінен байлық өтпеген. Қайырлы байды еш жерден – Іздегенмен таппайсың. Ол – аяқ жетер жерде жоқ. Таққа мініп таж киген, Жұртына жағып күн көрген. Ғаріп пенен қасерге Қамқоры сырттан көп тиген. «Әділетті» хан түгел Орнында оның орда жоқ». 4. Базар жырау заманын түзеп, елін жолға салар адал азаматты аң­сай­ды. Жағ­дайдың бұзылуына сол заман адам­да­рының пейілі кетіп адамгершіліктен қол үзулері себеп болып тұр деп, түсінеді ол [5; 45]: «Түзелер еді бұл заман Пейілі бұзық пендені – Кетсе астына жер тартып!» – дейді. Үстемдер бұндай қызба, өжет жы­раудың көмейіне құм құйып, елден аластамақшы болғанға ұқсайды. Ақын көп қуғынға ұшырап, Қазалы, Үргеніш қалаларында қамауда болады. Бұл туралы Базардың өзі Шөмекей Тоқаның атақты байы, биі Назардың аулына келгенде [5; 100]: «Сәлем беріп қол алған, Мен – Балқының Базары. Дәулетіңе кез болдым, Сен – Тоқаның Назары. Алты ай жатып түрмеде, Арып-ашып келемін. Назекеңді көрген соң, Базардың кірді ажары», – деп жырлаған. Осы жолдарға қарағанда ақынның тұсын­дағы жуандарға жақпағаны, олардан қуғын көріп қасірет шеккені анық.

Базардың арнау өлеңдері

Жеке адамның басына арналған толғаулар қазақ поэзиясында аз емес. Тіпті, дәстүрге айналған көрініс десе болады. Базардың жеке адамдарға арнап айтқан өлең-толғаулары көлем жағынан мол, көркемдігі күшті. Оған мына туындылары жатады: 1. Адам баласының өмір бойы күресіп, жеңе алмай келе жатқан, ешкімді ешуақытта құтқармаған Жебірайылдың қара құрығы – өлім. Сол өлімге Базар да қатты наразы. Ол өлімнің хақ екенін мойындаса да оған күні бұрын бас игісі жоқ. Өмірді нәтижелі өкінішсіз өткізуді тілейді. Оның шоқтығы биік тұрған шығармасы – Үш жүздің басы қосылған Бе­кеттің асында Пішанның Төребайына айтқан көңілқосы. Төребайдың Ысқақ деген баласы он сегіз жасында қайтыс болған. Тірінің қуанышына, өлінің қайғысына өлең арқылы көңіл білдіру халқымызда бар дәстүр. Жыраудың Төребайға көп алдында кө­ңіл айтып, қайғы-шеріне ортақтас екенін білдіретін «Пішанның Төребайына көңіл айтуы» деген толғауы терең тебіреністен туған. Бұл – ақпа ақынның жыр күмбезін көкке көтеріп, шарықтаған кезі, мөлдіреген бал бұ­лақтан меруеттей төгілген маржан жыр [5; 82]: «Сабырдан өзге шара жоқ, Қайтыңыз, мырза, райдан. Бұл секілді нәубеттің, Ақырын сұрап Құдайдан. Көкте ұшқан көк сұңқар, Тау бөктерлеп ұшатын, Тас бөктерлеп қонатын. Жасаған жаппар кәр қылса, Өрден аққан дария, Сағасынан тынатын. Ер көтерген көк сүңгі, Күні бүтсе шарт етіп, Ұңғысынан сынатын. Қайысқан сынды болатың, Қайырылып сынды қанатың. Өлімнің қатты әсері, Өзегің өрт боп жанатын. Жағдайсыз жерден оқ тисе, Әркімдер естен танатын. Көтермеске әл нешік, Алланың салған санатын». Төребайға көңіл айтудың ақыры оны жұ­батуға жалғасады. Бұл жырда қайғыға ұшы­раған кісіні жұбатумен қатар өнегелі өсиет, ізгі сезімдер де шендесе келеді. 2. Базардың арнау жырларында сол кездегі әлеуметтік ортаның іс-әрекеті, дүние танымы шеберлікпен суреттеледі. «Маутанға», «Нарманға» деген өлеңдерінде ел билеген бай, әкімдердің әділетсіздігі әшкереленеді. Мысалы, «Маутанға» атты туындысында жырау олардың жұмыртқадан жүн қырқып, қара судан қаймақ қалқыған сараңдығын суреттейді [5; 122]: «Кей байлар төрт түлікке сай болғанмен, Сусынға бір толмап ед тостағаны. Маутекем аттың жайын көп айтып ед, Сонда да екі қолы бос барады! Жалғанда не сараң, не сақи деген, Пенденің артында бір ат қалады. Көз жұмбай бұл дүниеден ешкім қалмас, Бәрі де арасатқа аттанады». 3. Әйгілі жыраудың өткір сатиралық шығармасы – «Қаражан болысқа» өлеңі. «Қаражан болыс жұрт жиып, той жасап, арнайы кісі жіберіп, Базар жы­рауды шақыртады. Кілем төсеп, құр­меттеп, төрге отырғызып: «Базеке, тойға қызмет етіңіз», – дейді. Тың­нан тербеп, соныға сілтеген арқалы жыраудың толғаулары таң атқанша толас таппайды. Бірақ бай айтқан уәдесіне тұрмай ертеңіне өзі арық, жауыр, кәрі ат береді. Нысанаға алған кісісін бет-жүзіне қарамай кемшілігін тізе, жер-жебіріне жететін болған арқалы жырау Қаражан болыстың жалған сөйлеп, жалт бергенін көп алдында аямай айтып, сойып салады» [10; 12-13]. Ақын Қаражан болыстың көкірек кер­генін, арсыздығын былайша әшкере­лейді [5; 125]: «Дүниенің қызығына түсемін деп, Талайлар құр қалып жүр абыройдан. Өзі арық, өзі жауыр, алжыған көк, Қолыңа қапелімде түсті қайдан?! Май құйсаң да оңбайтын өте кәрі, Қонбайды өлетінге берген дәрі. «Болыстың берген аты осы ма?» – деп, Мазақтап күле берді жұрттың бәрі, Мен – Базар, сен – Қаражан деп айтамын Болыстың өкпелесе ықтияры. Той қылдың мақтанышпен жұртты жиып, Төбеге тұрды халық әрең сыйып, Жануар көп тұтынған малың екен, Қолыңнан не қып шықты көзің қиып. Шақыртып, әдейі арнап алып едің, Мен саған келіп пе едім өзім тиіп». Базар жырау осылай төбе толған ха­лық көзінше сараң мырзаның масқа­расын шығарып, астындағы атын түсіп беруге мәжбүр етеді. 4. Қатты ауырған Жалғасбайдың атынан айтылған «Көнек Жалғасбайдың ел-жұртымен бақылдасуы» атты өлең – ауыз әдебиетіндегі мұң-шер дәстүріндегі толғау [5; 91]: «Жабырқап жаны ашитын, Кәнеки біздің ағайын, Белден қазып көмгендей. Достың сәні болмайды. Екі көңіл тең келмей, Жаттың жайы белгілі, Етектен ілген шеңгелдей. Еш пайда жоқ қайғырып, Жылағанмен өнгендей. Ақырын ақтап тілеңдер, Өкініштен пайда жоқ, Бүгінгі күн болып тұр, Ортаңнан шырақ сөнгендей. Енді менің басымнан, Айналып тұр кетуге, Салтанатты сәулетім. Ажалға ара тұра алмайды, Қайратым мен дәулетім. Амалым бар ма таусылса, Кездессе кезек нәубетім». Басқа біреудің атынан өлең шығару – ақындарда кездесіп тұратын жағдай. Көнек Жалғасбайдың өлеріндегі ел-жұртымен «Қоштасу» жыры ретінде айтылған Ба­зардың бұл толғауында өмірге қайтып кел­мес, қиын халге кезіккен жаралы жүрек зары, соңғы демі үзілер сәттегі сезімді селт еткізіп, кісіге ой салар, оқыс оқиға баяндалады. 5. Базар өмірі сән-салтанатты өмір болмаған. Тар жол, тайғақ кешулі ғұмыр. Кезінде ол бір болыстың жала жабуымен Қазалы қаласының түрмесіне түсіп қалған. Түрме қасынан өтіп бара жатқан Бақа биді көріп қалып, қолма-қол: «Ассалаумағалайкүм, Айбектің батыр Бақасы! Шөменнің алтын сақасы. Жақсы сөзбенен ашылар Көңілдің қайғы-қапасы. Жадыңа дұрыс алмасаң, Көзіңнің қырын салмасаң, Қайратты туған Би-аға, Арлаған Базар ініңнің – Болмай тұр еркін сапасы...» – деген екен. Бақа би Базар жыраудың қарызын төлеп, түр­меден шығарып алған [11; 214-215]. Сөйтіп, қыспақта, түрмеде жатып қиналған кезде даңқты жырау «Бақа биге» деген өлеңін [5; 99-100] осылай шығарған. Базар жырау дастандары

Базарды Базар етіп оның даңқын шы­ғар­ған толғаулары екені анық. Әдебиет зерт­теушілерінің бұрынғы-соңғы еңбек­те­рінде бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, ол айшықты, нақыл сөздерге толы өлең-толғауларынан басқа, кең ты­нысты эпикалық жырлар да шығарған ақын. Жырау шығыс сюжетін пайдалана оты­рып, назира үлгісімен «Айна-тарақ» [5; 139-150], «Әмина қыз» [5; 151-163] және «Мақпал-Сегіз» [5; 164-191] атты хи­каялы үш дастан шығарып таратқан. Бұ­ларда да автор ізгілік пен тазалықты, адамгершілікті, өмір тетігі – өнер-білімнің пайдасын асқақ үнмен ардақ тұта жыр­лаған: 1. «Айна-тарақ» дастаны шығыс тақырыбына арналған. Ағайынды үш жігіт бір қызға ғашық болады. Үшеуі де мал саудасымен Бұхара шаһарына жүрмек болып, әлгі қызға әрқайсысы жеке-жеке келіп: «Көңіліңе ұнаған нәрсеңді айт, әкеп береміз», – дейді. Қыз жігіттердің үлкеніне кілем алуды, ортаншысына айна, ең кенжесіне тарақ әкелуді тапсырған. Бұл заттардың өзгеше қасиеті бар дүниелер болатын. Кілемді мініп алып ұшуға, айнамен дүниенің төрт бұрышын көруге мүмкін, ал тарақты кеудесіне қойса, үш күн бұрын өлген кісі тірілетін. Жоғарыдағы заттарды сатып алған соң, айна арқылы өз ауылдарына көз салған жігіттер опат болған қызды көреді. Үшеуі кілеммен ұшып, тарақты кеудесіне қойған кезде өлген қыз тіріліп түрегелген. «Айна-тарақ» – адамды тапқырлыққа баулуда тәрбиелік маңызы зор шығарма. Жырдың тілі жатық. Кезінде оны ел жыршылары жаттап алып, көп жиналған жерлерде айтып жүрген. 1. «Әмина қыз» – сиқыр күшке сенетін шығыс тақырыбына арналған шығарма. Бағдат шаһарындағы бір жігіт әкеден қалған мол байлықтың арқасында Әмина атты бір қызға үйленген. Жігіт алған жарына қаншама ықылас, кең пейіл көрсеткенмен кенет әйеліне тосын мінез пайда болған. Әмина дуаның күшімен сиқырлап, ерін итке айналдырып жібереді. Жеті жыл ит болып, көп азап шегіп, ақыры бір қыздың жәрдемімен адам қалпына келген. Жырау бұл шығармасында әділдік жолын берік ұстаған адал адам, талай тауқымет қиыншылықтарға кездессе де, оны жеңіп, мерейі үстем болып, ойға алған мақсатына жетеді деген қорытынды шығарады [10; 16]. 2. Базар дастандарының ішіндегі ең көркемі – «Мақпал-Сегіз». Ақынның бұл еңбегінде бас бостандығын аңсаған екі жастың мөлдір махаббаты жырланған. Қызын теңге бермей малға берген кер заманның шындығы көркем бейнеленген. Жырдың тілі бейнелі, көркем де шешен. Дастанның құрылысы – жеті-сегіз буынды жыр үлгісі және он екі буынды қара өлең. Демек, Базар жыр-толғаулар ғана емес, көлемді дастандар да жырлаған арқалы жырау. 1986 жылы жарық көрген дербес кітап – Базар жыраудың толық жинағы емес. Бірнеше арнау өлеңдері, Құдай мен Пайғамбардың аты аталған термелері, үш мың жолдық «Жүсіп-Ахмет» дастаны бұл кітапқа кірмей қалған.

Түйін Қорыта айтсақ, Базар жырау Оңдас­ұлы өзінің халық алдындағы қадір-қасиетін түсіне білген. Елі, халқы үшін еңбек етіп, адал жүріп анық басқан. Дұшпанын сынаудан бір тынбай, тілін тартпай өткен. Заманының шыншыл жырауы болған. Өзінің «Құмарын тарқат алқаның» атты толғауында «Халықтың аузын тұшыттым», – деуінің сыры да осы [5; 27]: «Тереңдігім теңіздей, Қайратым қоңыр өгіздей. Халқымның аузын тұшыттым, Сере шыққан семіздей. Дабысым кетті алысқа Жиреншенің өзіндей». Бұл туындысында ақын өзін халыққа аңыз болған Жиренше шешенге салыстырады. Бұл жайдан-жай айтылған салыстыру деп айтуға болмайды. Шынында да, Базар – өз тұсында аты аңызға айналған шешен. Оны халық Жиреншеден кем көрмеген [1; 675]. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлау арқылы Балқы Базар шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетіл­діре түсті. Көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды. Сондықтан да біз сөзімізді Базар жыраудың «Сұм дүние» атты керемет толғауындағы [5; 76-77]: «Мына қысқа дүниеден, Шайыр өлмес дер едім; Сайраған қызыл тіл берген, Көңіліне сонша жыр берген; Алжаспай сөзді ағытып, Есебін тауып үлгерген; Мәжілісінде жақсының – Дәурен сүріп, күн көрген; Ерегескен олармен – Ажалы жетпей күнде өлген», – деген бүкіл ақын атаулыға берілген тамаша бағамен аяқтағанды құп көріп отырмыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы: Оқулық. – Алматы: «Санат», 1997. – 928 бет. 2. Әлиев О. Отан тарихын оқыту: әде­би құндылықтар – рухани тәрбиенің негізі // Қазақ тарихы. – 2012. – № 1 (112). – 27-28-беттер. 3. Іскендірұлы Ғ. Жат жұртта жерленген жампоздар // «Егемен Қазақстан», 1 сәуір 2016 жыл, 11-бет. 4. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 352 бет. 5. Базар жырау. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1986. – 200 бет. 6. Кәрібозұлы Б. Саңлақ сүлей – Базар жырау // «Қазақ әдебиеті», № 3 (3219), 21 қаңтар 2011 жыл, 6-бет. 7. Балқы Базар // Алаш. – 2010. – № 6 (33). – 26-29-беттер. 8. Жұмабаев М. Шығармалары: Өлең­дер, поэмалар, қара сөздер / Құрастырғандар: Абдуллин Х., Дәрімбетов Б., Жұмабаева З. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет. 9. Ізтілеуов Т. Назым: Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1982. – 320 бет. 10. Алдашев Ш. Базар жырау (1841-1911) // Базар жырау. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1986, 5-20 – беттер. 11. Неталиев М. Кіші жүз шежіресі (Тарихи-этнографиялық зерттеу). – Алматы: «Арыс» баспасы, 2014. – 296 бет. 12. Үсенбаев Т. Қазақ шежіресі. Екінші том: Орта Жүз – Жан-Арыс. – Алматы: Қазақстан Республикасы «Полиграфкомбинат» ЖШС-і, 2007. – 376 бет. 13. Қазақ Совет энциклопедиясы. 2-том / Бас редакторы М.Қ. Қаратаев. – Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1973. – 640 бет. 14. Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Үш томдық. Том 2 / Құрастырғандар: М. Байділдаев, М. Мағауин. – Алматы: Жазушы, 1984. – 336 бет. 15. Шәмші Ж.. Базар жырауға лайықты бағасын бере алдық па? // «Қазақ», № 48 (562), 2 желтоқсан 2011 жыл, 5-бет.

991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз